І бөлім. Кәсіпкерліктің мәні, мазмұны



бет1/3
Дата22.02.2016
өлшемі194.5 Kb.
#7
  1   2   3


МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ………………………………………………….........……………........3


І – БӨЛІМ. Кәсіпкерліктің мәні, мазмұны……………....………........…........6

1.1. Кәсіпкерліктің мәні, экономикалық негізі……………...….............…6

1.2. Кәсіпкерліктің түрлері………………………………………..........…10

1.3. Кәсіпкерлік тәуекелдің мәні және түрлері…………….….............….12


ІІ – БӨЛІМ. Кәсіпкерлік бәсекелестік, франчайзинг жүйесі….....................14

2.1. Бәсекелестіктің мазмұны және түрлері……………………..............14

2.2. Монополияға қарсы мемлекеттік реттеу…………………...........…16

2.3. Франчайзингтік қатынастар жүйесі……………………...........……19


ІІІ – БӨЛІМ. Кәсіпкерлік істі мемлекеттік реттеу……………......................24

3.1. Кәсіпкерлік істі мемлекеттік реттеудің қажеттілігі…...........……..24

3.2. Мемлекеттің кәсіпкерлік ісіне араласу жағдайы, себептері…………………………………………………………….............…28

3.3. Қазақстандағы кәсіпкерлікті басқару……………………...........….30


ҚОРЫТЫНДЫ…………………………………………………….............…35
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ……………………...............…..37

КІРІСПЕ


Қазақстанда кәсіпкерлік жөнінде 90-жылдардың басында, қайта құрудың басталуымен айтыла бастады. Бұл кезде былайша айтқанда, «комсомолдық кәсіпкерлік» басталды, көптеген белсенді жас адамдар, негізінен комсомол жетекшілері, жастардың шығармашылық ғылыми-техникалық орталықтары негізінде кооперативтер құра бастады. Несиелеудің жеңілдік жағдайлары жасалды. Мұның үстіне, өспелі инфляция жағдайына дәл осы кәсіпкерліктің алғашқы толқыны төтеп беріп қана қоймай, сондай-ақ қажетті, былайша айтқанда, бастапқы капитал жинай алды, себебі несие ақша «қымбат» алынып, «арзан» қайтарылды.

Кәсіпкерлік қызметін бұрынғы Кеңес Одағы кезінде 1987 жылы қабылданған «СССР азаматтарының жеке еңбек қызметі туралы» заңы алғаш рет ресмилендірді. 1988 жылы «Кооперация туралы заң» қабылданды. Кооперативтер мен серіктестіктердің жаппай құрылуы басталды. Дегенмен нарықтық инфрақұрылымның болмауына байланысты кооперативтердің аз бөлігі ғана аяғынан тұрып кете алды. Кейінірек 1988-1991 жылдары жалға беру, бірлескен кәсіпорындар мен банк қызметі туралы заңдар экономикалық жағдайды біршама ырықтандырды. Тұтастай алғанда, негізгі меншік мемлекеттікі болып қала бергенімен, жалға беру түріндегі аздаған босаңсулар біршама дәрежеде кәсіпкерлік белсенділікке жағдай жасады.

Қазақстан Республикасы 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін кәсіпкерлік белсенділікті қолдауға байланысты бірқатар заңдар қабылданды. Қазақстанда кәсіпкерліктің дамуына «Қазақстанда кәсіпкерліктің дамуы мен шаруашылық қызметтің еркіндігі туралы» (1991), «Жеке кәсіпкерлікті қолдау және қорғау туралы» (1992) заңы сияқты заңдар түрткі болды. 1994 жылдың басында-ақ жеке кәсіпорындар саны 15,7 мыңды құрады және жалпы жұмыспен қамтылғандар саны 164 мыңға жетті. 01.10.1998 ж. Шағын кәсіпкерліктің субьектілер саны 307 мыңды құрады, оларда 1,2 миллион адам жұмыспен қамтылды. Кәсіпкерлік қызметтің негізгі үш саласының ішінен бірінші орынға өндіріс те емес, тұтынушылар мен тауар өндірушілер арасындағы делдалдық та емес, сауда шықты.

Соңғы жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 6 – наурыздағы №3398 «Шағын кәсіпкерлікті дамытуды белсендету және мемлекеттік қолдауды күшейту шаралары туралы» және 1998 жылғы 27-сәуірдегі №3928 «Жеке және заңды тұлғалардың кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне деген құқығын қорғау туралы» жарлықтары кәсіпкерліктің дамуына жаңа күш берді. Осы жарлыққа орай, Қазақстанда шағын бизнесті дамыту жөніндегі алғашқы арнайы орган ретінде сауда және экономика министрлігінің құрамында шағын кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі агенттік құру және оның жұмысын ұйымдастыру ұйғарылды.

Экономиканы тұрақты болуы және оның бәсекелік сипатын қалыптастырудың басты күштерінің бірі кәсіпкерлікті жетілдіру болып табылады. Жалпы кәсіпкерлікті дамыту үшін бірнеше белгілі шарттар орындалуы қажет:


  • Кәсіпкерлік субъектінің белгілі бір дәрежеде еркіндігі мен құқығы болуы қажет. Ол – шаруашылық қызметінің бағытын таңдау, өндірістік, сауда бағдарламаларын анықтау, қаржы көзін таңдау, өнімдерді тасымалдау, өнімге баға белгілеу, табысты өз мұқтажына жұмсау;

  • Кәсіпкерлік қабылданатын шешімдерге, одан туындайтын нәтижелерге тәуекелдікті қажет етеді. Қабылдаған шешімдерге деген жауапкершілік болмайтын болса, ол кәсіпкерліктің де болмағаны;

  • Кәсіпкерлік қызметтің белгілі коммерциялық табысқа жетуге бағдар ұстауы, экономикада қажетті нарықтық құрылым орнатумен байланысты. Яғни кәсіпкерлік дамуы үшін оның құқықтық базасы, әлеуметтік-экономикалық шарттары қалануы керек.

Төртінші шарт жоғарыда аталған шарттардан туындайды. Еркін кәсіпкерлік меншіктің әр түрлі формада, түрде, типте болуын қалайды.

Кәсіпкерлік – қызметтің ерекше бір түрі ғана емес. Бұл тағы да белгілі стиль және тәртіптің типі, жинақтап айтсақ: үлкен бастама, дәстүрден тыс шешімдерді іздестіру, тәуекелге бару, іскерлік қызметтің орын алар жері, ең алдымен кәсіпорын.

Ғылыми жұмысымның тақырыбы «Кәсіпкерлік орта». Ғылыми жұмыс 3 бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім «Кәсіпкерліктің мәні, мазмұны», бұл бөлімде кәсіпкерліктің мәні, мазмұны, экономикалық негізі және кәсіпкерліктің түрлері, тәуекелділіктің мәні деген тақырыптарға тоқталдым.

Екінші бөлім аты «Кәсіпкерлік бәсекелестік». Бұл бөлімде бәсекелестік, оның түрлері, монополияға қарсы мемлекеттік реттеу, кәсіпкерлік құпия, франчайзинг қатынастар жүйесі туралы жазылған.

Үшінші бөлім «Кәсіпкерлік істі мемлекеттік реттеу». Бұл бөлімде кәсіпкерлік істі мемлекеттік реттеудің қажеттілігі, мемлекеттік кәсіпкерлік ісіне араласу жағдайы, себептері, Қазақстанда кәсіпкерлікті басқару туралы баяндалған.

Ғылыми жұмысымның басты мақсаты «Кәсіпкерлік орта» деген тақырыпты ашу. Кәсіпкерлік орта деп аталғандықтан кәсіпкерліктің айналасындағы барлығына да тоқталуы керек деп ойлаймын. Оның ішіне бастысы кәсіпкерліктің өзі, оның түрлері, кәсіпкерлікте болатын тәуекелдер, бәсекелестіктер туралы тоқталу керек. Сонымен қатар, кәсіпкерлік істі мемлекеттік реттеу керек, кәсіпкерлікті мемлекеттік қорғап және қолдау шаралары, кәсіпкерлікті мемлекеттік басқару да кәсіпкерлік ортаға кіреді.

І – БӨЛІМ. Кәсіпкерліктің мәні, мазмұны

1.1. Кәсіпкерліктің мәні, экономикалық негізі

Кәсіпкерлік дегеніміз – белгілі бір істі істей білу. Іс істеу – адамның белсенділігі және іскерлігі. Белсенділік және іскерлік – адамның еркін өмір сүру түрі. Белсенділік, іскерлік адамдардың мінез-құлқы типтерімен байланысты болатын шығар. Кәсіпкерлік екі мағынада пайдаланылады: біреуі – белгілі бір істің түрі; екіншісі – сол іспен шұғылданатын нақтылы қоғамдық тап. «Кәсіпкерлік» деген ұғым өмірде экономикалық белсенділікке қолданылады. Антогонистік қоғамда, ол адамды адамның қанауы, ал кәсіпкерлер табы қанаушы тап болады.

Экономикалық белсенділік – бұл барлық энергетикалық процесс тауар өндірісімен айырбас арқылы пайда табуымен байланысты. Өндірісте, айырбаста шектелген белсенділігін емес, адамдардың жан-жақты белсенділігін талап етеді. Сондықтан экономикалық белсенділік, іскерлік еріксіз немесе еркін болуы керек.

Кәсіпкерлік – ежелден келе жатқан адамдардың іскерлік белсенділігі, қабілеті. Ал оның дамуы орта ғасырдан басталды: көпестер, саудагерлер, қол өнері қызметкерлері. Кәсіпкерліктің алғашқы дамуында кәсіпкер құрал жабдықтарға иелік ете отырып, өздері сол кәсіпорында қолдап жұмыс істеген. Бұл тауарлы өндірістің бастапқы жабайы түрі.

ХVІ ғасырдың ортасынан бастап акционерлік капитал пайда болды, акционерлік қоғамдар құрыла бастады. Мысалы, 1554 жылы Англия сауда компаниясы, 1660ж. Ост-Индия сауда компаниясы. ХVІІ ғасырдың аяғында акционерлік банктер іске қосылды.

Ресейде, Қазақстанда кәсіпкерлік ерте заманнан келеді. Қазақстанның көшпелі шаруашылық жағдайында кәсіпкерлік еркін дамыған жоқ. Ресейде Петр І патшалық ету кезеңінде кәсіпкерлік ерекше дамыды, бірақ крепостной қоғам тежеді. Капитализмнің дамуымен кәсіпкерлік те дамыды. 1861 жылғы реформадан кейін темір жол құрылысы, ауыр өнеркәсіп салалары орын алды.

Кәсіпкерліктің субъектісі – жеке адамдар, сонымен бірге, заңды тұлғалар, біріккен серіктестер: арендалық ұжым, ашық және жабық акционерлік қоғамдар, шаруашылық ассоциациялары, әртүрлі бірлестіктер.

Кәсіпкерліктің ерекшеліктері:


  • дербестік және тәуелсіздік;

  • экономикалық ынталылық;

  • шаруашылық тәуекел және жеке жауапкершілік;

  • жаңашылдық.

Экономиканың негізін екі фундаментальды ақиқат құрайды. Олар шын мәнінде экономиканың барлық проблемаларын қамтиды.

Бірінші ақиқат: қоғамның материалдық қажеттілігі шексіз немесе тойымсыз.

Екінші ақиқат: экономикалық ресурстар шекті немесе сирек.

Экономикалық ресурстар дегеніміз – тауар өндіруде қолданылатын барлық табиғат, адам және адамдардың өндірген құрал жабдық ресурстары. Олар: фабрика, зауыт және ауылшаруашылық құрылыстары; әртүрлі жабдықтар, инструменттер, өндірістік тауарлар мен ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруге қолданылатын машиналар; әртүрлі транспорт, байланыс құралдары; материалдық байлықты өндіруге қатынасатын алуан түрлі еңбектер; жер және қазбалы байлықтар. Олар мынандай үлкен екі категорияға бөлінеді:



  1. Материалдық ресурстар – жер оның табиғи байлығы және капитал;

  2. Адамдар ресурсы – еңбек және кәсіпкерлік қабілеттілік.

Жер – деген түсінікке барлық табиғи ресурстар жатады, өндірісте қолданылатын барлық «табиғаттың әншейін байлығы». Оған мынандай ресурстар кіреді: жыртылған жер, жайылыстар, ормандар, минералдар мен мұнайдың кен байлықтары, су ресурстары т.б.

Капитал немесе «инвестициялық ресурстар» - барлық өндірілген өндіріс құралдары, яғни инструменттер, машиналар, жабдықтар, фабрика – зауыттар, қойма, тарнспорт, құралдарының барлық түрлері және тауар өткізу торабы. Құрал жабдықтарды өндіру және қорландыру процесін инвестициялау дейді.

Тауарлар екіге бөлінеді: 1. Инвестициялық тауарлар, олар тұтыну тауарларын өндіруді қамтамасыз етеді; 2. тұтыну тауарлары қоғамның қажетін тікелей қанағаттандырады. Инвестициялық тауарға ақша капиталы кірмейді. Ақша ештеңе өндірмейді, яғни экономикалық ресурсқа жатпайды. Ақша – бұл финанс капиталы, яғни нақты капитал емес, жалған капитал.

Еңбек – бұл кең мағыналы термин. Экономистер оны адамдардың тауар өндіру және қызмет көрсетудегі күш ақыл-ой қабілеттіліін бейнелейді.

Кәсіпкерлік қабілеттілік – адамдардың ерекше таланттылығы. Оны түсіну үшін кәсіпкердің төрт функциясын түсіну керек.

1. Кәсіпкер барлық ресурстарды: жер, капитал, еңбекті өнім өндіру процесіне қосу ынтасын өз жауапкершілігіне алады, яғни өндірістің қозғаушы күші, себебі істеген ісі пайда беретініне сенеді.

2. Кәсіпкер өндіріс процесінде барлық негізгі шешімдерді өз қолына алады және фирманың іс бағытын айқындайды.

3. Кәсіпкер – бұл жаңашыл, коммерциялық негізде жаңа тауар өндіруді, жаңа технологияны енгізу, бизнесті ұйымдастырудың жаңа формаларын енгізуге аянбай жұмыс істейтін кісі.

4. Кәсіпкер – бұл тәуекелге баратын кісі. Тәуекелге бару үшін істелетін істің егжей-тегжейін айқын талдап, қортындысында ие болатынын білген жөн. Кәсіпкер тек қана өз уақыты, еңбегін, іс қабілеттілігін тәуекелге салмайды, сонымен бірге өндіріске кеткен өзінің және өзінің серіктестерінің немесе акционерлердің қаржыларын тәуекелге салады.

Кәсіпкерлік істің қозғаушы күші – мол пайда табу. Өндіріс факторлары жеке кәсіпорындарға ақшалай табыс ретінде беріледі.



  1. Материалдық ресурстар бергені үшін капиталға пайыз алады.

  2. Жер, су бергеніне рента алады.

  3. Жұмыс күшін жалдағаны үшін еңбек ақы алады.

  4. Кәсіпкерлік табысты пайда деп атайды, ол зиян да болуы мүмкін.

Экономикалық ғылым сирек ресурстарды тиімді пайдалану жөніндегі ғылым екенін кәсіпкер жеке түсінуі керек. Экономикалық тиімділік – бұл «шығын-өнім» мәселесін қамтиды. Экономикалық тиімділіктің критериясы әрбір өнім бірлігіне шаққанда неғұрлым аз шығын жұмсау. Қорытып айтқанда қоғам барлық ресурстарды тиімді пайдаланып неғұрлым көп өнім өндіруге талаптанады. Ол үшін ресурстарды толық іске қосып толық қамтуға және өндіріс көлемін толық қамтамасыз ету қажет. «Толық қамтылу» деген пайдалануға жарамды барлық ресурстарды іске қосу, жұмысшылар жұмыссыз қалмауы керек; егіске жарамды жерлер, күрделі жабдықтар бос тұрмауы, яғни барлық жарамды ресурстарды іске қосу керек. Ресурстардың барлығы жұмыс істесе шығын көбейеді: жұмысшылар еңбек ақы алады, инвестициялық тауарлар сатылады т.б. яғни ел байиды, нарық тауарға толады, адамдардың әлеуметтік тұрмысы жақсарады. Қазақтың мақалы бар «шығын болмай, тығын болмайды» деген. Қоғамның өмір сүру негізін материалдық өндіріс, яғни адамдарға қажет байлықты өндіру құрайды.

Кәсіпкер өндірістің негізгі үш факторын іске қосып, өзі төртінші фактор болып ресурс иелеріне төлем төлеуді қамтамасыз етеді: жұмыс күшіне еңбек ақы; капиталға пайыз; жер иелеріне рента; кәсіпкерлерге кәсіпкерлік пайда.

Социализм мен капитализмнің экономикалық айырмашылығы: біріншісінде жұмыс күшінің өндірген қосымша құны бүкіл қоғам мүддесіне жұмсалады, ал екіншісінде – қосымша құн үшке бөлінеді: пайызға, рентаға және кәсіпкерлік пайдаға.

Жаңа қоғамның негізін тұрақты, тиімді құру үшін кәсіпкерлер табын даярлау керек. Кәсіпкерлік қабілеті қаражаты бар тапты құру үшін, бірінші, білім керек, екінші, өкімет экономикалық саясатын түбегейлі қайта қарауы қажет. Елдің болашақ тағдырын білікті кәсіпкерлер шешеді және олар өз елінің гүлденуіне аянбай жұмыс істейтін, өзінің де пайдасын табатын, іскер азаматтар болуы керек.


1.2. Кәсіпкерліктің түрлері

Кәсіпкерлік бірнеше түрлері бар. Атқаратын қызметіне қарай былай бөлінеді: өндірістік, коммерциялық, қаржылық және консультациялық.

Меншік түрлеріне бойынша жеке меншік, мемлекеттік, муниципалды, сонымен бірге қоғамдық құрылымдар меншігі.

Меншіктер саны бойынша кәсіпкерлік іс жеке адамның немесе коллективтің құрамы болуы керек.

Кәсіпкерлік формасы бойынша екіге бөлінеді: ұжымдық-құқықтық және ұжымдық-экономикалық.

Ұжымдық-құқықтық кәсіпкерліктер. Серіктестер – адамдардың бірлестігі, онда екі және одан да көп серіктестер болады. Олар өз капиталдарын қосады және әрбір мүше өзінің капиталымен жеке жауап береді. Олар шексіз жауапкершілікті серіктестер, командитті (сенімге негізделген) серіктестер шектелген жауапкершіліктер.

Ұжымдар (қоағмдар) өздерінің қаражаттарымен бірігеді. Шектелген жауапкершілікті қоғам мүшелері ұжымның міндеттемелеріне жауап бермейді. Олардың жауапкершілігі өздерінің қосқан пайларының мөлшерінде болады. Ал қосымша жауапкершілігі бар ұжымдар өздерінің барлық дүние-мүлкімен жауапты.

Акционерлік қоғамдар: ашық және жабық түрде болады.

Кәсіпкерліктің ұжымдық-экономикалық формалары.

Концерн – көпсалалы акционерлік қоғам, әр түрлі компаниялардың бақылау пакеттерін сатып алады.

Ассоциация – экономикалық дербес кәсіпорындардың ерікті бірлестігі. Маманданған кәсіпорынның негізгі мақсаты ғылыми-техникалық, өндірістік, экономикалық және әлеуметтік міндеттерді бірігіп шешу.

Консурциум – бұл ірі қаржы операцияларын істеу үшін біріккен кәсіпкерлердің бірлестігі.

Сидикат – бір саланың кәсіпкерлерін тауар сатуға біріктіру.

Картель – тауар, қызмет көрсету бағасы, нарық аудандарын бөлу, өндіріс мөлшері жөнінде келісім.

Қаржы - өнеркәсіп тобы – банк, сақтандыру және сауда капиталының бірлестігі.

Қазір Қазақстанда мынадай ұжымдық-құқықтық формалары кәсіпкерліктер құрылуда.



  1. Шаруашылық серіктестік – толық серіктестік. Олардың мүшелері өзара кәсіпорын құру жөнінде келісімге қол қояды. Құруға керекті серіктес мүшелердің қаражаттарын біріктіру. Серіктестіктің пайдасы, зияны пайға қарай бөлінеді. Әрбір мүше өзінің табысына пайданы қосып сонан салық төлейді.

  2. Коммандиттік серіктестік. Барлық серіктестік мүшелері серіктестік атанған іс жүргізушілер ішінен біреу немесе бірнеше мүшелері зиянның тәуекелін өздерінің қосқан үлестері мөлшерінде жауапкершілікке алады.

  3. Шектелген жауапкершілікті қоғамдар. Оның мүшелері қоғамның міндеттемелеріне жауап бермейді, ал зиян тәуекеліне өздерінің үлестерімен жауап береді.

  4. Қосымша жауапкершілігі бар қоғам міндеттемелеріне өздерінің заттарымен жауап береді.

  5. Ашық және жабық акционерлік қоғам.

  6. Өндірістік кооперативтер – ерікті түрде біріккен қоғамдар.

  7. Унитарлы кәсіпорын – коммерциялық мекеме, меншіктік құқығы жоқ. Унитарлық кәсіпорынның мүліктері бөлінбейді. Унитарлық кәсіпорын тек мемлекеттік немесе муниципалдық болады. Унитарлы кәсіпорын федералдық қазына кәсіпорны болып есептеледі.

1.3. Кәсіпкерлік тәуекелдің мәні және түрлері

Нарық жағдайында тәуекел кәсіпкерліктің шешуші элементі. Тәуекелдің ерекшеліктері кәсіпкерлік істе белгісіздік, күтпегендік, сенбеушілік болжамдылық жетістікке жетуге кедергі болуы мүмкін. «Кәсіпкерлік іс туралы» заңда жазылғандай кәсіпкерлік іс өз тәуекелділігіне, кәсіпорынның ұйымдастыру құқықтық формасы шегіндегі мүліктік жауапкершілігіне негізделген.

Нарық жағдайында тәуекелділікті бәсеңдету үшін бірнеше әдістер бар: кәсіпкерлік жоба жасауға істі жетік білетін кеңесшілерді, мамандарды тарту; жобалау алдындағы мүмкін болатын қиындықтарды жете білу; өндірілетін өнімге сұранысты болжау; тәуекелділікті жобаға қатынасушылардың өзара бөлісуі; сақтандыру; болжамсыз шығындарды жабуға керекті қаражатты кезекке ұстау.

Тәуекелдің жұмыс тапсырушы мен жұмысты орындаушы арасындағы бөлінуінің жалпы концептуалды моделін.

Тәуекелділіктің бірнеше түрі бар: өндірістік, коммерциялық, қаржылық, инвестициялық, нарықтық.

Өндірістік тәуекел. Бұл өнімді өндірумен және оны өткізумен байланысты. Бұл тәуекелге өнімнің өнімнің белгіленген көлемінің өзгеруі және өткізу қарқыны, материалдық және еңбек шығындарының артық жұмсалуы. Нарықтағы баға деңгейінің кемуі, брак, рекламация т.б. себептер тікелей ықпал жасайды.

Коммерциялық тәуекел – бұл кәсіпкердің сатып алған өнімді нарықта өткізуінде пайда болады. Коммерциялық келісім жағдайында бағаның төмендеуін, тауар өткізуде кездесетін қосымша шығындарды ескеру керек.

Қаржылық тәуекел – қаржылық кәсіпкерлік ісінде кездеседі. Мысалы, қаржылық келісім тәуекелділік шарттасушылардың бір жағының төлем қабілеттілігінің кемдігінен пайда болуы, т.б.

Инвестициялық тәуекел – бұл кәсіпорынның өзінің және сатып алған құнды қағаздарының құнсыздануы арқылы болуы мүмкін.

Нарықтық тәуекел – бұл ұлттық ақша бірлігінің нарықтағы процент ставкасының немесе шет ел келісім серіктестіктерінің валюта курсының өзгеруімен байланысты.

Ойлаған жобаны іске асыру мақсатында потенциалды серіктестіктерді неғұрлым көп тарту үшін тәуекел талдау жасайды.

Тәуекелді талдаудың схемасы:


  1. Нақты тәуекел түрлерінің ішкі және сыртқы факторларының ықпалдарын айқындау.

  2. Айқындалған факторларды талдау.

  3. Нақты тәуекел түрін қаржы жағынан екі тәсілмен бағалау:

а) қаржылық тұрақтылығын, дәулетін анықтау;

б) жұмсалатын қаражаттың экономикалық тиімділігін анықтау.



  1. Тәуекелдің жорамал деңгейін анықтау.

  2. Бөлек операцияларының тәуекелдерінің жорамал деңгейін талдау.

  3. Тәуекелді бәсендету үшін шаралар жасақтау.

Екінші басты мәселе тәуекелден келетін зияндар түрлерін анықтау.

  1. Материалдық зиян – бұл жобада қаралмаған өндірістік шығындар, немесе тікелей материалдық объектілерді, өнімдерді, материалдарды, шикізаттарды жоғалту.

  2. Еңбек зияны – жұмыс уақытын жою, кехдейсоқ немесе болжамсыз себептермен болған жағдайда.

  3. Қаржылық зиян – бұл тікелей ақшалай зиянмен байланысты: төлемдер, айыптар, уақыты озған несиелерді төлеу, қосымша салықтар т.б.

  4. Уақытты жою – бұл егер кәсіпкерлік іс жобалы уақыттан кейін қалатын болса пайда болады.

  5. Арнайы зиян түрлері – бұл зияндар адам денсаулығына және адам өміріне, қоршаған ортаға, кәсіпкердің беделіне кесел келтіретін жағдайлар.

  6. Саяси факторларға байланысты: іскерлік белсенділіктің бәсеңдеуі, еңбек және орындау тәртібінің деңгейінің бәсеңдеуі, төлем мен өзара есептесудің бұзылуы, салық ставкасының тұрақсыздығы т.б.

ІІ – БӨЛІМ. Кәсіпкерлік бәсекелестік, франчайзинг жүйесі

2.1. Бәсекелестіктің мазмұны және түрлері

Нарықтық экономиканың басты принципі – тауар өндірушілердің еркін бәсекелестігі. Бәсекелестік – бұл өндірушілер арасындағы күрес немесе жабдықтаушылар, кәсіпорындар, фирмалар арасындағы өнім өндіру және өнімді тиімді өткізу үшін күрес.

Нарық жүйесінде бәсекелестік тұтынушылар үшін сайыс. Бұл нарықтағы өзіне лайықты орын алу үшін күрес, ол тауардың сапасы мен арзандығына байланысты.

ХІХ ғасырдың орта кезінде нарықта еркін бәсекелестік кең өріс алды. Мұндай нарық сұраныс пен ұсыныс негізінде бағаның ауытқуымен байланысты болды. Ол тұтынушылардың талабымен есептесіп, тауардың сапасын жақсартуға, еңбек өнімділігін арттыруға, өндірісті ұлғайтуға, өнім бірлігіне шығынды азайтуға ынталандырды. Бәсекелестің негізгі екі түрі бар.

1). Бір сала ішіндегі бәсекелестік – бұл бір саланың тауар өндірушілері арасында болады. Онда ең жоғары еңбек өнімділігі бар, ғылыми-техниканы қолданатын кәсіпорын жоғары табысқа жетеді, ал артта қалған кәсіпорындардың табыстары төмен болады, тіпті күйреуі мүмкін.

2). Салааралық бәсекелестік – бұл халық шаруашылығы салалары аралық күрес. Мұнда төмен деңгейдегі пайда табатын саладан капитал пайда деңгейі жоғары салаға құйылады. Оның қортындысында жаңа сапалы тауарлар көптеп шығарылып, халықтың әл-аухаты жоғарылайды. Ол саладағы пайда деңгейі төмендегенде ғылыми-техникалық жетістіктер негізінен жаңа тауарлар пайда болады, сапасы жоғарылайды, халықтың табысы көбейген сайын сұраныс өседі, осылай жаңа сатыға өсе береді.

Еркін бәсекелестіктің негізгі белгілері – бұл шексіз нарыққа қатынасушылардың әр қайсысы кәсіпкерліктің қай түрімен болмасын айналысуы және кәсіпкерлікті қоюға еркі бар. Кәсіпкерліктің алуан түрі бар: біреу, өзі араласып кәсіп жасайды, екіншісі – жұмысшылар жалдайды, үшіншісі – акция, облигация сатып алады, төртіншісі, ақшасын банкке салады, кейбіреу өндірісті қаржыландырады т.б. Әрбір кәсіпкер немесе бәсекелестікке қатынасушылар өз ақшаларына қосымша пайда тауып, байлығын арттыруға тырысады, кем дегенде сол пайда арқылы күнін көруге тырысады. Еркін бәсекелестік жағдайда ұсыныс пен сұраныстың ауытқуы бір салада өнімді көп шығарып дағдарысқа ұшыраса, екінші салада тауар жетіспейді. Бір фирманың табысы өссе, екіншісі күйрейді, сондықтан өндіріс пен капитал шоғырланып орталықтанады, ол монополия құрылуына әкеледі. Яғни нарықты басып алады, әлсізді шығарады. Монополия деген сөздің мағынасы: моно – жалғыз, полия – сату.

Жетілмеген бәсекелестік нарығы – бұл таза монополия, монополиялық бәсеке, олигополия.


  1. Таза монополия - өнім шығаратын бір фирма бәсекелестігі жоқ. Оның төрт ерекшелігі бар: 1) сатушы тек қана бір фирма; 2) сатылатын тауардың орнын басатын тауар жоқ; 3) монополист нарықты билейді, бағаны бақылайды; 4) нарыққа кірер жерге өте алмайтын кедергі қояды. Бұларға: электр, газ компаниялары, сумен қамту, байланыс, жылу жүйесі, транспорт, кәсіпорындары, метрополитен т.б. жатады. Көпшілік жағдайда бұл салалар мемлекет меншігінде болады, немесе мемлекеттің қатаң бақылауында болады.

  2. Монополиялық бәсеке – нарық жағдайында көп өндірушілер ұқсас тауарлар ұсынады. Бұл жағдайда өнім және қызмет сапасы үлкен роль атқарады, оған қосымша сатып алғаннан кейін сервис жұмысын атқарады.

  3. Олигополия – мұның ерекшелігі бәсекелестіктер көп болмайды. Олар өзара баға жөнінде, нарықты бөліп алу жөнінде келісім жасайды. Мұнда бәсекелестік шектелген. Олигополия сөзінің мәні: Олиго – көп емес, азғантай; полия – сату.

2.2. Монополияға қарсы мемлекеттік реттеу

Монополияға қарсы мемлекеттік реттеу нарықтық экономика елдерінде қолданылады. Монополиялық өндірісті тежеу мақсатында мемлекет әкімшілік және экономикалық шарадан басқа, заң бойынша әділеттілік шаралар қолданады.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет