Халықаралық Бизнес Академиясы 1 курс студенттері: Тәукел Н. З. Ракимбаев С.Қ



Дата01.07.2016
өлшемі72.65 Kb.
#171135
«ХХ лет независимости Казахстана:наука и образование глазами будущих бизнес-лидеров»- Материалы 10 февраля 2012г. Часть І, Алматы, 2012, с.98-102
Халықаралық Бизнес Академиясы

1 курс студенттері: Тәукел Н. З.

Ракимбаев С.Қ.

Ғылыми жетекшісі:

Тастандиева Н.Б., э.ғ.к., доцент
АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІНІҢ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУЫ
Көптеген мемлекеттер секілді Қазақстан Республикасының да интеграциялық үрдіске қосылуы ел экономикасына қатты әсерін тигізді. Нарықтық экономика реформаларын дамытуға арналған еліміздің Стратегиялық жоспары жақсы нәтижелер көрсете бастады. Алайда, әлемдік қаржы дағдарысы Қазақстанды да сырт айналып өткен жоқ. Жаһандану жағдайында әлемдегі қаржы дағдарысының ұлттық экономикаға ықпалы күрт өсті. Сондықтан сыртқы тәуелділікті және қазіргі жағдайдағы кездесетін қауіпті мәселелерге қарсы тұра алатын шаралар ұйымдастыру қажеттігі туындады [1].

Осыған орай экономиканың әр түрлі салаларын жете зерттеумен қатар, дамыту да басты мәселеге айналды. Бүгінгі күнде Қазақстан Республикасында Агроөнеркәсіп кешенін инновациялық дамыту маңызды рөл атқаруы тиіс. Бүгінгі жаһандану жағдайында орын алып отырған ғылым мен техника жетістіктерін ендіру арқылы агроөнеркәсіп өндірісін барынша жаңғыртуға бағытталған инновациялық процестерді дамытуға болады.

Агроөнеркәсіп кешенінің инновациялық дамуын ықпал ететін шарттар мен факторларды талдау арқылы екі түрге бөлуге болады :


  1. кері ықпал етуші факторлар;

  2. оң ықпал етуші факторлар арқылы даму.

Кері ықпал етуші факторлар, олар инновациялық дамуды тежеуші жағынан байқалса, ал оң ықпал етуші факторлар, олар инновациялық процестердің қарқындылығын күшейтеді.

Агроөнеркәсіп кешенінің инновациялық дамуына оң ықпалын тигізетін шарттар мен факторларға шаруашылық жүргізудің нарықтық тәсілін, табиғи ресурстардың көптігін, ғылым мен білім әлуетінің жеткіліктігін, ішкі азық – түлік ауқымдылығын, экологиялық тұрғыдан қауіпсіздігі, табиғи азық – түлік өнімдер өндірісінің мүмкіндігін жатқызуға болады.

Ал, кері ықпал ететін шарттар мен факторлар ретінде отандық ауыл шаруашылығы ғылымындағы ұйымдық құрылымның күрделілігін, ғылыми-техникалық және инновациялық қызмет түрлерінің әркелкілігін, ғылыми зерттеулердегі өңірлік, салалық және салааралық сипаттағы мәселелердің үлес салмағының басымдығын қарастыруға болады. Сонымен қатар, ұдайы өндіріске қатысты кейбір мәселелерді зерттеу мерзімінің тым ұзақтығын да атаған жөн. Аталған факторлар ауыл шаруашылығы ғылымы мен аграрлық ғылыми зерттеулерді басқаруда елеулі қиыншылықтар туғызуы мүмкін және тудырып келеді де.

Агроөнеркәсіп кешенінің дамуына қажетті шарттардың бірі – ғылыми-техникалық прогресс. Бұл үдеріс ғылым мен техника жетістіктерін игеру арқылы кеңейтілген ұдайы өндірісті жүргізуге мүмкіндік беретін инвестициялық-инновациялық үдерістерге негізделеді. Сонымен қатар, маман әлеуеті агроөнеркәсіп кешеніндегі инновациядарды игерудің басты факторларының бірі болып саналады. Сондықтан, маман әлеуетін күшейтпестен ауыл шаруашылығы өндірісінде озық үлгідегі, ресурс үнемдеуші технологияларды ендіру мүмкін емес [2].

Инновациялық зерттеу өндіру және сату қатынастарының жалпы кешенін қамтитын күрделі де сан қырлы мәселе болып табылады. Агроөнеркәсіп кешеніндегі инновациялық үдеріс айтарлықтай тежелуде, осыған қарамастан ауыл шаруашылығы ұйымдарының 10-15% бөлігінің ресурс үнемдеуші жаңа ауыл шаруашылық технологияларына деген қажеттілігі артып келеді. Дегенмен де инновациялық технологияларды әзірлеу мен ендіру үдерісі және ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар бірінші кезектегі қомақты қаржыны талап етеді.

Агроөнеркәсіп саласында сақталып отырған қолайсыз ахуал, тауар өндірушілерінің төмен инвестициялық мүмкіндіктері АӨК-дегі инновациялық қызметті белсендіруге қажетті шарттарды шектейді. Сондықтан, тиімді инновациялық қызмет – «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» мемлекеттік жобасын сәтті іске асырудағы басты факторлардың бірі деп есептеуге болады.

Қазақстанда бірегей ғылыми-өндірістік база мен жоғары білікті ғылыми мамандар жеткілікті, бірақ инновациялық дағдарыс жаңалықтарды ойлап табу мен шығару үдерісіндегі алға жылжудың қиыншылығы мемлекеттік реттеу мен басқару деңгейінің күрт төмендеуінен, қаржыландыру көздерінің жоқтығынан және зерттеу ұжымдары қызметінің дұрыс берілмеуінен туындап отырғанын байқауымызға болады [3].

Сондықтан да ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру ауыл шаруашылығындағы инновациялық әлеуетті қалыптастырумен жетілдірудің басым бағыттарының бірі болып отыр. Айта кететін болсақ, соңғы жылдары мұндай жұмыстар республикалық бюджеттен 40% шамамен, жергілікті өңірлік қаржылардан орташа есеппен 27% ғана, ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен ғылыми мекемелердің меншікті қаражатынан 32,8% мөлшерінде қаржыландырылды [5]. Ал ауыл шаруашылығына жұмсалатын мемлекеттік шығындар көлемі біршама жылдан бері жалпы ішкі өнімнің 0,25 пайызынан асқан емес. Біздің көзқарасымыз бойынша мұндай қаржы шамасы жеткілікті деуге болмайды.

АӨК индустриалды-инновациялық тұрғыда жедел дамуын талап етіп отырған шаруашылықтың қазіргі жағдайында келесі факторларды ескеру қажет:


  • институционалды тұрғыда тиімді қызмет атқаруға қабілетті жеке меншік секторын қалыптастыру;

  • өндірістік тұрғыда импорттың орнын алмастыру мен инновациялық саясаттарды алға қоя отырып, ішкі нарықтағы өндрушілердің өнімдері мен сапасын және бәсекеге қабілеттілігін арттыру;

  • ресурстық тұрғыда инвестициялық саясаттарын қалыптастыру мен еңбек ресурстарының тиімділігін көтеру;

  • ұйымдастыру-басқару шаралары бойынша мемлекеттік стратегиялар мен өндірістің басқа елдің қоршауында қалуына байланысты мүдделерді үйлестіру.

Дамыған мемлекеттер қатарына жоғарғы технологиялы өнімдер нарығында бәсекеге түсе алатын елдерді жатқызуға болады. Тиімді бағытталған инновациялық саясат индустриалды-инновациялық дамуда жетекші рөл атқарады деуге болады. Осы ретте ол өндірісті дамыту мен бәсекеге қабілетті ұлттық экономиканың негізгі құралы бола алады.

Еліміздің экономикалық тұрғыда дамыған елдер қатарына ілігіп қана қоймай, алдыңғы қатарға ұмтылуы үшін бар шаралар жасалынып жатыр. Соның бір айғағы үш ел арасында құрылған Кедендік одақ. КО ел экономикасының және ең алдымен оның нақты секторының өсуіне үлкен әлеует береді. Нақты сектор қатарының біріне аграрлыө өндіріс саласын дамыту да жатады. Себебі өзіміздің өндірісімізді, соның ішінде АӨК дамыту арқылы экономикада жаңа, дұрыс теңгерімді қалыптастыру мүмкіндігі туындайды. Сонымен қатар, мыңдаған жұмыс орындарының ашылуына, жалпы табыстар мен халықтың тұрмыс деңгейінің артуына мүмкіндік туады. Дегенмен де, КО-ны құруға байланысты тауарлардың кейбір түрлеріне бағаның қымбаттауы, ал ауыл шаруашылық өнімдерінің бағаларының төмендеуі мүмкін. Бұдан болашақта арзан және төмен сапалы тауарларға сұраныстың азаятындығын болжауға болады.

Сондықтан да бас кезінен агроөнімдерді сапалы да өтімді өндіру керектігін осы сала мамандары тез қолға ала бастады. Бұған мысал ретінде келтіретін болсақ, отандық астық өңдеушілер ұн экспорты бойынша үшінші жыл қатарынан әлемдік көшбасшы атанып келеді, фармацевтикалық өнеркәсіп саласы 2009 жылдың қорытындысы бойынша өзінің бұрынғы өндіріс көлемін 23 пайызға арттырды, қазақстандық «Меланж» және «TextyLine» тоқыма кәсіпорындары дайын өнімдерін әлемнің ондаған елдеріне, оның ішінде тоқыма экспортының алпауыттарының бірі - Түркияға экспорттайды. Ал өзіміз мақтаныш тұтатын «Рахат» кондитерлік фабрикасы өз өнімдерін Еуроодақ және Азияға (Қытайды қоса алғанда) жеткізеді және де Африка мен Германияда өз кәсіпорнын ашу үстінде [4].

Бұған бірқатар машина құрастыру зауыттарын, жиһаз саласындағы компанияларды, агроөнеркәсіп кешенін және тағы басқаларды қосуға болады. КО шеңберінде нарық бірнеше есе артатынын ескерсек, мұндай кәсіпорындар үшін әрине, айналымдарын ұлғайтуға жақсы мүмкіндік.

Елімізде ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы өндірісі 2011 жылдың қаңтар-наурыз айларында 2010 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,8 пайызға артып 175,1 млрд. теңгені құрады, оның ішінде мал шаруашылығы өнімінің өндірісі 171,4 млрд. теңгені, өсімдік шаруашылығы – 3,7 млрд. теңгені құрады [5].

ТМД-ға қатысушы-мемлекеттердің сарапшыларының көзқарасы бойынша еліміздің ауыл шаруашылық саласының даму нәтижелері олардың серпінді өсу кезеңіне көшкенін растайды. Мәселен, ауыл шаруашылығы басқармаларының алдын ала жасалған деректері бойынша мынадай мәліметтерге шолу жасайтын болсақ, 2011 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының барлық егіс алқабы салыстырмалы 2010 жылғы деңгейге қарағанда 21,3 млн. га, яғни төменгі 0,4% құрайды [5]. Атап айтқанда оның ішінде:



  • дәнді дақылдар 16,5 млн. га (153,1 мың га болған),

  • майлы дақылдар – 1711,8  мың га (37,7 мың га төмен),

  • қант қызылшасы – 21,8 мың га (1,7 мың га жоғары),

  • көкөніс-бақша дақылдары және картоп – 364,7 мың га (1,1 мың га жоғары),

  • жемшөптік дақылдар – 2617,5 мың га (94,9 мың га жоғары) алқапта орналасады.

Яғни өткен жылмен салыстырғанда егіс алқаптарының жоғарылағанын байқауға болады. Бұл ішкі нарықты жаңа өнімге дейін қамтамасыз етуге және экспортқа жеткізуге жеткілікті деген сөз. Бұған дәлел, соңғы екі-үш жыл қатарынан еліміздің астық өнімдерінің мол өнімділігінен 2010 жылы экспортқа астық түрінде – 5,5 млн. тонна, ұн – шамамен 2,3 млн. тонна жөнелтілді [5].

Қорыта келе, экономикалық тұрғыда еліміздің дамыған мемлекеттер қатарына өту үшін жоғарғы технологиялы өнімдер нарығында бәсекеге түсе алатын жағдайға жетуіміз керек. Ал тиімді ұлттық инновациялық жүйе бәсекеге қабілетті ұлттық экономиканы құру мен қалыптаструдың басты механизмі болып табылатыны белгілі. Сондықтан да, дұрыс таңдалған инновациялық саясат еліміздің индустриалды-инновациялық дамуының жетекші тізгіні ретінде болуы керек. Әрі ол отандық ғылыми сыйымды өндірісті дамыту мен бәсекеге қабілетті ұлттық экономиканың негізгі құралы бола алады. Біздің ойымызша, Кедендік одақ АӨК саласына оң әсерін тигізеді. Бұл жалпы алғанда еліміздің экономикасының өсуіне де ықпал етеді және де КО арқылы АӨК дайын өнімдерін шетелдерге экспорттауға мүмкіндік береді. Яғни одаққа кіру арқылы шығынды азайтып, өнімділікті арттыруға мүмкіндік берді деп айтуға толық негіз бар.


ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

  1. Экономика республикалық апталық газеті. №49 (221), 2011.

  2. Токсанова А.Н. Финансирование инновационных проектов и методы их оценки. Конкурентоспособность экономики РК: состояние, проблемы и приоритеты развития. Материалы Международной научно-практической конференции. –Астана. 2005ж. – 307б.

  3. Луфтуллаева Р.А. Реализация инвестиционной политики в регионе. Национальные экономические системы в цетрально-азиатском союзе: возможности и перспективы интеграции. Материалы Международной научно-практической конференции. –Астана. 2005 ж. – 338 б.

  4. Қазақстан Республикасының Ақпараттық қызметі. Астана. -2010, қаңтар-01.

  5. Статистикалық жылнамалар/ҚР статистика жөніндегі Агенттігі.- Астана, 2009, 2010, 2011.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет