Елбасы Н.Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында жұмыс істейтін жастарға өндірістен қол үзбей кәсіптік білім алу мүмкіндігін жасау туралы ұсыныс енгізді.
«Жұмыс істейтін жастар үшін жұмыстан қол үзбей арнаулы білім алу мүмкіндігін қамтамасыз ету - маңызды мәселе. Әрбір жастың жұмыстан қол үзбестен мамандық пен білім алу мүмкіндігі болуы керек. Білім және ғылым министрлігі бұл мәселені ойластыруы тиіс», - деді Елбасы өз Жолдауында.
Осыған орай, Білім және ғылым министрлігі шет елдердің тәжірибелерін зерттеп, сәтті деген тәжірибелерді техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне енгізуді жоспарлауда.
«Жақында ГФР-ға жасаған сапар барысында біз ТжКБ жүйесіндегі мамандар даярлаудың дуальды жүйесімен таныстық. Осы жүйемен қамтылғандар уақыттарының 4/3 бөлігін өндірісте өткізеді, сонда еңбек етіп, сонда шеберліктерін шыңдайды, ал қалған уақыттарын теориялық білім алуға жұмсайды», - деді Б.Жұмағұлов.
Министрдің айтуынша, дуальды жүйенің басымдығы сол - оқытудың өндіріспен тығыз байланысы. Қазір елімізде осынау жүйені қолдану мүмкіндігі зерделенуде.
2011 жылы республика бойынша ТжКБ жүйесіне кіретін білім ошақтарының жалпы саны 896 бірлікті құраған, бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 14 оқу мекемесіне артық. Кәсіптік-техникалық білім беру мекемелерінде қазіргі таңда 600 мыңнан астам қазақстандық білім алып жатыр.
«Дуальды кәсіптік білім беруді дамытудың маңызы зор. Бұқаралық маман кадрларының жетіспеушілігін еңсеруге мүмкіндік беретін заманауи қолданбалы біліктілік орталықтары қажет», - деп атап көрсетті Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтің жаңартылуы: Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамына 20 қадам» атты мақаласында.
Әлемнің жетекші оқу орындарымен арадағы ынтымақтастық пен салынып жатқан әлемдік деңгейдегі жаңа колледждер Қазақстандағы техникалық және кәсіптік білімді жаңғырту үдерісін тереңдетуге мүмкіндік береді.
Ъ
Достарыңызбен бөлісу: |