ҚҰҚЫҚ негіздері дәріс құрастырушы


ҚР адамдардың және азаматтардың жағдайының конституциялық негіздері



бет2/9
Дата14.06.2016
өлшемі0.53 Mb.
#136132
1   2   3   4   5   6   7   8   9

3. ҚР адамдардың және азаматтардың жағдайының конституциялық негіздері.

Азаматтық дегеніміз жеке тұлғаның белгілі бір мемлекетпен болған тұрақты саяси-құқықтық байланысы айтылады, бұл байланыс олардың өзара құқықтары мен міндеттерінің жиынтығынан көрінеді.

ҚР Конституциясы мен 1991 жылы 20-желтоқсанда қабылданған «ҚР азаматтығы туралы» Заңға сәйкес азаматтықтың принциптері белгіленген. Олар:

1) ҚР-да әрбір адамның азаматтық алуға құқығы бар. Ешкімді де азаматтығынан немесе азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға болмайды.

2) ҚР-ның азаматтары азаматтықты алу негіздерінен, тегіне, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, нәсілі мен ұлтына, жынысына, біліміне, тіліне, дінге көзқарасына, саяси және өзге де сенімдеріне, кәсібінің түрі мен сипатына, тұрғылықты жеріне және басқа мән-жайларына қарамастан Заң алдында тең.

3) ҚР азаматының республикадан тыс жерлерде тұруы азаматтықты тоқтатуға негіз бола алмайды, яғни ҚР азаматтығы сақталады.

4) ҚР азаматының немесе азаматшасының республика азаматы болмаған адаммен некеге тұруы азаматтықтың өзгеруіне алып келмейді, яғни Қазақстан азаматтығы сақталады.

5) ҚР мемлекетаралық шарттарында көзделген реттерді қоспағанда республика азаматын басқа мемлекетке тапсыруға болмайды.

6) Республикадан тыс жерлердегі ҚР-ның азаматтарын сақтау және олардың Заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау жөнінде ҚР қамқорлық жасап, шаралар қолданады. Республика өзінің органдары мен лауазымды адамдары арқылы азаматтар алдында жауапты есептеледі.

7) Мемлекетаралық шарттарда көзделген реттерді қоспағанда, ҚР-ның азаматы болып танылған адам басқа мемлекеттің азаматы болып танылмайды, яғни екі азаматтыққа жол берілмейді.

Республика аумағынан кетуге мәжбүр болған және басқа мемлекеттерде тұратын барлық қазақтардың басқа мемлекет азаматтығымен қатар, егер бұл өздері жасап тұрған мемлекеттің заңдарына қайшы келмесе, ҚР-ның азаматы болу құқығы танылады.


ҚР «Азаматтығы туралы» Заңында азаматтық алудың бірнеше негіздері белгіленген:

1) тууы бойынша азаматтыққа ие болу.

Бала туған кезде ата-анасының екеуі де ҚР-ның азаматы болса, ол қай жерде туғанына қарамастан ҚР-ның азаматы болып танылады.

Егер бала туған кезде ата-анасының екеуі де ҚР-дан тыс жерлерде тұрақты тұрып жатқан болса, баланың азаматтығы ата-анасының жазбаша түрде білдірген келісімі бойынша анықталады. Егер ата-анасының азаматтығы әр түрлі болып, бала туған кезде олардың біреуі ҚР азаматы болған жағдайда бала Республика аумағында туса, ол ҚР азаматы болып танылады. Бала ҚР-дан тыс жерде туса, бірақ ата-анасының немесе олардың біреуінің бұл кезде ҚР аумағында тұрақты тұрғылықты жері болса, ҚР-ның азаматы болып танылады. Ата-анасының екеуі де белгісіз ҚР аумағындағы бала ҚР-ның азаматы болып табылады. ҚР аумағында тұрақты тұрғылықты жері бар, бірақ азаматтығы жоқ адамдардың ҚР аумағында туған баласы ҚР азаматы болып танылады.

2)ҚР азаматтығын қабылдау. Басқа мемлекеттердің азаматтары және азаматтығы жоқ адамдар олардың өтініштері бойынша Заңға сәйкес ҚР азаматтығына қабылдануы мүмкін. Азаматтыққа қабылдау туралы өтініштер бойынша шешімді ҚР Президенті қабылдайды. ҚР азаматтығына Республика аумағында кемінде он жыл тұрақты тұрып келген, не ҚР азаматтарымен некеде тұратын адамдар қабылдануы мүмкін.

3) ҚР мемлекетаралық азаматтық шарттары негізінде ҚР азаматтығын алу. Мұндай шарттар түзілгенде басқа мемлекеттерде тұрған қазақтар ҚР азаматтығына ие бола алады.

4)Заңда көзделген басқа негіздер бойынша мысалға, бұрын ҚР-ның азаматы болған адамның өтініші бойынша заң талаптарына сәйкес оның ҚР азаматтығы қалпына келтірілуі мүмкін.

ҚР «Азаматтық туралы» Заңына сәйкес азаматтық төмендегі жағдайларда тоқтатылады.

1) ҚР азаматтығынан шығу.

Азаматтықтан шығуға адамның Заңда белгіленген тәртіппен жасаған өтініші негізінде рұқсат етіледі. Бірақ, егер шығу туралы өтініш жасаушы адамның ҚР алдындағы өтелмеген міндеттері болса азаматтықтан шығаруға бас тартылады. Егер шығу туралы өтініш жасаған адам айыпкер ретінде қылмысты жауапқа тартылған болса, не заң жүзінде күшіне енген сот үкімі бойынша жазасын өтеп жүрген болса, немесе ол адамның ҚР азаматтығынан шығуы ҚР-ның мемлекет қауіпсіздігі мүдделеріне қайшы келсе, азаматтықтан шығуға жол берілмейді.



2) Азаматтықтан айырылу.

Төмендегі жағдайларда азаматтықтан айырылады.

а)ҚР мемлекетаралық шарттарында көзделген реттерде. Мысалы, Қазақстанда жасаушы қырғыздарға Қырғыстан Республикасы азаматтығын алу мүмкіндігі туралы Қазақстан мен Қырғыстан Республикалары арасында шарт түзілсе;

б) ҚР азаматының басқа мемлекетте қауіпсіздік қызметіне, полицияға, әділет органдарына немесе өзге де басқару органдарына қызметке орналасуы салдарынан;

в) егер ҚР-ның азаматтығы көпе-көрінеу жалған мәліметтер немесе жалған құжаттар табыс етілу нәтижесінде алынған болса;

г) ҚР-ның азаматы болып табылатын, басқа мемлекеттердің азаматтары асырап алған бала, егер олар ҚР-дан тыс жерлерде тұрақты тұратын болса, асырап алушылардың өтініші бойынша ҚР азаматтығынан шығарылады.



3) Мемлекетаралық азаматтық жөніндегі шарттар негізінде.

Жеке тұлғаның қоғамдағы жағдайы мемлекеттің өркениеттілігін көрсетеді. Конституцияда адам және азаматтардың мынандай жеке құқықтары бекітілген:

1) адамның ең маңызды табиғи құқығы-әркімнің өмір сүру құқығы. Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ.

Өлім жазасы-ерекше ауыр қылмыс жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленеді.

2) Адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды.

Ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге болмайды.

3) Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар, яғни әрбір адам өз еркімен дінге көзқарасын анықтауға құқылы. Дінге сену немесе сенбеу, дінді таңдау әркімнің өз жұмысы. ҚР-да діни бірлестіктер мемлекеттен ажыратылған, яғни діни ұйымдар мен мемлекет бір-бірінің ісіне араласпайды, діни ұйымдар Республика Конституциясына, басқа да Заңдарға қайшы келетін әрекеттерге жол бермеуге тиіс.

4) ҚР-да әркімнің жеке өміріне, өзінің және отбасының құпиясына қол сұғылмауына, абыройы мен ар-намысының қорғалуына құқығы бар. Әркімнің жинаған қаражаты, жазысқан хаттары, телефон арқылы сөйлескен сөздері, пошта, телеграф арқылы алынған хабарларының құпиялығы сақталады.

5) Республикада заңды түрде жүрген әрбір адамның, оның аумағында еркін жүріп-тұруға және тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алуға құқығы бар. Азаматтардың Республикадан тыс жерлерге кетуіне, кедергісіз қайтып оралуына құқығы бар.

6) Тұрғын үйге қол сұғылмайды. Соттың шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді. Тұрғын үйге басып кіруге, оны тексеруге және тінтуге заңмен белгіленген реттер мен тәртіп бойынша ғана жол беріледі.

Конституцияда азаматтардың демалу құқығы бекітілген. Жұмыс күнінің ішінде үзілістің болуы, апталық демалыс күні, жыл сайын берілетін еңбек демалысы, мемлекет тарапынан белгіленген мейрам күндері-тынығу құқығының түрлері болып танылады.

Конституцияда азаматтардың білім алу құқығына кепілдік берілген. Білім алу құқығы жастардың орта білім алудың міндеттілігімен басталады. Орта білім алған азамат өзінің білімін одан кейін колледждерде, институт, университеттерде жалғастыруға мүмкіндігі бар. Мемлекеттік оқу орындарында тегін оқытылады, студенттерге стипендия төленеді. Конституция бойынша ақылы білім алуға да жол беріледі. Азаматтарға құқықтар мен бостандықтар берілуімен бір-қатар көптеген құқықтық міндеттер жүктеледі. Себебі құқықтар мен міндеттер қатар жүреді, оларды ажырату мүмкін емес. Әрбір адам басқа біреудің алдында, қоғам және мемлекет алдында міндетті болады, өзара байланыста болады.

Олар төмендегілер:

1)Әрбір адам Республика Конституциясын сақтауға, Заңдарды сақтауға, орындауға міндетті, яғни Заңды бұзбауға тиіс.

2)Әрбір азамат басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен ар-намысын құрметтеуге міндетті.

3) Азаматтар заңды түрде белгіленген салықтарды, алымдарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеуге міндетті.

4) ҚР қорғау-оның әрбір азаматының қасиетті борышы және парызы. Белгілі жасқа толған (18 жасқа) республика азаматтары заңда белгіленген тәртіп пен түрлер бойынша әскери қызмет атқарады.

5) Әркім ҚР-ның мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті. Ту, елтаңба, әнұран елдің қасиетті белгілері болып есептеледі.

6)Азаматтар тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қамқорлық жасауға, тарих пен мәдениет ескерткіштерін қорғауға міндетті. Сонымен қатар азаматтар табиғатты сақтауға және табиғат байлықтарына ұқыпты қарауға міндетті.

ҚР-ның Конституциясы бойынша неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата-ананың табиғи құқығы әрі парызы.



Шет ел азаматтары екі топқа бөлінеді:

1) Республикада тұрақты жасаушы шет ел азаматтары;

2) Республикаға уақытша келіп-кетуші шет ел азаматтары, олар белгілі бір мерзім өткен соң Республикадан шығып кетуі тиіс.

1995ж. 19-маусымда қабылданған «Шет ел азаматтарының құқықтық жағдайы туралы» Президент Жарлығында шет ел азаматтарының құқықтық мәртебесі толық белгіленген.

Жарлыққа сәйкес кейбір жағдайларда шет ел азаматының ҚР-ға келуіне рұқсат етілмейді:

а)мемлекет қауіпсіздігін көздеп, қоғамдық тәртіпті және халықтың денсаулығын сақтау мақсатында;

б)Қазақстан азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында;

в) егер шет ел азаматы Қазақстанның егемендігіне қарсы шықса;

г) егер ол мемлекетаралық, ұлтаралық немесе діни араздыққа шақырса;

д) егер ол террорлық әрекеті үшін сотталған болса.

Кейбір жағдайларда шет ел азаматтары республика аумағынан мәжбүрлеп шығарылып жіберіледі, егер оның әрекеті мемлекет қауіпсіздігіне, халықтың денсаулығына қайшы келсе.

4. Қазақстан Республикасының конституциялық құрылымының негіздері.

Әрбір мемлекетке тән бір ортақ көрініс-бұл мемлекетті ұйымдастыруда және мемлекеттік құрылысында өзіне ғана үйлесімді ерекшеліктердің болуы.

Конституциялық құрылыс бұл- сол елдің Конституциясында бекітілген, мемлекетті құрудағы ерекше бір әдіс немесе ерекше бір форма.

ҚР Конституциясының 1-бабына сәйкес, «Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде бекітеді, оның жоғары құндылығы ретінде адам оның өмірі, құқығы мен бостандығын қояды » деп жазылған.

Басқару тұрпаты жағынан Қазақстан мемлекеті республика болып есептеледі. Қазақстан-Президенттік басқарудағы республика.

Зайырлы сипаты жағынан Қазақстан мемлекетіне бірнеше көріністер тән. Қазақстанда дін мемлекеттен бөлінген. Барлық діндер және діни бірлестіктер заң алдында бірдей.



Мемлекеттің демократизмдік деңгейі-елде халық билігінің шын мәнісінде толық қамтамасыз етілуімен бейнеленеді: биліктің заң шығарушылық, атқарушылық, соттық болып бөлінуі саяси және идеологиялық әралуандылық жергілікті өзін-өзі басқаруы сияқты маңызды салаларынан көрінеді. ҚР Конституциясының 3-бабында «Мемлекеттік биліктің басты, әрі бірден-бір қайнар көзі-халық болып табылады» деп жазылған.

ҚР Конституциясының 7-бабына сәйкес ҚР-да мемлекеттік тіл-қазақ тілі болып табылады.



5. Қазақстан Республикасындағы сайлау жүйесі.

Сайлау жүйесі мемлекеттік құрылыстың негізгі элементі болып табылады. ҚР сайлау жүйесі мен сайлау құқығы халықтық егемендіктің бір белгісі ретінде көрінеді, соған байланысты Президент сайлауы, Мәжіліс депутаттары мен жергілікті мәслихат-сайлауы жүргізіледі.



Жалпыға бірдей белсенді сайлау құқығы-Республиканың 18 жасқа жеткен азаматтарының тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, сайлауға дауыс беруге қатысу құқығы.

Бәсең сайлау құқығы-ҚР азаматтарының ҚР Президенті, ҚР Парламентінің, мәслихатының депутаты немесе жергілікті өзін-өзі басқару органына мүше болып сайлану құқығы.

Сайлауға сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімімен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар қатыспайды.



Тең сайлау құқығы-сайлаушылар Республика Президенті, Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттары сайлануына тең негіздерде қатысады әрі олардың әрқайсысының бір сайлау бюллетеніне тиісінше бір даусы болады.

Төте сайлау құқығы-Республика Президентін, Парламенті мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін азаматтар тікелей сайлайды.

Жанама сайлау құқығы-Парламент Сенатының депутаттарын сайлауға таңдаушылар мәслихаттардың депутаты болып табылатын Республика азаматтары қатысады.

Жасырын дауыс беру-Республика Президентін, Парламентінің және мәслихаттарының депутаттарын, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауда жасырын дауыс беріледі әрі сайлаушылардың еркін білдіруіне қандай да болсын бақылау жасау мүмкіндігіне жол берілмейді.

Сайлау органдары. Сайлау комиссияларының біртұтас жүйесін мыналар құрайды:

-Республиканың орталық сайлау комиссиясы;

-аумақтық сайлау комиссиялары;

-округтік сайлау комиссиялары;

-учаскелік сайлау комиссиялары.

Сайлау комиссияларының өкілеттік мерзімі-5 жыл.




Әдебиеттер:
1. Ғ.Сапарғалиев. ҚР Конституциялық құқығы.-Алматы, 1998 ж.

2. Е.Баянов. Мемлекет және құқық негіздері.-Алматы, 2002 ж.

3. Н.Дулатбеков, С.Амандықова, А. Түрлаев. Мемлекет және құқық негіздері.-Астана, 2001 ж.

4. С.Зиманов. Конституция и Парламент РК.-Алматы, 1996г.

5. Ғ.Сапарғалиев, А.Ибраева. Мемлекет және құқық теориясы.-Алматы, 1998 ж.

6. Нүрпейсов Е., Котов К., Қазақстан Республикасы:хандық биліктен Президенттік Республикаға дейін.-Алматы, 1995 ж.


Нормативтік-құқықтық актілер:
1. ҚР Конституциясы. 30 тамыз 1995 жыл.-Алматы, 2002.

2. ҚРКонституциясы.28 қаңтар 1993 жыл.-Алматы, 1993.

3. ҚР-ның «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» 1991 жылғы 16 желтоқсандағы конституциялық Заңы.

4. ҚР-ның «Қазақстан Республикасы Президенті туралы»1995 жылғы 26 желтоқсандағы Конституциялық заң күші бар Жарлығы.

5. ҚР-ның «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» 1995 жылғы 18 желтоқсандағы конституциялық Заңы.
3-тақырып. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқығының негіздері
Жоспар:
1.Әкімшілік құқық пәні, әдісі, жүйесі.

2.Мемлекеттік басқару органдары мен мемлекеттік қызмет.

3.Әкімшілік құқықбұзушылық және жауапкершілік.
1.Әкімшілік құқық пәні, әдісі, жүйесі.

Әкімшілік құқық-қоғамдық қатынастардың белгілі бір саласын реттейтін құқықтық нормалардың жиынтығы, құқықтың бір саласы. Атқару билігі мен мемлекеттік басқарудың іске асырылуы барысында, тұлға мен мемлекет, азамат пен атқару билігі органдары, мемлекеттік басқару саласындағы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, іске асыру.

«Администрация» сөзі латын тілінен аударғанда «басқару» деген мағынаны білдіреді. Әкімшілік құқық нормаларымен реттелетін қоғамдық қатынастар мемлекет және қоғам құрылымының негізін құрайды және атқару биліктің жүзеге асуымен тікелей байланыста жүргізіледі.



Әкімшілік құқық-мемлекеттік басқару қызметін ұйымдастыру мен іске асыру барысында пайда болатын қоғамдық қатынастарды реттейтін заңдық нормалар жиынтығы.

Әкімшілік құқық саласының белгілері:

-Қазақстан құқығының негізгі, жариялы салаларының бірі;

-өзінің реттейтін пәні-атқарушы билікті жүзеге асыру жөнінде пайда болатын басқару қатынастары:

-өзінің құқықтық реттейтін әдісі;

-ішкі ұйымдастырылуы;

-нормативтік базасы.

Әкімшілік құқық жалпы қоғамдық қатынастарды, оның ішінде әкімшілік құқықтың реттелуін қарастырып, тәжірибеде әкімшілік құқықтық нормалардың орындалуын бақылайды және мемлекеттік басқаруда объектілер мен субъектілердің құқықтық мәртебесін белгілеп, басқарудың құқықтық әдістері мен нормаларын және олардың жүргізілу тәртібін айқындап, сонымен қатар, басқарушы мен басқарылушы жақтардың қызметін құқықтық реттейді.

Әкімшілік құқық пәні-шартты түрде екі бөлімнен тұрады.

1.Аппарат ішілік қатынастар. Мұнда мемлекеттік органдардағы аппарат ішілік жұмыс әдістерімен және формаларын, қызметін ұйымдастыру нығайтылады.

2.Әкімшілік биліктің түрлі ұйымдармен, мекемелермен азаматтарымен қатынасы.

Әкімшілік құқықтың әдісі-жолдардың, тәсілдердің жиынтығы, солар арқылы басқару қатынастары реттелінеді.


Әкімшілік әдістерінің түрлері:

-Императивтік (кесімді, биліктік)-құқықтық нұсқамалардан бұлтаруды болғызбайтын ықпал ету тәсілі;

-Диспозитивтік (автономиялы) ықпал ету субъектілерін, өзара қатынастарын заңмен белгіленген шеңберде реттеуге мүмкіндік беретін ықпал беру тәсілі;

-Көтермелеу-мінез-құлықтың белгілі бір түрі үшін көтермелеуге уәде беру жолымен белсенді мінез-құлықты ынталандыратын ықпал ету тәсілі.

-Ұсыныс жасау-басқару субъектілеріне қолданылып жүрген заң тұрғысынан мінез-құлықтың ең пайдалы түрін ұсынатын ықпал ету тәсілі.

Әкімшілік құқықтың жүйесі- өзара байланысты әкімшілік-құқықтық институттар мен нормалар жиынтығы.

Әкімшілік құқықтық институт-басқару қатынастарының сапалық жағынан біркелкі тобын реттейтін біршама бөлектенген әкімшілік-құқықтық нормалардың жиынтығы.

Әкімшілік институттар:

әкімшілік құқықтың принциптерінің, азаматтардың әкімшілік-құқықтық мәртебесі, мемлекеттік қызмет, атқарушы билік органдары мен басқарудың өзге де субъектілері мәртебесі; әкімшілік-құқықтық нысандар мен әдістер, әкімшілік жауаптылық, әкімшілік іс жүргізу, мемлекеттік басқаруда заңдылықты қамтамасыз ету, салааралық басқару, экономика аясындағы басқару, әкімшілік-саяси аясында басқару, әлеуметтік мәдени аясындағы басқару.



Әкімшілік құқықтың қайнар көздері:

1.Нормативтік құқықтық акт-құқық шығарушы құзыреті субъектілер қабылдаған және әкімшілік құқықтық нормалары қаралған заңдық акт.

2.Әкімшілік шарт-нормативтік мазмұны бар әкімшілік-құқықтық нормалары қаралған құқық шығарушы субъектілердің арасындағы екі немесе көпжақты келісім.

3.Әкімшілік прецедент-нақты заңды іс бойынша шешім, ол келешекте пайда болатын барлық ұқсас істер үшін міндетті болады.

4.Құқықтық әдет-ғұрып-тарихи қалыптасқан және дағдыға айналған мемлекеттің санкция берген мінез-құлық ережесі.

5.Әкімшілік-құқықтық доктрина-әкімшілік-құқықтық мәселелер жөніндегі ғылыми еңбектер, солардың негізінде жаңа әкімшілік-құқықтық нормалар жасалады және нақты істер бойынша шешімдер қабылданады.

Нормативтік-құқықтық актілер түрлері:

1.ҚР Конституциясы;

2.Конституциялық заңдар;

3.Заңдар;

4.ҚРПрезидентінің Жарлықтары;

5.ҚР Үкіметінің қаулылары;

6.Министрліктер мен ведомстволардың нормативтік актілері;

7.Парламент Палаталарының қаулылары;

8.Әкімшілік-құқықтық нормалары қаралған мемлекетаралық келісім-шарттар;

9.Конституциялық Кеңес пен Жоғарғы Соттың нормативті қаулылары;

10.Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының нормативтік актілері;

12.Локалдық нормативтік актілер.

Әкімшілік-құқықтық нормалар мемлекетпен белгіленеді.

Әкімшілік құқық нормасының белгілері:

1) Заңдық нормалардың бір түрі;

2)Мемлекеттік биліктік сипаты бар;

3)Өкілетті субъектілер қабылдайды;

4)Формалды белгілегендігі;

5)Құрылымдық құрылуы;

6)Жалпы міндетті болуы;

7)Мемлекеттік басқару аясындағы қатынастарды және өзге де саладағы басқару сипаты бар қатынастарды реттейді;

8)Мемлекеттік мәжбүрлеуімен қамтамасыз етіледі.

Әкімшілік құқық нормасының құрылымы:

Гипотеза-нақты шарттарды көрсететін норманың бөлігі, солар болғанда норма әрекет ете бастайды.

Диспозиция-тиісті мінез-құлықтық ережесі бар норманың бөлігі, әкімшілік құқық субъектілері соны қолдануы керек.

Санкция-диспозицияны бұзғанның нәтижесінде пайда болатын жағымсыз салдарды көрсететін норманың бөлігі.

Әкімшілік-құқықтық қатынастардың элементтері:

Субъектілер-қатысушылар субъективтік құқықтар мен заңдық міндеттерді иелену болып табылады.

Объектілер-неге байланысты қатынас пайда болды, өзгертілді, тоқтатылды.

Заңды айғақтар-құқықтық қатынастардың пайда болуына, өзгертілуіне, тоқтатылуына әсер ететін нақты өмірлік жағдайлар.

Мазмұны-субъективтік құқықтар мен заңдық міндеттердің жиынтығы.

Заңды айғақтардың түрлері:

Тудыратын салдары бойынша-құқық жасайтын; құқық өзгертетін; құқық тоқтататын.

Субъект еркімен байланысы бойынша-оқиға, әрекет.

Оқиға-субъектілердің еріктерімен байланысты емес (біршамалық және абсолютті).

Әрекет-құқық қатынастар қатысушылардың ең болмағанда біреуінің еркімен байланысты.

Көрініс табу нысаны бойынша-жағымды; жағымсыз.



Жағымды-олардың бар болуы құқықтық қатынастардың пайда болуына әсер етеді.

Жағымсыз-олардың жоқ болуы құқықтық қатынастар пайда болуы үшін қажет.

2. Мемлекеттік басқару органдары мен мемлекеттік қызмет.

Мемлекеттік басқару қоғам дамуының барысында қоғамдық қатынастарды реттеу мен тікелей практикалық ұйымдастыруға атқарушылық және бөлушілік іс-әрекет. Мемлекеттік басқару барынша кең мағынада, мемлекеттің істерін басқару, мемлекеттік органдардың барлығының қатысуымен іске асырылады.

Үкімет ҚР атқару билігін жүзеге асырады. Конституцияға сәйкес ол атқарушы органдар жүйесін басқарып, қызметтеріне жетекшілік етеді.

Үкімет құрамы- Премьер-Министр және үкіметтің мүшелері кіретін ұжымдық орган. Оның әкімшілік-құқықтық мәртебесі бірнеше ерекшеліктермен ерекшеленеді:

-құрылу тәртібімен: қызметінен кетірумен; өкілеттілігін тоқтату институтымен.

Үкімет басшысы тағайындалғаннан кейін 10 күн мерзім ішінде Премьер-Министр және Үкіметтің құрылғысы мен құрамы жөнінде ұсыныс жасайды. Үкімет Президенттің қатысуымен құрылады. Үкімет мүшелері халыққа және Президентке ант береді.

Парламентке Республикалық бюджетті дайындап, таныстыру және оның орындалуын қамтамасыз етіп, ол туралы есеп беріп отырады. Мемлекеттік меншікті басқарады. Мәжіліске заң жобаларын енгізіп, олардың орындалуын қамтамасыз ету.



Мемлекеттік қызмет.

Қазіргі мемлекеттік аппараттың қызметі мынадай принциптермен реттеледі: мемлекет аппаратының ішкі құрылысы және құзыретінің нәтижелі, тиімді болуы. Ол үшін оның қызметі демократиялық, Конституциялық заңдылық принциптерге сәйкес болуға тиіс. Мемлекеттік аппарат халықтың мүддесін қорғап, соны іске асыруға міндетті. Халықтың мемлекеттік басқару процесіне қатысуының демократиялық жолдары-олардың сайлауға қатысуы. Халықтың өкілдері мемлекеттік аппаратты құрады, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына мемлекет кепілдік береді.



Мемлекеттік әкімшілік қызметші-мемлекеттік саяси қызметшілердің құрамына кірмейтін, мемлекеттік органда тұрақты кәсіби негізде лауазымдық өкілеттікті жүзеге асыратын мемлекеттік қызметші.

Мемлекеттік лауазым- мемлекеттік органның нормативтік-құқықтық актілермен белгіленген лауазымдық өкілеттік пен лауазымдық міндеттердің ауқымы жүктелген құрылымдық бірлігі; мемлекет қызмет-мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік органдардағы мемлекеттік биліктің міндеттері мен функцияларын іске асыруға бағытталған лауазымдық өкілеттігін атқару жөніндегі қызметі.

Мемлекеттік қызметші-мемлекеттік органда заңдарда белгіленген тәртіппен республикалық немесе жергілікті бюджеттен не ҚР Ұлттық банкінің қаржысынан ақы төленетін қызметті атқаратын және мемлекеттің міндеттері мен фукцияларын іске асыру мақсатында лауазымдық өкілеттікті жүзеге асыратын ҚР азаматы.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет