Құқық қорғау қызметі туралы



бет1/6
Дата01.07.2016
өлшемі152.53 Kb.
#169776
  1   2   3   4   5   6
Құқық қорғау қызметі туралы

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы № 380-IV Заңы

      Осы Заң Қазақстан Республикасының құқық қорғау қызметіне тұруға, оны өткеруге және тоқтатуға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары қызметкерлерінің құқықтық жағдайын (мәртебесін), материалдық қамтамасыз етілуін және әлеуметтік қорғалуын айқындайды.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:


      1) аттестаттаудан кейінгі дамыту – құқық қорғау органы қызметкерінің аттестаттау нәтижелері бойынша дара кәсіби өзін-өзі даярлауын ұйымдастыру;
      1-1) ауыстыру – қызметкердің лауазымдық жағдайы мен функционалдық міндеттерінің өзгеруі;
      2) ауысу – құқық қорғау органдарындағы қызметті тоқтатпастан құқық қорғау органында атқарып жүрген қызметінен босата отырып, сол мезгілде басқа құқық қорғау органындағы лауазымға тағайындау;
      2-1) басшы лауазым – өзіне бағынысты ұжымның немесе жекелеген қызметкерлердің қызметін ұйымдастыру жөніндегі өкілеттіктер берілген құқық қорғау органының құрылымдық бірлігі;
      3) баянат – қызметкер қызмет әрекеті процесінде тікелей немесе уәкілетті басшыларға өтініш жасаған кезде ерекше нысандағы жазбаша баяндау;
      3-1) бәсекеге қабілеттіліктің көрсеткіші – қызметке кандидаттың және қызметкердің кәсіби құзыреттеріне, сондай-ақ лауазым үшін негізгі көрсеткіштеріне және кәсіби жетістіктері туралы объективті деректеріне негізделген кәсіби әлеуетінің нысандық сандық мәні;
      4) біліктілік талаптары – құқық қорғау органындағы лауазымға орналасуға үміткер азаматтарға олардың кәсіптік даярлық деңгейін, құзыреттілігін және нақты лауазымға сәйкестігін айқындау мақсатында қойылатын талаптар;
      4-1) ведомстволық деректер банкі – құқық қорғау органының қызметке кандидаттар және кадр резервіне қойылған қызметкерлер туралы мәліметтер қамтылатын ақпараттық базасы;
      4-2) жас қызметкерлер – құқық қорғау қызметіне алғаш тұрған және қызметке тұрған күнінен бастап бір жыл мерзім бойы оны өткеретін адамдар;
      4-3) жас қызметкерлердің бейімделуі – жас қызметкердің кәсіби дағдыларды меңгеру, ұйымдық (корпоративтік) мәдениетке қосылу, құқық қорғау органындағы қызметке бейілділікті қалыптастыру процесі;
      5) кадр резерві – басшы лауазымдарға тағайындау үшін қажетті кәсіби және жеке басы қасиеттері бар қызметкерлердің белгіленген тәртіппен қалыптастырылған тобы;
      5-1) кадрлық болжам – кадрларды дамыту бағыттары және олардың болашақ жай-күйі туралы дәлелді ұсынулар жүйесі;
      5-2) кадрлық жоспарлау – кадрларға қажеттілікті жүйелі талдау және құқық қорғау органдарының тиісті лауазымдарында білікті мамандардың қажетті санымен қамтамасыз ету процесі;
      6) құқық қорғау қызметі – құқық қорғау органдары лауазымдарындағы мемлекеттік қызметтің ерекше түрі, сондай-ақ, осы Заңның 44-бабында көзделген жағдайларда қызмет өткеру;
      6-1) Құқық қорғау органдары басшылығының президенттік резерві – құқық қорғау органдарының жоғары тұрған бос басшылық лауазымдарына ұсыну үшiн Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын ерекше іріктеу тәртібінен өткен қызметкерлер тiзiмі;
      7) құқық қорғау органы – адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделерінің сақталуы мен қорғалуын қамтамасыз ететін, өз құзыретіне сәйкес қылмыстылыққа және өзге де құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттің саясатын іске асыратын, заңдылықты қамтамасыз ету мен қоғамдық тәртіпті қолдау, құқық бұзушылықтарды анықтау, алдын алу, жолын кесу, тергеу, қылмыстық істер бойынша сот шешімдерін атқару жөнінде арнаулы өкілеттіктер берілген мемлекеттік орган;
      7-1) құқық қорғау органының басшысы – құқық қорғау органының қызметкерлері мен жұмыскерлері, уәкілетті басшылар бағынысында болатын құқық қорғау органының бірінші басшысы;
      7-2) құқық қорғау органының бөлімшелеріндегі моральдық-психологиялық ахуал – құқық қорғау органының алдында тұрған міндеттерді дұрыс түсінумен сипатталатын психологиялық күй;
      7-3) құқық қорғау органының бөлімшелеріндегі моральдық-психологиялық ахуалды әлеуметтік мониторингтеу – құқық қорғау органының бөлімшелеріндегі моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйі туралы ақпарат алуға бағытталған әлеуметтік процестер мен құбылыстарды жүйелі зерделеу;
      8) құқық қорғау органының қарамағында болу – штаттық лауазымға орналасумен байланысты емес құқық қорғау қызметін өткеру;
      9) құқық қорғау органының қызметкері (бұдан әрі – қызметкер) – құқық қорғау органдары жұмыскерлерінің арасынан арнаулы атақ немесе сыныптық шен берілген не біліктілік сыныбы белгіленген Қазақстан Республикасының азаматы;
      10) құқық қорғау органының тәртіптік комиссиясы – тәртіптік теріс қылыққа қатысты фактілерді қызметтік тергеу және зерттеу материалдарын қарау үшін оның жасалуының мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтау және тәртіптік жауапкершілікке тартылатын қызметкерді лауазымға тағайындау және лауазымнан босату құқығы бар адамды тәртіптік жазалау шарасы туралы ұсыным шығару мақсатында құқық қорғау органында құрылатын тұрақты алқалы орган;
      10-1) қызметтік тергеп-тексеру – қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасауының мән-жайын толық, жан-жақты және объективті анықтау мақсатында ол туралы материалдар мен мәліметтерді жинау және тексеру жөніндегі қызмет;
      10-2) лауазым бойынша разряд – қызметкерлердің қол жеткізген нәтижелері негізінде айқындалатын және еңбекақысын саралауға әсер ететін кәсіби біліктілік дәрежесі;
      11) мансаптық өсу – лауазымдық ауыстырылу және кәсіби даму кезеңдеріне сәйкес қызметкерді қызмет бойынша жоғарылату;
      11-1) өзге де қару-жарақат салатын патрондармен атуға болатын ұңғысыз атыс қаруы, газды қару, электрлi қару, белгi беру қаруы, суық қару, лақтырылатын қару және қарудың басқа да түрлерi;
      11-2) полиграфологиялық зерттеу – адамның психофизиологиялық куәландыру кезiнде пайда болатын жекелеген физиологиялық реакцияларын арнайы медициналық датчиктердiң көмегiмен тiркеуден тұратын сауалнама жүргiзу рәсiмi;
      11-3) психофизиологиялық куәландыру – құқық қорғау қызметiне кандидаттардың, қызметкерлердiң жеке-психологиялық және психофизиологиялық қасиеттерiн жан-жақты бағалауға бағытталған iс-шаралар жиынтығы;
      12) ротация – қызмет мүддесіне орай кадрлық әлеуетті ұтымды пайдалану мақсатында жүзеге асырылатын, басшылық лауазымдарды атқаратын қызметкерлерді жоспарлы ауыстыру;
      12-1) ротацияны жоспарлау – қызметкердің жоспарлы лауазымдық ауыстырылуы және кәсіби дамуы кезеңдерін айқындауға бағдарланған процесс;
      12-2) сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет – мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі органдардың сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға, анықтауға, жолын кесуге, ашуға және тергеп-тексеруге бағытталған қызметті жүзеге асыратын жедел-тергеу бөлімшелері;
      12-3) тәлімгер – жас қызметкер бекітіліп берілген, оның кәсіби даярлығы мен дамуына практикалық көмек көрсететін қызметкер;
      13) тәртіптік жаза – қызметкерге қолданылатын тәртіптік жауапкершілік шарасы;
      14) тәртіптік жауапкершілік – тәртіптік теріс қылықтар, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, қызметкерлер көтеретін заңдық жауапкершілік түрі;
      15) тәртіптік теріс қылық – қызметкердің өзіне жүктелген міндеттерді құқыққа қайшы, кінәлі атқармау немесе тиісінше атқармауы, лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалануы, қызметтік және еңбек тәртібін бұзуы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексін (Мемлекеттік қызметшілердің қызмет әдебі қағидаларын) не ар-намыс кодекстерін (құқық қорғау органдарындағы қолданыстағы қызмет әдебі қағидаларын) бұзуы, тәртіптік ретпен жазаланатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауы, сол сияқты осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген, құқық қорғау қызметінде болуға байланысты шектеулерді сақтамауы;
      16) уәкілетті басшы – құқық қорғау органының аумақтық немесе оған теңестірілген мамандандырылған бөлімшесінің басшысы, құқық қорғау органы мекемесінің, ведомствосының басшысы;
      17) ұйымдық-штаттық iс-шаралар – құқық қорғау органының, құқық қорғау органы аумақтық немесе оған теңестiрiлген мамандандырылған бөлiмшесiнiң, құқық қорғау органы мекемесiнiң, ведомствосының штаттары мен құрылымын қалыптастыру жөнiндегi шаралар кешенi (құқық қорғау органын құру, қайта ұйымдастыру, тарату, оның қызметкерлерінің санын немесе штатын ұлғайту және қысқарту);
      18) ұсыну – құқық қорғау органы жүйесінде жоғары тұрған лауазымдарға орналастыру;
      19) іс-сапарға жіберу – қызмет мерзімін үзбестен, қызметкерді Қазақстан Республикасының басқа да құқық қорғау органдарында, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында, сондай-ақ құқық қорғау органы жүйесінде одан әрі қызмет өткеру үшін ауыстыру;
      20) іс-сапармен бару – құқық қорғау органы кадрында қала отырып, басқа мемлекеттік органдардағы және халықаралық ұйымдардағы лауазымдарға орналасу;
      21) экономикалық тергеу қызметі – Қазақстан Республикасының заңдарында мемлекеттік кіріс органдарының жүргізуіне жатқызылған қылмыстардың және құқық бұзушылықтардың алдын алуға, оларды анықтауға, жолын кесуге, ашуға және тергеп-тексеруге бағытталған қызметті жүзеге асыратын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыратын осы органдардың жедел-тергеу бөлімшелері.
      Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 09.11.2011 N 490-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 21.05.2013 № 93-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 23.04.2014 N 200-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.10.2015 № 374-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      2-бап. Құқық қорғау органдарындағы қызметтің құқықтық


              негізі

      1. Құқық қорғау органдарындағы қызметтің құқықтық негізі Қазақстан Республикасының Конституциясы, осы Заңда көзделген ерекшеліктермен қоса Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі мен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, құқық қорғау органдарының қызметін реттейтін Қазақстан Республикасының заңдары және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері болып табылады.


      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзге қағидалар көзделген болса, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
      Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.10.2015 № 374-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      3-бап. Құқық қорғау органдары

      Құқық қорғау органдарына өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес жүзеге асыратын прокуратура, ішкі істер органдары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және экономикалық тергеу қызметі жатады.
      Ескерту. 3-бап жаңа редакцияда - ҚР 07.11.2014 № 248-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); өзгеріс енгізілді - ҚР 29.10.2015 № 374-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      4-бап. Құқық қорғау қызметінің принциптері

      1. Құқық қорғау органдарындағы қызмет Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызметтің принциптеріне және құқық қорғау қызметінің арнаулы принциптеріне сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Құқық қорғау қызметінің арнайы принциптері мыналар болып табылады:
      1) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қол сұғушылықтан қорғау міндеттілігі;
      2) азаматтық қоғам институттарымен ынтымақтастық;
      3) құқық қорғау органдарында құқық қорғау қызметін ұйымдастыруға көзқарастың біртұтастығы;
      4) дара басшылық пен субординация (бағыныстылық);
      5) саяси партиялардың және өзге де қоғамдық бірлестіктердің қызметінен тәуелсіз болу.

      5-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      Осы Заңның күші, Қазақстан Республикасының әскери қызмет туралы  заңнамасына сәйкес құқық қорғау органдарының әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерін қоспағанда, барлық қызметкерлерге қолданылады.
      Осы Заңның күші Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына қайшы келмейтін бөлігінде мемлекеттік саяси қызметшілерге қолданылады.

      5-1-бап. Кадр қызметі

      Кадр қызметі өз құзыреті шегінде:
      1) құқық қорғау органының кадрларға қажеттілігін талдайды және жоспарлайды;
      2) құқық қорғау органы құрылымдық бөлімшелерінің Қазақстан Республикасының құқық қорғау қызметі туралы заңнамасын орындау жөніндегі қызметін үйлестіреді;
      3) аттестаттауды және конкурстық іріктеуді жүргізу, қызмет бойынша жоғарылату, қызметкерлерді тәртіптік жауаптылыққа тарту, қызметкерлерді қызметтен босату рәсімдерінің сақталуын қамтамасыз етеді;
      4) құқық қорғау қызметіне кандидаттарды алдын ала зерделеуді және іріктеуді, кадрларды іріктеуді ұйымдастырады, қызметкерлердің құқық қорғау қызметін өткеруімен байланысты құжаттарды ресімдейді;
      5) құқық қорғау қызметінде болуына байланысты шектеулердің сақталуын қамтамасыз етеді;
      6) қызметкерлердің тағылымдамасын, тәлімгерлігін, қызметін бағалауды, оқуын, қайта даярлығын (қайта мамандануын) және біліктілігін арттыруды ұйымдастырады, көтермелеулерді қолдану тәртібін әзірлейді;
      7) қызметкерлердің дербес деректерін, бағалау, аттестаттау және оқудан өту нәтижелері туралы мәліметтерді есепке алуды жүзеге асырады;
      8) құқық қорғау органының бөлімшелерінде қолайлы моральдық-психологиялық ахуалды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады;
      9) құқық қорғау органының басшысы бекітетін әдістемеге сәйкес кадрмен қамтамасыз ету және кадр саясаты субъектілерінің жұмыс сапасы нәтижелерін бағалайды;
      10) ұйымдық-штаттық іс-шаралар өткізуді ұйымдастырады;
      11) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Ескерту. 1-тарау 5-1-баппен толықтырылды - ҚР 29.10.2015 № 374-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

2-тарау. ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ҚЫЗМЕТІНЕ ТҰРУ

      6-бап. Құқық қорғау қызметіне тұру шарты

      1. Құқық қорғау органдарына қызметке жасы он сегiзге толған, өзiнiң жеке, моральдық, iскерлiк, кәсiби қасиеттерi, денсаулығы мен дене бiтiмiнің даму жағдайы, бiлiм деңгейi жөнiнен өзiне жүктелген лауазымдық мiндеттердi атқаруға қабiлеттi Қазақстан Республикасының азаматтары ерікті негізде қабылданады.


      2. Құқық қорғау қызметіне:
      1) заңмен белгіленген тәртіппен іс-әрекетке қабілетсіз немесе іс-әрекетке қабілеті шектеулі деп танылған;
      2) әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысына сәйкес лауазымдық өкілеттіктерді орындауға кедергі келтіретін сырқаты бар;
      2-1) қызметке жарамдылығын анықтау үшін әскери-дәрігерлік комиссияларда медициналық немесе психофизиологиялық куәландырудан, оның ішінде полиграфологиялық зерттеуден өтпеген;
      3) өзінің мәртебесі мен соған негізделген беделін жеке, топтық және өзге де қызметтік емес мүдделерде пайдалануға әкеп соғуы мүмкін іс-әрекеттерді болғызбау мақсатында заңда белгіленген шектеулерді өзіне қабылдаудан бас тартқан;
      4) құқық қорғау қызметіне тұрар алдында үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған;
      5) құқық қорғау қызметіне тұрар алдында бір жыл ішінде қасақана құқық бұзушылығы үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолданылған;
      6) құқық қорғау қызметіне тұрғанға дейін үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолданылған;
      6-1) қызметке тұрғанға дейін өзіне қатысты үш жылдың ішінде қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін соттың айыптау үкімі шығарылған немесе қызметке орналасқанға дейін үш жылдың ішінде қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;
      7) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған;
      8) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін жұмыстан шығарылған;
      9) бұрын сотталған не қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған, сондай-ақ мемлекеттік қызметтен, өзге де құқық қорғау органдарынан, арнаулы мемлекеттік органдардан, соттардан және әділет органдарынан теріс себептер бойынша шығарылған адам қабылданбайды.
      3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген мәліметтерді ұсынбау немесе бұрмалау құқық қорғау қызметіне қабылдаудан бас тартуға негіз болып табылады.
      4. Құқық қорғау органдарына қызметке тұру азаматтар мiндеттi арнайы тексеруден өткен жағдайда жүзеге асырылады.
      5. Құқық қорғау органдарына қызметке қабылданатын азаматтар қызметке жарамдылығын анықтау үшін әскери-дәрігерлік комиссияларда медициналық және психофизиологиялық куәландырудан, оның ішінде полиграфологиялық зерттеуден міндетті түрде өтеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке тұратын азаматтар мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі органдардың тиісті бөлімшесінде полиграфологиялық зерттеуден өтеді.
      5-1. Полиграфологиялық зерттеуден өту тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      6. Азамат және оның зайыбы (жұбайы) құқық қорғау қызметіне тұрған кезде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органына табыстары және мүлкі туралы декларацияны табыс етуге мiндеттi.
      Ескерту. 6-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 21.05.2013 № 93-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2014 № 233-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      7-бап. Құқық қорғау қызметіне үміткерлерді іріктеу



      1. Құқық қорғау органдарына қызметке (оқуға) қабылданатын кандидаттарды іріктеуді, оларды алдын ала зерделеуді құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерінде айқындалатын тәртіппен кадр қызметтері жүзеге асырады.
      Кадрларға қажеттілікті қанағаттандыру үшін мамандықтардың тізбесін кадрлық жоспарлауды ескере отырып, құқық қорғау органының басшысы бекітеді.
      2. Құқық қорғау органдарына қызметке тұру кандидаттың бәсекеге қабілеттілігінің көрсеткіші және оның кәсіби құзыреттерге сай келу дәрежесі ескеріле отырып, конкурстық негізде жүзеге асырылады. Бұрын құқық қорғау органдарының қызметкерлері болған адамдарды қоспағанда, қызметке кандидаттар тағылымдамадан өтуге міндетті.
      Кәсіби құзыреттерді, негізгі көрсеткіштерді және бәсекеге қабілеттілік көрсеткішінің есебін айқындау тәртібі мен әдістерін құқық қорғау органының басшысы бекітеді.
      Конкурстық негізде орналасатын лауазымдар тізбесін, конкурс пен тағылымдама өткізу шарттары мен тәртібін мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша құқық қорғау органының басшысы айқындайды.
      Құқық қорғау органдарының орталық аппараттарында, ведомстволарында конкурс өткізу кезінде хабарландырулар құқық қорғау органдарының интернет-ресурстарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында жарияланады. Аумақтық бөлімшелерде конкурс өткізу туралы хабарландырулар құқық қорғау органдарының интернет-ресурстарында, сондай-ақ тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында жарияланады.
      Конкурстық іріктеуден өтпеген азаматтарды лауазымға қабылдаған лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен тәртіптік жауаптылыққа тартылады.
      3. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында оқуын аяқтаған адамдардың, теріс себептермен жұмыстан шығарылған не өз өкілеттігін теріс себептермен тоқтатқан адамдарды қоспағанда, өз өкілеттігін тоқтатқан және қойылатын тиісті бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келетiн бұрын құқық қорғау органдарының қызметкерлері және әскери қызметшілер болған адамдардың, Парламент депутаттарының, мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң, судьялардың құқық қорғау қызметіне конкурстық iрiктеусiз тұруға құқығы бар. Олардың лауазымдарға орналасу тәртібі мен шарттары құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.
      4. Қызметкердің құқық қорғау қызметін өткеру кезеңінде бос лауазымға орналасуы, ол тиісті бос лауазымға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келген және келісімін берген жағдайда, ауысу тәртібімен конкурстан тыс негізде жүзеге асырылады.
      5. Құқық қорғау органының кадр қызметі қызметке кандидаттардың ведомстволық деректер банкін олардың бәсекеге қабілеттілігінің көрсеткішін көрсете отырып жүргізеді.
      6. Ведомстволық деректер банкін қалыптастырудың және онымен жұмыс істеудің тәртібін құқық қорғау органының басшысы айқындайды.
      Ескерту. 7-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 21.05.2013 № 93-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.10.2015 № 374-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      8-бап. Құқық қорғау қызметіне қабылдау

      1. Құқық қорғау органдарына қызметке қабылдау лауазымға тағайындау жолымен, оның iшiнде құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарының күндізгі оқу нысаны бойынша оқуға түскен адамдармен келісімшарт жасасу жолымен жүзеге асырылады.
      2. Құқық қорғау органдарына қызметке қабылдау құқық қорғау органы басшыларының немесе уәкiлеттi басшылардың бұйрықтарымен ресiмделедi. Бұйрық қатардағы және басшы құрамдағы адамдарға қол қойдырып жарияланады.
      3. Қатардағы және басшы құрамдағы адамдар өздерінің мәртебесi және соған негiзделген беделi жеке, топтық және өзге де қызметтiк емес мүдделерде пайдалануға әкеп соқтыруы мүмкін iс-әрекеттерді болғызбау мақсатында өздерiне осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген шектеулерді қабылдайды. Осы шектеу жазбаша нысанда ресімделедi. Шектеудi қабылдамау қызметке қабылдаудан бас тартуға, жұмыстан шығаруға әкеп соқтырады.
      4. Қатардағы және басшы құрамдағы лауазымдарға тағайындалған немесе құқық қорғау органдарының кадрына қабылданған әскери мiндеттiлер, құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының курсанттары мен тыңдаушыларын қоса алғанда, белгiленгентәртiппен әскери есептен шығарылады және құқық қорғау органдарының арнайы есебiне қойылады.
      Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.05.2013 № 93-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      9-бап. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына


              оқуға қабылдау

      1. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында оқуға орта бiлiмi бар, жасы он алтыға толған адамдар қабылдана алады.


      Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына қабылдау тәртібін жалпы білім берудің оқу бағдарламаларын тиісті деңгейде іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгі қағидаларына сәйкес құқық қорғау органының басшысы айқындайды.
      Жоғары білімі бар адамдар құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына қысқартылған оқыту мерзімдерін көздейтін кәсіптік оқу бағдарламалары бойынша оқыту үшін қабылдануы мүмкін.
      2. Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына оқуға түсетiн адамдар, сондай-ақ бюджет қаражаты есебiнен оқу ақысын төлей отырып, құқық қорғау органдарының жолдамасы бойынша шет мемлекеттердiң құқық қорғау органдарының жоғары білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына түсетiн адамдар білім беру ұйымдарындағы оқу мерзіміне және сонымен бір мезгілде білім беру ұйымдарында оқуын аяқтағаннан кейін Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарында орта және аға басшы құрам лауазымдарында қызмет өткеру туралы күнтiзбелiк есеппен бес жылға келiсiмшарт жасасады.
      3. Келiсiмшартта тараптардың (оқуға түсетiн адамның және құқық қорғау органының лауазымды адамының) өзара міндеттемелерi мен жауапкершілiгi белгiленедi және білім беру ұйымын бітіргеннен кейін құқық қорғау органында қызметті одан әрі атқарудың шарттары мен мерзімдері көзделеді. Келiсiмшарт қабылдау комиссиясының құқық қорғау органының білім беру ұйымына қабылдау туралы шешiмiнен кейiн жасалады. Келiсiмшарттың нысаны, оны жасасу, ұзарту, өзгерту, бұзу және тоқтату тәртiбi құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерімен айқындалады.
      4. Жасы он сегізге толмаған адамдармен келісімшарт жасалған жағдайда, олардың ата-аналарының, бала асырап алушыларының немесе қамқоршыларының келісімі қажет.
      5. Құқық қорғау органдарының жоғары білім беретін кәсіптік оқу бағдарламасын іске асыратын білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқуын бітірген қызметкерлер құқық қорғау органдарында кемінде бес жыл, жалпы орта және кәсіптік білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламасын іске асыратын қызметкерлер кемінде үш жыл қызмет өткеруге міндетті.
      6. Қызметкер құқық қорғау органының білім беру ұйымын аяқтағаннан кейiн құқық қорғау органдарында одан әрi қызмет өткеруден бас тартқан не келiсiмшартты мерзiмiнен бұрын бұзған жағдайда, ол өзін оқыту кезеңiнде оқуға, стипендия төлеуге, тамақтандыруға, заттай жабдықталымына және каникулдық демалыс кезеңінде оқу орнына бару және кері қайту жолақысы шығыстарына жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеуге мiндеттi. Ұсталуға тиiсті сома келiсiмшарт мерзiмi аяқталғанға дейiнгi қызмет атқарылмаған әрбiр толық айға пропорционалды түрде есептеледi.
      Осы міндет қызметкер денсаулық жағдайы бойынша әскери-дәрігерлік комиссияның қызметке жарамсыздығы немесе шектеулі жарамдылығы туралы қорытындысы негізінде не құқық қорғау органы штаттарының қысқартылуына немесе оның қайта ұйымдастырылуына не таратылуына байланысты басқа лауазымға пайдаланудың, сондай-ақ оны басқа құқық қорғау органына не арнаулы мемлекеттік органға ауыстыру мүмкін болмаған жағдайларда қызметтен босатылған болса, оған қолданылмайды.
      7. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын құқық қорғау органының білім беру ұйымдарының күндізгі оқу нысаны бойынша оқудың толық курсын бiтiргендер үшін оқыған уақыты мерзімді әскери қызметті өткерумен теңестіріледі. Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарының, өзге де мемлекеттердің құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарының түлектері бөлуге сәйкес қызмет өткеруге жіберіледі.
      8. Әскерге шақырылу жасына жеткен және үлгерімі төмен болғаны, тәртiп сақтамағаны үшін, сондай-ақ өз еркiмен оқудан шығарылған құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының күндiзгi бөлiмдерiнiң курсанттары (тыңдаушылары), сондай-ақ құқық қорғау органдарының жолдамасы бойынша шетел мемлекеттерінің білім беру ұйымдарында оқитындар әскери есепке қою үшiн тұрғылықты жерiндегі әскери басқару органдарына жiберіледi. Олар өздерін оқыту кезеңiнде оқуға, стипендия төлеуге, тамақтандыруға, заттай жабдықталымына және каникулдық демалыс кезеңінде оқу орнына бару және кері қайту жолақысы шығыстарына жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеуге мiндеттi. Ұсталуға тиiсті сома білім беру ұйымдарында болған әрбiр толық айға пропорционалды түрде есептеледi.
      9. Бюджет қаражатын мемлекет пайдасына өтеу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
      10. Жоғары білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдары диплом алдындағы практикадан өту үшiн құқық қорғау органдарына жiберген курсанттар (тыңдаушылар) практикадан өту кезеңiне бос лауазымға тағайындалады.
      11. Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының жоғары оқу орындарын аяқтағаннан кейін магистратураға және докторантураға бірден қабылданған қызметкерлерге, тиiстi кафедра оқытушысының айлықақысының жетпіс пайызы мөлшерiнде лауазымдық айлықақы, сондай-ақ арнаулы атағы немесе сыныптық шені үшiн қосымша ақы төленедi.
      Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының магистратурасына және докторантурасына қабылданған қызметкерлерге оқу уақытына оқуға жіберілгенге дейін атқарған соңғы штаттық лауазымы (уақытша атқарған емес) бойынша лауазымдық айлықақысының жетпіс пайызы мөлшерінде лауазымдық айлықақы белгіленеді.
      12. Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының курсанттарына (тыңдаушыларына) каникулдық демалыс кезеңіне қалааралық автомобиль (таксиді қоспағанда), темiржол және су көлiгiмен тұрақты тұратын жеріне баруға және кейiн қайтуға жол жүру ақысы төленедi.
      13. Қызметкерлер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен, құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында жоғары кәсіптік білім ала алады.
      Ескерту. 9-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 21.05.2013 № 93-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 23.04.2014 N 200-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.10.2015 № 374-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет