Ермековтің ісіне



бет1/5
Дата30.06.2016
өлшемі383.5 Kb.
#167858
  1   2   3   4   5
Ермековтің ісіне:
Ермеков: УОО ПП ОГПУ-дің өкілі Поповтың түсіндіруіне қарағанда, маған айып ретінде тағылған 57 бап пен 58 баптың 7 тармағы бойынша мен кеңес өкіметіне қарсы әрекетім үшін емес, Фазыл Әлихановтың көрсетуімен кеңес саясатын теріс түсіндіруге тырысқандығым үшін жауапқа тартылған екенмін. Мен бұл жөнінде ОГПУ-дің өкіліне берген бірінші жауабымда айтқанмын. Енді келіп соның көрсетіндісінің үзіндісін алға тарта отырып, айыптау баптарын өзгертпек. Онда: Халық комиссарлар комиссариятының әлеуметтік мәдение бөлімінің кеңесшімі Барлыбаевқа ет дайындау жоспарын кеміту туралы кеңес беріппін. Барлыбаевпен мен Шомбалов Мәжиттің үйінде кездейсоқ кездестім. Өкінішке орай Әлиханов пен Барлыбаевтің үй-ішімен дастархандас болдым. Мен оларды сал боп ауырып жатқан Шомбаловтың семьясымен бірге қонаққа шақырдым. Әлихановтар жауап ретінде бізді шақырды. Адамға тән осалдық жасап біраз ішімдік іштік. Тек Шомбалов қана сырқатын сылтауратып бас тартты. Көтеріңкі көңіл-күй үстінде қонақтарымның көңілін табу үшін қоғамдық сипаттағы сөздерді де айтсам керек. Әлихановтың мал шаруашылығына сіңірген ерен еңбегін асыра мақтап, ет жоспарын орындап қана қоймай мал басын сақтау да керек дегенді айттым. Сол бір мылжың сөздердің саяси астар алғанына таңмын. Барлыбаевтің бұл сөзінде не мән-мағына бар. Бұл жөнінде мынаны айтқым келеді. Әлиханов түрмеден шыққанша менімен бір камерада отырды. Сонда: Барлыбаев неге ұсталмады? Оның «Алашордадағы» қызметі бәріне белгілі емес пе. Мен кез-келген адамды, Барлыбаевты да аунатып түсіре аламын, бізбен байланысы бар десем жетіп жатыр – деп соңын қалжыңға айналдырды. Оның Барлыбаевқа қарсы айтылған бұл әзілінің астарына мән бермеппін. Семей губерниясындағы қазақ қызметкерлерінің арасындағы топшылдық маған бұрыннан белгілі болатын. Әлихановтың көрсетіндісіндегі түсініспеушілікті ОГПУ-дің коллегиясына 1932(?) жылдың 3 қазан күні жолдаған мәлімдемеде көрсетіп, Әлихановты беттесуге шақырғанмын. Өкінішке орай ол өтінішім қанағаттандырылмады. Әлихановтың куәлігі осынша сенімге ие болғандықтан да Шомбалов пен Барлыбаевты куәлікке тартуды сұраймын. Осы бір кездейсоқ тіршіліктің соңы осыншасма ушығып кеткенінің өзі Әлихановтың көрсетіндісінің абсурд екендігіне дәлел. Әлиханов «Ет өткізу одағының» инструкторы, жоспарлау және үкімет мекемелеріне сөзі өтетіндей оның аппараттағы орыны қандай. Әлиханов жеңілтек адам. Санасыздың сандырағын осы күнге дейін түсінбеймін. Таныстардың барлығы маған оның тақыс, өзінше қулығы бар, өз кінәсін өзгеге көтертіп күн көретін адам екенін айтқан. Егерде менің көрсетіндім күдік тудырса, онда ОГПУ тергеушілері бұл инцидентті анықтап тергесін. Мен Барлыбаев пен оған қай уақытта, қандай нұсқау бердім, оны қалай жүзеге асырды, соны дәлелдесін.

хххххххххххххххххххх

ПП ОГПУ–дің Қазақстандағы өкілінің 1930 жылы 22 қыркүйек күнгі




ӘЛІМХАН ЕРМЕКОВ
1 том 427-443 беттер қарындашпен, ал 444-448 беттер машинкаға басылған.
«15/ХІ-1930 жыл. Мен өзімнің көрсетінділерімде ертеректе өтіп кеткен оқиғаларды қамтитын болғандықтан да, жылдардың реті мен кейбір көріністердің орыны ауысып кетуі мүмкін екенін ескертемін.

1919 жылы ақпан төңкерісінен кейін мен Семей губерниясының земство басқармасының мүшесі болып қызмет істедім. Тікелей жер бөлімін басқардым, бұдан басқа маған оқу-ағарту саласына жетекшілік ету жүктелді. Бұл әскерилердің – колчаковшылар мен атамановшылардың билеп тұрған кезі болатын. Жазалау отрядтары, зорлық-зомбылық, дала-әскери соты жаппай орын алған еді. Жұмысшылармен, шаруалармен бірге сорлы қазақ елі де майдан даласына тән террорды, езгіні, басынуды бастарынан кешті. Губерниялық, уездік жер басқармаларының мүшелерін, «Алаштың» орталық кеңесін тұтқындау күн өткен сайын жиілей берді. Олардың кейбіреулері әскери-дала сотына беріліп, дарға асылуға дейін жаза қолданылды. «Алашорданың» мүшесі Ақбаев «большевиктердің төңкерісіне көмектесу үшін қару жасырғаны үшін» ату жазасына кесілді. Омбыда келісім жүргізіп жатқан кезінде «Алашорданың» төрағасы Бөкейхановтың өзі де тұтқынға алынды. Жергілікті газеттерде губерниялық жер басқармасының мүшелерін большевиктерге бүйректері бұрады деп әшкерелеп жатты (Семейде шығып тұрған «Речь» газетін қараңыз).

Ақырында он алтыншы жылғы көтеріліс кезінде Жизақ қаласы тұрғындарының бірін қалдырмай қырып-жойғаны үшін «Жизақтық» деп атанып кеткен Колчак диктатурасының әскери министрі Иванов–Ринов тек «Алаш» автономиясы мәселесін көтергені үшін ғана қазақ (сол кездегіше айтсақ қырғыз) зиялыларының бірін қалдырмай қырып тастау туралы жобасын ұсынды, ол: ақсақалдарды медальмен, шен-шекпенмен жарылқай отырып та қыр елін билеуге болады – деп ойлады. «Алашорданың» қызметінде де қиыспайтын қайшылықтар толып жатты. Мысалы, сол кезде Колчакқа «Батыс Алашорданың ақсақалы» атағын беру түралы ұсыныс та жасалды. Бұл жөнінде: «Алашорданы» – «Ералашорда» деп атаған Сібір үкіметінің пікірі шындыққа келетін.

Колчактың жанталасы, өлім алдындағы ант мезгілі басталды. Біз, земство қызметкерлері, ұлттық кадрлар осындай от пен судың сынағынан тәжірибе ала отырып қазақ төңкерісі тұсындағы ұстанымдарымызға, Сібірде төңкеріс жасаған эсэршіл чех-словак әскеріне іш тартқан әрекеттерімізге сын көзбен қарауымыз керектігін түсіндік. Террор барған сайын күшейе түсті, бұдан әрі қалада қалу өмірімізге қауіп төндірді. Семейдегі төңкерістен бірнеше күн бұрын далалық әскерлер шегіне қалған жағдайда көзі құртылуға тиісті адамдардың тізімі тұрғындарға таратылды. Тізімнің ішінде біздің де атымыз бар екен-мыс. Сондықтан да мәжілісте: қызыл армия келгенше қырға шығып кету керек, ал Семейдегі төңкеріс басылғаннан кейін қалаға қайтып оралу керек – деп шештік. Бірақ Семейге қайтып келу де қиын болатын. Өйткені: қазан төңкерісіне деген теріс ұстаным, чех-словак эсэрлерінің әскеріне көрсетілген көмек, құрылтай Мәжілісін қолдау (Ресей ұлтшылдарының үкіметі – Т.Ж.) «Алашорданың» бетіне шіркеу түсірген болатын. Соған қарамастан: ешкім де Қазақстаннан тыс жерге кетпесін, ешкімде шекара асып шет елге өтпесін, Бөкейхановтан басқаларының барлығы Семейге қайтып келсін – деп ұйғарым жасадық.

Бұл шешімге тоқтам жасатқан: төңкеріс тұсында жинақталған ауыр тәжірибелер мен Колчак пен қаптаған атамандардың кезіндегі террорлық зорлық–зомбылық еді. Сонымен қатар, кеңес өкіметінің халықтардың ерікті құқығы туралы декларациясы, «Алашорданың» кейбір мүшелерінің Москвадағы тікелей келісімдері, «Алашорданы» Семейдегі бөлімі мен Москваның арасындағы тікелей байланыстың нәтижелері де ықпал жасады. Дутовтың бандыларының арасынан екі-үш адамдық шағын топпен қалаға кірдік. Қалаға кірісімен Сібір ревкомының мүшесі жолд. Косаревтің (қазір ОК-тің мүшесі) губерниялық үкіметті құрып, жетекшілік ету үшін Семейге келгенін естідім. «Алашорда» мүшелерінің ішінде жалғыз мен ғана қалада екенмін, сондықтан да жалғыз өзім шұғыл түрде Косарев жолдасқа бардым. Мен оны «Алашорданың» іс-әрекетімен қысқаша таныстырып өттім. Қазіргі жағдайда қабылданған шешім мен өзімнің келу мақсатымды баян еттім. Косарев жұмысшы қазақтармен бірнеше рет бас қосу өткізді де, солардың келісімімен мені губревкомның құрамына енгізді.

Төңкеріс тұсындағы өткен баспалдақтар ұлттық қозғалыстың мүшелеріне өте маңызды әрі құнды тәжірибелер үйретті (...).

...Осыған байланысты мен өзімнің партияға мүше боп өту туралы көзқарасымды да білдіре кетейін. Жолдастарымыз қырдан қалаға қайтып келген соң мен ВКП-ның қатарына өтуді мәселе етіп қойдым. Қарсы шығып сөйлеген Ғаббасовтың басты дәлелі: қазақ арасында пролетариат жоқ – дегенге сайды. Пікір таласымыз белгілі бір шешімге келуге мүмкіндік бермеді. Мен шұғыл түрде: Семей облысын Кир(Қазақ)реввоенкомның қарамағына беру мәселесін шешу үшін Орынборға іссапарға жүріп кеттім. Орынборда бірден мені: Семей және Ақмола облыстарын Кирвоенревкомы басқармасының құрамына кіргізу туралы мәселені күн тәртібіне енгізу үшін және республиканың құрылғанын жариялайтын декретті дайындау үшін Москваға жіберді.

Москваға барғаннан кейін ревком мүшелері маған республиканың шекарасын анықтау үшін тиісті құжаттарды жинастыруды және ұлттар жөніндегі халық комиссарымен (ол кезде Сталин болатын – Т.Ж.) декреттің жобасын жасауды тапсырды. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін мені ВЦИК-тің жанындағы Кирреввоенкомның өкілдігіне уақытша уәкіл етіп қалдырды. Мен Москвада Халел және Жаһанша Досмұхамедовтермен кездестім. Олар менің жаңа саяси бағытыма таңдана қарады, менің солшыл пікірлерімді біраз тыңдап тұрды да, сынауға көшті, біздің пікір алысуымыз ерегеске ұласып кете жаздады».

ІІІ Интернационал конгресінің қарсаңында ұлттық автономия мәселесі ең басты саяси пікір таласына айналды. Ә.Бөкейханов пен Ә.Ермеков Қазақ автономиясының шекарасын анықтауға барынша күш салды. Алаңдататын оқиғалар күн сайын шиеленісе берді. Кеңес өкіметі кез-келген сәтте Қазақ автономиясынан бас тартуы мүмкін еді. Соның бір айғағы ретінде 1920 жылы 19-мамыр күні бұрынғы тәуелсіз Башқұртстан үкіметі – «Ресейдің автономиялық губерниясы» деп жарияланады. Бұрынғы келісім шартты бұзуының себебін сұраған З.Валидовке Ленин:



«Сіз мұндай адамгершілік мәселесін неге негіздеп айтып отырсыз? Сіз өзі қандай революционерсіз? Сол келісімге неғып жабысып қалдыңыз? Сіз бен біздің келісім шартымыз – бір жапырақ қағаз ғана, ол ештеңені міндет етпейді... Орталық алдағы уақытта да бұрынғы отар елдердегі орыс пролетариатына сүйенетін болады, ал сіздер «басшылыққа» қандай дәрежеде ымыраластық көрсетесіздер, немесе қандай сенім көрсетесіздер, сондай деңгейде ғана сенімге ие боласыздар. Ресей жерінде социализм толық орнаған соң да бұл сенімсіздік сақталып қалатын болады. Тіпті, социализм бүкіл әлемде жеңіске жетсе де шығыстағы отар елдерге европалық пролетариаттың – ағылшындардың, француздардың, бельгиялықтардың, «басшылығы» жойылмайды» – деп жауап береді.

Бұл З.Валидовті үлкен тәуекелге жетелейді.

Ә.Ермеков (жалғасы): «Ара-арасында жауапты қызметкерлер, әр республикадағы ревкомның мүшелері, солардың ішінде менің тергеуіме тікелей қатысы бар Байтұрсынов, Рысқұлов, Валидов Москваға келіп-кетіп тұрды. Байтұрсынов Кирвоенкомның мүшесі ретінде келген сайын өкілдікке жиі келіп тұрды. Сирек те болса Валидов те келетін. Бірде маған Байтұрсынов: кеңес өкіметінің саясатына Валидовтің риза емес екенін, мүмкіндігі болса Индиямен байланыс жасағысы келетінін, сол жақта жүріп революциялық қозғалыс ұйымдастырғысы келетінін, тәуелсіздікті қарумен орнатқысы келетінін, мұны кеңес өкіметінің ішінде жүзеге асыруды ойластырып жүргенін айтты. Бұған Рысқұлов та мақұл сияқты көрінеді деді.

Т.Рысқұлов араға жылдар салып барып : «Петерс: 1920 жылы партия ұйымында дайындалды деген желеумен, нағында партия ұйымы емес контрореволюциялық «Иттикад уә теракки» ұйымы дайындаған бағдарламамен делегация болып Лениннің қабылдауына кірді. Делегация Москваға барған соң белгілі башқұрт буржуазияшыл-авантюрисі Валидовпен және татар ұлтшылы Сұлтанғалиевпен кеңесіп, «Иттикад уә теракки» ұйымы арқылы бағдарламаны талқылады, сөйтіп өздерінің кім екенін ашып алды. Делегация Ташкентке оралған соң «Иттикад уә теракки» ұйымының ташкенттік белсенділерінің алдында есеп берді, делегация ұсынған платформа белсенділердің қолдауын тауып, таяу уақытта жүзеге асыруға тиісті бағдарлама ретінде қабылданды» - деп жазады. «Правда Востока» газетінің биылға жылғы 14 желтоқсандағы санында жолд. Петерстің сол сөзі сәл қырналып, нақтылана түсіпті. Онда: «бұл арыздың мәтіні «Иттикад уә тераккидің» ішінде дайындалған. Москваға Рысқұлов, Низамиддин Қожаев және патша шенеунігі Көшербаев барды. Москваға барсымен комиссия белгілі башқұрт ұлтшылы Валидовпен (Башкирия), Сұлтанғалиевпен (Татария), Байтұрсыновпен (Қазақстан) кездесті. Кеңесте кеңес өкіметімен күресудің жалпы платформасы талқыланды. Делегация Ташкенте оралған соң «Иттикад уә тераккидің» кеңесінде тобымен отствкаға кету туралы шешім қабылдады» - делініпті...» – деп жоғарыдағы деректі мойындаудан бас тартты.

Валидов (жалғасы): «...Бұл шындық (Лениннің сөзін мекзеп отыр – Т.Ж.) кеңес өкіметіне қарсы пәрменді және ашық түрде күрес жүргізу қажеттігін біздің алдымызға міндет етіп қойды. Сол күндері Ташкенттегі олардың пікірлестері Рысқұлов, Низам Қожаев және басқалары Түркістан комиссиясының және Түркістан атқару комитетінің (ТурЦИК-тің) құрамынан шығарылды. Біз, Ахмет Байтұрсынов екеуміз 29 маусым күні Москвадан кетіп қалуға келістік. Бұған Сталин рұқсат бермеді, бірақ Астраханьға барып денсаулығымды түзетемін – деген сылтау айтып Орталық комитеттің хатшылары Крестинский мен Преоброженскийдің рұхсатын алдым...».

Ә.Ермеков (жалғасы): «Мен бұған үзілді-кесілді қарсы шықтым: Колчактың терроры мен зорлық пен қорлығынан жаңа ғана құтылдық, кеңес өкіметінің арқасында ғана мұнда республиканы ресми түрде жариялауға мүмкіндік алып отырғанымызды, сөйте жүріп мұндай екі жақты келісім жүргізудің арандату екендігін айттым...Байтұрсынов менің пікіріммен келісті. Мен ол кезде мұны: жеке бастың әлдеқандай бір себептеріне байланысты туған көңіл-күйдің уақытша құбылуы шығар деп бұған мән бермедім. Валидов өте іскер адам еді...Сол кезде белгілі бір дәрежеде жасыңқырап жүрген Рысқұловты Валидов өзінің қиялымен баурап алғысы келген болуы керек. Онымен (Валидовпен) бірінші және соңғы рет кездескенімде мен оған: Қазақстанның өкілі ретіндегі өз көзқарасымды ашық білдірдім және екеуміз де пікір таласына барғамыз жоқ. Қайтып кездескен емеспіз».

Сондай қысылтаяң күндердің бірінде кездескен Ә.Ермековтің атының аталмауының себебін З.Валидовтің «Естелігіндегі»: «Зияны тимес үшін бұған қатысқан, қазір көзі тірі тағы да екі адамның атын атамауға тура келіп тұр» – деген ескертуінен аңғаруға болады. «Естеліктер» жарияланған жылы Ә.Ермеков тірі болатын.

З.Валидов (жалғасы): «Мен өтірік пен көлгірсуге төзе алмаймын. Егерде болашақтан сәл ғана сәуле көрінсе, онда мұндай алдамшылыққа төзуге болар еді. Бірақта біздің төзіміміздің төлеуін өтейтін еш үміт жоқ. Мұндай әрекетке өз еркіңмен тәуекел етесің. Мен онда (Түркістанға – Т.Ж.) өз армиямды алып барып, олардың қанын мойныма алғым келмейді. Мен өз басымды ғана оққа тігіп отырмын. Менің сенімді достарым бар, олар мен қал десем де қалмайды, бірге жүреді... : «... Шығыс түркі өкілдеріне, соның ішінде Тұрар Рысқұловқа айттым. Ол бұл туралы Бөкей ордасындағы өзінің жақтас коммунисінің біріне хат жазды»» - деп шешім қабылдағанын жазады.

Мұндағы «Бөкей ордасындағы жақтас коммунисі» кім екенін тап басып таба алмадық. Дегенмен де, Ташкенттегі өзара байланысын ескерсек, Жаһанша және Халел Досмұхамедов екеуінің бірі болуы әбден мүмкін деп жорамалдауға негіз бар.

Ә.Ермеков (жалғасы): «...1926 немесе 1927 кеште Халел Досмұхамедовтің үйінде қонақта отырғанымызда ол маған және Елдес Омаровқа ертегіге айналып кеткен ежелгі әңгіме ретінде: Түркістандағы қозғалыс туралы, оған өзінің қатысқанын, мұның өзі Валидовпен жолығуы тиіс болғанын, бірақта Валидовтің әйелі қайтып келген соң (Уфадан Ташкентке Т.Ж.) мұның бармай қалғанын айтып берді. Кетіп бара жатқанда өзара: оның қай-қайдағыны бекер еске алғанына өкінісіп тарастық. Ашығын айта кетейін: тарихтың еншісіне айналып кеткен мұндай тылсым, жартылай күңгірт жайлар туралы шолақ сөздерді жиі тыңдауға болады және ол туралы жалпы қауесетті (нақтылы емес) партияда барлар да, жоқтар да білетін.

З.Валидов (жалғасы): «...Сол күндері қазақ қайраткерлері де және Ташкентте де осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатты. 1919 жылдың наурызында Башқұртстан облыстық коммунистік партиясы құрылды, біз Түркістандағы социалистік қозғалыстың басын біріктіріп, дербес социалистік партия құрып, оны Россия компартиясынан бөліп алып, ІІІ интернационалға дербес мүше ретінде кіруді жоспарладық... Бұл кезде қазақ пен өзбектің көрнекті қайраткерлері Низам Ходжаев, Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсынов Москвада болатын. Орталық комитеттің жанындағы мұсылман коммунистері бюросы соңғы демін алып жатқан. Өліп бара жатқан осы ұйымды пайдаланып Түркістан, Қазақстан, Башқұртстан, Бұқара мен Хиуа облыстық компартия ұйымын ықпалымызда ұстауды көздедік. Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін Башқұртстанда жүрген кезімнің өзінде Түркістанға 14 адам жіберген болатынмын. Бұл жұмыс Москвада бұрынғыдан да кең ауқымда жүргізілді», – деп (268-бет) еске алады.

СССР деп аталатын болашақ құрама мемлекеттің құрылымы сол жылдары жоспарланып жатқан. Орта Азия мен Қазақстандағы түркі жұртына ортақ 1) Түркістан республикасын құру (Т.Рысқұлов т.б.), 2) Түркістан-Қазақ автономиялы республикасын құру (С.Қожанов), 3) Россия құрамындағы Түркістан автономиясын құру (еуропалықтар) – туралы күрес жүріп жатты. Ал Қоқан, Бұқара республикалары Тәуелсіз мұсылман мемлекетін құру мақсатында «мұхарамдық» (революциялық, орыс басылымдарында – басмашылар қозғалысы) майдан ашты.

Ә.Ермеков (жалғасы): (...) Тек 1917 жылы шілде айында өткен бүкілқазақтық құрылтайда ғана құрылтайдың шешімімен «Алаш» өлкелік-ұлттық автономиясы жарияланды. Осы құрылтайда Түркістанмен қосылу мәселесі де шет жағалап жалпылама қозғалды. Құрылтай көсемдері, соның ішінде шығыс облыстарының өкілдері: онда үлемдердің ықпалы күшті, діни фанатизм бар, деспоттық билік жойылмаған, осы бағыттағы шет ел мемлекеттерінің әсері күшті деген уәж айтып, Түркістанмен қосылуға түбегейлі қарсы шықты. Маған келетін болсақ, мен сол көзқарасты 1925 жылға дейін де ұстандым. Ол кезде жауапты қызметкерлердің арасында, партия мекемелерінде Қазақстанды Орталық Азия федерациясының құрамына қосады екен-мыс. Сөйтіп Қазақстан одақтас республиканың дәрежесіне көшеді екен-мыс деген қауесеттер шығып жүрді. Бұл үшін Қазақстанның солтүстігіндегі орыстар қоныстанған аудандарда межелеу жұмыстары жүргізілуі тиіс екен. Осы мәселе жөнінде құрамында: Москвадан келген Ежов, Өлкелік комитеттен Сәдуақасов, Мемлекеттік жоспарлау мекемесінен мен бар арнайы комиссия құрылды. Мен өз пікірімді Ежов жолдасқа ашық түрде: Орта Азия федерациясына Қазақстанды қосып, солтүстік аймақтық шекараны межелеу шаруашылық мүддесі тұрғысынан да, мәдени байланыс тұрғысынан да пайда әкелмейтінін айттым...».



Иә, бұл үлкен даулы және шетін мәселе. Қандай да құрамда болмасын қазақ жұртының ділі мүслими шығыспен сіңісіп кете алмайтыны анық еді. Егер бұл жоспар жүзеге асса, онда орыстардың ежелгі арманы орындалып солтүстік шығыстағы– Шығыс Қазақстан, Семей, Ақмола, Қызылжар, Көкшетау, Қостанай, Ақтөбе облыстары Ресейдің құрамында; ал Алматы, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Қызылорда облыстары – Өзбекстанның, Маңғыстау түбегі – Түркменстанның құрамында қалған болар еді. Ежов Семей губерниясын басқарып тұрғанда С.Сәдуақасов барып оны таратып жіберіп, зорлықпен Қазақстанның құрамына қосқан еді. Енді тағы да Ежовпен жолдары жолығысты. Бұл жолғы мүдделер тоғысқан сияқты. Алайда бұл қауесет оңтүстік облыстардағы тұрғындардың арасына іріткі салды. Мысалы, Сарысудағы тамалар – Түркістанға, тарақтылар – Қазақстанға қараймыз десіп барымталасып, ақыры бәрі де Бутырка түрмесінің «төрінен орын алды».
1930 жылы 7-желтоқсан күні Ә.Ермековке ресми түрде айып тағылады. Ол өзінің бұл өкімді мойындамайтыны туралы Қазақ АССР атқару комитетіне қарсылық білдіріп жолдаған шағымы І томның 479-бетіне тіркеліпті:

«КССР Орталық атқару комитетінің мүшесі Ермеков Әлімханнан Өтініш

ПП ОГПУ-дің Қазақстандағы өкілінің 1930 жылы 22 қыркүйек күнгі өкімі бойынша мен түрмеге қамалдым. Тек 7-желтоқсан күні ғана нақты айғақтар келтірілместен маған ҚК-нің 57 – 7, 58 – 11, 59 – 3 баптарына сәйкестендіріп шамамен:а) кеңес өкіметінің шараларын кеңес және партия жұмыстарында бұрмалап қолданғаны үшін; в) басмашылармен байланысы үшін; с) контрреволюциялық ұйым құруға талпынғаны үшін – деген мағынадағы айып тағылғаны хабарланды.

Бұл айтылғандардағы нақты деректер мені қызықтырмайды, өйткені ондай оқиға өмірде болған емес. Бастапқыда мен тұтқындалуымның себебін түсініспестік болған шығар, әлдебір саяси науқанға қатысты шығар деп ойлағамын. Міне, тұтқындалғаннан бері төрт айдан асып барады, әлгі «түсініспестігім» мені денсаулық тұрғысынан да, адамгершілік тұрғысынан да кеміріп жеп барады. Сондықтан да мен маған тағылған ешқандай нақты дерексіз айыптауларға түсінік беретін өмірбаяндық сипаттағы кейбір мәліметтерді, саяси және тәжірибелік істерімді Казаткомның Президиумына баяндап беруге мәжбүр болып отырмын.

Революцияға дейін оқу оқыдым, оқығанда да орта және жоғары оқу орнына төленетін қаржыны өзімнің маңдай теріммен таптым. Төңкерістен бергі менің қызмет баспалдағым мынадай: Облыстық қоғамдық мекемелердің атқару комитетінің президиум мүшесі, Қазақ облыстық комитетінің мүшесі, жұмысшы, солдат және шаруа кеңесі облыстық атқару комитетінің мүшесі, Бүкілқазақтық «Алашорда» халық кеңесінің орталық кеңесінің мүшесі, губерниялық земство басқармасының меңгерушісі, Корниловтың тұсында губерниялық революциялық комитеттің мүшесі, Колчак талқандалғаннан соң губерниялық революциялық комитеттің мүшесі және Кирреввоенкомның ВЦИК-тің жанындағы өкілдігі төрағасының міндетін атқарушы, губкомның және мемлекеттік жоспарлау мекемесінің төраға орынбасары міндеттерін педагогикалық жұмыспен ұштастырып келдім. Ауыл шаруашылығы банкісінің басқарма мүшесі, соңғы төрт жылда тек қана жоғары оқу орындарында істеп келемін. Тұтқындалған кезде Қазақ мемлекеттік университетінің математика кафедрасының доценті боп істедім. КССР кеңесінің соңғы екі құрылтайында КССР аткомының мүшесі болып сайландым.

«Алашорданың» жүргізген ісіне тоқталып жатпай-ақ, оның бір мүшесі ретінде менің кейінгі іс-әрекетімнің бағытын өзгерткен тарихи тәжірибеме тоқталсам да жеткілікті (Бұдан кейін алдыңғы көрсетінділердегі баяндалған жайларды қайталайды – Т.Ж.)...

...20-жылдан 24-жылға дейінгі Семей губерниясындағы шағын қаладағы – Қарқаралыдағы ІІ басқыштағы мектептің меңгерушісі болған кездегі қызметім – басмашылар көтерілісіне қатысқандығымның айғағы ретінде танылып, маған 59 баптың 3-тармағы бойынша айып тағылыпты. Контрреволюциялық ұйымға қатысқандығыма қандай әрекетім айғақ болғанын білмеймін. Ал партия мен кеңес қызметінің шараларын бұрмалап пайдалануға тырысты делініп, 58-баптың 7-тармағы бойынша тағылған айыпқа келетін болсам, онда мен нақты адамдарды куәға тартамын және олардың біразы Москвадағы орталық мекемелерде істейді, мысалы, Семей мен Қызылордада Досовпен, Ежовпен, банкте Балпаевпен, Халық комиссарлары кеңесінде (жоспарлау комитетінде) Нұрмақовпен, қазақ университетінде қазір МГУ-де деканның орынбасары Мансұровпен бірге істедім...»

Бұдан әрі осы ойын дамытқан. Ежовтың ол тұста қызмет баспалдағымен өрлеп, қанды қол шеңгелін қомдап келе жатқан кезі. Алғашқы жазалу шараларының құрбандығына Семейдегі «ежелгі жаулары» Халел Ғаббасов пен Жүсіпбек Аймауытов ілінді. Тура осы мағыналас хатты тағы да екі рет көшіріп жазыпты. Бірақ та тиісті жеріне жолданбай, іске тігулі күйінде қалған сияқты. Дегенмен де тағы бір көрсетіндісіндегі:

«Мен өзім тұтқынға алынғаннан бері Попов жолдасқа: революцияның саяси жағдайы мен логикасы туралы пікірімді бірнеше рет қайталап айттым. Менің ойымша: Қазан төңкерісі Қазақстанда 28-жылдан бастап нақты күшіне кірді. Далалық жартылай феодализм мен капитализмнің тамыры енді ғана жұлына бастады. Бұрын саясатпен айналысқан адамдар осындай қысылтаяң сәттерде сынақтан өтуі тиіс» деп ойлаймын» – деген сияқты пікірлердің астарын түсіну қиын.

Әлімхан Ермековтің 1931 жылғы 25 сәуір күнгі жер мәселесі жөніндегі қосымша мәлімдемесі ІІ томның  573 бетінен басталады:



«26-жылдан бастап Ташкенттегі Қазақ педагогикалық жоғары оқу орнына ауысуыма байланысты онымен тікелей айналыспағандықтан да, менің жер мәселесі туралы қазіргі пікірім жалпылама және ертеректе мен Орынбор мен Қызылордада қызмет істеген кездерімдегі мәселелер туралы ғана болмақ. Революцияның алғашқы кезеңінде патшалық отарлау бағытындағы жерге қоныстандыру саясаты тудырған бұл мәселе өте шиеленісті дәрежеде еді. 21-22 жылдардағы кеңес өкіметінің еңбекші қазақтардың талабын ескеріп қоныстандыру туралы мәселе күн тәртібіне қойылғанда менің де араласуыма тура кеді. 24-жылы мнистрліктің коллегиясы өтті, соған қатыстым. 25-жылы Орынборға Мемлекеттік жоспарлау мекемесіне жұмысқа шақырылдым. Онда жерге орналастыру саясаты жөнінде арнайы комиссия құрылды. Комиссия үш рет отырыс жасады. Оған республика басшылары да қатысты. Онда қазіргі шаруашылық жүйесін, бұрынғы жер иелену құқын сақтап қалуға ұйғарым жасалды. Комиссия мүшелері де, оның ішінде мен де Қазақстанға жаңа қоныстанушыларды әкелуге үзілді-кесілді қарсы болдық. Ең алдымен патшалық жер қоныстандыру саясаты тұсында жері тартып алынған жергілікті ұлтты, содан кейін қазіргі орыс тұрғындарын толықтай жермен қамтамасыз ету керек, содан асқанына ғана қоныстанушыларды орналастыруға болады деген шарт қойдық. Осыдан барып жерге қоныстандыру мәселесі жөнінде талас туды. Өлкелік партия комитетінде бұл мәселе арнайы қаралып, алдыңғы көзқарас қолдау тапты. Онда:


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет