Ғаламның аксиологиялық бейнесінің қазақы танымда репрезенттелуі
«Ғалам бейнесі» – адам және оның болмысының, адамның әлеммен қарым-қатынасының, адамның өмір сүру жағдайының өзіндік ерекшеліктерін білдіретін іргелі де күрделі ұғым. Кез келген халықтың тілінде ұлттық-мәдени сипатта бекитін ғалам бейнесін антропоцентристік парадигманың фундаменталды ұғымы ретінде зерттеу – қазіргі заманғы лингвистиканың ең өзекті проблемаларының бірі. Адамның дүниені қабылдауы мен тануының, түйсінуі мен түсінуінің, дүниеге деген өзіндік көзқарасының, дүние жөніндегі жалпы түсініктерінің түп негізінде «объективті шындық болмыстың субъективті бейнесі», «ақиқат шындықтың біртұтас бейнесі» ретіндегі дүние суреті, ғалам бейнесі жатады. Адам баласының өзін қоршаған ортаның, ақиқат болмыстың мәнін түсінуінің тәсілі ретінде ғалам бейнесі мифологияда, религияда, поэзияда, фольклор мен сурет өнерінде, қолөнерде т.б. қабылдау мен ұғынуға ыңғайлы, жеңілдетілген формада белгіленеді, бейнеленеді және бекиді. Дүние-ғаламның күллі адамзат баласына ортақ болуы ғалам бейнесіне жалпы адамзаттық әмбебаптық сипат дарытады десек те, әрбір этномәдени-тарихи қауымдастықтың дүние-әлемді өзінше көруі мен тануының, қабылдауы мен елестетуінің, ұғынуы мен түсінуінің және бұл процестердің нәтижесін бейнелеуі мен бекітуінің амал-тәсілдерінің өзгешелігіне байланысты ғалам бейнесі этноәлеуметтік және этномәдени реңкті арқаламай қоймайды.
Адам санасында сәулеленетін дүние суреті объективті әлемнің екінші көрінісі болып табылады. «Адам-Әлем» арасындағы өзара қарым-қатынастың, әсер-ықпалдың нәтижесінде күллі адамзат баласына тән және «тіл-ойлау» формасында өмір сүретін ғалам бейнесі қалыптасады. Басқаша айтқанда, ғалам бейнесі – адам психикасындағы белгілі бір когнитивтік схемаларға лайық заттық мағыналармен белгіленген және саналы рефлексияға есептелген заттық әлем кескіні. Ғалам бейнесі ұғымы түптеп келгенде, адамның дүние туралы қордаланған білімінің жиынтығын білдіреді.
Ғалам бейнесін зерттеу мәселесі «халық рухын» тілмен байланыстырған, тілдің ұлттық сипатын айқындаған Э.Сепир, В.фон Гумбольдт зерттеулерінен бастау алып, Н.И.Толстой, А.Вежбицкая, Т.В. Цивьян, Г.В.Колшанский, В.Н.Телия т.б. ресейлік лингвистикалық мектеп өкілдерінің ғылыми еңбектерінде жалғасын тапқан.
Қазақ лингвистері ресейлік антрополингвистикалық бағыттағы мектеп өкілдерінің ізімен қазақ тіл білімінің ғылыми ұғымдық аппаратына ғаламның тілдік бейнесі, ғаламның концептуалды бейнесі, дүниенің қарапайым бейнесі, концепт терминдік қолданыстарды кеңінен еңгізді және өз зерттеулерінде В. Гумбольдт, Ф. Боас, Э. Сепир, Б.Л. Уорф, Ф. Соссюр, В. Штейнталь, Л. Вейсбергер, Ф.И. Буслаев, А.Н. Афанасьев, А.А. Потебня, Р. Якобсон, Н.И. Толстой, Н. Топоров, В.В. Иванов, В.А. Аврорин, В.Н. Телия, В.В. Воробьев, А. Вежбицкая, Е.М. Верещагин, В.Г. Костоморов, Ю.С. Степанов, А.Д. Арутюнова, В. Маслова т.б. ғалымдардың іргелі еңбектерін, А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов, С. Аманжолов, Ғ. Мұсабаев сияқты қазақ тіл білімінің негізін қалаған тұлғалардың, І. Кеңесбаев, Ә. Қайдар, Р. Сыздық, Е. Жанпейісов, Ә. Болғанбаев, Т. Жанұзақов т.б. қазақ лингвистикасының көшбасшыларының, Э. Сүлейменова, Б. Хасанов, К. Хұсайынов, Е. Қажыбеков, Ж. Манкеева, Е. Керімбаев, Н.Шаймерденова, Г. Смағұлова, С. Сәтенова сынды ғалымдардың тіл мен ойлау, тіл мен таным, тіл мен қоғам, тіл мен мәдениет сабақтастығына қатысты ғылыми тұжырымдарын басшылыққа алды.
Ғалам бейнесі, ғаламның тілдік бейнесі ұғымдары қазақ тіл білімінде когнитивтік лингвистика, лингвомәдениеттану, лингвоконцептология сияқты ғылыми бағыттардың саралана дамуына байланысты ХХІ ғасыр басында бой көрсете бастады. Э.Оразалиева, Ш.К.Жарқынбекова, А.Ислам, Г.Н.Смағұлова, Р.Авакова, Г.Сағидолда, Б.Тілеубердиев, Г.Мұратова, А.А.Сұлтангубиева, А.Қ.Сейілхан М.Т.Күштаева, Б.Нұрдаулетова, Б.Ақбердиева т.б. тілші-мамандар қазақ этносының ғалам бейнесін тілдік бірліктер астарындағы аялық білім арқылы саралап талдаудың лингвистикалық жаңа моделін қалыптастырып, оны ұлт мәдениеті контексінде, лингвогносеологиялық, лингвопраксиологиялық, лингвоэтнологиялық аспектілерде жан-жақты қарастырудың алғашқы қадамын жасады.
Ғалам бейнесі әр этноста әртүрлі, өйткені этностың тәжірибесі, өмірден көрген-білгені, көңілге түйгені білімнің негізі болып танылатындығы анық. Ғалам бейнесінің, оның көріністерінің, жекежеке үзінділерінің тіл-тілде басқаша болатындығының себебін Г. Сағидолда «бірдей құбылысты қабылдаудағы, бейнелеп танудағы, образды ойлаудағы ұлттық өзгешеліктермен» түсіндіреді.
«Ғалам бейнесі» деген ұғым адам баласының қоршаған орта мен дүниеге деген өзіндік көзқарастарын зерттеуге негізделеді. Айнала қоршаған дүние немесе адам мен оның өмір сүретін ортасы өзара байланысты. Ғалам бейнесі оның концептуалды негізі «адам мен оның ортасы жайлы ақпараттарды өңдеудің нәтижесі» деген тұжырымдама шеңберінде топтасады. Қазақ ономастикасының лингвоконцептологиялық тұғырын «ғалам бейнесі» ұғымы негізінде сараптаған Б. Тілеубердиев: «Ғалам бейнесі – өте күрделі, үнемі қозғалыста болатын, тұрақсыз ауыспалы процесс. Онда адамдардың бір-бірімен тіл табысуын, ортақ шешімге келуін қамтамасыз ететін жалпы халықтық сипат та болады. Әлем бейнесі когнитивтік модельде айқындалады, сондай-ақ ол ұжымдық санамен, көзқараспен, ұжымдық философиямен байланысты болады. Ғаламның тілдік бейнесі негізінен адамдар санасындағы әлемнің логикалық бейнесімен сәйкес келеді. Ал дүниенің кез келген ұлттық, тілдік бейнесінің әмбебаптығының өзіндік ерекшелігін айқындайтын метафора, теңеу және концепт болып табылады»-дей келе, «Ғаламның тілдік бейнесінің ұлттық болмысы әр этноста әр түрлі болуы этностың тәжірибесі, білімімен байланысты. Өйткені тілдік таңбаның таңбалаушы қызметі сыртқы дүниемен байланысында ғана емес, адамның өмірден көрген-білгені, көңілге түйгені білімінің негізі болып табылады. Оның тілдік бейнесі, ұлттық рухани болмысы әр халықта әр түрлі» деп ғалам бейнесінің әмбебаптық және ұлттық сипатын жалпыхалықтық және этникалық мәдениеттің өзіндік ерекшеліктерімен түсіндіреді.
Тіл мен ойлауды теңестіруге болмайтындығы секілді ғалам бейнесі мен ғаламның тілдік бейнесін өзара теңестіруге келмейді. Ғаламның тілдік бейнесі тілдік бірліктің ішкі формасы, сөз, сөйлем, сөздің мағыналық жағының өзгеруі, оның ауыспалы мағынада қолданылуы, эмоционолдыэкспресивтік реңктер т.б. сияқты «тілдің семантикалық сүзгісінен өткен жүйеде құрылатын болса, дүниенің концептуальдық бейнесі адам ойлауы мен танымына қатысты қарастырылады. Дүниенің заңдылықтары тек қана адамның концептуальдық таным жүйесінде танылады, бейнеленеді. Таным процесі – ойдың қызметі, ол өмірлік тәджірибе негізінде құрылған ішкі (санадағы) әлем моделіне бағытталады».
Халықтың дүниеге, әлемге деген көзқарасы жеке және қоғамдық тілдік сана негізінде қалыптасады. Ғаламның концептуалды бейнесі әрбір адам санасында әртүрлі дәрежеде орын алып, тілінде түрліше көрініс табады. Оны анықтаушы мәліметтер ретінде оның білімін, жас ерекшелігін, өмірлік тәжірибесін, әлеуметтік жағдайын, өмірге деген психикалық көзқарасын, өмір сүрген дәуірін және т.б. атауға болады. Этнос мүшелерінің ғаламға немесе дүниеге деген өзіндік концептуалды және логика-философиялық көзқарасының болуы – табиғи құбылыс.
Кез келген ұлттық тілде сол тілде сөйлейтін халықтың ғалам бейнесі бекиді, бекіп қана қоймай, тілдік ұжымның әр мүшесіне таңылатын, барлығына бірдей міндетті ұжымдық философия, дүниетанымдық көзқарастар жүйесі, білім жиынтығы түрінде жалғастық табады, яғни тілдік дүниенің бейнесі тіл қойнауында түзіледі.
Дүниені танудың құралы тілден бөлек ойлау болып табылады. Ойлау арқылы адам өз санасында ғалам заңдылықтарын, ақиқат болмысты бейнелейді және оларды ұғым-түсініктер түрінде ұстап қалады, яғни ғалам (дүние) бейнесі дегеніміз – адамның ойлау әрекетінің атрибуты, ал ұғымдар мен олардың өзара байланысы, қарым-қатынасы түріндегі абстракция адам санасындағы ғалам бейнесінің формасы болып табылады. Басқаша айтқанда, ойлау нәтижесінің бейнелегіштік қасиетінің нәтижесінде санада адамның өзін қоршаған ақиқат болмыс әлемінде бағыт-бағдарын межелеуіне, әлем жайлы жинақтаған білімін өз пайдасына жаратуына басшылық жасайтын ғаламның концептуалды бейнесі қалыптасады.
Дүниенің ғылыми бейнесі — белгілі бір айқын мақсатқа бағытталып саналы түрде таңдалған құрылады, арнайы терминдерге сүйенетін ғылыми тілдің көмегімен сипатталады. Ғылыми танымдық ұстанымдарға негізделетін дүниенің ғылыми бейнесі — тілдік ұжымның ғылыми санасының нәтижесі ретінде қарастырылатын болса, белгілі бір тілдің лексика-фразеологиялық жүйесін семантикалық талдаудың негізінде сол тіл иесінің әлемге, дүниеге деген «қарабайыр» көзқарасы көрініс табатын біртұтас ұғым-түсініктер әлеміне реконструкция жасалады.
Қорыта айтқанда, ғаламның тілдік бейнесі туралы мәселенің қазіргі жай-күйін сипаттай келіп, бұл мәселе қазіргі таңда екі бағытта зерттеліп отырғанын айтуымызға болады: белгілі бір этносқа тән жекелеген концептілер (қонақжайлылық, домбыра, қымыз және т.б..), сондай-ақ бір ғана этностық шеңбермен шектелмейтін концептілердің өзгеше, өзіне ғана тән коннотациялары (мысалы,түр-түстің әртүрлі мәдениеттегі символикасы); тілде бекіген әлем туралы ғылыми емес, яғни ғылымға дейінгі білімдер жүйесін қайта жаңғыртудың жолдары қарастырылады. Мұндай зерттеулерде дүниенің аксиологиялық бейнесіне айрықша назар аударылады және ондағы ұлттық құндылықтарға аса мән беріледі.
Ғаламның тілдік бейнесі өмірлік іс-әрекет барысында, практикалық тәжірибенің жинақталуының нәтижесінде және қоршаған орта құбылыстарын барлап-бақылаудың, сараптаппайымдаудың негізінде табиғи қалыптасады. Қазақ этносының дүниетанымын, ой-өрісін, ғасырлар бойы жинақтаған практикалық іс-тәжірибесінің нәтижесін, рухани және заттық мәдениетін тіл арқылы зерттеудің антропоцентристік бағытқа сай кең өріс алуы қазақы ғалам бейнесін лингвистикалық тұрғыдан жан-жақты қарастырудың өзектілігін айқындайды. Ғалам бейнесін лингвистикалық тұрғыдан зерттеу қазақ тіл білімінің өзге де гуманитарлық ғылым салаларымен байланысын нығайтып, оған пәнаралық сипат дарытып қана қоймайды, сонымен бірге тілдің ойлаумен, таныммен, шындық болмыспен арақатынасының табиғатын зерттеуге, «Адам-ТабиғатҚоғам» үштағаны аралық байланыстағы тілдің рөлін жете тануға мүмкіндік береді.
Достарыңызбен бөлісу: |