Есқараева Айгүл Дүйсенғалиқызы филология ғылымдарының кандитаты Қорқыт Ата атындағы ҚМУ



Дата17.07.2016
өлшемі70.07 Kb.
#205217
ҚАЗАҚСТАННЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ЭТНОСАЯСАТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ ОРНЫ
Есқараева Айгүл Дүйсенғалиқызы

филология ғылымдарының кандитаты

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ
«Қазақ жеріне тағдырдың жазуымен алуан түрлі ұлт өкілдері қоныс аударды. Біз оларға құшағымызды ашып, қазақи қонақжайлылықпен қарсы алдық. Олар біздің елімізде өсіп-өніпбауырларымызға айналды. Қазір біз көпұлтты сипаты бар, біртұтас елміз. Жаһандану дәуірі – көпұлтты мемлекеттер дәуірі. Бұл – әлемдік үрдіс. Еліміздің дамуына барша ұлт пен ұлыс өкілдері бірге үлес қосты». Бұл Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Халқына жолдауында айтылған сөзі. Ия, сонау қиын-қыстау күндері ел-жұртын, атамекенін тастап жат елге қоныс аударған өзге ұлт өкілдері, өз халқының мәдениеті мен әдебиетін тарих санасынан шығармай, бүгінгі ұрпаққа жеткізе білді. Қазақ жеріндегі ұлттар мен ұлыстар еліміздің барлық салаларында еңбек ете отырып, қазақ елінің өркендеуіне өз үлестерін қосты. 

Елбасы Жолдауында басым назар аударылған жаңа қазақстандық патриотизм - көпұлтты  және  көпконфессиялық қоғам табысының негізі. Бұл талас тудырмайды. Тең құқықты, тең мүмкіндіктерді иеленген қазақстандықтар көпұлтты қоғамдағы барлық этностық әркелкіліктерді біріктіре алды. Халқымыздың генетикалық толеранттылығы қазақстандық мәдениеттің бастауы болып, қазақ жерінде өмір сүріп жатқан жүз отыздан астам этностар ерекшеліктерін ескере отырып, біте қайнасты, бірге дамыды. Бірлігі жарасқан қазақ елінде бір шаңырақ астында бас қосқан ұлттар мен ұлыстар ауызбіршілігі ел экономикасының дамуымен қатар, әлемдік қауымдастықтағы  рөлінің өсуіне де ықпал етіп, мәдениетіміздің дамуына жол ашты.



Жасыратыны жоқ, Қазақстандағы экономиканы модернизациялау, саяси жүйені реформалау, нарықтық қатынастарға әлеуметтік бағдар беру саясатының табысты болуы елдегі этникалық үрдістердің бейбіт дамуына тікелей тәуелді. Ол үшін Қазақстандағы ұлттық процестерді дұрыс реттеуге көмектесетін мемлекеттік этносаясаттың ықпалы зор. Сондықтан да, қазіргі таңда этносаясат – мемлекеттік саясаттың мейлінше жауапкершілігі мол бағыты болып табылады. Бүгінде бүкіл әлем жаһандану уақытында өмір сүріп жатқанын ескерсек, бұл құбылыс экономикалық, саяси, қаржы, мәдени, діни, әлеуметтік және экологиялық сынды т.б. қоғамның барлық салаларын қамтуда. Айта кетерлігі, жаһандану үдерістері тарихта жаңа құбылыс болып табылмайды. Жаһандану – өте ауқымды ұғым. Осы жаһандану құбылысы арқасында түрлі мемлекеттердің және аймақтардың заңнама жүйелері өзара жақындасып, мемлекеттер арасындағы өзара тәуелділік деңгейі өсуде. Бұрын тек бір аймақты ғана қамтитын мәселелер енді көптеген мемлекеттердің мүдделерімен тікелей және жанама ұштаса бастады. Жаһандану құбылысы бастапқы уақытта тек экономикалық және саяси салаларды қамтығанымен, жаңа технологиялардың, байланыс және телекоммуникацияның дамуына байланысты бұл  құбылыс мәдени саланы да қамти бастады. Қоғамның барлық салаларын қамтуымен қатар, жаһандану құбылысының айта кететін ерекше аспектілерінің бірі - ұлттық әдет-ғұрыптарды, мәдени ерекшеліктерді, материалдық емес құндылықтарды сақтау болып табылады. Этностық бірлестіктердің әрқайсысының өзіне тән этностық санасы болады. Осы орайда этностық сана дегеніміз - адамның өзін-өзі белгілі бір этностық топтың мүшесімін деп түсінуі. Рулық-тайпалық жіктелу дәстүрі халық болып қалыптасқанда да, тіпті ұлт болып қалыптасқанда да сақталып қалған қазақ сияқты этностарда этностық сананың ру-тайпа, халық, ұлт осы аталған үш түрі әр замандарда әрқалай көрініс тапқан. Әсіресе халық болып қалыптасудың бастапқы кезеңінде халықтық этностық санамен бірге рулық-тайпалық этностық сана басым орын алған. Осы орайда, Қазақстанда этникалық үрдiстердi демократиялауға, этносаралық татулықты сақтауда ерекше маңызға ие болған азаматтық қоғам институттарының бiрi — Қазақстан Халқы Ассамблеясы. Бұл ұйымды құру туралы идеяны 1992 жылы Қазақстан халықтарының 1-форумында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқан болатын. Қазақстан Халқы Ассамблеясы Қазақстан Республикасы Президентi жанындағы кеңесшi - ақылдасушы орган ретiнде Елбасының 1995 жылғы 1 наурыздағы «Қазақстан Халқы Ассамблеясын құру туралы» Жарлығына сәйкес өмiрге келдi. Ассамблеяның негiзгi мақсаты - елдегi қоғамдық келiсiм мен этникалық татулықты сақтау. Сонымен қатар, Ассамблея Қазақстанда қазақ этносымен бiрге өмiр сүрiп жатқан 130-дан астам этникалық топтар мен диаспоралар өкiлдерiнiң ұлттық-мәдени құндылықтарын жаңғыртуды және дамытуды мақсат тұтты. Бұл ұйым азаматтық татулық пен этникалық келiсiм саясатының нығаюына ықпал еттi. Әсiресе, Ассамблеяның жетекшiлiгiмен жұмыс iстейтiн ұлттық-мәдени орталықтар елдегi халықтардың этносаяси дамуына игiлiктi ықпал жасай алды. Бұл үрдіс елдегі саяси тұрақтылықты нығайтып, Қазақстанның реформалар жолымен ойдағыдай дамуына жағдай туғызды. Елдегі тұрақтылық пен келісім оның түрлі дағдарыстарды жеңуіне және әлемдік талаптарға жауап беруге қол жеткізеді. Бүгінде Қазақстанда күрделі этнодемографиялық, этноәлеуметтік және этносаяси процестер жүруде. Экономикалық даму, этноәлеуметтік модернизация, қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық, Қазақстанның игілігіне жұмыс істеу мемлекет қызметінің негізгі қағидалары ретінде қарастырылады. Елдегі этносаяси, этнодемографиялық және этнопсихологиялық ахуалға сәйкес этносаралық келісім мен татулықты нығайту мақсатында қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу және ұлттық бірегейлену үрдістеріне кең жол ашу, сөз жоқ, пайдалы шаралар. Әрине, бұл орайда, Қазақстан этносаясатында басқа мемлекеттерге ұқсамайтын өзіндік ерекшеліктер болуы заңды. Қоғамдық келісім, этникалық татулық саясатын белсенділікпен жүргізу және ұлттық ұйымдардың іс-әрекетінің, ұлттық сананың жандануын еліміздегі этносаясат ерекшеліктеріне жатқызуға болады. Жаһандану дәуіріндегі Қазақстанның мемлекеттік этносаясатының даму болашағына келер болсақ, этникалық қатынастарда ежелден қалыптасқан тиімді тәжірибелерді назарға ала отырып, оны өскелең ұрпақты тәрбиелеуге пайдалану, шовинизмге тойтарыс берудің ең тиімді жолы ретінде Қазақстан халқының этносаяси қауымдастығының ықпалын нығайту және еліміздегі діндер мен діни конфессияларға қамқорлық жасай отырып, олардың рухани потенциалын гуманистік тәрбиеде пайдалану -мемлекеттік этносаясатты қалыптастыруға оң ықпалын тигізбек.

Әрине, ғылыми-тәжірибелік оң нәтижелерді бойына сіңірген бағдарлы этносаясат – еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін маңызды әлеуметтік–саяси тетіктердің бірі екендігі анық. Өйткені, Қазақстанның өркениетке қадам жасауына жағдай жасайтын маңызды фактор мемлекеттік этносаясат. Яғни, ел аумағындағы ұлттар мен ұлыстар иық тіресе, еңбек еткен жағдайда ғана, ел болашағы баянды болмақ. Бұған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының Қазақстан халқы Ассамблеясында айтқан сөзі дәлел. «Кезінде тағдырдың жазуымен қасиетті қазақ даласына сан түрлі ұлт өкілдері қоныс тепті. Бүгінге олар тегі басқа болғанымен теңдігі бір, қаны бөлек болғанымен жаны бір, арманы ортақ біртұтас халыққа айналды. Туған елінің туының астында бірігіп, туған жердің тұғырын биік етуге бел шешкен азаматтарды бір тағдыр күтеді әр уақытта. Осылай елдігіміздің ертеңі ошақтың ұштағаны секілді «бір халық, бір ел, бір тағдыр» деген үш сөзге сыйып отыр».



Жаһандану дәуіріндегі Қазақстанның мемлекеттік этносаясатын бірге жүзеге асыра отырып, еліміздің қарыштап дамуына бірге күш салайық!

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Ассамблея народа Казахстана: исторический очерк / Тогжанов Е.Л., Кан Г.В., Коробков В.С., Шаяхметов Н.У. – Алматы: Раритет, 2010. – 304 б.

2. Назарбаев Н.Н. Политика мира и согласия. Астана, 2008.



3. Назарбаев Н.Н. «Ұлттық бірлік – біздің стратегиялық таңдауымыз» ҚР Президентінің Қазақстан халқы Ассамблеясының XV сессиясында сөйлеген сөзі. URL:http:// www.akorda.kz. 4. Қазақстан халықтарының Ассамблеясына 10 жыл . Астана, 2005ж. 5. Масанов Н.Э. и др. История Казахстана: народы культуры. Учебное пособие. Алматы, Дайк-Прес, 2000г.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет