К.Н. Макашева, Ж.А.Тауасарова
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,
халықаралық қатынастар факультеті, Қазақстан, Алматы қ.
E-mail: zhuldyz1990@mail.ru
ЕУРОПАЛЫҚ ОДАҚТАҒЫ ІШКІ ҚАЙШЫЛЫҚТАР МӘСЕЛЕЛЕРІ
Мақалада Еуропалық Одақтағы ішкі аймақтық қайшылықтар мәселесі және олардың еуропалық интеграцияға әсері сарапталады. Еуропалық Одақтағы интеграциялық үрдістің тереңдеуінің нәтижесінде бірлестіктің ішінде топтасулар пайда болды. Бірлестіктегі аймақтану үрдісіне кешенді сипатқа ие ішкі дифференциация әсер етуде. Авторлар еуропалық мемлекеттерді 7 мәдени-географиялық субаймаққа жіктеу арқылы ЕО-ның әртектілігіне баса көңіл аударады. Соңғы халықаралық оқиғалар аймақтық дисбаланс пен сыртқы және ішкі саясаттағы бірліктің жоқтығын айқындады. Саяси ұстанымдар мен мемлекеттік мүдделер бойынша ЕО мүшелері 4 топтасуға біріктіріледі. Мақалада ЕО-дағы аймақтану үрдісі еуроцентризмнің әлсіреуі және ұлттық мемлекеттердің нығаюы ретінде қарастырылады. Зерттеу нәтижесінде авторлар ЕО-да кең көрініс тапқан ішінара келіспеушіліктер мен аймақаралық өзгешеліктер ұйымның тиімді қызмет етуіне кері әсерін тигізе отырып, әлемдік аренада ықпалды күш болуына кедергілер тудырады деген қорытындыға келді.
Түйін сөздер: Еуропалық Одақ, дифференциация, аймақтық топтасу, интеграциялық үрдіс, аймақтану, еуроцентризм, еуропалық біртектілік.
K.N. Makasheva, Zh.Tauassarova
The problems of internal contradictions in the European Union
This article analyzes intraregional contradictions in the European Union and its impact on the organization. Deepening of the integration processes led to creation of blocks inside the union. Internal comprehensive differentiation affects the process of regionalization. The authors classified European countries by 7 cultural and geographic areas, focusing on diversity (heterogeneity) of the EU. Regional imbalances and lack of unity in the domestic and foreign policy developed in the course of recent international events. In terms of political and public interests the EU countries could be divided into 4 groups. In this article the process of regionalization is seen as weakening the Eurocentrism and consolidation of national states. As a result, the authors concluded, that the internal differences and interregional contrast negatively affect activity of the organization, thereby preventing emerging of the European Union as one of the world most powerful forces.
Key words: European Union, differentiation, regional groups, integration process, regionalization, eurocentrism, european identity.
К.Н.Макашева, Ж.А.Тауасарова
Проблемы внутренних противоречий в Европейском Союзе
В статье анализируются внутрирегиональные противоречия в Европейском Союзе и их воздействие на деятельность организации. Углубление интеграционных процессов привело к созданию блоков внутри объединения. На процесс регионализации влияет внутренняя дифференциация, которая носит комплексный характер. Авторы (классифицируют) разделяют европейские государства на 7 культурно-географических зон, акцентируя внимание на разнородности (гетерогенности) ЕС. В ходе последних международных событий были проявлены региональный дисбаланс и отсутствие единства во внутренней и внешней политике. По политическим позициям и государственным интересам можно объединить страны ЕС на 4 группировки. В статье процесс регионализации рассматривается как ослабление евроцентризма и консолидация национальных государств. В итоге исследования авторы пришли к выводу, что внутренние разногласия и формирование региональных группировок негативно воздействуют на интеграционные процессы, тем самым препятствуя становлению Евросоюза влиятельной силой на мировой арене.
Ключевые слова: Европейский Союз, дифференциация, региональные группировки, интеграционный процесс, регионализация, евроцентризм, европейская идентичность.
Қазіргі интеграциялық үрдістер ғасырында Еуропалық Одақ әлемдегі ең сәтті жүзеге асқан интеграциялық бірлестік ретінде белгілі. Дегенмен, бүгінгі таңда Еуропалық Одақ өз тарихындағы ең күрделі кезеңді бастан кешіруде. «Біртұтас Еуропаның» өзекті мәселелерінің бірі - мемлекеттер мүдделеріндегі қарама-қайшылықтар.
Интеграциялық үрдістің тереңдеуі ұйымның ішінде аймақтық топтасулардың құрылуына алып келді. Еуропалық Одақтың ішіндегі мұндай бөліністерге экономикалық, саяси, мәдени, тарихи, географиялық факторлар әсер етуде. ЕО-дағы ішкі дифференциация мен қайшылықтардың болуы заңдылық – Еуропалық Одаққа кіретін 28 мүше-мемлекеттер біркелкі емес және әрқайсысының өзіндік ұлттық ерекшеліктері бар. Мүше-мемлекеттер саны өскен сайын мемлекеттердің ұстанымдары мен мүдделеріндегі қайшылықтар айқындалып, ұйымды басқару, шешім қабылдау, келісімге келу қиынға соға бастады.
Қазіргі таңда Батыс Еуропа бір «мемлекетке» - Еуропалық Одаққа айналғандай. Дегенмен, қанша біртұтас болуға ұмтылса да, ішкі дифференциация тереңдеп келеді. Еуропа түрлі мемлекеттерден құралған бірнеше субаймақтардан тұрады. Батыс Еуропаның өзінде де аймақтың ішкі өзгешеліктері бар екенін мойындайды және оны зерттеуге ерекше көңіл бөлінеді. 1998 жылы Британдық әлеуметтік-экономикалық зерттеу кеңесі 6,5 млн. долллар қаржы бөліп, «Біз өмір сүріп жатқан Еуропа біреу ма, әлде бірнешеу ма» тақырыбында ғылыми-зерттеу жұмыстар сайысын өткізген [1]. Батыс Еуропа аймағы жоғарғы интеграциялану деңгейіне қарамастан, шынында іштей біртекті емес және барған сайын кереғарлық айқын көрінуде. ЕО ішіндегі топтасулардың пайда болуы біртұтастықты сақтап тұруға нұқсан келтіреді. Еуропалық Одақтың ішкі әртектілігін мемлекеттерді нақты белгілерге қарап жіктеу арқылы анықтауға болады.
Батыс Еуропа елдерін мәдени, географиялық, экономикалық критерий бойынша 7 субаймаққа біріктіруге болады:
Германдық (Германия, Австрия, Швейцарияның бір бөлігі және Лихтенштейн). Бұл аймақты неміс тілі, неміс мәдениеті және Германия инвестициясы біріктіреді. Экономикалық және адами потенциал бойынша бұл ең ірі аймақ. Халық саны 95 миллион адамды құрайды.
Ағылшын (Ұлыбритания, Ирландия, Голландия және Бельгияның фламандық бөлігі). Ол тілдік фактормен емес, тарихи ортақтастық пен экономикалық байланыспен біріктірілген. Мәселен, XVI ғасырда Англия мен Голландияның Испанияға қарсы күресте одақтас болуы, XVI ғасырда Фландриядан Ұлыбританияға тоқымашылардың қоныстануы, ағылшын тағына голландиялық Вильгем ІІІ Оранскийдің отыруы, ағылшын-голланд бірлескен фирмалары (Royal Dutch Shell, Unilever) Англия мен Голландия арасындағы тығыз қарым-қатынастың дәлелі бола алады. Халық саны - 89 млн.
Француз (Франция, Швейцария мен Бельгияның бір бөлігі, Люксембург, Монако). Бұл аймақты француз тілі мен француз мәдениеті жақындастырады. Аймақ елдерінің теңіз байланыстары бар. Халық саны – 71 млн.
Италиялық (Италия, Сан-Марино, Ватикан, Швейцарияның бір бөлігі). Тілі мен мәдениеті ортақ. Еуропалық мәдениеттің қалыптасуына әсер еткен. Алайда Еуропадан тыс аймақта ықпалы әлсіз. Халық саны - 62 млн.
Испан-португалдық немесе пиренейлік (Испания, Португалия, Андорра). Ортақ тарихи өткені, тіл мен мәдениетінің ұқсастығымен сипатталады. Латын Америкасы елдерімен байланыстары бар. Халық саны – 57,9 млн.
Скандинавиялық (Дания, Швеция, Норвегия, Финляндия, Исландия). Аймақ елдерінің ортақтығы тіл мен мәдениеттің жақындығы, Еуропадан оқшаулануы, мемлекеттердің көлемі жағынан шағындығы және саяси мәселелер бойынша жақындығымен айқындалады. Халық саны – 25 млн. адам.
Грек. Грекия еуропалық мәдениеттің дамуына зор ықпал еткен. Өзіндік тілдік және мәдени ерекшелігі бар православиялық ел. Халық саны - 11 млн.
Әр аймақ территориялық ықшамды құрылымды құрайды.
Ал бүгінгі таңдағы саяси ұстанымдары бойынша Еуропалық Одақ ішінде негізгі төрт топтасуды (немесе ықпал ету орталықтарын) бөліп көрсетуе болады:
1. Батыс Еуропа аймағының топтасуына кіретін Германия, Австрия, Голландия, Бельгия, Люксембург, Франция мемлекеттері Еуропалық Одақтың негізгі қозғаушы күші, басты орталықтары болып табылады. Германия, Франция, Бельгия, Голландия, Люксембург – ЕО-ның негізін қалаған мемлекеттер. Ал соның ішінде, Германия - Еуропалық Одақтың экономикалық қуаты. Бұл топтасу Еуропада экономикалық деңгейі бойынша алдыңғы қатарда.
2. Скандинавиялық аймақтық топтасу (Швеция, Финляндия, Дания). Бұл топ мемлекеттер бейтараптық саясат ұстанады, сәйкесінше, интеграция үрдісіне терең қатыспайды: ЕО-ның негізін қалаған мемлекеттер қатарына жатпайды, Швеция мен Дания еуроаймаққа кірмейді. Солтүстік Еуропа мемлекеттеріне экономикалық дамудың жоғарғы көрсеткіштері және тұрақтылық тән (Финляндияның ЖІӨ-i - 194,5 млрд. доллар, Швецияның ЖІӨ-i - 368,4 млрд. доллар).
Скандинавия елдері жеке аймақтық топ құруды қолдайды. Тіпті, ЕО баламасы ретінде Солтүстік одақ құру идеясы да айтылған. Қазіргі таңда Скандинавия елдері ынтымақтастығы 1952 жылы Копенгаген келісімі негізінде құрылған Солтүстік кеңес шеңберінде жүзеге асуда.
3. Шығыс аймақтық топтасу (Вышеград тобының мүшелері - Польша, Чехия, Словакия, Венгрия және Румыния мен Болгария). 2004 жылы Еуропалық Одақ тарихыңдағы ең ауқымды V кеңею толқыны нәтижесінде 10 мемлекеттің (Польша, Венгрия, Чехия, Словакия, Словения, Кипр, Мальта, Латвия, Литва, Эстония) – соның ішінде 8 Шығыс және Орталық Еуропа елдерінің ұйымға мүше болуымен ЕО-ның гравитациялық орталығы шығыс бағытта жылжыды. 2007 жылы Румыния, Болгария қосылды, 2013 жылы Хорватия ЕО-ға 28-ші мүшесі болып кірді. Олар ұйымға кіргеннен кейін ұзақ адаптация кезеңінен өтті, ал Еуропалық Одақ реформаларды қажет етті [2]. Бұл кеңею тек еуропалық құрлықта ғана емес, әлемдегі геосаяси өзгерістерге әсер еткен маңызды оқиға болды.
Шығыс пен батыс елдері тарихи себептерге байланысты бір-бірінен едәуір айрықшаланады, экономикалық даму деңгейі де бірдей емес. Еуропалық Одақ жаңа мүше-мемлекеттерге 2007-2013 жылдар аралығында 177 млрд. евро көлемінде қаржы бөлді. Сонымен қатар, осы субаймақ елдері социалистік жүйенің бір бөлігі болғандықтан, олардың өмірінде түбегейлі өзгерістер орын алды. Әрине, ЕО-15 пен ЕО-28 форматы ұқсас болмағандықтан, бірлестіктің сипаты да өзгеріске ұшырады.
Шығыс пен Батыс аймақтық топтасулар арасында бірқатар қиындықтар туындаған, соның ішінде ішкі миграцияны да атап өтуге болады. Шығыс Еуропадан жұмыс күшінің Батысқа қарай ағылуы екі жақтық қарым-қатынасты шиеленістірді. EU-8 категориясындағы мемлекеттерге (Польша, Чехия, Словакия, Эстония, Латвия, Литва, Словения, Венгрия) Еуропалық Одақ шеңберінде шектеусіз жұмыс істеу құқығы 2011 жылы 1 мамырда берілді. Нәтижесінде, 2011-2012 жж. аралығында EU-8 елдерінен Германияға кеткен мигранттар саны 48 мыңға артып, 271 мыңға жеткен. 2014 жылдың қаңтар айынан бастап ЕО мүшелері Болгария мен Румыния азаматтарына өздерінің еңбек нарығын ашуға міндетті. Бірақ Ұлыбритания өз қарсылығын білдіріп, еркін қозғалысқа шектеу қоюды ұсынды. Бұл ұсыныс басқа батысеуропалық мемлекеттерден де қолдау тапты. Бірақ мұндай қадам адам құқықтары бойынша Еуропалық конвенцияның шартына қайшы келеді. «Еуропалық Одақтың кез-келген мемлекетінде бірдей шарттармен жұмыс істеу құқығы ЕО-ның барлық азаматтарында бар». Бұл мәселе Батыс пен Шығыс арасындағы «темір тордың» сақталғандығын дәлелдейтіндей.
Бүгінгі таңда осы аймақтық топтасуға кіретін мемлекеттер ұйым ішінде өздері бірігіп, Вышеград тобының аясында өз мүдделерін алға жылжытады. Сонымен қатар, ЕО-да «Шығыс серіктестігі» бағдарламасы шеңберінде Шығыс Еуропаға ерекше көңіл бөлінуде.
4. Жерортатеңіздік Еуропа (Италия, Испания, Португалия, Грекия, Кипр, Мальта). Әр субаймақтың өзіндік ерекшеліктері бар. Негізінен, Оңтүстік Еуропа - еуропалық өркениетінің бесігі. Осы өңірде Еуропа мұра объектілерінің 2/3 бөлігі шоғырланған.
Бұл аймақтық топтағы мемлекеттер Еуропалық Одақтың қаржы дағдарысынан ауқымды көлемде зардап шеккен: 2012 жылдың ІІ тоқсанында, әсіресе, Грекия экономикасының төмендеуі айтарлықтай болды. ІІ тоқсанда бұл елдегі ЖІӨ бірден 6,2 %-ға құлдырады. Сондай-ақ, бұл тоқсанда Португалияда ЖІӨ 1,2 %-ға, Кипрде – 0,8, Италияда 0,7%-ға төмендеген.
Еуропалық Одақ мемлекеттерінің ішінде жұмыссыздық ең жоғарғы деңгейге жеткен елдер қатарына Испания (25%), Грекия (24,3%), Португалия (15,9%) жатады. Мемлекеттік қарыз бойынша да Грекия (160% ЖІӨ), Италия (130% ЖІӨ), Португалия (137% ЖІӨ), Ирландия (125% ЖІӨ) – ЕО-да көшбасшы мемлекеттер болып саналады [3].
Грекияның мемлекеттік қарызы ЖІӨ көрсеткішінен асып түскенде, Грекия ЕО-дан қаржылай көмек сұрады. 2010 жылы үштік кредиторлар (Еурокомиссия, ЕОБ, ХВҚ) 110 млрд. еуро көлемінде несие берді. Бұл қаражат жеткіліксіз болып, 2011 жылы қазанда тағы 130 млрд. еуро берілді. 2011 жылы мамырда Португалия 78 млрд., Испания 100 млрд., Кипр 10 млрд. еуро көлемінде қаржылай көмек алды. Осыған байланысты, казіргі кезде экономикалық тұрғыда ЕО мүшелері арасында келіспеушіліктер туындағандай.
Сонымен қатар, Еуропалық Одақ ішінде мұсылман миграциясына қатысты алауыздықтар орын алды. Араб әлеміндегі оқиғалардан кейін заңсыз иммигранттар ағымы күрт көбейе түсті. 2010 жылы заңсыз иммигранттар саны тек 76697 болса, 2011 жылы қаңтардан желтоқсанға дейінгі уақытта бұл көрсеткіш 112 844 дейін жеткен. Оңтүстік Еуропа Солтүстік Африка елдерінен келетін заңсыз иммигранттар үшін Еуропаға жол ашатын «басты қақпа» болып табылады. Босқындар Италия, Грекия, Мальта елдерін транзиттік территория ретінде пайдаланып, кейіннен өзге еуропалық мемлекеттерге таралды. Римнің «араб көктемінен» зардап шеккендерді басқа еуропалық елдерге жіберу ниеті олардың наразылығын тудырды. Сондықтан, Шенген келісімін реформалауды жүзеге асыру мәселесі алдыңғы қатарға шықты. Францияның Шенген аймағының ішінде уақытша шекаралық бақылау енгізу ұсынысы Еурокомиссияда қолдау тапты (Шенген келісімшартының мүшелерінде келісімді уақытша тоқтату құқығы бар және ол барлығы 26 рет қолданылды).
Әрбір топтасуда ортақ белгілері бар, бір-біріне ұқсас мемлекеттер шоғырланған және әр мемлекеттер тобы өздеріне тән ерекшеліктерге ие. Бұл топтасулардың экономика, қауіпсіздік, саясатқа қатысты өзіндік көзқарасы да қалыптасқан [4]. Қазіргі кезде олар субаймақтық бірлестіктерге бірігіп, соның аясында ынтымақтасады.
Ал осы топтардан бөлек, өзінше оқшауланған Ұлыбританияны жеке қарастыруға болады. Ол ешбір топтасуға кірмейді. Ұлыбритания сыртқы саясатында тек еуропалық емес, трансатлантикалық бағытқа да аса мән береді. Ұлыбританияның еуроинтеграциядан оқшаулануын көптеген факторлармен дәлелдеуге болады: Ұлыбритания ұлттық валютасы фунт стерлингті ортақ еуропалық валюта «еуроға» алмастырмады, Шенген келісіміне қосылмады, АҚШ-пен ерекше байланыс орнатқан және Одақ ішіндегі саясаты еуроскептикалық сипатқа ие. Ұлыбританияның осындай ерекше оқшауланған саясатын оның географиялық орналасуы да айқындайтындай. Тіпті, 2013 жылы қаңтарда Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон Еуропалық Одақтан шығу туралы референдум өткіземіз деген мәлімдеме жасаған еді [5]. Ұлыбритания Еуропалық Одақта бірқатар реформалар жүргізуін ұсынып, өз көзқарасындағы ХХІ ғасырдағы жаңа ЕО идеясын айтып өтті.
Бұл топтастырудан бөлек ұйым ішінде басқа критерийлер бойынша өзге аймақтық бөліністер де бар.
Саясатта «жаңа Еуропа» және «ескі Еуропа» ұғымдары қалыптасқан. Ең алғаш рет осындай Еуропа бөлінісін АҚШ-тың қорғаныс министрі Дональд Рамсфелд 2003 жылы Ирак мәселесіне еуропалық мемлекеттердің сыртқы саяси ұстанымдардың екіге бөлінуіне қатысты айтқан. «Ескі Еуропа» елдері (Франция, Германия) Ирак соғысына қарсылығын білдірсе, ал «Жаңа Еуропа» қолдайтынын байқатты. Рамсфелдтің осындай бөлініс жүргізуінен ЕО-ның сыртқы саясатындағы бірліктің, келісімділіктің жоқтығын, ортақ сыртқы саяси ұстанымның болмауын байқауға болады.
Халықаралық саясат әрдайым Еуропалық Одақтың ең әлсіз тұсы болды. Ирак соғысы, еуропалық Конституция жобасының талқылануы, Ливиядағы азаматтық соғыс сияқты соңғы оқиғалар еуропалық қатардың жікке бөліну фактісінің бетін ашты. Мемлекеттердің мүдделері мен ұстанымдары нақты халықаралық жағдайларда сәйкес келе бермейді. Сол себептен, Біртұтас Еуропаның мүддесіне өкілдік ету үшін Лиссабон келісімшарты негізінде Еуропалық Одақта Дипломатиялық қызмет те құрылған. Әзірше, ішкі, сыртқы саясатта бірдей ұстанымның болмауы және мүше-мемлекеттердің мүдделеріндегі қайшылық анық байқалады. Ал Еуропалық Одақ даму үшін әлемдік аренада халықаралық қатынастар субъектісі ретінде бір ұйым атынан әрекет етуі тиіс. Сонда Еуропалық Одақ өзін халықаралық қатынастардың дербес акторы ретінде таныта алады.
Еуропадағы интеграциялық үрдісіндегі тағы бір маңызды мәселе - еуропалық және ұлттық біртектіліктің арақатынасы. Мемлекеттердің өзіндік ұлттық ерекшеліктері бар. Еуропалық Одақтың «Әртектілікте біріккен» деген ұраны мәдениеттердің, халықтардың, тілдердің әртүрлілігін айқындайды. Бірақ «Біртұтас Еуропа» идеясының сәтті жүзеге асуы халықтың ортақ еуропалық құндылықтарды, бір халық ретінде ортақ тағдырды, біртұтастықты қаншалықты сезінетініне байланысты.
Одақ ішіндегі саяси мүдделер мен көзқарастардағы өзгешеліктер түрленген сайын бір құрылым шеңберінде әрекет ету қиындай түседі [6]. Бұл мәселені шешуде түрлі ұсыныстар жасалды, соның ішінде барлық мүше-мемлекеттердің біртұтас болуы үшін ортақ үкіметі, конституциясы, президенті болатын федерация құру идеясы да айтылып келеді. Еуропалық Комиссия төрағасы Жозе Мануэл Баррозу 2012 жылы қыркүйекте Страсбург қаласында Еуропарламентте ұлттық мемлекеттер федерациясын құрып, толық интеграцияға көшуді ұсынды [7].
Қазір еуропалық біртектілік пен ұлттық біртектілік арпалысып келеді. ЕО ішіндегі топтасу үрдісін еуроцентризмді ыдырату және ортақ еуропалық ынтымақтастықтың тереңдеуіне бөгет болатын ұлттық мемлекеттердің нығаюы деп қарастырса болады. Бірақ дәл қазір ұлттық сезім ортақ еуропалық құндылықтан басымырақ екені байқалады. Оған соңғы уақытта ұлтшыл партиялардың ірі күшке ие болуы нақты дәлел бола алады. Оңшылдар 2014 жылы 22-25 мамырда өтетін Еуропарламент сайлауында күштерін біріктіріп, өз парламенттік топтарын құруды көздейді. Гаагада француз ұлтшылы Марин Ле Пен мен голландиялық оңшыл популист Герт Вилдерстің кездесуі өтті. Кездесуде Брюссель диктатурасына қарсы бірлесе күрес жүргізу туралы келісім жасалды. Қазіргі Еуропарламентте 736 депуттатың 150-і еуроскептиктер. Бірақ олар әлі ортақ бағдарламасын әзірлеген жоқ. Еуропалық саяси мейнстримді 2014 жылы «тарихтағы ең еуроскептикалық және антиеуропалық парламенттің» құрылу қаупі алаңдатады [8]. Ұлыбританияда Найдж Фарадждың Тәуелсіздік партиясы, француз ұлтшылы Марин Ле Пеннің Ұлттық майданы және италиялық Беппе Гриллоның «Бес жұлдыз қозғалысы» ұйымдарының үлкен қолдауға ие бола бастауы Еуропалық Одақ үшін ең қауіпті феномен болуы мүмкін.
Еуропалық Одақта мемлекеттер топтасып, ортақ территориялық мәдени белгілерге байланысты жеке бірлестіктерге бірігуде. Мәселен, Солтүстік Кеңес, Вышеград тобы осыған дәлел бола алады. Осылайша, әр субаймақта жеке бірлестік құрылып, көпдеңгейлі және икемді интеграция моделі іс жүзінде айқындалуда. Болашақта Еуропалық Одақтың орнын ортақ белгілері негізінде біріккен бірнеше бірлестіктер алмастыруы мүмкін. Бұл сценарий еуроскептицизм нығайып, халықта ортақ еуропалық сезім жоғалған жағдайда іске асуы мүмкін.
Үлгілі жетістіктерге қол жеткізген Еуропалық Одақ қазіргі таңда тоқырауға ұшырап, сынға алынды. Еуропалық Одақтың қазіргі жағдайында әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс сияқты сыртқы фактор да үлкен рөл атқарды. Бірақ Еуропалық Одақтың дағдарысты жағдайының себептерін оның ішінен іздеген жөн. Мемлекеттердің дифференциациясы ақырында фрагментацияға, яғни, тұрақты субаймақтық топтасулардың қалыптасуына алып келе ме деген мәселе туындауда [9].
Қазіргі күрделі кезең Еуропалық Одақта скептикалық көзқарастың көбейіп, интеграцияға қатысты қоғамдық қолдаудың төмендеуіне алып келді. Осыған байланысты Еуропада орын алған терең идеялық және саяси дағдарыс интеграциялық үрдістерге кері әсер етуі мүмкін. Дегенмен, барлық қатысушылардың бағалайтын ортақ құндылықтары да бар. Еуропалық Одақтың кемшіліктері болса да, интеграциялық тәжірибесі мол және әлі де әлемге үлгі бола алады. Дағдарыс келеді де кетеді. Мемлекет басшылары осы тығырықтан шығу жолын іздеуге бар күшін салуда. Келесі 15-20 жыл еуропалық интеграцияның және еуропалық біртектіліктің өміршеңдігін сынайтын кезең болмақ. Енді осы тұста Еуропалық Одақ өзіндік ерекшелігін, өзінің өркениетін және осы өзгермелі ХХІ ғасырда өзінің рөлін сақтап қала ала ма деген заңды сұрақ туындайды.
28 мемлекетті, 506 млн халықты біріктіретін Еуропалық Одақ үлкен экономикалық потенциалға ие: ЖІӨ (16.8 трлн. доллар (2013)) көрсеткіші бойынша әлемде І орында [10]. Еуропалық Одақтың мүше-мемлекеттері ортақ сыртқы саясат қалыптастырып, ішкі және сыртқы қызметте бірлік пен тұтастыққа қол жеткізсе, ол өзінің мүмкіндіктерін, ірі экономикалық, адами потенциалын толық пайдалануға мүмкіндік ала отырып, әлемдік саясатта ықпалды күшке айналады.
Әдебиет:
1. Сокольский В.М. Западная Европа: одна или несколько? // География. – 1999. – №43. URL:
2. Hankiss E. The East-West Divide in Europe: Does it Exists? // Wilson Center. – July 07, 2011. URL:
3. Unemployment rate 2001 - 2012 – (Eurostat - European Commission). URL:
statistics_explained/index.php/Unemployment_statistics>
4. Papic M. The Divided States of Europe // Geopolitical Weekly. - June 28, 2011. URL:
weekly/20110627-divided-states-europe>
5. David Cameron’s EU speech (Full text of the prime minister's speech about his plans for a referendum on British membership of the European Union) // The Guardian. - January 23, 2013. URL:
6. Rachman G. A divided Union // The Economist. - September 23, 2004. URL:
7. EU Commission chief Barroso calls for 'federation' // BBC news. - September 12, 2012. URL:
8. Traynor I. Le Pen and Wilders forge plan to 'wreck' EU from within // The Guardian. - November 13, 2013. URL:
9. Борко Ю. Европа - ХХІ: дальше вверх или дальше вниз? // Европейская безопасность. – 2011. URL: < http://ceusr.sfedu.ru/files/monografii/3Borko_EuropeXXI.pdf>
10. World Economic Outlook Database (Gross domestic product for European Union) // International Monetary Fund (April 2013) URL:
Достарыңызбен бөлісу: |