Есімова динара дәуітқызы болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастыру



бет1/2
Дата19.06.2016
өлшемі469.23 Kb.
#148221
түріДиссертация
  1   2
ӘОЖ 37. 035. 6: 371.13 Қолжазба құқында



ЕСІМОВА ДИНАРА ДӘУІТҚЫЗЫ
Болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастыру

13.00.08 – Кәсіби білім берудің теориясы мен әдістемесі

Педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның

авторефераты

Қазақстан Республикасы

Қарағанды, 2010
Жұмыс С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде орындалған.

Ғылыми жетекші: Кертаева К.М., педагогика ғылымдарының

докторы, профессор

Ресми оппонентер: Усманов Ә.Ә., педагогика ғылымдарының

докторы, профессор

Шаяхметова М.Н., педагогика ғылымдарының кандидаты

Жетекші ұйым: Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық

университеті

Диссертация 2010 жылы «___»_____________ сағат ____ Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті жанындағы педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғау жөніндегі БД 14.50.05 біріккен диссертациялық кеңесінің отырысында қорғалады (100028, Қарағанды қаласы, Университет көшесі, 28, 1 кеңейтілген дәрісхана).


Диссертациямен Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің кітапханасында танысуға болады.
Автореферат 2010 жылы «____» _______________ таратылды.

Біріккен диссертациялық

кеңестің ғалым хатшысы Н.Ә.Мыңжанов

КІРІСПЕ
Зерттеудің көкейкестілігі. ХХІ ғасырда білім мен ғылым саласында болып жатқан өзгерістер болашақ мамандар даярлауда жоғары мектептің алдына жаңа міндеттер қойып отыр. Осыған орай, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында «Біздің елімізде білім берудің тиімді жұмыс істейтін қазақстандық жүйесі қалыптасып, қазіргі әлемде Қазақстанның лайықты орын алуына мүмкіндік беретін оқыту мен кадрларды даярлаудың сапалық білім деңгейіне қол жеткізетін болады» деп атап көрсетілген. Яғни, жаңа қоғамға сапалы, білімді де, білікті маман қажет. Мұндай маманды қалыптастыру – қазіргі заманғы білім беру жүйесінің алдында тұрған басты міндет болып табылады. Жаңа ақпаратты қоғамның өркениетті, прогресшіл бағытына сай, терең білімді, өзгерісті жағдайға тез бейімделгіш, өзге елдердегі замандастарымен тең дәрежеде бәсекелесе алатын өресі биік ұрпақты тәрбиелеу – бүгінгі қоғам талабына сай, еліміздің білім беру жүйесін баса дамытуға, оны дүниежүзілік деңгейге көтеруге мемлекетіміз ерекше мән бере бастады. Дүниежүзілік деңгейге көтерілудің басты талабы ұстаз даярлығы болып табылады. Ал ұстаз қызметінің негізгі мәні – оқушыларды оқыту, тәрбиелеу, дамыту ғана емес, сол үдерістерді басқаруды шығармашылықпен ұйымдастыра білу. Әрбір жеке тұлғаның, бүкіл халықтың, бүкіл қоғамның тағдыры ұстаз еңбегінің нәтижесіне тікелей байланысты.

Осыған орай, бүгінгі таңда ХХІ ғасыр табалдырығын еркін аттаған азат ұрпаққа тәлім-тәрбие және білім беруді арттырудың басым бағыттарын айқындау педагогика ғылымы мен озат тәжірибенің көкейкесті мәселелерінің бірі болып отырғаны бәрімізге белгілі.

Зерттеліп отырған мәселенің теориялық, әдіснамалық және ұстанымдық негізін жасауға белгілі ағартушы-педагогтар Ф.А.Дистервег, Я.А.Коменский, И.Г.Песталоцци, және т.б. болса, ал шығыс педагогикасының тарихында ұлттық мектеп, ұлттық тәлім-тәрбие және оған болашақ ұстаздарды дайындау туралы алғаш пікір айтқандар ғұлама ойшылдар Әбу Насыр әл-Фараби, Ж.Баласағұни, Қожа Ахмет Яссауи және қазақ халқының біртуар данышпандары А.Құнанбаев, Ш.Уәлиханов; ұлттық дәстүрлерді дәріптеуді қазақ халқының ағартушы-ғалымдары мен қоғам қайраткерлері Ж.Аймауытов, Ы.Алтынсарин, М.Әуезов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Х.Досмұхамедов, М.Жұмабаев және т.б. болған. Сонымен қатар Қ.Бөлеев, Н.В.Кузьмина, А.А.Калюжный, К.М.Кертаева, Ж.Наурызбай, А.И. Пискунов, В.А.Сластенин еңбектері де зерттеу жұмысының теориялық негізін құрады.

Педагогикалық еңбектерге талдау жасай отырып, жоғары оқу орнында болашақ ұстаздарды даярлау мәселесін, оқу–тәрбие үдерісін өркендету, мектепке кәсіби білімі жоғары мамандарды даярлау мәселелері қазақстандық ғалымдар Қ.М.Арынғазин, Ш.Ә.Әбдіраман, Б.Әбдікәрімұлы, С.Т.Каргин, Ж.А.Караев, Н.Ә.Мыңжанов, Ж.Ы.Намазбаева, Ә.Ә.Усманов, Н.Д.Хмель, Л.А.Шкутинаның еңбектерінде қарастырылғанын анықтадық.

Болашақ ұстаздың деонтологиялық даярлық мәселелерін алғаш көтергендердің бірі, қазақстанда педагогикалық деонтология ілімінің негізін қалаушы - педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қ.М.Кертаева. Ғалым–педагог өзінің еңбектерінде деонтология, педагогикалық деонтология, деонтологиялық даярлық ұғымдарына толық анықтама бере отырып, бұл ұғымдардың педагогикалық негізін қалаған.

Педагогикалық деонтологияның мәселелері бойынша 5-6 диссертациялық жұмыс қорғалған, солардың ішінде Е.Н.Жуманкулова және А.Е.Кудерина зерттеулерінде болашақ ұстаздардың кәсіби практикасында деонтологиялық сапаларын қалыптастыру және қиын балалармен жұмыс жасауда деонтологиялық дайындықтарын қалыптастыру мәселелері қарастырылған.

Жастарға ұлттық, интернацоналдық-патриоттық тәрбие беру мәселесі мен этнопедагогикалық білім беру мәселелерін зерттеумен де республикамыздың бірқатар ғалымдары айналысып, ұлттық дәстүрлер мен патриоттық тәрбие, әскери-патриоттық, интернацоналдық, адамгершілік, ерлік тәрбиесі бағытында зерттеулер жүргізді. Ол еңбектер Р.М.Айтжанова, К.Т.Әбілғазиев, Ғ.Б.Базарғалиев, А.Ж.Бекмағамбетов, Ж.Бөжиг, Е.Жұматаева, С.Т.Иманбаева, Ш.М.Мұхтарова, Қ.А.Сарбасова, Р.К.Төлеубекова, С.Қалиев, К.Ж.Қожахметова, М.Құрсабаев, Н.С.Шынтаева, М.Н.Шаяхметова, С.А. Ұзақбаева және т.б зерттеулері.

Бүкіл қазақ халқына, әсіресе жас ұрпаққа ұлттық тәлім-тәрбие беру – ел болашағының негізі екенін және осы тұрғыда ұстаздың кәсіби даярлығы ерекше орын алатындығын ескерсек, болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастыру қажеттігі туындайды.

Зерттеу мәселесі саласындағы жарық көрген ғылыми еңбектерге, оқу құралдары мен оқу-әдістемелік құралдарға жасаған талдау мектеп тәжірибесінде оқушыларға ұлттық тәлім-тәрбие беру қажеттігі мен оған болашақ ұстаздарды деонтологиялық даярлау арасында қарама-қайшылықтар туатынын байқаймыз.

Сонымен, зерттеліп отырған мәселенің теория мен практикадағы жағдайын терең талдау бізге төмендегідей әлеуметтік-педагогикалық қайшылықтарды анықтауға мүмкіндік берді:

- қоғамның ұстаздардың жалпы кәсіби қасиеттеріне қоятын талаптарының объективті өсе түсуімен, ұстаздың белсенді педагогикалық деонтологиялық даярлығының жеткіліксіздігі арасындағы;

- ұлттық тәлім-тәрбие беруге ұстаздардың педагогикалық деонтологиялық даярлығының қажеттілігі мен жоғары оқу орындарында болашақ ұстаздардың осы қабілет-қасиеттерін қалыптастырудың ғылыми–әдістемесін қамтамасыз етілуінің жеткіліксіздігі арасындағы.



Бұл қайшылықтарды шешу қажеттілігі жоғары оқу орындарында болашақ ұстаздардың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастырудың тиімді әдіс-тәсілдерін іздестіруді зерттеу мәселесі ретінде көрсетеді. Сондықтан біз зерттеу жұмысымыздың тақырыбын: «Болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастыру» деп таңдадық.

Зерттеудің нысаны: ЖОО болашақ ұстазды кәсіби даярлау үдерісі.

Зерттеудің пәні: болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастыру жүйесі.

Зерттеудің мақсаты: болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастыруды теориялық негіздеу және оқу-әдістемелік кешенін айқындау.

Зерттеудің ғылыми болжамы: егер жоғары білім беру жүйесінің оқу тәрбие үдерісінде болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастырудың педагогикалық шарттары іске асырылса, онда жоғары педагогикалық оқу орнында болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастыру нәтижелілігі арта түседі, өйткені студенттер болашақ кәсіби парызын түсіне отырып, сана-сезімі ұлттық нақышта жетіліп, ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастырудың жүйелілігі мен тұтастығы қамтамасыз етіледі.

Зерттеудің міндеттері:

  1. Жоғары оқу орындарында болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастырудың алғышарттарын анықтау;

  2. Болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлық ұғымына анықтама беріп, өлшемдері мен көрсеткіштерін анықтау;

  3. Жоғары оқу орындарында болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастырудың мәні мен мағынасын аша отырып, теориялық моделін жасау;

  4. Болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастырудың педагогикалық шарттарын анықтап, тиімділігін эксперимент арқылы тексеру.

Зерттеудің жетекші идеясы: болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығы оның сапалы, саналы іс-әрекеттерін қамтитын белді қасиеті, оны қалыптастыру бүгінгі кәсіптік білім берудің маңызды бағыты.

Зерттеу жұмысының әдіснамалық және теориялық негіздері: диалектикалық-философиялық таным теориясы, мораль, этика, деонтология, сана ұғымдарының философиялық-психологиялық негіздері, тұлғаны дамыту мен қалыптастырудың психологиялық-педагогикалық қағидалары, саналы сезім туралы теория, педагогикалық үдерісті танып-білудің біртұтастық келіс идеялары, біртұтас педагогикалық процесс және мамандарды кәсіби даярлау теориялары; халық педагогикасы мен этнопедагогика сабақтастығы туралы тұжырымдамалар жиынтығы негізге алынды.

Зерттеудің көздері: Қазақстан Республикасының ресми материалдары (Заңдар, Конституция, қаулы – қарарлар т.б), Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің нормативті құжаттары (тұжырымдамалар, бағдарламалар т.б) зерттеу мәселесі бойынша философиялық, психологиялық, педагогикалық еңбектер, этнопедагогика ғылымының жетістіктері, педагогикалық деонтология жұмыстарын пайдаланудағы алдыңғы қатарлы мұғалімдердің озық іс–тәжірибелері, сондай-ақ болашақ ұстаздың деонтологиялық даярлаудағы педагогтардың арнаулы зерттеулері.

Зерттеудің әдістері:

  • аналитикалық (ғылыми, әдістемелік әдебиеттерді талдау, модельдеу, жіктеу, жүйелеу, жалпылау. т.б.);

  • диагностикалық (сауалнама, жеке және топтық әңгіме, сұхбат, бақылау. тестілеу, т.б.);

  • статистикалық (зерттеу нәтижелерін математикалық-статистикалық өңдеу).

Зерттеудің негізгі кезеңдері:

бірінші кезеңде (2006-2007 жж.) зерттеу жұмысының тақырыбы анықталып, зерттеу мәселесіне байланысты философиялық, психолого - педагогикалық, әдістемелік және арнаулы ғылыми әдебиеттер сарапталынып, оның теориялық негізі анықталды. Жоғары оқу орындарында болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастырудың алғышарттары анықталды. Аталмыш даярлық ұғымына анықтама берілді. Зерттеу жұмысының жүйесі, ғылыми аппараты жасалынып, айқындаушы іс-тәжірибе жүргізілді.

екінші кезеңде (2007-2009 жж.) болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығының өлшемдері мен көрсеткіштері анықталып, оны қалыптастырудың теориялық моделі жасалынды. Болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастырудың педагогикалық шарттары анықталып, тиімділігі эксперименттік жұмыс барысында тексерілді. Эксперименттік жұмыс алынған мәліметтерді талдап, қорытындылаумен қатар жүргізілді.

үшінші кезеңде (2009-2010 жж.) эксперименттік жұмыстың нәтижелері тексеріліп қортындыланды, жасалған жұмыс бойынша кейбір анықтамалар нақтыланды, қорытындылар қиыстырылды, жалпы нақтылы талдау жасалынып зерттеудің нәтижелері мен әдеби рәсімдеу жасалынды.

Зерттеудің негізгі базасы: Эксперименттік жұмыс С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде өткізілді.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен теориялық мәнділігі:

- жоғары оқу орындарында болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастырудың алғышарттары анықталған;

- болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығы ұғымының анықтамасы беріліп, аталмыш даярлықтың өлшемдері мен көрсеткіштері айқындалған;

- болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастырудың мәні мен мағынасы ашылып, теориялық моделі жасалған;

- болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастырудың педагогикалық шарттарының тиімділігі эксперимент негізінде тексерілген.

Зерттеудің практикалық мәнділігі:

Зерттеу процесі барысында болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын диагностикалау және сатылы қалыптастырудың жолдары, жоғары оқу орны студенттеріне арналған «Болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығы» атты курстың мазмұны, оқыту әдістемесі, болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастырудың нұсқаулары жасалынып, сынақтан өтті, сонымен қатар болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлық жұмысын жүргізудің әдіс–тәсілдері, практикаға бағытталған оқытудың формалары анықталды.

Зерттеу барысында қол жеткен нәтижелерді педагогикалық жоғары оқу орындарында, колледждерде және мұғалімдер білімін жетілдіруде пайдалануға болады.

Қорғауға ұсынылатын қағидалар:

1. Болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастырудың алғышарттары;

2. Болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығы ұғымының анықтамасы, өлшемдері мен көрсеткіштері;

3. Болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастырудың мәні мен мағынасы, теориялық моделі;



4. Болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастырудың педагогикалық шарттары және оның эксперименттік дәлелдемесі.

Зерттеу нәтижелерінің дәлелділігі мен негізділігі: зерттеу тақырыбының теориялық негізде дәлелденуімен, зерттеу мазмұнының ғылыми аппаратқа сәйкестенуімен, кешенді әдіс–тәсілдерді қолданумен, алға қойған міндеттерге сәйкес пайдаланумен, нақтылығымен және дәйектілігімен сипатталады.

Зерттеу нәтижелерін сынақтан өткізу және енгізу С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университетінің филология, журналистика және өнер факультетінің «050103 – Педагогика және психология», Химиялық технологиялар және жаратылыстану факультетінің «050607 – Биология» мамандықтарының топтарында эксперимент жүргізу барысында жүзеге асты.

Зерттеу нәтижелерінің талқылануы және жүзеге асырылуы: зерттеудің негізгі қағидалары пдагогика және психология кафедрасының отырысында талқыланды және халықаралық, республикалық, ғылыми - практикалық конференцияларда баяндалды (Алматы, 2004; Павлодар, 2009, 2010); Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым Министрлігінің «Ізденіс» ғылыми журналының 2009 жылғы №2(1) және Қазақстан мектебі 2010 жылғы №4 нөмірлерінде, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «ПМУ хабаршысы» ғылыми журналының 2009 жылғы №1 және №4 нөмірлерінде жарыққы шығып, бірнеше пәндердің СӨЖМ, СӨЖ тақырыптарына қосымшалар және «Болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығы» атты арнайы курсты, «Ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығы» оқу-әдістемелік құралын оқу үдерісіне ендіру және «Ұлттық тәлім-тәрбие беру әдістері мен ұстаздың деонтологиялық даярлығы» атты ұстаздардың әдістемелік дайындығын жетілдіруге арналған арнайы семинары арқылы (Алматы, Павлодар – 2010) іске асырылды.

Диссертацияның құрылымы. Диссертация кіріспеден, екі тараудан, қорытынды мен пайдаланған әдебиеттер тізімінен және қосымшалардан тұрады.

Кіріспе бөлімінде зерттеудің көкейкестілігі, ғылыми аппараты: мақсаты, нысаны, пәні, міндеттері, ғылыми болжамы, жетекші идеясы, әдіснамалық және теориялық негіздері, көздері, әдістері, базасы, ғылыми жаңалығы мен маңыздылығы, практикалық маңыздылығы мен қорғауға ұсынылатын қағидалар, зерттеу нәтижелерінің дәлелділігі мен негізділігі баяндалады.

«Болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастырудың ғылыми-теориялық негіздері» деп аталатын бірінші тарауда деонтология, педагогикалық деонтология ғылымы дамуының және ұлттық тәлім-тәрбие негіздерінің зерттелу жағдайын талдау жасау арқылы болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығының мәні мен мағынасы ашылып, алғышарттары анықталды, қазіргі кезеңдегі аталмыш даярлықтың ұғымы анықталып, оның өлшемдері мен көрсеткіштері нақтыланды және қалыптастырудың теориялық моделі негізделді.

«Болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастырудың педагогикалық шарттары» атты екінші тарауда ЖОО-да болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастырудағы мүмкіндіктері қарастырылды. Арнайы «Болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығы» курсының мазмұны мен бағдарламасы ұсынылып, зерттеудің әр кезеңдеріндегі тәжірибелік – педагогикалық жұмыстың мазмұны, барысы мен нәтижелері баяндалып, ізденушілік ғылыми болжам дәлелденді.

Қорытындыда теориялық және эксперименттік жұмыстың нәтижелеріне негізделген тұжырымдар мен ғылыми тұрғыдан ұсыныстар берілген.

Қосымшада болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастыру бойынша әзірленген негізгі әдістемелік материалдар, «Болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығы» арнайы курсының бағдарламасы ұсынылған.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Ұлттық тәлім-тәрбие мектептерде жүзеге асырылатыны дүниежүзілік алдыңғы қатарлы елдерде дәлелденген. Ал қазақ мектебінде ұлттық тәлім-тәрбие мәселесінің жағдайы қандай? Осы мәселенің шешімдерінің бірі ретінде мектепте ұлттық тәлім-тәрбие беруге арналған мемлекет тарапынан бірнеше тұжырымдамалар мен құжаттар шығарылды. Олар: 1994 жылы «Қазақстан Республикасында гуманитарлық білім беру тұжырымдамасы», 1994 жылы «Қазақстан Республикасында жалпы орта білім беретін мектептерінің тұжырымдамасы», 1995 жылы «Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалардың тәрбие тұжырымдамасы», 1993 жылы 5 ақпан «Тәлім-тәрбие тұжырымдамасы», 1999 жылы 11 маусымда «Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңы», 1996 жылы «Қазақстан Республикасының «Жоғары білім туралы» заңы», 1998 жылы «Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңы», 1996 жылы 7 тамызда «Қазақстан Республикасындағы этникалық-мәдени білім тұжырымдамасы» және т.б.

Осы тұжырымдамалармен қатар қазіргі уақытта мектеп оқушыларына ұлттық тәлім-тәрбие беруді іске асыру үшін қазақ мектептері бірнеше авторлық бағдарламалармен жұмыс істеуде. Оларды атап айтсақ: М.Құрсабаевтың «Атамекен», З.Ахметовтың «Кәусар бұлақ», Ә.Садуақасовтың «Дәстүр» т.б. Ал республиканың педагогикалық жоғары оқу орындарында болашақ ұстаздарды ұлттық тәрбие беруге даярлау жұмысы да біршама жүргізілуде. Олардың ішіндегі «Қазақ этнопедагогикасы» (Қ.Жарықбаев, С.Қалиев, З.Әбілова), «Қазақ тәлім-тәрбие тарихы» (Қ.Жарықбаев пен С.Қалиев), «Қазақ халқының этнопедагогикасы» (Қ.Бөлеев) бағдарламалары бойынша болашақ ұстаздарды ұлттық тәрбиеге даярлауда нақты іс-тәжірибелер мен ғылыми ізденістер өз нәтижелерін беруде.

Сонымен, жоғарыда айтылған ағартушы-педагогтардың, ғалым-педагогтардың ой-пікірлері мен көзқарастары, мемлекеттік құжаттар, озық іс-тәжірибелер бойынша мынадай қорытынды жасауға болады: Қазақ мектебінің ұлттық тәлім-тәрбиелік ерекшелігі деп халқымыздың Ана тілін, Ата тарихын, Төл мәдениетінің, Ұлттық салт-дәстүрлерін жүйелі оқытатын мектеп болуында деп айтамыз, ал ол мектептің басты белгісі – қазақтың ұлттық рухы болуы шарт. Осы мақсатта ұлттық тәлім-тәрбие баланың жас шағында, тіпті балабақшада беріле бастап, мектептегі оқу бағдарламаларындағы барлық пәндерді қамтуы қажет. Сонда ғана ұлттық тәлім-тәрбиені жүйелі және үздіксіз жүргізіледі деуге болады. Сонымен қатар, ол мектепте ұлттық тәлім-тәрбие беретін ұстаздар - баланы сүйетін және өз ісінің маманы, тәжірибелі, шебер, ұлтжанды қазақ мұғалімдері мен ғалымдары болуы керек. Сонда ғана қазақ мектебіндегі ұлттық тәлім-тәрбиенің жеке тұлғаның ұлттық сана-сезімі мен мінез-құлқының ана тілін, ата тарихын, төл мәдениетін және ұлттық салт-дәстүрлерді меңгеруі негізінде қалыптасуы жүреді деп нық сеніммен айта аламыз.

Біз қарастырып отырған ұлттық тәлім-тәрбие берудің бүгінгі күнгі қажеттілігінің басты әлеуметтік алғышарттарын: қазіргі қазақ қоғамындағы қайғылы қасіреттер: тастанды жетім балалар, отбасын құрмағандар және ажырасқан жастар, қарттар үйлеріндегі көздерінен қанды жас ағып отырған әжелер мен аталар, ішкілік пен нашақорлыққа салынған жастар, қаулаған қылмыс, сыбайлас жемқорлық, мектептердегі оқу-тәрбие жұмысының нашарлауы, көрегенсіз қыздар мен ұлдар, ата-ананы құрметтемеуі, ата-ананың бала тәрбиесімен айналаспауы, өз тілін, тарихын, әдебиетін, мәдениетін, салт-дәстүрлерін білмейтін жастар, тұрмыс-тіршіліктің нашарлауы, экономиканың құлдырауы, жұмыссыздық, табиғат жағдайларының нашарлауы т.б. ұлттық тәлім-тәрбиенің болмауынан пайда болған құбылыстар деп санаймыз. Егер қазақ халқы отбасында және мектепте ұлттық тәлім-тәрбие алған болса, бұл қайғылы қасіреттер болмас еді. Ендігі мақсат еліміздегі тәрбиенің негізі – ұлттық тәлім-тәрбие болуы тиіс. Сонда ғана жоғарыда аталған құбылыстарды болдырмауға және одан құтылуға болады.

Жоғарыда айтып кеткен ұлы ғұламалар мен ағартушы-педагогтар, ақын-жазушылар ұстаздық етуде және тәлім-тәрбиелік еңбектер жазуда өз ұлтының салт-санасын үңіле зерттеп, сан ғасырлық тарихы бар ата-бабаларының халықтық педагогикасы мен психологиясына терең ғылыми талдау жасады. Сөйтіп, олар қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрып, салт-дәстүрі мен тәлімдік мұраларын жас ұрпаққа ұлттық тәлім-тәрбие беруде пайдалану жолдарын көрсетті. Сол мақсатта олар қазақ мектептерінің оқушылары мен ұстаздарына және болашақ ұстаздарға арнайы оқулықтар, оқу құралдары мен әдеби шығармаларын жазды.

Ағартушы–педагогтардың оқушыларға ұлттық тәлім-тәрбие беруге және оған ұстаздарды даярлау мәселесіне арнап жазған еңбектеріне талдау жасай отырып, мынадай қорытындыға келеміз, қазақтың ағартушы–педагогтарының еңбектерінің ұлттық сана–сезімді, ұлттық намысты, тарихи сананы қалыптастыруда алатын орны мен маңызы ерекше. Сондықтан сол қазақ тәлімгерлерінің ой-пікірлерін егемен еліміздің бүкіл халқын, әсіресе жас ұрпағымызды қазақ халқының ұлттық рухында тәрбиелеу негізіне алынуы, ол үшін олардың сол ұлттық тәлім-тәрбие беру туралы көзқарастары жан-жақты зерттеліп, оқу–тәрбие жұмысында кең қолданыс табуы тиіс. Сонда ғана ұлттық тәлім-тәрбие – ұлт болашағының негізі бола алады.

Осыдан ұлттық тәлім-тәрбие алған ұрпақ дені сау, білімді, ақылды, адамгершілік, иманжүзді, сұлу да сымбатты, халқын, елін, туған жерін, оның табиғатын сүйетін ұлтжанды, ата-бабамыз армандаған «Сегіз қырлы, бір сырлы» азамат болып өседі деп айта аламыз.

Ұлттық тәлім-тәрбиенің мақсаты - оқушылардың ұлттық дүниетанымын қалыптастыру. Ал ұлттық дүниетаным ана тілі, ата тарихы, төл мәдениетіміз және ұлттық салт-дәстүрлеріміз арқылы ғана қалыптасады. Сондықтан ұлттық дүниетанымның сол негіздерін оқып үйренуді басты мәселе етіп қою керек. Ол үшін мектебімізде ұлтымыздың ерекшелігіне, тарихына, мәдениетіне, өнеріне, салт-дәстүрлеріне, тұрмыс-тіршілігіне, отбасы тәрбиесіне сай қарастырылып шығарылған бағдарламалар, төлтума оқулықтар, көрнекіліктер, қосымша әдебиеттер, әсіресе ұстаздарға қажетті әдістемелер кеңінен пайдаланылуы тиіс. Бұл көмекші құралдарды пайдалана отырып, мектептерде ұлттық тәлім-тәрбие беруді іс жүзіне асыратын – мектеп ұстаздары. Өкінішке орай, олар ұлттық тәлім-тәрбие беруге педагогтік жоғары оқу орындарында даярлықтан өтпеген. Осы себептерге байланысты қазір қазақ мектептерінде оқушыларға ұлттық тәлім-тәрбие беру талапқа сай жүргізілмеуде.

Көптеген ғылыми жұмыстарға, зерттеулерге талдау жасай отырып, қазақ мектептеріндегі оқушыларға ұлттық тәлім-тәрбие беру жайының көңілге толарлық еместігін анықтаған соң, оны жақсартудың бірден-бір жолы болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығы екендігіне көзімізді жеткіздік. Яғни, болашақ ұстаздардың ұлттық тәлім-тәрбие беруге арнайы даярлығын қалыптастыра отырып, оларға ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруде өзінің ұлттық, кәсіби парызын түсіндіріп, меңгерткенде айтарлықтай нәтижеге жетуге болады. Біз бұл даярлықты ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлық деп түсінеміз. Ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығы дегеніміз – кәсіби парызына сәйкес, ұлттық тәлім-тәрбиені жүргізуге қажетті білімдері, біліктілігі және қабілеттері негізінде қалыптасқан ұстаз санасының дайын күйі. Ұлттық сана-сезімінің даму деңгейі, ұлттық тәлім-тәрбие беруде міндеттерді тани білуі оның даярлығының жалпы міндетті бөлігі болып табылады. Басқалай айтқанда, бұл - ұстаздың жеке тұлғалық интегративті сипаттамасы, ғылыми-теориялық, әдістемелік және психологиялық-педагогикалық даярлықты, сонымен қатар жеке тұлғаның кәсіби қабілеттілігін, кәсіби маңызды қасиеттерін меңгеруі. Осыдан ұлттық тәлім-тәрбие беруге ұстаздың деонтологиялық даярлығын қалыптастыру оқшауландырылған үдеріс емес екенін түсінеміз, яғни бұл даярлық ұстаздың деонтологиялық даярлығына тікелей қатысты болатындығын көреміз.

Болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастырғанда ғана оқушыларға ұлттық тәлім-тәрбие беру үдерісі жақсарады және ұлттық санасы дамыған жас ұрпақты тәрбиелеу жүзеге асырылады.

Профессор К.М.Кертаеваның айтуы бойынша, ұстаз тұлғасын адамгершілік тұрғысынан қалыптастыру, яғни ұстаздың тек кәсіби сапасына ғана емес, тұлғалық сипатына, адамгершілік қасиетіне, оның моральдық бет-бейнесіне ден қою - көп көңіл аударарлық мәселе.

Жоғарыда сипатталған тұжырымдамалар ұстаз тұлғасына қойылатын заманауи талаптарға сәйкестігін көрсетеді. Бүгiнгi күнгі қоғамның қажеттілігіне сай болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастыруға себепкер тарихи, әлеуметтік, педагогикалық, психологиялық алғышарттар болды.

Зерттеу мәселесі бойынша ғылыми әдебиеттерге, деонтология, педагогикалық деонтология, болашақ ұстаздың деонтологиялық даярлығы бойынша жасалынған ғылыми еңбектерге талдау жасау зерттеліп отырған аталмыш даярлықты қалыптастыру үдерісінің теориялық моделін жасауға мүмкіндіктер берді.

Теориялық моделді жасамас бұрын зерттеу барысында сол үдеріске қатыса алатын мамандықтарды таңдап, олардың Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына; психологиялық-педагогикалық пәндер бойынша типтік бағдарламаларына, педагогикалық практика бағдарламаларына сараптама жүргізілді.

Ұсынып отырған ұлттық тәлім-тәрбиеге болашақ ұстаздың деонтологиялық даярлығын қалыптастырудың теориялық моделі 1 суретте көрсетілген. Теориялық модельді жасап шығару үшін көптеген педагогикалық үдерісті жүргізу технологияларына арналған ғалым-педагогтардың еңбектеріне талдау жасалды. Зерттелетін даярлықты қалыптастыру моделінің әдістемелік жолдары, ұстанымдары, шарттары, даярлық компонентері ғылыми еңбектерге сүйене отырып, анықталды.

Болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастыру моделінің кез келген дидактикалық процесте болатын өзара байланысқан құрамдас компоненттері бар. Оларды: мотивациялық, мазмұндық




Сурет 1 – Болашақ ұстаздың ұлттық тәлім – тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастырудың теориялық моделі

және технологиялық деп айқындадық. Осы компоненттердің өлшемдері мен көрсеткіштері анықталып, 1 кестеде көрсетілген.


Кесте 1 – Болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығының өлшемдері мен көрсеткіштері





Өлшемдер

Көрсеткіштер

Мотивациялық компонент

Болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беру қажеттілігін түсінуі

* болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беру міндеті туралы түсінігінің болуы;

* болашақ ұстаздың өзінің кәсіби мүмкіншілік туралы түсінігінің болуы

* болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беру қажеттігін түсінуі


Ұлттық сана сезімінің қалыптасып, жетілуі

* болашақ ұстазда ұлттық тәлім-тәрбие беру ерекшеліктері туралы түсінігінің болуы;

* болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге қызығушылығының тууы;

* болашақ ұстаздың ұлттық-тәлім тәрбие туралы саналы көзқарасының қалыптасуы;

* болашақ ұстаздың ұлттық сана-сезімінің қалыптасуы

*ұлтжандылық қасиеттің қалыптасуы


Болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие берудегі кәсіби парызын түсінуі

* ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге қызметінің бағыттылығы;

* ұлттық тәлім-тәрбиедегі өзектілікті сақтап қалуға ұмтылыс*

* кәсіби парыз туралы түсініктің қалыптасуы

*студенттің ұлттық тәлім-тәрбие беруге ішкі сенімінің болуы



Мазмұндық компонент

Болашақ ұстаздың деонтологиялық білімінің болуы

*педагогикалық деонтология негіздерін білу;


Болашақ ұстаздың этнопедагогиканың теориялық негіздері мен халық педагогикасынан білімінің болуы

* этнопедагогиканың теориялық негіздерін білуі;

* халық педагогикасы негіздерін білуі



Ұлттық тәлім-тәрбие негіздерінен білімінің болуы

* ұлттық тәлім-тәрбие негіздерін білуі

* ұлттық тәлім-тәрбие берудің міндетін, мақсатын, заңдылықтарын. түрлерін білуі



Технологиялық компонент

Болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруде педагогикалық іскерлігі мен дағдылары

*ұлттық тәлім-тәрбие мәселелері бойынша ақпараттарды жинап, сараптай білу;

* ұлттық тәлім-тәрбие беруде түрлі әдіснамаларды саралап, танып-білу



Ұлттық тәлім-тәрбие беруде болашақ ұстаздың жеке тұлғалық қабілеттері мен қасиеттерінің болуы

* болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие берудің заңдылықтарын, мақсатын, міндеттерін, әдістер мен құралдарын, іске асыру жолдарын білуі;

* ұлттық тәлім-тәрбие беру мәселелері бойынша курстық, дипломдық жұмыстарды орындай білу;



Ұлттық тәлім-тәрбие беруге болашақ ұстаздың креативтілігі, өзін-өзі жігерлендіру қабілетінің болуы.

* ұлттық тәлім-тәрбие беруде креативті технологияларды саралап, қолдана білу икемділігінің болуы;

*қарым-қатынастың психогигиенасының негіздерін ұтымды қолдана білуі;

* өзін өзі бақылау және өзін өзі тәрбиелеу біліктілігінің болуы;

* кез келген сәтте ұлттық тәлім-тәрбие беру үдерісін жүргізуге жолдарды таңдай білу іскерлігінің болуы



Біз мотивациялық компонентте назарымызды ұстаздың деонтологиялық өзіндік сана-сезіміне ерекше аудардық, өйткені сана тек адамға ғана тән, қоршаған ортаның заңдылықтары мен объективті тұрақты қасиеттерінің толықтай көрінуінің жоғарғы түрі бола отырып, сыртқы ортаның ішкі моделін қалыптастарады, нәтижесінде жасайтын әрекеттерді және олардың нәтижелерін алдын ала болжамдап, қоршаған шындықты қайта қарап түсінуге әкеледі, ол өзкезегінде адамның әрекеттері мен мінез-құлқын саналы реттеуді қамтамасыз етеді. Ұлттық тәлім-тәрбие беруге даяр ұстазды тек қана деонтологиялық сана-сезім жетелейді. Сондықтан, аталмыш даярлықтың мотивациялық компоненті ұлттық тәлім-тәрбиенің қажеттілігін түсінумен, балалармен қарым-қатынас жасауда сүйіспеншілік, шыдамдылық, ықыластық танытып, сонымен қатар, өзінің ұстаздық парызын түйсінумен, өздігімен білімін жетілдіруге ұмтылуымен сипатталады.

Біз зерттеп отырған даярлық құрылымның мазмұндық компонентіне педагогикалық деонтология, халық педагогикасы мен этнопедагогиканың теориялық негіздері арқылы ұлттық тәлім-тәрбиенің міндеттерін шешу үшін қажетті теориялық білім көлемін игеру енеді. Сонымен қатар, ұлттық тәлім-тәрбие түрін педагогикалық деонтология ұстанымдарына сай орната білуді меңгеру болып табылады.

Зерттеуіміздегі технологиялық компонент ұлттық тәлім-тәрбие беруде болашақ ұстаздың педагогикалық іскерлігі мен дағдыларының, жеке тұлғалық, соның ішінде жүріс-тұрысын, мінез-құлқын саналы басқару қасиеттерінің, креативтілігінің және жігерлену қабілеттерінің жетіліп, дамуын қамтиды.

Болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығы оның тұлғалық қасиеті болып табылады. Сондықтан оны қалыптастыру жоғары оқу орнының педагогикалық үдерісінде кешенді жүзеге асыруды қажет етеді.

Осының бәрін ескере отырып, алдымызға қойылған міндеттерді толығымен тексеру, шешу және ғылыми болжамның дұрыстығын тексеру мақсатында бірнеше мамандықтар бойынша эксперименттік жұмыс жүргізілді (050103 – Педагогика және психология, 050607 – Биология).

Эксперимент нәтижелері жан-жақты болу үшін, даярлық деңгейлері әр қилы жоғарыда аталған мамандықтың 163 студенттері қамтылған.

Педагогикалық эксперимент келесі кезеңдерден тұрды:

- айқындаушы эксперимент (наурыз 2006 ж. – мамыр 2007 ж.);

- қалыптастырушы эксперимент (қыркүйек 2007 ж. – мамыр 2010 ж.).

Эксперименттің міндеті: білім және тәрбие беру процесінде болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастырудың теориялық моделінің тиімділігін тексеру. Яғни, «Болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығы» арнайы курсын, «Мамандыққа кіріспе», «Педагогика», «Этнопедагогика», «Педагогиканы оқытудың әдістемесі», «Педагогика және психология», «Биологияны оқытудың әдістемесі» пәндерінің, «Тәрбие теориясы», «Тәрбие жұмысының әдістемесі» арнайы курстарының СОӨЖ, СӨЖ тақырыптарына қосымшалар енгізу арқылы педагогика және биология мамандығы студенттерінің білімін, іскерліктері және дағдыларын қалыптастыру.

Педагогикалық эксперименттің айқындаушы деңгейлері 2006/2007 оқу жылында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің жоғарыда аталған мамандықтар студенттерімен өткізілді. Эксперименттің дәлелділігін жоғарылату мақсатында бақылау және эксперимент топтары ажыратылды.

Айқындаушы эксперименттің мақсаты – ЖОО-ның тәжірибесінде болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастыру жөніндегі жұмыстардың деңгейін зерттеу.

Сонымен бірге ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын адамның тұлғалық қасиеті ретінде қарастыра отырып, оның мүмкін болатын даму деңгейлері (төмен, орта, жоғары) анықталды.

Болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығының қалыптасуының бастапқы деңгейін анықтау үшін ұсынған теориялық модельді іске асырудың әдістер кешені жасалды (2-кесте). Оның ерекшелігі – педагогика және психология ғылымдарының зерттеу әдістерін кешенді қолдану арқылы қалыптасқан жағдайды шынайы айқындау болып табылады. Қалыптастырылатын феноменнің тұлғаның даралық қасиеті болып табылатынын ескеру біздің модельдің негізін құрайды.

Шынайы нәтижелерге қол жеткізу үшін болашақ ұстаздың тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығы әдістер кешенін қолдану арқылы бірнеше рет тексерілді. Әңгімелесу, бақылау, байқау, сауалнама, тестілеу, іс-әрекет өнімдерін зерттеу әдістері кеңінен қолданылды.


Кесте 2 – Болашақ ұстаздардың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығының даму деңгейін зерттеудің әдістер кешені




Даярлық компоненттері

Зерттеу әдістері

1

2

3

1

Мотивациялық

Психологиялық тестілер, сауалнама, әңгіме, коммуникациялық және кәсіби қабілеттері мен ұлтжандылық, патриоттық сезімдерін тексеру сауалнамалары

2

Мазмұндық

Сауалнама, әңгіме, байқау, тестілеу

3

Технологиялық

Сауалнама, әңгіме, іс-әрекет өнімдерін зерттеу

Эксперимент барысында әр мамандық бойынша жеке-жеке бақылау кесінділері өткізіліп, нәтижелері жеке шығарылып, содан кейін ортақ мән айқындалды.

050103–Педагогика және психология мамандығы студенттерінің ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлық деңгейін анықтау бойынша айқындаушы эксперимент нәтижелері студенттердің 80 пайызынан астамында бұл даярлық төмен деңгейде қалыптасқандығын, тек олардың 18,5 пайызының ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығының дамуы жоғары деңгейде екендігін көрсетті. Сонымен қатар алынған нәтижелер компоненттер бойынша деңгейлердің әрқилылығын дәлелдейді.

050607–Биология мамандығы студенттерінің көрсеткіштері де осыған шамалас болды.

Бұл жағдай осы мамандықтардың дайындық деңгейінің шамаластығын, оқылатын пәндер ауқымының ортақтығын және осы мамандықтар бойынша кәсіби даярлау деңгейіне қойылатын талаптардың бірдейлігін көрсетеді.

Әр мамандықтар бойынша мәліметтер жиналған соң оның ортақ мәні шығарылды (3-кесте).


Кесте 3 – Мамандықтар кесіндісінде болашақ ұстаздардың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығы деңгейінің орта көрсеткіштері (айқындаушы эксперимент) (% есебімен)





Мамандықтар

Төмен деңгей

Орта деңгей

Жоғары деңгей

1

050103 – Педагогика және психология

49,55

35,13

15,31

2

050607 – Биология

46,57

36,76

16,67

Студенттердің ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығы деңгейі бойынша орта мән (% есебімен)

48,06

35,95

15,99

Мамандықтар кесіндісінде болашақ ұстаздардың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығы деңгейінің орта көрсеткіштері жұмысты қалайша жүргізу керектігін анықтауға көмектесті. Яғни, зерттелетін даярлықты қалыптастырудың педагогикалық шарттарын анықтау арқылы алдын ала жасалған теориялық модельдің негізінде педагогикалық жүйе құрастыру қажеттігі туды.

Ұсынылған теориялық модельді іске асыру үшін болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығының кезеңдік жобасы жасалды. Онда жоғарыда айтылып кеткен мамандық студенттерінің 1 курстан бастап диплом алғанға дейінгі кезеңде үздіксіз педагогикалық үдеріс негізінде ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастыруға қажетті білімдері мен біліктіліктерін арттыру шаралары қарастырылып, жүргізіледі.

Біз сананы тәрбиелеудің педагогикадағы үш негізгі жолын, яғни сендіру, жұқтыру, еліктетуді басшылыққа ала отырып, болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастырудың әдістемесін айқындадық. Сендіру жолын іске асыру үшін бірнеше пәндердің мазмұны диссертация тақырыбына сәйкес толықтырылып, СОӨЖ, СӨЖ тақырыптарына қосымшалар енгізілді. Сонымен қатар, «Болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығы» атты арнайы курс бағдарламасын жасадық. Аталған арнайы курс 6-семестрде, 4-курс студенттеріне педагогикалық практикаға дейін өтіледі. Арнайы курс 45 сағатқа шақталған. Оны өту барысында педагогикалық деонтология ұғымы, ұстаздың кәсіби парызының мазмұны, деонтологиялық даярлық моделі, деонтологиялық даярлықтың қажеттілігі, ұлттық тәрбие ұғымы, ұлттық тәрбиені қалыптастыру жолдары, ұлттық сана-сезім ұғымы, ұлттық тәрбие берудің әлеуметтік қажеттіліктері, ана тіл, ұлттық тәрбие мен ана тілдің байланысы, ұлттық тәрбие беру құралдары мен әдістерінің дамуы, әдістердің түрлері, олармен жұмыс істей білу мүмкіншіліктері, қазақтың ұлттық тәрбие ерекшелігі және тағы басқа да материалдар баяндалады.

Кезеңдік жоба бойынша даярлықты қалыптастыру үдерісі 4 кезеңнен тұрады. Әрбір кезеңнің барысында студенттердің зерттелетін даярлығын жоғарыда айтып кеткен пәндердің СОӨЖ, СӨЖ тақырыптарына қосымшалар енгізу, арнайы курсты жүргізу, сонымен қатар зерттелетін тақырыптарға сәйкес ғылыми жобаларды жүргізу, ғылыми конференциялар, пікірсайыстар өткізу, курстық, дипломдық жұмыстар дайындау іс-шараларын қамтиды.

Жұқтыру мен еліктету үшін жоғарғы оқу орнының профессорлық-оқытушы құрамының бойында сол қабілет-қасиеттер болу керек екені және мақсатқа сәйкес іс-шараларды өткізу қажеттілігі күмән тудырмайды.

Сонымен, біз теориялық талдаулар жасау және айқындаушы эксперимент нәтижелерін талдау барысында мынадай қорытындыға келдік:

а) зерттелетін даярлықты қалыптастыру арнайы жасалған кезеңдік жоба арқылы іске асырылуы қажет;

ә) кезеңдік жобаның үдерісі барысында тиісті пәндердің СОӨЖ, СӨЖ тақырыптарына зерттеу пәніне байланысты қосымшалар енгізу керек;

б) қалыптастырылатын феномен бойынша жасалынған арнайы курс педагогикалық үдерісі барысында өткізілуі тиіс;

в) аудиториядан тыс жұмыстарда қалыптастырылатын феноменді қамтитын жұмыстар қарастырылуы тиіс.

Міне, осылар болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастырудың педагогикалық шарттары болып табылады. Педагогикалық шарттар дегенді ішкі талаптардың қажетті жиынтығы деп түсінер болсақ, олардың қанағаттандырылуы өзімізге қажетті нәтижеге жетуді қамтамасыз етеді

Педагогикалық шарттар анықталғаннан кейін зерттеу логикасы бойынша қалыптастырушы эксперимент өткізілді.

Қалыптастырушы эксперименттің мақсаты - болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастырудың теориялық моделін жоғары оқу орнының педагогикалық үдерісінде тәжірибелік-эксперименттік байқаудан өткізу болып табылады.

Сонымен, зерттеу жұмысының қалыптастырушы эксперимент барысында болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастыру үшін аталмыш даярлықты қалыптастырудың теориялық моделі мен әдістемелік кешенін сыннан өткіздік. Эксперимент түрлі әдістерді қамтыған әдістеме арқылы жүргізілді. Бұл деңгейдің салыстырмалы түрде төмендігі оны келесі сапалы деңгейге көтеру қажеттігін туғызды. Ол үшін оны қалыптастырудың мәні анықталып, теориялық модель жасалды. Бұл модельді тұтастық педагогикалық үдерісте жүргізу мақсатында педагогикалық шарттары анықталды. Бірінші педагогикалық шартқа сәйкес болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастырудың кезеңдік жобасы нақтыланды. Ең алдымен осы процеске қатысатын студенттер таңдалып, екінші педагогикалық шарт бойынша мамандықтардың оқу жоспарларына бірнеше пәндердің СОӨЖ, СӨЖ тақырыптарына қосымшалар енгізілумен қатар, үшінші педагогикалық шартқа сәйкес «Болашақ ұстаздың ұлттық тәлім тәрбие беруге деонтологиялық даярлығы» атты арнайы курсы ендірілді. Дидактикалық блокты қамтамасыз етумен бір уақытта аудиториядан тыс шаралар арқылы білім алушылардың аудиториялық жұмыстар барысында алған білімдері мен іскерліктерін дағдыға айналдыру мақсатында жұмыстар өткізіліп төртінші педагогикалық шарт іске асты. Бұл педагогикалық шарттарды іске асыру барысында даярлық моделінің үш компоненті бойынша өлшемдер мен көрсеткіштері нақтыланды. Бұл компоненттердің көрсеткіштері түрлі әдістер арқылы айқындалды. Солардың ішінде проблемалық баяндау, ғылыми жобалар жасап, қорғау, зерттеушілік әдістері кең қолданылды. Зерттелетін даярлықты қалыптастыруда арнайы курсты оқыту барысында қолданылған негізгі ұйымдастыру формалары: дәріс сабақтары, семинар, практикалық сабақтар болды. Әсіресе проблемалық семинар, дөңгелек үстел, пікірталастар ұйымдастыру нәтижелі екендігін көрсетті. Ұйымдастыру формаларының ішінде студенттердің өзіндік жұмыстары мен студенттердің оқытушылармен өзіндік жұмысы негізгі орынды алады. Өйткені ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қамтитын тақырыптардың көпшілігі педагогикалық пәндердің және арнайы курстардың СОӨЖ, СӨЖ тақырыптарына қосымшалар ретінде енгізілді. Студенттердің алған білімдері мен біліктіліктерін бағалау мен бақылау даярлыққа сәйкес тақырыптар бойынша сауалнама, психологиялық тесттер, сынақ тесттері, бақылау жұмыстары және т.б. арқылы жүргізіліп, сыналды.

Айқындаушы эксперименттің нәтижелері және теориялық модель біз ұсынып отырған болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастырудың педагогикалық жүйесін тәжірибеден өткізіп, тексеруге бағытталған қалыптастырушы эксперимент кезеңін жоспарлауға және өткізуге негіз болды. Бұл міндетті шешу үшін жұмыс нәтижелерінің дәлелділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ғылыми-педагогикалық зерттеу әдістер кешені қолданылды. Зерттеу барысында нормативті, оқу-әдістемелік құжаттар, оқу процесінің ұйымдастырылуын бақылау, анкета жүргізу, тестілеу, бақылау тапсырмалары, т.б. пайдаланылды.

Болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастырудың мотивациялық компонент дамуының жоғары деңгейінің көрсеткіштері бақылау және эксперименттік топтар арасындағы айырмашылығы 23,21 пайызды құрайды, яғни эксперименттік топтың көрсеткіші жоғары. Керісінше, эксперименттік топтағы төмен деңгей бақылау тобына қарағанда 13,76 пайызға төмен.

Ал болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығының мотивациялық компонентінің орта деңгейіндегі бақылау тобындағы студенттердің көрсеткіштері 42,95 пайызды құраса, эксперименттік топтағы осы көрсеткіш 33,5 пайызды көрсетеді. Яғни, орта деңгейде топтар арасында айта қаларлықтай айырмашылық жоқ.

Мазмұндық компонент бойынша да даярлық деңгейінің өсімі 20 пайыздан артық. Мұндай айырмашылық бақылау тобындағы төмен деңгейдің басымдығымен және эксперименттік топтағы жоғары деңгейдің өсуімен қамтамасыз етілген.

Болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығының технологиялық компонент көрсеткіштері тұрақты түрде өскен. Эксперименттік топтағы төмен деңгей көрсеткен студенттердің үлес салмағы 19,55 пайызға төмендеп, тиісінше технологиялық компоненті орта деңгейіндегі студенттердің үлес салмағы 43,67 пайызды және жоғары деңгейдегі студенттердің үлес салмағы 40,5 пайызды көрсетті. Бақылау тобындағы студенттермен салыстырғандағы айырмашылық елеулі өскені көрінеді.

Сонымен, ұсынылып отырған болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастыруға бағытталған педагогикалық жүйені жүргізудің тиімділігі қалыптастырушы эксперимент кезінде анықталды. Эксперимент мәліметтерін өңдеу барысында алынған нәтижелер осыны дәлелдейді.

Енді жоғарыда берілген мәліметтерді бір қалыпқа түсіріп, ортақ мәндерін шығарайық (4-кесте, 2-сурет).

Кестеден көріп отырғанымыздай, болашақ ұстаздардың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығының қалыптасу деңгейі бойынша орта мәндердің айырмашылығы ұсынылған педагогикалық жүйенің тиімділігін дәлелдейді. Мысалы, эксперименттік топтағы студенттердің 43,64 пайызы жоғары деңгейді көрсетті, ал бақылау тобындағы осы көрсеткіш 22,24 пайызға тең (+21,40), бұл дегеніміз – деңгей екі есеге дейін өскен.
Кесте 4 – Болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығының компоненттері бойынша көрсеткіштері (% есебімен)





Ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлық компоненттері

Бақылау тобы

Эксперименттік топ

Төмен деңгей

Орта деңгей

Жоғары деңгей

Төмен деңгей

Орта деңгей

Жоғары деңгей

1

Мотивациялық

35,33

42,95

21,72

21,57

33,5

44,93

2

Мазмұндық

35,82

42,87

21,31

19,41

35,1

45,49

3

Технологиялық

35,38

40,92

23,7

15,83

43,67

40,5

Студенттердің ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлық деңгейі бойынша орта мән

35,51

42,24

22,24

18,93

37,42

43,64


Сурет 2 – Болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығының компоненттері бойынша көрсеткіштері (% есебімен)
Ал эксперименттік топтың студенттері көрсеткен төменгі деңгей 18,93 пайызды құраса, бақылау тобында бұл көрсеткіш 35,51 пайызды көрсетіп тұр (-16,58), орта деңгей тиісінше 37,42 (эксперименттік топ) және 42,24 (бақылау тобы) пайызды көрсетеді (-4,82). Сонда енгізілген педагогикалық жүйе тиімділігінің орта мәні пайыз есебімен +19,91 пайызды құрайды.

Ұсынылған педагогикалық жүйені эксперименттен өткізу нәтижесінде келесілер айқындалды:

- болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беру, педагогикалық деонтология, этнопедагогиканың теориялық негіздері мен халық педагогикасы аясында теориялық білім деңгейі жоғарылады;

- болашақ ұстаздың кәсіби іс-әрекетінде ұлттық тәлім-тәрбие беру бойынша саналы түрде қажетті білім және іскерлік қажеттілігі туындады.

Болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастырудың педагогикалық жүйесі студенттердің оқу-практикалық іс-әрекеттерін белсендендіруге мүмкіндік берді; студенттердің кәсіби оқытуын жетілдіруге ынтасын тудырды; кәсіби білімін жетілдіруге қажетті білім, білік және дағдыларды, ұлттық тәлім-тәрбие беруде қажетті біліктер мен білімдерді игеруге қызығушылықтарын арттырды; ұлттық тәлім-тәрбиенің қоғамдық мәнін саналы түрде сезінуге мүмкіндік берді; деонтологиялық даярлықты қалыптастырудың бүгінгі күнгі маңыздылығын дәлелдеді.

Орындалған зерттеу нәтижелері жоғары оқу орнында педагогикалық мамандық студенттерінің тұлғалық және кәсіби маңызды қасиеті ретінде ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастырудың жаңа технологиялары мен әдістерін болашақта жасауға негіз болатынына сенім артамыз.





Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет