Г. А. Мусаева Типы ошибок в языке инофонов



Дата08.07.2016
өлшемі132.94 Kb.
#185359
УДК 811.512.122.

Г.Ә. Мұсаева

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ф. ғ. к., доцент,

Алматы қ., Қазақстан

email: gulbagiza_70@mail.ru
Инофон тіліндегі қателер типі

(қазақ тілі)


Мақалада қазақ тілін үйреніп жүрген шетел студенттерінің жұмыстарындағы типтік қателері талданып, оның туу себептері мен болдырмау жолдары қарастырылған. Автор инофон тіліндегі интерференциялардың табиғатын ажырата отырып, фонограмматикалық қателерді анықтап, олардың тіл үйрену деңгейлеріне байланысты пайда болатынын және осы кезеңдердің ерекшеліктерін ажырата білу арқасында тіл үйренуде болатын интерлингвальдық, интралингвальдық интерференцияларды дер кезінде түзетіп, алдын алып отыруға болатынын айтады. Мақала жалпы қазақ тілі мамандарына, қазақ тілін шет тілі ретінде оқытушыларға арналған.

Түйін сөздер: қазақ тілі шет тілі ретінде, типтік қателер, интерлингвальдық, интралингвальдық интерференция.


Г.А. Мусаева

Типы ошибок в языке инофонов


В статье проводится анализ типичных ошибок, которые допускают иностранные студенты, обучающиеся казахскому языку, устанавливаются причины возникновения этих ошибок и предлагаются пути их преодоления. Изучая природу интерференции, возникающей у инофонов, автор определяет и систематизирует фонограмматические ошибки. Причем, анализ ошибок проводится с учетом уровня обучения. Предварительная работа по устранению интерлингвальной и интралингвальной интерференции эмпирически предполагает положительные результаты при усвоении казахского языка. Статья написана для специалистов казахского языка и для преподавателей казахского языка как иностранного (КазКИ).

Ключевые слова: казахский как иностранный, типичные ошибки, интерлингвальная и интралингвальная интерференция.


G. Mussayeva

Types of errors in language of inophones


In this article the author analyzes the common mistakes made by foreign students studiying Kazakh language, finds the cause of these errors and suggests ways to overcome them. Studying the nature of interferences that occurs in inophones, the author defines and organizes phonogrammatic errors. Moreover, the error analysis is carried out taking into account the level of training. Preliminary work to eliminate intralingual and interlingual interference empirically suggests positive results in the acquiring of the Kazakh language. This article is written for the Kazakh language specialists and teachers of Kazakh as foreign language (KKB ) .

Keywords: Kazakh as foreign, common mistakes, and interlingual intralingual interference.

Тілді шет тілі ретінде оқыту әдістемесінде қателер тілдің фонетикалық, лексикалық, грамматикалық, стилистикалық аспектілері және тыңдалым, сөйлесім, оқылым, жазылым сияқты сөйлеу әрекеттері бойынша жүйеленеді.

Қазақ тілін өз деңгейінде меңгеру үшін тіл үйренушіге жасалатын арнайы шарттар қажет. Бұл білім беру мен білім алу ортасының сапасын анықтайтын шарттар.



  1. оқытушылар құрамының сапасы;

  2. оқулықтар мен оқу құралдырының сапасы;

  3. оқу үдерісін басқару сапасы;

  4. баға қою мен бағалаудың сапасы.

Білім беру үдерісіндегі маңыздылығы басым болып отырған мәселе – баға қою мен бағалау. Баға қою мен бағалау объективті болған жағдайда, әр деңгейде тілдік материалдарды берудің мөлшері мен әдіс-тәсілдері, аралық және түпкі нәтижеге жетудің тиімді жолдарының базасы жасалына алады.

Лингвист ғалымдар инофондар тіліндегі қателерді екі топқа бөліп қарасыра бастады [1]:



  1. интерлингвальдық немесе тіларалық интерференциялар;

  2. интралингвальдық немесе тіл ішіндегі интерференциялар.

Шетелдік тіл үйренушілердің сөзін жүйелі зерделеу оқытудың барлық кезеңіндегі тіларалық және тіл ішіндегі фонограмматикалық (фонетикалық, мофологиялық, синтаксистік) интерференциялардың механизмдері туғызатын қателерді анықтауға мүмкіндік береді.

Инофондар тіліндегі интерференциялық ауытқулар парадигматикалық та, синтагматикалық та жақтан кездесіп отырады. Интерференция көбіне синтаксистік құрылымдарда кездеседі. Өз ойын айтуда, яғни өзге ақпаратты қабылдауда, қалауын, еркін білдіруде, сондай-ақ себеп-салдар, мақсат, мезгілдік және мекендік қатынастарды білдіретін коммуникативтік уәжі бар құрылымдарда жоғарыда айтылған интерференциялардың әсерінің жиілігі байқалады.

Оқытудың бастапқы деңгейінің бір-екі аптасынан кейін-ақ лексикалық, грамматикалық деңгейде интралингвальдық интерференцияға байланысты алғашқы қателер шыға бастайды.


  • Сөйлемді қиындататын, екі түрлі сұраулы сөйлемді қатар қолдану: Сіздер өткен сенбіде не істедіңіздер ме?

  • Лексикалық ауытқу: Пусанның атақты жерлері кезген автобустар бар. (жерлеріне

апаратын). Пусанда жылма-жыл интернационалды кинофестиваль болады. (жыл сайын)

Шылауларды дұрыс қолданбау: Сайын дүйсенбі қазақ тілі болады. (дүйсенбі сайын);



Дүкенге нан алуға үшін барамын.

  • Етістіктің шақтарын дұрыс қолданбағандықтан айтар ойдың мағынасы бұзылады:

Қазір қазақ тілі мен орыс тілін оқып жүремін. Мен Қазақстанға келгенге дейін қазақша білмеймін, Қазақстан туралы еш (ештеңе) білмеймін.

  • Сөйлемді толық аяқтамау: Қазақстанда тау да, орман да, жазық дала да, шөл де. (бар немесе кездеседі). Алайда бұл қателікте инофонның ана тілінің әсері де бар шығар. Предикаты басқы позицияда тұратын ағылшын, орыс т.б. тілдердің әсері болуы мүмкін. Сонда да тәжірибеде кімде/неде қайда не/кім бар/жоқ конструкциясында шетелдік студенттер соңғы бар/жоқ немесе аз/көп деген коммуникативтік маңызы бар негізгі мүшені тастап кетіп жатады. Сондай-ақ осы құрылымда кімде/неде дегендегі жатыс септігін түсіріп қолдану да жиі кездеседі. Мен үлкен сөмке бар.

  • Объектілік қатынасты білдіруде: Бірақ әлі қай мейрамханада қазақ тағамдарын шынымен жақсы жасайды екенін онша жақсы білмеймін.

  • Кеңістік қатынасты білдіруде: Пусан – Жапонияда жанында қала.

  • Шарттық қатынасты білдіруде: Егер қазақша жақсы үйренем, онда Қазақстанда жұмыс істеймін. Егер ауа-райы жақсы, анда-санда көзбен Жапонияны көре алады.

  • Қарсылық мағынаны себеппен шатастыру: Мен досымды көп күттім, себебі ол келмеді.

Біздің тәжірибемізде шетелдік студенттердің қазақ тілін үйренуде өздерінің түрік, ағылшын, орыс, корей, жапон, өзбек, қытай тілдерінің беретін әсерлерін интерлингвальдық интерференцияға жатқызуға болады.

Мысалы түрік тілді студенттердің қазақша сөйлеу әрекеттерінде түрік тілінің фонетикалық, грамматикалық, интонациялық әсері күшті екені байқалады. Менің Қазақстандағы өмірім былтыр баслаған. Былтыр мен екемен (әкеммен) бірге келгем Қазақстанға. Біздің мақсатымыз маған университет табу. 2004 жылының ортасында мен Швецияда мекебіні бітірдім. ... Өзің жалғыз басқа елге барганда отбасыны қадырыны түсүнесін.



... Менің екі елім бар. Бірінші туылған елім – Англия және менің ұлтым қазақ, сондықтан менде екі елім бар. Мен Қазақстанға үш рет вардым. Бірінші ретте, бір мың тоғіз жүз тоқсан төрт/бесте келдім.

Өзбек тілінің қазақ тіліне әсері: Мен орыс тілі және қазақ тілін оқып жұрамын. Сабақдан кейін уйге барамын. Уйге келіп тамақ жеп отырамын. ... қыздар келсе бирге сабақ оқимыз. Үйіміз олдіде өте ұлкен супермаркет бар. Ол көйлек соту ұшін дүкенге барді. Қайда бару керак дип сораді.

Ағылшын тілінің қазақ тіліне әсері:


  1. Шелли, менде екі билет театр үшін бар. Мен сені шақырамын. Менімен театрға бара аласың ба?

  • Рақмет. Мүмкін. Қай күні? Қай сағат?

  • Келесі бейсенбіде. Сағат жетіде.

  1. Бұл күні көтемде олар қуанышты, себебі жылы және әдемі күн.

Орыс тілінің қазақ тіліне әсері:

Қашан мен театрға бардым, досымды кездестірдім. (Мен театрға барғанда досымды кезедестірдім). Кеше мен оқыдым сабақты.

Корей және жапон тілдерінің қазақ тіліне әсері басқа тілдердегідей көп жағдайда анық байқалмайды. Алайда бұл елдерден келген тіл меңгерушілердің қазақша сөйлеу әрекеттерінен көрінетін қателер көбінесе лексикалық ауытқуларды көрсетеді. Оның себебі біріншіден, сөздердің мағыналық ерекшеліктерін дұрыс түсінбеуден болса, екіншіден, көп жағдайда сөздіктерде кеткен қателіктерге байланысты екені тәжірибеден байқалды. Ал басқа грамматикалық, синтаксистік қателердің жиі кездеспеуі бұл тілдердің құрылымының қазақ тілі құрылымына ұқсас болуынан деп ойлаймыз. Сондай-ақ бұл елдерден келген тіл үйренушілер басқа ұлттарға қарағанда қазақ тілін тез және таза меңгеретіні тәжірибеде анықталды.

Қазіргі кезеңде тілді үйрену деңгейлерін бағалаудың ғылыми-әдістемелік тұжырымы бойынша коммуникативтік құзіреттілік, яғни тілдік құралдарды дұрыс қолдана алу ұғымы қалыптасты. Коммуникативті бағытталған оқытуда қателердің екі түрі ажыратылады: коммуникативтік мәні бар және коммуникативтік мәні жоқ қателер. Коммуникативтік мәні бар қателерде сөйлемнің, диалогтық құрылымның, сөйлеудің мағынасы бұзылып, түсіну қиындайды немесе мүлдем мүмкін болмайды. Коммуникативтік мәні бар қателерде сөйлеудің нәтижесі бағаланады.

Коммуникативтік мәні бар қателерге төмендегі жағдайларды жатқызамыз.



  • Сөздерді өз орнымен қолданбау: Егер уақыт бос болса, ертең театрға бара аламыз. (бос уақыт болса). Менің үйім көкбазардың айналасында орналасқан.(жанында). Саған кеш сағат алтыға дейін келу керек. (кешкі). Мен сені кездесемін. (күтіп аламын, қарсы аламын)

  • Бастауыш пен баяндауыштың дұрыс қиыспауы нәтижесінде сөйлемнің дұрыс құралмауы: Сіздің әкеңіз қай мамандығы? (Сіздің әкеңіздің мамандығы кім?)

Біз Қазақстанға екі ай бұрын келдіміз. Сіз неше жастаңыз? Мен жиырма алты жаста. Бала кезімде шахматты жақсы ойнайтын, қазір онша ойнай алмаймын. (ойнайтынмын)

  • Сұрақты дұрыс таңдап алмау: Сіз қайда барып көргіңіз келеді? (Сіз қай жерлерді көргіңіз келеді?); Қай сағат? (Сағат нешеде?) Сендер қайда араласыңдар? (Сендер қай жерлерді араладыңдар?) Саған қашан дейін бара аламын? (саған сағат нешеге дейін ...).

  • Септіктерді дұрыс қолданбаудың нәтижесінде кеңістік, мекендік мәннің бұзылуы: Абай-Жароков көщесілері орналасқан. (көшелерінде); Мен Қазақстан 5 жыл тұрады. Біз қазақ университеті таныстық. (университетінде). Осыған келгеннен кейін әртүрлі мақсаттар пайда болды. (Осы жерге). Мен осы аптада маңызды жұмыс бар. (менде). Кореяның атақты жерлер баратын автобустар бар. (жерлеріне).

  • Іс-әрекеттің бағыты мен объектілік мәннің шатасуы: Менің сізге үйімге шақырғым келеді. Дүйсенбіден сенбіге дейін қазақ тілі сабағы барады. Сені қонақ үйге шақырамын. (... қонаққа үйге шақырамын).

  • Көмектес септігін дұрыс қолданбау: Мен сізді туған күн құттықтаймын.

  • Мезгілдік қатынастың дұрыс қолданбауы: Қазақстан келген кейін..., Қазақстан келген дейін...

  • Мақсаттық мағынаның дұрыс қолданылмауы: Сабақтан кейін маған жұмысқа бару үшін керек. (... бару керек). Біз қазақ тілін үйрену үшін керек. (Келдік). Мен қазір қазақша оқып жүрмін, себебі мен қытай компаниясында жұмыс үшін керек. (Маған жұмыс істеу үшін керек). Қытайға барғанда, оның отбасына үшін дәмді тамақ жасар шығар. Мұнда тек іс әрекеттің кімге арналған мағынасы ғана емес, іс-әрекеттің болжалды мағынасының мүмкін жасар және жасайтын шығар формаларын шатастыру байқалады.

  • Кейде көптік жалғауының дұрыс қолданылмауы да коммуникативтік мәні бар қате туғызуы мүмкін. Қазақстанда бағалы тас бар. Бір қарағанда онша маңызды қате емес секілді, алайда бұл айтылатын ойдың жалпы мағынасына нұқсан келтіріп тұр. Қазақстанда бір ғана тас емес әртүрлі бағалы тастар бар.

Коммуникативтік мәні жоқ қателерге коммуникативтік қарым-қатынасқа нұқсан

келтірмейтін үйреніп жатқан тілдің нормаларының сәл бұзылуы жатады. Қателердің бұл түріне түрлі аспектілерде жіберілетін қателерді жатқызуға болады. Коммуникативтік мәні жоқ қателер ана тілінде де кездеседі. Мысалы: баладар, балдар – балалар/дың орнына. Дегенмен қазақ тілін шет тілі ретінде үйреніп жатқан инофондардың қазақ тіліндегі сөздерінде кездесетін қателердің өзіндік ерекшеліктері айқын көрініп тұрады.



Фонетика саласы бойынша:

  • Жай автоматты түрде қателесушіліктер: бос уақты, өзіннің, ұйнады, урусша, үйредім, білмейдім, сәлемесіз бе, егерменді, мүнкін, т.б.

  • Көптік жалғауларының қолданылуы: гүлер, 5 кітаптар алдым, ... қызымдар сабақтан келеді, досымдар, інісілер...

  • Ассимиляция мен диссимиляция заңдарының бұзылуы: сабақдан кейін, Қазақстандың табиғаты, туған күнбен,

  • Сингармонизм заңының бұзылуы: түрып жүрмын, не істеймын, Кореянің, қыркүйекта...

  • Н мен Ң дыбыстарын шатастыру: отырғызындар, өзінін, менін, сіздін, сенін, оқисын, ...

Пунктуациялық қателер:

  • Адам, ел, жер, су аттарының кіші әріппен жазылуы: алтынай, корея, жапония, пусан, Менің атым бек джон хюн, т.с.с.

Грамматикалық қателер:

  • Септік жалғаулары: Сен қай университетінде оқисың?, Сені үйімге шақырамын. Руслан ағылшын тілін сөйлей алады. Кореяда қазақ тілінді білетін адамдар өте аз. Қазақ тілінін еркін сөйлей алғым келеді. Фатима торт және нан жасау үйренгісі келеді. (Жасауды). Тағы теңіз көріп қыдыра алады. (Теңізді). Қазақ тілі оқу үшін келдім. Қазақстан Қытай компаниясыда жұмыс істеу үшін.

  • Жіктік жалғаулары: Сіздер өткен сенбіде не істедісіздер? Егер дүкенге барса, сүтті

ұмытпауың керек. Бізідң достарымыз келеміз.

  • Тәуелдік жалғаулардың дұрыс жалғанбауы шетелдіктердің қазақша сөйлеуінде өте жиі кездесетін жағдай. Бұл итрелингвальдық интерференцияның құбылысы екені сөзсіз. Дегенмен мұнда да екі жақты құбылысты байқаймыз. Біріншіден, тәуелдік жалғаулардың І, ІІ, ІІІ жақтарын бір-бірімен ауыстыру немесе бірінің үстіне екіншісін үстемелеп қолдану жиі кездеседі. Мысалы: сенің балаларыңызға. Сіз әкесіңіздің мамандығы кім? Менің қызымдар сабақтан келеді. Бұл тілдің ішкі ауытқуы болса, Менің сабақ сегіз жарымда басталады. Менің жаңалық бар. Менің жұмыс көп. деген сияқты мысалдарда тіларалық әсердің бар екені байқалады.

  • Тәуелдік жалғауынан кейін ілік септігінің жалғануы: Сенің әкең мамандығы кім? Бұл типтегі қате қазақ тіліндегі ілік септігінің бірде ашық, бірде жасырын қолданылуынан да болуы мүмкін.

  • Тәуелдік жалғауынан кейінгі септік жалғауларының жалғануы: Қыркүйек айдан қазан

айға дейін, Абай көшесіге немесе көшесіде, ... Бұл да оқытудың бастапқы базалық деңгейінде көптеп кездеседі. Алайда бағытталған жаттығулардың көмегімен оқытудың В1 деңгейінде бұл қатені болдырмауға болады.

  • Кейбір есімдіктердің қолданылуында жиі кездесетін қателік бұл бәрі мен барлық жалпылау есімдіктерінің орын ауыстырып қолданылуы немесе орнымен жұмсалмауы: Бәрі балалар мектепте оқиды. Бірақ мен орыс тілін және қазақ тілін бәрін білмедім. Сондай-ақ сілтеу есімдіктерінің өз орнымен жұмсалмауы жиі кездеседі. Қазіргі жастар кандиді аз біледі. Мынау қазіргі проблема болып тұр. (Бұл). Дүние жүзінде көп қолданылатын тілдер ағылшынша, орысша, қытайша, сосын спаниш деп ойлаймын. Егер мына тілдерді білсе, көбінесе қандай елге барса да қиналмай өмір сүре алады. (Осы).

  • Маған анау қызыл сөмкені көрсетіңізші.

  • Мынау ма?

  • Иә, мынау. (Иә, сол).

  • Етістіктің шақ формаларын әсіресе ауыспалы осы шақ формасын қолдануда шатасу көп кездеседі. Мысалы: Егер менің қолым бос болса, жазда орманға, тауға барамын, көп фото жасамын. Мереке үш күн тойланайды. ... ұлттық тағамдар пісірілейді.

  • Лексикалық қателер: Қазақ тілінің грамматикасы және корей тілінің грамматикасы аздап сияқты.(Ұқсас). Бірақ қиын, сондықтан мұғалімнен және тобымнан көмек аламын.

Отыр, тұр, жүр жатыр қалып етістіктерін орнымен қолданбайтын жағдайлар да кездеседі. Оларға бір шай, бір кофе және екі шырын керек еді. Олар күтіп жатыр. Әділ сабақта ұйықтап жатыр. Біз қазақ тілін үйреніп отырмыз. Мұнда контекст бойынша «үйреніп жүрміз» болу керек.

Коммуникативтік мәні жоқ қателерді, жоғарыда айтқанымыздай, ана тілінде де жіберуге болады, сондықтан оларды түзете беруге тырыспау қажет. Бұл инофонның қазақша сөйлеу алдындағы тілдік тосқауылын туғызады. Тілді шет тілі ретінде меңгеру тәжірибесінде тіл үйренушілердің қателері оқу үдерісінің маңызды бір бөлігі болып саналады [2;3].

Жоғарыда көрсетілген қателердің өзін жіктеуде де тілдің меңгеру деңгейі ескерілуі тиіс. Бүгінгі таңда тіл меңгерудің 6 деңгейі тұрақталып отыр. Олар А1, А2 – базалық деңгей, В1 жалғастырушы және алғашқы сертификаттық деңгей, В2-екінші сертификаттық деңгей, С1-С2 – тілді еркін меңгеру деңгейлері. Тіл үйренудегі типтік қателер осы деңгейлерге байланысты анықталады. Жоғарыда базалық деңгей мен кейбір жалғастырушы В1 деңгейге жататын типтік қателер мысалға алынды. Жіктелген типтік қателердің нәтижесінде түрлі зерттеулер жүргізуге болады. Лингвистер салыстырмалы тіл білімі үшін, психологтар жалпы сөйлеу әрекеттерінің теориясын дамыту үшін, психолингвистер оқу үдерісінің мазмұнын жақсарту, тіл үйренушілердің шет тілін меңгеру қабілетін жақсарту үшін қолданады. Психология ғылымында қателерді дағдылардың кезеңдік қалыптастуымен байланыстырады [4].

Бірінші кезең – дағдының қалыптасуы. Бұл кезеңде қате ең көп жіберілетін кез. Тіл үйренуші өзінің мақсатын айқын түсінсе де тілдік құралдарды толық білмегендіктен, оларды орнымен қолдана алмайды.

Екінші кезең – саналы, бірақ тілдік құралдарды сенімсіз қолдану. Бірінші кезеңге қарағанда, мұқияттылықты көбірек талап ететін, сөйлеу әрекеттерін өзінше қолдана алуға қадам жасайтын, бірақ әлі қолдану механизмі дұрыс қалыптаспаған кезең.

Үшінші кезең – дағдының автоматтануы. Орыс тілін меңгеруде бұл транспозицияның мүмкін болатын кезеңі деп атайды. Яғни бір етістіктің жіктелу моделіне қарап басқа да ұқсас етістіктерді өздігінен жіктей алу кезеңі. Бұл кезде зат есімдердің, сын есімдердің септелуінің дағдылары қалыптасқан кезеңі. Ал қазақ тілі бойынша қарастыратын болсақ, бұл қазақ тілін үйретудің бастапқы кезеңінде етістіктің ауыспалы осы шақта жіктелуін толық меңгрегеннен кейін оған қарап етістіктің басқа да формаларын жасай алатын және зат есім мен кейбір есімдіктердің септелуін үйреніп дағдыланған кез болуы мүмкін.

Төртінші кезең – дағдының жоғары автоматтанған кезеңі. Бұл тіл үйренуші сөйлеу әрекетін өзі және оқытушының көмегімен саналы түрде бақылай алатын кезеңі.

Бесінші кезең – дағдының деавтоматтануы. Ғалымдардың пікірінше, бұл тіл меңгерудегі заңды құбылыс. Жазғы, қысқы демалыс уақытында немесе басқа да жағдайларға байланысты тіл үйренуді уақытша тоқтатқан жағдайда сөйлесу практикасы, арнайы қайталаулар болмаса, деавтоматтану жағдайы болуы мүмкін. яғни алдыңғы қалыптасқан дағдылардың бәсеңдеу құбылысы пайда болады. Мұнда, әсіресе, тыңдалым дағдысы төмендейді екен. Сөйлеуде де қарқын төмендеп, сұрау және жауап беру әлсірей түседі. Оқылымда оқу жылдамдығы азайып, қабылдау қиындай түседі. Жазылымда да бұрынғы тіларалық, тіл ішіндегі әсерден болған қателер қайта пайда бола бастайды. Алайда оқу үдерісіне дұрыс қойылған талаптардың негізінде алтыншы кезең – дағдының екінші рет автоматтануына қайта шығаруға болады. Олай болса, осы кезеңдердің ерекшеліктерін ажырата білу арқасында тіл үйренуде болатын қателерді дер кезінде түзетіп, алдын алып отыруға болады екен.

Мақалада 2005-2013 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ЖОО дейінгі білім беру факультетінде (бұрынғы шетел азаматтарына арналған дайындық факультетінде) Қытай, Корея, Жапония, Америка, Түркиядан келіп қазақ тілін үйренген шетелдік азаматтардың түрлі бақылау жұмыстары мен қысқы және жаздық емтихандарда жазған шығармалары талданды.
Әдебиеттер/ Литература:


  1. Костомаров В.Г., Митрофанова О.Д. Методическое руководство для преподавателей русского языка иностранцам. –3-е изд., перераб. и доп. –М: Рус.яз., 1984. -159с.

  2. Щукин А.Н. Методика обучения иностранным языкам: Курс лекций. – М.: Изд-во УРАО, 2002. – 288 с.

  3. Балыхина Т.М. Структура и содержание российского филологического образования. Методологические проблемы обучения русскому языку. Научное издание. – М.: Изд-во МГУП, 2000. – 400 с.

  4. Розанова С.П. Психология ошибки // Теоретические и методические основы технологии предвузовского обучения российских и иностранных студентов: Материалы Всероссийской конфереции. – М.: Изд-во РУДН, 2005. – С.292-297.

Referenses

1 Kostomarov V.G., Mitrofanova O.D. Metodicheskoye rukovodstvo dlya prepodavateley russkogo yazyka inostrantsam. –3-e izd., pererab. i dop. –M: Rus.yaz., 1984. -159s.

2 Shchukin A.N. Metodika obucheniya inostrannym yazykam: Kurs lektsiy. – M.: Izd-vo URAO, 2002. – 288 s.

3 Balykhina T.M. Struktura i soderzhaniye rossiyskogo filologicheskogo obrazovaniya. Metodologicheskiye problemy obucheniya russkomu yazyku. Nauchnoye izdaniye. – M.: Izd-vo MGUP, 2000. – 400 s.



4 Rozanova S.P. Psikhologiya oshibki // Teoreticheskiye i metodicheskiye osnovy tekhnologii predvuzovskogo obucheniya rossiyskikh i inostrannykh studentov: Materialy Vserossiyskoy konferetsii. – M.: Izd-vo RUDN, 2005. – S.292-297.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет