Валюта нарығын құру,
валюталық реттеу және валюталық бақылау
Тәуелсіз Қазақстанның валюта саясатын қалыптастыру 1991 жылы нарықтық қатынастардың қалыптасуының серпінді даму үдерістерімен қатар басталды. 1991 жылғы 11 маусымда «Қазақ КСР валюталық реттеу туралы» Қазақ КСР-нің Заңы қабылданды. Заңмен алғаш рет Қазақ КСР-нің Мемлекеттік банкі лицензиялауға жататын ағымдағы валюталық операциялардың және капитал қозғалысына байланысты валюталық операциялардың тізбесі айқындалды. Заңның енгізілуіне байланысты меншік нысанына қарамастан барлық заңды тұлғалар сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыру құқығына ие болды, осы кезде валюталық операцияларды жүргізуге лицензиясы бар уәкілетті банктер арқылы валюталық операцияларды жүргізуге шектеулер алынды. Валюталық нарықтың дамуын ынталандыру үшін азаматтарға валютаның шыққан көзі туралы мәліметтерді көрсетпей, ағымдағы валюталық шоттарды ашуға рұқсат етілді, сондай-ақ заңсыз валюталық операциялар үшін қылмыстық қудалау жойылды.
Қазақстанның ақша-валюта жүйесін қалыптастыру жағдайында 1993 жылғы 14 сәуірде қабылданған «Валюталық реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру ұстанымдарын айқындады, валюталық қарым-қатынастар субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін шектеді, валюталық заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілікті белгіледі. Валюталық реттеу жүйесінің негізгі міндеттері ретінде мыналар танылды: ұлттық валютадағы есеп айырысудың белгіленген тәртібін қолдау, ұлттық валюта үшін нарықтық айырбастау бағамын дайындау және енгізу, валюталық операцияларды жүргізудің тиісті тәртібін қамтамасыз ету.
Ұлттық валюта – теңгені енгізу кезеңінде алтынвалюта резервтерінің біршама тапшылығы сақталды. Ұлттық валютаның белгіленген айырбастау бағамы саясаты теңгенің ішкі тұрақтылығын қолдау проблемасын шеше алмады және белгілі бір дәрежеде халықтың теңгеге деген сенімсіздігін тудыратын шетел валютасына деген екпінді сұраныс жағдайында оның құнсыздану қарқынын ұстап тұра алмады.
Өтімді валюталық нарықты қалыптастыру және теңгенің басқа шетел валюталарына айналымдылығын қолдау мақсатында 1994 жылғы қаңтардан бастап барлық кәсіпорындар үшін уақытша тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсету) экспортынан 50% түсімдерді міндетті түрде сату енгізілді. Бұл ретте осы тәртіп шетел капиталының қатысуы бар жаңа құрылған кәсіпорындарға таратылған жоқ. Бұл норма 1995 жылғы 10 маусымнан бастап 30% дейін төмендетілді, ал 1995 жылғы 4 тамыздан бастап жойылды. Оған бір мезгілде теңгенің АҚШ долларына қарағанда құнсыздану қарқынының төмендеуі, теңгеге деген сенімділіктің артуы, сондай-ақ жаңа анағұрлым кірісті қаржы құралдарын енгізу себеп болды. Осы жағдайда инфляция қарқынын және құнсыздану күтулерін бұдан әрі төмендету мақсатында реттелетін құбылмалы айырбастау бағамы режиміне көшу туралы шешім қабылданған болатын.
1996 жылы қабылданған «Валюталық реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында шектеусіз жүзеге асырылатын ағымдағы валюталық операциялардың нақты тізбесі айқындалды. Капиталды әкетуді көздейтін капитал қозғалысына байланысты операциялар лицензиялауға жататын болды, ал әкелу бойынша операцияларды тіркеу статистикалық есепке алу мақсатында жүргізілді және қандай да болмасын шектеулер қойылған жоқ.
Сол кезде Қазақстанда капитал қозғалысы операцияларына шектеулерді сақтау қажеттілігі шетел валютасына деген ұсыныстардың ішкі көздерінің біршама тапшылығы болуымен түсіндіріледі.
1998 жылғы Ресей қаржы дағдарысының салдары теңгенің құнсыздану қарқынын жылдамдатуға және әсіресе қолма-қол шетел валютасы нарығында теңге бағамының күрт ауытқуына әкелді. Бұл ретте Қазақстанның сауда әріптес елдерінде, ең алдымен Ресейде ұлттық валютаның біршама құнсыздануы теңгенің нақты көрсетілімде қымбаттауына және қазақстандық экспорттың бәсекелестік позициясын төмендетуге әсер етті. 1999 жылы сәуірде теңгенің шетел валюталарына еркін құбылмалы айырбастау бағамы режимін енгізу қаржы нарығының теңбе - тең жағдайын қолдау қажеттілігін талап етті, осының нәтижесінде Ұлттық Банк экспортерлер үшін тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсету) экспортынан 50% түсімді міндетті түрде сату туралы міндеттемелерді белгілеу практикасын қайта қолданды. Осымен бір мезгілде жеке тұлғалардың коммерциялық банктердегі теңге салымдарын сақтау және зейнетақы қорларының теңгелік активтерін сақтау жөнінде шаралар қабылданды.
Мұның бәрі түпкілікті нәтижеде шетел валютасының валюта нарығындағы ұсынысының өсуіне және дағдарыс жағдайынан шығуға әсер етті, осы әлемдік тауар нарықтарындағы қолайлы жағдай 1999 жылғы қараша айының өзінде-ақ экспорттық валюта түсімінің бір бөлігін сату туралы талапты жоюға мүмкіндік берді.
1999 жылдан кейін валюталық реттеу тетігін жетілдіру валюталық операцияларды жүргізу және балама заңнамалық әрі нормативтік ортаны қалыптастыру тәртібін ырықтандыру бағытында жүзеге асырылды. Валюталық бақылау мына бағыттарда жүргізілді: экспорт-импорт валюта бақылауы; қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына бақылау жасау; капитал қозғалысына байланысты операцияларға бақылау жасау; валюта нарығы субъектілерін инспекциялау.
2003 жылы қалыптасқан валюталық реттеу жүйесіне ағымдағы операцияларға шектеулердің жоқтығы, пруденциалдық реттеу жүйесін белсенді жетілдіру және келісімі қажет мемлекеттік органдардың тізбесін қысқартумен халықаралық операцияларға лицензия беру үдерісін реттеу тән. 2002 жылы әзірленген Валюта режимін ырықтандыру тұжырымдамасында (ҚРҰБ Басқармасының 11.09.2002ж. № 369 қаулысымен мақұлданған) капитал қозғалысына валюталық шектеулерді толық жоюды және 2007 жылы ағымдағы және күрделі операциялар бойынша теңгенің толық айырбасталуына көшуді болжайтын валюталық режимді кезең-кезең бойынша ырықтандыру ұсынылған болатын.
Қазақстан Республикасында валюталық режимді ырықтандыру үдерісі 2003 жылдан бастап белсенді фазаға кірді және негізінен қаржы секторын пруденциалдық реттеуді жетілдірумен бірге капиталдың әкетілуіне шектеулерді алып тастау арқылы жүзеге асырылды.
Валюталық режимді ырықтандырудағы басымдылықтар мен жүйелілік тек экономикалық факторлармен ғана емес, әлеуметтік-саяси факторлармен де айқындалды.
Республика аумағында ірі мұнай - кен орындарының ашылуы шетел инвестициялары және экспорттан түсетін түсім нысанында капитал келуінің өсу қарқынын ұлғайтты және тездетті, ал шетелдік қатысуы бар ірі инвестициялық жобаларды іске асыру инвесторлардың пайдасы және тауарлар мен қызмет көрсету импорты үшін ақы түрінде капиталдың әкетілуінің өсуін ынталандырды. Қаржы капиталының халықаралық қозғалысын ауқымды ырықтандыру жағдайында қолданылатын реттеуші шаралардың тиімділігі көбіне капиталдың жинақталуына кері теңестіріледі, бұл қаржы ағындарының үлкен көлемін реттеудің жаңа тәсілдерін әзірлеу қажеттілігін айқындады.
Реттеудің жаңа тетіктерін әзірлеу және халықаралық қаржы ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру сондай-ақ Қазақстанның дүниежүзілік экономикаға интеграциясы және елдің бәсекеге қабілеттілігін көтеру үшін қажетті шарт болып табылады.
Қазақстанда валюталық реттеу жүйесі қалыптасқаннан бері валюталық шектеулер тек капиталдың елден әкетілуіне ғана белгіленген болатын. Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қалыптасуы артық валюталық ұсыныстардың тек бір бөлігін айықтыруды қамтамасыз етті, сондықтан капитал ағындарын реттеудің негізгі міндеті резиденттердің инвестициялық сападағы шетел активтеріне салымдарын, оның ішінде резиденттердің инвестициялық кірістерін ұлғайту мақсатында ынталандыру, сондай-ақ қаржы тұрақтылығы және елдің жалпы экономикалық дамуы үшін елге шетел капиталының «артық» келуіне байланысты тәуекелдерді барынша азайту болды.
2007 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормалары арқылы мынадай өзгерістер жүзеге асырылды:
- экспорт-импорт мәмілелері бойынша белгіленген мерзімде валютаны қайтару талабы жойылды, қайтару мерзімі келісім-шарт талаптарын ескере отырып айқындалады;
- капитал қозғалысына, шетелде шоттар ашуға, шетелге инвестицияларға байланысты операцияларға және бағалы қағаздармен операцияларға лицензиялау режимі жойылды, тіркеу және хабарлау режимдері шеңберінде ақпаратты беру бойынша талаптар белгіленді;
- сыртқы сауда мәмілелерін паспортизациялау рәсімдері жеңілдетілген экспорт-импорт валюта бақылауының жаңа жеңілдетілген сызбасы енгізілді, артық әкімшілік тосқауылдар және бюрократиялық ауыртпалық элементтері алынып тасталды;
- резидент-заңды тұлғалардың шетел валютасын сатып алу мақсаттарына шектеулер алынып тасталды.
2007 жылдың басынан бастап валюталық бақылау мынадай негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
1. Қаржы мониторингі мақсаттары үшін уәкілетті банктер арқылы валюталық төлемдер мен аударымдарды жүзеге асыру кезінде берілетін ақпарат негізінде валюталық операциялар бойынша ақша төлемдері мен аударымдарын жүзеге асыру тәртібінің сақталуына бақылау жасау.
2. Сыртқы сауда келісім-шартының талаптарын ескере отырып экспортер немесе импортер өздігінен белгілейтін мерзімде экспорт бойынша валюта түсімін және импорттық операциялар бойынша (экспорт-импорт валюта бақылауы) пайдаланылмаған авансты қайтаруға бақылау жасау.
3. Жасалатын мәміленің сипаты мен мәні туралы ақпаратты алу мақсатында валюталық реттеу - тіркеу және хабарлау режимдері шеңберінде мәліметтерді уақтылы және шынайы беруге бақылау жасау.
2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап теңгенің толық айырбасталуына көшу теңгенің еркін - айырбасталатын валюта болуы үшін жағдайлар жасады.
Сыртқы экономикалық конъюнктураның жылдам өзгеруіне жедел жауап қату мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен сыртқы күйзеліске жауап ретінде арнайы шараларды қабылдау мүмкіндігі белгіленді. Елдің экономикалық қауіпсіздігіне және оның қаржы жүйесінің тұрақтылығына қауіп төнген жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті валюталық операцияларды жүргізуге арнайы рұқсат режимін енгізуге құқылы. Заңмен белгіленген арнайы рұқсат режимін енгізу талаптары бұл тетікті қолданудың ерекшелігін және дағдарыс шешілгеннен кейін ырықтандырылған валюталық режимге қайта оралу міндеттілігін нақты көрсетеді.
Республикада ырықтандыру бағдарламасы аяқталды және ол:
- валюталық заңнаманың талаптарын орындауға байланысты сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың шығасыларын төмендетуге;
- қазақстандық капиталдың шетелге өктемділігін ынталандыруға;
- валюта бағамының, тауарлық бағалардың және пайыздық ставкалардың өзгеруіне байланысты тәуекелдерді хеджирлеу құралдарын анағұрлым белсенді пайдалануға әкелді.
Осылайша, біздің республикамыз тәуелсіздік алған және валюталық нарық құрылған сәттен бастап валюталық реттеудің негізгі мақсаттарына қол жеткізуде, тұрақты экономикалық өсуге қол жеткізу, экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, еліміздің төлем балансын нығайту, ұлттық валюта және ішкі валюталық нарықтың даму тұрақтылығы бөлігінде, маңызды қадамдар жасалды. Қазақстан Республикасының дүниежүзілік экономикаға бұдан әрі интеграциясы үшін негізгі қажетті жағдайлар жасалды.
Достарыңызбен бөлісу: |