Халықаралық ТҮркі академиясы әлішер науаи хамса ләйлі – Мәжін



Pdf көрінісі
бет68/77
Дата20.05.2024
өлшемі3 Mb.
#501480
1   ...   64   65   66   67   68   69   70   71   ...   77
Әлішер-Науаи.-ХАМСА

Ажырасудың зіл-батпан қара түнегі жайында, тозақтың түтін 
басқан түтегі оның қасында қуаныш бесігіне тербелген пейіштің 
ескен лебіндей екені, жағдайдың қиыншылығы соншалық бейне қараңғы 
түнекте мұңға тұншыққан пенденің тіршілігі тәрізді болуы, оның 
жанарынан дидарласудың сәтті сағатының ұшқыны байқалмайды, 
әсіресе жағдайдың қиындығы сонша: кімнің бетіне кірбің түскені осы 
жолдарды көлеңкемен көлегейлейді. Тек дидарласу сәтінің жарқ еткен 
жарық маржаны ғана түнекті серпіп, әлемді жарқырататыны, алайда 
дидарласу маржан – шырағының сәулесін табу қандай қиын болса, сол 
сияқты ол да өте сирек кездеседі.


474
Мойымас қайғы мұжып, мұң жүдетсін,
Күткендер күдер үзбес жүз жыл өтсін.
Түңілсе тарылмасын неге тыныс,
Түбінде табысқанға жоқ өкініш.
Азабы ұмытылып қамкөңілдің,
Бөленер ләззатына мәңгі өмірдің.
Мұндайда көңіл, шіркін, орталамас,
Уақа емес қуаныштан болса да мас.
Шалқыса шарап тартып кеште ғажап,
Білінбес бір күнгідей кешкен азап.
Досыңды алғаныңша сен жоғалтып,
Жүз есе онан-дағы өлген артық!
Қауышқан мұңлықтардың жоқ арманы,
Бір сәтте табылған соң жоғалғаны.
Сарғайып, саяқ жүрген күнің – қараң,
Адаспа жұлдызыңнан жымыңдаған!
Алыста аңыраудың зор кеселі,
Тығады бір күн сүйреп көрге сені.
Жүргендер көрісе алмай түн кешкендей,
Ажалдың өзіменен тілдескендей.
Түнектен шыға алмасаң сор қамайды,
Көзіңнен қанды жасың сорғалайды.
Бір-бірін сағынбаса ел сабылмас,
Шалдықса ауыр дертке ем табылмас.
Талқысын тартпаса егер тағдыр алға,
Ғашықтар қосыла алмай зар жылар ма?
Қиырда күйзелмесе жабығып ер,
Несіне жапа шегіп, жаны жүдер?
Үмітсіз күн жарықта көз қараңғы,
Пайдасыз жыртқанменен өз жағаңды.


475
Шұғынық қашықтаса ләйлігүлден,
Солдырып, тоздырмай ма қайғы бірден?
Күн жоқта аспан жүзі тұнжырайды,
Секілді қаптаған бұлт мұңлы-қайғы.
Ай шықса бұлт ыдырап төсін сөгер,
Асықтай шөлді кезген жасын төгер.
Жетім ғой Сүлейменсіз жүзігі де,
Құсамен кешкен күннің қызығы не?
Мұңлықтың күні – күту, өмірі – аңсау,
Фархадсыз жаңғырды ма меңіреу тау?
Қаңғырып құла дүзде беталдыға,
Мәжнүн де дегеніне жете алды ма?
Гүл қурап күлге айналар өңі көшіп,
Сезер ме сүйген бұлбұл өліп-өшіп?
Қараяр күйдіргендей дерт кенеттен,
Бақшадай жасын түсіп, өртке кеткен.
Білмейсің басыңа кеп сен жыламай,
Сағыныш өртейтінін жанды қалай.
Зар жұтып, зарыққан бір пендедеймін,
Сұрап біл мұңлықтардан, мен не деймін?
Тірлікте адам өлмес, арман өлмей,
Қапалы қара жерде бар ма мендей?
Жалқымын жабырқаған жырақтағы,
Жас болып тамшылады жүрек қаны.
Дертінің таба алмайды ешбірде емін,
Көрмесін көргенімді ешкім менің!
Құтылмас қайғы өртінен күйген жаның,
Өзі кеп сөндірмесе сүйген жарың.
Айналдым сол түннен соң тұншығарға,
Қайтадан қауышатын күн туар ма?


476
Күңіреніп күн өткіздім сенделмемен,
Жалғанда қасірет жоқ мен көрмеген.
Артылмай өз бойынан өлшегені,
Біреулер дүние қуып зар шегеді.
Қапыда көз жазса кім шын досынан,
Айықпас бейрашаның мұң басынан.
Айырылу ел-жұртыңнан – ең азабы,
Дерт қаулап жүрегіңде, жан азады.
Қиямет – қол үзу де ғашық жардан,
Түсесің мүскін халге ашынғаннан.
Қысылса панасы оның жоқ тасалар,
Бәрі де сағыныштың отқа салар.
Адассаң мақсатыңнан осы жолда,
Қаңбақтай төңкерілер қосың онда.
Өткердім бір басымнан қайғы жүздеп,
Алайда қаңғырмадым байлық іздеп.
Құтқарып тауқыметтің тарлығынан,
Үмітің алып шығар барлығынан.
Төзгендер мехнат пен азапқа бар,
Сарғая сағынудан ләззат табар.
Күтуден қонар болса бақ сорлыға,
Уды да жұтуға бар тәтті орнына.
Өмірдің үзілмейтін жаны осында,
Шіркіннің, шәрбатына қанасың ба?! 
Тәңірі, Науаиыңды тентіретпе,
Жарылқа, үмітіңнен кемшін етпе!


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   64   65   66   67   68   69   70   71   ...   77




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет