Тақырыбы: Эстетика, өнер, сөз өнері туралы негізгі
1-дәріс.
Тақырыбы: Эстетика, өнер, сөз өнері туралы негізгі
тұжырымдар
Эстетика туралы негізгі тұжырымдар.
Эстетика туралы орта ғасырдағы пайымдаулар
Мақсаты: Эстетика туралы мағлұмат беру, орта ғасырдағы негізгі тұжырымдарды
саралау. Халықшылдық эстетика, оның негізгі ұстанымдары туралы
тұжырымдарды саралау.
1. Эстетика, негізгі аспектілері
2. Әдемілік теориясы мен асқақтық
3. Эстетикадағы шығыстық бағдар
4. Халықшылдық эстетиканың тағылым, талаптары
Негізгі ұғымдар: эстетика, объект, субъект, әдемілік теориясы, асқақтық,
халықшылдық эстетика, типология, генезис, ұлт әдебиеті, дионистік
көзқарас.
Дәріс (тезис).
Орта ғасыр эстетикасында діни, құдайшылық сарындар жетекші сипатта
болды.
Көне грек тіліндегі эстетика сөзінің бастапқы мағынасы есту және көру
арқылы сезіну дегеннен туындайды.
Эстетиканың екі аспектісі бар: объективтік (заттық) және субъективтік
(эмоционалдық). XYIII ғасырдың ортасында эстетика ғылыми-философиялық
пән ретінде танылды. Оның негізін салған неміс философы А.Баумгартен
болды. Оның екі томдық “Эстетика” (1750, 1758) деген трактаты бар. Ол
эстетиканы сезімдік таным түрінде, сұлулық жөніндегі ілім деп таныды.
Эстетикалық ойлар Еуропада ежелгі дүниеден бастап қалыптасты. Ол
Платоннан Аристотельге дейін, одан Гегельге дейін әмбебап (универсалды)
сипатымен танылды. Сұлулықтың күнделікті (онтологиялық) мағынасы, ең
алдымен айқындылық, реттілік болып табылады. Одан кейінгі дәуірлерде ол
жарасымдылық (гармония), теңгермелік, тыныштық болып таныла бастады.
Яғни, сұлулықтың астарында реттілік категориясы, әр заттың өз орнында
болуы түрінде көрініс берді.
Әдемілік теориясы (теория прекрасного) Германияда XYIII-XIX ғасырларда
орнықты. Бұған байланысты екі көзқарас болды: Гегель көне және орта ғасыр
эстетикасына сүйене отырып, “әдемілік пен шынайылық” бір деп қарастырды.
Ал, Кант Гегельге дейінгі бірнеше ондаған жылдарға дейін басқаша пікірде
болды. Оның пікірінше “әдемілік затқа оның формасы арқылы беріледі. Яғни,
эстетиканың мазмұны мен формасы айқындалды.
Ежелгі және орта ғасырларда асқақтық қасиеті орнықты. Асқақтық Э.Берк
пен Канттың ойынша күштілік болып табылады. Шиллер болса, Кантты
толықтыра отырып, оны адамзат дүниесімен, оның көзсіз ерліктерімен
байланыстырды.
Ал, XX ғасырда асқақтық ұғымы форма түрінде беріліп, неғұрлым
қарапайым тұрмыстық, сезімдік реңк алды. Шиллердің ұғымында асқақтық
жекелік сипат алса, дионистік көзқарас соған ұқсай отырып, халықтың
қайғысымен, әрекетімен көрінеді. XX ғасырда дионистік көзқарас
(подвластность человека силам стихийным) Ницшенің еңбегінің арқасында
маңызды эстетикалық категорияға айналды.
“Өмір, әлем суреті” категориясы түсініктер жүйесінің күрделі түрдегі
бөлшектенуін көрсетеді. Өмірді танудың классикалық үлгісі ол тұрмысты
реттелген, жарасымды, үйлесімдік түрінде көру. А.Потебняның анықтауынша
(“Слово и миф” еңбегі, М., 1989) адам әу бастан барлық жерден бүтіндікті,
дайын, жетілген затты көргісі келеді.
Әлемді классикалық тұрғыда тану мәселесіне романтизм дәуірінің
ойшылдары мәнді өзгерістер енгізді. Шлегель “Драмалық өнер мен әдебиет
туралы оқу” (“Чтение о драматическом искусстве и литературе”) еңбегінде
қазіргі заман мен өнер қарама-қайшы, ежелгі замандағы “гармониялық
ашылымдар” “хаосқа деген құпия тартылуды” байқаған. Яғни, физика
ғылымындағы жаңалықтар, дүниежүзілік соғыстың қасіреті, тоталитарлық
режим, экологиялық дағдарыс осының бәрі қоғамның назарын тұрмыстық
қозғалыс пен үйлесімділіктің (гармония) бұзылуына аударды. Осыдан келіп
тұрақсыз, ұсақталған, бос, адамға жау көзқарас белең алды. Сөйтіп, Ницшенің
пікірінше, тұрақталған тұрмыс жоқ, ол ойдан шығару деген пікір туындады.
Сонымен, көптеген ғасырлар бойы эстетиканың объективтік, тұрмыстық
жағы ғана философтар мен ғалымдардың назарын аударып келсе, XYIII-XIX
ғасырдан бастап, ғылыми-философиялық ойшылдыққа, одан субъективтік,
гносеологиялық (таным туралы), психологиялық қабылдауға ойыса бастады
да, эстетикалық түрде баға беру, талқылау, эмоция мәселелері белгілі болды.
Эстетикалық эмоцияны алғаш рет қарастырған Кант болды. Ол “Талқылау
қабілетіне сын” (“Критика способности суждения”,1790) трактатының бірінші
бөлімінде “талғам”, “пікір”, “баға”, “эмоция” сияқты ұғымдарды ашады. Кант
эстетикаға назар аудара отырып, алдыңғы зерттеушілерден өзгешелігі
эстетикалық қабылдаудың субъективті белсенділігін алдыңғы кезекке
шығарды. Бұл XIX-XX ғасырлардағы мәдени-тарихи даму ағымына толық
сәйкес келді. Канттың концепциясы Жаңа заман эстетикасы тарихында
бетбұрыс кезең болды. XX ғасырда көптеген теоретиктер эстетиканың
субъективтік жағын барынша қолдады. Бұрын сұлулық, асқақтық,
аполлондық, дионистік деген терминдер басым болса, енді эстетикалық
қатынас, көру, эстетикалық тәжірибе, көзқарас, функция дегендер қолданыла
бастады.
Орта ғасырда Азия, Африка, Үнді жерлерінде мұсылман мәдениеті
жасалды. Мұсылман философиясының бастауы жалқы болған жоқ. Ол
алдымен, YI ғасыр соңындағы араб мәдениеті, христиан және иудистік
идеялардың алмасуының нәтижесі болса, екіншіден, ислам дінінің
интеллектуалды деңгейі, үшіншіден, парсы, түрік тілдес ұлттық мәдениеттің
қалыптасуы және жетілуімен бірлікте болды.
Орта ғасырда Сирия мәдениетінің өкілдері әлемдік өркениетте өз орнын
иеленді. Сирия мемлекеті Византия мен Иранның саяси күресінен өзін алшақ
ұстап, біртіндеп Шығыс пен Батыстың арасын жалғастыратын мәдени ортаға
айналды. Сириялықтар арқылы арабтар антикалық ғылыми мұраларымен,
әсіресе, Платон, Аристотель, Гален, Гиппократ және басқа белгілі
ойшылдардың еңбектерімен танысты. Орта ғасыр эстетикасында діни,
құдайшылық сарындар жетекші орын алды. Ислам философтары құдайға
қандай да бір келбет беруге қарсы болды. Олардың ойынша, “құдайда дене де,
рух та, түр де, субстанция да жоқ. Ол бөлінбейді”. Ежелгі грек ілімдерінің
таралуы ғылымды өркендетіп, оның жаңаша жетілуіне әсер етті. Түркі тектес
тайпалардан білім, ғылымға ұмтылған адамдар шықты. Әл-Фараби (950-1870)
адамды болмыстың төртінші сатысына жатқызады. Адамның жетістігі оның
ойлау қабілетінде. Ойлану объектісі іске асса, ол жетістік. Жетістікпен адам
жетіледі, бақытқа жетеді Мәселен, Ибн-Сина (980-1037) “бірінші парасатты
субстанцияны жаратты. Парасатты субстанция аспан заттарын жетілдірді.
Парасатты субстанцияның болмыс желісі сезімтал, саналы жанмен бітеді”
дейді. Ибн Халдун (1332-1406) Тунисте, Египетте медреседе мұсылман
құқығы бойынша дәріс берген. Ол өмірге бейімделе білуге ерекше назар
аударған. Оның ойынша дін ғылымы мен рәсімін игермей, адамды өмір сүру
тәсіліне үйретпей, тарихты жергілікті табиғи байлықпен және мәдениетпен
ұштастырмай өркениетке жетуге болмайды. Ахмет Иассауи (XII ғ.) ақын,
ойшыл, сопылық ағымның ірі өкілі. “Диуани Хикмет” кітабында жан
тазалығын, діни имандылықты, ізгілікті насихаттайды. Ахмет Иүгінеки (XII-
XIIIғ.) “Ақиқат сыйы” кітабында адам бойындағы әр түрлі қасиеттерді
саралап, білімпаздық мен надандықты, жомарттық пен сараңдықты, дос пен
дұшпан туралы кеңес айтып, адамгершілікке үндейді. Осы еңбектерде және
М.Қашғаридің “Диуани лұғат ат түрк”, Ж.Баласағұнның “Құтадғу біліг”
еңбектерінде жалпы адамға тән асқақ ой, кемелділік, биік әсердің көрінісі,
ізгілік секілді ұғымдар кең көрініс берді.
“Халықшылдық” деген жалпы өнердің халықтық мүддені қозғауы,
халықтық көзқарасқа жақындауы. Григорьевтің әдеби-сын еңбектерінде
халықшылдық мәселесі көрнекті орынға ие болды. Оның 1861 жылы жазылған
“Пушкин өлімінен бастап, біздің әдебиетіміздегі халықшылдықтың дамуы”
деген мақалалар тізбегінде ол ең алдымен, халықшыл сипаттағы туындылар
отандық дәстүрден, халықтық салт-ғұрыптардан, отбасылық, туыстық
бастаудан нәр алған туындылар” дейді. Шындығында сонау фольклор
туындыларынан бастасақ, фольклор мұралары синкретті өнер түрінде халық
шығармаларынан бастау алады. Мәселен, халқымыздың ежелгі шежіресі
секілді байырғы әдеби жәдігерлер негізінде қазақ эпосының түп төркінін
зерделеу, көне түркі жазба әдебиет үлгілерімен тарихи сабақтастығын
түркітану, этнография, археология, этногенезбен байланыстыра отырып,
жанрын, типологиясын, генезисін айқындаған іргелі зерттеулер туды.
Өнер - адамның іс-әрекеті мен қоғамдық сананың ерекше түрі. Болмысты
нақты деректер арқылы танып-білуді мақсат ететін ғылымнан өнердің баста
ерекшелігі, ол өнердегі шындықты көркем образдар арқылы қабылдап,
бейнелейді. Ерте заманғы адамдардың өмір туралы ұғым, түсінігі, көзқарасы,
жаратылыс жұмбағын түйсіну ерекшелігі, сәбилік сана, сезім, әсіресе, ауызша
тарап, жеткен аңыз-әңгімелерден, мифологиялық үлгілерден тарайды.
Мифология табиғатты үрейлі құбыжық, алыптар, жын-перілер түрінде
тәңірдей табынар сұрапыл күш, құдіретте ғана саятын алғашқы қауымдық
қатынас кезіндегі дүниетаным болып табылады.
Адамзат қоғамы жаратылыстан, жануарлар дүниесі, ғарыш тылсымынан
ажырамаған кез еді. Жер бетіндегі тіршілік тең қарастырылған. Жанды,
жансызды тәңір тұту (тотемдік), жануарлар дүниесімен сабақтастық, сәбилік
түсінік, бәріне сену, ырымшылдық пайда болды. Табиғатқа адами қасиеттер
(антропоморфистік) өрістеді, жер құдайы, көк тәңірісі, су тәңірі, жер асты
әлемінің құдыреті деген ұғымдар орнықты. Мәселен, гректердің әйгілі Орфей
аңыздарында әнді орман, өзен, жасыл алқап ұйып тыңдаған. Әншінің жыр,
сазымен жартас, тауларды жылжытып, жыртқыш хайуандарды жуасытуға
болады делінген. Сөйтіп, анимистикалық (жан бітірушілік), тәңірлік
(тотемдік), киелілік (фетишизм), сиқырлылық өрістеді. Сонымен қатар оғыз
және қазақ эпостарында ежелгі арнасы бір мтивтердің қатарында болашақ
қаһарманның дүниеге келуі және оған ат қоюмен байланысты туралы
түсініктер бар. Бұл мәселелерді В.М.Жирмунский, Б.Н.Путилов, Х.Короглы
зерттеулерінде жан-жақты қарастырады.
Ұлт
әдебиетінің тарихи бастаулары ежелгі дәуір мұраларымен
сабақтастықта зерттеу бағытындағы келелі істердің рухани түлеудегі кемел
маңызы филология ғылымы, соның ішінде қазақ фольклористикасының озық
әдістер ұстанып, кешенді зерттеулер жүргізу барысында соны сипатқа ие
болды. Әдебиетші ғалымдар қазақ фольклористикасының даму жолдарын,
халық ауыз әдебиетінің жанрлық табиғатын, фольклорлық мұралардың тарихи
бастауларын, генезисі мен типологиясын (Е.Тұрсынов) айқындай бастады.
Тұжырымдама
1. Халықшылдық-жалпы өнердің халықтық мүддені қозғауы, халықтық
көзқарасқа жақындауы
2. Фольклор мұралары синкретті өнер түрінде халық шығармаларынан
бастау алады. Мәселен, халқымыздың ежелгі шежіресі секілді байырғы әдеби
жәдігерлер негізінде қазақ эпосының түп төркінін зерделеу, көне түркі жазба
әдебиет үлгілерімен тарихи сабақтастығын түркітану, этнография, археология,
этногенезбен байланыстыра отырып, жанрын, типологиясын, генезисін
айқындаған іргелі зерттеулер туды.
Достарыңызбен бөлісу: |