«ХХғ. 60жж кейінгі әдебиет(1960-2000жж.)»



бет5/13
Дата26.06.2016
өлшемі1.03 Mb.
#159633
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13

Дәрісті бекіту сұрақтары: 1.М.Әуезовтің «Өскен өркен» романы не жайында?

2.Тың көтеруге байланысты жазылған қандай

шығармалар бар екен?

3.Ертіс Қарағанды каналы бойындағы

жұмысшылар еңбегі қай романда сөз болды?

Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5,7, 8, 9, 10, 11, 12, 13,14, 15, 17, 21, 22,23 ,24, 38, 41,

45,58, 60, 70.


3,4 Дәріс 1960-2000 жыл кезеңіндегі әдебиеттің әдеби-эстетикалық,саяси

әлеуметтік даму жайы
Дәрістің мақсаты: Қазіргі кезеңдегі қазақ әдебиетінің тарихын жүйелей оқыту

мен зерттеудің басты принциптерін меңгерту.



Тірек сөздер: Эстетика, эстетикалық даму, көркемдік-эстетикалык, ұлттық-гуманистік,

саяси, әлеуметтік.



Дәрістің жоспары:1. 1960-2000 жыл кезеңіндегі әдебиеттің өзіндік

ерекшеліктер.

2. 1960-2000 жылдардағы қазақ әдебиетінің әдеби

эстетикалық,саяси әлеуметтік дамуы.

3. 1970-80 жылдары жанр төңірегінде жеке көлемді

зерттеулердің шыға бастауы.

4. Ел тәуелсіздігі және әдебиеттегі көркемдік-эстетикалық,

ұлттық-гуманистік өркендеу үдірісі.

Жалпы қазақ әдебиетінің даму тарихына көз жүгіртсек, әріден келе жатқан ақын-жыраулар кезеңін алмай, діни-ағартушылық, демократтық, ұлт-азаттық көтеріліс, Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі әдебиетпен салыстырғанда 1960-2000 жыл кезеңіндегі әдебиет өзіндік ерекшеліктерге ие.

Бұл ерекшеліктер: жаңашыл көзқарас, жаңа заман, жаңа бағыт.

Қаламдары қатая, шығармашылықтары шыңдала түскен қылқалам шеберлері мен шалқар шабыт иелері тудырған шығармаларда енді жаңашыл пайымдаулар, көзқарастардың белең алуы айқын аңғарылады. Сонымен қатар бұл кезеңдегі әдебиетке тән ерекшеліктердің бірі-жазушы шыншылдығы, туынды тарихилығы, шығарма ақиқаттылығы, яғни кешегі күнде көлеңкеде қалып қойған ащы шындыққа сәуле нұрын шашып, өмірді күңгей жағынан алып, боямалап көрсетпей, қоғамдағы маңызды мәселелерді барынша шынайы көре аламыз.

Кешегі күнде әдебиеттің қайнар көзі болған ел тағдыры, жер тағдыры, отарлау саясаты, майдандағы жауынгер тағдыры сынды мәселелер енді қазақ қоғамына келе бастаған жаңашылдыққа ұласа бастады. Сол тұста жарық көрген роман болсын, өлең сөз туындылары болсын тек тақырып жағынан ғана ерекшеленбей, сонымен қатар сюжеттік-композициялық, идеялық-көркемдік тұрғысынан да, яғни шығармадағы каһарман бейнесін сомдауда, дәуір ерекшеліктерін танытуда өзіндік жаңалықтарға ие.

Тілге тиек еткен мал шаруашылығы, тың игеру, егіншілік, өндіріс жұмыстары, күнделікті күйбең тіршілік қарбаласындағы қара жұмыс адамының образын жасау барысында сол кездегі дәуір көрінісін бейнелей келе, әдебиетте қазіргі заман шындығын суреттеп, адамның бүгінгі бейнесін танытуға ұмтылады. Сонымен қатар осы кезеңдегі әдебиетке тән бір ерекшелік, бұл-адам психологиясы, яғни адамгершілік қасиеттер: ар-намыс, қажырлылық, жігер, ұят, борыш, еңбекқорлық сынды рухани құндылықтар мен іштарлық, көре алмаушылық, жемқорлық, жағымпаздық сияқты жағымсыз мінездер арпалысып, замана сомдаған адам бейнесін айқын танытады.

1960-2000 жылдардағы қазақ әдебиетінің әдеби эстетикалық,саяси әлеуметтік дамуы қадамдай, қарыштай қарқындады. Бірінші дәрісте айтылғандай, қаламгерлер қатары молайып, 600-ге жетті. Жалпы қазақ әдебиетінің сол кездегі бүкіл әлемдік көркемдік дамуға қосқан өзіндік өзгешелігін пайымдағанда, ең алдымен, оның жоғары идеялы, асыл мұратты әдебиет екені ойға оралады. Адамзаттың рухани қазынасына айналған шығармалар тек белгілі бір құбылыстар мен байланыстардың, күрестер мен тартыстардың шыншыл шежіресі ғана жасап қоймай, сан миллион еңбекші қауымға әділ ұстаз, тамаша тәлімші қызметін де атқарып келеді.

Қазіргі реалистік қазақ әдебиетінің алдында бұрынғыдан да биік міндет тұр. Реалистік әдебиетте үстем таптың ғасырлар бойғы өктемдігін құлату, жаңа қоғам орнатылған кездегі қазақ ортасының өзгерісінен бастап, өмір шындығының белес-белестерін бейнелеген шығармалар шырқау биікте. Әлем жұртшылығының назарын аударудың ең тура жолы–қазақ халық өмірінің терең тамырларын, сүйкімді артықшылықтарын толық та анық көрсете білу. Қазақ әдебиетінің үздік үлгілері реализмнің, яғни шыншылдықтың биік талаптары тұрғысында жасалған белгілі. Бүгін тек қана Қазақстанға ғана емес, жер жүзінен танымал шығармаларды атап өтсек, қазақ әдебиетінің даму сатысының жоғарылағанын аңғаруға болады. Мұндай таңдаулы туындылар қатарына жататын Т.Ахтановтың «Қаһарлы күндер», Ә.Нұрпейісовтың «Қан мен тер» романдары неміс, француз тілдеріне тәржімаланса, І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы көгілдір экран бетіне шығып, әлем жұртшылығы назарын өзіне аударды.

Әлбетте шығарманың нарқын шет тілдерге аудару мәселесі ғана анықтай бермейді. Дегенмен, әдебиетіміздің абыройы асқақтауы үшін оның жер шарына неғұрлым кең де, мол тарай беруі қуанышты жағдай.

1960-2000 жылдардағы қазақ әдебиетінің дүниеге әкелген жаңалығы- билеушісі жағдайдың құлы емес, болашаққа сеніммен қарайтын, халықпен ынтымақтас, өз мүддесін көптің мүддесімен бірлестіре білетін жаңа қаһармандар. Әдебиетіміздің бүкіл өзіндік жүрістері мен келістері, айрықша ажары мен көркі де осы қаһармандарға байланысты. Халықтың қалың ортасынан шыққан еңбекқор, кертартпа кесел атаулымен мәмілеге келмейтін жігерлі күрескер адам–әдебиетіміздің орталық тұлғасы болып келеді.

Халық өмірінде өшпес із қалдырған оқиғалар сырына үңілу, ел тіршілігінің ұрымтал тұстарын жан-жақты көрсету, қоғамның, адамның тарихы мен тағдырын алғы кезекке қою да қазақтың сол тұстағы (1960-2000) әдебиетіне тән сипаттың бірі болып қалыптасқан. Мәселен, ең елеулі шығармалар «Ақтабан шұбырынды», жоңғарлармен соғыс сияқты жағдайларға, ұлт-азаттық көтеріліс, Азамат соғысы, Ұлы Отан соғысы сияқты тарих кезеңдерге арналған. Өмірдің сан алуан тақырыптарының ішінен ең елеулісін іріктеп алуға да реализмнің өмірінен шыншылдығы ықпал етті. Сол тарихи құбылыстарды диалектикалық шындығымен неғұрлым ақиқат, анық танытатын шығармалар жасауда қаламгерлер барынша шеберліктерін шыңдай түсті.

Дамуымыздың қазіргі кезеңіне сай жекеленген қайшылықтар, кемшіліктер ұшырайтыны мәлім. Дәуір қаһарманының, озық адамның күресетін, өз қасиетін толық ашатын саяси, зияткерлік, адамгершілік майданы қайсы дегенді суреткер философша терең пайымдай, үлкен характерлер, сан тұлғалар жасай алуы екі талай. Әдебиетіміз жоғары идеялылықпен қатар биік көркемдікті, қуатты азаматтық пафосты қатар алып жүруі шарт.

Кеңестік дәуірдегі әдебиеттің дамуына байланысты қазақ әдебиетін зерттеу еңбектері мен сыни мақалалар көптеп шыға бастады. Осындай зерттеу еңбектің тұңғыш туындысы 1949 жылы «Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі» талабына жауап бермейді деген сылтаумен сыналғанымен, 1960 жылы жаңа нұсқасы қайта басылып шықты. 1967 жылы «Қазақ әдебиетінің тарихы» деген атпен үшінші томы жарық көрді. Бұл зерттеу еңбегіне қазақтың «ақтаңдақтары» – С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, М.Дулатов, М.Жұмабаевтар мен Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, А.Тоқмағамбетов, Т.Жароков, Ә.Тәжібаев т.б. шығармашылықтары жайлы монографиялық тараулар енді. 1960 жылы С.Сейітовтың «40 жылда», 1962 жылы Б.Кенжебаевтің «20 жыл Қазақ совет әдебиеті» еңбектері әдебиет дамуының кезеңдеріне шолулар жасады. Әдеби процесс-жанрлық, тақырыптық даму тұрғысынан да, жеке ақын-жазушылардың шығармашылық жолын жинақтау, әдебиет тәжірибесін теориялық қорыту жағынан да зерттеле бастады.

Ә.Тәжібаевтің «Өмір және поэзия» (1962), Б.Шалабаевтың «Қазақ романының тарихы» (1966), Ш.Ахметовтың «Қазақ балалар әдебиеті тарихының очеркі» (1960) Ә.Сатыбалдиевтің «Рухани қазына», «Аударма проблемалары жайында» (1964), М.Базарбаевтың, Т.Кәкішевтің, З.Ахметовтың, Қ.Жұмашевтың көптеген монографиялары мен зерттеу еңбектері жарық көре бастауы қазақ әдебиетінің дамуының айқын көрінісі болды.

Сонымен қатар, көптеген ақын-жазушылардың шығармаларына талдау, сыни пікірлер жазылған мақалалар, мысалы, 1962 жылы С.Қирабаевтің «Сәкен Сейфуллин», Т.Нұртазиннің 1960 жылы «Жазушы және өмір», 1960 жылы «Бейімбет Майлиннің творчествосы»,М.Дүйсеновтың «І.Жансүгіров» (1965 ж), «Ақын мұраты» (1967 ж) тағы басқа арнау –жинақтар жарық көрді.

Ал, 1972 жылы КОКП орталық комитетінің «Әдеби-көркем сын туралы» қаулысы шыққаннан кейін, әдеби сынның беталысы қарқындап, өркендей түсті. Жыл сайын баспасөзде «Уақыт және қаламгер» атты сын еңбектер жинағы қалыптасты.

1970-80 жылдары жанр төңірегінде жеке көлемді зерттеулер шыға бастады. Поэзияны жете зерттеген З.Қабдолов, З.Ахметовтың әдеби-теориялық ғылыми талдаулары – «Жанр поэзиясындағы дәстүрдің ұласуы» (1981), «Көркемдік кілті-шеберлік» (1985) жарық көрсе, Ә.Тәжібаев, Е.Жақыпов, Р.Нұрғали зерттеген драма жайлы сыни еңбектер баспа бетін көрді. Ал проза саласын зерттемеген әдебиетші болмаған деп айтсақ та артық емес. Р.Бердібаевтің, М.Базарбаевтың, Ш.Елеукеновтің, Ә.Нағыметовтың, Б.Майтановтың, З.Серікқалиевтің, Ә.Әзиевтің көптеген прозаның көкейкесті мәселелері мен даму ерекшеліктері жайлы сыни пікірлері мен зерттеу мақалалары жинақталды.

1988-1989 жылдары «ақтаңдақтар аталған» Шәкәрім, Мағжан, Ахмет, Міржақып, Жүсіпбектер ақталып алынған соң, осы сынды ақын-жазушылар мұрасын насихаттау мақсатымен Ш.Сәтпаеваның 1993 жылы «Ш.Құдайбердиев»,сол жылы С.Қирабаевтың «Ж.Аймауытов», Ш.Елеукеновтің «Мағжан» (1995) атты зерттеу кітаптары жарық көрді.

1960-2000 жылдардағы әдебиетте проза саласының қарқын алып дамуына үлкен үлес қосқан қаламгерлер М.Әуезов, Т.Ахтанов, Т.Әлімқұлов, С.Жүнісов, З.Шашкин, І.Есенберлин, Қ.Исабаев, тағы басқалар қатарына сөз өнерінің жас күштері Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, Ә.Тарази, Қ.Жұмаділов, Д.Исабеков, Ә.Әлімжанов, Ә.Нұрпейісов, Ә.Нұршайықов, Х.Есенжановтар қосылды.

Қазақ жеріне келген жаңашылдықты, қоғамдағы әлеуметтік жағдайды шынайы жеткізе білген. Ғ.Мүсіреповтың 1984 жылы жарық көрген «Жат қолында» шығармасы. Кітап баспадан 1984 жылдың аяғында шығып тарай бастады. 1985 жылдың 25 қаңтарында Социалистік Қазақстан газетінде «Жат қолында» романы жайында М.Базарбаевтің мақаласы басылып шықты. Ғ.Мүсіреповтың жаңа туындысы «Жат қолында» өзінің көзі тірісінде-ақ оқырман қауымнан жақсы бағасын алған. Роман бұрынғы «Оянған өлкенің» жалғасы. Ондағы оқиғалар ілгері дамыған. Сонымен бірге жаңа дәуірдің жаңа адамдарын, қазақ қоғамының нағыз оянған-екі ғасыр аралығы мен ХХ ғасырдың бас кезін қамтыған дербес туындыдай.

Әр ұлттық көркем әдебиеттің өзіне лайық сан-салалы шығармалары, айта қаларлық есімдері болумен бірге, сол әдебиеттің мөртаңбасындай бірді-екілі алабөтен жаралған дүниелері болмақ. Көркем әдебиет те адам қауымы тәрізді биігі мен ойысы, тереңі мен тайызы бар, біртұтас өмір кешіп, біріне-бірі сүйене селбесе, бірінен-бірі үйрене өсетін тірі организм. Еңсесі биік, қолтаңбасы бөлек кейбір шығармалар көп жүкті көтеріп бүкіл әдебиет әлпетін өзгеше таныттырады. Тап бүгінгі көркем әдебиетімізге көз салсақ, «Жат қолынданы» оқығаннан кейін сол жайды бастан кешіргендей күй кешеміз. Оған дәлел біріншіден, жаңа романда қазақ тарихының ұзақ дәуірі, үлкен белесі терең, ауқымды алынып, оның қоғамды, әлеуметтік мән-жайы шыншыл қаламмен ашылып көрсетілсе, екіншіден, жалпы роман жанрының әрі қарай беки түскені, дами түскенін аңғарамыз.

«Бүгін тұтастай қолға тиіп отырған «Оянған өлке» мен «Жат қолында» романдарына сарапшы көзбен қарасақ, қазақ әдебиетінде роман жанры жаңа белеске көтерілді, жаңа роман-эпопея туды деп әбден айта аламыз».

«Жат қолында» романында өткен ғасыр аяғынан кейінгі ұзақ заман хикаясы баяндалады, ірі тұлғалар, характерлер, бейнелі суреттер, мінез-құлықтар бар. Автор өзі айтып отыратындай, ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен жаңа, ХХ ғасырдың бірінші ширегі түгелге жуық қамтылған «өз» қанаушың мен өзге қанаушының жат елдік алыпсатарлардың айла-әрекеттері көз алдына келеді. Соның бәрін бастан кешірген, ескінің өшіп, жаңаның өніп келе жатқан заманында күрескерлік дәрежеге көтерілген Кенжеғарадай қажырлы жан, бас кейіпкермен таныс боламыз. Кенжеғара үлгерімді, күрескер адам дәрежесінде танылады. Бүкіл роман осы Кенжеғара образы арқылы кеңінен ашыла түседі. Патша үкіметінен сатып алған, қазақ жеріне тиесілі, кен орындарында өз тәртібін орнатып, қанаушы, тонаушы образдар Фон-Штейн, Нельсон, Фели Карчо, Хорслей, тағы басқа жат жұрттықтар мен Кенжеғара бастаған бір топ арасындағы тартыс арқылы әрбір оқиға шиеленісе түседі.

Көлемді-көлемді үш бөлімнен тұратын роман Қазан төңкерісіне иек арта барып аяқталады. Жат қолында он екі жыл болған қазақ жерінің кен байлықтары еңбекші халықтың өз билігіне тиеді. Дұрысырақ айтсақ, олардың өз бостандығы өздеріне тиеді. Біз құл емеспіз, құл біз емес деген заман туды. «Жат қолында» романы осындай ұзақ тарихтың хикаясы. Қазақ жері, елі тек кен қазу маңайында ғана емес, бүкіл болмысы, өмір-тұрмысы, ой толғанысымен көрінеді. Қазақ жеріндегі саяси әлеуметтік өзгерістер, қозғалыстар, жаңалық нышандары, қазақ жұмыскерлерінің қалыптасуы, оның сана-сезімінің өсуі роман қойған басты мәселелер әрі түбегейлі шешілген мәселелер. Романның соңғы бетін жапқанда, өкімет кеңестердікі деп, үлкен митингіге қарай қаптап бара жатқан халықты көреміз.

Қазақ халқының ескілік тамұғынан бірте-бірте жаңаға қарай бет алған, бірақ жәй емес, күрес пен тартысқа толы, әсіресе, топтық жік айқын ашыла бастаған, орыс қоғамының озық ой-әсерлерін бойына жинай бастаған, Шоқан мен Ыбырай, Абай тұлғалары қалыптасқан, олардың ағартушылық ой-армандары дала жұртын билей бастаған, Амангелдідей батыр қолына найза ұстаған дәуір шежіресі. Екі кітапты қосып роман-эпопея делінуі де осыдан. Бүкіл қазақ әдебиетін байытар шығарма. Сөз өнері дертпен тең деген ұғымға қол қойсақ, сол қиындықты кім де болса, бастан кешіруге даяр тұруы шарт. Әрине, тума талант болмаса, құр азаптану ештеңе бермес. Бірақ шын талантқа да көркем сөз азабы жеңіл тимейтіні анық. Өйткені оны шегіне жеткізу үшін, талай тезден өткізу қажет. Мұндайдың төркіні-жауапкершілік. Өз шығармасын ұқсату, әдемілеу, шын көркемдік дәрежеге көтеруге ұмтылу Ғ.Мүсірепов жауапкершілігі еді. Мүмкін болса, оған үлес қосу, молайту, байыту, ал жүдету болмайтын.

Ғ.Мүсіреповтің «Жат қолында» романы сол үлкен дәстүрді ілгері дамытқан ойлы, бейнелі туынды. Қаламгердің бұл соңғы шығармасы әдебиет төрінен орын алмақ.

Дәрісті бекіту сұрақтары: 1.1960-2000 жыл кезеңінде әдебиетте өзіндік қандай

ерекшеліктері болды?

2. Қазақ әдебиетінің әдеби эстетикалық,саяси

әлеуметтік дамуы дегеніміз не?

3. 1970-80 жылдары жанр төңірегінде қандай

жеке көлемді зерттеулер шыға бастады?



Әдебиеттер: 1,2,3,4, 5,7, 8, 9, 10, 16, 17, 20,21, 22, 23, 25, 22,23 ,25, 41,45,58, 62.
5,6 Дәріс 1960-2000 жылдардағы проза жанрының тақырыптық

тенденциялары

Дәрістің мақсаты: Тақырыптық тенденция дегеніміз не екендігін түсіндіру.

Тірек сөздер: Тенденция, проза, әдебиеттің көп жанрлығы, жанр.

Дәрістің жоспары:1. Әдебиеттің көп жанырлығы.

2. Қазақ прозасының көркемдік өсуі мен дамуы.

3. 1970-1980 жылдардағы қазақ прозасының әкелген

жаңалықтары.

Әрбір халықтың көркемдік дамуында өзіне ғана тән ерекшеліктері болады. Әдебиеттің көп жанрлы әрі мейлінше бай болуы қазақ халқы рухани мәдениетінің өзгеше бір сипаты. «Әдебиет» - халықтың айнасы. Әдебиетіне қарап сол елдің осы кезеңдегі басынан кешкен саяси оқиғаларын, халықтың жай-күйін, мақсат-мүддесін анық көруімізге болады.

Әрбір дәуір әдебиет пен өнерге өз талабын, өз тақырыбын ұсынып отырған. Осы ұсыныстың қаншалық және қалай орындалғанына уақыт таразы. Уақыт таразысымен өлшеп қарасақ, әдебиетіміздің саны мен көлемі жөнінен қай кезде қаншалықты өскендігін көре аламыз. Әр кезең сайын қазақ қаламгерлерінің қатары мен кітап санының арта түсуі, оның үстіне тақырып пен жанрдың аумағының кеңеюі әрі тәнті етеді, әрі таң қалдырады, бұл әрине үсті-үстіне жетілудің айғағы.

Ал енді дамудың сапалық дәрежесін аңдау үшін әлгі сандық көрсеткіштер дәрменсіз. Оған сапалық көрсеткіш қажет. Айталық, ондай көрсеткіштер, мысалы, елуінші жылдары прозада шартты түрде «Абай жолы», «Оянған өлке», «Қарағанды», алпысыншы жылдары «Қан мен тер», «Ақын орманы», «Ақан сері» десек, сексенінші жылдары «Алтын орда», «Үркер», «Аласапыран» дей аламыз. Ендеше осыдан қазақ әдебиетінің отыз жыл ішіндегі өзгерісінің сапалық деңгейін салыстыру арқылы бұрынғыға енді не қосылады, не өңделді, не жаңғырады деген мәселелер шешімін таппақ.

Александр Фадеев Парижде сөйлеген сөзінде қазіргі қазақ әдебиетін «үлкен профессионалдық әдебиет, сондықтан оның дүние жүзілік мәні бар» десе, бұл әдебиеттің алдыңғы орнында проза тұр.

Бүгін біз қазақ прозасының көркемдік өсуі мен дамуы деңгейіне, талаптық жағынан өсуіне көз жүгіртіп, 1960-1980 жылдардағы қазақ прозасының әр жанрына көз салмақпыз, сонымен қатар тарихи тақырыптардағы прозалық шығармаларды кезең-кезеңімен бөліп, қарастырып салыстыра талдауға талпынбақпыз.

Қазақ романы замананың үлкен шындығын, терең астарлы алуан құбылысын кеңінен суреттеп, халыққа эстетикалық тәлім, идеялық тәрбие таратуда бағалы қызмет атқарып келеді. Оларда халқымыз бастан кешірген ірі оқиғалардың өмір мен істі, сана мен мінездегі түбірлі өзгерістердің, сілкініп жаңарулардың, өктем өрлеулердің ұзақ шежіресі шертілген. Қазақ жазушылары ел тарихында елеулі рол ойнаған оқиғалардың бірсыпырасын өз романдарында негіз етіп алды.

Қазақ романы советтік ауыл алдындағы мерзім жүктеген тарихи міндеттердің шежіресі болған. Солардың ішінде 1960-1980 жылдар аралығында жарық көрген М. Әуезовтың «Өскен өркен», Т. Әлімқұловтың «Ақ бозат»,

С. Жүнісовтің «Жапандағы жалғыз үй», Ж. Молдағалиевтың «Торғай толғауы»,

Г. Тоқтаровтың «Бақыт», Қ. Исабаевтың «Сұңқар самғауы», З.Шашкиннің «Сенім» романдарын ерекше атап өтуге болады. Бұл романдарда өмір орнықтырушы, жасампаз адамдардың жаңа кезеңдегі істері суреттеледі.

Мәселен, Б.Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» (1961) романнының тақырыбы – соғыстың өзі емес, оның қазақ ауылындағы жаңғырығы. Осы арқылы жазушы соғыс кезіндегі ел бейнесін, ел намысын қорғаған адамдардың адамдық кейпі жайлы мәселе қозғайды.

Романның өзіндік әп-әдемі формасы бар. Ондағы оқиғалар Еркіннің әңгімесі арқылы өрбиді. Романның үш дәптерді (әр бөлімі бір-бір дәптер) оның өмірінің үш кезеңі ретінде алынады. Жазушы ашқан өмір шындығы мен адамдар тағдыры нанымдылығымен бағалы. Роман кейіпкерлерімен де стильдік суреткерлік ерекшеліктерімен де ешкімді қайталамайды, өзіндік өнерін танытады.

Қазақ романы ішінде біздің замандастарымыздың бейнесін олардың өндіріс орындарында істеп жүрген мамандығымен, ондағы өзіндік қарым-қатынастары арқылы көрсетуді мақсат еткен шығармалар аз емес. Өндіріс Қазақстанның экономикасын көтеріп, кен орындарын игеру, онда жаңа қалалар тұрғызу сияқты үлкен жұмыстардың орталығы. Романдарының қатарына

З. Қабдоловтың «Жалын» (1975) Ш. Мұртазаның «Қара маржан» (1976),

М.Сәрсекевтың «Жаңғырық» (1979), А.Жақсыбаевтың «Егес» (1975), «Қорған» (1991), «Бөгет» (1981), Р.Сейсенбаевтың «Өмір сүргің келсе» (1978) атты романдарды осындай мәселелерді қозғайды. Бұл романдарда тартыс негізінен өндірісінің төңірегінде өрбиді.

Бұрын С.Сейфулиннен бастап отыз жыл бойы созылып келген жұмысшы тақырып арқауы З.Шашкиннің «Теміртау» раманынан кейін аз уақыт үзіліп қалғандай еді. Тек 1965 жылы жас жазушы Ш. Мұртазаевтың «Қара маржан» атты романы жарияланды. Оның геройы – инженер – рационализатор әдебиетте өзінің жаңа тың бейнесімен көз тартты. Бері келе ғылыми техникалық ревалюция жағдайында ең маңызды моральдық – адамгершілік проблема көтеріп, СССР профсоюз премиясын алған З.Қабдоловтың «Жалын» романы және тағы да басқа көптеген романдар жарық көреді. Бірақ, өкінішке орай, бұлар жұмысшы тақырыбындағы үзілісті толтыра алмады. Көрнекті сыншы, ғалым әдебиетші, академик М.Қаратаевтың «.....қазақ әдебиеті, әсіресе оның прозасы жұмысшы табының алдында әлі де болса қарыздар, жұмысшының тұлғалы, толық қанды, жаны жайсаң образдарын жасау әлі де алда тұрған, керек күттірмейтін абыройлы міндет» деген осыған дәлел бола алады.

1970-1980 жылдар қазақ прозасына өз жаңалықтарын әкелді, өз үлесін қосты. Айталық, аталмыш он жақты жылдың қазақ прозасында бой көрсетіп, танымал болған жазушылар саны жиырмадан асады екен.

Бұл кезеңде заман проблемаларын игеруге, замандастар образын жасауға Қазақстан жаушылары күш салды. Ол үшін ауыл мен қала еңбеккерлерінің, өндіріс жұмысшылары мен ғылыми және творчествалық интеллигенция өкілдерінің өмірімен тығыз қатынас жасауда. Мұнда қазақ пен орыс әдебиетінің проблемалары мен ізденулерінің ұқсас бірлестігі анық байқалады.

Ол көркемдік ізденудің жанрлық – тақырыптық географиясын да, идеялық – эстетикалық концепцияның бірлестігінен де көрінеді. Бұл ретте жаңалыққа көшбасшы болатын орыс әдебиеті жетекші рөл атқарады.

Бүкілодақтық прозаның романға ойысуы қазақ авторларының бетін де романдарға бұрды. Қазақ прозасы мен бүкілодақтық прозаның даму бағытының түйісіп, үйлесетін тұсы тек жанрлық ұқсастығында ғана емес, сонымен қатар тақырыптық ауқым бірлігінде де болды. Байқасақ, орыс тіліндегі «түбірге баруды» көздеген «деревенщина» дейтін ағым сықылды қазақ әдебиетінде «ауылдық проза» дейтін ұқсас сарын пайда болды. Мұнда да халықтың даналық тәжірибесін өнеге еткен жақсы ізденіс тұстарымен қатар кейбір ауыл өмірінің ескі салтын дәріптейтін қадамдар да бар.

Сөз болып отырған дәуірдегі қазақ прозасының көп шығармаларының сапалық дәрежесін тақырыбы бір, жанры мен проблемасы бір орыс шығармаларымен салыстырғанда, едәуір төмен жатқанын көреміз. Моральдық тұлғасы биік, ішкі дүниесі терең күрделі образ – характер мұнда әлі тиісті орын ала қойған жоқ.

Еліміз егемендігін алғаннан бері роман жанрына келер болсақ, 1990 жылдардан 1996 жылға дейін әдеби жыл қортындысы тоқырап қалды. Көп жылдар бойы жұмысы тоқтаңқырап қалған әдебиетшілер үйінің кең залына жан кірді, тамырына қан жүгірді.

Соңғы кезеңдерде жарық көрген туындылардың көркемдігі мен мазмұн байлығына үңілер болсақ, көңілге сенім ұялатар бірінші жай – қаламгерлеріміздің тақырып аясын кеңейтіп, өмір мен тарих белестеріндегі запыраны ащы шындықтардың бет – пердесін айқара ашуға ұмтылған талпыныстар.

Осы бір кезең ішіндегі көркем прозаны елекке салғанда ендігі бір ел көңілін елеңдетер оқиғаның бірі - әдебиетке ойы, сөз пайымы тәуелсіз талантты көркемсөз иелерінің келгендігі. Алды өз оқырманын тауып, аттың қасқасындай танымал дәрежеге жеткен, арты жүйрікті шамасынан аңғарар кірпияз әдеби ортаның назарына іліге бастаған Талаптан Ахметхан, Роза Мұқанова, Асқар Алтай, Айгүл Кемелбаева, Мақсат Ізімұлы, Серікқали Хасан, Әділбек Ыбырайұлы, Дәурен Қауат тағы басқаларды айтуға болады.

Көлемділік керек. Ал көлемді дүниенің бәрі эпикалық кеңдікті таныта алмайды. Кейде біз ұзақ – сонар романнан сезбеген кең тынысты шағын әңгімеден көріп қайран қаламыз.

Аталмыш дәуірдің (1960 – 2000жж.) бас шенінде прозаның жалпы өсу бағдарларын шамалағанда оның кіші жанрлары - әңгіме мен повесте сапалық жаңару басталғанын көреміз. Мұның түрлі себебі болуы мүмкін. Шығарманың тартысы мен композициясын, оқиғасы мен образдарын белгілі схемаға бейімдейтін жасанды дағды күрт кеміді. Өмірді шындап зерттеу қажеттігі күшейді. Мұндай жағдайда үлкен жанр – романның көлемін жанды байланыстармен, әрі қызықты, әрі ақиқат характерлермен толтыру оңай болмаса керек. Соның есесіне өмірдің жеке құбылыстарын жан-жақты шындығымен көрсететін мәнді әңгімелер мен повестер қатары көбейе түсті. Проза дамуының бір тенденциясы осы.

Әңгіме, новелла, повестердің жедел жетіліп, әдебиетіміздің төрінен орын алуына бұрыннан белгілі суреткерлер де, орта, кейінгі буын қаламгерлері де ат салысты. Бұл ретте алдымен аға жазушымыз Ғабит Мүсірепов творчестволық белсенділік, кемел шеберлік көрсетіп келе жатты. Оның 1960-1970 жылдардағы ізденістері мен табыстары «Кездеспей кеткен бір бейне» атты жинағынан жақсы танылады. Автордың өзі поэма деп атаған «Кездеспей кеткен бір бейне» шығармасы бүкіл қазақ әдебиетінің тартымды табыстарының қатарына қосылды. Шығармада әрі ақын, әрі күрескер Еркебұланның тамаша тұлғасы жасалғандығын әдеби жұртшылық кезінде атап өтті. Әдебиетімізде көп те, көрнекті суреттелген революциялық күрес дәуірінің оқиғалары шығармада жаңа қырынан, тың тұсынан көрінгендей. Автор қаһарманның жан дүниесін, арман-мұратын, қуанышы мен өкінішін, шыншыл диалектикасымен бейнелеуге көп көңіл бөлген. Шығарманың орталық қаһарманы қазіргі әдебиеттегі ұнамды тұлға жасау тәжірибесін байыта түсетін, поэзияға, шындыққа толы биік бейне.

Бұрын сын еңбектерімен, өлең жинақтарымен, «Ақ боз ат» романымен жұртшылыққа танылған жазушы Тәкен Әлімқұлов әңгімелері мен повестерінің екі топтамасын жариялады. Сонымен кейінгісі «Туған ауыл» – тұтастай алғанда прозалық өнімдердің таңдаулысы қатарына қосылады.

Т.Әлімқұлов бұл кітабы арқылы өзінің әңгімеге шебер екендігін танытты. Тілдің байлығы мен шұрайлылығы, шығарманың құрылыстық бітімінің қамшының өріміндей беріктігі, адам мінездерін әр қырынан ашуы – жазушы шығармаларына ортақ сипат.

Т.Әлімқұлов өзінің осы жинағында көптеген жанды тұлғалар жасаған, еліміздің баянды қаһармандары қатарын толықтыра түскен. Біз оның шығармаларынан Ықылас, Махамбет, Сәкен, Әбікен сынды тарихи адамдардың тартымды бейнесін табамыз.

Жазушы жинағындағы ең әсем туындылардың бірі – «Қарой». Қазақтың ұлы ақыны Махамбет өмірінің ақырғы бір күнін суреттейтін бұл әңгіме өзінің ішкі қуаты жағынан ірі шығармалар деңгейіне көтерілген. Автор Махамбеттің жаулар қолынан қапыда өлуінің сырын терең білгірлікпен, үлкен ұсталықпен бейнелеген. Әңгімені оқи бастағаннан көркемдік шындыққа толы суреттер, әр сөзі нысанға тиетін оралымдар әлеміне кезігеміз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет