Ұлы даланың Мағжаны



Дата03.03.2024
өлшемі16.93 Kb.
#494085
Ұлы даланың Мағжаны


Ұлы даланың Мағжаны
Исі қазақ даласы шайырлар мен сөз бастаған кіл тұлғалардың тарихынан сыр шертіп жатыр. Жалпақ жұртқа аты жайылған, елінің көктеп-көгеруі жолында бар ғұмырын арнаған алты алаштың айдарлылары бізге мәлім. Қара қалам, ақ парақты серік етіп, күллі қазақ ұясына түсі суық жыланды жақындатпай, қайтсек қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды тудырамыз деп өткен іргелі елдің алтын басты азаматтары бар. Бір жағадан бас, бір жеңінен қол шығарып, алқалы топта ортаға қамшы тастаған кешегі өткен қайраткерлердің қарасы кешегідей әлі де көз алдымызда. Қазақтың бес арысы мен үш бәйтерегі, алаш зиялыларының қай-қайсысы болмаса да бір терінің пұшпағын илеп өткен рухты тұлғалар еді. Сол боздақтардың бірі де бірегейі-Мағжан Жұмабаев ақынымыз. Иен даланың бесігінде тербелген ақын- бұлыңғыр бұлттың астында құрым етік киген, құрсаулы қамыт асынған қарт пен заманның ашылмаған түңлігінен көңілі күңгірт кеткен кейуананың үмітін оятамын деп өлең атты атқа қонды.
45 жылдық өмірінде тың туындылар қалдырып, түбі бір түркі елінің арда ұлына айналған Мағжан атамыз мардымды істерді алдына мақсат етіп қойды. Қаншалаған сайыпқыран саңлақтар аң көнбейтін сұмдыққа адам көніп, кер заман кері тартқанда аза бойы қаза боп, қынынан суырылған қылыштай алға суырылып шықты. Бір мақсат, бір мүддені бекем тұтып, шыбын жандарын шүберекке түйіп, арқалаған жүктерінің ауырлығына мойын бұрмай, көшті бастаған керуендей алға ұмтыла берді. Қой көзді, имек қасты, жанарынан елінің жайын ұққан Мағжан да қатардан табылды. Кейінгі буын жастарға сенім артып, «Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты, Қырандай күшті қанатты, Мен жастарға сенемін»,- деп өр өлеңімен жалын атқан жастарға сенім білдірді. Сабы ұзын сайгез жебедей адырнаға тартылып, кеудесін кермеге сан ұрған қара сөздің ақиығы орыстың боданына құл болмаймыз деп өрелі өлеңінен жүген түйіп өтті. Қиыннан қиыстырып ой толғап, бит қабынан биялай тоқыған Мағжанның шығармалары атан түйеге жүк болды. Баршаға мәлім, ерен ерліктің сипаты боп танылған «Батыр Баян» поэмасы қалың қазақ жырына арқау болды. Ел басына күн туған шақта Баян батыр қалмақтарға қарсы шауып, алма мойын, күлім көз, жазық маңдай Құралай есімді аруды тұтқынға алып еліне қайтады. Баянның қызға деген көңілі оянып, қыздың тарапынан Баянға деген белгі келе қоймайды. Бұл қыз Баянның өзін емес, батырдың інісі Ноянды сүйіп, екеуі елден қашады. Баян батыр бұл қылықты өз еліне жасаған кешірілмес қылмыс деп танып, екеуінің соңынан қуып, ақыр аяғы інісін қаза қылады. Қызбалықтан бойы қызып, аз іске ақыл қылмай, ашу қылған Баян батыр бармағын тістеп, Абылай ханның рұқсатын алмай, 100 жігітті атқа қондырып қалмақтарға қарсы аттанады. Сол соғыста батыр ерлікпенен қайтыс болған екен. Бұл туындыны кімнің қалай жоритыны өз қалауында. Дегенмен, ұрпаққа үлгі болар мұндай ерліктің тарихы алты алашқа аңыз болып келе жатқаны әмбеге аян. Махаббаттың күші мен намыстың бір жерге тоғыстырылуы-ақынның шығарманы жеткізудегі аса көрнекті түрде құрастыра алуының айшықты көрінуі болып орын тепкен. Арда тұтар азаматтың осындай шаң баспаған еңбектері жарық көріп жатқанда, патша үкіметі «сен кедейлердің сөзін сөйлемедің»,- деп қол еңбектерін де, өзін де қудалауға ұшыратты. Ақыр аяғында жарқ етіп сөнген жұлдыздай жалған дүниеден баз кешіп өтті. «Ну қарағай құласа, жапырағы шығып жайқалып, бұтағы шығып бүрленіп, басынан ұшқан қыран құс, қонақтап өтпес десеңіз, айдын шалқар су алса, теңізі толып жарқырап, бұлағы толып сарқырап, басынан ұшқан аққу-қаз, қонақтап өтпес десеңіз, жаңылып тілдің қалғаны»,- демекші, Мағжандай нар кеуделі қырандарымыз өмірден ерте кетсе де, насихатына бас ұрып, айтқан ақылын құп алар бүгінгі кіл біткен жастар бар. Тура жолды ту қылып, ақын шығармаларының өміршеңдігін көкке көтеріп жүре алсақ, ақын атамыздың аруағы бір аунап тұрса, соның өзі бір ғанибет сынды.
Тоқсан ауыз сөзімнің тобықтай түйінін түйіндесем, қаралы күнде қар кешіп, толарсақтан саз кешкен «Ақынның ақыны» атанған Мағжанның батырлығы мен ақындығы ел жадынан өшпек емес. Қорамсаққа қол салып, шақырымдарды жолсынбай, қиындықтарды қомсынбай, ерім деп өткен есіл ер, ел көңілінде өз орнын ойып тұрып алады, ала да бермек. Қазақ әдебиеті мен мәдениетін дамытып, соқтықпалы-соқпақты жерде басын тік ұстаған алаш зиялыларының есімдері тарих сахнасында алтын әріптермен жазылары хақ. Солтүстіктің топырағында туып, қазақ даласының ұланына айналған Мағжан Жұмабаев турасында ой орамым осылайша жіпке тізілді.

Құрметпен: Жаңатайұлы Манас

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет