ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Түркияның
сыртқы саясатындағы басты ұстанымдар
Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасының
доценті, т.ғ.к. Л.Т.Исова
Қазақстан қазіргі жаһандану атты уақыт үдерісінде өзінің тұғырлы дамуына негіз болатын және мемлекеттілігі айқын, тегі жақын елдермен өзінің тәуелсіздікке қол жеткізген сәтінен бастап озық дипломатиялық байланыс орнатып келеді. Осы тұста тегі бір түркілік интеграцияны құрудың сұранысы туралы қазіргі уақытта жиі айтылып жатқан саяси пікірдің де жандануы жағдайы, сондай-ақ ХХ ғасырдың басындағы Мұстафа Шоқай секілді ұлт зиялыларының саяси ұстанымына бағдар болған түркілік тектегі халықтарды біріктіретін мемлекеттілік құру идеясының сағымын қайта қарау мүмкіндігі туды. Әлемдік дамудың азиялық қауымдастығына жаңаша алғышарттарды жасау сұранысын саралауда, түркілік идеяны жаңаша жасауда жан-жақты бағыт-бағдарды айқындап алуды қажет етер мәселелер қайта қарауды қажет етеді. Бұл жағдайда кезінде өзге жерде қалыптасып, дүбірлі Осман атты империялық бірлестіктің негізінен шыққан қазіргі Түркия мемлекетінің жүріп өткен тарихи жолы мен белестері “кеңестік қызыл империя бұғауынан” тәуелсіздік алып, биліктің республикалық жүйесінде дамуға бет бұрған түркі тектес Орталық Азия мемлекеттерінің барлығына да мемлекеттілік қалыптастыруда негіз болады.
Түркия Республикасының сыртқы саясатындағы маңызды қадамдар имперлік жүйе құлағаннан кейін қалыптаса бастайды. Ол батыстың І дүние жүзілік соғыстағы жеңуші-мемлекеттері тарапынан Осман империясының мұраларын бөліске салуға қатысты жасалынған саяси жоспарымен байланысты еді. Түрік халқы Антанта мемлекеттерінің арабтар тұратын аймақтарды ғана емес, сондай-ақ тұрғындарының көбін түріктер құрайтын Анатолы мен Фракияны да оккупациялаған тұста, І дүние жүзілік соғыста жүргізген ұтқыр әскери операцияларымен танымал болған генерал Мустафа Кемалдың жетекшілігімен басқыншыларға қарсы көтерді.
Тарихта бұрын империя болған елдердің республика айналуы әртүрлі саяси факторларға немесе белгілі бір тұлғалардың саяси белсендігіне байланысты, осындай құрылымдық өзгерістерге ұшырап әртүрлі саяси анықтамаларға арқау болатыны бар. Мысалы, тек ХХ ғасырдың ортасында Ш.де Голльдің билікке келуі жолында ғана тұрақтылығы мүмкін болған және өзінің тарихында буржуазиялық революциялармен оқиғаланатын басқару жүйесіне империялар мен республикаларды алма кезек әкелген Францияның жаңа замандағы қоғамдық құрылымының саяси сипаттамасы аталмыш жүйелердегі сыртқы саясаттағы ортақ ұстанымдардың өзгермеуімен, тіпті мемлекеттің ішкі жүйесінің өзінде де мүдде қайшылығының таласының тұрақсыздығымен сипатталғаны белгілі.
Өзінің империялық құрылымдағы тарихында теңдесі болмаған Осман жүйесінің құлауынан және оның еуропалық аймақтағы саяси ұстанымдарының ғасыр тоғысындағы түбегейлі өзгеріске ұшырауынан кейінгі саяси амалдарының бетбұрысы империядан республикаға өтудің ерекшелігін қалыптастырғанын сараланып, оның таусылайтын мемлекеттік құру амалдарының үлгісімен қадағалана, жалпы қоғамдық бірлестіктер құрудағы айырықша мемлекет құру стеротиптерімен қорытындыланды.
Аса көрнекті тұлғалар санатында есімі бірінші болып аталатын Мұстафа Кемал Ататүріктің мемлекет басшысы ретінде жаңа мемлекеттік жүйе құрудағы саяси тұлғалық белсенділігі, имперлік жүйеден өткен тарихы даңғыл данқты Түркия үшін әлемдік даму үдерістерінен озық абырой әкелді. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы тарихи кезеңдегі саяси амалдары мықты “үлкен еуропалық концерттің” дайындығында мығым отырған Еуропаның жетекші елдерінің Түркияның имперлік құрылымының құлауынан кейінгі кезеңіне күдікпен қараған сыртқы саясатының кейбір бағдары М. Ататүріктің тарих сахнасындағы саяси амалдарының танымал болуы тұсында күрт өзгерді. М.Ататүріктің киелі “түрік болуы қандай бақыт!” атты даңқты сөзі өзі құрған Республиканың ұлттық негіздегі жігерін дамудағы алғышарттарға жетелейтін дамытушы күштерді тудырып қана қоймай, қазіргі кезеңнің өзінде де Түркиядан тыс мемлекеттерде өмір сүретін түркі тектес халықтардың да бүгінгі уақыттағы ұлттық мүддесін партиоттыққа үндеуде таптырмайтын ұран.
Түркияның геосаяси орынына сай дипломатияны жаңа бағытта құруға негіз жасаған М.Ататүріктің өзі өмір сүрген заманның әлемдік өркениетке жеткен үлгісінде қоғам құруды негізге алды. Заман ағымында соншалықты өзгерісті түсіне қоймайтын адамдардың түсінігінің әлі қалыптаспаған жағдайының өзінде-ақ санаға төңкеріс жасап түркілік азамат келбетін жаңа менталитеттің тууымен құрды. Оны сол уақыт адамының санасын діни ұстанымдарымен қоса өзгертіп құрған Ататтүріктік еуропалық даму келбетінің үлгісі айқындап берді. 1923 жылдың 29 қазанында жария болған Түркия Республикасының құрылуының сәті, Мұстафа Кемал Ататүріктің мемлекет басшысы болуымен қатар келіп, оның Түркияның жаңа белесін жасаушы өмір белесіне ұласты. Бұл мемлекеттіліктің негізгі дінгегі 1924 жылы меджлисі қабылдаған Конситутциясының ең мазмұнды тұсы елдің барлық азаматтарының түріктер болып аталып көрсетілуімен ерекшеленді [3, 11 бб. ].
Түркия дүние жүзілік соғыстан кейін шетел интервенттерімен қарулы күрестің нәтижесінде ұлттық тәуелсіздікке қол жеткізген елдердің алғашқысы еді. Түріктердің ұлттық мемлекет құру жолындағы күресі, Шығыс халықтары үшін аумақтың болашақ тұрақтылығын ары қарайғы қамтамасыз етудің маңызды факторы болып есептелді. Ұлт-азаттық күрес кезеңіндегі Түркияның сыртқы саясатындағы мақсат тәуелсіз ұлттық мемлекет құруға жағдай жасау, Осман империясының капитуляциялануы тұсында таңылған шетелдіктерге берілген артықшылықтар мен олардың елдің ішкі ісіне араласу мүмкіндігін түбірімен жою болатын. Мұстафа Кемал жариялаған ұлттық егеменділік және республикашылдық идеясы сұлтандық, теократиялық Түркия үшін ең жігерлі шешім ед і [3, 10-12 бб. ].
Осы тұстағы британдық, американдық сыртқы саясатпен айналысатын мекемелердің саяси жобасына ден қоймаған М.Кемал, елдің сыртқы саясатын анықтаудағы жоспарымен еліндегі ұлтшылдар тарапынан қолдауға ие болады. Жаңа түріктік мемлекет құру үшін сыртқы саяси ақуал қалыптастыру жолында М.Кемал өзінің модернизациялау жоспарын құра отырып, оның негізіне ХІХ ғасырда Түркияны еуропаландыру идеясын насихаттаған османдық зиялылардың көзқарасын алады. Батыстық өркениет, батыстық дүниетанымды таңдау Түркияның әлемде өзіндік орнын айқындаудың бірден-бір мүмкіндігі ретінде қаралды [3, 10-12 бб. ].
Түркияның халықаралық ауқымдағы ұстанымының нығаюы, оның ұтқыр саясатының арқасында мүмкін болған Лозанньдағы (1922-1923 жж.) бейбіт конференцияда көрінеді. Мұнда түрік дипломатиясы мемлекеттік мүддесін табанды ұстана отырып, сонымен бірге өзіне қатысты қаратеңіздік бұғазыларды демелитарациялау мен оларға халықаралық бақылау орнату секілді мәселелерде келісуге де мәжбүр болады. Ұзаққа созылған лозанньдық реттеулердің барысында конференция ауқымында түріктер ағылшындар және француздармен келіссөздер жасаса, оларға басымдылық танытуда американдықтармен байланысын пайдалана біледі. Конференция барысында өзінің тәуелсіздігі мен ұлттық егемендігін халықаралық ресми мойындауды қамтамасыз еткен Түркияның халықаралық жағдайы едәуір өзгереді. Лозанньдағы маңызды жеңіс Осман империясынан мұраға қалған шетелдіктерге ерекше жүйе жойылып, еуропалық державалардың қаржылық бақылауы ликвидацияланады. Осы конференциядан кейін елдің халықаралық жағдайын нығайту жолында Түркияның сыртқы саясаты көп жақты сипатқа ие болады. Түрік зерттеушілері Ататүрік саясатының озық жағы ретінде оның “тұрақты достыққа, тұрақты жауласуға сенбеу” ұстанымын айтады. Оның мысалы ретінде, бірінші дүние жүзілік соғыс және ұлттық қозғалыстар кезіндегі бұрынғы қарсыластары – Грекиямен, Англиямен, Франциямен, Италиямен достық қарым-қатынас орнатуға талпынысы алынады. 1925-1930 жылдары Сирия мен Ирактың мандаткерлері Англия және Франциямен жасалынған халықаралық келісімдер мазмұны Түркияның төңірегінде “достық шеңбері” түзіле бастағанын сипаттады [4, 114-118 бб. ].
Түркияның сыртқы саясатындағы негізгі ұстаным “елде бейбітшілік, әлемде бейбітшілік” атты тезиспен сипаттала, 1931 жылы билікте болған Халықтық-республикалық партияның бағдарламасына енеді. Халықаралық істерде Түркия осы ұстанымға сай қайшылық тудырған мәселелерді бейбіт жолмен достық, бейтараптық, шабуыл жасамау, бітімге келу, көп жақты келісімге келу секілді келіссөздер жасау саясатын жүргізді. Мысалы, өзінің даулы мәселелерін, оның ішінде Мосул және Александретта аудандарының, бұғазылардағы жүйелерге байланысты мүдделілік мәселесін осылайша шешуді дұрыс санайды [1,28 б.].
Отызыншы жылдардағы әлем назарындағы елдің сыртқы саясаты түпкілікті бейтараптықпен сипатталды. Түркияның елді модернизация жолына бағыттауда бейтараптық ұстанымы, 1928 жылы 31 қазанда Түркия қатысушы болып саналған Келлог-Бриан пактісіне қол қоюмен сабақтасты [2, 91б. ].
Халықаралық істердегі маңызды фактор ретінде 1930 жылғы бірқатар еуропалық державалардың Түркияны жобаланып жатқан еуропалық одаққа шақыруға ниет білдіруі болатын. Бұл Түркияның 1932 жылғы Ұлттар Лигасына қабылдануына ықпал етеді. 1934 жылдың 17 қыркүйегінде Түркия Ұлттар Лигасының мүшесі ретінде сайланды. Бұл халықаралық ұйымға мүше ретінде Түркия ұжымдық қауіпсіздік жүйесін құруға ат салысады. Аймақтағы халықаралық жағдайға жалғыздан жалғыз ықпал ете алмайтынын сезінген Түркия, таяушығыстық және балкандық елдермен күш біріктірген жағдайда өзінің қауіпсіздігін қамтамасывз ете алатынына сенімді болатын [1, 61-63 бб. ].
Кемал Ататүрік балкандық федерация құру жобасы жәйлі де ой толғайды. Бұл идеяны жүзеге асыру үшін түрік халқының жадында грек интервециясы мен оның салдары әлі ескіре қоймағанына қарамастан, Грекиямен достық қатынас орнату қажет еді. Түрік-грек белсенді ынтымағынсыз балкан елдері арасында қандай да бір ұйым құру мүмкін емес еді. 1930 және 1932 жылдары Түркия мен Грекия өзара ынтымақтастықты күәландыратын келісімдерге қол қояды. Еуропадағы осы уақытта қалыптасқан екі блокқа да тең дәрежеде ара салмақ болатын Баклакндық пакт құрудағы Ататүріктың ыңғай танытуы аймақтағы елдердің жетекші мемлекеттер ықпалында болуымен жүзеге аспай қалады [6,118 б. ].
Біршама қиын қисынды шешу түріктік дипломатия үшін таяушығыстық аймақта қалыптасады. Ататүрік Таяу және Орта Шығыс елдерінің ауқымды пактісін құруға ынталы болатын. Алайда түрік дипломатиясының мұндай пактінің қажеттігіне көз жеткізуге талпынғанына қарамастан, араб елдерінің ұстанымы оған ыңғай танытпады. Араб елдері Түркияда халифаттық сипаттағы жүйенің жойылуы мен зайырлы мемлекеттің қабылдануына біршама деңгейде наразы болатын. Нәтижесінде түрік дипломатиясының табандылығының арқасында, санаулы ғана елдердің қатысуымен, яғни Түркия, Иран, Ауғанстан және Ирак арасында Саадабад пактісіне қол қою жүзеге асады [ 5, 64 б.].
Еуропада, Шығыста өзінің белсенді саясатын жүргізу арқылы Түркия әртүрлі елдер арасындағы өзара түсіністіктің және Шығыспен Батыстың арасында байланыстырушы дәнекершіліктің қалыптасуына жағдай жасады. Оның ынталылығы Еуропадан Орталық Шығысқа дейінгі пактіліер жүйесінің құрылуына ықпал етті. Мысалы, Югославия мен Румыния Кіші Антанта және Бакландық Антантаның, Түркия – Балкандық Антанта мен Саадабад пактісінінің мүшелері болса, ал Ирак араб әлеміндегі Саадабад пактісін танытты [5, 78-80 бб. ].
30-шы жылдардың екінші жартысындағы Еуропадағы жағдайдың шиеленіскен тұсында, қарама-қарсы ұстанымдағы жақтар Түркияны өз жағына ілестіруге талпынады. 1936 жылы ағылшындар түріктердің талаптарына ыңғай таныта отырып, бұғазыларға байланысты конвенцияны қайта қарауға келіседі, ал француздар түріктердің пайдасына Александретке қатысты мәселені шешуге келіседі. Өзінің көпжақты саяси курсын жүзеге асыру жолында Түркия, Еуропадағы қарама-қарсы ұстанымдағы мемлекеттермен екі жақты тату қарым-қатынас жасау саясатын жалғасыра берді. Осылайша, ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Түркия Республикасының сыртқы саясатындағы басты ұстанымдар позитивті бейтараптық, өзінің халықаралық мәселелерін бейбіт жолмен шешуге талпыныс, барлық елдермен тату көршілікті дамыту, елдің экономикалық дамуына сыртқы саяси жағдайды қамтамасыз ету бағытын жүргізеді [1, 15 б.].
Елін заманының озық идеялары мен жаңалықтары үрдісінде жетелеуде көшбасшы болған Ататүріктік мемлекеттік жүйе бүгінгі Түркияның халықаралық саясаттағы зор салмағын империялық кезеңнен де асырып, потенциалды ел ретіндегі саяси бағасын жасап берді.
Пайдаланған әдебиеттер:
-
Aksin A. Atatǔrk ۥ ǔn diş politika ilkeleri ve diplomasisi. 1.K. Ìstanbul. 1964.
-
Esmer A.S. Tǔrk diplomasisi (1920-1955). – Yeni Tǔrkiye. Ìstanbul. 1959.
-
Кемал-паша Мустафа. Путь новой Турции. Т.1. М.,1929.
-
Киреев Н.Г. Урегулированию экономических вопросов “Лозаннского наследства” . –Проблемы истории Турции. М., 1978.
-
Тарасов П.К. Саадабадский пакт.- Международные отношения в новейшие время. Свердловск, 1968.
-
Поцхверия Б.М. Турция между двумя мировыми войнами (Очерки внешней политики). –М. , 1992.
РЕЗЮМЕ
В этой статье рассматриваются главные принципы во внешней политике Турции в 20-30 гг. ХХ века. Дается анализ политике Мустафы Кемаль Ататюрк в сознании светского государства и определяется его место в международных отношениях.
SUMMARY
I his artikcle deals nith the main principles of Turkey’s foreign policy (in 20-30 s of XX century).
It analyzes Mustafa Kemal Ataturkۥ s policy (as the secular state sees it) and defines his role in international relations.
Достарыңызбен бөлісу: |