Сақ Қайрат Өмірбайұлы.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
ф.ғ.к., доцент, ЕҰУ профессоры
Б.Кенжебаев – қазақ баспасӨзі
тарихын зерттеуші
Қазақ баспасөз тарихын, оның ішінде Қазан төңкерісіне дейін ұлттық журналистиканың мектебі болған «Қазақ» газетін зерттеушілер турасында сөз қозғағанда есімін айрықша атауға тиісті тұлға – белгілі әдебиеттанушы ғалым Бейсембай Кенжебаев. Оның бұл саладағы қызметі - өз алдына жеке зерттеуге лайық толымды еңбек. Біз бір қырына тоқталайық. Б.Кенжебаев – қазақ баспасөзі тарихы тақырыбында тұңғыш рет арнайы еңбек жазып, тыңға түрен тартқан, соқтықпалы соқпақсыз өмір жолының ыстығына да күйген, суығына да тоңған, алайда алған бағытынан қайтпаған қайсар ғалым, айтулы азамат.
Ғалымның «Қазақ баспасөзінің тарихынан» атты тарихи очеркі – осы сала бойынша баспа бетін көрген алғашқы кітап, тұңғыш оқулық. Бір қарағанда, еңбек Кеңес заманы үнімен сарындас, таптық идеология тұрғысынан, марксизм-ленинизм классиктерінің шығармалары негізінде жазылғандай көрінуі ғажап емес. Сөйтсек, оның астарлы мән-мағынасы да жоқ емес екен. Зерттеушінің онсыз да айтыла-айтыла әбден жауыр болған саяси айыптауларды қайталай отырып, бір кездері қалың қазақтың қамқоршысы болған газет - журналдардың, тым құрғанда, аты ұмыт болмай, жаңа ұрпақтың құлағына сіңе берсін дегенді мақсат тұтқанына төменде көзіміз жетеді.
Мұны партияның «шаш ал десе, бас алатын» шолақ белсенділері де байқамай қалмапты. Алдымен, «Әдебиет және искусство» журналының 1951 жылғы 7-нөмерінде Ж.Сәрсеков деген сыншының «Тарихи шындық бұрмаланбасын» деген мақаласы атойлып аттан салады: «Бейсенбай Кенжебаев жолдастың «Қазақ баспасөзінің тарихынан» деген кітапшасы да қате-кемшіліктен сау емес» деп, ә дегеннен, ғалымды сын қамшысы астына алатындай, кітаптың не жазығы бар еді дейсіз. Сөйтсек, қазан төңкерісіне дейінгі біраз басылымның атын атап, түсін түстеп қойғаны «қате-кемшілік» болып шығыпты. Соның бірі – біздің ғылыми зерттеу жұмысымызға арқау болған «Қазақ» газеті. Сол үшін зерттеушіге «қазақ ұлтшылдарының органы «Қазақ» газеті туралы жалпыға белгілі оның буржуазияшыл-ұлтшыл газет болғандығынан басқа түк те айта алмайды (78-бет)» деген «кінә» тағып, айыптайды. Міне, сол заман сынының сиқы. Мұны тиісерге қара таппағанның дәл өзі демей, енді не дейсіз? «Аузы қисық болса да бай баласы сөйлесіннің» кері ғой бұл.
Аталмыш еңбекті қаралап жазылған сынның екіншісі Қазақстан коммунистерінің орталық органы – «Социалистік Қазақстан» газетінен орын тебеді. «Қазақ баспасөзінің тарихын зерттеудегі өрескел қателер» деген, атының өзі айыптап тұрған, мақаланың авторлары: Б. Қорқытов, Ә. Досбаев деген компартия белсенділері. Мұнда алдыңғы мақалаға қарағанда тағылған «айыптың» салмағы едәуір зілді, сөзі өктем әрі өтімдірек. «Б. Кенжебаев буржуазияшыл-ұлтшыл бағыттағы газеттер («Қазақ», «Серке» т.б) жөнінде құлшына баяндайды: алашордашылардың 13 газетінің атын тізеді. Бұл – бұл ма, автор алашордашылардың орталық органы «Сарыарқа» газетінің совет үкіметіне, оның ұлт саясатына қарсы жазған контрреволюциялық, жалақорлық мақаласынан бір құлаш цитата келтіреді. Сөйтіп, контрреволюциялық идеяға трибуна береді», - деген айыптауда қаншама зіл жатыр десеңізші. Бұл деген сөз, уақтысында бір ғана зерттеуші-ғалымның емес, ол бастап берген ғылым жолының алдында тартылған ор болғандығын бізден гөрі алдыңғы буын ағалар жақсы білуі тиіс.
Баспасөз тарихы –ел тарихы. Ұлттық журналистиканың алған асу, қол жеткізген жетістіктері – ел өркениетінің бір көрсеткіші. Рухани мұрасы жоқ ұлттың болашағы бұлыңғыр. Осыны терең түсінген ғұлама ғалым сөз өнерінің егіз саласы - әдебиет пен публицистиканың тарихын тым әріден іздеу керек екенін ертерек ойға алып, тыңнан соқпақ салғанын бүгінгі ұрпақ жадында жаңғыртуға тиіспіз. Бұл Кеңестік тотаритарлық қоғамның қаһарына мініп тұрған кезде жүзеге асқан асқарлы іс екенін еске алсақ, Бейсенбай аға Кенжебаевтың ерлікке толы еңбегі әлі толық бағасын алмай келе жатқанын аңдатады. Оны жүзеге асыру Ұстаз шәкірттерінің алдындағы бір парызы деп білеміз.
Б.Кенжебаевтың қазақ баспасөзінің тарихын тұңғыш зерттеген ғалым екендігі айтылды. Оның бұл бағыттағы еңбегі ұшан теңіз. Тағы бір мысал келтірейік. Қазақ ұлттық-демократиялық бағыттағы баспасөздің алғашқыларының бірі – «Серке» газеті. Сол басылымның ұлттық журналистика тарихынан алар орнын белгілеп берген зерттеуші - Бейсенбай Кенжебаев. Бұл жөнінде ғалым мынадай мәліметтер келтіреді: «Үлфәт» газетінің редакторларының бірі «Нажат» (Азаттық) деген журналға былай деп жазады: 1906 жылдың ақырында «Үлфәттің» қазақ оқушыларына арнап қазақ тілінде «Серке» атты екі жетілік газет шығаруға қарары болды. Келесі жылы март айының басында сол газеттің жариялануы шықты. Артынша, 28-мартта бірінші саны шықты. Ол «Үлфәт» газетінің қосымшасы болып шықты. Газет шыққан соң бірер күн өткеннен кейін полиция келіп, қала начальнигінің «Серке», «Үлфәт» газеттерінің ұсталғаны туралы әмірін оқып, басқармада бар даналарын жинап алып, құлыптап кетті. Екінші күні тиісті орындардан себебін сұрағанымызда, олар: «Серке» газетіндегі кейбір мақалаларда қазақ халқын үкіметке қарсы үгіттеу бар. Содан ұсталды деп жауап берді».
Осындағы «қазақ халқын үкіметке қарсы үгіттеу бар» деп айтылған «кейбір мақалалар» ардақты алаш азаматы Міржақып Дулатовтың «Жастарға» деген өлеңі мен «Біздің мақсатымыз» атты мақаласы екендігі бүгінде баршымызға белгілі болып отыр. Олай десек, бұл басылым мен «Қазақ» газеті арасында тығыз байланыс бар екендігіне көз жеткіземіз. Жақаңның, Міржақып Дулатұлының «Серкеден» бастау алатын журналистік қызметі кейіннен «Қазақта» жалғасын табады. Осы басылым арқылы бір кездері жастардың, соның ішінде өзінің алдына қойған мақсат-міндеттерді жүзеге асыруға білек түре, белсенді түрде атсалысады. Ендеше екі басылымның да ұстанған жол, бағыт-бағдары, мұраты бір болды деп қабылдасақ қателеспейміз. Ғұлама ғалым, ұлағатты ұстаз дерегі осындай түйін жасауымызға толық негіз береді.
Достарыңызбен бөлісу: |