3. Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне (бұдан әрі – Қоршағанортамині) бөлінген бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін бақылау барысында Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамасы талаптарының 7 562,3 млн.теңгеге, мемлекеттік сатып алуды жүргізу тәртібінің 27,4 млн.теңгеге бұзушылықтары анықталды.
2010 жылы 230,9 млн.теңге мөлшеріндегі бюджет қаражатын игеру қамтамасыз етілмеген, сондай-ақ нормативтік құқықтық актілердің талаптары сақталмаған, осындай жөнсіздіктер Қоршағанортаминінің республикалық бюджет қаражатын басқару тиімділігінің жеткілікті дәрежеде болмағанын көрсетеді.
2009 жылы қоршаған ортаны қорғау саласында әзірленіп бекітілуге тиісті 34 экологиялық норматив пен ереженің тек біреуі ғана бекітілген. Дәл осындай жағдай 2010 жылы да қайталанып, жоспарланған 38 нормативтің тек тоғызы ғана бекітілген.
Бюджет кодексінің 157-бабын бұза отырып, Ақтөбе қаласында Елек өзеніндегі тазарту құрылыстары кешенін (арынды кәріз коллекторы және реттеуші сыйымдылық торабы) жаңарту бойынша 3 151,5 млн.теңгенің жұмыстары техникалық-экономикалық негіздемесіз жүзеге асырылған. Сонымен бірге, Ақтөбе облысының құрылыс басқармасы жоғарыда аталған объекті бойынша инжинирингтік қызметтер көрсету жөніндегі құрылыс жұмыстарын және шарттық міндеттемелерін орындамаған «Маяк-ЛТД» ЖШС-ға, тиісінше, 33,1 млн.теңге және 12,1 млн.теңге қаражат аударған.
Дәл осындай жағдай Атырау облысында да орын алып, облыстық құрылыс басқармасы электрмен жабдықтаудың алаңнан тыс желілері бойынша орындалмаған жұмыс көлемі үшін «СнабОйлСтрой» ЖШС-ға 103,4 млн.теңге аударған.
Ақтау қаласында 2010 жылы аяқталады деп жоспарланған №2 кәріз-тазарту құрылысы көзделген уақытында аяқталмағандықтан, 281,7 млн.теңге бюджет қаражаты игерілмей қалған.
Маңғыстау облысының Құрық ауылында 20 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істемей тұрған кәріз желілеріне қосылатын коллектор салуға 2009-2011 жылдары 291,8 млн.теңге мөлшерінде қаржы жұмсалғаны анықталды.
Қоршағанортамині Астана қаласындағы Ұлттық метеорология орталығын салу мерзімін кешіктіргені үшін мердігерден 10,9 млн.теңге көлемінде тұрақсыздық төлемін өндіріп алмаған. Сонымен бірге орталықты салу 2009 жылғы маусымнан бастап құрылысы аяқталғанға дейін сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органнан рұқсат алынбастан жүзеге асырылған.
«Қазаэросервис» АҚ-ның шотына 724,7 млн.теңге аударылғанымен, 2010 жылы аталған акционерлік қоғам жоспарланған авиациялық метеорологиялық жабдықты сатып алмаған. Қоршағанортамині 2010 жылға арналған стратегиялық жоспарының 017 республикалық бюджеттік бағдарламасының тікелей және түпкілікті нәтижелеріндегі көрсеткіштерге қол жеткізбеген.
Сонымен қатар, Қоршағанортамині 2005-2008 жылдары жалпы 26,3 млн.теңгеге зертханалық жабдықтар мен шығыс материалдарын сатып алған, бақылау жүргізілген кезде олардың орнатылмағаны және пайдаланылмай тұрғаны анықталды. Сақтауды ұйымдастыру талаптары сақталмағандықтан, олардың кейбіреуі жарамсыз болып қалған, шығыс материалдарының қызмет мерзімі 2008-2009 жылдары аяқталған. Сөйтіп, есептен шығарылуға жататын материалдар мен жабдықтардың жалпы құны 5,8 млн.теңгені құрады.
«Қазақстан Республикасы табиғи ресурстарының мемлекеттік кадастрлары» веб-порталы өнеркәсіптік пайдалануға берілмегеніне қарамастан, Қоршағанортамині «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» РМК-ге көрсеткен қызметтері үшін 20,0 млн.теңге мөлшерінде толық көлемінде төлем жүргізген, алайда ақпараттық жүйені сүйемелдеу және оған техникалық қызмет көрсету жөніндегі шарт талаптарын уақтылы орындамағаны үшін 0,4 млн.теңге мөлшерінде тұрақсыздық төлемін өндіріп алмаған.
2009-2010 жылдары бес жылдан астам уақыт бойы жұмыс істемей тұрған метеорологиялық қадағалау жөніндегі аэрологиялық станцияны ұстауға 34,6 млн.теңге жұмсау жоспарланған.
Бақылаудың қорытындысы бойынша Есеп комитеті Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне бақылау барысында анықталған бұзушылықтарды жоюды; 2012-2014 жылдары табиғат қорғау іс-шараларына арналған қаражаттың қажеттілігіне жан-жақты талдау жасауды; салынуы жоспарланған объектілердің тізбесін қайта қарауды; стратегиялық жоспарға тиісті өзгерістер енгізе отырып, табиғат қорғау саласына сапалы жаңа нормативтік құқықтық актілер енгізуді; Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарының әкімдеріне Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамасын бұзуға жол берген лауазымды адамдардың жауаптылығын қарастыруды тапсырды.
4. Мұнай және газ министрлігіне (бұдан әрі – МГМ), Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне (бұдан әрі – ИЖТМ), сондай-ақ Каспий теңізінің қазақстандық секторын игеруге және Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияны іске асыруға бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылуына жүргізілген бақылаудың қорытындысы бойынша жалпы 3 269,6 млн.теңгеге бюджет және өзге де заңнаманың бұзушылықтары, 2 924,5 млн.теңге қол қойылған бонустың бюджетке түспегені анықталды.
Каспий теңізінің қазақстандық секторын игерудің мемлекеттік бағдарламасын (бұдан әрі – Мемлекеттік бағдарлама) дайындау кезінде бірқатар іс-шараны іске асыруда жоспарлау кезеңінде кемшіліктерге жол берілген. Республикалық бюджетті қоспағанда, Мемлекеттік бағдарламаны қаржыландыруға арналған қаражат көлемінің айқындалмауы іс-шараларды кейінгі кезеңдерге ауыстыруға ықпал еткен, сөйтіп, іс-шаралардың белгіленген мерзімде орындалмауына себеп болған.
Нәтижесінде Мемлекеттік бағдарламаның 2-кезеңін іске асыру бойынша Іс-шаралар жоспарының 24 іс-шарасының 10-ы орындалмай қалған, олардың кейбіреуі Қазақстан Республикасында мұнай-газ секторын дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламада көрініс тапқан. Мемлекеттік бағдарламаның мақсатына толық көлемде қол жеткізілмеген.
Уәкілетті органдар мұнай операцияларын жүргізуге арналған келісімшарттарды іске асыру барысында жалпы 212,0 млн.теңгенің консультациялық қызметін көрсету кезінде жұмыс тапсырмаларын толық көлемінде орындамаған жағдайда, сондай-ақ жалпы 37,2 млн.теңгенің мәні бір, атауы әртүрлі тапсырмаларының әрқайсысына жеке-жеке төлем жүргізуге жол берген.
Жер қойнауын пайдаланушылар 2006 жылдан бастап тарату қорларында жалпы 180,4 млн. АҚШ долларын жинағанына қарамастан, тарату қорларының қызметінің рәсімдік мәселелері әлі күнге дейін тиісті дәрежесінде реттелмеген.
2010 жылы тәжірибелік-өндірістік пайдалануға берілген, құны 212,9 млн.теңге тұратын «Қазақстан Республикасының жер қойнауын пайдалануды басқарудың мемлекеттік бірыңғай жүйесі» ақпараттық жүйесін әзірлеу тиісті техникалық-экономикалық негіздемесіз жүргізілген.
МГМ және Қаржы министрлігі Салық комитетінің іс-қимылдары үйлестірілмегендіктен, жер қойнауын пайдаланушылар жалпы 19 274,8 млн.теңгенің 12 бұзылған келісімшарты бойынша қол қойылған бонустарға уақтылы төлем жүргізуді қамтамасыз етпеген, оның 2 924,5 млн.теңгесі бақылау барысында анықталған қаражат.
2003 жылы МГМ-ның жанынан «Капиталмұнайгаз» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – «КМГ» ММ) құрылып, оның балансында сол жылы республикалық бюджеттің қаражаты есебінен «Қарашығанақгазөнеркәсіп» АҚ-дан алынған 489,0 млн.теңгенің газ құбыры жүйесін салудың аяқталмаған объектілері тіркелген. Аталмыш объектілер іс жүзінде уәкілетті органның келісімінсіз әртүрлі заңды тұлғаларға сатылған. Құқық қорғау органдары заңсыз берілген объектілер бойынша 8 жыл бойы шешім қабылдамай келеді.
2010 жылы КМГ жүргізген газкөлік саласында активтердің бар-жоғын салыстырып тексеру барысында тәуелсіз аудитор «Инаудит» ЖШС жүргізген мүліктерді бағалаудың нәтижесінде алынған деректердің «Интергаз Орталық Азия» АҚ (бұдан әрі – «ИОА» АҚ) жүргізген түгендеу деректерінен алшақтығы, активтердің құнын 1 582,9 млн.теңгеге асырып көрсету фактілері анықталды.
2009 жылы жүргізілген салыстырып тексерудің нәтижесінде анықталғандай, «ИОА» АҚ 2004-2008 жылдары концессияның шартын бұза отырып, Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің және «КМГ» ММ-нің келісімінсіз, жалпы 491,8 млн.теңгенің 2 089 концессиялық объектісін негізсіз есептен шығарған.
ИЖТМ-ға жылу энергетика жүйесін дамытуға бөлінген нысаналы трансферттердің пайдаланылуына тиісті мониторинг пен бақылау жүргізілмегендіктен, Қарағанды қаласының құрылыс бөлімі 2009-2010 жылдары және 2011 жылдың 1-тоқсанында 6 904,6 млн.теңге нысаналы трансферттерді коммуналдық меншіктегі №2 күл үйіндісі бөгетін жасау жөніндегі жұмыстарды орындауға жұмсағаны анықталды.
Бұл ретте «Қарағанды Энергоорталық» ЖШС-ның жеке меншігі болып табылатын №2 күл үйіндісін пайдалануды өтеусіз негізде және құқықтық негізсіз Қарағанды ТЭО-3 жүзеге асыруда.
5. Орталық сайлау комиссиясына Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын (бұдан әрі – кезектен тыс Президент сайлауы) өткізуге бөлінген республикалық бюджет қаражатының пайдаланылуына жүргізілген бақылаудың қорытындысы бойынша сайлауға арналған бюджет қаржысының жоспарланған іс-шараларға сай игерілгені атап өтіледі.
Сонымен бірге, бақылау барысында Орталық сайлау комиссиясының алған бюджет қаражаты мен сатып алған тауарлық-материалдық құндылықтарды жұмсауы кезінде бухгалтерлік есептің толықтығы мен анықтығын қамтамасыз етпегені анықталды.
Кезектен тыс өткізілген Президент сайлауының қорытындысы бойынша, бөлінген республикалық бюджет қаражатының жалпы 344,0 млн.теңгесі игерілмеген, соның ішінде Орталық сайлау комиссиясы – 339,9 млн.теңгені, аумақтық сайлау комиссиялары 4,1 млн.теңгені игермеген.
Аумақтық сайлау комиссиялары заңды тұлғалар ретінде тіркелмегендеріне қарамастан, олардың төрағалары сайлау науқандарын өткізу үшін алынатын бюджет қаражатының иеленушісі болып саналады. Бұл ретте сайлауға бөлінген қаражаттың бухгалтерлік есебі аумақтық сайлау комиссиялары орналасқан облыстардағы, аудандардағы, қалалардағы әкімдіктердің тиісті аппараттарының бас бухгалтерлеріне ұсынылған.
Осының салдарынан, Қостанай және Жамбыл облыстарында кезектен тыс сайлауға пайдаланылған тауарлық-материалдық құндылықтардың кірісі мен шығысы бойынша есеп «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 26 ақпандағы №220 қаулысының және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазынашылық департаменті директорының 1998 жылғы 27 қаңтардағы №30 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік мекемелердегі бухгалтерлік есеп жөніндегі нұсқаулықтың талаптарын бұза отырып ұйымдастырылған.
Есеп комитеті Орталық сайлау комиссиясына Президенттің кезектен тыс сайлауын ұйымдастыруға және өткізуге алынған бюджет қаражатын жұмсау кезінде бухгалтерлік есепті жүргізудің толықтығы мен анықтығына, сондай-ақ сайлауды өткізуге сатып алынған тауарлық-материалдық құндылықтардың сақталуын қамтамасыз етуге жеткілікті бақылаудың болмағанына назар аударуды, Үкіметке оның резервінен бөлініп, пайдаланылмай қалған қаражатты қайтарудың рәсімдерін оңайлату жөнінде қажетті шешімдер қабылдауды ұсынды.
6. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасына (бұдан әрі – Іс басқармасы) жекелеген бюджеттік бағдарламаларды іске асыруға бөлінген республикалық бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін бақылаудың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамасының талаптары 14,6 млрд.теңгеге бұзылғаны анықталды.
Бюджет қаражатының жұмсалуын, сондай-ақ объектілерді салу және оларды пайдалануға беру жөніндегі жұмыстардың атқарылу мерзімдерінің сақталуы мен сапасының қамтамасыз етілуін мониторингілеудің тиісінше ұйымдастырылмау фактілері анықталды.
Инфрақұрылымдық инвестициялық жобаларды іске асыру барысында мүдделі ұйымдардың қызметінің жеткілікті дәрежеде үйлестірілмеуі, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектеулердің сақталмауы барлық бюджеттік инвестициялық жобалар бойынша объектілер құрылысының жиынтық сметалық құны құрылыстың ТЭН-мен бастапқы бекітілген сметалық құнын 25,5 млрд.-тан астам теңгеге асып кетуіне алып келген.
Құрылыс саласындағы инвестициялық жобалардың басым бөлігін іске асыру белгіленген тәртіппен бекітілген тиісті жобалау-сметалық құжаттамасыз (бұдан әрі – ЖСҚ) басталған. Бұл құрылыс объектілерін пайдалануға уақтылы бере алмауына әкеп соққан.
Салынып жатқан екі объектінің, атап айтқанда, «Клиникалық-оңалту кешені» және «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру, қайта өңдеу және сату бойынша ауыл шаруашылығы кластері» жобаларының ЖСҚ-сы заңнамада белгіленген тәртіппен бекітілмеген. «Алматы» санаторийін кеңейту және қалпына келтіру» жобасын іске асыру кезінде сметалық құжаттама объектіні пайдалануға беруге мемлекеттік қабылдау жүргізілгеннен кейін Құрылыс және тұрғын үй-шаруашылық істері агенттігінің бұйрығымен бекітілген.
Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнаманы бұза отырып, объектілерді тұрғызу құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге тиісті рұқсатсыз басталған, инжинирингтік қызметтер көрсету және авторлық қадағалау мердігерлер арқылы жасалған.
Объектілерді салу мерзімдері бірнеше мәрте бұзылғанына қарамастан, көзделген мерзімді бұзғаны үшін мердігерге айыппұл санкциясы мен өсіппұл төлеу талап етілмеген.
Бұрын белгіленген мерзімдер мердігер мен Іс басқармасы арасындағы қосымша келісімшарттар арқылы нақтыланып отырған. Мәселен, «А-320 әуе кемесіне арналған ангар» объектісін іс жүзінде салу мерзімі нормативтен 27 айға асып кеткен.
«Найза-Құрылыс» Концерн» ЖШС-дан 437,2 млн.теңге және «Альянсқұрылысинвест» ЖШС-дан 206,3 млн.теңге өткен жылдардың дебиторлық берешегін республикалық бюджет кірісіне өндіріп алу туралы сот шешімдері орындалмай қалған.
«Алматы» санаторийін жарақтандыру үшін оның қызметінің санаториялық-курорттық бағдарына сәйкес келмейтін клиникалық бағыттағы медициналық жабдық сатып алынған. Шаруашылық блок үшін қымбат тұратын жабдықпен жарақтандырылған техникалық қызмет көрсету станциясы, сондай-ақ өндірістік мақсаттағы көптеген станоктармен жарақтандырылған ағаш шебері цехы ашылған. Жабдық сатып алуға бөлінген 1 047,3 млн.теңгенің есебінен тоқыма өнімдері, асхана ыдыстары, құралдар, қонақүй жабдықтары, интерьер және жиһаз бұйымдары сатып алынған.
«Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені» КЕАҚ-ны жаңғыртқаннан кейін демонтаждалған, 2004-2009 жылдары сатып алынып қалдық құны 441,8 млн.теңге тұратын жабдықтарды одан әрі пайдалану не өткізу мәселесі әлі күнге дейін шешілмеген.
Есеп комитеті бақылаудың қорытындысы бойынша Іс басқармасының инвестициялық жобаларды іске асыруға байланысты жұмыстарды үйлестіру жөніндегі жұмысын осы мақсаттарға республикалық бюджеттен бөлінген қаражатты пайдаланудың тиімділігін қамтамасыз етудің тиісті міндетіне сәйкес келмейді деп тану туралы қаулы қабылдап, инвестициялық жобаларды іске асыруға бөлінген бюджет қаражатын жұмсау кезінде Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамасының талаптарын сақтауды қамтамасыз етпеген лауазымды адамдарының жауапкершілігін қарауға, анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдауға тапсырма берді.
7. Төтенше жағдайлар министрлігіне (бұдан әрі – ТЖМ) 2009-2010 жылдары бөлінген республикалық бюджет қаражатының, Алматы қаласының, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Павлодар облыстарының әкімдіктері алған трансферттердің пайдаланылуына жүргізілген бақылаудың барысында бюджет және өзге де заңнама талаптарының жалпы 329,3 млн.теңгеге бұзылғаны анықталды.
ТЖМ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу, сондай-ақ өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметтерін жасақтаудың белгіленген нормаларын сақтау бойынша жүйелі шараларды жеткілікті көлемде қабылдамай келеді.
2010 жылы «Мәншүк» ЖШС нысанды киім-кешектер жеткізу жөніндегі шарттық міндеттемелерін орындамағандықтан, ТЖМ-да және оның ведомстволық бағынысты мекемелерінде жалпы 44,0 млн.теңге көлемінде дебиторлық берешек есепте тұр.
2010 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен ТЖМ арқылы бөлінген 211,1 млн.теңге игерілмеген.
Павлодар облысы Ақсу қаласының құрылыс бөлімінде арынды кәріз коллекторын, су тарту құрылысын және сорғы станциясын қайта жаңарту жөніндегі жұмыстарды жүргізу кезінде жобадан ауытқуға жол берілген.
Ақсу қаласының су тарту құрылысын және сорғы станциясын қайта жаңарту объектісінде өндіруші зауыттың техникалық паспорты және сапа сертификаты жоқ жалпы құны 22,6 млн.теңгенің жабдықтары орнатылған.
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, авариялар мен табиғи апаттардың алдын алу және оларды жою басқармасында аудандық әкімдіктер орындаған 802,4 млн.теңгенің жұмыс көлемі есепке алынбаған.
Алматы облысы Ақсу ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жолаушылар көлігі бөлімі Қызылағаш ауылында республикалық бюджет қаражаты есебінен 100,0 млн.теңгеге салынған сумен жабдықтау объектілері мен электр беру желілерін техникалық паспорттары болмағандықтан, пайдаланушы ұйымның балансына беруді қамтамасыз етпеген.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 26 ақпандағы 220 қаулысымен бекітілген Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесінің 422-тармағын және Төтенше жағдайлар министрінің 2009 жылғы 30 қыркүйектегі № 226 бұйрығымен бекітілген Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың болуын негіздейтін материалдарды ұсыну, оларды оқшауландыру және жою жөніндегі іс-шаралар, материалдық-техникалық есептеулер, қаржы және адамзат ресурстары ережесін бұза отырып, Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің басқармасында материалдардың жиынтық тізбесі негізінде электр беру желілерін және жабдықтарды қалпына келтіруге әзірленген жобалау-сметалық құжаттамасы болмаса да, 139,2 млн.теңге бөлінген.
Аталған нормативтік актілерді бұза отырып, «Қазселденқорғану» ММ Алматы аумақтық басқармасының филиалы Үкімет резервінен бөлінген қаражатты, атап айтқанда, 9,6 млн.теңгені жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге пайдаланған, ал бұл жұмыстар резерв қаражаты есебінен жүргізілмеуі тиіс.
Қызылорда облысы әкімдігінің басқармасында Жалағаш ауданында қорғаныс бөгетін күшейтуге және қалпына келтіруге байланысты 49,5 млн.теңгенің жұмыстарына мемлекеттік сатып алу өткізілмеген. Облыс әкімдігі мен ТЖМ арасындағы су қоймаларының жағалауын нығайту туралы келісімнің мақсатына жеткілікті дәрежеде қол жеткізілмеген.
Бақылау барысында анықталғандай, Астана қаласы төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен бөлінген қаражат есебінен 13,5 млн.теңгеге сатып алған тұйық циклді тыныс алу аппараттарының жиынтығы іс жүзінде таудағы құтқару жұмыстарын және көмір шахталарындағы техникалық жұмыстарды орындауға арналған болып шықты, сол себепті аталған аппараттар жарты жылдан астам уақыт бойы пайдаланылмай, қоймада жатыр.
Бақылаудың нәтижелері бойынша ТЖМ ға, облыстардың әкімдеріне кінәлі лауазымды адамдарды жауапкершілікке тарту, сондай-ақ бюджет қаражатын жұмсау кезінде бюджет және өзге де заңнаманың бұзушылықтарын жою және оларға жол бермеу жөнінде тиісті шаралар қабылдау ұсынылды.
8. Бас прокуратураның 2009-2011 жылдарға арналған Стратегиялық жоспарын (бұдан әрі – Стратегиялық жоспар) іске асырудың, сондай-ақ Бас прокуратураға бөлінген республикалық бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін бақылаудың қорытындысы бойынша бюджет және өзге де заңнама талаптарының жалпы 106,4 млн.теңгеге бұзылғаны анықталды.
Қазақстан Республикасында Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алуды дамыту бағдарламасын іске асыру шеңберінде Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті (бұдан әрі – Құқықтық статистика комитеті) 2006-2008 жылдары жалпы сомасы 1 823,8 млн.теңгеге 5 автоматтандырылған ақпараттық жүйе әзірлеп енгізген, техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) бойынша осы жүйелерге 2 744,1 млн.теңге қарастырылған. Осы орайда, бюджеттік бағдарлама әкімшісі аталмыш автоматтандырылған ақпараттық жүйелерді енгізу және дамыту жөніндегі ТЭН-ді Бюджет кодексінің талаптарына сай бекітпеген.
Құқықтық статистика комитеті Азаматтық кодекстің 582-бабының 3-тармағын бұза отырып, 2009-2011 жылдардағы жалпы сомасы 24,2 млн.теңгені құрайтын мүліктік жалдау шарттарын әділет органдарында тіркемеген.
2010 жылы «Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жанындағы шаруашылық басқармасы» ММ Алматы қаласында аудандық прокуратуралардың үш әкімшілік ғимаратына жалпы 81, 0 млн.теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізген, ал Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 2 қарашадағы №1118 қаулысына сәйкес, орындалған құрылыс жұмыстары күрделі жөндеуге жатады.
Астана қаласына қоныс аударуына байланысты, 2009 жылы республикалық бюджеттік комиссияның (бұдан әрі - РБК) шешімімен түрлі негізгі құрал-жабдықтарды сатып алуға Бас әскери прокуратура үшін 165,5 млн.теңге қаржы бөлінген. Іс жүзінде, «Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының жанындағы Материалдық-техникалық қамсыздандыру басқармасы» ММ 90,4 млн.теңгеге 39 бірлік жеңіл автокөлік сатып алған, ал оларды сатып алу РБК-нің шешімінде қарастырылмаған.
Бас прокуратураның Стратегиялық жоспарына сәйкес «Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының бірыңғай ақпараттық-сараптамалық жүйесін» құру жұмыстары жүзеге асырылуда. 2009-2010 жылдары аталмыш жүйені құру бойынша жұмыстардың бірінші кезеңі іске асырылған. Алайда қаржыландыру тоқтатылғандықтан, жүйе құрудың екінші және үшінші кезеңдерінің іс-шаралары іске асырылмаған.
Қылмыстық іс жүргізуге қатысушы тұлғалардың өтініштері болмағандықтан, сондай-ақ тұлғаларды алдын ала анықтау, алдын ала тергеу, прокуратура немесе сот органдарына шақыруға байланысты оларға шығындарын өтеудің және сыйақы төлеудің тәртібі мен мөлшері бекітілмегендіктен, Бас прокуратураға бөлінген 57,9 млн.теңге игерілмеген.
Бас прокуратураның инспекторлық басқармасында құрылған ішкі бақылау қызметі ұйымдық тұрғыдан бірінші басшыға бағынбағандықтан, Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 29 сәуірдегі № 788 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарының «Тәуелсіздік» стандартын сақтау қамтамасыз етілмеген.
9. Білім және ғылым министрлігінің (бұдан әрі – БҒМ) ғылымды дамытуға бөлінген республикалық бюджет қаражатын пайдалануының тиімділігін бақылаудың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудың 2007-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын (бұдан әрі – Ғылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы) іске асыру тетігінің жетілдірілмегені, оның жекелеген іс-шараларын орындауда уәкілетті органның толыққанды шаралар қабылдамағаны анықталды.
Бақылау барысында анықталғандай, Ғылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының бірінші кезеңінде (2007-2009 жылдар) қарастырылған 30 іс-шараның 6-уы орындалмаған, жалпы 1 762,2 млн.теңге Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамасының талаптарын бұза отырып жұмсалған.
Зертханалардың басым бөлігі Қазақстан Республикасындағы стандарттардың талаптарына сәйкестігіне аккредиттеуден өтпеген. 2007-2008 жылдары инженерлік бейінді 15 зертханаға және ұжымдық пайдаланудағы 5 ұлттық зертханаға жабдықтар сатып алу мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың талаптарын бұза отырып өткізілген.
2008 жылы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті (бұдан әрі – Комитет) «Технологияларды коммерцияландыру» жобасын басқару тобын орналастыру үшін жеке тұлғадан 600,0 млн.теңгеге 0,7919 га жер учаскесімен қосып, бағалау жүргізбестен сатып алған «Промбаза» объектісі (Алматы қаласы) пайдаланылмай тұр. Осы объектіні ұстауға 1,8 млн.теңгеден аса қаржы жұмсалған.
2009-2010 жылдары аталмыш топты ұстауға 004 бағдарламасы бойынша сатып алынған ғимаратты жөндеуге дайындау жұмыстарына, автомобиль, офистік жиһаз бен жабдықтар, кабель төсеу және телефон станциясын реттеу, есептеу техникасы құралдарын тестілеу қызметтерін сатып алуға 36,0 млн.теңге жұмсалған. Бұл ретте аталған топта ұйымдастыру техникасының, жиһаздардың және телефон станциясының болмауына байланысты, көрсетілген жұмыстардың бір бөлігі іс жүзінде орындалмаған.
Бұған қоса, 2011 жылы БҒМ аталмыш топты орналастыру үшін Астана қаласында жалпы аумағы 147 шаршы метрді құрайтын үй-жайды «MobilRealty» ЖШС-дан жалға алу туралы 2,6 млн.теңгеге шарт жасасқан.
Бюджет қаражатын жоспарлауда жіберілген қателіктер салдарынан, 2011 жылы БҒМ-ға 005 бағдарламасы бойынша бейінді мектептер салуға арналған жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін бөлінген 360,0 млн.теңге пайдаланылмауда. Мердігерлік ұйымдармен объектілерді салу және жаңарту бойынша жасасқан шарттардың құнына құрылыс барысында техникалық және авторлық қадағалауды жүзеге асыруға кететін шығындар да енгізілген.
Комитеттің 014 бағдарламасы бойынша «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығымен үш жыл бойы бір ғана зерттеуді орындау жөнінде, аталмыш зерттеулердің кезеңділігін көрсетпестен, жыл сайын шарт жасасқаны анықталды.
2010 жылдың желтоқсан айында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті Комитет аударған 1,4 млн.теңгені араларында қандай да бір заңды қарым-қатынастар болмағанына қарамастан, іс жүзінде орындалмаған жұмыстар үшін «Түркі академиясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамға аударып жіберген.
Комитет 2009-2010 жылдары ғылыми-техникалық бағдарламалар бойынша қолданбалы ғылыми зерттеулерді орындауға арналған жекелеген шарттарды қаржы жылының соңында жасап, шартқа қатысты орындалған жұмыстар туралы есептерді де осы жылдың соңында ұсынған.
Комитет ғылыми-техникалық бағдарламаларды іске асыру барысын мониторингілеуді есепке алумен ғана шектеп отырған. Алынған ақпаратқа талдау жүргізілмеген, нәтижелердің одан әрі тәжірибеде қолданылуына қатысты шаралар уақтылы қабылданбаған, республикалық бюджет есебінен жүргізілген іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің нәтижелері экономиканың нақты секторына енгізілгені жөнінде мәлімет жоқ.
2007-2011 жылдардағы республикалық бюджет шығыстары іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары аяқталғаннан кейін көрсетілген қызметтер ретінде есептен шығарылған. Есептер, әдістемелік құралдар, монографиялар және жұмыстың қорытындысы бойынша басқа да жарияланымдар Комитеттің бухгалтерлік есебінде көрсетілмеген.
Достарыңызбен бөлісу: |