МӘден асылбек төреханұлы батыс Қазақстанның қала халқы: этнодемографиялық дамуын талдау



бет1/3
Дата25.02.2016
өлшемі436.73 Kb.
#19847
түріДиссертация
  1   2   3


ӘОЖ 314.04:39 (574.1) (451) (043) Қолжазба құқығында

МӘДЕН АСЫЛБЕК ТӨРЕХАНҰЛЫ

Батыс Қазақстанның қала халқы: этнодемографиялық дамуын

талдау (1897-1945 жж.)
07.00.02 – Отан тарихы

(Қазақстан Республикасының тарихы)

Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін

дайындалған диссертацияның


АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы

Орал, 2009

Жұмыс М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Қазақстан Республикасының тарихы кафедрасында орындалды


Ғылыми жетекші: тарих ғылымдарының докторы, профессор Т.З. Рысбеков

Ресми оппоненттер: тарих ғылымдарының докторы С.Ж. Жолдасов

тарих ғылымдарының кандидаты,

доцент С.А. Есқалиев


Жетекші ұйым: Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Диссертация 2010-жылы 29-қаңтар күні сағат 9.00-де М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы БД 14.61.26 Біріккен Диссертациялық Кеңестің мәжілісінде қорғалады.

Мекен-жайы: 090000, Орал қаласы, Достық даңғылы, 162
Диссертациямен М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғылыми кітапханасында танысуға болады.
Автореферат 2009-жылы 26-желтоқсанда таратылды.

Диссертациялық Кеңестің

Ғалым хатшысы,

тарих ғылымдарының докторы Б.Г. Шинтимирова



КІРІСПЕ
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Тәуелсіздік алғаннан бергі жиырма жылға жуық уақыт ішінде Отандық тарих ғылымының дамуын жаңа арнаға түсіріп, олардың қызметін қазақ халқының өткені мен өшкенін түгендеуге, жаңғыртуға, кенже қалған салаларын дамытуға жұмылдыру бағытында үлкен жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде, соңғы жылдары тарих ғылымының тарихи демография бағыты қарқынды дамып, сол мазмұндағы зерттеулердің маңызы артып келеді. Мәселенің өзектілігі батыс аймақтағы қалалардың құрылу заңдылықтарын, соның негізінде қалыптасқан қала халқының аталмыш жылдардағы этнодемографиялық даму барысын зерттеп, кезеңдік ерекшеліктерін айқындаудан көрінеді.

Қазіргі Батыс Қазақстан аймағын құрайтын Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында 15 қала болса, солардың бірқатары өлкені патшалық Ресейдің отарлауы барысында құрылған әскери бекіністердің негізінде пайда болды. Қалған қалалар кеңестік кезеңде Қазақстанды орталықтың экономикалық құрамдас бөлігіне айналдыру, елді индустриялық дамыту барысында 1930-1960 жылдар аралығында құрылды. Осылайша, аймақтағы қалалар жүйесінің қалыптасып, дамуына ықпал еткен тарихи, темір жол көлігінің салынуы және тау-кен мен мұнай-газ өнеркәсібінің дамытылуы сынды бірнеше факторларды бөліп көрсетуге болады.

Тақырыптың өзектілігі біз қарастырып отырған кезеңдегі этнодемографиялық ахуалдың республикада соғыстан кейінгі уақытта, 1970-1980 жылдары, тіпті, тәуелсіз Қазақстан жағдайында қалыптасқан демографиялық дамуға ықпал етуінен айқындалады. Осы орайда, Батыс Қазақстанның қала халқы 1897-1945 жылдар аралығында бірнеше этнодемографиялық даму сатыларынан өтті. 1917 жылға дейінгі уақытта аймақтағы қалалық қоныстар халқының саны бірқалыпты өсіп отырды. Аталмыш кезеңдегі қала халқының дамуына қоныстандыру қозғалысы ықпал етті. Кеңестік дәуір басталысымен-ақ аймақтағы қала халқы азамат соғысы және 1921-1922 жылдардағы ашаршылық салдарынан туындаған күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайға тап болды. Соған орай, оның сапалық көрсеткіштерінде айтарлықтай өзгерістер орын алды. Батыс аймақтағы қала халқының құрылуында өткен ғасырдың 20-жылдарының екінші жартысы мен 30-жылдары ерекше орын алады. Бұл кезеңде қала халқы санының өсуі негізінен көші-қон есебінен қамтамасыз етіліп, ұлттық құрамы күрделене түсті. Қала халқының көпұлттылық сипатының қалыптасуының келесі кезеңі – Ұлы Отан соғысы жылдары болды. Жалпы, соғыс жылдары батыс аймақтың қала халқында үлкен этнодемографиялық үдерістер орын алды.

Осылайша, бүгінгі күн тұрғысынан алып қарағанда Батыс Қазақстандағы қала халқының 1897-1945 жылдардағы этнодемографиялық даму тарихын зерттеу, жан-жақты талдау нәтижесінде оған шынайы баға беру, сол жұмыстардың қорытындысында алынған білімдерді оқыту үдерісінде қолдану, оны жалпы халыққа насихаттау қоғамда белгілі-бір демографиялық оң ой-пікірлер мен дәстүрлердің қалыптасуына ықпал ететіндігі сөзсіз.



Тақырыптың зерттелу деңгейі. Біз қарастырып отырған мәселе кешенді түрде арнайы зерттелмегенмен, оның кейбір аспектілері жалпы Қазақстанның, оның ішінде, батыс аймақтың тарихи демографиясына, әлеуметтік-экономикалық даму тарихына арналған еңбектерде аз-кем көрініс тапқан. Осы тұрғыда, зерттеуіміздегі орталық мәселелердің бірі – батыс аймақтағы қалалардың құрылу және ондағы халықтың қалыптасу тарихы болып табылады. Бұл мәселелерге қатысты мәліметтерді қазан төңкерісіне дейінгі орыс зерттеушілері П.И.Рычков, А.И.Левшиннің және де А.А.Кауфман, И.И.Крафт, А.И.Добросмыслов, А.К.Гейнс сынды отарлық әкімшіліктің шенеуніктерінің есептері мен шығармаларынан [1] кездестіруге болады. Оларда аймақтағы қалалық қоныстардың құрылу тарихы, ондағы тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі баяндалады.

Кеңестік кезеңде батыс аймақтағы қалалар тарихы жеке-жеке зерттеле бастады. Осы ретте, Орал және Гурьев қалаларының тарихы жөніндегі Г.Е. Москалев, Э.И.Герасимованың еңбектері мен Х.А.Мұхаметов және Х.Б.Табылдиевтердің диссертациялық зерттеулерін [2] ерекше атап өткен жөн. Орал қаласына қатысты екі еңбек те қаланың 1917 жылғы қазан төңкерісіне дейінгі тарихына арналған. Айталық, Г.Е.Москалев Орал қаласы халқының даму кезеңдерін баяндай келе, оның қалыптасуында қоныстанушылардың басты рөл атқарғандығын атап өтеді. Дегенмен, автордың қала халқының 1897 жылғы санына қатысты берген мәліметтері нақтылауды қажет етеді. Ал, Э.И. Герасимованың еңбегі толықтығымен әрі жан-жақтылығымен ерекшеленеді және ол зерттеуді Орал қаласының кеңестік дәуірге дейінгі тарихына арналған алғашқы көлемді еңбек ретінде бағалауға болады. Гурьев қаласы мен оның өңірінің төңкеріске дейінгі тарихына арналған Х.А.Мұхаметовтің зерттеуінде қаланың құрылу және өсіп-өркендеу тарихы жан-жақты беріледі. Қала халқына қатысты еңбекте тек тұрғындар санының өсуі қарастырылады. Осы қаланың 1917-1937 жылдардағы тарихына қатысты Х.Б.Табылдиевтің зерттеуінде қаланың тарихымен қатар, қала халқының қалыптасу көздері, оның 1917 жылға дейінгі және 1920-1930 жылдардағы өсу динамикасы, ондағы қазақтардың үлесі талданады.

Орал қаласының төңкеріске дейінгі тарихын зерделегенде сол өңірдің ежелден бүгінгі күнге дейінгі тарихының келелі мәселелерін талдаған тарихшы-ғалым Т.З.Рысбековтың еңбегінің маңызы зор. Автор зерттеуінде Орал қаласының пайда болуы жөніндегі түрлі деректерді салмақтай келе, «қала оғыз тайпаларының дәуірінде пайда болды...» деген қорытынды жасайды [3].

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары аймақтағы қалалар тарихын зерттеу жалғасты. Бұл тұста Ақтөбе қаласының әр кезеңдердегі тарихына арнап К.С. Нұрғалымова және Л.Е.Урдабаева зерттеулер жүргізді. Авторлар өз зерттеулерінде Ақтөбе халқының демографиялық дамуын терең талдауды мақсат етпегенмен, айталық, Л.Е.Урдабаеваның еңбегінде қала халқының қалыптасу барысы қарастырылады. Ақтөбе өңіріндегі қалалар тарихы көрініс тапқан еңбектер қатарын Ақтөбе облысының тарихына арналған ұжымдық еңбек те толықтыра түсті [4].

Өткен ғасырдың 80-жылдарының ортасында Қазақстан қалаларының әлеуметтік-экономикалық және этнодемографиялық даму мәселелеріне арналған алғашқы мақалалар жинағы шықты. Осы жинаққа кірген Ж.К. Қасымбаев және Н.Н.Ляпунованың еңбектері [5] әдістемелік жағынан құнды зерттеулер болып табылады. Мәселен, Ж.К.Қасымбаев еңбегінде Қазақстандағы қала халқының қалыптасып, өсіп-өнуіне қатысты концептуальды тұжырымдар жасайды. Ал, Н.Н.Ляпунова мақаласының жетістігі ретінде қала халқының қалалардың категориясы бойынша бөлінуін кесте түрінде жасақтап беруін атауға болады. Сонымен бірге, зерттеушінің Қазақстанның далалық бөлігіндегі қалаларды олардың пайда болу, даму және халқының қалыптасу жағдайлары жағынан сібірлік қалалармен байланыстыруын құптауға болады.

Батыс Қазақстандағы қала халқының қалыптасуының негізгі көзі – орыс-украин шаруаларының қоныстандырылуы болды. Міне, осы қоныстандыру қозғалысының тарихы аймақтағы қала халқының кеңестік кезеңге дейінгі этнодемографиялық дамуына талдау жасауда орталық мәселе болып табылады. Осы мәселеге арналған еңбектер қатарында А.Б.Тұрсынбаев, Б.С.Сүлейменов, Э.И.Герасимова, Н.Е.Бекмаханова, В.М.Кабузан, И.В.Ерофееваның [6] зерттеулерін атаған жөн. Аталған авторлардың зерттеулерінде қоныстандыру саясатының 1917 жылға дейінгі жүзеге асырылуы, оның облыстар бойынша көлемі, нәтижелері талданып, аграрлық сипаты айқындалады. Дегенмен, бұл еңбектерде қоныстандыру қозғалысының қала халқының қалыптасуына ықпалы толық түрде қарастырылмайды, оның сауда-өнеркәсіптік сипаты көрсетілмейді.

Аймақтағы қала халқының этнодемографиялық дамуына кеңестік кезеңдегі жоспарлы және жоспарсыз көші-қон үдерістерінің де ықпал еткендігі белгілі. Сол көші-қон қозғалыстарының тарихы А.И.Қаржаубаева, А.Н.Алексеенко, Н.Э.Масановтың, депортация мәселесі Т.Кульбаев, А.Хегай, Ж.У.Кыдыралина, М.Ч.Қалыбекованың зерттеулерінде және ұжымдық еңбектерде [7] көрініс тапқан. А.И.Қаржаубаеваның диссертациялық зерттеуінде ХІХ ғасырдың соңы-ХХ ғасырдың басындағы көші-қон үдерістерінің қазіргі батыс аймақтағы халықтың қалыптасуындағы рөлі талданады. Дегенмен, автор кеңестік кезеңге дейінгі көші-қонды тек ауыл халқына ықпалы тұрғысынан қарастырса, 1920-1990 жылдардағы көші-қон үдерістерін жалпылама сипатта баяндайды. А.Н. Алексеенко мен Н.Э. Масановтың еңбегінде 1920-1930 жылдардағы этнодемографиялық ахуал, депортация, соғыс жылдарындағы халықтың эвакуациясы мен көші-қон үдерістері қарастырылып, жаңаша ойлау тұрғысынан талдау беріледі. Ал, депортация тарихына арналған еңбектер Қазақстанға, оның ішінде, батыс аймаққа 1930 жылдары және соғыс уақытында күштеп жер аударылған халықтардың санын, олардың өңірлер бойынша орналастырылуын, тұрмыс-тіршілігін, жұмыспен қамтылуын, еліміздің демографиялық ахуалына ықпал етуін, қала берді, ол халықтардың Қазақстанның экономикалық және мәдени дамуына қосқан үлесін бағамдауға мүмкіндік береді.

Кеңестер билігінің алғашқы жиырма жылдығында аймақтағы қала халқы бірнеше күрделі саяси және әлеуметтік-экономикалық кезеңдерді бастан өткерді. Осы уақытта орын алған азамат соғысы, қала өмірін де шарпыған «әскери коммунизм» саясаты, 1921-1922 жылдардағы ашаршылық, 30-жылдардың басындағы апаттық жағдайлар тарихы И.Кенжалиев, Е.И.Медеубаев, Б.А.Мусаев және Ж.Б.Әбілқожин, М.Қ.Қозыбаев, М.Б.Тәтімовтердің зерттеулерінде [8] көрініс тапқан.

Қазақстанда тарихи демографияға қатысты арнайы зерттеулердің жүргізілуі Н.Е.Бекмаханова, Н.В.Алексеенко, Ф.Н.Базанова сияқты ғалымдардың есімімен байланысты. Н.Е.Бекмаханованың еңбегінде халықтың механикалық өсімі және көші-қоны, оның ішінде, Торғай және Орал облыстарына қоныстандырудың жүргізілуі және оның көлемі талданады. Ал, қала халқына қатысты зерттеуде Торғай және Орал облыстарындағы отырықшы елді мекендердің құрылу тарихы, оларға қоныс аударушылардың келуі және ондағы тұрғындар санының өсу динамикасы беріледі. Н.В.Алексеенконың монографиясында қала халқы санының өсу мәселелері арнайы тараушада талданады. Осы орайда, автордың қала халқының қалыптасу көздеріне байланысты жасаған тұжырымдарымен келісуге болады. Ф.Н.Базанованың еңбегінде кеңестік кезеңдегі Қазақстанның көпұлтты халқының қалыптасуы мен дамуы қарастырылады. Дегенмен, автор алдына жалпықазақстандық мәселелерді талдауды мақсат етіп қойғандықтан, аймақтардағы демографиялық үдерістер зерттеу аясынан тыс қалған [9].

Өткен ғасырдың 80-жылдары Қазақстан қалаларының әлеуметтік-экономикалық және демографиялық даму тарихы арнайы зерттеле бастады. Сол зерттеулердің алдыңғы қатарында И.Никифоровтың, У.М.Искаковтың зерттеулерін [10] атап өткен жөн. И.Никифоровтың диссертациялық зерттеуінде 1917-1939 жылдардағы Қазақстандағы қала халқының демографиялық дамуына ықпал еткен әлеуметтік-экономикалық факторларға, соның нәтижесіндегі қала халқының сапалық көрсеткіштеріндегі өзгерістерге талдау жасалады. Дегенмен, автордың жұмысында аймақтардағы мұрағат деректері ғылыми айналымға тартылмаған, соған орай зерттеуде қала халқының өсіп-өнуінің аймақтық ерекшеліктерін талдауға баса назар аударылмайды. Ал, экономист-ғалым У.М.Искаковтың еңбектерінде қалалардың қалыптасу кезеңдері, аймақтардың экономикалық, демографиялық дамуының өзара байланысының кейбір аспектілері, қалалардағы демографиялық және көші-қон үдерістері, оларды реттеу жолдары талданып, қалалар көлемі мен қызметіне қарай жіктеледі.

Тәуелсіз Қазақстан кезеңінде Қазақстан халқының даму мәселелеріне қатысты кешенді зерттеулер М.Х. Асылбеков, А.Б. Ғалиев, А.Н. Алексеенко, М.Б. Тәтімов, М.Н. Сдықов сынды ғалымдармен жүргізілді. М.Х.Асылбеков пен А.Б.Ғалиев өз еңбектерінде жалпықазақстандық деңгейде қала халқының қалыптасу көздерін, оның өсу динамикасы айқындалады. Зерттеудің басты құндылығы Қазақстан халқының дамуының бірқатар мәселелерінің тарихи демографиялық тұрғыдан алғаш рет көтеріліп, арнайы зерттелуінде болып отыр. Ал, М.Х.Асылбековтың А.Құдайбергеновамен бірігіп жазған еңбегінде халықтың 1939-1959 жылдардағы әлеуметтік-демографиялық жағдайы жалпылама сипатталуына қарамастан, оның дамуының кейбір мәселелеріне терең талдау беруге талпыныс жасалған. А.Н.Алексеенко еңбегінің басты ерекшелігі – онда кеңестік кезеңдегі Қазақстан халқының дамуы басты тарихи кезеңдер, аймақтық дамуының ерекшеліктері бойынша қарастырылады. М.Т. Тәтімовтың зерттеулерінде қала халқының, оның ішінде, қазақтар санының артуы, одақтық мемлекет жағдайында Қазақстандағы көпұлтты халықтың өсуіне ықпал ететін үдерістер қарастырылады. Кеңес үкіметінің демографиялық саясатының мәнін ашуға талпыныс жасалады. Автордың К.А.Саркеновамен бірігіп дайындаған еңбегінің де маңызы зор. М.Н.Сдықовтың монографияларында батыс аймақтағы халықтың ХVІІІ-ХХІ ғасырдың басындағы даму тарихы арнайы зерттеледі. Еңбектерде қала халқының қалыптасу және өсіп-өну тарихы, 1920-1940 жылдары қалалар өмірінде орын алған әлеуметтік-демографиялық ахуал жөнінде құнды мәліметтер келтіріледі. Дегенмен, бұл зерттеулерде халықтың демографиялық дамуының көптеген мәселелері тек Батыс Қазақстан облысының материалдары негізінде, сол облыстың мысалында талданады [11].

Соңғы жылдары аймақтағы қала халқының 1926-1989 жылдардағы әлеуметтік-демографиялық дамуы А.М. Балықовамен [12] зерттелді. Автордың зерттеуінде аталмыш кезеңдегі қала халқының саны, оның өзгерісі, қала халқының өсіп-өну жолдары, этникалық даму ерекшеліктері жеке тарау аясында талданады. Алайда, бұл еңбекте де жергілікті облыстық мұрғаттардағы мол деректерді кеңінен пайдаланып, сол 20-40 жылдардағы демографиялық ахуалға ықпал еткен әлеуметтік мәселелерді жан-жақты талдауға өз деңгейінде көңіл бөлінбейді.

Осылайша, аталған еңбектер мен зерттеулерде Батыс Қазақстандағы қала халқының 1897-1945 жылдардағы этнодемографиялық даму тарихы арнайы талданбайды. Соған орай, аталған мәселені кешенді зерттеу қажеттілігі туындап отыр.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеу жұмысының мақсаты 1897-1945 жылдардағы Батыс Қазақстандағы қала халқының этнодемографиялық дамуын талдау, оның өзгерісіне ықпал еткен факторларды айқындап, ашып көрсету болып табылады. Белгіленген мақсатқа сәйкес төмендегідей міндеттерді шешу көзделді:

- Батыс Қазақстандағы қалалардың құрылу тарихын қарастыру, оның заңдылықтарын айқындау;

- аймақтағы қала халқының қалыптасуының негізгі көзі болған қоныстандыру қозғалысының жүру барысын, кезеңдерін, бағыттарын айқындап, оның халықтың ұлттық құрамының өзгерісіне ықпалын көрсету;

- 1917 жылға дейінгі қала халқы санының динамикасын, этнодемографиялық даму бағытын талдау, және оларға көші-қон үдерістерінің ықпалын анықтау;

- азамат соғысы және 1921-1922 жылдардағы ашаршылықтың аймақтағы қала халқына демографиялық салдарын айқындау;

- қала халқының индустрияландыру кезеңіндегі даму ерекшеліктерін, сипатын саралау;

- 1926-1939 жылдардағы санақ аралық кезеңдегі қала халқының санын, ұлттық құрамын және басқа сапалық көрсеткіштерін санақ материалдары, мұрағаттық статистикалық деректер арқылы талдау, ондағы өзгерістерді айқындау;

- Ұлы Отан соғысы жылдарындағы эвакуация, халықтарды күштеп жер аудару, еңбектік қоныстандырудан көрінген көші-қон үдерістерін талдап, оның қала халқының этнодемографиялық дамуына тигізген ықпалын ашып көрсету;



Зерттеудің пәні Батыс Қазақстан аймағындағы қала халқының этнодемографиялық даму үдерісі.

Зерттеудің нысаны 1897-1945 жылдар аралығындағы мерзімде қалыптасып, дамыған Батыс Қазақстандағы қала халқы болып табылады.

Зерттеудің хронологиялық шеңбері 1897-1945 жылдар аралығын қамтиды. Дегенмен, батыс аймақтағы қалалар мен қала халқының қалыптасу заңдылықтарын айқындау мақсатында 1897 жылға дейінгі кезеңдерге біршама шегіністер жасалды. Осы мәселелердің шындығына жету қала халқының аталмыш кезеңдегі этнодемографиялық дамуын объективті тұрғыда зерделеуге мүмкіндік береді.

Зерттеудің территориялық шегі Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарынан құралған қазіргі Батыс Қазақстан аймағын қамтиды. Алайда, аймақтағы қала халқының кеңестік дәуірге дейінгі демографиялық дамуын зерттеуде Торғай өңірінің қазіргі Қостанай облысына қарайтын территориясы, Ресей Федерациясының көршілес Орынбор облысының Батыс Қазақстанмен шекаралас аумақтары қамтылды.

Зерттеудің теориялық және әдістемелік негізін тарихилық, ғылымилық, шынайылық, нақтылық, тарихи дамудың эволюциялық жолы сынды негізгі ғылыми-әдістемелік қағидалар мен тұжырымдар құрайды. Ғылыми жұмысты жазу барысында ретроспективалық, демографиялық статистика, салыстырмалы талдау әдістері қолданылды.

Зерттеудің деректік негізін мұрағат құжаттары, санақ және статистика материалдары, отандық тарихтың тақырыбымызға қатысты түрлі мәселелеріне арналған құжаттық жинақтар құрайды. Барлық деректерді мазмұндық сипатына қарай шартты түрде төрт топқа бөліп қарастыруымызға болады.

Бірінші топқа отандық тарихтағы түрлі өзекті мәселелерге арналған құжаттық жинақтар жатады. Оларда Қазақстанның қазан төңкерісіне дейінгі саяси тарихы [13], 30-40 жылдардағы халықтардың күштеп жер аударылуы [14], соғыс жылдарындағы эвакуация және басқа көші-қон мәселелері, тұрғындардың еңбекпен қамтылуы көрініс тапқан [15].

Деректердің екінші тобын 1897, 1920, 1923, 1926, 1937 және 1939 жылдардағы халық санақтарының материалдары мен статистикалық жинақтар құрайды. Санақ материалдарын қолдану барысында оларды сыни тұрғыдан талдап, орталық жариялаған қорытындыларын жергілікті мұрағаттарда сақталған есептеулерімен салыстырып, алшақтықтарын анықтауға тырыстық. Статистикалық жинақтардың ішінде 1880-1922 жылдар аралығындағы халық қозғалысы туралы мәліметтер беретін жинақтың [16] орны ерекше.

Үшінші топқа орталық және жергілікті мұрағаттардан алынған құжаттарды жатқызамыз. Зерттеу жұмысын дайындау барысында Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағаты (ҚР ОММ, Алматы қ.), Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағаты (ҚР ПМ, Алматы қ.), Батыс Қазақстан (БҚОММ), Ақтөбе (АқОММ), Атырау (АтОММ) облыстық мемлекеттік мұрағаттарының және көршілес Ресей Федерациясының Орынбор облысының мемлекеттік мұрағатының (ОрОММ, Орынбор қ.) құжаттары зерттелді.

Мәселен, Батыс Қазақстан аймағының отарлануы, ондағы әскери бекіністердің салынуы, олардың азаматтық қонысқа айналдырылып, казак және басқа сословие өкілдерімен қоныстандырылуы, жалпы қоныстандыру саясатының жүргізілуі «Орынбор генерал-губернаторының канцеляриясы (1797-1881)» (ОрОММ. 6-қ., 6,10,15,17 тт.), «Торғай облыстық басқармасы (1868-1918)» (ҚР ОММ. 25-қ., 1-т.), «Закаспий облысының Маңғышлақ уездік бсқармасы (1881-1920)» (ҚР ОММ. 40-қ., 1-т.), «Торғай облыстық статистикалық комитеті» (ҚР ОММ. 318-қ., 1-т.) қорларында көрініс тапқан. Бұл қорлар құжаттарын талдау аймақтағы қалалық қоныстардың құрылу заңдылықтарын, қала халқының қалыптасу көздерін айқындап, оның төңкеріске дейінгі демографиялық дамуын, оған ықпал еткен факторларды бағамдауға мүмкіндік береді.

Аймақтағы қала халқының кеңестік дәуірдің 1946 жылға дейінгі кезеңіндегі саны, табиғи және механикалық өсімі, жас-жыныстық және ұлттық құрамы, көші-қондық үдерістері жөніндегі деректер «РК(б)П Қазақ бюросы (1918-1922)» (ҚР ПМ. 140-қ., 1-т.), «Орталық статистикалық басқармасының (ХШЕБ) Халық статистикасының бөлімі (1920-1950)» (ҚР ОММ. 698-қ., 14-т.), «Мемлекеттік жоспарлы комиссиясы (1921-1936)» (ҚР ОММ. 962-қ., 1-т.), «Орал губерниялық статистикалық бюросы (1920-1928)» (БҚОММ. 1-қ., 1-т.), «Ақтөбе губерниялық статистикалық бюросы (1920-1928)» (АқОММ. 69-қ., 5-т.), «Жұмысшы, шаруа және қызыләскер депутаттарының Ақтөбе округтік кеңесі және оның атқарушы комитеті (1928-1930)» (АқОММ. 63-қ., 1-т.), «Гурьев округтік статистикалық бөлімі (1928-1937)» (АтОММ. 17-қ., 1-т.), «Батыс Қазақстан облыстық статистикалық басқармасы (1932-1995)» (БҚОММ. 693-қ., 1,4 тт.), «Халық депутаттарының Батыс Қазақстан облыстық кеңесінің атқарушы комитеті (1932-1992)» (БҚОММ. 850-қ., 1,9 тт.), «Гурьев облыстық статистикалық басқармасы (1938-1988)» (АтОММ. 300-қ., 2-т.) қорларынан алынып, ғылыми айналымға енгізілді.

Кеңестер билігінің орнауымен аймақтағы қала халқы азамат соғысы мен 1921-1922 жылдардағы ашаршылықтың зардабын тартып, демографиялық тұралауға ұшырады. Азамат соғысының демографиялық салдары «Орынбор әскери округінің штабы (1917-1919)» (ОрОММ. 1912-қ., 1,2 тт.), «Жұмысшы, шаруа және қызыләскер депутаттарының Ақтөбе уездік кеңесі және оның атқарушы комитеті (1917-1928)» (АқОММ. 1-қ., 1-т.), Орал облыстық әскери-революциялық комитеті (1919-1920)» (БҚОММ. 7-қ., 1,2 тт.), «Ақтөбе уездік әскери комиссариаты (1919-1928)» (АқОММ. 74-қ., 1-т.) қорларынан зерттелді. Ал, 1921-1922 жылдардағы жаппай ашаршылыққа қатысты деректер «Қазақ ОАК жанындағы ашыққандарға көмектесетін орталық комиссия» (ҚР ОММ. 320-қ., 1-т.), «Ашаршылыққа ұшырағандарға көмек беру жөніндегі Орал губерниялық комиссиясы (1921-1923)» (БҚОММ. 19-қ., 1-т.), «Ашаршылық салдарын жою жөніндегі Орал губерниялық комиссиясы (1922-1923)» (БҚОММ. 623-қ., 1-т.), «Жұмысшы, шаруа және қызыләскер депутаттарының Орал губерниялық кеңесінің атқарушы комитеті (1920-1928)» (БҚОММ. 24-қ., 1,2 тт.), «Жұмысшы, шаруа және қызыләскер депутаттарының Ақтөбе губерниялық кеңесі және оның атқарушы комитеті (1921-1928)» (АқОММ. 3-қ., 1-т.) қорларынан алынып, жұмысымызда кеңінен қолданысқа ие болды. Бұл құжаттар арқылы жұт, қуаңшылық және соның нәтижесінде орын алған ашаршылықтың демографиялық зардабы, оның көлемі, қалаларда орын алған әлеуметтік, санитарлық-эпидемиялық ахуал, өкіметтің халықтарды азық-түлікпен қамтамасыз ету шаралары талданды.

Қала халқының этнодемографиясына елеулі өзгерістер жасаған шаралар 1930-1940 жылдардағы депортация және соғыс уақытындағы эвакуация болды. Бұл мәселелерге қатысты қомақты тарихи мәліметтер «Қазақстанның КП ОК (1937-1991)» (ҚР ПМ. 708-қ., 1,5 тт.), «Еңбек ресурстарын пайдалану бойынша мемлекеттік комитет (1938-1972)» (ҚР ОММ. 1987-қ., 1-т.), «Қазақстан КП (б) Ақтөбе облыстық комитеті (1932-1991)» (АқОММ. 13-қ., 13-т.), «Халық депутаттарының Ақтөбе қалалық кеңесі және оның атқарушы комитеті (1922-1981)» (АқОММ. 30-қ., 1-т.), «Халық депутаттарының Атырау облыстық кеңесі (1938-1992)» (АтОММ. 855-қ., 1-т.) қорларынан алынды. Ол деректер арқылы күштеп көшірілген және эвакуацияланған халықтардың саны, жастық құрамы, орналастырылуы, азық-түлік және оқу, жұмыспен қамтылу мәселелері, олардың ұлттық құрамға ықпалы талданды. Сондай-ақ, осы 30-40 жылдары қалаларда қалыптасқан күрделі әлеуметтік ахуал, тұрғындардың азық-түлікпен қамтамасыз етілуі «Халық депутаттарының Ақтөбе облыстық кеңесі және оның атқарушы комитеті (1932-1980)» (АқОММ. 85-қ., 1-т.), «Қазақстан КП Орал облыстық комитеті (1932-1991)» (БҚОММ. 37-қ., 2-т.) қорларындағы құжаттарда көрініс тапқан.

Төртінші топты түрлі анықтамалық басылымдар мен естеліктер құрайды. Мәселен, анықтамалық басылымдардың қатарында патшалық Ресей дәуірінде құрастырылған отарланған өлкелерге қатысты жұмыстарды, кеңестік кезеңде жарық көрген Қазақстанның және батыс аймақтағы облыстардың әкімшілік-аумақтық бөлінісі бойынша анықтамалықтарды, соңғы жылдары жеке облыстар бойынша құрастырылған энциклопедияларды атауға болады. Жұмысымызда Ақтөбе бекінісінің алғашқы тұрғындарының бірі, кейін қала старостасы болған В.И.Мощенскийдің естелігі де пайдаланылды.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет