Халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары 3 мамыр 2013 жыл



бет32/37
Дата25.02.2016
өлшемі2.73 Mb.
#22230
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   37

Әдебиеттер тізімі
1. Қабдиева С. Ұрпақ тәрбиесіндегі адамгершілік мәселелері. //Бастауыш мектеп, №2, 2005.

2. Сламбекова Т.Оқушыларды адамгершілікке тәрбиелеу - басты мақсат. Бастауыш мектеп, №2, 2004.

3. Философиялық сөздік../Ред.кол Р.Н.Нұрғалиев, Ғ.Ғ.Ақмамбетов, Ж.М.Әбдильдин және т.б.-Алматы:Қазақ университеті, 1996.


«Сыр елі мен сүлейлері» курсын өлкелік әдебиет

ретінде оқытудың маңызы
Ш.С.Бекенов,

оқытушы

Қазақстан, Арқалық
Уақыттың ұлы көшіне ілесіп, іргелі ел болу жолында мың өліп, мың тірілсе де өзінің тұтастығын, түп іргесі мен болашаққа деген берік сенімін бойтұмардай қастерлеп сақтай білген халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған асыл арманы жүзеге асқан бақытты сәт туды. Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге жиырма жылдан астам уақыт өтіп, байрағымыз әлемнің көптеген мемлекеттерімен қатар желбіреуде. Тіліміз, дініміз, имандылығымызбен қайта табысып, келешегі кемел жеке-дара өркениетті даму даңғылына түстік. Дүние жүзілік тәжірибеге сүйенсек, бүкіл алдыңғы қатарлы елдер жүріп келе жатқан бұл жолдың әсте оңай еместігі, нардың белін қайыстырар ауыртпалықтары болатындығы бесенеден белгілі. Ал, егер тағдыр сыйлаған сол тарихи мүмкіндігімізді толық пайдалана алмасақ – ешқашан кешірілмейтін үлкен өкінішке ұрынарымыз шүбәсіз.

Десек те, бәрінің әділ төрешісі де, шипагер емшісі де уақыттың өзі. Дүние – кезек. Қырық жыл қатарынан аштық та, қырық жыл қатарынан қырғын да жоқ. Төртеу түгел болып, амандығымыз бен ауызбірлігіміз берік, мұрат тілегіміз қабыл болып жатса, әлі-ақ көш-керуеніміз түзелер. Қазіргі қиындық, қымбатшылық, тапшылық пен таршылықтан да құтылармыз. Қорқарымыз ол емес. Қайғырсақ, қарынның ашқанына емес, қадірдің қашқанына таусыла жылап кеткен қайран бабаларымыздың өсиет-аманатын қайтсек орындаймыз деп, қамкөңіл боп, қабырға қайыстырғанымыз жөн-ау. Расында, күні кеше біреудің боданында жүріп, ада-күде жоғалтып алуға шақ қалған ұлттық қасиет пен намыс, отансүйгіштік сезім, азаматтық зердеміздің орнын қалайша толтырмақпыз? Табиғи мінез-құлқымыздан безіп, тура ізімізден жаңылып, зерде-жадымызды жойып, ең масқарасы – өзімізге жарық дүние сыйлап, алақанына салып аялаған туған жеріміз бен еліміздің мыңдаған жылдық тамаша қаһармандық тарихын білмей немесе бұрмалап, бұра тартып, көрсоқыр күйге түсіп, мәңгүрттіктің шегіне жетіппіз. Біз үшін одан өткен өзекті өртер ащы өкініш пен қасірет жоқ.

Ендеше болашаққа дұрыс жол тауып, көшелі де көрікті ел, келешегі кемел халық болуымыз үшін барымызды бағалап, нағыз ақиқат тұрғысындағы тарихымызды жасауымыз қажет.Бізге ол аттың жалы, аттанның қомында азап пен бейнетке белшеден батып жүріп, ол шеті мен бұл шетіне жеткенше тұлпардың тұяғы тозып, сұңқардың қанаты талатын ұлан-байтақ Отанымызды білектің күші, найзаның ұшымен қорғап, көзінің қарашығындай сақтап, өзімізге аманат етіп қалдырған аға ұрпақ алдындағы перзенттік, адамдық, имандылық парызымыз бен қарызымызды өтеуіміз үшін керек.

Арғы-бергі заманда еншісі бөлініп көрмеген, тағдыры мен тіршілігі, мақсат-мұраты мен мүддесі, жері мен суы, байлығы мен бақыты, қайғысы мен қасіреті ортақ күллі киіз туырлықты қазақтың географиялық, этногенездік тегін және саяси-әлеуметтік, мәдени дамуының тығыз сабақтастығы мен біртұтастығын тарихи дәйектеме-деректер арқылы тұжырымдап, тереңнен тартылатын ұлы тамырымыздың құдіретін парықтауымыз үшін керек.

Тарихымыздағы ақтаңдақтардың орнын толтырып, ұлтымыздың өткен өмір шындығы мен төл болмыс бітімін жете танып-білуіміз, қасиетті қазыналарымыз бен асыл мұраларымызды бүгінгі және ертеңгі күннің игілігінеайналдыруымыз үшін керек.

Ол біздің әрқайсысымыздың туған ел рухының үстем болып, туының әрдайым биікте желбіреуіне тарих пен тағдыр, уақыт алдында да, әзіз бабаларымыздың аруақтары мен келер ұрпақ алдында да жауапты екендігімізді зерде-жадымыздан шығармай, халықтың санасында берік орнықтыруымыз үшін керек.

Миллиондаған жылдармен саналатын адамзат тарихындағы тоқсан толғаулы тіршілікте ұрпақтар мен дәстүр сабақтастығы әрқашан алға қарай дамудың қуатты қозғаушы күші ретінде қызмет атқарып келеді. Кешегі күнсіз қазіргі қалпымыздың, ал бүгінгі күнсіз ертеңгі болашағымыздң болмайтындығы талассыз өмір шыңдығы. Міне, сондықтан біз өткенімізге нақ осы тарихи процестердің өзара тығыз байланысы, үйлесімділігі мен біртұтастығы тұрғысынан баға беріп, зейін қойып, зерделеуге тиіспіз. Әйгілі Тұран ойпатындағы әр замандарда Мауараннахр, Түркістан, Сыр елі атанып, бабаларымыздың қанымен, терімен суғарылған мынау көпті көрген топырақ өзінің жаратылысынан бері кімдерге пана, қорған, құтты мекен болмады десеңізші. Ықылым замандардан-ақ Шығыс пен батыстың арасындағы алтын арқаулы көпір болған осынау қасиетті өлкеде әр кезеңде арғы жаужүрек ата-тегіміз ғұндар, сақтар, түріктер,оғыздар, қыпшақтар тұрмыс кешіп, бүкіл дүиежүзілік өркениет пен мәдениетке елеулі ықпал жасап, сыбағалы үлес қосқан. Ел аузында «Бағзы бір дәуірлерде Сыр бойында халықтың көптігі және қалалы мекен жайлардың жиілігі соншалықты, Шаш шаһарынан шыққан лақ іркес-тіркес тізілген үйлердің шатырынан-шатырына секіріп отырып-ақ Аралға дейін жетеді екен» деген аңыздың сақталуы тегін емес. Бұл топырақта өз кезеңінде шығыс аспанында үркер жұлдыздай жарқыраған Йассы, Сауран, Сығанақ, Жент, Жанкент, Жетіасар, Алтынасар, Асанас секілді тағы басқа сан ондаған көне қалалардың және әлемнің төрт құбыласын жалғастырған әйгілі Жібек жолының арналы сорабы сайрап жатыр [1,4].

Біз, қызылордалықтар – Сырдариядай ұлы өзен бойын мекен еткен бабаларымыздың, тіршілігімізге жан да, нәр де берген шапағатты Сыр-Ананың арда емген ұрпағымыз. Бүкіл Орталық Азияның маңдайындағы інжу-маржандай алып су айдыны – Арал аймалап өсірген ұрпақпыз. Оңтүстік-шығысымыздағы барша тарихтың тілсіз куәсі қарт Қаратауымыз кемеңгерліктің белгісіндей, арқа сүйер айбар-айбатымыздай.Ал,күллі жер-жаһан мойындап, қадір тұтқан қос әулие, қос заңғар Қожа Ахмет Йассауи мен Қорқыт бабалардың аруақтары түстігіміз бен теріскейімізде елімізді қанатының астына алып, желеп-жебеп тұрғандай.Арқалы таланттардың қайнар көзі іспетті осынау құтты да құдіретті топырақ арғы-бергі дәуірлерде ғылым, өнер, әдебиет пен мәдениетте небір тамаша тарландарын дүниеге келтіріп отыр.

Исі қазақтың басын қосып, ауызбіршілігі мен ынтымағын нығайтуға, қайрат-жігерін үстеп, қуат-дем беруге аянбай ат салысқан ұлтымыздың үш төбе биінің бірі, орақ ауыз, от тілді шешен Әйтеке бабамыз осы киелі топырақпен тамырласады.Өз дәуірінің көрнекті саясаткері, көреген қолбасшы, кемеңгер елбасшы бола білген Жалаңтөс Баһадүр, Есет, Жанқожа, Бұқарбай сынды қамал бұзар батырлардың және түбі бір туысқан барша түркі халықтарының ортақ перзенті, аса ірі мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқайдың кіндік қаны тамған қасиетті жері осы.Өкінішке қарай, туған жердің азаттығы, жарқын болашағы үшін отқа да күйіп, суға да түскен халқымыздың даңқты перзенттерінің есімдері мен ерлігі ұзақ жылдар бойы тарихтың қалың қатпарында қалып келді.

Тегінде, қазақ халқының тағдыры мен тарихында киелі Сыр өңірінің алар орны айрықша зор, оның әр уыс топырағы, әр бұтасы, әр тасы сан алуан ғибратты шежіре-сырға тұнып тұр. Егер өткенімізге терең зер салар болсақ, жалпы қазақ елінің басына қара бұлт үйіріліп, жау жағадан алып, бөрі етектен шалған екіұдай күн туған қиын-қыстау замандарда қандастарымыздың сан мәртебе осынау қасиетті өңірге келіп паналап, ес жиып, күш-қайраты мен ерлік айбатына қайта мініп, қас дұшпанды ата жұртымыздан аластаған абыройлы шақтарын айқын аңғарар едік [3, 49]. Жалпы, қазаққа талай рет жат жұрттық басқыншылардан қиянат-қысым көріп, зәбір-жапа шегіп, жаны қысылғанда-тас қамал қорған, ашыққанда-азық, тозып келгенде-топ құрап, ту көтерер алтын бесік, құтты мекен болған Сыр елі ұлтымыздың рухани, тарихи-мәдени және демографиялық түп тірегі, берік ұстыны іспетті [1, 6]. Сондықтан да үш жүздің ұрпағының басы қосылған, ұлтымызға баспана да, астана да болған киелі Қызылорда жерін қазақтың қара шаңырағы деп атауымызға толық хақымыз бар.Әсіресе, ұлтымыздың ғасырлар бойы Сыр өңірінде қаймағы бұзылмай, қастерлеп сақталған салауатты салт-дәстүрін, тілін одан әрі дамытып, байытып, өркен жайғызу барша қызылордалықтардың үлкен тарихи және азаматтық жауапкершілігіне айналуы шарт.

Ал, соншама бай рухани қазынаны, мол мұраны, тамаша тарихымызды зерттемеуге, зерделеумеге, жинақтап, елдің кәдесіне жаратпауға біздің хақымыз бар ма? Олай етпеу өткенімізге, тарихқа және қиянат емес пе? Күні бүгінге дейін өлкеміздің нағыз өмір шындығынан тұратын шежіресінің жасалмауы өзекті өртер өкініш тудырғаны сөзсіз. Енді міне, олқылықтың орнын толдырудың қолайлы сәті туғанда қапы қалмай, төл тарихымызды қалпына келтіруге білек сыбана кіріскеніміз де сол себепті. Мұның өзі жас тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуының алғашқы күрделі кезеңіне және нарықтың ауыртпалығы мол, тапшылық ұсына тап келсе де игі мақсатымыздан бас тарта алмадық.

Сыр сүлейлері деген не өзі деген сауалдың келуі де заңды. Мысалы, қаратау шайырлары, атырау жыраулары, жетісу, арқа мектептері секілді ірі тарихи тұлғалалар негізін қалыптастырған әдеби арна, бір топ. Сүлей деп- байырғы эпикалық жырларды жатқа айтып, өздерінің де жеке шығармашылықтарын тарата білген өнерпаздар тобы. Сыр сүлейлері мектебін қалыптастырған Қорқыт атадан көш тартқан Асан қайғы, Бұдабай Қабылұлы, Базар жырау Оңдасұлы, Дүр Оңғар, Нартай, Иманжүсіп Құтпанұлы, Омар Шораяқұлы, Ұлбике қыз, Тұрмағамбет Ізтілеуов сынды өлең –сөздің үздіктері салған ақындық,жыршылық мектеп.

Осы бағдарлама (егер мектепке арнайы өлкетану курсы ретінде еніп жатса-Ш.Б) арқылы қалың жұртшылық жарты миллионнан астам адам мекендейтін байырғы Сыр елінің өткен-кеткен өмірінен, бүгінгі тыныс-тіршілігінен бірсыпыра мағлұматқа қанығары хақ.Себебі, осындай бір топ ақын-жыраулар шоғыры осы өлкеде туылуының өзі тегіннен тегін емес! Сыр бойының бұл жаңа шежіресі өзін, елі мен жерін, халқын, тарихын сыйлайтын әрбір азаматтың төрінен орын алады деп ойлаймын.
«Сыр елі мен сүлейлері» курсының бағдарламасы

«Сыр елі мен сүлейлері» курсы 8 сыныптарға факультатив сабаққа арналған. Көлемі – 34 сағат (кіріспе мен қорытынды 2 сағат, 4 тоқсанның қайталауы 4 сағат, пәнді толық меңгерту – 28 сағат).



Мазмұны: оқу жылында факультативті сабақ 3 бөлімнен тұрады.Тұтас бір «Сыр елі мен сүлейлері» тарихын, бастан кешкен бүгінгі күнге дейінгі өмір жолын қарастырады: – бірінші бөлімінде ежелден бастап сүлейлер өмір сүрген кезеңге дейінгі дәуір, екінші бөлім – қазан төңкерісіне дейін мектеп қалыптастырған сүлейлер дәуірі, үшінші бөлім – тәуелсіздігімізге дейінгі қиын-қыстау кезеңді оқып тақырыпты түйіндейді.

Курс мазмұны оқушының жас ерекшелігіне, ой-өрісіне, білім, білік, тәжірибесінің өсуіне байланысты қайталанбайтын жағдайда: көрнекі, репродуктивтіліктен – өнімді білімге жету жағдайында өрбітілген.Әр тақырып ақпараттық-танымдық біліммен қатар, рационалды тәжірибелі білік пен дағдыны беруді көздейді.

Әр тоқсан мен оқу жылы қортынды сабағымен аяқталады, ол дәстүрлі теориялық біліммен, оқушының жеке және ұжымдық-шығармашылық білік пен дағдысының қалыптасқанын бақылаумен рефлексивтік өзіндік бағалаудан тұрады.

Негізгі мақсаты: Қазақ әдебиетінің көп ғасырлар бойы қалыптасқан тарихындағы көрнекті шығармашылық тұлғалар дәстүрімен өркендеген әдеби мектептертің ішіндегі- сыр сүлейлері әдеби мектебінің негізін қалаушылардың, сол мектептің өкілдері өмірі мен тарихи орнын көрсете отырып, патриот - азамат қалыптастыру.

Міндеттері:


  1. Сыр сүлейлері туралы оқу бағдарламасынан тыс мәліметтерді кеңейту, тереңдету.

  2. Оқушыларға салыстыру, сараптау, қорыту, болжау т.б. интеллектуалдық біліктіліктерді игерту.

  3. Сыр сүлейлері өнегесі негізінде оқушының елге қызмет етуін, құндылық өлшемдері арқылы өзін-өзі бағалау дағдыларын қалыптастыру.

  4. Оқушының ұлттық -тарихи, әлеуметтік ой-өрісі – дүниетанымын дамыту.

  5. Патриот-азамат тәрбиелеу.

«Сыр елі мен сүлейлері » курсының ерекшеліктері.

«Азамат тұлғаны» тануға негіз қалыптастыруында:



  • Туған өлкенің тарихын білуге

  • Ұлттық құндылықты бағалауға

  • Жыраулардың толғауларынан үлгі алуға

Шығармашылық ақыл-ой еңбегі дағдыларына баулуында:

* танымға

* сараптауға

* дүниетанымдыққа

* жүйелі кіріктіруге

* ой қорытуға

* болжам жасауға

Белсенділігін дамытуында:



  • Өлең жазуға

  • Көркемсөзді мәнерлеп оқуға

  • басшылыққа (ұйымдастырушылыққа)

Ұлттық болмысты игертуінде:

  • тілді

  • дінді

  • салт-дәстүрді

Сыр сүлейлері – қазақ әдебиеті тарихындағы байырғы өркениеттер тоғысындысын (синтезін)танытатын шығармашылық әдеби мектеп өкілдері [2, 5]. Олардың шығармаларында қазақ фольклоры мен ауызша дәстүрлі ақындық-жыраулық әдебиет ерекшеліктері тұтасқан болмысымен ерекшеленеді. Сыр өңірі жайлы өлкетану курсы мектеп бағдарламасына еніп жатса, Сыр өңірінің мектеп оқушылары өздері туған елді-мекеннің тарихы мен өскен ортасының даңқты жерлестері жайлы тың әрі жаңаша мағлұматтармен танысып, өз жерлестерімен мақтана да марқаяда алады. Мектеп оқушыларының осы бағдарлама арқылы ұтатыны – туған өлке тарихын бес саусақтай жатқа білуі, қазақ әдебиетінің дәуірлеу кезеңі мен қалыптасу тарихынан хабардар болып отыруы. Бұл курстың Сыр өңірі аймағында өтілуінің маңыздылығы сол – мектеп оқушыларын Отанымыздың, соның ішінде туған өлкесінің, рухани-әдеби бай құндылықтарын игеріп, салт-дәстүрін қадірлеуге, бабалар мұрасын құрметтеуге, төл тарихын жан-жақты білуге баулу. Бұл курстың ерекшелігі – бұрын-соңды қазақ әдебиеті мен қазақстан тарихына есімдері мен шығармашылығы енбеген, тек ауыздан-ауызға аңыз-әфсана ретінде тарап жеткен тарихи тұлғалардың өмірін, шығармашылығын, олар жайлы айтылатын аңыздар мен тарихи деректерді бір арнаға тоғыстырып, жүйеленіп, арнайы оқулық пен хрестоматиясының әзірленуі болмақ.

Ата-бабаларымыздың ұрпақтан-ұрпаққа ақын-жыраулар жырлары арқылы жалғасып келе жатқан ұлағатын осындай игі істер арқылы жүзеге асыру- әрбір қазақтың ұлы міндеті. Қазақтың халықтық-отаншылық рухын көтеретін, ұрпақтарды адамгершілік-имандылық жолымен тәрбиелейтін ақын-жыраулар мұраларын ұлықтау арқылы ұлтымыздың мәңгілік даму жолын нығайтамыз.

Қорыта айтқанда, қазақ өркениетінің бұрынғы-соңғы мұраларын жинап, жариялау арқылы жаңа буын ұрпақтарымыздың ұлтымызға және жалпы адамзатқа ортақ көркем ойлау дүниетанымын дамытамыз. Бұл- бәріміздің қасиетті парызымыз.

Халық мұрасының сақталуына осы бағдарламаның аз да болса үлес болып қосылғанын жұртшылықтың да қолдайтынына сенемін. Елдің жадында сақталған, адамгершілік-имандылық, тәлім-тәрбиесінің құралы болған ақын-жыраулар мұраларын жинаушылардың, зерттеушілердің осындай істерді жалғастыратынына кәміл сенемін.


Әдебиеттер тізімі


  1. Сыр өңірі тарихы. -А.: Атамұра, 1998 ж.

  2. Дала дарындары. –А.: «Кие» лингвоелтану инновациялық орталығы, 2008 ж.

  3. Сыр сүлейлері. Қызылорда, 2003 ж.



Қазақ тілінің грамматикалық терминдері жөнінде
А.Б.Сарбалина,

докторант

Қазақстан, Алматы
Қандай бір халықтың болмысы, өркениеттілігі, саналылығы, кең мағынасында сауаттылығы, оның тіл мәдениетімен, сол тілдің, қолданыс ауқымдығының кеңдігімен өлшенеді. Еліміздің егемендік алып ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болуы оңай міндет емес, себебі ол тіл. Сол мемлекет иесі болып отырған халықтық үрдісінен шығып, барлық саладағы мұқтаждықты өтей алатын дәрежеде болуы шарт. Яғни ол өнер, әдебиет, мәдениет, баспасөз, дипломатиялық қарым-қатынас, ғылым, өндіріс, ресми іс-қағаздар т.б. салаларға дейін қызмет ететін қоғамның қажетті құралына айналуқажет. ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ тілінің терминденуі мәселесінде қазақ зиялыларының орны айрықша. А.Байтұрсынұлы тіл, әдебиет пен мәдениетке қатысты терминдерді өз замандастарына ана тілінде термин жасаудың үлгісін көрсетті. Тіліміз әсіресе термин есебінен байыды. Қазіргі кезде ұлт тілінде термин жасау жанданып келеді. Көптеген жаңа терминдер жасалып қолданысқа көше бастады. Сонымен қатар техника мен ғылымның дамылсыз өсуі тіліміздің сөздік құрамын дамытты. Ғылым мен техниканың әрбір саласына арналған және жалпы терминге байланысты көптеген терминологиялық қазақша-орысша, орысша-қазақша сөздіктер мен түсіндірмелі лұғаттар жеке-жеке кітап болып шықты. Бұл еңбектер саны жағынан ғана емес, мазмұны жағынан құнды еңбектер болды. Қазіргі кезде терминологиялық сөздіктерді барлық ғылымның саласы күнделікті өмір кажеттілігіне пайдалануда. Бұл ұлт тілінің ғылым саласындағы қызметін атқара бастауының бір көрінісі.

Термин жасау, жасалған терминдерді қалыптастыру-үнемі қадағалап реттеп отыруды қажет ететін өте қауіпті жұмыс. Олай болмаған жағдайда терминологиядағы жүйеліліктің, реттіліктің бұзылуы әбден мүмкін. Терминологиядағы бірізділіктің сақталмай әр автордың өзінше термин жасап немесе қалаған терминін қолдануы оны үйлестіруі жұмысының әлсіздігінің, өкілетті орындардың өз қызметін тиісті деңгейде атқара алмай отыруынан деп түсінген жөн.

Ғылыми терминологиясы дамыған тілдердің қатарына қосылу үшін бізге терминдерді реттеу, жүйелеу,стандарттау жолында көптеген жұмыстарды атқаруға тура келеді.

Тіл зерттеушілер термин шығармашылығында тіл мәдениетіне қатысты ұстанымдардың мынадай яғни жүйелілік, нормаға сәйкестік және эстетикалық деп аталатын үш түріне аса маңыз береді. Мұндағы жүйелілік ұстанымында термин сөздердің бір мағыналылығын талап етіледі. Ал нормаға сәйкестік ұстанымында терминнің әдеби тіл нормасына сай келіп, сөздің сыртқы тұлғасы мен мазмұнының тура қатынаста болуын талап етеді. Эстетикалық ұстаным болса, терминдердің қысқа да нұсқа болуымен қатар, жағымды дыбысталуына маңыз береді. Міне, осы ұстаным, қағидалар термин жасау барысында үнемі есте болуы шарт.

Терминология ұғымы көп қырлы, негізінен ол екі бағытта өрістейді. Оның біріншісі ғылымның жеке саласын қамтитын, яғни лингвистикалық терминология болып саналады. Ол лингвистикалық терминдердің жалпы жиынтығын білдіреді. Ал екіншісі-ғылым мен техниканың барлық саласындағы термин атаулының жалпы жиынтығының ұғымы. Мұнымен қоса терминология-терминдердің жасалу, даму, қалыптасу мақсаттарын зерттейтін білім саласы.

Термин жасауда ең өнімді тәсіл-тілдегі мағынасы түсінікті сөздердің терминологиялық өріске өтіп, ауыспалы мағынада термин ретінде кол данылуы.Ұғым жалпы халықтық тілден терминологиялық жүйенің ішіндегі ұғымды білдіруге өтіп,ғылыми атауы ретінде қолданылады. Күнделікті қарапайым мағынадан ғылыми ұғымға өткен шағын, үнем, пайда, салық, салымшы, үлес, үлескер, қорғаушы, айыпкер, айыпталушы т.б терминдер осы тәсілмен жасалған.

Терминология – сан саналы дамуды жетілдіруді қажет ететін өзгермелі сала. Терминжасам мен оны жүйелеу, реттеу мәселесі үздіксіз даму үстіндегі үрдістердің бірі. Терминжасамның негізгі тәсілдеріне семантикалық, морфологиялық, .синтаксистік, қыскарту, калькалау сиякты тәсілдер жатады. Тіліміздегі термин жасау күрделі мәселенің бірі. Сөздің ішкі мүмкіндігін терминжасамда толық пайдалану орынды әдіс. Терминжасамда кез-келген бір сөзді балама етіп қоя салу арқылы мәселені шешуге болады, десе, жаңсақ пікір. Өйткені терминжасам үлкен шыгармашылық ізденісті, ғылыми-теориялық дайындықты қажет ететін мәселеге жатады.Терминжасамда жаңа ұғым, жаңа түсінік арқалаған терминнің сөз ретіндегі мағынасына дәлдік, біртектілік, қысқалық сипаттары мен басқа сөзбен ауыстыруға келмейтіндігі қолданысқа ену мәселесі көп ізденіспен ойдың желісін қажет етеді.

Тіл білімі ғылымын зерттеушілер терминологияның жүйеленуі үшін мынадай белгілердің болуын көрсетеді.

1. Тілдің таңбалануы,жазу жүйесінің жетілуі.

2. Тілдің қалыпкқа түсуі, нормалануы.

3. Тілдің жаңаруы, жетілуі.

Тіл дамыту осы бағытта қатар жүруі тиіс. Бүгінгі күні терминология қалыптасуы үшін жүйеленудің осы факторлары жүзеге асырылуы керек.

Терминдер сапалы түрде сұрыпталудан өтеді әрі қадағалауды қажет ететін сөзжасамның түрі деген пікірді көптеген ғалымдар қолдайды. Сөзжасам морфемаларының қызметі әдеби тілден гөрі терминологияда жиі қолданылады.

-лық, -ғы, -ым, -ғыш, -шы жұрнақтары арқылы жасалған ғылым мен техника, қоғам мен әлеумет дамуына байланысты туындаған терминдерден сөзжасамның нақты қызметін көруге болады.

Семантикалық тәсіл арқылы жасалған терминдерге байырғыдан қолданыста жүрген сөздерді арнайы ұғымға таңба ретінде қолдану жатады. Мысалы: шабуыл, аймақ, өкіл, айыппұл, шарт, бітімгершілік т.б. сөздер бастапқы мағынасынан ерекше мағынаға ие болып қоғамның сан саласына термин ретінде пайдаланады. Ал сөзжасамдық әдіс арқылы термин жасауда А. Байтұрсынов өз еңбектерінде 33 жұрнақты қолданған -лы, -лі, -шы, -ші, дауысты, дауыссыз, туынды, үстеу, әуезділік, меңзеу, дәлдік, көріктеу, кейіптеу, бейнелеу,алмастыру, дәлдік, шығарма, сүгіреттеу т. б. Бұл аталғандардың біразы әлі сол күйінде қолданыста болса, кейбіреуі заман талабына сай ғылыми зерттеулердің нәтижелерімен басқаша терминдік атауға ие болған, осы әдіспен қазіргі кезде орам, жемқорлық, үдеріс, өтініш, салғырттық, немқұрайлылық, бұзақылық т.б. терминдер көпшілік қолданысына енгізілген.

Термин шығармашылығының алғашқы сатысында қажетті жаңа ұғымға байланысты терминдер жасалынды. Мысалы: көптен бері саясаттану ғылымында қолданып жүрген терроризм, террорист терминдерінің орнына сонғы кездері барлық бұқаралық ақпарат құралдары лаңкес, лаңкестік терминдері қолданылып жаңа термин жасалды

Екінші сатыда термин айналымға туседі. Бірақ оның қолданысқа түсуі де қабылдап-қабылданбауы да қазіргі таңда курделі мәселе. Себебі, кейбір жасалған терминдер алғашқы сатыда әр түрлі пікірлерге ұшырайды. Бір топ оларды қабылдап жатса, екінші топ оларды қабылдауға қарсы пікір айтып, қате термин екенін айтып жатады. Мысалы: әлеуметтану саласында соңғы кезде отбасы және жанұя терминдерінің қатар қолданып жүргені белгілі. Немесе қоныс аудару-миграция, мұнай кеніші- мұнай кен орны.

Терминжасамның үшінші сатысы-терминдердің бір нұсқасының қалыптасуы. Термин тудырушы жұрнақтар туралы айтқан кезде А. Байтұрсынұлының, С.Аманжоловтың, Қ. Жұбановтың, Ө.Айтбаевтың еңбектері мен мақалаларында негізге алынып қарастырылған. Т.Г.Аппакова негізінен тек сын есім, зат есім мағынасындағы терминдерді жасаушы жұрнақтарға тоқталған. Қазақ лексикасының терминдену мәселесіне байланысты қорғалған Ш.Құрманбайұлының, философия терминдерін қарастырған С.Әлісжановтың, қазақ тіл білімі терминдерін нысан етіп алған Ж. Молдажаровтың және т. б.сонғы кезеңдерде зерттеліп жүрген еңбектерін айтуға болады. Сонымен қатар С.Әбдірәсілов лингвистикалық терминдерін А.Қонырова филология терминдерін зерттеп,ғылыми еңбектер жазды. Ә.Ә.Әбдірахманова мен А.Б. Жиекбаева сынды ғалымдар еңбектерін де айтуға болады.

Терминология мәселесін зерттеушілер соқпай өтпейтін мәселенің бірі халықаралық терминдер. Халықаралық терминдерсіз ғылым тілінің дамуы қиын деген пікірді көптеген зерттеушілер айтуда. Бүгінгі күні ғылым мен техниканың, өнеркәсіптің әртүрлі салаларында қолданылып журген терминдер саны жүз мыңнан асады.

Қай тілді алсақ та әрбір грамматикалық категория белгілі бір терминмен аталады. Терминнің мағынасы грамматикалық категориялардың дәл көрсетіп ұғым мен атаудың қасиетіне сәйкес қойылуы керек. Қазақ тілі оқулықтарында зат есім, есімдік, бастауыш, баяндауыш, анықтауыш, толықтауыш, өткен шақ, қалау рай т.б.тәрізді терминдер өздеріне қатысты категориялардың мазмұнын бірден ашып турады. Терминдердің грамматикалық формалардың мазмұндарына сәйкес болып келуі, әсіресе мектеп оқушыларының материалды тез және нақты меңгеру үшін маңызы өте зор.

Қазіргі қазақ тілі оқулығында "форма тудырушы" десе, екінші оқулықта "сөз түрлендіруші" деп алып баска терминмен атаған. Орта мектепте бітіріп, жоғары оқу орындарына түскен студенттер көпке дейин осы терминдерді шатастырып жүруі әбден мүмкін.

Оқу құралдарында септік формалары да әртүрлі аталып жур. Мысалы:"табыс септік", "табыс септігіндегі сөз", "табыс септік жалғауы" тәрізді басқа септікте осы сияқты айтылады. Септік жалғауы жалғанған сөзді өз атымен "Табыс септік", "Шығыс септік" деп ол сөздің септік жалғауымен түрленуін-септелу деп аталған ертеден-ақ нормаға айналған [1, 242].

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін бағбан-бағбаншы, диқан-диқаншы, аспаз-аспазшы, куәгер-куәші-куә деп жарыса жұмсалатын. Бертін келе сөздің ықшам нұсқасына артықшылық беріліп, жарыспасөздер бір сабаға түсті. Диқаншы,аспазшы, куәгер, куәші деп талғаусыз қолдана беру қалыптасқан терминдік норманы бұзу деп танылады. Алайда өткеннен тағлым алсақ, бүгінгімізді байыптай алар едік.

Әдетте жарыспалы қолданыстар дегеніміз –"ескі" мен "жаңаның" үзеңгі қағыса қатар қолдануы. Мысалы: финанс - қаржы, рынок - нарық тәрізді жарыспасөздер тілдік қарым-қатынас машығында сабақтастық принципі бойынша, біразға дейін жарыса жүріп, келе-келе біреуі орнығады,екіншісі өзінен-өзі қалып қояды. Сөйтіп ,"табиғи" түрде тіл өзін-өзі реттеп отырады.

Кез-келген термин сөзжасамдық әрекеттің нәтижесі. Сөзжасамдық құрылымдарға жатпайтын тұлғаларды қолданып, жоқты жонғандай болып, оңай жерден термин жасауды әдетке айналдырғандаймыз. Осы күндер жиі қолданып жүрген жылжымайтын мүлік дегендегі -ма,-й,-тын дегендер сөздің грамматикалық көрсеткіштері ғой. Бұл жерде бөгде тілдің «недвижимое имущество» деген сөзбе-сөз "көшірмесін" қоя тұрып, өзіміздің ана тіліміздің сөзжасам заңдылығы бойынша ықшам түрде орнықты мүлік деп атауға, ал "движимое имущество"-ны жылжыма мүлік деп те алуға болады.

Мұндай құбылыс мағынаға "зиян" тигізбей ықшамдау деп аталады. Алғашқы кезде егеменді ел, егеменді Қазақстан деген сөздер-егемен ел, егемен Қазақстан болып ықшамдалды.

Жетпісінші жылдарға дейін, едәуір орыс сөзіне қазақ қосымшасының жалғануын Терминкомдағы тіл мамандары мен қалам ұстаған қайраткерлер бір ізге салып, жөн-жобасын көрсеткен болатын:электрлендіру (электрофикациялау емес), механикаландыру (механизациялау емес), алгоритмдеу (алгоритмизациялау емес), автоматтандыру (автоматизациялау емес), компьютерлендіру (компьютеризациялау емес), аттестаттау комиссиясы (аттестациялау комиссиясы емес). Алайда құнсыздықтан болар, қалыпқа түскен норманы бұзып-жарып, аттестациялау комиссиясы, кадрларды аттестациялау дейтінді шығарды.

Ғылым мен білімнің әр саласынан төл оқулықтар жазылу көзделсе, тілдің байырғы қатпаларында жатқан байлығын жан-жақты пайдалану аса қажет. Тіліміз бай дей тұра, сөз қазынасына жете көңіл бөлмей жүрген сияқтымыз. Сол байлықтың ішінде терминологиялық мазмұн беріп, жаңа сапада жұмсауға сұранып тұрған сөз шоғырлары аз кездеспейді. Екі тілдік аударма терминологиялық сөздікте контрабандист, контрабандшы дегендер кездеседі.

Қазіргі бұқаралық ақпарат құралдары тілінде контрабанда, контрабандист деген сөздерді қарақшы дейтін болды. Мысалы: "Қарақшылық жолмен әкелетін тауарлардың көп таралуымен бірге, жасырын цехтар ашылып,оларда лицензияланған өнімдер қолдан көп мөлшерде көбейтілуде.Бұл орайда да заңнамаларға елеулі өзгерістер енгізу қажет (Егемен Қазақстан).

Бұл – лексикалық норманы бұзу, яғни терминдік ұғымды лексикалық мағынаға қосақтау. Оған көз жеткізу үшін контрабанда мен қарақшылық дегеннің мағынасын салыстырсақ:

Қарақшылықтың мағынасы "жол торып, жүргіншілерді тонаушылық; "елді ойрандаушылық; жауыздық". Ал контрабанданың мағынасы "тыйым салынған немесе салық салуға жататын тауарларды,бағалы заттарды,болмаса басқа бұйымдарды мемлекеттік шекарадан құпия турде алып өту немесе өткізу". Терминологиядағы қазіргі үрдіс шеттілдік терминдерді мүмкін болғанша қазақшалау. Контрабанда сөзіне бір жағынан қазақша балама іздеу дұрыс болар. Бірақ оны оп -оңай қарақшы сөзімен қазақшалай салуға болмайды. Ана тіліміздің сөз байлығына зер салсақ, осы сөздердің толық баламасы болуға жарарлық әткешшілік деген байырғы сөздің бағы жанбай, ұмыт болған. Бұл сөзде әдеби тіл айналымынан тысқары қалып,қазіргі кезде құлағымыз тосырқауға айналды. Ал тіл шындығын қалт жібермеген жазушы қаламы шетқақпай болып қалған осы бір сөздің мағанасын ап-айқын, тап-тұйнақтай етіп, қағаз бетіне былай деп түсірген екен: "Әткешшілік ісін осы кезде қиын атайды. соңғы мүйізбен апиын өткізіп жатқандар қырғыздың әккешшілеріне ілісіп зорға өттік дейді" (М.Әуезов).

Қазақ лексикасындағы деректерге көз жіберсек, бір кездері белгілі бір денотатты универбпен атау үрдісі басым болғанын байқауға болады: жәутік "қарға аунағанға дейінгі түлкінің баласы", жәудір "қарға аунағанға дейінгі түлкінің баласы", сарымық "жолбарыстың баласы", қонжық "аюдың баласы", қодыға "киіктің баласы", қодық "есектің баласы", соқыр "мысықтың баласы". т.б.[2. 42].

Мұндай құбылыс әлеуметтік қоғамдық атауларда да кездеседі: бише "би баласы", мырза "әмірдің баласы", бағлан "бай баласы", құлшар "құл баласы", мағзұм "молданың баласы", ханшайым "хан қызы", ханзада "хан баласы". осыған ұқсас универб құбылысын тағам атауларынан да ұшыратуға болады: саумал "биенің сүті", (жаңа сауылған), ал ашығаны қымыз; қымызды бабында ұстау үшін үстіне саумал құйып жиі-жиі пісіріп отырады.

Саума "сиырдың жаңа сауған сүті" (парное молоко), құймақ "түйенің жаңа сауған сүті", ашығаны шұбат. Шұбатты жуасытып, ашуын басу үшін үстіне құймақ құйып отырады.

Тілімізде әр қайсысы өз алдына терминдік мағынада ие болуға бейім күн райы, ауа райы тәрізді мағыналас сөздер аз емес.

Бұрын ауа райы деуші еді, соңғы кездерде республикалық телеарналардың бірінде "погода" сөзін күн рай деп айтып жүргенін құлағымыз шалып қалды.

Әдетте "күн райы жақсы екен", "күн райы бұзылайын деп тұр" деп айта береміз. Осындағы күн райы "погода" деген ұғымды дәл береді.

Әрине бұл пікірмен келіспейтіндер күн райы тек күндізге ғана қатысты, ал түнге қатысы жоқ дегендей былайша айтады.

БАҚ тілідне ғылыми әдебиет пен оқулықтарды ауа райын "климат" деген терминдік ұғымда, ал күн райын "погода" мағынасында қолданып жатса, мұндай үрдісті қолдау керек.

Мемлекеттік тіліміздің мәртебесін республикада ғана емес халықаралық деңгейге көтеріп терминжасамның жүйесін қатаң сақтап қолданылуы тиіс.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   37




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет