«EXPO-2017» көрмесі
Биылғы жыл Қазақстан үшін жемісті жыл болды. Олай дейтін себебіміз: елімізде әлемдік деңгейдегі ауқымды іс-шара «EXPO-2017» көрмесі өтті. Көрмеге 100-ден аса мемлекет қатысты. Бастапқыда бәрімізге қызық болды. Қалай өтетінін, не көрсететінін жаңалықтан естіп жатсақ та, көзбен көруге асықтық. 10-маусым күні көрменің ашылу салтанаты өтті. Керемет отшашуымен таңғалдырған бұл көріністі көгілдір экран алдынан ғана көру мүмкіндігі туды. Шілде айының ортасында көптен күткен көрмеге құрбым екеуіміз ат басын басын тіредік. Көрмеге кірген бетте-ақ өзге бір шет мемлекетке кіргендей әсер алдық. Бірінші көзімен түскені, келген қонақтарға жол сілтеп, көрменің картасын таратып жүрген еріктілер болды. «EXPO-2017» көрмесінің басты ғимараты «Нұрлы әлем» шары болғандықтан, әуелі соған барғанды жөн көрдік. Жасыл экономиканың керемет үлгісі деп осы павильонды айтуға болады. Шар 8 қабаттан тұрады. 1-8 қабаттар елміздің бүгіні мен болашағы жайлы кең мағлұмат береді. Қалған алтауы 6 түрлі энергиядан қуат алады. Мәселен, 2-қабат су энергиясының әлеуетін паш етеді. 3-қабат кинетикалық энергияға арналған. 4-шісі биомасса, 5-шісі жел энергиясы, 6-қабат күн және 7-қабат ғарыш энергиясына арналған.
EXPO аумағында павильондар өте көп. Барлығын бір күнде көріп біту мүмкін емес. Өз басым 50 шақты ірілі-ұсақты павильондарды екі күнде аралап шықтым. Барлығы да бірінен бірі өткен. Соның ішінде ерекше әсер қалдырғандары Германия, АҚШ, Ресей, Жапония, Корея сияқты ұлы державалық мемлекеттердің көрмесі. Таратып айтар болсам: Германия павильонындағы лазерлік шоу бөлмесі, Кореяның болшақ энергиясына байланысты сахналаған керемет қойылымы және Жапония мемлекетінің тарихын өте жеңіл, тұшымды етіп баяндап берген үлкен LET экрандар.
Жалпы ЕХРО-ның негізгі мақсаты: баламалы энергия көздерін алу жолдары. Соны әр мемлекет өзінше, мүмкіндігі жеткенше көрсетіп жатты. Бірақ бір айта кететіні, олардың ішінде тақырыпқа сай келмеген мемлекеттерді де байқағандай болдым. Олар Индия мен Африка елдерінің павильондары деп айтар едім. Бұл елдердің көрмесіне кіргенде дала базарына кіргендей әсер алдым. Және Өзбекістан, Түркіменстан, Қырғызстан елдері де өздерінің ұлттық құндылықтарын әкелумен ғана шектелген. «EXPO-2017» көрмесі жайлы сөз қозғағанда осылайша әр мемлекеттің павильонын тізбектеп айта беруге болады.
Өз басым «EXPO» көрмесінен керемет әсер алдым. Көрмеге кірген бетте-ақ бойымды мақтаныш сезімі кернеді. Көптеген басқа ұлт өкілдерін көрген сайын: «Бұл менің елім! Бұны өткізіп жатқан менің Астанам!» деп жар салғым келді. Осы күнге дейін әлем елдері Қазақстан сияқты мемлекеттің бар екенін біреуі білсе, біреуі білмейді. Ал бұл іс-шара елімізді сол білмейтін мемлекеттерге танытып, әлемдік аренаға шығарды. Менің көңіліме қаю түсірген бір сәт болды. Ол осынау ауқымды іс-шараны ауылдағы күнделікті күйбең тіршіліктен бас ала алмай жүрген ата-анам өз көзімен көргенде ғой ... деген ойым, арманым.
«EXPO» көрмесі басталар да, бітерде де халықтың дүрліккені ол – бюджеттегі қаржы мәселесі. Әрине, енді ғана дамыған елдердің қатарына қосылып келе жатқан мемлекетте мұндай ауқымды іс-шараның өтуі, әсіресе, қаржылай жағынан алғанда оңай емес. Мүмкін кейбіреудің несие қорынан, кейбіреудің жалақасынан белгілі мөлшерде қаражат алынған шығар. Сол кездерде қара бастың қамын күйттеп, бүкіл әлеуметтік желіні, БАҚ құралдарын сондай жағымсыз хабарлармен шуылдатқандар да болды. Бірақ «жұмыла көтереген жүк жеңіл» демекші, керісінше, сол қаражаттарының ел игілігі үшін жұмасалғанын мақтан тұтуы керек деп ойлаймын. Ал егер біз мұндай іс-шара өткізуге дайын емеспіз десек, онда өмір бақи солай отыра беруіміз мүмкін. Кейде осындай саналы түрде тәуекелге барудың да оң әсері көп сияқты.
Сондықтан бюджеттегі кіріс пен шығысты санамалағанды қойып, саналы түрде сарапқа слалар болсақ: тәуелсіздік алғанына 26 жыл ғана толған мемлекетте осындай әлемдік деңгейдегі іс-шараның өтіп жатуы – біз үшін үлкен абырой, зор мәртебе. Және «EXPO-2017» көрмесі ел тарихында алтын әріптермен жазылып қалатынына сенмімі мол.
Достарыңызбен бөлісу: |