Ерлігі ерек ер екен
Жәкен Әңкішұлы Тілеубаев 1920 жылы қазіргі Ұлытау ауданындағы Арғанаты өңірінде дүниеге келеді. 1939 жылы Қарағанды облысы, Қарсақбай аудандық әскери комиссариатынан азаматтық борышын атқаруға шақырылып, Приморск бронетанк және механикаландырылған дербес бригадасының құрамында әскери қызмет жасайды. Ұлы Отан соғысы басталған бетте, осы құрама тұрақты әскер ретінде алғашқылардың қатарында майданға кіріскен.
Жәкен заманына сай 7 сыныптық орта білім алып, одан соң оқытушылар семинариясын бітірген маман екен. Әскерде №56 армияның құрамындағы №63 Таман танк бригадасында, Т-34 танкінің атқыш-радисі болыпты. Ол қызмет жасаған әскери құрама 1942 жылдың қараша айынан бастап Оңтүстік-Батыс бағыттағы ұрыс қимылдарына қатысқан. 1943 жылғы 11 қарашада Украинаның Қырым автономиялық республикасындағы Керч облысы, Ленин ауданына қарасты Бондаренково селосы маңайында, Тимиров тауының 104,7 биігінде орналасқан неміс әскери плацдармын жою үшін өткен қиян-кескі ұрыста қаһармандықпен қаза болыпты /САОМ деректері/. Жау снаряды тиген танкісі отқа оранған шақта өз жанын арашаламай, өрт құрсауында тұрып фашистерге оқ жаудырған. Ұрыс барысында немістің үш зеңбірегін, екі дзотын, отыз шақты солдаттары мен офицерлерін жойып, жастығын ала кеткен танк командасының ерлігінде Жәкеннің үлкен үлесі бар. Бұл дерек Керч қаласының солтүстік шығысында, 3,5 шақырым жерде жан тәсілім еткен майдангердің №49808 жеке ісінің қосымшасында қолмен жазылған /Марапаттама құжаттарынан/. Приморск бронетанк және механикаландырылған жеке құрамасының командирі полковник Дегуновтың 1943 жылғы 25 желтоқсандағы №03К ұсынысымен Кеңестер Одағы Жоғарғы Кеңесінің Президиумы Жәкен Әңкішұлы Тілеубаевты неміс басқыншыларымен соғыста көрсеткен қаһармандығы мен ерлігі үшін 2 дәрежелі Отан соғысы орденімен марапаттапты. Алайда, Кеңес Армиясы мұрағатына қатысты деректерге «Секретно» деген қара құлып салынуы салдарынан көп адам тағдырының сыры көп жылдар бойы ашылмай келді. Сорақысы сол, облыс аумағынан әскерге алынған майдангерлер жайлы мағлұмат беретін «Боздақтар» кітабының 255 бетінде «ТИЛЕУБАЕВ Жакен. Род. в 1920 году. Призван нынешним Жездинским РВК. Пропал без вести» деп жазылған.
Жәкеннің әкесі Әңкіш 1959 жылы, анасы Үміт 1966 жылы дүниеден өтті. Мен осы атам мен әжемнің баурында өстім. Екеуі де 15 ұл-қыздан қалған жалғызды өлдіге қимай, «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деп, үміт сауып өтті. Көздері тірісінде ешқандай аят, дұғаға атын қостырған жоқ. КСРО әскери мұрағаттарына ұзақ жылдар бойы қайта-қайта сұрау салып, хат жолдаған ағаларым Хамит Әбілов пен Сайлаубай Әңкішев те қайран бауыр тағдырының ақиқатына көздері жетпей дүниеден баз кешті. Жәкен жайлы айтылған «Пленге түскен екен», «Америкаға өтіп кеткен екен» деген сияқты ел аузындағы жел сөздер ата-анасы мен туыстарының жүрегін қанжар сұққандай жаралайтын-ды.
Үміт үзбей, талмай іздестіру нәтижесінде Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 65 жылдығы қарсаңында соны дерекке қол жеткіздік. Ресей федерациясы, Подольск қаласы, РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағаты берген анықтамада «...радист 63 танковой бригады 56 армий, ст. сержант Тлеубаев Жакен Анкичевич, 1920 г.р., уроженец Карагандинской обл. призван Карсакпайским РВК Карагандинской области. Погиб 11 ноября 1943 года, высота 133,3 что 3,5 км северо-восточнее г. Керч, Автономная республика Крым, Украина...» делінген. Өкініштісі, бұл хабарды ата-анасы мен бауырлары естіген жоқ. Тек, атамның баурында болған мен, Сайлаубайдың балалары, өзге де туыстарымыз біліп отырмыз. Жоғарыдағы құжаттарды негізге алып, марқұмның жерленген орнын нақтылау үшін 2010 жылғы 17 тамызда Украинаның Керч қалалық әскери комиссариатына хат жолдадым. Арада он күн өткенде «Керч тарихи-мәдени қорығы» мекемесінен, 1 қыркүйекте Керч әскери комиссариатынан жауап келді. Екеуінің мазмұны бірдей, мәтіні төмендегіше: «...ст. сержант Тлиубаев Жакен Анкичевич, 1920 г.р. воевавшего в составе 63 Таманской танковой бригады 56 армии, братская могила или мемориальные знаки с указанием имен погибших, сообщаем, что интересующая высота расположена около села Бандаренково, Ленинского района, Автономной республики Крым. Братских могил и мемориалов в районе этой высоты нет.
С ноября 1943 г. по апрель 1944 г. частями Красной Армии предпринимались неоднократные попытки овладеть этим районом. Однако взять хорошо организованный фащистами участок обороны не удалось, пока 11 апреля 1944 г. немецко-фащистские войска не оставили его.
Информация ЦАМО РФ о том, что местом захоронения является высота 133,3, на наш взгляд подтверждает факт, что Тлиубаев Ж.А. действительно сгорел в танке в районе этой высоты». Сұрапыл соғыс жағдайында қыршын кеткен ерлерді ақ жуып, арулап қоятын жағдай жоқ, әркімнің пешенесіне не жазылса, сол болады ғой.
Жоғарыдағы хабарды алған соң, қаза тапқанына 67 жыл өткен кезде, яғни, 2011 жылғы шілдеде Жәкеннің аруағына бірінші рет арнайы дұға бағышталып, құдайы ас берілді. Ендігі мақсат, Алла қаласа, марқұмның қаза тапқан жеріне дүниеге шыр етіп келгенде кіндік қаны тамған туған топырағынан бір уыс ала барып, аруағына құран бағыштату, тәу ету. Әйткенмен, бұл игі мақсаттың орындалуы, Керч қаласын қорғап қаза тапқан бауырластар қабірінің мемориалдық тақтасына, нақты жерленген орны белгісіз болса да, сол кездегі отандас елдің азаттығы үшін қаза болған ердің есімін енгізуге байланысты. Аталған мәселені шешетін Керч калалық әкімшілігі мен әскери комиссариаты екен. Оларға арнайы сұраныс хат және тиісті әскери құжаттардың көшірмелері жолданды. Алайда, Жәкен қаза тапқан жер қазір бөтен мемлекеттің аумағында орналасқандықтан, жеке адамға қатысты сауапты істі атқаруда біраз қиындықтар кездесуде. Осыған орай, майдангерге қатысты туыстарының сұранысын орындатуға мемлекетаралық келісім шарттар негізінде облыс басшылығы, әскери комиссариат пен ардагерлер кеңесі өз тараптарынан қолдау жасағаны дұрыс болар еді.
Отан үшін опат болған қыршын жастың тағдырына қатысты ақиқат кесірлі кеңестік қоғамның керанау саясаты салдарынан 70 жылға жуық бүркемеленіп келді. Елі үшін шыбын жанын құрбандыққа шалған есіл ердің елеусіз қалған есімі құжаттар негізінде қайтадан жарыққа шығып, адамдық арына, азаматтық борышына селкеу түсірмеген әрекетіне, қаһармандық қимылына көз жеткенде ағайын-туыстың қуанышында шек болған жоқ. Ер есімін еш қалдырмай, кеш те болса ұлықтар сәттің туғаны бұқара жұрттың назарында болса деген оймен қолға қалам алдық. Жәкеннің жалындап өткен ғұмыры, Отан үшін от оранған ерлігі бүгінгі жастарға, өскелең ұрпаққа үлгі болса екен. Имани шараны Алланың ризалығы үшін іске асырудың шарапаты салауаттан, парызы сауаптан болары екібастан.
Батырдың туып-өскен жері – Қарағанды облысы, қазіргі Ұлытау ауданы, Терісаққан ауылдық округі. Әскерге шақырылған шағында Қарсақбай кентінде тұрған мекені – Огородный көшесі, 20 үй. Әлі бар. Қарсақбайдың мектебінде бала оқытып, 1939 жылы осы жерден әскерге шақырылған. 23 жылдық қысқа ғұмырында жер бетінде тек өнегелі іс, өшпейтін із қалдырып үлгерген боздаққа Алланың рахымымен жұмақтың төрінен орын тисін дейміз. Ал, бүгін қайта жаңғырған есімі мен ерлігі ұрпақ жадынан өшпеуі үшін жергілікті билік өкілдері – аудан һәм кент әкімдері мен депутаттар, өзге де зиялы азаматтар күш біріктіріп, оң әрекет жасайды деп үміттенеміз.
Мұқанбетжан ӘБІЛҰЛЫ.
ТЕМІРТАУ қаласы.
Орталық Қазақстан. - 2012. - 24 қаңтар (№ 13). - 3 б.
Достарыңызбен бөлісу: |