Халқының батыр ұлдары



бет5/9
Дата24.02.2016
өлшемі0.96 Mb.
#16620
1   2   3   4   5   6   7   8   9

Үмбетай жырау

Бөгенбай батырдың жақын майдангер серіктерінің бірі, Абылай ханның жырауы Үмбетай Тілеуұлы еді. Үмбетай жаудан беті қайтпаған батыр, сонымен қатар қазақ әскерлерінің жорық жыршысы, тарихшы-жылнамашысы болған. Үмбетайдың шығармашылығымен жақсы таныс болған Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің “Ескі ақындық” атты өлеңінде жыраудың өлен-толғай айту дәстүрін жоғары бағалап мысалға келтіріген:

“Мұны оқыған ұландар,

Үмбетей жырын сынандар!

Байқап оқып әрбірін,

Ақылға салып бар сырын,

Не деп отыр, көр түрін.

Абылайдың алдына

Салып отыр, көрдің бе,

Басынан кешкен тағдырын.

Сырттан ұқпа мұңы аңғар.
Бүгінгілер айтса жыр,

Буыны бірдей, бәрібір,

Үмбетейше құбылтып,

Сала алмайды басқа түр”.

Үмбетайдың артынан қалған әдеби мұра біз үшін тек қана сол кездің жыраулар дәстүрінің тамаша үлгісі ғана емес, сонымен қатар тарихи шындықты баяндайтын өлеңмен айтылған шежіре деп қарау керек. Оның Бөгенбай батырдың өліміне арнап шығарған жоқтауы, Жантай батыр қиссасы т.б. шығармаларында біз сол заманның қайраткерлері, саяси оқиғалары жайлы мол және құнды мәліметтер аламыз.

Үмбетай Ішпекбайдың баласы Бозымның майлы тармағынан Жолымбет дейтін бұтағынан шыққан. Үмбетайдың өмір сүрген жылдары жайлы зерттеушілер арасында бір пікір жоқ. Бір жұмыстарда 1706-1778 жылдар көрсетілсе, келесілерінде 1697-1786 жылдар белгіленеді. Болашақ жыраудың әкесі Тілеу – ел арасында абыз атанған адам, сонымен қатар ескі жырларды, аңыздар мен шешендік сөздері мен нақылдарын жақсы білетін шежіреші, қобыз тартып, домбыра шерткен жан-жақты адам болған. Үмбетайдың алғашқы ұстазы болған әрине осы әкесі еді. Өзіне дейінгі жырауларды үлгі қылған Үмбетай, уақыт өте келе өзіне ұстазы ретінде тұтқан бұқар жыраудың ықпал-үлгісімен философиялық-дидактикалық толғаулар да шығарады.

Үмбетай жастық шағынан бастап Бөгенбай батырдың жасақтарының құрамында жүріп соғысқан, ол өзі куәгер болған оқиғаларды жырға салып отырған. Қазаққа әйгілі болған замандастары жайлы көп жырлағанымен Үмбетайдың өзі туралы мәліметтер аз. Жырау өзі туралы «Жантай батыр» дастанын ашатын әл-қиссасында ғана қысқаша айтып кеткен:

«Менің атым Үмбетей,

Танығанға кім демей,

Жүрек соғып тұрғанда,

Жыр нөсерін құйғанда,

Отырым неге үндемей,

Жорық жолы кеудемде.

Жатыр сайрап көмбедей,

Ерлікті бастан өткердім,

Ерлікті де көп көрдім,

Жүрген емен сөйлемей,

Бөгенбай дүние салғалы,

Қарлықты рас бұл көмей...»

Үмбетай соғыста жүрмін демей, басына түлкі бөрік киіп, төбесіне үкі тағып, серілікпен жүреді екен. Сонымен қатар күнделікті өмірде тік мінезді, шындықты тура айтатын адам болған. Бұқар жырауды ұстаз тұтып, жоғары құрметтеген, сонымен қатар екеуі жақсы дос, ал қарым-қатынастары, әзіл-қалжыны жарасқан құрдастар сияқты қалыптасқан. Ереймен мен Баянаула тауларын қыстаған қанжығалы мен сүйндік рулары жаз айларында Өлеңті, Шідерті немесе Нұра мен Есіл өзендері бойындағы жазирада да тоғысып тұрған. Сол себептен Үмбетай мен Бұқар жырау арасындағы қатынас өмірлерінің соңына дейін үзілмеген.

Бірде көмекей әулиенің үйіне қонаққа барған Үмбетайға Бұқарекеңнің зайыбы оң қабақ таныта қоймапты, тіпті ауырып тұрмын деген сылтаумен жатып қалады. Сонда Үмбетай үйден шығып бара жатып өлеңдеткен екен:

«Үй сыртында ақра тау,

Панасы жоқ болса,

Бұл шіркіннің несі тау.

Кетеген болса түйен жау,

Тебеген болса биен жау,

Ұрысқақ болса ұлың жау,

Керіскек болса келінің жау.

Үйіңдегі ұлың жаман болса,

Есіктегі құлмен тең,

Қойныңдағы қатының жаман болса,

Қаңтардағы мұзбен тең,

Кей сорлының қатыны

Күндіз ауру, түнде сау,

-Арқаңа артқан тұзбен тең.

Сәл бөгеліп барып;

Жылға сай батпақ болса өте алмассың,

Жастан шыққан жүйрікке жете алмассың,

Дүниенің жүзінде осы қиын

-Жаман деп өз үйіңнен кете алмассың.

Бәйбішең аю болса аса алмассың,

Қарау болса әй деуге бата алмассың,

Мейманға отың басы болса суық,

Еліңе жақсы жігіт атанбассың.

Қосағың қоса ағармас қосақ екен,

Құдайым осылай да қосады екен,

Тоты құс жарқанатқа пенде бопты,

Бұқарым, айтар менің осы-ақ екен».

Үмбетай сөз-шындығын мойындаған Бұқар жауап ретінде «Жал құйрығы қаба деп...» атты жырын толғаған екен.

Бұқар жыраудың төсек тартып, жатып қалған шағында Үмбетай қасында болып, ұстазын соңғы сапарға шығарып салған.

Жаудын беті қайтарылып, Орта жүз Сарыарқаны тұрғылықты мекеніне айналдырғаннан кейін Үмбетай қарт батыр Бөгенбайдың қасында қанжығалы руының жыршысы, биі болып жүрген. Әртүрлі даулы мәселелерге араласып әділ төрелігін айтып, елдің тыныштығын қорғаған. Бұл кезде ел арасына жік түсіретін жер дауы, жесір дауы көп еді. Бірде найман мен арғын арасында осындай жесір дауы шығып, найман жағынан келіссөзге Ақтамберді жырау мен Қабанбай батыр келген. Сонда ашуға басқан Ақтамберді:

«Уа, Қарт Бөгенбай

Құяр жауын аспаннан

Қара бұлт торласа,

Пәлекет елде көбейер

Жігітті жігіт қорласа,

Ақбөкен келіп жығылар

Алдын қазып орласа,

Пенденің бағы ашылмас,

Маңдайы қалың сорласа,

Дұшпан қорлап не қылмақ

Бақыт басқа орнаса.

Қынаптан қылыш суырмай,

Қырысқан жау бүлк етпес,

Жуылмай қатың қанымең

Намысқа тиген кір кетпес.

Шабыссаң, қане, шығып көр,

Жау емессің күш жетпес,

Дарабоздай қолбасы

Абыройын кірлетпес.

Ұрын келген күйеу қайда,

Жесір қайда тіл өтпес?

Жендетті көрсет көзіме,

Желіккен басты кім кеспес.

Еліңді жүндей түткізіп,

Қанды көбік жұтқызып,

Жайратамыз осы кеш!... - деп сөз бастаған екен.

Сонда қанжығалы жағы үндемей, тосалып қалған шағында Үмбетай:

Ей, Ақтамберді, Қабанбай

Суытпа босқа түсіңді,

Қайырма онша тісіңді,

Сыр тазасы не керек,

Тазарт әуел ішіңді.

Салмақтасаң айта ғой,

Хан алдында күшіңді.

Елімді иесіз деймісің,

Ерімді киесіз деймісің,

Алты арысқа білдірмей,

Басып жеймін деймісің?

Батпаң батпан мінің бар,

Қабанбай бітім қылыңдар», - деп жауап қайырған екен.

Елдің екі арысы Хан-батыр Бөгенбай мен Дарабоз Қабанбайдың арасындағы бұл түйісу, әрине әрі қарай ушығуы мүмкін емес еді. Кескілескен майданда үзеңгілес болған, әскери жорықтардың ашы-тұшысын бөліскен екі батыр бітімге келіп, дау өзінің оңтайлы шешімін табады. Ақтамберді және Үмбетай арасында да бұрынғы достық қайта орнайды, сонымен арғын мен найман бәтуаласады.

Үмбетайдың халық арасына кең тараған толғауларының бірі ол Бөгенбай батырдың өліміне арналған ұзақ жоқтауы еді. Батырдың ерлік жолын айта келе, жырау Абылай ханның, басқа да батырлардың қазақ тарихындағы орнын белгілейді. Өмірінің соңғы жылдарын Ереймен жерінде өткізіп, Бөгенбайдың балалары Тұраналы, Тұрымбет, немересі жас би Бапандарға ақыл-өсиет айтып, жастарға өзі куәгер болған замандағы қазақ қаһармандары жайлы жырларын толғаған. [17, б. 56]

3 ХІХ ғасырдың батырлары
Ағыбай батыр
Ағыбай (1800—1884) Арғынның Шұбыртпалы руынан шыққан атақты батыр. Орта жүз сұлтаны Қенесары Қасымұлының қолбасшыларынын бірі болған. Халық Ағыбайдың батырлығын, ақылын, тапқырлығын, көрегендігін жоғары бағалаған. Ел аузында оның көзі өткірлігі, жітілігі, кеңпейлдігі, сапарда жолы болғыш, жұмыста тынымдылығы аңыз түрінде айтылады. Осы себепті халық оны «Ақжолтай» деп атап кеткен. Омбы губернаторы Ағыбайды патша өкіметіне қызмет етуге шақырады, бірақ ол бұған көнбейді. Ағыбай өмірінің соңғы жылдарын Балқаш көлінің Бетбақдала бетіндегі Ақтау, Қызылтау, Тайатқаншұнақ бөктерінде өткізген (Қазақ Совет Энциклопедиясы — ҚСЭ).

Қенесарының үзеңгілес кілен көкжал серіктерінің ортасында Ағыбайдың алатын орны ерекше бір төбе. Ересен ерлігіне — ақыл парасаты, құралайды көзге атқан мергендігіне — ұтымтал сөйлейтін шешендігі сай, қысылтаң шақта жол тапқыш, әр нәрсені болжағыш, көріпкел... Міне, осындай сан қырлы қадір-қасиеттерінің арқасында оның жорықтарда жолы болғыш екен. Кенесары оны алабөтен қадірлеп, жанына жақын ұстап, «Менің Акжолтайым» деп атаған.



* * *

Архивтегі деректер Кенесары батырларынын ерлігін сипаттаумен ғана шектеледі. Бұл батырлардың әлеуметтік кұрамы мен қандай ортадан шыққандары туралы документті мағлұматтар жоққа тән. Оның есесіне бұл орайда халық творчествасындағы материалдар өте мол. Бұдан біз батырлардың әлеуметтік кұрамы туралы ғана емес, тіпті олардың кескін-сипаты, мінезі және тұрмыс, семья жағдайлары жөнінде олардың тірі бейнесін жасауға мүмкіндік беретін деректер таба аламыз.

Кенесары мен оның серіктері жөніндегі фольклорлык материалдардың ерекше құндылығы бұлардын көпшілігі XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында Кенесары батырларының өз аузынан және көтеріліске қатысқан бар адамдардан жазылып алынғандығы. 1900 жылы Т. Титанков жазып алған естелік ерекше назар аударады. Кенесарының батыры Шынбай Мыңбаев (Ағыбайдың туысы — Е. Б.) пен Бектеміровтың айтуына қарағанда Ағыбайдың әкесі Шұбыртпалы руынан шыққан, өзінің аға-інілері Манабай, Танабай, Мынбаймен бірге (өз руластарын қоса есептегенде 62 әулет) алғашқы қннен бастап ереуілшілерге қосылған. Бәрі де Кенесары әскерлерінде соғысқа қатысты. Танабайды алатын болсақ Кенесарының әскер басыларының бірі, көтерілісшілер арасында үлкен беделге ие болған. Ағыбайдың анасы Қайсана казіргі Ақмола облысының жерінде көшіп-қонып жүрген Тарақты руынан. Ол сұнғақ бойлы, ірі денелі, сұрапыл күш иесі болған. Елдің айтуы бойынша ол кез-келген жігітті қос қолынан қапсыра ұстағанда тырп еткізбейді екен.

Ағыбай 13 жасқа толғанда әкесі өліп, шешесімен қалады, көбіне кедейлік өмір кешеді. Олардың бар малы бір түйе, бір жылқы ғана екен. Ішер асқа жарымайтын болған соң Ағыбайдың шешесі «өлімжеттіге» салып, ауқатты көршілердің сүт, май, т. с. с. тамақтарын тартып ала беріпті. Күндердің бір күнінде Кенесарының әкесі Қасым сұлтанның өзі араласып, мұндай «барымтаға» тиым салуға мәжбүр болады.

Ағыбай көтерілістерге жастайынан қатысты. Атап айтқанда, 19 жасында ол Сержан, Есенгелді және Ержанмен Ташкент құсбегіне барып, елшілігінде болды. Сонымен Кенесары көтерілісіне ол өмірдің қатал талқысынан өтіп, пісіп шираған кезінде косылды.

Кенесарымен құрдас Ағыбай оның ең бірінші әскери кеңесшісі болды. Кенесары оны аса құрметтеп, жанындай жақсы көрген, өз атымен атамай, көбінесе «көсе» деп әзілдейді екен.

Көрген адамдардың айтуынша Ағыбай шүңірек көз, иегінде сұйық сақалы бар. Ал дене бітімі, тұрпаты елден ерек, сұңғақ бойлы, жалпақ жауырынды, қолдары бақандай ұзын, жуан жілікті болса керек. Сүйікті қаруы тоғыз буынды, сақиналы найзасы үнемі кұлан терісінен жасалған белдігі де ілулі болады екен. Басында түйе жүнді далбағай, бұтында қара құлын терісінен иленген жарғақ шалбар. Арқасындағы дөңгелек калқаны, бүйіріндегі күн көзіне жарқ-жұрқ еткен кайқы қылышы мен болат қанжары көрген адамға ұмытылмастай әсер етсе керек. Жауынгерлердің арасында Ағыбайдың ерекше құрметке бөленіп, аса жоғары мәртебе иесі болғанының айғағы ретінде Кенесары мен оның әйелдерінің біреуімен болған әңгімені келтірейік.

Бірде Кенесарыға ханым мынандай сұрақ қойыпты: Хан-иеміз, сіз кейбір колбасыларға «мыңбасы», «бесжүз басы» деген әскери атақтар бердіңіз. Ал Ағаекемізге (Ағыбайға) неге әскери атақ берілмеді? Сонда Кенекең: Менің әскерлерімнің алдыңғы шебі майданға «Абылайлап» кіргенде, келесі лектер «Ағыбайлап» шабады емес пе? Аты жауынгерлік ұранға айналған батырға әскери атақтың керегі не? деген екен.

Ағыбай көтерілістің ақыр-аяғына дейін Кенесарыға адал болды. Ақтық айқас 1847 жылдың көктемінде Кекілік тауында өтеді. Бұл қырғызбен ежелден ауылы аралас, қойы қоралас қатар көшіп-қонған Ұлы жүз жігіттері үшін ауыр сын болып еді. Ертең шешуші ұрыс болады деген түнде Дулат руының батыры Сыпатай мен Рүстем би 12 мың жігітті ертіп Кенесарыны тастап кетіп қалған. Өзінің шын берілген төрт мындай ғана жігітімен жау қоршауында қалғанын Кенесары таңертең-ақ көрді. Жалғыз-ақ амал, жау қоршауын жарып өтіп, қашып құтылу ғана. Наурызбай: — Кене аға, маған екі жүз жігіт берініз, жаудың шебін жарып өтейік,— дейді.

Ағыбай, Иман, Бұқарбай, Бұғыбай батырлар да осы ақылды құп көреді. Бірақ Кенесары көнбейді.

— Жаудың шебін жарып өтіп аты жүйріктеріміз кұтыламыз, ал қалғаңдар қайтеді? Қырылады ғой. Соңыма ерген елімді жауға тастап, өз басымды құтқарсам менің кім болғаным?! Жоқ, өлсек те бәріміз бірге өлеміз, құтылсақ та бірге құтыламыз,— дейді қайсар батыр.

Көптің аты көп — топырақ шаша алмайсың. Кенесары колы қырылады. Иман да, Бұғыбай да, Бұқарбай да, басқалары да опат болады. Тек Ағыбай ғана, енді басқадай амалы жоқ екеніне көзі жеткен соң, жау тобын жарып өтіп, құтылып кетеді. Кенесары кырғыз манаптарының колынан қаза тапқаннан кейін Ағыбай өзінің Шұбыртпалы руымен бірге қазіргі Ақмола облысының жеріне қоныс аударып, Қайрақты деген жерде 83 жасында қайтыс болған. Бәйбішесінен екі ұл — Аманжол мен Аманбай, кіші тоқалынан Шөкіжан мен Дуана деген ұлдары қалған. Ағыбай батырдың ерліктері туралы XIX ғасырдың екінші жартысында оның замандастары — «Ағыбай батыр», «Ер Ағыбай» поэмаларын шығарған.


Ер Ағыбай

Ертеде болған екен ер Ағыбай,

Ол кезде ер болмапты Ағыбайдай.

Кешегі Кенесары заманында,

Ерлігін көрсетіпті елге талай.

Білмеген Ағыбайды ел болмаған

Теңеліп қарсыласар ер болмаған.

Ағыбай ешбір жанға бас ұрмаған,

Басынан дұшпан ісін асырмаған,

Батырда бес жүз кісі нөкер болған,

Соғысқа шеттерінен шебер болған.

Жүйрік ат, қыран бүркіт, алғыр тазы,

Және көп не секілді өнер болған.

Жүрмеген қару аспай жігіттері,

Шорлатқан алтын күміс белдіктері,

Садақ пен сапы қанжар, айбалта екен,

Жауына көрсететін ерліктері...

Атақты ер Ағыбай Шұбыртпалы,

Белгілі сарбаздарын шұбыртқаны.

Көргендерге көмескі боп барады,

Бұрынғы батырлардың не қылғаны.

Ағыбай, Қошқарбай мен ер Бұқарбай,

Бұларды соңына ерткен Кене ханы.

Мал үшін бұлар ерлік құрған емес,

Салғаны жанды ортаға елдің қамы,

Солардың біреуінен сөз бастайын,

Әлеумет құлақ салса бұған тағы.

Жау алмақ мирас қалған Ағыбайдан,

Таралған өзге жылға осы сайдан.

Аузыма «а» дегенде барып түскен,

Бастайын аз әңгіме Ағыбайдан.

Сұйық жал, қаншыр мойын, кұміс құйрық,

Кең танау, омыраулы тіп-тік иық.

Бір ел бар деп естіді күн шығыста,

Жылқысы аса сұлу, жөнсіз жүйрік.

Бір адам Ағыбайға мақтайды көп,

Жорғасы судай желіп шаппайды деп.

Біреу емес, мақтайды бірталай жан,

Биесі ешбір тұқыр таппайды деп.

Ағыбай ыңғайланды барайын деп,

Сол елді болса да алыс табайын деп.

Аттанып сәуірік пен байтал әкеп,

Жүйріктен өсім, тұқым алайын деп... [6, б.79-82]

Жеке батыр (Толабай)
Тарихшы Е.Бекмахановтың өз монографиясында Жеке батыр туралы мағұлыматтарды Ресей архив құжаттары мен М.Жүсіп қолжазбасынан алып пайдаланған көрінеді. М.Ж. Көпеев мұрасында батырдың ата-тегін көрсетіп өткен: «Түп тегі Арғын ішінде өсіп-өнген қырғыз екен, аты Толабай екен, жұрттан бұрын жалғыз қарғып түсті... Жұрттан бөлек, шеттен қарғып түскендіктен Толабайға «Жеке батыр» деген ат сол жолы қойылған».

1845 жылы Кенесары ордасында болған бас штаб поручигі Герннің мәлімдеуіне қарағанда, «Ханның ерекше сеніміне ие болған кеңесшісі» Жеке батырдың әлеуметтік жағдайы онша дәулетті бола қоймаған, 5-10 үйлі батырдың ауылында сиыр саны 15-16 дан аспаған.

1836 жылы 22 маусымда Кенесары Қасымұлы басшылығымен 2000 адам Ақтауды қоршап, 1 сағат бойы шабуылдап, бекіністі ала алмай кері шегінеді. М.Ж. Көпейұлы жазбасында Ақтауда бекініп алып, маңайына жан жуытпаған 100 солдатқа қарсы Кенесары да 100 кісімен шылбырға буылған баялыш отынды тасаланып, домалатып жүріп шабуылға шығады. Алдындағы қараймын деп бас көтерген бір жігіттің оққа ұшқанына қарамастан жұрттан бұрын жеке шығып, орыс әскеріне ұмтылған Толабайды шабуды бастаушы болғандығы үшін сол жолдан бастап «Жеке батыр» деп атап кетеді.

Бұлай бекіністі шабуылдау тәсілін кейіннен Иканда бекінген патша әскеріне қарсы Сыздық сұлтан да қолданып, мұны әкесі Кенесарыдан алғанын мәлімдейді.

Ақтау ұрысы туралы Е: Бекмаханұлы да жазған: «Ж. Көпеевтің сипаттап жазуынан біз Кенесарының соғыс тактикасы жөнінде тұңғыш рет білеміз. Мысалы, сол оқйғаны көзімен көрген Жәдігер Смайыловтың аузынан жазып Ақтау қамалына 1838 ж. жасалған батыл шабуылды суреттейді және Кенесарының осы батыл шабуылға қатысқан жекелеген батырларын, атап айтқанда, көрсеткен ерен ерлігі үшін Кенесары «Жеке батыр» деп ат қойған Төлебайды сипаттап жазады». Ресми орыс құжаттарында сақталынған мәліметтерге қарағанда, Жеке батыр 1844 ж. Кенесары бұйрығын орындап екі жүз адамдық шолғыншы топты бастап Ор мен Ырғыз бойында орыс әскеріне қарсы барлаушылық жұмыс жүргізеді.

1847 жылы Кенесары Қасымов көтерілісі жеңілісінен соң, Жеке батыр Арқадағы еліне оралып, патша әкімшілігінің кешірімін сұратып алады. [5, б.106]


Сейтен мен Тайжан батырлар
Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілістің басшылары. Баянауылдың әйгілі байы Ақмырзаұлы Азынабайдың балалары. Азынабайға 17 мындай жылқы бітіпті. Ағайынды екі батырдың үлкені Сейтен (шамамен 1800-1840 жылдары) өмір сүрген. Әкесі Азынабай 1838 жылы қайтыс болған соң оның денесін Түркістанға жеткізіп, жерлегеннен кейін Сейтен Кенесары қолына қосылады. Бұл уақытта Сүйіндік руының ішіндегі негізінен Орманшы, Ақбура, Тұлпар және Қаржас-Алтынторы аталарының біраз ауылдары Кенесары жағына ауып қосылады. (Оларды осылай бағыттаған Тайжан еді).

Сейтен осылардың арасынан атан жіліктей жігіттерді таңдап алып қол жасақтап, Кенесарының сенімді серіктерінің біріне айналды.

Белгілі ғалым Е. Бекмаханов: «Кенесары Қасымовтың қарулы көтерілісіне алғашқылардың бірі болып, өзінің Қаржастарымен келіп қосылған, аталмыш округ қазақтардың көтерілісін ұйымдастырушы, Кеңесарының жақын серіктерінің бірі болған осы Сейтен Азнабаев еді.

Сейтен дүниеге көзқарасы кең адам болған. Ол патша отарлаушылары қазақтарының шұрайлы жерлері мен шабындықтарын қалай тартып алғандарының куәсі болған және отарлаушылар ызбары өз арқасында ызғар болып батқан адам», - дейді.

1839 жылы Сейтен орыстардың жазалаушы отрядымен қоян-қолтық шайқас үстінде қолға түседі. Бұл хабарды естіген Батыс-Сібір әскери корпусының басшысы Сібір қырғыздары шекара бастығы полковник

Лоджинскиге 1839 жылы 18 шілдеде жазған бұйрығында: «Сейтен Азанбаевты, аяқ қолына кісен салып, қатаң күзет қоршауымен дереу жеткізуді және оның іс-әрекеттері жөнінде мәліметтер жөнінде бұйырамын! Оы алып келетін уряднигке, егер Азанбаевтан айырылып қалатын болса, өзінің де сот алдында қатаң жазаланатынын ескертіңіз!» - дейді.

Сөйтіп, Неклюдов деген хорунжи бастаған 50 қазақ орыс Сейтенді, 1839 жылы 22 тамызда Омбыға жеткізген екен. Енді Сейтенді әшкерлейтін мәлімет жинау басталды. Бірақ тергеу орындарына тілге тиек болатындай ештене түсе қоймаған. Ал полковник Лоджинский болса: «Сейтеннің далаға ықпалы өте қауіпті. Оны жазасыз қалдырса, басқа қарақшылар пайда болуы мүмкін. Ол атылған інісінен де әлде қайда әккі және айыпты!»-деген бұйрық беріп, әскери соттың басталуын тездетеді. Сотта болған Рыков деген хорунжиді өлтірді деген айып тағылады. Бұл айыпқа Сейтен: «Біз соғысып жатқан халықтармыз. Сендер бізді өлтіруге келдіндер. Біз сендерді неге өлтірмеуге тиіспіз? Мүмкін өлтірген шығармын. Бірақ олардың қайсысының Рыков екенін мен қайдан білейін?!»-деп жауап беріпті.

Әскери сот 1839 жылдың 8 желтоқсанында Сейтенді Сібір каторгасына жіберу жөнінде үкім шығарады. Есіл ер сол кеткеннен елге оралған жоқ. 1841 жылдың жазында көтеріліске қатысқан Сүйіндік елінің азаматтары елге қайта көшіп келеді.



Тайжан Азынабайұлы (шамамен 1802-1839 жж.)

1838 жылы Баянауыл сыртқы округінде болған сайлауда Тайжан екі қазақ қазының бірі болып сайланады. Кенесары бастаған көтеріліс басталғанда ол көтерілісті жақтаушылардың бірі болып, белсенділік танытады. Ел арасында үгіт жүргізіп, көтерілісті қолдауға шақырады. Алайда патша үкіметінің саясатына қарсы жүргізген бұл ісі, әшкереленіп қалған Тайжан 1839 жылы ұсталынып, Ақмолада атылады. Бала-шағасы Сібірге жер аударылады. [25, б. 56]



Сейтен – Тайжан батырлар (Саққұлақ шешен әңгімесінен).

Көшпелі мал шаруашылығының ерте заманда қалыптасқан дәстүрлері XІX ғасырдың басына дейін Баян жерінде өзінің негізгі заңдылықтарын, өзегін сақтады. Әрине , әр дәуірдің шаруашылық үлгілеріне қосатын өзінің үлесі болады. Дегенмен, табиғи орта, қалыптасқан шаруашылық дағдылары, ел түсінігі аса консервативті құбылыс болғандықтан, шаруашылықтың бір түрінен екінші түріне өту өте сирек кездеседі. Осы себептен көшпелі шаруашылыққа сипаттама беру үшін, біз XIX ғасырдың ортасында жазылған Мұса Шорманұлы қолжазбаларына сүйенсек те болады.

Кәзіргі Баянаула аумағына кіретін жердің көпшілігі ертеде жалпы арғын тайпасының, соның ішінде Сүйіндік елінің қыстауы болған жерлер. Жаз жайлауға XIX ғ. 20-30 – шы жылдарына дейін Есілді қуалап Қызылжарға дейін баратын ел 1822 жылғы патша үкіметінің «Жарғысы» күшіне кіріп, Орта жүз елі дуандарға бөлінгеннен кейін, Баяннан аса ұзамайтын болды. 1830 жылдардан кейін Ерейменнің бергі жағы, Өлеңтінің бойы, Шідерті өзені, Сарыарқаның осы тұсындағы ащылы-тұщылы көлдер - бұл елдің негізгі мал жайылымы, яғни екі жүз шақырымнан аспайтын мөлшердегі жерлер.

Ресейдің қазақ жерінің солтүстік бөлігіне ендеп енуі, Ертіс бойынан қазақты оңтүстікке қарай ығыстыруы, әр жерде дуан орталықтарының салынуы, қазақтың көшпелі мал шаруашылығына аса қатты соққы болып тиді. Осыған байланысты қазақ қолындағы мыңғырған мал күрт азайып, жоқшылық көбейе түсті. XIX ғасырдың ортасында қазақ тарихы мен этнографиясына қатысты Арқа жерінде тамаша зерттеулер жүргізген В.В.Радлов «нельзя отрицать того, что с установлением порядка благосостояние народа уменьшилось. Внутренняя орда возле Семпалатинска… почти разорена» деп жазады.

Шоқан Уалиханов пен Мұса Шормановтың Батыс Сібір генерал –губернаторының атына жазған арызында қазақтың «Жарғыға» дейінгі заманда әл-ауқатты өмір сүргені айтылады: «В старые времена, во время опустошительных войн и вседневной баранты, казахи были богаче, чем теперь, и повсеместные упадки случались редко… Что сибирские казахи были богаче до основания приказов /дуан- Ж. А./ - это факт, неподверженный ни малейшему сомнению: стоит только посмотреть на число скота, который был пригоняем на Оренбургскую и Сибирскую линии в конце прошлого и в начале нынешнего столетия, и на официальные исчисления 20-х и 30-х годов /XIX - ғ. –Ж.А./. В эту последнюю эпоху было немало казахов, имевших 10- тысячные табуны лошадей».

Бұл жерде Шоқан мен Мұсаның айтып отырғаны, әрине, Сүйіндік –Қаржас даңқын шығарған Азынабай және Бапақ сияқты Сарыарқада теңдесі жоқ атақты жылқылы байлар. Қазақ арасында - «Бай болсаң Бапақтай бол, Азынабай, Сапақтай бол» делінетін осылар. Өмір сүрген уақыты XIX ғасырдың бірінші жартысына ұқсайды. Себебі Азынабай/ Қаржас ішінде Ақмырза/ 1837 жылы қайтыс болып, сүйегін баласы Сейтен Әзіреті сұлтанға апарып қойғаны архив деректерінен белгілі. Сапақ Қуандық ішіндегі ірі бай, ол да сол кезеңде өмір сүрген. Бірде Азынабай Сапақпен құда болмақ болып жаушы жібереді. Шамасы Сейтенге ме, әлде Тайжанға ма Сапақтың қызын алып бермек болған. Азынабайда 17 мың жылқы, Сапақта 18 мың жылқы бар екен дейді. Сонда Сапақ құдалық жолың өз алдына, ең алдымен байлық салыстырайық, жылқыңды айдап кел, кімнің байлығы асса сол жеңген болсын, егер жеңсең қызымды қалың малсыз-ақ беремін депті – міс. Содан намысқа тырысқан Азынабай Бапаққа келіп, уақытша оның да жылқысын қосып алған. Екеуі де Қаржас баласы болғаннан кейін Бапақ аясын ба –12 мыңын береді.

Қарағанды мен Ақмола облыстарының шекаралас жерінде Сапақтың көлі делінетін Нұра бойында бір атақты жер бар. Сапақтың ауылы сол маңда екен. Қаржастан келген адамдарды сол жерде күтті дейді. Кешке қарай қонақтың қызған шағында Сапақ айтыпты: «мен

жылқымды көлдің басына таңертең жабайын, сен кешке жап» деп. Азынабай өзі құда түсіп отырған соң не десін, «құп» депті. Сапақ көлі аталған көл сол кезде айнадай жалтыраған әдемі, дөңгелек көл екен дейді. Таңертең таң ала кеуімде Сапақ пен Азынабай бастаған Қуандық пен Сүйіндіктің игі жақсылары көл жағасына келеді. Бір төбенің басына түсіп, ат шалдырып, мәжіліс құрып отырады.

Сапақ жылқысы ылғи қылаң, көк мойын екен дейді, көлдің басына қарай жылқыларды жан-жақтан алып келіп төккенде, қылаң түс күнге шағылысып, көлдің жағасы маржан шашқандай жарқ- жұрт етіп кетеді. Отырғандар риза болысып, Сапақты мақтап, оның Қуандықтың құты екенін айтып, жылқыға сүйсініп көтеріліп кетті, түс қайта Азына байдың жылқышылары қос-қос қылып жылқыларын Көлдің басына айдады. Игі жақсылар әлі де көлдің жағасында, мәжілістің қызған кезі, табақ-табақ ет желінген, саба-саба қымыз ішілген. Ішкен мас, жеген тоқ, бәрі мәз болып отырғанда Азынабайдың жылқысы, ішінде Бапақтың да 12 мыңы бар, көлдің жағасын түгел жауып, тура құмырсқаның илеуіне айналады. Қаржастың жылқысы ылғы торы, қүрең келеді екен. Бағанадан бері өрекпіп отырған Қуандық баласының мысы басылып қалды дейді. Сонда Сапақ өз жылқысына көңілі толмай, жеңілгендігін мойындап: «қылаң итті мал деп асыраудың қажеті жоқ екен» депті.

Жоғарыда аты аталған байлардың бәрі де XIX ғасырдың 30-шы жылдары жұтады. Қайырусыз жылқы баққан қалың елді орыс отаршылдығына қарулы күреске шақырған Кенесары хан әуелі осы құт иелеріне сүйенді. Кенесары айтқан екен дейді: «мен мақсатыма жету үшін құдайдан Орта жүзді бер деп сұрадым, екінші жаужүрек батырларды сұрадым, үшіншіден, Аққошқар мен Алдажұманды, Азынабайдың Сейтені мен Тайжанын сұрадым. Құдай бұл тілегімді берді. Бұлардың жылқысы менің әскеріме мінетін ат болды, ішетін ас болады, - деп есептедім. Сондықтан бұлар менің досым, мен бұлардың досымын. Өздерің білесің, бұлар құдай еркелеткен адамдар. Құдай еркелеткен адамдарды мен де еркелетуім керек, мен құдайдан үлкен емеспін». Бұл әңгіме Саққұлақ шешеннің айтқаны.

Сол қарияның шежіресіне сүйенсек, тағы да бір деректердің көзі табылады. Ол Азынабай балаларының орыс отаршыл үкіметіне қарсы болуының себептері және күрес тарихы.

XIX ғасырдың 30-шы жылдары қазақтың игі жақсылары екіге жарылды. Бір жағы қайткен күнде де алмай қоймайды деп Ресейдің ығына жығылса, екінші тобы қалай болған күнде де қарсыласып, қазақтың тәуелсіздігін қорғап өлуге бел байлады. Осы соңғы топтың жуан ортасында Азынабай ұлдары Сейтен мен Тайжан болса, алдыңғы топтың ішінде Шорман сияқты азаматтар болғаны шындық. Бұл алақандай қаржас елінің ішінде болған жарықшақ сол заманда бүкіл қазақ баласына тән ортақ құбылыс еді. Сонымен бірге орысқа бодан болған ел ішінде Ресейге жан-тәнімен қызмет істеген жандайшап белсенділер де, сен тимесең мен тиме деп әліптің артын бағып отырғаны да аз болған жоқ.

Орта жүз Мейрам сопы балаларының арасындағы келіспеушіліктің жарыққа шыққан уақыты Қуандық елінің көпшілігіне билігі жүріп тұрған Қонырқұлжа сұлтанның шешесі Абыл ханымға ас берген уақыт. Асты ың-шыңсыз өткізу үшін Қонырқұлжа осы маңның қазағының ішінде алғаш рет Омбыдан оншақты казак әскерін алдыртқан. Қазақтың ас беру рәсімінде мылтығы сорайып орыстың әскерінің жүргенін Сейтен, Тайжан ұнатпай қалың топта наразылық білдірген.

Енді келіп екінші оқиға таза шаруашылыққа байланысты дамиды оған себеп Қоңырқұлжаның келісімімен орыстың Сарыарқаның дәл ортасынан Ақмола бекінісін сала бастауы. Саққұлақ шежіресіне құлақ түрелік:

«Ақмола қорғанын салуға алғаш белгіленген орын Нұра өзенінің бойындағы Ақмола дейтін моланың жаны болатын. Ол – қазіргі қала салынған Қараөткел деген жерден 25 шақырым жерде. Осы жерден қаланың орынын өлшеп, жаппа үйлер тұрғызып жатқан Қоңырқұлжа сұлтанның нөкерлері біраз адам болады. Ішінде Қоңырқұлжаның үлкен баласы Бегалы төре бар. Сейтен, Тайжанның жайлауы бұдан көп алыс емес. Есіл өзенінің бойындағы Жалғызағаш деген жер еді. Тайжан қаршыға салып жүріп осында келеді. Жөнін білген соң Бегалыға қарсылық білдіреді. Жерін қызғанып: «Кетіңдер, қала салғызбаймын», - дейді. Бегалы ызаланып, күш көрсетіп, ұруға айналған соң, Тайжан жылысып кетіп қалады.

Сейтен, Тайжанның осы дүрбелеңге байланысты жиналған жасақ жігіттері болады. Әлгі ерегестен бір күн өткен соң осы жасақты алып, Тайжан қала салынғалы жатқан жерге келеді. Бегалыны ұрып, саймандарын тартып алып, көлікке әкелген бір жүздей жылқысы бар екен, оны тағы айдап кетеді. «Бұл өлтірген қаршығамның құны» – деп, бақташыға айтып жібереді. (Тайжан жалғыз келген күні төрелер қаршығасын өлтірген болатын). Бұл оқиғадан көп ұзамай, қаланы екінші орыннан салуға ұйғарып, Есіл өзенінің бойындағы Қараөткел деген жерге 1830 жылы Ақмола қорғанын салады. Аға сұлтан болып Қоңырқұлжа тағайындалады. Енді оған алдымен Сейтен, Тайжаннан кек алу керек. Сонымен оларға ерген ауылдарды жазалау үшін Бегалыны басшы қылып қырық қазақ-орыс жібереді, міне Қаржастың Кенесары көтерілісіне қосылуына осы себеп болады».

Шоқан мен Мұсаның көшпелі мал шаруашылығына байланысты жазған негізгі мәселесі жер жағдайы: «мал өсірудің негізгі шарты, ең маңызды қағидасы көшетін- қонатын жердің кеңдігі» дейді авторлар. Бір қаланы асырауға толық жететін жер бір қазақтың ауылының қажетін ашуға жетпейді. Себебі әр ауылдың өзіне ғана меншік еткен қыстауы және қысқы жайылымы болуы керек. Сонымен қатар көктемгі, күзгі және жазғы жайылымдардың да орындары ерекше. Қыс уақытында малын қыстың қахарынан сақтайтын қалың орман, не ағашы бар тау сияқты панасы бар жер керек. Ал жазға, керісінше, көлдің жағасы, немесе суы мол, жайылмасы кең, өзі ашық жерлер қолайлы. Күзді күні қазақтар жазғы жайлауларына өрт салады, оған себеп малдың жаз айларында мазасын кетіретін әр түрлі жәндіктердің жұмыртқаларын құрту үшін. Ал қысқы жайлымдарына жаз бойы еш адам, мал жоламайды. Сонымен қазақтар ұлан-байтақ жерге иелік жасап жүргенімен жылдың әр мезгілінде оның тек кішкене бір бөлігін ғана пайдаланып, ылғи да жердің аздығынан тапшылық көріп отырады».

Жоғарыда баяндалған тәртіптің «Жарғы» заманында ескерілмеуі жүдеушіліктің негізгі себебі: «разделение земель наших по округам и приурочение летних и зимних пастбишных мест известным родам и личностям должны считатся одной из главных причин, вредяших скотоводству».

«Жарғыдан» кейін Баянаула қазақтары Орта жүз ішіндегі ең кедейіне айналды дейді авторлар. Сары арқаның ен даласын емін- еркін жайлап келген Баян қазақтары Нұраның орта ағысы мен Есілдің басынан аспайтын болды. көбінесе Шідерті бойындағы жазықты жайлады. Қыстау жердің аздығы XIX ғасырдың ортасында біліне бастады. Мұса мен Шоқан жазбасында бұл мәселені Ерейменнің тұтастай Ақмола дуанына қарап, ал Баянаула маңындағы қыстауларды казак – орыстардың басып алуымен байланыстырады: «Эреймен теперь уже не принадлежит нам: он занят казахами Акмолинского округа, хотя за него было пролито нами немало крови. Баянауыл принадлежит станице, за Иртыш же, куда пригоняли наши предки часть скота на зиму, не пускают нас казаки». Мал шаруашылығына қолайлы қыстаулардың болмауы себепті қысқы борандар мен қалың қарда Баянаула қазақтары көп бейнет шегеді. Шаруашылықтан таршылықты көп көрген қазақтардың 500 –ден аса отбасы күн көріс іздеп өзге округтардың жеріне, казак станицаларына кетті делінген.

Батыс- Сібір генерал- губенаторына жазған хатында Шоқан мен Мұса Баянаула приказын жауып, округ орталығын /дуан/ жол бойында жатқан /Ақмола мен Қарқаралы арасында/ Белағаш деген жерге көшіруді ұсынады. Баянаула қазақтары дуанды көшіруге округ орталығын /дуан/ және казактарды көшіруге қажетті шығынның орнын төлеуге, сол үшін әр қазақ отбасына үш жылқыдан сыйлық жасауға дайын. Себебі Байнаула орыс- казактары қазақтың арқасында еш еңбексіз, арамтамақтықпен күн көріп жатыр. Егіншілікпен айналыспайды, станицаға деп кесілген қазақтың қыстау жерін қазақтың өзіне қайта арендаға тапсырып пайда табуда.

Қысқы жайылым мәселесі Мұса Шормановтың «Казахские народные обычаи» мақаласында да айтылады. Қазақ үшін ата- бабадан еншіге қалған жерден асқан байлық жоқ дейді Баянаула қазақтарының көсемі. «Қыстаудың иесі өз жерінің бір бөлігін малы аз болғандықтан, біреуге шарт бойынша, аз пайдаға бола беруі мүмкін, бірақ өте қымбат мұра, қасиетті қазынаны аса қынжылып, жүрегі езіліп береді. Егер ол жерді өзі жайлауға мүмкіндігі, күн көрісіне жететін малы болса, дүниенің барлық қазынасын, алтынын берсеңіз де атадан қалған жердің бір сүйем, бір қарыс жерін өзгеге бермес еді. Жерді тек кедейшіліктен, амалсыздықтан ғана өзгеге береді». [24, б.75]



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет