Ғылыми жетекші: филология ғылымдарының докторы, профессор М. Хамзин Ресми оппоненттер


«Жазушы дүниетанымы және табиғат»



бет2/3
Дата19.06.2016
өлшемі0.89 Mb.
#148414
түріДиссертация
1   2   3

«Жазушы дүниетанымы және табиғат» атты тараушада авторлардың шығармашылық дүниетанымы мен қоршаған орта, табиғатты бейнелеудегі көркемдік шешім сөз болады. Қоғам мен адам, я болмаса, кеңістік пен кейіпкер проблемасы қашан да қаламгердің дарын мен парасат бірлігін сақтайтын әдебиеттің рухани өзегі. Руxани игіліктер, оның ішінде әдебиет – өмірдің өнердегі көрінісі. Ғалым М.Xамзин «Жеке бастың (тұлғаның) руxани –адамгершілік әлемі, гуманистік-адамгершілік, әлеуметтік-адамгершілік, философиялық-этикалық проблемалары – міне, атан түйеге жүк боларлық осынау аса ауқымды мәселелерге жауап беру, ізденіс сапарына шығу 60-80-жылдардағы қазақ романының тақырыптық, идеялық ерекшеліктерін құрайды» - деп қазақ романшыларының дүниетанымын даралаған [6, 58-б].

Табиғат пен адамның қарым-қатынасы бірінші кезекке шығып, ауқымды міндеттерді шешуге атсалысатыны бар да, бұл жайттың қоғам тынысын яғни адам мен қоғамның қарым-қатынасын айналып өтпейтіні мәлім. Сонымен қатар адам мен қоғам арасындағы байланысты яғни адамның қоғамдағы орнын, сол қоғамға деген көзқарасын саралаудың бірінші кезекке шығатынын А.Нұрмановтың «Құланның ажалы» романы дәлелдей алды. Алайда біз сөз етіп отырған адам мен табиғат байланысының бұл шығармаға шебер үйлескенін аңғару қиындыққа түспейді. Егер уақыт атты философиялық ұғым тұрғысынан келсек, Құлан –кешегі ақ пен қызыл шабысқан дүбірлі кезеңнің өкілі. Роман оқиғасы сол дүрбелеңнен кейінгі кезеңді қамтыған. Шығарма да ХХ ғасырдың екінші жартысында жарыққа шықты. Құлан – өмір туралы, өмірдің мәні туралы ойланып, белгілі бір тоқтамға келуге үлгермей кеткен асқақ рухтың иесі. А.Нұрманов ұстанымы кейіпкерін әлеуметтік, тарихи, саяси, рухани, философиялық сарындарды шебер үйлестіре алып, органикалық бірлікке, тығыз байланыс биігіне көтерген. Жазушының авторлық ұстанымы, идеясына қатысты мәселелерді қозғасақ, қаламгер санасы мен қаһарман санасы – эстетикалық өзара тығыз байланыста, адам өмірінің мән-маңызы, оның рухани бастаулары туралы өзіндік концепциясын ұсынған қаламгер ойы эстетикалық категория ұғымымен жымдасып, көркемдік шеберлікпен таныла алған.

Бір емес, екі биліктен де сая көрмей, аласұрған бас кейіпкердің жан әлемін, ішкі дүниесін ашуда автордың жүгінетіні – табиғат.

Қаламгер А.Нұрмановтың «Құланның ажалы» романындағы адам мен табиғат үндестігінің кескінделуі жоғарыда айтылған ауқымды жайттардан бастау алса, әр шығармасына жазушылық шеберлікпен қарайтын, әлем оқырманына танымал Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романы да Арал экологиясын жазушылық дүниетанымымен бейнелеген. Шығарманың әлем, қазақ әдебиетіндегі соны сипаты да, поэтикалық қуаты да осы қасиеттерінде деп білеміз.

Поэтикалық қуаты зор, өзекті мәселені тіліне тиек еткен жазушы Қ.Ысқақов «Қараорманы» жарық көрген соң, араға біраз жыл салып барып, «Ақсу жер – жаннаты» атты қомақты романын ұсынды. Бұл роман - «Қараорманның» мүлде қайта жазылған, көп-көп өзгерістерге, өңдеу– жөндеулерге түскен келелі нұсқасы. Мұнда бүгінгі заманның ең өзекті мәселесі – ел мен жердің тағдыры, табиғи ортаны аялау парызымен ұштастырылып, көркемдік шешімін тапқан. Өзекті мәселе адамға байланысты, оның тағдыры, мінезі, құлқы, ой-өрісіне байланысты. Сондықтан да болар, жазушы шығармашылығына: «Алтайдың тұмса табиғатын, шулаған қара орманы мен Бұқтырманың булыққан сарынын көркем прозада бірінші рет бейнелеген - Қ. Ысқақов»- деген бағаға ие болса, «Адамның тағдырын суреттеу, жалпы, анық суреткерге лайық мінез Қалиханға тән, Қалиханға қонған бақ» деп суреткерлігін аша түскен пікірлердің шынайылығына иланамыз.

«Ақсу жер - жаннаты» романы Алтай өңірінің өткен ғасырдың жетпісінші жылдарын қамтиды десек те, романның көлемінің көркемдік әлем ауқымы бұл кезеңмен шектелмейді. Алтайдың, оның әлеуметтік, сонау ғасыр басынан бергі тағдырына, тыныс-тіршілігіне ортақтастырады, сан тарау ащы сауалдарға жауап іздетеді.

Романда рухани тектілік, адамдық-азаматтық сана зерде, сезім-күйдің, толғаныстың, әр кейіпкердің өмір туралы ойлауы, табиғатты аялау, қоғамдағы әлеуметтік проблемалар әр деңгейде кездесе береді. Ал кейіпкерлер бүкіл діл болмысымен көз алдыңызда қалып қояды. «Елге неңді сіңіріпсің, еңбегің бе? Қалай айтсаң да еңбек – ниет пен қолдың қаруы, күректің атауымен өлшенетін азап пен тер емес пе?... Ал сол дүние – жалғанға рухани не қалдырдың?» [7, 156 -б] - деп өз жанын жегідей жейтін Шерубайлар, алтынның сынығындай Жанжігіт, Осип қариялардың бойындағы рухани тектілік, жігіт ағасы, ел жағасы болған, тағдыр талқысын көп көрген Сиғатты, қыздай жесір, соғыс кезіндегідей әлі де «бірі-сельсовет, бірі-хатшы» сезінетін Сарқыт пен Марусьялар да, бұлардан кейінгі ұрпақ соғыстың өзін көрмесе де зардабын, ауыртпалығын тартқан, ой-зердесі өзгелеу Асхат, Жанжігіттің ұлы Қылаңхан, тілі уытты, темірді де тесіп түсер жырау Бескемпір, әкесі Есімханның бітеу саналылығы – жан жарасына айналған Бекеттерде, Шерубайдың қызы Сән, Сиғаттың қызы Меруерт, жансүйері, кейінгі жұбайы Меңсұлулар да жалғасын тапқан. Жетпісінші жылдары жарық көрген «Тұйық» романы да жазушының жұмбақты туындыларының бірі. Туған жері Алтай өлкесін суреттеген бұл туындысында табиғат пен адамның өзара тығыз байланысын, табиғат-ананың қатігез шақтарда адамның тірлік үшін берілмес қайсарлығын, күнделікті өмір үшін күресін нанымды суреттеген. Қаламгер толғанысынан туындап, оның авторлық ұстанымына арқау болған жайттар: жеке тұлғаның рухани-адамгершілік әлеуеті, гуманистік–адамгершілік проблематикасы, әлеуметтік-адамгершілік сипаттар, философиялық -этикалық мәселелер.

Бүгінгі әдебиеттің адам, қоғам танудағы көркемдік бағытына айналған психологизм мәселесін айналып өту мүмкін емес. Адам жанының сұлулығын, рухани күш-қуатын немесе ішкі әлеміндегі қарама-қайшылықты ашу күрделі көркемдік-эстетикалық, әлеуметтік-психологиялық талдауды қажетсінеді.

Жаралы жылдар зардабын тартса да, талай жаныштауларды бастан өткізсе де, ұлттық болмыс өзінің саналы табиғатын жоғалтқан жоқ. Осы орайда жазушы Д.Досжанның қаламынан құнарлы ізденіс-еңбектері, ой-сөз жүйелері, көзқарас-танымының орнықтылығы бұл күнде ешкімді де бейтарап қалдырмайды. Д.Досжан туындылары «Зауал», «Дария», «Табалдырығыңа табын», олардағы тақырып-мазмұн, адам мен оның еңбегіне, тарих тағылымына негізделген оқиға өрімі, ой-сөз жүйесі, тіл-стиль сипаты, көркемдік таным арналары – ізденіс-еңбекті серік еткен, қоғамдық-кезеңдік көріністер мен өмір-уақыт талаптарын басты мұрат, өлшем еткенін аңғару қиын емес. Жазушы романдарындағы біз қарастырып отырған проблемаларды сөз еткенде, мына пікір қаламгер шығармашылығының өзіндік даралығын айқын танытады: «Жазушы 70-80 жылдары адамзаттың туған жеріне деген азаматтық борышы туралы толғанды. Терең толғаныстың нәтижесінде «Зауал» (1970), «Дария» (1976), «Табалдырығыңа табын» (1980) атты трилогия дүниеге келді» [8, 356-б].

Кез келген адам – өз уақытының перзенті. Оған әсер етуші, ықпал етуші – Уақыт және Кеңістік сияқты философиялық ұғымдар.

Біз қарастырып отырған романдардағы Әзім, Бакизат, Жәдігер («Сең», «Соңғы парыз»), Стамбек («Сары қазақ»), Шақан («Шақан – Шері»), Қажымұрат («Тұйық»), Бекет («Ақсу –жер жаннаты»), Құлан («Құланның ажалы»), Мақұлбекпен Доскей, Батыр, Мүлкімен, Нағанай, Құлшығаш («Зауал», «Дария», «Табалдырығыңа табын») сияқты кейіпкерлер – осы ойымыздың дәлелі. Қаламгерлер өз ұстанымын, авторлық позициясын осы өз қаhармандарының іс–әрекеті, сөзі, дүниетанымы, ниет, пиғылы арқылы білдіре алды. Соның нәтижесінде ХХ ғасырдың 70-80 жылдары адам, табиғат, қоғам сияқты философиялық ұғымдарға арқау болған үштаған нақты қаhармандар арқылы оқырманға жол тартты. Өзінің күнделікті күйкі тіршілігі, күнкөрісі қамымен шектелмей, аса ауқымды проблемаларға үн қоса алатын кейіпкерлер тұлға концепциясына айналуға әрекет жасады.

Диссертацияның «Қазақ романының көркемдік-эстетикалық принциптері» атты бөлімнің «Қаламгер және эстетикалық идеал» тараушасында 1970-80 жылдардағы қазақ прозасындағы көркемдік-эстетикалық мәселе, қаламгердің эстетикалық талғамы сараланады.

Эстетика мәселесі жан-жақты танымдық жүйесі ретінде (эстетикалық-сезім, қарым-қатынас, талғам, мұрат, құндылық, эстетикалық қызметтің ерекше түрі – өнер) айқындап негізделуге философияның ғана емес, әдебиеттің де қатысы бар. Әдебиеттің мақсатын эстетика мәселелерімен байланыстыра отырып, әдебиеттің эстетикасы негіздерінен білім беруде, әсемдікті сүюге үйренуде, шығармашылық қабілеттерді дамытуда айрықша қызмет атқаратындығы мәлім. Уақыт өтсе де, қоғам дәуіріндегі өзгерістер болып жатса да, ескірмейтін тақырыптар болады. Ол - прозадағы адам, табиғат ұғымдары.

Мәселен, біз қарастырып отырған Ә.Нұрпейісов, Д.Досжанов романдарындағы ауыл көріністерінің табиғи әсерлігі мен нақтылығы, шынайы типтік образдар галереясы, М.Мағауин, А.Нұрманов, Қ.Ысқақов романдарындағы қоршаған әлеуметтік орта мен қоғамдық жағдайға сәйкес туындайтын кейіпкер әрекеттеріндегі психологиялық шиеленістердің философиялық-әлеуметтік, логикалық шешімін табуға деген қуатты талпыныс бірден назар аударады. Саңлақ суреткерлер адамның өзін қоршаған орта мен болмыстың қат-қабат, қалтарыс-қатпарларынан қобалжымай тереңдеп енуге, адам және табиғат, адам және уақыт арасындағы мәңгі-бақи ажырамас байланыстардың қажеттілігі, ділгірлігі мен маңызы секілді күрделі мәселелерге баса назар аударған. Әсіресе, психологиялық талдаудың тереңдеуі мен мазмұндық-түрлік құбылуы, проблематикалық күрделілігі мен өткірлігі, бейнелеу құралдары мен мүмкіндіктерінің молаюы және оны аса дәлдікпен, орнымен ғана мұқият, ұқыпты пайдалануға ұмтылуын атап айтар едік.

Қ.Ысқақов, А.Нұрманов, Д.Досжанов шығармаларындағы психологиялық шалымды жітілік, болмыс пен жеке адамның байланысы, көкейкесті күрделі мәселелер тереңіне ұмтылу, тіршілік толқындарының бағытын пайымдауға, типтік тұлғаларды табу, талдау жасаудағы жемісті табыстары да айрықша атап айта кетерліктей. Әдебиет зарттеушісі Б.Майтановтың «Әр буын қаламгердің ортақ дүниетанымы, ортақ идеялық-көркемдік принциптері сол бір көзқарастағы аса үлкен дарын иесі тудырған дүниені нысана етіп қабылдауға мүмкіндік жасайды. Ал, өмірдегі таланттар мен талантты туындылардың молдығы әдеби дәстүр қазынасының байи түсуіне кепіл. Дәстүрге соқпай жаңашылдық жайлы ой қозғау толымды пікір тудырмайды» деген тұжырымы орынды айтылған [9, 6-б].

Қаламгерлер қай шығармасында болмасын, бірінші кезекте адам жанының терең иірімдерін, тағдырын, арман-үміт, тілегін жазады. Сол арқылы адам табиғатының күрделілігін, адамның асқақтығы, рухани жан әлемінің тазалығы екенін зерделейді. Қаталдық пен қатыгездік қасіретін көрсете отырып, жазушы қашанда адам баласының руханилығы қымбат, рух мықтылығының асқақтығын төмендетпеу керектігіне терең философиялық ой тастайды. Яғни шығармалардағы табиғат көрінісі, табиғат суретін молынан пайдаланудағы қаламгерлер ұстанған басты мақсат - кейіпкердің жан дүниесіне тереңдеу, оның мінез ерекшелігін екшеп көрсету, шығармашылық психологиясын ашу. Кейіпкердің жан дүниесіндегі толғаныстар мен оның бір сәттік көңіл-күйін де осы табиғат аясында бейнелеген тұстарда қаламгерлер айтайын дегенін алақандағыдай ашып тастайды.

«Адам мен табиғат жалпы адамзаттық мәні бар, мәңгілік философиялық тақырып. Адам мен табиғат тағдыры бір-бірімен тығыз байланысты, біріне-бірі тәуелді десе де болады. Бұл әлем жазушылары шығармаларына арқау болған мәселе» екенін зерттеуші С.Ш.Айтуғанова өз еңбегінде орынды атап көрсеткен [10, 17–б]. Шығарма поэтикасын құрайтын пейзаж кез-келген көркем шығарманың көркі десе болғандай, адам мен табиғат қандай тығыз байланыста өмір сүрсе, адамзаттың көңіл-күйі де сол табиғат құбылысымен бірге өріліп, көркемдік жүйенің біртұтас, ажырамас бөлігі болатыны белгілі. Көркемдік деталь тұрмыстық, заттық, этнографиялық, портреттік, пейзаждық деталь арқылы кейіпкердің рухани әлеміне тереңдей үңіліп, адам психологиясын ашады. Пейзаждың идеялық-эстетикалық ерекшелігі әрбір суреткер ұстанған көркемдік заңдылықтарымен тығыз байлданысты. Шығарманы өнер ретінде танытып, биікке көтеретін басты өлшемдердің бәрі – жазушының сөз қолдану шеберлігі.

Табиғат суреті–пейзаж көркем шығармада маңызды роль атқарады. Табиғатты суреттеуде ежелден келе жатқан, орнықты болған үлгілерін байқауға болады. Мәселен, бір үлгіде табиғат суреті оқиғаның қандай жерде болғанын көрсету мақсатында ғана беріледі. Екінші бір үлгіде табиғат көріністері қаһарманның көңіл–күйіне үндестіріліп суреттелген. Үшінші бір үлгіде қаһарманды алдынан – қуанышты ма, қатерлі ме, қандай оқиға жолықтырғанын аңғарту үшін беріледі. Ал, «Мұхтар Мағауин табиғат әлемін кең көлемде бейнелейді. Оқиғаларды дамыту, шығарманың мәнін ашу, айтылатын ойды өткірлеу, қаһармандардың тағдырын таразылау, эмоциялық әсер – қуатын арттыру мақсатында табиғат көріністерін жанды етіп суреттеуге, сөйтіп табиғаттың эстетикалық образын жасауға ұмтылып отырады» - деген пікір де жазушының көркемдік әлемін таразылаған [9,49–б]. М.Мағауиннің қай шығармасын алсақ та, табиғат көрінісі шығармада көтерілген мәселеге, тартыстың сипатына, кейіпкерлердің адамшылдық қалыптарына қатысты бейнеленеді. Пейзаж шығарманың идеясын ашуға, образдардың сипатын толықтыруға қызмет етеді. Бұндай суреттеулерден жазушының ой толғанысының тереңдігі көрінеді. Осы сапалар - Мұхтар Мағауиннің адам мен табиғат қарым–қатынасын бейнелеудегі ірі көркемдік табысының бірі. Адам мен табиғат қарым–қатынасын ашып көрсету мақсатындағы М.Мағауиннің ұлттық ерекшелігі бар шығармалары - «Шақан Шері», «Сары қазақ» романдары. Бұл туындыларында көтерген мәселе көлемі жағынан да, көркемдігі жағынан да ерекше орын алады. Гуманистік көзқарасты, жалпы адамзаттың табиғатқа деген гармониялық қалыбының бұзылуын арқау еткен «Шақан – Шері романы ерлік хикаясы мен адам өмірінің мәні туралы ой өзегін қатар өрбітумен ерекшеленеді.

Әдеби шығармада бейнелеуді тұрақтылыққа тартып тұратын, композициялық құрылымды жетілдіре түсетін элементтердің қатарына пейзаж, портрет енсе, романшы туындысында бұл тәсіл кеңінен қолданыс тапқан. Пейзаж шығармаға тыныс енгізері, оның көркемдік әсерін айшықтай түсері сөзсіз, олай болса, іс-әрекеттің шеңберін кеңейтеді, туындыға кеңістік пен көкжиек дарытады, композициялық тұтастығы мен сюжеттік желіні табиғат әсемдігімен әрлейді. Көркем әдебиетке теңеу формасында еніп, тұрақты әдеби-эстетикалық категорияға айналған пейзаждық суреттеулерге әдебиеттанудың терминдер сөздігінде: «Көркем шығарманың мазмұндық, композициялық компоненттерінің бірі, табиғатты суреттеу, кең мағынасында тұйық емес кеңістікті, сыртқы әлемді суреттеу» деген анықтама берілген [11, 272 - б].

ХХ ғасырдың 70-80 жылдарындағы біз негізгі нысан етіп алған проблеманың аса өзекті болып, сол өткір күйінде қазақ романына арқау болуы белгілі бір заңдылықтан туындаған жайт десек, сол проблеманы алғашқы боп көтергендер қатарында А.Нұрманов, Ә.Нұрпейісов, М.Мағауин, Д.Досжанов, Қ.Ысқақов сияқты қаламгерлердің де қоғамдық, тарихи қажеттілікті бірінші кезекке шығарғанын баса айтқан абзал. «Әр буын қаламгердің ортақ дүниетанымы, ортақ идеялық-көркемдік принциптері сол бір көзқарастағы аса үлкен дарын иесі тудырған дүниені нысана етіп қабылдауға мүмкіндік жасайды. Ал, өмірдегі таланттар мен талантты туындылардың молдығы әдеби дәстүр қазынасының байи түсуіне кепіл. Дәстүрге соқпай жаңашылдық жайлы ой қозғау толымды пікір тудырмайды» деген әдебиет зерттеушісі Б.Майтановтың тұжырымы орынды айтылған [9, 6-б]. Қуатты дарын иесі Қ.Ысқақовтың «Тұйық» романындағы Алтай өңірінде жайлап жатқан елге Октябрь дүмпуінің қырық құбылып жеткені, сол қым-қиғаш шақта тіл-аузы байланған ес-түссіз төрт жасар Қажымұратты қызылдар өліп жатқан шешесінің омырауынан тауып алып, төрт жасында қара шаңырақта отырған Бәтиханның қолына қалдырғаны суреттелген. Кейін қиын-қыстау ашөзек шақта тостақ қатықтың шығынын ауырсынған Бәтихан оны балалар үйіне тапсырып жібереді. Дәм-тұзы таусылмаған Қажымұрат жердің жүзін шарлап, қырық екінші жылдың қысында елді тауып, ортаға оралады. Шығарманың барлық оқиғасында ауыл адамдарының соғыс кезіндегі ерен еңбегі, тылдағы ауыртпашылықтар, тағдыр, талайы сөз болады. Қажымұраттың іс-әрекеті арқылы қаламгердің кемелденген жазушылық жолын көреміз. Ал «Ақсу-жер жаннаты» романы әдебиетіміздің жаңа бір белеске көтерілуіне үлес деп қабылдауға болады. Алтай өңірінің бүкіл тыныс-тіршілігін қамтыған аса ауқымды туынды. «Ақсу –жер жаннаты» атты роман тек экология мен экономика проблемаларын көтерген десек, онда роман ауқымын тым тарылтып жібереміз. Ал бұл мәселелердің ретіне қарай проблемаға айналуы, өткір де зәру мәселеге айналуы роман оқиғасының қаңқасы болуынан емес, қайта, керісінше, өмірдің өзі алға тартып отырған күрделі де күрмеуі мол әлеуметтік мәселелер.



Екі бөлімді романның әлеуметтік-көркемдік панорамасы-географиялық тұрғыдан да, уақыт тұрғысынан да, тарих тұрғысынан да мейлінше қомақты, мейлінше кең болып келеді» деп қазақ прозасындағы орнын діттейді [12, -5 б].

Әдебиеттің тақырыптық, проблемалық, стильдік ауқымы кеңіді. Осы мәселелер төңірегіндегі Ә.Нұрпейісовтің «Сең» романындағы Аралдың топырағынан жаралып, соның суын ішіп, ауасын жұтып, сонда ер жетіп, білім алған Әзім кейін Аралдың халі мүшкіл тарта бастағанда, оның тартылуын құптап, безбүйректік танытады. Зерттеуші пікіріне ден қойсақ, «Күйі кеткен теңіздің жантәсілім етуінің «ғылымға, адамзатқа пайдасы шаш етектен» екенін негіздеген «теорияның» авторы - Әзім. Керісінше, қара сирақ балықшының қазанбас қара баласы – Жәдігер Аралдың ыңыранған үнінен жүрегі езіліп, оның суы арнасынан кейін шегінген сайын жаны мұрнының ұшына келіп, арнаны қайта толтырудың қамымен өз жайын ойлаудан кеткелі қашан?!» деп Арал өңіріндегі Арал мен адам тағдырынан хабардар етеді [12, -233 б]. Автордың негізгі ойы - ар, ождан, мансапқа барын сатуға бар ездік, имансыздық, қара жүректілікке қарсы айқасқан, әділдік іздеп аласұрған жүрек соғысын шебер жеткізу. Зерттеуші Ғ. Аймұханованың Қ.Ысқақовтың «Ақсу –жер жаннаты» мен Ә.Нұрпейісовтің «Сең» романдарына орай білдірген пікіріне тоқталсақ, «Қазіргі прозаның басты ерекшелігінің бірі – өмірдің алуан түрлі қыртысына зер сала үңілуі. Бұрын әдебиет назарынан қалыс қалған замананың мол сырлары енді өнер объектісіне айналды. Қоғамдық-саяси, моральдық, рухани «қиын» күрделі проблеманы қамту енді көркемдіктің жаңа сатысымен ұштастырыла бастады. Қазақ әдебиеті ілгері басқан, шындық шыңырауына үңілген, қоғамдық жаңа адам тәрбиелей алатын әдебиетке айналды» [13, -60 б]. Әдебиет пен өнердің басты міндеті адам мен оның өмірі, сезімі туралы шындық болса, Д.Досжан туындыларында да характерлердің ішкі сезім күйіне үңілер психологиялық суреттер, дала табиғатының әдемі көріністері жиі ұшырасады. Жазушы байтақ далада табиғаттың әрі қатал, әрі мейірімді мінездерін бойына сіңіріп өскен қарт емендей берік қарияларды жастарға үлгі етеді. Автор қазақтың сабырлы да батыл, әрі көнтері характерін даланың мызғымас беріктігінен іздейді. Доскей, Мақұлбек образдары арқылы олардың арасындағы достықтың сырын да өздері өскен ортаның сипатымен байланысты ашады. Романда автордың эстетикалық идеал қатарына жатқызатын бүгінгі ауыл адамдары Жаманеркек, Құлшығаш, Мүлкамандар да шығарманың көркемдік-эстетикалық құндылығын арттыру мақсатында орынды алынған кейіпкерлер. Алайда романның әдеби үдеріспен байланысының әлсіздігін ғалым С.Қирабаев «Геройлардың қоғамдық күрес-тартыста жан-жақты көрінбей, ұсақ-түйек тірліктің күйбеңінен аса алмауы, жазушының кең реализмге бармай, эпизодтық шындықты бейнелеумен қанағаттануы – қазіргі шығып жатқан көп кітаптарға ортақ кемшілік» деп кемшін тұстарын да атап көрсеткен [14, -73 б]. Автордың келесі туындысы «Дарияда» барлық жан дүниесімен, кейпімен сүйсіндіретін, бейнесі мейлінше кең ашылған, дара сипатымен көзге ұратын тұлғаның бірі – озат диқан Батыр бейнесі. Д.Досжан кейіпкерін жаңа тұрпатты адам ретінде мінездеуге келгенде ұтымды детальдар пайдаланған. Трилогияның үшінші «Табалдырығыңа табын» кітабында ауылдағы кейбір келеңсіз кемшіліктерді аша отырып, әлеуметтік өткір сын ретінде қабылдатады. Өмірді тұтас көрсете келе, аудан өмірінің басты мәселелерін қамти суреттейді. Автордың арқау етіп алған проблемасы – адам мен жер, адамның жерге жасап жатқан қамқорлығы. Ол бір жағынан, адамның жерге жанашырлық жасап, мәпелеп, баптап-күтіп, екінші жағынан, аямастан төпелеп, бас көтертпей тұншықтырып жатқанын жаны ауыра суреттеген.

Аталған туындылар негізінде қаламгер шығармашылығында психологизм тәсілі аса мол қолданылып, басты кейіпкер бейнесін ашуда монолог, пейзаж, диалогтар өте шебер пайдаланылған. Авторлық тұғырнама мәселесінің қоғамдағы нақты шындық пен көркем шындықтың ара қатынасына назар аудару арқылы шебер шешім тапқандығын айта кеткен абзал.

Диссертацияның екінші бөліміндегі «Роман және көркемдік ізденістер жүйесі» атты тараушасында аталған романдардағы қаламгерлер пайдаланған көркемдеуіш құралдар, автордың өзіне тән көркемдік шеберліктеріне тоқталдық.

Осы ғылыми еңбекке нысан болған шығармаларға көркем әдебиеттің ең басты тақырыбы – жақсылық пен жамандық арқау болған. Адамның жақсы, жаман болмағы оның ішкі дүниесіне байланысты. Ерлік, жанқиярлық, өзгенің бақыты үшін, туған елдің, халқының бақыты үшін жан пидалық сезімдері–адамның ішкі дүниесі. Ал, жақсылық осы сезімдердің болу-болмауына байланысты. Ендеше, бүгінімізге, ертеңімізге керек осы жақсылық өнердің ең басты тақырыбы болуы керек. Сөз құдіретімен көркемдік шындыққа айналдырып, ұлт тілінің эстетикалық қызметін үздіксіз жүзеге асырып, шығармашылық мүмкіншілігін көрсететін стильдік, сюжеттік, жанрлық ерекшеліктерден қайталанып отыратын, ортақ сипат, белгілерден құралатын тілдік жүйе. Бұл – қаламгердің шығармашылық қызметінен, образды бейнелеуші, ойды әйгілеуші, кейіпкерді мінездеуші сипатынан туындайтын ерекшелік.

Қаламгер Ақан Нұрмановтың айрықша зерттегені – адам жаны, оның ішкі әлемі. Құланның таным көзі мен көзқарастары арқылы дүниеге үңілуі жазушыға сол бір алмағайып заманның қыр-сырын кескіндеуде түрлі тәсілдерге, көркемдік, эстетикалық тәсілдерге баруға мүмкіндік берген. Ал, Құлан бойында бүгінімізге, бүгінгі адамдарымызға әсер, ықпал етерлік жақсылық мол-ақ. Ол жақсылық - оның мөлдір тазалығында. «Құланның ажалы» тылсым сыры, жұмбағы мол айтулы дәуірдің бір кесегін көз алдыңызға тосады. Ақан Нұрманов романы қоғам мен жеке адамның қарым-қатынасы хақында қайталай, жаңаша толғандыра біледі. «Әлдебір уақытта аққан жұлдыз жалт етіп, аспанды қиғаштай сызып өтті. Түн мұнарындай ауыр ой Құланды жан-жағынан қаумалап, біресе сонау жұлдыздай жылтыраған үмітке жетелегендей, біресе тұңғиық аспандай тереңге батырғандай бұл арадан алыстатып әкетті» [15, 31-б].

Сюжеттік желі психологиялық дәлелдеме ретінде ғана емес, мерген образының жасалуындағы өшу, кері кету процесін де аңдатып тұр. Ұтымды деталь. Құлан тағдыры елсіз сахараны тынымсыз кезген дала тағысын елестетеді. Жалпы, көркем мәтінде табиғат суреті мол пайдаланылған. Әдеби үдерісте кең тараған қағида бойынша автор пейзажды тек қаһарманның жан әлеміндегі, ішкі дүниесіндегі бұлқынысты суреттеуде ұтымды қолданған. Сезімдегі алай-дүлей арпалыстан соң, Көктөбет тобына қосылған Құлан қадамы көркемдік тұрғыдан нанымды. Пейзаж – қаһарман көңіл-күйі, ішкі әлеміндегі өзгерістерге сай құбылып отырады. «Өліара. Ай қараңғы кез. Күннің не олай, не бұлай бола алмай тұрған мезгілі. Біресе ертеңнен қара кешке дейін теріскейден уілдеп қара жел соғады да тұрады, біресе сауыры мен жер сызы түнерген бұлттар әлдеқайдан көк жүзіне жиылып, күні бойы қара жаңбыр шүмектеп төгеді, енді біресе күн шайдай ашылып, кәдімгі жаздағыдай жайма-шуақ тартады» [15, 158-б] .

Адам мен табиғаттың бірлігін парасат тұрғысынан пайымдау қандай да болмасын қаламгердің авторлық бет – бейнесін айқындайды. А.Нұрманов «Құланның ажалын» трагедиялық шешіммен аяқтаса, М.Мағауин романдарында адам–қоғам–табиғат үштағаны органикалық бірлікте үйлесім тапқан. Қарымды қаламгер М.Мағауин өз туындыларының жазылу тарихына былайша зер салады: «Кәрі көкжалдар болатын, күшін есеппен жұмсап, әдіспен, айламен алатын, ірі-қараға шаппай, тоқты-торымды айналдыратын – белгілі бір жасқа келгенде шебер жазушыларымыздың өзі бұрынғы деңгей, бұрынғы қарқында жұмыс жасай алмаса керек. Бірақ «Жол анасы - тұяқ» дегендей, қай уақытта да тынымсыз әрекет белгілі бір дәрежеге жеткізбек» [16, 244 -б]. Суреткер өзіндік дербес характер ретінде сомдаған адам образы ғана емес, тіршілік үшін сол адамдардан бетер арпалысқан аң, құс, жан-жануар бейнелері арқылы да өзінің авторлық тұғырманасын танытты. Автордың «Шақан-Шерісі» де қаламгердің шығармашылық айдынындағы биік эстетикалық мұраттарын нақты көрсететін көркем туынды.

М.Мағауиннің «Шақан – Шерісі» мен «Сары қазағының» үндес, бағыттас екені, әсіресе, қос романның сюжеттік желілерін ортақ арқау болған көркемдік–эстетикалық ізденістер сипатын пайымдасақ, бірінші кезекке адам мен қоғам қарым–қатынасының шыққанына ден қоямыз.

Авторлық баяндау характерлік баяндаумен ұштасқан. Өткір сарказм, ащы мысқыл бар. Адамның іс-әрекет, пиғыл, мінезі мен танымынан тарихи жады туындайды. Ол – абстрактылы ұғым емес, нақтылыққа негізделген ұғым. Осыны анық аңғарған ғалым С.Тахан: «М.Мағауин «Сары қазақ» романында көркем ойлаудың тариxи тереңдігін танытты. Романның сюжеттік-композициялық құрылымында ойдан жасалған тариxи тұлғаның көркем xарактер диалектикасын ұсынады. Сонысымен бүгінгі таңдағы xалқының алдында тұрған тариxи сауалдардың шешімін эстетикалық идеалдар, көркем көріністер арқылы шебер бере білген» деп характер даралаудағы қаламгер шеберлігіне осылайша пікір білдіреді [17, 135-б].

Адам–табиғат және қоғам қарым–қатынасындағы күрделі жайттарға қаламгер Ә.Нұрпейісов өз дүниетанымы тұрғысынан келген. «Соңғы парыздағы» бас қаhарман–шынайы сүйіспеншілікті идеал тұтқан жан. Ол жан жары Бәкизатты, кіндік қаны тамған Аралын, туған ауыл адамдардын сүйетін жан. Жәдігер – туған табиғаттын сүйетін жан, махаббаттың құлы. Ең ауыры, аяғында яғни шығарманың көркемдік шешімінде де ол махаббат деген ұғымды жоғары қойып, дүниеден озады. Авторда полифониялық яғни ой ағымы тәсілі бірден көзге ұрады. Жазушы С.Елубаев қаламгер қарымына «Атамзаманнан адамзатпен бірге жасасып, Жер бесікте тербетілген керім көлдің жағалауын жайлаған халықтың несібесі ару Аралдың небәрі ширек ғасырда озбыр қоғам, оспадар ұрпақ белін сындырып, жаназасын шығарыпты. Сонда жан берер алдында ақтық рет Арал тұяқ серіппегенде, кім тұяқ серіппек? Ышқынып бір Арал туламағанда, кім туламақ? Алланың берген ырзығына қол салдың, адам! Қол салдың да қираттың. Енді соның зардабын тартарсың, адам! Сендер Арал басына ақырзаманды бүгін орнаттыңдар! Ертең сендердің басыңа ақырзаманды Арал орнатар. Суреткерді қинайтыны – озбыр қоғам жасаған осынау ұлан-ғайыр қылмыстан тағы да халық жапа шегетіні»,- деп қоғамының нар түйеге жүк болар көкейкесті мәселесін көтерген шығармасына пайымдауын білдірді [16, 4-б].

Ә.Нұрпейісов үшін Арал тағдыры–романдағы Жәдігер, сондай–ақ қарапайым еңбек адамдарының тағдыры. Тарихы, мұңмен жазылған шерлі шежіресі. Жәдігер де, Әзім де, Бәкизат та сол Арал трагедиясының бүгінгі куәгерлері. Олар–микроәлем. Ал, ұлы теңіздің макроәлемге айналуы яғни барша адамзат трагедиясына ұштасуы–макроәлемді сомдаған жазушы санасының нәтижесі. Микроәлем өкілдерінің ішіндегі Жәдігер, тағы басқа жекелеген адамдар ғана макроәлем трагедиясын жете түсініп, сол деңгейге көтеріле алғандар. Қаламгер уақыт, сана, нақты жағдай категорияларына зерделілікпен үңіле алған. Жәдігер күрсінісі, жан әлеміндегі буырқаныс пен бұлқыныс, дүлей ашу–бәрі де автордың шеберлік, көркемдік тәсілдер іздеу тарапындағы көрсеткіштерге айнала алған.

Көрнекті жазушы, көркем сөз шебері Қ.Ысқақовтың да кейіпкер сомдаудағы көркемдік шығармашылық ерекшелігіне арнайы талдау жасау, шеберлік қырларын көрсету бүгінгі қазақ әдебиетінің даму бағыт-бағдары, қазір орын ала бастаған адами және қоғамдық құндылықтар туралы нақты тұжырымдар жасауға негіз бола алады.

Көркем кейіпкер - әрі жинақталған, сонымен бірге дараланған тұлға. Кейіпкердің портретін оның сырт бейнесі: бет пішіні, дене бітімі, киім киісі т.б. құрайды. Қаһарманның портретін, әсіресе, оның көзге көрінетін бейнесі: қимыл-қозғалысы, жүрісі, бет қимылы, өзін-өзі ұстау әдебі неғұрлым дәл көрсетеді.

Кейіпкердің портретте бейнелену сипатына қарай Қ.Ысқақов портрет-сурет және портрет-мінездемені ұтымды қолданады. Портрет-сурет (фотографиялық) кейіпкердің биологиялық, физиологиялық ерекшеліктерін, сонымен қатар оның киімін суреттеуге құрылады. Ал портрет-мінездемеде адамның сырт бейнесін суреттеу арқылы оның ішкі жан дүниесін сипаттау көзделеді. Қ.Ысқақов шығармаларында кейіпкерлердің сан түрлі образы жасалған және жазушы олардың бір-біріне ұқсамайтын қайталанбас тұлғасын, мінез-құлқын, таным-түсінігін дәл беру үшін олардың әрқайсысын өзінше жеке тұлға ретінде таныта алған. Қаламгердің кейіпкер сомдаудағы ұстанатын қағидалары мен көркемдік әдіс-тәсілдері, таным-түсініктері қазіргі проза жанрына тән жаңа үрдістердің барын дәлелдейді.

Қаламгер Д. Досжановтың «Дария», «Зауал», «Табалдырығыңа табын» романдары – көркем бейнелерді сомдау, олардың танымын, іс–әрекетін, адами болмысын саралау арқылы әр адамның бойында, санасында болуға тиіс, берік орын алуға тиіс қарыз бен парызды, мақсат пен міндетті тағы бір мәрте еске салуға мұрат еткен туындылар. Ол романдардың қаһармандары – айдай әлемге жар салып, өзін–өзі әйгілеп, өзін–өзі жарнамалаудан аулақ жандар. Олар – өз ішкі түйсіктері арқылы ел мен жер алдындағы киелі парызын жете түсінуге тырысқандар. Алдына ондай мақсат қоймағандар да бар. Алайда олар бәлендей көп емес. Жазушыға эстетикалық идеал болған қаһармандар тобына оптимизм тән. Қаламгердің көркемдік ізденістері арқылы әр кейіпкердің өзіне тән бет–бейнесі, адами болмысы ашылған. Үш романның адам–қоғам–табиғат үштағанын көтеру арқылы, сайын даламызда орын алған экологиялық зардаптарға кінәліні іздеу арқылы жүгінген көркемдік тәсілдері де сан–салалы. Ойнақылық, қысқа қайыра баяндау, кейіпкерлердің ішкі әлемін, жан дүниесін кескіндеуге де таңдап алған ықшамдылық сипаттары –бәрі де үш романға тән қасиеттер. Сауранбай, Зұлпықар, Батыр, Жаманеркек, Басалқы, Құлшығаш, Беласар, Сыпақұл тағы басқалар – бәрі де өз уақытының, өз заманы мен дәуірінің перзенттері. Стильдік ерекшелігіне қысқалық, ықшамдылық сипаттары тән болып келетін жазушы өз кейіпкерлерінің портретін беруде де ықшамдылық танытады.

Қаламгердің кейіпкерлері табиғаттың таза идеалын, үйлесім мен рухани еркіндікті табиғаттың өзінен іздейді. Табиғат – жазушы үшін рухани тазарудың, рухани жаңарудың түрі, тазалық, адалдық, әділдік таразысы.



Диссератциялық жұмыстың қорытындыcында бөлімдерді, тараушаларды қорытындылай отырып, мынадай ой түюге тырыстық. Жазушы Табиғат пен Адамды бірдей бірлікте алады. Табиғатты Адамның ішкі болмысымен салыстыра суреттейді. Ендеше, адам–табиғат–қоғам үштағанындағы жеке тұлғаның алатын орнына сараптама жүргізе алған қаламгерлер А.Нұрманов, Ә.Нұрпейісов, М.Мағауин, Қ.Ысқақов, Д.Досжанов, біріншіден, өздері қолданған көркемдік–эстетикалық ізденістері арқылы адам феноменіне үңілудің жаңа биігіне көтерілді.

Екіншіден, әлем–жұмбақтан гөрі, адам–жұмбақтың ішкі әлеміне, жан дүниесіне тереңірек үңіліп, оның тылсым болмысын зерттеуді өз көркемдік ізденістеріне арқау етті.

Үшіншіден, егер біз атаған қаламгерлер шығармалары өз эстетикалық құндылығымен сапалы туындылар қатарына жататыны рас болса, бұл жайт тек олардың ғана емес, сол тұстағы яғни ХХ ғасырдың 70-80 жылдарындағы қазақтың ұлттық әдеби үдерісінің де жемісі деп айтуымызға толық негіз бар.

Төртіншіден, біз қарастырған қаламгерлер Ә.Нұрпейісов, М.Мағауин, Қ.Ысқақов, А.Нұрманов, Д.Досжановтардың романдары қазақ әдебиетінде реализмнің баюына, сан түрлі стильдік ерекшелік, сипаттардың өмірге келуіне, жанр көкжиегінің кеңеюіне, адам образының толыққанды сомдалып, характерлерінің өз мәнінде, талап деңгейінде ашылуына қолайлы мүмкіндіктер туғызып, алғышарттар жасады дегенді ерекше айтқанымыз абзал.

Ә.Нұрпейісов стиліндегі ой ағымының басымдау болып, психологиялық талдаудың жиі көрініс беруі, М.Мағауиннің стильдік даралығындағы ойнақылық, бекзаттық, биік зияткерлік элементтері, А.Нұрманов романындағы элегиялық сарын, характерлі баяндау, Қ.Ысқақов стиліндегі өткірлік, кейіпкерлерінің «бетің бар, жүзің бар» демей, бетке тіке айтатын турашылдығы мен философиялық сарын және лиризмнің шебер ұштасуы, Д.Досжановтың қарапайым еңбек адамдарының барша болмысын өзіне жақын, етене «меніне» айналдыра алып, шынайы бейнелеуі, сол қаламгерлердің игерген көркемдік тәсілдері болып қана қоймай, ХХ ғасырдың 70-80 жылдарындағы қазақтың ұлттық әдеби үдерісіне қосылған үлес еді.

Біз ғылыми еңбекке арқау еткен қазақ қаламгерлері А.Нұрмановтың «Құланның ажалы», Ә.Нұрпейісовтің «Сең», «Соңғы парыз», М.Мағауиннің «Шақан–Шері», «Сары қазақ», Қ.Ысқақовтың «Тұйық», «Ақсу – жер жаннаты», Д.Досжановтың «Зауал», «Дария», «Табалдырығыңа табын» романдары мен көтерген проблематикасы жағынан осы туындылармен үндес, сарындас болып келетін басқа ұлт әдебиетіндегі прозалық шығармалардың да ХХ ғасырдың 70-80 жылдарында дүниеге келуінде белгілі бір дәрежеде қоғамдық, тарихи қажеттілік бар еді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет