Есеп комитеті қызметінің негізгі қорытындысы



бет4/9
Дата23.02.2016
өлшемі4.92 Mb.
#4311
1   2   3   4   5   6   7   8   9

14. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде (бұдан әрі – ИЖТМ) қатты пайдалы қазбалар мен жер асты сулары бойынша тарихи шығындарды өтеу жөніндегі төлемнің республикалық бюджетке толық және уақтылы түсуінің тиімділігін бақылау барысында жалпы сомасы 28,3 млрд.теңгенің бұзушылықтары анықталды.

ИЖТМ қатты пайдалы қазбалар (бұдан әрі – ҚПҚ) мен жер асты сулары (бұдан әрі – ЖАС) бойынша жер қойнауын пайдалану келісімшарттары талаптарының сақталуын бақылайтын уәкілетті орган бола тұрып, жасалған келісімшарттарға мониторинг жүргізуді және тарихи шығындардың өтелуін бақылауды тиісті деңгейде ұйымдастырмаған. Лицензиялық-келісімшарт талаптарының нысаны бойынша есепте (бұдан әрі – ЛКТ есебі) қамтылған деректердің анықтығын растау тетігі жеткілікті дәрежеде пысықталмаған, бұл жер қойнауын пайдаланушылар мен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Салық комитеті (бұдан әрі – Салық комитеті) ұсынған деректердің арасында алшақтықтарға алып келді. Мәселен, ЛКТ есебінің деректері бойынша 2011 жылғы төлемнің сомасы 9 019,9 млн.теңгені құрады, бұл Салық комитетінің көрсеткіштерінен 2 409,2 млн.теңгеге (26,7 %) артық.

Бұл ретте тарихи шығындарды республикалық бюджетке өтеу бойынша төлемді жер қойнауын пайдаланушылардың төлеуіне қатысты ақпаратпен алмасу мәселелері бойынша ИЖТМ мен Салық комитеті арасындағы өзара іс-қимылдар ұйымдастырылмаған.

ИЖТМ мен оның ведомстволық бағынысты Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің (бұдан әрі – Комитет) қолданыстағы келісімшарттардың саны жөніндегі деректері (2011 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша) бір-бірімен сәйкес келмейді. Мәселен, ИЖТМ-ның деректері бойынша, көрсетілген уақытта 579 келісімшарт қолданыста жүрген болса (ҚПҚ бойынша – 368, ЖАС бойынша – 211), ал Комитеттің мәліметі бойынша, келісімшарттардың жалпы саны 599 болды (ҚПҚ бойынша – 380, ЖАС бойынша – 219). «Қазақстан Республикасының жер қойнауын басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі» интеграцияланған ақпараттық жүйесінің (бұдан әрі – Бірыңғай жүйе) деректер базасында ҚПҚ мен ЖАС бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған 20 келісімшарттың электрондық нұсқалары, сондай-ақ марганец рудаларына барлау жүргізу жөнінде «Тентек» ЖШС-мен жасасқан келісімшарттың түпнұсқасы жоқ. Бұл «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабының 7) тармақшасының және 68-бабының 3-тармағының талаптарын, нақтырақ айтқанда, келісімшарттарды мемлекеттік тіркеудің тізілімін жүргізу жөніндегі талаптарды ИЖТМ-ның қадағаламай отырғандығын көрсетеді.

ИЖТМ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 10 ақпандағы № 117 қаулысымен бекітілген Келісімшарттар талаптарының сақталуына мониторинг пен бақылауды жүргізу ережесінің 8 және 10-тармақтарын орындауды, атап айтқанда, келісімшарттар талаптарының орындалуы туралы тоқсан сайынғы есептерді Бірыңғай жүйе арқылы ұсынуды қамтамасыз етпеген. Мәселен, 2012 жылғы 5 ақпандағы жағдай бойынша, Бірыңғай жүйенің экрандық нысанын толтыру арқылы 1-ЛКТ нысаны бойынша тапсырылмаған есептердің пайызы 2011 жылы – 34,2%, ал 3-ЛКТ нысаны бойынша 56,2 пайызды құрады.

Келісімшарт аумағын геологиялық зерттеуге және кен орындарын барлауға кеткен мемлекеттің тарихи шығындарының сомасын Комитет есептейді. Бұл ретте, келісімшарт аумағын геологиялық зерттеуге және кен орындарын барлауға кеткен мемлекеттің тарихи шығындарын өтеу бойынша төлемнің мөлшері тарихи шығындарды айқындау ережесінің, сондай-ақ геологиялық ақпаратты сатып алу және құпиялылықты қамтамасыз ету туралы келісімдердің негізінде Қазақстан Республикасы жасасқан жер қойнауын пайдалану жөніндегі келісімшартта қарастырылады.

Сонымен бірге, Үкімет геологиялық ақпарат үшін төлемақының төленуін бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті органды белгілемеген, түсетін төлемақыны есепке алудың тәртібін және жасалатын келісімдердің үлгі нысанын бекітпеген.

Бұрын қолданыста болған «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 1996 жылғы Заңының 43-бабының 1-тармағын бұза отырып, 10 жылдан астам уақыт бойы ҚПҚ мен ЖАС бойынша барлау операцияларын жүзеге асырған 15 жер қойнауын пайдаланушымен арадағы келісімшарттар қайта жасалмаған.

Түрлі себептерге байланысты 113 келісімшарт бойынша тарихи шығындар сомаларының қалдығы өтелмеген, бұл ретте 32 келісімшарт бойынша тарихи шығындардың мөлшері белгіленбеген, 49 келісімшарт бойынша тарихи шығындардың 28 000,2 млн.теңге көлеміндегі қалдығының мөлшері келісімдермен белгіленген, алайда аталған сома келісімшарттарда көрсетілмеген.

Жер қойнауын пайдаланушылар тарихи шығындардың қалдықтары бойынша 1 452,4 мың АҚШ доллары («Жайсан-Қазақмыс» ЖШС – 848,9 мың, «РГП «Ай-Тас» ЖШС – 174,2 мың, «Фирма АР ЛТД» ЖШС – 310,7 мың және «Хаммес» ЖШС – 118,6 мың) мөлшерінде және геологиялық ақпаратты пайдаланғандары үшін 23,3 мың АҚШ доллары («Жайсан-Қазақмыс» ЖШС) мөлшерінде төлемдер жасамаған. «Восточное рудоуправление» ЖШС-мен арадағы келісімшарт бойынша келісімшарт аумағының алаңы 103,9 шаршы км-ге ұлғаюына байланысты тарихи шығындарды қосымша анықтау жүргізілмеген.

Салық кодексінің 327-бабының 2-тармағында қарастырылған құпиялылық туралы келісімдерді жасаудың нормативтік бекітілген үлгі нысандары мен тәртібінің жоқтығына байланысты бірқатар жер қойнауын пайдаланушылармен ақпарат сатып алу туралы келісімдер жасалған, бұл өз кезегінде салық органдары мен жер қойнауын пайдаланушылар арасында сот дауларының туындауына себеп болды.

Есеп комитеті Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне, Қаржы министрлігінің Салық комитетіне тарихи шығындар бойынша төлемдердің республикалық бюджетке толық және уақтылы төленуін қамтамасыз ету бойынша жүйелі шаралар кешенінің жоқтығына назар аударуды ұсынды.


15. Көлік және коммуникация министрлігіне (бұдан әрі – ККМ) Жекелеген бюджеттік бағдарламаларды іске асыруға бөлінген республикалық бюджет қаражатын пайдаланудың сәйкестігін, қаржылық есептіліктің ұйымдастырылуын, сондай-ақ Мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарының сақталуын бақылау барысында бюджет және өзге де заңнама талаптарының жалпы сомасы 2 564,2 млн.теңгеге, мемлекеттік сатып алу туралы заңнама талаптарының 102,2 млн.теңгеге бұзылғаны және 11 678,2 млн.теңге бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылғаны анықталды.

Бақылау барысында көлік пен коммуникацияны ұйымдастыру саласындағы мемлекеттік саясатты қамтамасыз ету жөніндегі шаралардың жеткілікті дәрежеде пәрменді әрі нәтижелі болмағаны анықталды. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің 2011-2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспарында (бұдан әрі – Стратегиялық жоспар) қарастырылған жекелеген іс-шараларды уақтылы және сапалы орындау қамтамасыз етілмеген. Бюджеттің игерілмеген қаражатының жалпы көлемі 150,0 млн.теңгеден асып кеткен.

2011 жылы ККМ Стратегиялық жоспардың 011 бюджеттік бағдарламасындағы «Жетісу» өңіраралық көліктік бақылау инспекциясы» ММ-ның ғимаратына 6,8 млн.теңгеге күрделі жөндеу жүргізу бөлігінде тікелей нәтиженің көрсеткіштеріне қол жеткізбеген.

ККМ-ға ведомстволық бағынысты су жолдары кәсіпорындары өз қызметтерін жүзеге асыру кезінде Ресей Федерациясының нормативтерін басшылыққа алуда. Республикалық бюджеттен кемелерді жасауға қаражат бөлу кезінде жарақтандыру нормативтері ескерілмеген, қажетті есептеулер жүргізілмеген. Отандық заңнаманы әзірлеу бойынша шаралар қабылданбаған.

Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының су жолдары кәсіпорындары ұлттық өндірістік базаны пайдалана отырып, қосалқы кемелерді жасау бойынша жан-жақты шаралар қабылдамаған. Бақылау барысында ККМ-ның қосалқы кемелерді жасау процесінде мемлекеттік сатып алуды құқықтық реттеудің отандық өндірушілерді қолдау бөлігіндегі принципін ұстанбай отырғаны анықталды. Жалпы сомасы 791,8 млн.теңгеге жасап шығарылған 5 кеме пайдаланылмай отыр, осы кемелерді Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының су жолдары кәсіпорындарының балансына беру мәселесі бойынша мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органмен келісу жүргізілмеген.

2011 жылы ШҚО су жолдары кәсіпорындарының еңбекақы қоры ККМ белгілеген мөлшерден 27,9 млн.теңгеге асып кеткен. 2011 жылы ШҚО су жолдары кәсіпорны зиянды еңбек жағдайында жұмыс істемейтін жекелеген қызметкерлерге есептеу техникасында жұмыс істегендері үшін 3,9 млн.теңге мөлшерінде үстемеақы белгілеген.

Бұқтырма мен Өскемен шлюздерін реконструкциялауға және жаңғыртуға жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу барысында жобалауға арналған тапсырма уақтылы бекітілмеген. Өңірдегі сейсмикалықтың орташа деңгейі 7 балл бола тұрып, сейсмикалық күшейту бойынша қажетті шаралар қарастырылмаған. Жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге жұмсалған шығыстар 15,5 млн.теңгеден асып кеткен.

Өскемен мен Бұқтырма кеме жүру шлюздерін реконструкциялау және жаңғырту жөнінде ККМ мен ШҚО су жолдары кәсіпорны жалпы сомасы 1 418,4 млн.теңгеге шарт жасасқан болатын, ал бекітілген ЖСҚ бойынша оның сметалық құны 1 323,5 млн.теңгені құрады. Сонымен, шарт сомасы 94,9 млн.теңгеге асып кеткен.

«Құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы Заңын бұза отырып, 2010-2011 жылдары аталған шлюздердің құрылыстарын 766,7 млн.теңгеге реконструкциялау және жаңғырту бойынша жұмыстардың бүкіл көлемі қосалқы мердігерлік ұйымдарға берілген, бұл ретте 513,5 млн.теңгенің құрылыс-монтаж жұмыстары бекітілген ЖСҚ-сыз орындалған.

Қосалқы мердігерлік ұйымдармен шарт жасасу кезінде жекелеген жұмыс түрлері сметадағы құнынан 29,5 млн.теңгеге асырып көрсетілген.

Қосалқы мердігерлік ұйым – «Синтетик» ЖШС-мен арадағы шарттың құнына жобалау-сметалық құжаттамада қарастырылмаған болса да, жалпы 14,6 млн.теңгеге іске қосу-реттеу жұмыстарына, жүйені тәжірибелік пайдалануға беруге, қызметкерлерді оқытуға және басқаға арналған шығыстар енгізілген. Қосалқы мердігерлік ұйым – «Гидросталь» ЖШС 2,7 млн.теңгеге сорғы станциялары торабының бұрын қолданыста болған, 1967-1968 жылдары шығарылған жабдықтарын жеткізген.

Өскемен шлюзінің бетонды және металл конструкцияларын зерттеуге шығыстардың бекітілген ЖСҚ болмаса да, 2010 жылы ШҚО су жолдары кәсіпорны осы мақсатқа 33,5 млн.теңге жұмсаған.

«Связьремонт» ЖШС-мен арадағы ЖСҚ әзірлеу жөніндегі шарттың сомасы 0,4 млн.теңгеге асырып көрсетілген.

ККМ Бұқтырма шлюзінің су жолдары кәсіпорны үшін Серебрянский ПУТ-РГК ВК РРГ салу жөніндегі жобаны әзірлеуге тапсырманы бекітпеген. Сондай-ақ 34,8 млн.теңгенің құрылыс жұмыстары сәулет және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органның рұқсатынсыз, тиісті авторлық қадағалаусыз жүргізілуде. Жобалау-сметалық құжаттама бекітілмеген.

Көкшетау, Қызылорда қалаларының («Қорқыт Ата» әуежайы) әуежайларындағы жасанды ұшып-қону жолақтарын және аэровокзалдарды реконструкциялау, сондай-ақ «Қорқыт Ата» әуежайын әуеайлақтық және сервистік арнайы техникамен жарақтандыру жұмыстары бойынша мемлекеттік сатып алу жүргізуге арналған конкурстық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтпеген.

«Қорқыт Ата» әуежайын (Қызылорда қ.) реконстукциялау шеңберінде сатып алынған жалпы сомасы 11,4 млн.теңгенің жабдықтары (токарлық-бұранда кескіш, көлденең фрезерлеу, қайрау-тегістеу және т.б. станоктар) әуежай штатында білікті мамандардың болмауына байланысты пайдаланылмай отыр.

«Қорқыт Ата» әуежайының жөндеу шеберханасын, гаражын, трансформаторлық қосалқы станцияларын, тазарту құрылыстарын, кәріз және су құбырлары желілерін реконструкциялауға және салуға, аумағын қоршауға арналған 818,8 млн.теңге қаражат 421 «Ғимараттар мен құрылыстарды салу» ерекшелігінің орнына 422 «Жолдарды салу» ерекшелігіне бөлінген.

ККМ-ның 2008-2010 жылдары «Қорқыт Ата» әуежайының (Қызылорда қ.) жасанды ұшып-қону жолағын реконструкциялау және оны жарақтандыру шеңберінде 648,4 млн.теңгеге сатып алған арнайы техника (өрт сөндіру автомобильдері, автобус, қара тазалағыш және басқалар) «Қорқыт Ата» әуежайы» АҚ-ға жауапты сақтауға берілген. Солардың ішінде бірнеше машина 2009 жылдан бері ККМ-мен келіспестен пайдаланылып, оларға жұмсалған шығыстар 0,5 млн.теңгені құрады. Техника жол полициясы органдарында тіркелмеген, оларға мемлекеттік нөмірлер берілмеген.

Үкіметтің объектілер мен арнайы техниканы «Қорқыт Ата» әуежайы» АҚ-ның орналастырылатын акцияларын төлеуге беру туралы қаулысы «Қорқыт Ата» әуежайының ұшып-қону жолағын реконструкциялау мен оны әуеайлақтық және сервистік арнайы техникамен қайта жарақтандыру аяқталғаннан кейін бір жыл өткен соң тек 2011 жылғы 30 желтоқсанда ғана қабылданды.

ККМ-мен арадағы шарт бойынша «Қазаэрожоба» РМК 2008 жылы әзірлеген «Қостанай» әуежайының жасанды ұшып-қону жолағын және әуеайлағын реконструкциялауға арналған құны 181,1 млн.теңгенің жобалау-сметалық құжаттамасы қажетсіз болып қалған.

ККМ мен Астана қаласының әкімдігі арасында 2011 жылғы 2 қарашада жасасылған нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келісімнің тікелей және түпкі нәтижелеріне қол жеткізу үшін 015 «Астана қаласының бюджетіне «Жаңа көлік жүйесі» жобасын іске асыру үшін заңды тұлғалардың жарғылық капиталын ұлғайтуға берілетін нысаналы даму трансферттері» бюджеттік бағдарламасы бойынша 2011 жылы мердігер - «Астана LRT» ЖШС-ға бөлінген 10 275 млн.теңге республикалық бюджет қаражаты пайдаланылмаған, жобалау-сметалық құжатаманы әзірлеу басталмаған. Осы ретте бөлінген қаражат «Альянс Банк» АҚ-ның филиалында депозиттік шотқа салынған, банктік сыйақы 283,9 млн.теңгені құрады.

Бұл ретте ККМ 2012 жылға 015 бюджеттік бағдарламасы бойынша аталған жобаны іске асыруға 18,0 млрд.теңге қаражат жоспарлаған, ол қаржы бюджетті нақтылау кезінде қысқартылды.

2011 жылы «Ақпараттық-талап қою орталығы» РМҚК «Transport tower» ғимаратына 3,1 млн.теңгеге ағымдағы жөндеу жүргізу бойынша міндеттемелерін орындамаған. Осы сома дебиторлық берешек болып есептелуде.

«Қазақавтожол» РМК-нің облыстық филиалдары 2010 жылы 389,1 млн.теңгеге сатып алынған автотехниканы пайдаланбай отыр. «Қазақавтожол» РМК 2011 жылға арналған мемлекеттік сатып алу жоспарына өзгерістер енгізбестен, жалпы сомасы 102,2 млн.теңгеге қосымша тағы да жол техникасын сатып алған.

Ақмола облысының әкімдігіне автожолдардың бөлінген белдеуіне жататын жер учаскелерін және құрылыстарды мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға бөлінген 477,1 млн.теңге нысаналы трансферттер Министрлік пен Ақмола облысының әкімі арасында 2011 жылғы 28 қарашада жасалған нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келісімнің тікелей және түпкі нәтижелеріне қол жеткізу үшін пайдаланылмаған, сөйтіп игерілмеген.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 3 қыркүйектегі № 888 қаулысы бойынша резервтен бөлінген қаражатты пайдалану шеңберінде «Астана халықаралық әуежайы» АҚ 2010 жылы 29,9 млн.теңгеге 20 автотрап сатып алған, олар пайдаланылмаған күйі Астана қаласы әуежайының аумағында консервацияда тұр.

ККМ мен Астана қаласының әкімі арасында 2010 жылғы 8 қыркүйекте жасалған нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келісімнің Сарыарқа көшесінің № 23 көшеден әуежайға бара жатқан айналма жолға дейінгі жүретін бөлігі учаскесін салу бөлігінде тікелей және түпкі нәтижелеріне 2010 жылы қол жеткізілмеген.

Үкімет резервінен жоғарыда аталған учаскенің ұзындығы 5,371 км болатын жүретін бөлігін салуға бөлінген 300,0 млн.теңге мөлшеріндегі нысаналы трансферттер Сарыарқа көшесінің № 27 көшеден айналма жолға дейінгі (3,361 км) басқа учаскесін салуға пайдаланылған.

«АИС-Астана» компаниясы» ЖШС құрылыс қызметі туралы заңды бұза отырып, 300,0 млн.теңгенің құрылыс-монтаж жұмыстарын сәулет және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органның рұқсатынсыз жүргізген.

Осы уақытқа дейін Сарыарқа көшесі мемлекеттік қабылдау комиссиясының оң шешімінсіз пайдаланылып жатыр.

ККМ-ның 2011 жылы бекітілген Ішкі бақылау қызметінің бақылау іс-шаралары жоспарында бақылаудың ауқымы, тексерілетін мәселелердің тізбесі, бақылаумен қамтылатын кезең, бақылауды жүргізудің мерзімі көрсетілмеген. Кейбір бақылау актілеріне Ішкі бақылау қызметінің қызметкерлері және бақылау объектісінің басшылары әрбір бетіне қол қоймаған. Жекелеген бақылау актілерінде бақылау бағдарламасында қарастырылған мәселелер ашылмаған.

«ҚазАвтоТранс» АҚ жұмысының нарықтық қатынастар жағдайында тиісті дәрежеде ұйымдастырылмауы, ККМ-ның көрсетілетін қызметтердің аясын кеңейту бойынша қажетті шараларды қабылдамауы, оңалту рәсімдерінің уақтылы өткізілмеуі Қоғамның өз-өзін ақтамауына алып келді. 2007 жылдан бері Қоғамның дебиторлық және кредиторлық берешегі пайда болды, соның ішінде жалақы төлеу бойынша – 18,6 млн.теңге, бюджетке аударылатын міндетті төлемдер бойынша – 797,3 млн.теңге, корпоративтік табыс салығы бойынша 38,1 млн.теңге берешегі бар.


16. Қаржы министрлігінде салық түсімдерінің және республикалық бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің толықтығы мен уақтылылығын, оған жекелеген бюджеттік бағдарламаларды іске асыру үшін бөлінген республикалық бюджет қаражатының пайдаланылуын, сондай-ақ 2011 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы қаржылық есептілікті бақылау барысында жалпы сомасы 4 170,0 млн.теңгеге бюджет және өзге де заңнама талаптарының бұзылғаны анықталды, соның ішінде шығыстар бойынша бұзушылықтар – 2 199,0 млн.теңгені, салықтық және кедендік әкімшілік ету бойынша – 1 971,0 млн.теңгені құрады.

Салықтық және кедендік әкімшілік ету бойынша бұзушылықтардың негізгі фактілері Есептің 2-бөлімінің 2.1.2-параграфында қарастырылған.

Бюджеттік бағдарламаларды қаржы жылының соңында қаржыландыру практикасы әлі сақталып келеді. Мәселен, 2011 жылғы желтоқсанда Қаржы министрлігі «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның жарғылық капиталын ұлғайту үшін Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне 53,6 млрд.теңге, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-ның жарғылық капиталын ұлғайту үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне 25,8 млрд.теңге бюджет қаражатын аударған,  соның 22,0 млрд.теңгесі 2012 жылғы жобаларды іске асыруға аударылған.

Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы, көлік және коммуникация министрліктері жобаларды тиімсіз іске асырғандықтан, сыртқы займдарды төмен деңгейде игергендіктен, жобаларды игеру басталған кезден бастап займ қаражатын резервтеу үшін алынатын комиссияны төлеуге республикалық бюджеттің жұмсалған шығыстары 313,1 млн.теңгені құрады.

Қаржы министрлігінің «Клиент қазынашылық» және «Электрондық мемлекеттік сатып алу» ақпараттық жүйелері тиімсіз жұмыс істеуде. Пилоттық аумақта мемлекеттік сатып алудың «электрондық аукцион» тәсілі енгізілмеген, электрондық форматтағы конкурстар тек министрліктің өзінде және оның бөлімшелерінде ғана өткізіледі.

«е-Қаржымині» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін әзірлеу аясында Қаржы министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінің ақпараттық жүйелерін олардың функционалдық мақсаттары мен мүмкіндіктерін ескере отырып интеграциялау жүргізілмеген. Электрондық қызметтер көрсету кезіндегі өзара іс-қимылдардың регламенттері бекітілмеген, электрондық құжаттардың мәртебесі айқындалмаған. «е-Қаржымині» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін әзірлеу аясында бір қосалқы жүйенің әзірленбегені, 7 қосалқы жүйе бойынша толық ауқымды тәжірибелік пайдаланудың жүргізілмегені анықталды.


17. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне (бұдан әрі – Еңбекмині) әлеуметтік көмекке және әлеуметтік қамсыздандыруға бөлінген республикалық бюджет қаражатын пайдаланудың, сондай-ақ Мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттары талаптарын сақтаудың тиімділігі мен заңнамаға сәйкестігін бақылау барысында бюджет және өзге де заңнама талаптарының 639,3 млн.теңгеге бұзылғаны анықталды.

2010 жылы Еңбекмині бюджет саласы қызметкерлеріне өтемақы төлемдерін белгілеу және еңбекақы төлеу бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірлеуге 21,2 млн.теңге жұмсаған, алайда әзірленген әдістемелерді қолдану 2014 жылға дейін күтілмейді.

2011 жылы Еңбекмині стратегиялық жоспарда, бюджеттік өтінімде қарастырылмаған болса да, жалпы сомасы 120,2 млн.теңгенің компьютерлік жабдықтары мен лицензиялық қамтамасыз ету өнімдерін жергілікті атқарушы органдардың коммуналдық меншігіне беруді жүзеге асырған. «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы Заңын бұза отырып, «Алси» ЖШС-мен 2,0 млн.теңгеге жабдықтар жеткізу жөніндегі шарт 20 күнге кешіктіріліп жасалған.

2008 жылғы Бюджет кодексінің 44-бабын бұза отырып, 2010-2011 жылдары 010 «Облыстардың бюджеттеріне, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне арнайы әлеуметтік қызметтерді көрсетуге нысаналы трансферттер бойынша ағымдағы нысаналы трансферттер» бюджеттік бағдарламасын іске асыру кезінде арнайы дәрі-дәрмек препараттарын сатып алуға жалпы сомасы 189,3 млн.теңге мөлшерінде шығыстар жұмсауға жол берілген, бұл ретте нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келісімдерде аталған шығыстар қарастырылмаған.

2011 жылы 58,1 млн.теңгеге қызметтер көрсетіледі деп жоспарланғанымен, «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық» РМҚК-нің (бұдан әрі – ЗТМО) автоматтандырылған ақпараттық жүйесін және Әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесін дамытудың күтілген нәтижелеріне қол жеткізілген жоқ.

Еңбекмині ішкі бақылау қызметі анықтаған бұзушылықтарды толық көлемінде жоюды қамтамасыз етпеген.

Қызылорда облысының құрылыс басқармасы Бюджет кодексінің 44-бабын бұза отырып, екі жыл бойы пайдаланылмаған 215,5 млн.теңге мөлшеріндегі нысаналы трансферттерді қайтармаған. 2010 жылы шартта және жеке сметаларда 2008-2011 жылдар кезеңі үшін қарастырылған сомалар және мердігер – «МиГ XXI» ЖШС-ға құрылыс салуға бөлінген 22,2 млн.теңге сома негізсіз қайта есептелген, объектіні уақтылы тапсырмағаны үшін «МиГ XXI» ЖШС-дан 23,1 млн.теңге мөлшеріндегі айыпақыны өндіріп алу жөнінде шаралар қолданылмаған.

«Қызылорда облысында ересектерге арналған 300 орынды психоневрологиялық интернат үйін салу» объектісінде 2010 жылғы қарашада орындалған жұмыс актілері бойынша қабылданып алынған 82,9 млн.теңгенің медициналық жабдықтары мен құрал-саймандары жоқ болып шықты. Сонымен қатар, 2010 жылғы желтоқсанда «МиГ XXI» ЖШС-ға орындалмаған жұмыс көлемдері үшін 74,2 млн.теңге мөлшерінде ақы төленген.

«Шығыс Қазақстан облысының құрылыс басқармасы» ММ Глубоков ауданының Зимовьевск интернат үйін белгіленген мерзімінде салуды қамтамасыз етпеген. «Қазақстан Республикасында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы Заңының 64-бабын бұза отырып, конкурстық құжаттамаға мемлекеттік сараптама жүргізілмеген.

2011 жылы Қызылорда қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі үйде көрсетілетін жалпы сомасы 4,6 млн.теңгеге жоспарланған арнайы әлеуметтік қызметтерді толық көлемінде көрсетпеген, 4,9 млн.теңге мөлшерінде мемлекеттік атаулы әлеуметтік жәрдемақыларды төлемеген. Сондай-ақ 7,6 млн.теңгеге сатып алынған негізгі құралдардың техникалық өзіндік ерекшелігі жоқ, құны 2,1 млн.теңгенің жабдығы пайдаланусыз тұр.

«Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» ММ-да 18 жасқа дейінгі балаларға мемлекеттік жәрдемақыларды – 68,3 мың теңгеге, «Семей қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ-да – 169,9 мың теңгеге, «Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ-да 12,5 мың теңгеге артық төлеу фактілері анықталды.

«Талдықорған қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік көмек көрсету бөлімі» ММ-да балаларға арналған мемлекеттік және атаулы әлеуметтік жәрдемақыларды – 0,4 млн.теңгеге, «Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік көмек көрсету бөлімі» ММ-да – 0,6 млн.теңгеге, «Тараз қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік көмек көрсету бөлімі» ММ-де 0,45 млн.теңгеге артық төлеу фактілері анықталды.

«Әлеуметтік көмек» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің деректерін талдау кезінде кірістерді жасырудың 106 оқиғасы анықталды, олар бойынша республикалық бюджет қаражаты есебінен 0,28 млн.теңге артық төленген.

«ЗТМО» РМҚК-нің орталықтандырылған деректер базасының функционалдық және техникалық тұрғыдан шектеулі болуына байланысты барлық қамтылған деректерді жинақтау, анық ақпарат алу тиісті дәрежеде қамтамасыз етілмеген. «Алтын алқа» және «Күміс алқа» медальдарымен марапатталған, көп балалы аналарға төленетін арнайы мемлекеттік жәрдемақыларды алушылардың саны бойынша 6,1 млн.теңгеге алшақтықтар анықталды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 31 наурыздағы № 316 қаулысымен бекітілген, ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесуді көздейтін «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасын іске асыруға бөлінген қаражатты пайдаланудың тиімділігін талдау мынаны көрсетті: жергілікті атқарушы органдардың микрокредит беру жөніндегі уәкілетті өңірлік органды уақтылы айқындамауы жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізбеудің негізгі себебі болып табылады.

Қарағанды, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында кредиттік ресурстар түпкі қарыз алушыларға жеткізілмеген. Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы 2011 жылы – 100,0 млн.теңгенің, Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы басқармасы 200,0 млн.теңгенің іс-шараларын орындамаған.

Бірқатар облыстарда Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 18 шілдедегі № 819 қаулысымен бекітілген Микрокредиттік ұйымдар мен кредиттік серіктестіктерге конкурстық негізде кредит беру қағидасын бұза отырып, кәсіпкерлерге кредит беру тиісті кепілдіксіз жүзеге асырылған.

Мәселен, «Сарыарқа» ӘКК» ҰК» АҚ «EURO-Business» микрокредиттік ұйымы» ЖШС-ға 48,0 млн.теңге мөлшерінде кредит берген, бұл ретте 16,1 млн.теңгеге кепіл қамтамасыз етілмеген.

«Ертіс» ӘКК» ҰК» АҚ микрокредиттік ұйымдардың кепілдікті қамтамасыз етуін бағалаушыны анықтау бойынша конкурс өткізбеген.

Кейбір жағдайда кредиттер Жұмыспен қамту бағдарламасында қарастырылмаған мақсаттарға берілген. Мәселен, бақылау кезінде «Павлодар» ӘКК» ҰК» АҚ-ның ЖК «Сарсекенов К.А.» мен ЖК «Омаров С.И.» жеке кәсіпкерлерге тиісінше 2,8 млн.теңгеден және 3,0 млн.теңгеден бөлген кредит қаражатының нысаналы сипаты құжат түрінде расталған жоқ.

Есеп комитетінің бақылау қорытындысы бойынша, Еңбекминіне 2010-2011 жылдары стратегиялық жоспарларының, Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасының жекелеген іс-шараларының ауылдағы кәсіпкерлікті кредиттік ресурстармен қамтамасыз ету бөлігінде жеткілікті дәрежеде тиімді іске асырылмағанына назар аударуды ұсынды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет