Қай аймақтарды салыстыра зерттедіңіз? Әр аймақ отының (шөбінің) құнарлылығына байланысты сүт өнімдері кенеулілігінің айырмашылығы болды ма?
Шұбаттың құрамындағы сүт қышқылы бактерияларының алуан түрлерін зерттеуде Алматы, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарының жекеменшік және фермерлік шаруашылықтарының үлгісі зерттелді. Бар аймақтағы зерттеуге алынған шұбаттардың ішінен Атырау облысының шұбаттарында сүт қышқылында кездесетін лактобациялар түрі ең көп бөлінгені лактобациялар түрі ең көп бөлінгені болды. Одан кейінгі орындарда Ақтөбе, Қызылорда облыстарының шұбаттарында, ал ең аз бөлінген лактобациялар Алматы облысының шұбат үлгілерінде болды.
Докторлық еңбегімді микробиология және вирусология институтында қорғадым. Мақтанғаным емес, жалпы осы сала бойынша қазақ тілінде қорғалып жатқан кандидаттық жұмыстар болғанымен, микробиологиядан докторлық диссертацияны қазақ тілінде алғашқы қорғаған мен болдым.
Жалпы, сүт қышқылы бактериялары уақыт өткен сайын өзінің маңыздылығын арттыра түсетін аздаған микроорганизмдер қатарына жатады. Бұған дейін сүт қышқылы бактерияларының биологиялық, генетикалық және экологиялық аспектілері зерттелген. Бұрын ағзаға зиянды жұмыстағыларға сүт берілетін. Қазір ғылым ашытылған сүт өнімдері, оның ішінде шұбат 92 пайызға сіңім және пайдалырақ екенін дәлелдеді. Ал сүттің 32 пайызы ғана қорытылады екен. Нәтижесінде ғылым оларды таксономиялық, физиологиялық қасиеттеріне байланысты алуан түрлілігі жөніндегі зерттеу мәліметтермен байыды.
София Зұлқарнайқызы, сізге ИСЕСКО ұйымының Халықаралық беделді жүлдесі адам ағзасына аса пайдалы шұбат пен қызылша шырынын қосып ашыту арқылы дайындалатын «Софмайя» сусыны үшін берілді деп атап көрсетілген. Енді «Софмайя» аталуына және осы сусынның таза шұбаттан гөрі несімен маңыздырақ екеніне тоқталсақ?
«Софмайя» атауының алғашқы бөлігі түсінікті болар, ал Майя – Қазақстан ғылымы үшін де әсіресе мен үшін аса қастерлі есім – ұстазым, академик Майя Хажетдинқызы Шығаева.
Шұбатты көбінесе өздігінен ашытады. Ал ол шұбаттың ішінде әртүрлі микроорганизмдер болуы мүмкін. Олар ауадан, мал желінінен, ыдыстан түседі. Сүт микроорганизмдер үшін қоректік орта болғандықтан, олар тез өсіп көбейеді. Оның ішінде адам ағзасына пайдалысы да, зияндысы да болады. Адамдар кейде шұбат ішімізге жақпайды, не ішімізді қатырады деп жатады. Шұбаттың адам ағзасына жақпауына бөгде микроорганизмдер, яғни ішек таяқшаларының әсері болғаны. Ал шұбаттың аса майлылығынан іш қатуы болмас үшін, зиянды микроорганизмдерден тазарту үшін, ғылыми жетекшім Майя Хажетдинқызы екеуміз «Софмайя» деген шұбат сусынын ойлап таптық. Бұл сусынды дайындағанда шұбатқа қызылша шырынын қосып ашыттық. Біздің зерттеуімізде шұбат ашытуда арнайы белгілері бар сүт қышқылы бактериясының және ашытқы саңырауқұлағының штамдары қосылып дайындалды. Оқырмандарға түсінікті болуы үшін таратып айтсақ, штамдар дегеніміз – морфологиялық және биологиялық қасиеттері бойынша бірдей бір түрге жататын микроорганизмдер культурасы. Шұбатты осындай тәсілмен ашыту адамның асқазанына келіп түскен тағамдарды қорытуға және иммунитетті көтеруге көп көмегі бар.
Сүт қышқылы тағамдары қоректену физиологиясы жағынан маңызы зор. Себебі, сүт қышқылының әсерінен сүт казеині мақтадай майдаланып, коагуляцияланады, соның нәтижесінде тағамның сіңірілуі жоғарылайды. Сүт қышқылы тағамдарында кездесетін майда еритін А, Д, Е дәрумендері бактериялар тіршілігі нәтижесінде түзіледі. Ал сүзбе, қаймақ, құрт, айран, қымыз, шұбат, тағы басқа сүт қышқылы тағамдары адам организмінің зат алмасуына қажетті фосфор, кальций, магнит тұздарына бай болады.
Көкөніс, әсіресе қант қызылшасы шырындарының адам денсаулығына, ағзаның жұмыс істеу қабілетіне тигізетін игі әсері ертеден белгілі. Қызылша шырынында темір және фолий қышқылының болуы қызыл қан түйіршіктері – эритроциттердің пайда болуы жеделдеп, бұлшық ерттерге оттегінің тасымалдануын жақсартады. Сонымен бірге қызылша шырынын үнемі қолдану нәтижесінде әсіресе атеросклероздың алғашқы сатысында есте сақтауды жақсартса қызылша шырынындағы магнийдің көп мөлшері жүйке ауруына, ұйқы бұзылғанда, кенеттен жүйке жүйесіне ауыртпалық түскенде өте пайдалы. Қан тамырларын кеңейтіп гипертониялық ауруға неғұрлым тиімді әсер ететін бірден бір табиғи дәрі болып табылады. Қант қызылшасы шырынының қатерлі ісікке қарсы тұру қабілетінің бары жөнінде зерттеулер бар, бірақ қатерлі ісікті емдейді деген сөз емес, оны тамақ рационына жиі қосып отыру нәтижесінде алдын – ала аурудан сақтандырумен бірге холестерин және улы заттарды азайтады. Қызылша шырынының осыншалықты пайдалылығына қарамастан, оған тиісті көңіл бөлінбей келеді. Қызылша шырынының таза өзін ішу өте қиын, әрі дәмсіз. Сондықтан басқа жеміс – жидек шырындарымен, қышқыл сүт сусыны шұбатпен қосқанда бірін бірі толықтырып, адам ағзасына пайдалылығы артып, сіңімді бола түседі.
|