М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті
Ғылыми кітапхана
Көркем әдебиет секторы
«Бір ел – бір кітап» акциясы
« Мұзтаудың мұзбалағы!»
Б и б л и о г р а ф и я л ы қ ш о л у
Тараз 2012
Оралхан Бөкей
Мұзтаудың мұзбалағы
Көрінуші ең көнелердің көзіндей,
Жазғандарың -қара өлеңнің сөзіндей,
Асқақ едің, атақты едің, Нар едің -
Туған өлкең -өр Алтайдың өзіндей.
С.Тұрғынбеков
Оралхан Бөкеев 1943 жылы 28 қыркүйекте Катон-Қарағай ауданына қарасты Шыңғыстай ауылында туған.
1961 жылы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Шыңғыстай орта мектебін бітірген соң аға пионер вожатый және Алтай совхозында тракторист болып төрт жылдай жұмыс істеген. 1963 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетіне сырттай оқуға түседі де, оны 1969 жылы тәмамдап шығады.
1965-1968 жылдар аралығында Большенарым аудандық "Еңбек туы" газетінде корректор, аудармашы, редактордың орынбасары және облыстық "Коммунизм туы" газетінде әдеби қызметкер болған.
1968 жылы республикалық "Лениншіл жас" газетінің шақыруы бойынша Алматыға келеді, осы газетте мәдениет және ғылым, әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болып істеді, ал 1974-1983 жылдарда "Жұлдыз" журналы проза бөлімінің меңгерушісі әрі редколлегия мүшесі болған. Өмірінің соңғы күніне дейін "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторлық қызметін атқарады.
“Коммунизм туы” (қазіргі “Дидар”) газетінде әдеби қызметкер,“Лениншіл жас” (қазіргі “Жас Алаш”) газетінде (1968 — 1974),“Жұлдыз” журналында (1974 — 1983) бөлім меңгерушісі, “Қазақ әдебиеті” газетінде бас редактордың орынбасары (1983 — 1991), 1991 — 1993 жылы осы газеттің бас редакторы болып қызмет атқарған.
1976 жылы Оралхан Бөкеев «Құлыным менің» пьесасы үшін Қазақстан Республикасы Жастар сыйлығының лауреаты, 1978 жылы «Найзағай ізі» повестері мен әңгімелері үшін Н.Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың лауреаты, 1986 жылы «Біздің жақта қыс ұзақ» повестері мен әңгімелері үшін Абай атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты наградаларына ие болды.
Оралхан Бөкеев 1993 жылы 17 мамырда Үндістан жерінде, Делиде қайтыс болып, Алматы қаласына әкеп жерлеген.
Ол халқына адал қызмет етті. Мақсатына өзін-өзі тәрбиелеу, өз бетінше білім алу ізденімпаздығымен жетті, шындық пен образдар қосуын, тұнып жатқан қабілеті мен талантын бағалап әдебиет сүюші қауым, зерттеушілер, қаламдас достары Оралханға Кербұғы, Мұзбалағы, Өр Алтайдың күмбезі деген атаулар беріп, биікке көтерді.
Шығармалары мен жетістіктері.
Ол өз туған жерін жанындай сүйді, оған мәңгі ғашық болып, сол ұлы махаббатын ақтық демі біткенше қағазға түсіріп өтті. Әдебиетке келудегі мақсаты да сол. «Көкшетау асқан сұлу болса, одан шыққан ақын, жазушылар одан әрі сұлуландырады. Біздің Өр Алтайдың сұлулығы одан кем емес. Бірақ оны жырға қосатын, сұлулығын көрсететін ақын, жазушылар жоқ. Мен Алтайдың сұлу табиғатын, сарқылмас байлығын танытуды мақсат етемін. Мен мақсатыма жетемін деп сенемін», - деген екен қаламгер.
Оның журналист боп, жазушы болып қалыптасуына Шерхан Мұртазаның ағалык қамқорлығы ерекше әсер етті. Ешкімге белгісіз Шыңғыстайдағы тракторшы баланың бойынан жалындаған талант отын байқаған Шерхан Мұртаза оны Алматыға жетелеп әкеп, дуылдаған қаламгерлер қауымының қалың ортасына салып жіберді, өмірінің соңына дейін ол журналистика мен жазушылықты қатар алып жүрді. Оның прозасы мен драматургиясында қоғам өмірінің өзекті мәселелері, ар мен азаматтық алдындағы жауапкершілік, рух тазалығы, жаратылыс пен адам арасындағы қарым-қатынас, жалпы адам проблемасы публицистикалық сарында өткір қойылды.
1970 жылы Алматы қаласындағы «Жазушы» баспасынан басылып шыққан «Қамшыгер» атты алғашқы жинағы жас жазушының атағын шығарды. Осы баспадан оның «Үркер» (1971), «Қайдасың, қасқа құлыным?» (1973), «Мұзтау» (1975) әңгімелер мен повестері шығарылды. Оралхан Бөкеевтің «Ән салады шағылдар» (1978), «Үркер ауып барады» (1981), «Біздің жақта қыс ұзақ» (1984) әңгімелер мен повестері «Жалын» баспасынан жарық көрді. 1986 жылы оның «Құлыным менің» деп аталатын драмалыкқ шығармалары «Өнер» баспасынан, 1987 жылы «Ұйқым келмейді» деп аталатын творчестволық әңгімелері «Жазушы» баспасынан шығарылды.
Өз отыңды өшірме” (1983), “Атау кере” (1991) романдары, “Құлыным менің” (1986) пьесалар жинағы, “Өнерге өлердей ғашық едім” (1995) эсселер жинақтары жарық көрген. “Алданған ұрпақ” трилогиялық романы қолжазбалық ойлар күйінде аяқталмай қалған. “Құлыным менің” (1974), “Текетірес” (1976), “Қар қызы” (1982), “Зымырайды поездар” (1984), “Жау тылындағы бала” (1985), “Мен сізден қорқамын” (1987) пьесалары қазақ және орыс тілдерінде республикалық, облыстық, сондай-ақ, бұрынғы одақтас республикалар театрларында қойылған.
Оралхан Бөкеевтің шығармаларынан «Кісікиік» (1985, режиссері М.Самағұлов), «Сайтан көпір» (1986, режисері Д.Манабаев) көркем фильмдері және «Кербұғы» (1986, балетмейстер Б.Аюханов) балеті қойылды.
Оралхан Бөкеев – есімі дүние жүзіне танымал жазушы. Оралхан Бөкеевтің шығармалары дүние жүзінің көптеген тілдеріне орыс, ағылшын, француз, неміс, жапон, араб, қытай және басқа да ұлы халықтар тілдеріне аударылған. Шығармаларында адам бейнесі, оның іс-әрекетін әлеуметтік-қоғамдық жағдайлармен астастыра, реалистік-романтикалық табиғатын қанық беру тән. Бөкеев өз қатарынан айқын даралық стилімен көрінген суреткер жазушы.
Оның өзге тілде жарық көрген шығармалары - «След молнии», Молодая гвардия, М, 1978; «Поющие барханы», Советский писатель, М, 1981; «Чағылған», Қырғыстан, Фр., 1981; «След молнии», Христо Данов, Болгария, 1981; «Кербұғы», Эстония, 1981; «Крик», Советский писатель, М, 1984; «Үркер ауып барады», Фольк Унд Вельт, Берлин, 1982.
1994 жылы Оралхан Бөкеевтің повестері «Таңдамалы» 1 том болып, 1996 жылы повестері мен романдары «Таңдамалы» 2 том «Жазушы» баспасында жарық көрді.
Шығармашылық жолы
О.Бөкеевтің шығармашылық жолы 1970 жылдан басталады. О.Бөкеев әдебиетімізге өз өрнегімен келген жазушы. Ол алғашқы әңгіме повестерінен-ақ оқушысын бірден баурап әкетіп еді. Жазушының ой мен сезімді қатар өрген шығармалары бірде тұңғиық ойға жетелесе, бірде өршілдікке тарта беретін.
Алтайда жатып асқақ та өршіл дауысымен алты алашты елең еткізген өренді, Алматыдағы қазақ жұртының қаламының желігі бар жастарын құтпан айғыр секілді үйіріне қуып тығатын Шерхан Мұртаза сынды аймүйіз ағасы аяқ- қолын жерге тигізбей Астанаға алғызған. Сөйтіп, Қазақтың шоқ жұлдыздарының қатарына мұрты жаңа ғана тебіндеп келе жатқан, жүрісі де, тұрысы да кербез, жұмбақ, өр де астам, басына сынық түймедей сөз асырмайтын түз тағысы - Кербұғы келіп қосылған…
О.Бөкеев әу бастан - әдебиеттің киелі босағасын аттаған күннен бері өз заманын, сол заманда ғұмыр кешіп жатқан қарапайым еңбек адамдарын шығармаларына арқау еткен жазушы. Оралханның кейіпкерлері- өзіміз күнделікті көріп, араласып жүрген замандастарымыз. "Жетім бота", "Мынау аппақ дүние" повестерін, ондағы Тасжан, Нұрлан, Луиза бейнелері поэзия тілімен өрнектелген деуге болады. "Бәрі де майдан" повесіндегі Ақан мен Құмырай - адалдық пен арамдықтың, қарапайымдылық пен қатыгездіктің бітіспес күресін көрсететін типтік бейнелер.
Оралханның қазақ әдебиетінде салып кеткен өзіндік жолы бар. Жазушы Алтайды, еңбектің сан түрлі саласында ерліктің үлгісін көрсетіп жүрген адамдарын тек өзіне ғана сыйымды, ғажап пейілмен сүйе білді. Олардың сан - салалы, қилы-қилы тағдырларын өзінің үлкенді -кішілі шығармаларына өзек етті. Жазушының қандай да бір шығармасын қолымызға алып, парақтай бастасақ, оның әр бетінен ауыл иісі, ауыл тұрмысы аңқып тұрады.
Асқар Алтайдың кербез табиғатын, тамылжыған сұлулығын Оралхан Бөкейдей сүйіп, жырлаған жазушы әзірге жоқ. Ол - табиғаттың асқақ жыршысына айналған табиғи тума талант.
Оралхан кейіпкерлерінің тағы бір ерекшелігі - олар арманшыл, қиялшыл болумен бірге ойшыл, мұңшыл, жан-дүниелерінде сағынышқа толы аңсау, ынтығу, күрсініс пен өкініш, шексіз ынтызарлық, жұмбақты сыр жатады. Олармен бірге белгісіз бір сағынышқа толы мұңға беріліп кеткеніңді өзің де байқамай қаласың.
Оралхан Ұлы Отан соғысы жылдары дүниеге келген ұрпақтың өкілі. Сол бір алапат-сойқанды көзімен көрмесе де анасының құрсағында жатып, тылдағы ауыр еңбектен қабырғасы қайысып, күрсіне-күңірене жүріп күн кешкен қамкөңіл жандармен бірге тыныстап, бірге қиналып дүниеге келген бұл ұрпақтың да жанына соғыс салған жара аз болған жоқ. Осы соғыс тақырыбына жазушы "Бәрі де майдан" повесін арнады. Бұл повесть - тақырыбының сонылығымен де, кейіпкерлерінің тосын тағдырымен де ерекше шығарма. Шығарманың негізгі қаһарманының бірі - Ақан. Қолына мылтық алып, қан майданға қатыспаса да, еңбек армиясында болады. Белуардан батпақ кешіп, таң атқаннан күн батқанға дейін тыным көрмей жер қазатын. Тамағы да өте нашар еді. Қатықсыз қара көже ішіп, үсіген картоп жеген кісілер ауыруға шалдығады. Өлім -жітім де болады. Осының бәріне Ақан мойыған жоқ. Мұнда да ол соғысқа қатысқандардан аз азап шеккен жоқ. Оны қиындықпен келген Ұлы жеңіске үлес қоспады деп ешкім айта алмайды. Ендеше неге бұның: "Еңбегім елеп ескерілмеді? Неге ол Жеңіс мерекесіне арналған жиналысқа шақырылмайды? "Менің кінәм не сонда? Бар жазығым қолыма мылтық орнына күрек ұстағаным ба? Біле - берсе күрек те қару ғой. Осы ғой жанға бататыны. Әйтпесе батыр атағын бермеді деп жүрген мен жоқ ",-деп қиналады Ақан.
Жалпы, әдебиетімізде соғыс кезіндегі қара жұмыста болғандар еңбегі туралы жазылған шығармалар жоқтың қасы. Көбіне тікелей соғысқа қатысқандарға қарағанда осы бір белгісіз ерліктің иелері еленіп - ескеріле бермейді. Осынау еңбекте ерлік көрсеткен мыңдаған адамдардың тіршілігі қан майдан қаһармандарының тасасында қалып келгені белгілі. Сол олқылықтың орнын толтырған, ерліктің бағасы біреу ғана екенін, мейлі ол майданда жасалсын, мейлі ол тылда көрсетілсін, ашып, айғақтаған бұл повестің тағылымы мол, тәрбиесі толайым. Жақсылыққа ізгілікке деген ұмтылыста жүрген, ұлы сенімді серік еткен Ақан, Алма сынды кейіпкерлер әр жүрекке жол табады. Олардың көрген қиыншылықтары, тартқан азаптары жігерлерін шыңдап, қажыр - қайраттарын арттыра түсуі көңілге қонады.
Оралханды өз биігіне шығарған, "Бөкеев - нағыз талант" дегізген шығармасы - "Мұзтау" повесі. Міне, дәл осы шығармасынан бастап Оралхан Бөкеев қоғаммен, оның кереғарлығымен, адамзатқа қасірет әкелетін сойқанды іс - әрекеттермен тайталасқа түседі. Бөкеевтің мәңгіге бітпес айтысы басталады. Міне, осы "Мұзтаудан" басталған қоғам кереғарлығымен Бөкеевтің жекпе - жегі оның қалған ғұмырындағы шығармаларының лейтмотивіне айналғаны рас.
Аршалы. Қазақ жерінің күншығыстағы сіргежинар пұшпағы. Жұрты екі - ақ күнде көр -жерін буып - түйіп бел асып, бошалап кеткен, әдірем қалған мекен. Мылқау шешесімен Ақтан ғана қалған. Тағы да бір Ақтанның мұңдасы, тіршілік иесі бар, ол арса -арсасы шыққан Шағырқасқа. Оның да терісі қанжар жүзіндей боп жұқарған, жүдеген. Мынау мүлгіген мылқау тірліктен Шағырқасқа да әбден зәрезеп болған: алқа салқасы шығып жылағысы, белгісіз бір шулы өмірге күңірене кісінеп еніп кеткісі келетін. Бірақ ондай шылбыр үзер тентектікті Шағырқасқаға кім беріпті?! Қайта мынау меңіреу тайгадағы өзі салған, өзі мың сан таптаған сүрлеуімен митың - митың тапырақтағанына, тірлік етіп жүргеніне риза болсын. Жылқы да болса өз әулетінің тым жуастығына, тым көмпістігіне іштей қан түкіре налитын. Екі аяқтылардың еркіне көндім дегенің, табиғат берген тәуелсіз тірлігіңнен айырылдым деген сөз. Анау жылы бір тентек суға тойып алған, зәр жіберер долы Екі аяқты мұның көзін шұқып та алған. Шағырқасқа аталып жүргені сондықтан, Шағырқасқа екіаяқтылардың қолынан күніне сан рет жем алып жүрсе де оларға сауырын сипатпайтын бұғы, маралдардың ерлігіне қызығатын, Аршалының самырсынды бір сайында туып, соның ғана төсін дүбірлетіп келе жатқан Шағырқасқаның қиялы да қысыр қалған. Аршалы көгінің көкжиегін көмкерген әнеу бір, қол созым жердегі түкті төбемен шектелген. Шіркін, бұғы - маралдардай тәуелсіз болсам - ау дегенді ғана армандайды.
Шағырқасқаның үстіндегі иесі - Ақтан да жалқы. Жалғыз. Жартылай аң, жартылай адам. Табиғилығына түрен түспеген пенделердің соңғы тұяғы. Өрелдегі өңезкеуделердің Аң атап жүргені де сондықтан. Олардың ойынша қулық, сұмдық, аярлық, алааяқтықты меңгермеген жан - Аң.
Ақтанның бар ермегі - ой. Санасына мәңгі тыныштық бермейді. Оралхан өзін шаршатқан, санасын сансыратқан, жауабын табу қияметқайым сандаған сұрақтарын Ақан арқылы жарыққа шығарады. Ақтан мен Аңды пікірталасқа түсіру арқылы жауап іздейді. Жақсылық пен Жамандықтың қансонарда жерді жапқан аппақ қылаудың бетіндегі қатар жатқан, бәсекелес қос із екендігін, жиі -жиі бастары тоқайласқан сәтте шарпысып, шаптығысып тіпті, қантөгіске де баратынын - қолқасына өгіз тобығы тұрып қалғандай өксікпен өреді.
Ақтан - Әділетсіздік пен Аярлықтың ордасы - күлкітоқ қоғамнан қашып, Алтай тайгасының тағылар ғана мекендейтін түкпірінде табиғилығын сақтап қалу үшін жансауғалап жүрген қияли, ойсоқты адам. Совхоз орталығы Өрелге зәуімен бір бара қалса жиреніш те лас өмірден түңіле қашып тауымен, жалғыздығымен еңіреп табысады. Бұл еркіндігі, еркелігі қаншаға созылары бір аллаға ғана аян.
Беу - беу Оралхан - Ақтан - ай, қаншама көз көрмес, құлақ естімес меңіреуге лағып, маңып кеткенімен кесірлік пен кесапаттың күйік сасыған иісі іргесінен үріп жатқанын, ерте ме, кеш пе қолқасын қан түкірте қабарын болжамаған -ау!
Әттең, Оралхан - Ақтан - ай, әр пенде шыр етіп жарық дүниеге келген сәттен бастап - ақ оның тағдырдан жер тоқпағы да, бастан сипар мейірімі де, бағы да, соры да ең аяғы тірліктің мәресі - ажалы да соңынан таяқ тастам жерде еріп отырарың соның көбі екі аяқты адам бейнесінде тапырақтап сүмеңдейтінін ертерек ойламағанын қарашы!
Қайран, Оралхан - Ақтан - ай, адам жатырынан адам болып дүниеге келген екенсің, сол тобырдан қолыңды төбеңе қойып қаншама қашқаныңменен, қаншама саяқтаңғаныңмен сол тобырсыз күнің жоқ екенін неге түсінбейді екенсің. Ажалдан қашқан Қорқыт бабаларың қайда ұзап кетіп еді?
Адалдық пен Арамдық - егіз ұғым. Ақтан - адалдықтың бейнесін сомдаса, Кан - қулық, сұмдығына сырық байламайтын арамдықтың өкілі. Кан жетесіз емес. Ақтан секілді ауызынан әулиеліктің уызы аңқып тұрған он шақты аңқау да адал жандарды қанжығасына бөктеріп кетеді. Тым зымиян. Тым жады. Тым уытты.
Повесть соңында Арамдықтан сілікпесі шыға орлық көрген Ақтан оның қыр соңына түседі. Арқасына таңып алған, ғұмыр бойы жақ ашпаған мылқау шешесі тұңғыш рет ұлына:
- Құлыным - ай, сол қуды қуып жете алар ма екенсің?- деп күрсінеді.
Ақтан жетуін жетер, ал оны жеңу үшін өзі де арамдықпен тояттауы қажет -ау.
Повесте қосалқы бейне есебінде үнемі көрініп қап отыратын кейіпкер - өтірікші Асан шал. Бұл кейіпкер - Оралханның алмас алдаспаны. Оны әрі өтірікші, әрі шежіреші етіп алуы - саясат.
Қоғам кереқарлығын, өз ұлтыңның кеңкелес кезеңде іштегі запыранды шығару үшін әр түрлі әдеби тәсілдерге бару қажет болды. Міне, Асан сол олқылықты толтыруға келген өкіл. "Мұзтау" повесінің көтерген ең ауыр жүгі - оның адами мораль мен этикасының жиыығы екенінде. Оралхан осы шығармасында Арамдық пен Адалдықтың бетін қанжосасын шығарып, аймаңдай етеді. Адамдарды ізгілікке үндейді. Етегі тола еңірей отырып "Адам" болып қалуға шақырады.
Жалпы "Мұзтау" повесі - Мұзтаудай биікке шыққан шығарма. Ол аласаруы мүмкін емес!...
Ол - ерлік пен өрлікке толы хикаят. Оны оқып шыққан соң өзіңнің де бойыңа шым - шымдап қуат құйылып жатқанын, моншадан шыққандай бусанып, сергіп қалғаныңды сезесің. Күйкі тірлігіңе қынжыласың, аттандап Алтай мен Алатауға шығып, алапат ерлік жасағың келеді.
Бөкеев, О. Ұйқым келмейді: Повесть, әңгімелер.-Алматы: Жалын, 1990. -560 б.
О.Бөкеевтің бұл жинағына «Атау кере» повесі және
топтама әңгімелері енді. Повесте Алтай тауындағы омарташылар өмір-тіршілігі қамтылған. Бас кейіпкер Еріктің, оның шешесі Нюраның, жұбайы Айнаның арасындағы оқиға психологиялық ауанда өрбиді.
Сондай-ақ бас тұлғаның бірі Таған атты атпал жастың талантын таптаған маскүнемдік дертке душар болу себептері де сезімталдықпен суреттеледі.
Бөкеев.,О. Біздің жақта қыс ұзақ: Повестер.-Алматы: Жалын, 1984. -432 б.
Оралхан Бөкеевтің бұл жинағына соңғы жылдары жазылған шығармалары енген. «Бәрі де майдан» повесі Ұлы Отан соғысы кезіндегі тыл өміріне арналған. Жазушының жинаққа кірген көлемді дүниесі- «Біздің жақта қыс ұзақ» атты егіз повесть.
Мұның біріншісі - «Сайтан көпір» деп аталады. Автор бұл шығармасында өмір, тіршілік жайлы философиялық терең талғамдарға барады. Ал екінші повесть «Қар қызы» осыдан біраз жыл бұрын шағын көлеммен жарияланған еді. Автор енді осы шығармасына қайта оралып, оған көптеген жаңа оқиғалар қосып, кеңейтіп ұсынып отыр.
Архитекторлар өмірінен жазылған «Жетім бота» повесінде адамның қайта оралмас жастық шағына деген сағынышы, жүрек тебірінісі бар.
Бөкеев, О. Атау – кере (Қауіпті будан). Мұзтау (Соңғы ертек):Хикаяттар.- Алматы: «АнАрыс» баспасы, 2010. - 320 б.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары өзінің талантымен жұртты жалт қаратқан Оралхан Бөкеев қолтаңбасы қазақ әдебиеті әлемінен айшықты орын алды. Оның ойтолғанысына арқау болған жаратылыс құбылыстары ерекше көркемдік бейнелерге айналып жүре беретіні шындық. Романтикалық сарын, драматизм, жаңашылдық пафос айқын сезіліп жататын жазбалары әсіресе жастар жүрегіне отты сезім оялатып, өмірге құштарлық үмітін оятты. Автордың қай шығармасын алсаң да отансүйгіштік рухы мен мұндалап тұрады. Көпшілік қауымға ұсынылып отырған бұл хикаяттары да нағыз шеберліктің жемісі екендігін оқыған жұрт таным - талғамымен таразылай түсері сөзсіз.
Бөкей, О. Қар қызы:Хикаяттар. /Құраст. Р. Мәженқызы. -Алматы: Раритет, 2010. - 320 б. –(«Алтын қор» кітапханасы)
ҚР Мемлекеттік Сыйлығының лауреаты, өмірден ерте өткен көрнекті жазушы Оралхан Бөкейдің бұл кітабына «Бәрі де майдан», «Қар қызы», және басқа таңдаулы хикаяттары енді.
Автор кез келген шығармасында Жақсылық пен Жамандықтың бітіспес күресі арқылы кейіпкерлерінің ішкі жан әлеміне көбірек үңіліп, әлеуметтік-философиялық ойы салмақты бірегей образ жасайды. Екінші бір ерекшелігі- кейіпкер болмысын табиғат көріністеріне байланыстыра суреттеу. Бұл тұрғыда Оралханды шынайы табиғат жыршысы, өр Алтай өңірін бүкіл сұлу да асқақ келбетімен өрнектеп кеткен нағыз суреткер еді деу керек. Оның стиль даралығы да осы қасиетінде, яғни қара сөзбен жыр кестесінде, яғни қара сөзбен жыр кестесін төккен хас шеберлігінде берілген.
Достарыңызбен бөлісу: |