Философия кафедрасы



бет3/7
Дата23.02.2016
өлшемі0.5 Mb.
#7771
1   2   3   4   5   6   7

Эфестік Гераклит (шамамен б.д.д.540ж.). Оның есімі философия тарихында өшпес із қалдырған. Сонымен қатар, Гераклит тарихта Қараңғы деген қосымша атпен белгілі. Мұндай теңеу оның шығармаларының ерекшелігіне: ойлау машығының сипатына, тіліне, стиліне қарай айтылады. Гераклиттің ойлары өте қысқа әрі жинақты келеді. Ол түсініксіз сөздер арқылы терең ой жүйесін ширатып, әрбір құбылыс пен заттың мәнін ашуға тырысады.

Гераклит қарама-қарсылықтардың бірінсіз-бірі өмір сүрмейтіндігін дәлелдеп шықты. Ол дүниенің тұрақсыздығын, оның үнемі қозғалыс пен өзгерісте, жалпы дамуда болатынын айқындап берді. «Өзендегі суға екі рет түсе алмайсың, өйткені ол ағып жатыр» дейді. Мұның өзі барлығы ағып, үнемі дамуда болады деген пікірді білдіреді. Гераклит қарама-қарсылықтардың бір - бірінен ажыраспайтынын, бір - біріне өтетінін, алмасатынын, бірін-бірі толықтыратынын, бірі жойылса, екіншісі де жоғалатынын айқындап берді.

Гераклит сол кездегі басқа ойшылдар сияқты жаратылыстану саласымен айналысып, дүниенің негізін материалдық біртұтастықтан іздеді. Сондықтан да ол дүниенің негізін отта деп есептеді.

Гераклит – көрнекті диалектик, теориялық ойлаудың шым-шытырман тұңғиығына, оның қайшылықтары мен бұрылысы көп жолдарына батыл көз жүгірткен ғұлама философ. Гераклиттің диалектикасы көптеген келелі мәселелерді көтерді. Сондай проблемалардың бірі таным процесін, әсіресе, диалектикалық танымның салыстыру әдісімен қалыптасатынын атап көрсетті. Салыстыру арқылы жақсылық пен жамандықтың, әсемдік пен көріксіздіктің т.б, жігін ашып, мәнін негіздеуге тырысты.

Грек философиясында Гераклит диалектикасына қарама-қарсы бағытта пайда болған сол кездегі ағымдардың бірі - Элей мектебі болды. Ол мектептердің өкілдері – Парменид пен Зенон. Парменид пен Зенон бастаған Элей мектебі келелі философиялық мәселелерді көтерді. Ең алдымен олар болмыс туралы проблеманы жан-жақты талқылады.

Элей мектебі болмыс туралы философиялық мәселе көтере отырып, оның мәнін ашуға әрекеттенді. Болмысты тек ойлау арқылы білуге, түсінуге, сырын ашуға болады. Ендеше, негізгі мәселе – ойлаудың болмысқа деген қатынасы. Бұл - Элей мектебінің ашқан жаңалығы. Мұның өзі кейін философияның негізгі мәселесіне айналды.

Элей мектебінің негізін қалаған Парменид деген ойшыл. Оның ұстазы атақты ақын, ойшыл Ксенофан.

Міне, Парменид болмыс туралы терең ой-пікірлер қозғаған. Ол: «Болмыс бар, болмыс емес жоқ» - кесіп айтты.



Зенонның атақты апориялары: «Ахиллес пен тасбақа», «Жебе». Апория - ойлаудағы қиналу, аң-таң болу, шешілмейтін жұмбақ мәселе.

Пифагоршылдар – ежелгі грек философы, әрі математигі, Пифагордың ізбасарлары. Олар дүниенің негізін сандық қатынастарда, сан барлық заттар мен процестердің мәні деп есептеді. Сандардың негізі әрбір зат пен процестің өлшемінде жатыр.

Атомистер – материалистік тұрғыдағы философиялық мектеп. Негізі өкілдерінің бірі: Демокрит. Оның пікірінше, барлық материалдық дүние атомдардан тұрады. Атом бөлінбейді, мәңгілік, өзгермейді, өзіне-өзі тең.

Софистер б.д.д. V-IVғ. өмір сүрген. Софистік философия, шын мәнісінде, антропалогиялық ілім болып қалыптасқан еді. Оның негізін қалаушы аға буынның өкілі — Протагор болатын. Протагордың «Адам - барлық дүниедегі заттардың мөлшері» деген қағидасы адам туралы ілімнің іргетасын калаған негізгі принцип болды. Шынында да, адам барлық заттардың және соған қатысты процестердің мөлшері болуға тиіс. Мұндай идеяның негізінде адамның өзінің рөлі де және оның қызметінің маңызы да жан-жақты қамтылады.

Классикалық философия. Сократ, Платон, Аристотель.

Сократ (б.з.б. 469-399 жылдары) жасында мүсіншілікпен айналысып, кейін философ, қоғам қайраткері дәрежесіне дейін көтерілді.

Сократтың философиясы әрбір ғасырдағы, әрбір дәуірдегі адамдарды үнемі ойлантатын, ешуақытта маңызын жоймайтын аса қажетті ілім. Сократ софистер басын бастап, бірақ, аяқтай алмаған адам туралы ілімге ерекше назар аударды. Ол, ең алдымен өзіне дейінгі философтардың ой-пікірлерін талдай келе, олар негізгі кемшілігін көре білді. Сократтың ойынша, таным философияның негізгі мәселесі адам болуы керек. Сократ мәселені батыл қойды. Дүниені тану, әлемді тану, әрине, қажет-ақ. Дегенмен адам өзін-өзі, өзінің ішкі дүниесін білуге ұмтылуы керек. Осыдан келіп Сократтың бірінші принципі шықты. «Сен алдымен өзінді-өзің таны». Сократ бұл жерде адамның өмірін философияның негізгі мәселесі етіп қараумен шектелмей, өмірдің өзін өзіндік сана ретінде қарап отырған. Ендеше, адамша өмір сүрудің өзі өнер екен. Оның екінші қағидасы: Менің білетінім - менің ештеңе білмейтіндігім, ал басқалар мұны да білмейді». Адам өзіне-өзі сырттай үңілген сайын, өзін өзі тануға ұмтылған сайын, сайып келгенде ештеңе білмейтіндігін анықтайды.



Платон (б.з.б. 427-347 жылдары өмір сүрген) атақты және аса ауқатты бай жанұядан шыққан. Философия тарихында Платонның қалыптасуы, көбінесе оның ұстазы Сократтың есімімен тығыз байланыстырады. Оның үстіне Платонның көптеген шығарма сұхбаттарының негізгі кейіпкері — Сократ. Ол Афины демократиясын қатты сынға алды. Платонның еңбектері: «Мемлекет», «Театет», «Федон», т.б. Сезімнен тұратын шындықты Платон нақты шындық емес, ол тек өмірдің көлеңкесі, шын өмір идеяда деп түсіндірді. Таным дүниені білу емес, еске түсіру деп уағыздады. Идея деген ұғымды алғаш философияға енгізген де - сол. Табиғатта идея тек түр ретінде өмір сүреді. Заттар өз қасиет сипатын сол түрге сәйкестенуі арқылы иемденеді. Идея ол біріншіден мәңгі, ол тумайды да, өлмейді де, өспейді де, кемімейді де; екіншіден, ол біртектес, әр түрлілік тек заттарға тән, олар өнеді, өшеді, - дейді Платон. Сөйтіп, ол идеяны алға тартады. Шәкірттерін оқыту үшін Академия ашты. Мемлекетті философтар басқармайынша адам баласы зұлымдықтан арылмайды. Платон жастарды философиямен айналысуға шақырды. Философ болу үшін, таңдана білу керек, — дейді.

Аристотель (б.з.б. 384-322 ж.ж.) философиясы, жағынан, барлық көне грек философиясының қорытындысы іспетті. Ал, екінші жағынан, Аристотель көзқарасы ғасыр мен жаңа дәуірдің ғылыми ілімдерінің қайнар бастауы болды. Яғни бұл ұлы ойшыл көне грек данышпандары көтерген проблемаларға жан-жақты талдау жасап, өз заманының көкейкесті мәселелерді шешіп беруге ұмтылды. Ол, сондай-ақ, өзінің өмір сүріп отырған заманы әлі де күн тәртібіне қоймаған мәселелерді шешемін деп болашаққа ой жүгіртті.

Аристотель философиясында алғаш рет өткен дәуір көзқарасына терең талдау жасалды. Ол «Метафизика» деп аталатын кітабында философияның негізгі мәселелерінің бірі - болмысты жан-жақты анықтай отырып, өзіне дейінгі ойшылдарға, әсіресе, Платонның философиясына сын ескертпелер айтты.

Аристотель - Платонның шәкірті. Ұстазының көзі тірісінде шәкірті оның шығармаларына сын көзбен қарап, пікірлерін ашық айтпағаны рас. Бірақ кейін келе, өзінің философия жүйесін жасау процесінде ол Платонның көзқарасына қарсы шықты. Аристотельге: «Сен неге көзінің тірісінде ұстазыңа қарсы шықпадың», - деп айып таққанда, ол: «Платон маған дос, бірақ ақиқат одан да гөрі қымбатырақ» - деп жауап беріпті.

Эллиндік философия. Эллинизм дәуірі (б.з.б. ІІІ-ІІ ғасырдағы) басталды. Эллинизм ойшылдары стоялықтар – Аристотель ілімін, эпикуршілдер Демокритті, скептиктер Элей мектебі мен софистерді, Платонды әрі қарай ілгері жалғастырушылар болды.

Ендеше, заманның мәнін, ішкі рухани дүниесін түсіну үшін эллинизм дәуірі, ондағы стоялықтар, эпикуршілдер және скептиктер маңызды рөл атқарды.



Стоялық бағыттың негізін салған – Зенон. Әсіресе, стоялық ойшылдар өзінің логикасында, физика мен этикасында табиғатты, яғни сезімдік материалды, ғарышты субъекті ретінде қарап, сол арқылы адамның негізін түсінуге ұмтылды.

Эпикуршілдік бағыттың өкілі Эпикурдің есімімен аталатын философиялық ағым сонау Демокриттің атомдық философиясын дамыта отырып, осы эллинизм дәуірінде адам туралы көптеген мәселелер көтерді. Эпикуршілдікті жаратылыстану саласын және этика мен эстетика мәселелерін көтерген ғылыми бағыт деп қарауға болады. Бұл ағымның негізгі бір ерекшелігі ұсақ бөлшекті атомдарды қарастыра отырып, солар арқылы адамдардың қоғамдық өміріне талдау жасайды.

Скептиктер (грек тілінде «қараймын», «зерттеймін», «күдіктенемін») бағыты адамның ішкі дүниесін, рухани өмірін өзгерткен көптеген ойларды қамтыды. Бұл ағымның негізін қалаушылар Пиррон, Секст Эмпирик, тағы басқалары болды. Бұл философияның негзі адамның ойы арқылы айналадағы дүниеге кеңінен көз салу, оны жақсылап көріп алу, өткен жолымызға қайта қарау және танымның жетістігіне сын көзбен шолу арқылы оны қайта бағыттау.

Неоплатонизм өз дәуіріне тән философиялық бағыт болғандықтан сол заманның қоғамы мен адамының әлеуметтік тәжірибесін дәл ұғынып, оны абстракциялық философиялық формулаларда шебер көрсете білді. Тіл жеткісіз Тұтастық пен оның алуан түрлілікпен байланысын іздеу, Тұтастықты абсолюттендіру және Тұтастық пен материалдық ғарыш, құдай мен адам арасындағы шексіз аралық сатыларды іздеу мифологиялық ойлауды философиялық тұрғыда жаңғыртуға әкелді. Тәнге қатысты барлық нәрселерге қарсы шығу, аскетизм мен экстаз туралы ілімге басымдылық беру тек ерте христиандық философияға ғана емес, бүкіл ортағасырлық теологиялық ойлауға озінің едәуір ықпалын тигізді. Филон Александрийскийдің Көне Өсиет (Ветхий Завет) грек философиясымен алғаш синтездеуге ұмтылысы өзінің жалғасын таппады. Христиан дінінің жеңіске жетуі ертедегі гректердің ойлау тәсілін игере отырып, теріске шығару арқылы жүзеге асты. Бұл ортағасырлық өркениетте бастапқыда антиктік-христиандықты, ал кейінірек еуропалық христиандықты даярлады.
Дәріс №4. Өзін-өзі тексеру сұрақтары

  1. Алғашқы грек натурфилософтарының атын атаңыз?

  2. Апейрон дегеніміз не?

  3. Зенонның қандай «апорияларын» білесіз?

  4. Сократтың «ирония» мен «маевтикасын» қалай түсінесіз?

  5. «Платондық сүйіспеншілік» деп нені айтамыз?


5-дәріс. Ортағасырлық батысеуропалық философия
Орта ғасырдағы теологиялық философия деп Европада V-XV ғасырларда таралған философиялық бағытты атаймыз, онда жоғарғы жаратушы ретінде құдайды, ал қоршаған орта оның туындысы. Осы кезеңде қоғамның рухани өмірінде үстемдік етуші дін болды. Ортағасырлық батысеуропалық философияның басты мәселелерінің негізі құдай болмысының дәлелі, сенім мен ақылдың ара-қатынасы адам жанының мәңгілігі болды. Антикалық философияға қарағанда орта ғасырдағы ойлау стилі теологиялық болды, яғни әлемді жаратушы ғарыш емес, құдай болды. Ортағасыр философтарының идеялары теологиялық ойға негізделді. Білімділіктің, зиялылықтың орталығы христиан дінінің шіркеуі болды. Шіркеу-мемлекет ішіндегі мемлекет, яғни көптеген мемлекеттік функцияларды атқарды. Философия теологияға қызмет етті. Онтологиялық мәселе-жаратылу идеясы, креационизм болса, ал гносеологияда христиандық аян идеясы орын тапты. Ортағасырлық батысеуропалық философиясы басты екі негізгі идеяға сүйенді: барлық заттың бастамасы шындық пен туындылық. Ортағасырлық батысеуропалық философиясында үстемдік етуші дүниетаным христиандық болды.

Ортағасырлық теологиялық философияның көрнекті өкілдері: Тертуллиан Карфагендік (160-220), Аврелий Августин (354-430), Боэций (480-524), Ұлы Альберт (1193-1280), Фома Аквинский (1225-1274), Ансельм Кснтерберийлік (1033-1109), Пьер Абеляр (1079-1142), Уильям Оккам (1285-1349), Николай Отрекурлык (ХІVғ.)

Орта ғасырлық батысеуропалық философиясын келесі кезеңдерге бөлуге болады:

Патристика (латынша - әке) – ІІ-VІғғ. алғашқы христиан философиясының негізін салушы шіркеу әкелерінің мектебі, ілімі.

Апологетика ( грекше - қорғаймын, ақтаймын ) – ІІ – ІІІ ғ.ғ. пұттық политеизммен күресте христиандық догматика негіздерін қорғаған, уағыздаған ілім;

Классикалық патристика - (ІV-Vғғ.) - тринитарлық мәселе, яғни әке, ұл және қасиетті рух мәртебесі арақатынасы туралы ілім; христологиялық мәселе, яғни Христостағы екіұдайлық, яғни құдайлық және адамдық екі бастама туралы; антропологиялық мәселе, яғни құтқару мен арылу барысындағы Құдайдың мейірімі мен адамның күнәһарлық табиғаты жөніндегі ілім;

Соңғы кезең (VІ-V ІІІ ғғ.) - христиандық догматиканың орнығуы, теология мен ғылымның энциклопедиялық кодификациялануы.

Схоластика (латынша мектеп) - ортағасырлық теологиялық ілім, философияның теологияға қызмет ететін тұсы. Схоластиканың үш кезеңі болды:



  • Балауса схоластика (ІХ-ХІІғғ.);

  • Кемеліне жеткен схоластика (ХІІІғ.);

  • Құлдырау кезеңі (ХІV-ХVғғ.).

Схоластикалық философияның негізгі мәселесі:

• Құдайдың бар екенін рационалды (ақылмен) дәлелдеу;

• Жалпылықтың жекелікке қатынасы немесе «универсали», яғни жалпылық ұғым мәселесі.

Осы сұрақтарға жауап бере келе схоластикада екі бағыт пайда болды:



Номиналаизм (лат.nomo- ат, атау) бойынша алдымен қандай да бір зат пайда болса, оған ат беріледі. Олар құдайдың бар екендігін былай дәлелдейді: Әке - құдай, ұл - құдайы, рух - құдай. Номинализм өкілдері - П.Абеляр, Росцелин, Дунс Скот, Жан Буридан, Роджер Бэкон.

Реализм бағыты бойынша алдымен заттың өзі емес, оның жалпы атауы «универсалийлер» пайда болады, яғни сөз, соған сәйкес зат болады. Құдайдың бар екендігін былай дәлелдейді: Құдай туралы сөз бар, яғни құдайдың заты да, өзі де бар. Реализм өкілдері: А.Кентерберийский, Шампо.

Аврелий Августин Ә у л и е (354-430) - христиандық теолог, «шіркеу аталарының» (католиктерде) бірі, христиандық дүниетаным жүйесін жасаған әулие. Христиандық әлемде дін және философия мәселелері бойынша шексіз беделі болған және «Ұстаз» деген атаққа ие болған. Антиктік мәдени мұра мен оған христиандықтың қатысы туралы пікірталаста сенім мен ақылдың үйлесімдігі туралы ілімді тұжырымдап, «Қасиетті Жазу» мен «Қасиетті Өсиеттің» күмәнсіз беделдігін мойындай отыра, адамның діни өміріндегі ғылым мен философияның рөлін кемітпеді. Августин жүйесіне рухани бастауларды әсірелеу тән. Адам үшін, дейді ол, Құдай мен дүние арасында таңдау бірден-бір абыройлы құндылық болып табылады. Адам тіршілігі құндылықтарының арасында ылғи жақсы көріп аялайтын игіліктер мен тек пайдалануға жарайтындарын бөлуге болады. Біріншісіне тіршіліктің бастауы болып табылатын абсолютті жақсылық ретінде Құдайды сүю жатады. Екіншісіне адамзат мәдениетінің жемістері мен нақтылы дүнияуи игіліктерді қосуға болады. Оларсыз тіршілік ету мүмкін емес. Бірақ оларға үйреніп, жақын көруге болмайды. Августин Құдайға біртіндеп жақындатып, тән мен жанды тазартатын, аскеттік сипатта болатын «катарсис» жүйесін тұжырымдады. Августиннің мәдениетке деген көзқарасы «Құдай қаласы туралы» еңбегінде берілген. Ол екі адамдық қауымдастықты бөліп қарастырады: «Жер қаласы» — Құдайды ұмытқан өзімшілдікке негізделген мемлекет пен мәдениет және «Құдай қаласы» — өзін ұмытқан, Құдайға деген сүйіспеншілігі шексіз рухани бірлестік. Рим империясының соңғы уақытына ұқсас «Жер қаласы» нәпсіқұмарлық пен күнәһарлыққа толы және «алғашқы күнәдан» бастау алады. Осы қалада өмір сүруге мәжбүр адам бар ықыласын Құдайлық Қалаға бағыттауы керек. Августиннің теологиялық ілімдері оның эстетикасымен де тығыз байланысты.

Фома Аквинский (1225-1274) - италияндық діни ойшыл. Католиктік шіркеудің ең ірі ойшылы. Дегдар отбасынан шықса да, ол ата-анасының қарсылығына қарамастан, доминикандық діни ұйымға кіреді. Париждегі Сен-Жак монастырында, кейін Париж унверситетінде дәріс береді. Сонан соң Италияға қайтып келіп, Рим Папасының сарайында болады. Сол жылдары ол Аристотельдің философиясын тереңдетіп, өз ілімінің негізіне айналдырады. 1269 ж. Парижге қайтып оралып, Құдайтану қосындысы жұмысын жалғастырады (1266—1273). 1274 ж. Неапольдан Лионға шіркеулік кеңеске бара жатып қайтыс болады. Логик, метафизик, теолог, Фома әулие Аристотельдің рационалды философиясын христиан дінімен сәйкестендіруге тырысқан. Ф. Аквинский ойынша, дін мен білімнің қарым-қатынасы гармонияға, бейбіт жарасымға құрылуға тиіс. Философия қарама-қайшылыққа ұрынған шағында (мысалы, уақыт шеңберіндегі жарату мәселесі), оның көмекке дінді шақыруы қажет. Ф. Аквинский- теоретикалық теологияның негізін салушы. Негізгі еңбектері: «Теология жиынтығы», «Философия жиынтығы». Ол Құдайдың барына 5 дәлелді келтіреді:

1. қозғалыс: барлық заттың алғашқы қозғаушысы – құдай;

2. себеп: барлық нәрсенің бір себебі болады: ол – құдай;

3. кездейсоқтық пен қажеттілік;

4. сапа дәрежесі: заттардың сапасы әр түрлі, ең жоғарғысы құдай;

5. мақсат: қоршаған заттың белгілі бір мақсаты болады, құдай - мәңгі.

Ф. Аквинский томизм бағытының негізін қалаушы. Томизм – Ф.Аквинский іліміне негізделген католиктік философияның бағыты.
Дәріс №5. Өзін-өзі тексеру сұрақтары


  1. Монотеизм дегеніміз не?

  2. Креационизм дегеніміз не?

  3. Ортағасыр христиан философиясының бағыттары

  4. Номинализм және реализм

  5. Әулие Августин және Ф. Аквинский философиясы


6-дәріс. Ортағасырлық араб – түрік философиясы
Батыс философиясында өнер мен ғылым өз дамуында белгілі бір уақыт аралығында тоқтап қалып, христиандық дінді идеологияландыру жүріп жатса, ал Шығыс философиясында әсіресе VІІ-Х ғасырларда араб ойшылдарының арқасында философия мен ғылым өзінің гүлденген кезеңін бастан кешіреді. Ортағасырлық араб-түрік философиясы деп арабтар мен Таяу және орта Шығыс халықтарының мәдени-саяси әсерімен қалыптаса отырып, Гибралтардан Индқа дейін созылған Араб Халифаты териториясында орналасқан, VIII-XIV ғасырдағы кезеңді қамтитын философияны айтамыз. Ортағасырлық араб-түрік философиясы мен мәдениеті антика мұрасын сақтай отырып, діни сипаттағы дамуды күшейтті. Арнайы білім салаларының дамуына әл-Хорезми, әл-Бируни, Ибн- Сина, Омар Хайям және т.б. ойшылдар өз үлесін қосты. Мұсылман әлемінің философтары мен ғалымдары Батыстың ғылымы мен философиясының қалыптасуына дүниетанымдық және теориялық зор ықпалын тигізді.

Ортағасырлық араб-түрік философиясын екі негізгі кезеңге бөлуге болады:

1.VІІ-ІХ - араб-түрік философиясының пайда болуы.

2.IX- XV- араб-түрік философиясының ерте грек философиясын игеру кезеңі.

Ортағасырлық араб-түрік философиясының негізгі бағыттары:

• Калам - исламдағы діни-саяси ағымдардың пайда болуымен қатар дамыған дискуссиялар, мұсылмандардың басқа сенім өкілдерімен, христиан өкілдерімен пікірталасы. Бұл пікірталаста құдайдың мәні, құранның негізі, құдайдың жазуы, бостандық мәселесі қаралды. Каламда екі бағытты атап көрсетеміз: ерте калам-мутазализм, кейінгі калам - ашаризм.

• Мутазалиттер (ерекше, айрықша) - ХІ ғасырдың бірінші жартысында гүлденген калам мектебінің өкілдері. Олар Алладан басқа ешкімді мойындамайды, ең құдіретті Алла. Сондай-ақ мутазализм-шийттердің идеялық ағымы болып табылады. Мутазализмнің атақты өкілдері ал-Алляф, ан- Наззам, ал-Джахисс.

• Суффизм - исламдағы мистикалық аскеттік ағым. Адам үшін жоғарғы игілік адамның қоршаған ортадан, барлық қызықтан бас тартуы. Өкілдерінің бірі Қожа Ахмет Яссауи.

Ортағасырлық араб-түрік философиясы грек философиясы мен Европа филоссофиясы - схоластика арасындағы байланыстырушы буын болып табылады. VІІІ-ХІІ ғасырдан бастап, шығыста ғылымның дамуына жол ашылады. Алдымен тригонометрия, алгебра, оптика, психология кейіннен, астрономия химия, география, ботаника мен медицина дамиды. Одан кейін біртіндеп діни-филоссофиялық бағыттар алдыға шыға бастайды. Орта ғасырлық араб-түрік философиясының басты бағыты ислам мен мешіттің догматтарын сақтау, оны дамыту болды. Орта ғасырлық араб-түрік философиясының басты өкілдерінің бірі Ибн - Сина (Авиценна) (980-1037). Ол Әл-Фарабидің кейбір идеяларын шығармашылық тұрғыда жалғастырды: эманация идеясы, ақыл-ой туралы идея т.б. Ибн-Сина философиялық білімді екі салаға бөледі: теориялық және практикалық. Оның ойынша, егер теориялық философия ақиқатты игеруге ұмтылса, практикалық философия - игілікке жетуге ұмтылады. Теориялық философияға физиканы, математиканы, ал практикалық философияға саясатты, экономиканы жатқызады. Ал логика ғылымдардың барлығын пысықтайды, ол әлемді тану құралы. Барлық ғылымдардың шыңы метафизика деп аталынады, ал метафизика деп кейде теологияны, кейде философияны атайды. Қорытындылай келгенде, Ибн-Сина өз жауаптарында мынадай идеяларға келеді: егер философия ақыл-ой мәліметіне, дәлелге негізделген шындық туралы білім берсе, ал теологиялық білім сенімге сүйенеді.

Әл-Фараби (870-950) Аристотельдің ізбасары болып табылады. Оның еңбектері «Герменевтика», «Қайырымды қала тұрғындары», т.б. Оның көптеген идеялары батыс европа идеяларымен философиялық концепциялардың дамуына теориялық әсерін тигізді. Фараби ғылыми болжамға, әлемді ғылыми танып білу мүмкіндігіне сеніп, қоғамдағы зорлық-зомбылыққа қарсы шықты. Жер бетіндегі соғыссыз қоғам идеалын теориялық тұрғыда негіздеді.

«Фусул әл-мадани» еңбегінде Әл-Фараби адамдық болмыс ретіндегі мәдениетті талдауды бірінші ұядан - отбасынан бастайды. Үйдің өзіне тән мақсаттары болғанымен, ол қаланың құрамдас бір бөлігі болып табылады. Қалада отбасылар келісімді, тату-тәтті өмір сүруі керек. Қала ұғымы мемлекетпен жақындастырылады. Тағы бір мағынасында қала ұғымы әлеуметтік-мәдени топ түсінігімен де байланысты қарастырылады. Әл-Фараби 4 түрлі қалалар бар дейді: қайырымдылар қаласы, надандар қаласы, адасқандар қаласы, азғындар қаласы. Бұл әлеуметтік мәдени типтер сол заманның мәдени бағдарларымен сәйкес келеді. Рухани мәдениет бастауларын Әл-Фараби адамдарды өзара байланыстыратын құндылықтардан - жан дүние үндестігінен, әдеміліктен, қайырымдылықтан, бақыттан іздеді. Қайырымды қала тұрғындары ақыл-ой, әділеттілік, теңдік, бақыт бастауларын жоғары бағалайды. Бұларға жету үшін мәдени тәрбиенің маңызы зор. Тәрбиенің негізгі мақсаттарының бірі - білімді қалыптастыру. Білімсіз адамгершілік молаймайды, білімсіз адам өзгелердің ақылдылығын аңғармайды. Ғылым мен тәрбие ұштаса келе жоғары мәдениеттілікке жол ашылады. Мәдениеттілікке тәрбиелеу мәселесін Әл-Фараби жалпы мұсылмандық білім жүйесі - мағрипатпен үндес қарастырады. Оның басты түйіні - мінсіз ақылды әрі жетілген адамды қалыптастыру (әл-камили әл-инсани).



Әбу-Жүсіп-әл-Кинди құдай, ақыл-ой, философия мәні, ғылымды классификациялау мәселелеріне көп көңіл аударған. Құдай туралы мынадай анықтама береді: «құдай - түп негіз, барлық нәрсенің бастауы», ол абсолютті шексіздік және мәңгілік. Адамның әлемді танудағы ақылдың рөлін анықтай отырып, әл-Кинди ақыл-ойдың төрт түрін және танымның үш сатысы туралы ой айтады. Ақыл-ойдың төрт түрі: белсенді ақыл-ой, енжар ақыл-ой, бейжай ақыл-ой, жариялаушы ақыл-ой.

Болмыстық біртұтас принципін Ибн Араби (1165-1240) екі «ғарыштық» және «феноменальдық» деңгейде қарастырады. Араби үшін, Болмыстың бірлігі үш деңгейде – Абсолют ретінде, Атаулар (архетиптер) тұрғысынан, тұтас дүние көрінісінен білінеді. Абсолютте бәрі де өздігінен, жағдайын шектемей-ақ өмір сүреді. Болмыссыз өмір сүре алмайды. Өмір сүру бастауы туралы айтыста спекулятивті теологиясының жаңа түрі — калам, мутакалалимдік ағым қалыптасты. Мутакалимнің пікірталасына иудаистер, христиандар сияқты мұсылман емес сарапшылар да қатысқан.

Мутакалимдердің ой-толғаныстары мына мәселелерге «біртұтас құдайлық», «Құдайдың қалтқысыз туралығы», қылығына қарай Құдайдың «мейірімділігі және қаһары», күнә жасаған мұсылманның «өтпелі күйі», мұсылманның зұлымдыққа қарсы әрекетіндегі «тыйымды бетке басу» және игілік жасатар «жарлықты құптау» және т.б.

Ибн Араби Болмыстың бірінші деңгейін – Абсолют, Құдай, Шындық деп атайды. Бұл деңгей - Болмыстық біртұтас мәнді реалдылығы, абсолютті жетілгені. Дүние болса, ол «Құдайдың көлеңкесі». Құдай жалғыздықта жапа шекпеу үшін өз атауын басқалар айту үшін дүниені жаратты.

Ибн Араби, басқа суфистер сияқты, мұндай түсініктемені киелі хадиске (Пайғамбардың емес, Алланың өз сөзіне) сүйенгенін еске салады.
Дәріс №6. Өзін-өзі тексеру сұрақтары


  1. Аль- Киндидің философиялық көзқарасы

  2. Әл- Фарабидің онтологиялық ілімі.

  3. Ибн-Синаның өмір сүру мен мән-мағына жөніндегі ілімі.

  4. Жүсіп Баласағүни философиясы

  5. Шығыс перепатитизмі және суффизм


7-дәріс. Қайта өрлеу дәуірінің философиясы
Қайта өрлеу дәуірі өнеркәсіптің, сауданың, әскери істің, яғни материалдық өндірістің дамуымен ерекшеленеді. Сонымен қатар техника, жаратылыстану, механика, математиканың дамуы да байқалады. Бұндай өзгерістер орта ғасырға тән схоластикалық ойлаудың принциптерінен арылуды талап етеді. Жаңа дәуірге ауысуға себепкер болған жаңалықтар: Американың ашылуы, астрономия жүйесінің орнауы, өмірге, дүниеге деген адамдардың көзқарасын өзгертіп, ғылым мен философияның әрі қарай дамуына үлкен із қалдырды. Осы дәуірдің ойшылдары тәжірибеге сүйене отырып, қоғамды, адамдарды, табиғатты, өмірді түсіндіргісі келді. Осы дәуірге сонымен қатар антикалық идеялардың қайта жаңғыруы тән. Гуманизм, адамның шығармашылық дербестігі принципі, оның өмірдегі барлық жақсылықтарды иеленуге құқығы бар сияқты идеялары кең тарады.

Уақыт жағынан қайта өрлеу дәуірі XIVғ. аяғы мен XVIІ ғасырдың аралығын қамтиды. Қайта өрлеу дәуірі қандай да болмасын бір ғана дәстүрге ғана бағынудан бас тартты. Қайта өрлеу дәуірінің философиясының пайда болуының алғышарттары:

1.Феодализмнің дағдарысы;

2.Сауда, мәдени, саяси орталықтарға айналған қалалардың өсуі;

3.Европа мемлекеттерінің орталықтануы;

4.Алғашқы парламенттің пайда болуы;

5.Ғылыми-техникалық жаңалықтар.

Қайта өрлеу дәуіріне тән ерекше белгілер:

- антропоцентризм мен гуманизм;

- шіркеу мен шіркеу идеологиясына деген оппозиция;

- қоршаған ортаны ғылыми-материалды негізде түсіну;

- әлеуметтік мәселелерге, қоғам мен мемлекетке деген үлкен қызығушылық;

- индивидуализмнің басымдылығы;

- әлеуметтік теңдік идеясының кең таралуы;

Қайта өрлеу дәуір философиясына бірнеше бағыттың болуы тән:

1.Гуманизм;

2.Неопалтонизм;

3.Натурфилософия;

4.Реформация;

5.Саяси бағыт;

6.Утопистік-социалистік.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет