І сыныптан тыс жұмыстарда оқушыларға экологиялық тәрбие



бет5/18
Дата05.05.2024
өлшемі0.62 Mb.
#500596
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18
Дип.-сынып-оқушыларына-экологиялық-тәрбие-беру

Экологиялық сенімді қалыптастыру үшін теорияның нәтижесін практикалық іс-әрекетте қолданудың маңызы зор. Оқушы табиғи ортаны қорғаудың нақты жұмыстарына қатыса отырып, бұл іс-әрекеттің ерекшелігімен танысып қана қоймайды, сонымен қатар нақты жағдайларда экологиялық заң мен ережелерді сақтау қажеттігін түсініп, сезінеді, түрлі сипаттағы экологиялық маңызды жәйіттердің нәтижесін ойлайды. Ол тұлғаның эмоционалдық сферасына әсер етіп, санасында терең із қалдырады. Нәтижесінде оқушы табиғатты пайдалану практикасымен байланысты фактілер мен құбылыстарға тұрақты тұлғалық қарым-қатынасқа дағдыланады, экологиялық принциптер мен ережелерді сақтау, қоршаған ортаны қорғау, қажеттілігіне деген сенімі қалыптасады. Қорыта келгенде, экологиялық сенім теория мен практиканың, білім мен мақсатты бағытталған іс-әрекеттің арасындағы байланыстырушы буынның қызметін атқарады.
экологиялық қарым-қатынастар - адам тіршілігінің табиғи жағдайларын танып-білуге, өзгертуге және сақтауға бағытталған танымдық, реттегіш және табиғат қорғау қызметтерін атқаратын экологиялық мәдениеттің маңызды бір бөлігі. «Адам-қоғам-табиғат» жүйесіндегі қатынастарды ізгілендіру адамның іс-әрекетінің түрлі сферасын экологияландырмайынша мүмкін емес.
Бастауыш сынып оқушыларының жеке тұлға ретінде қалыптасуында қарым-қатынастар үлкен мәнге ие болатыны белгілі. Қарым-қатынас психологиясын зерттеуші В.И. Мясищев адамның қарым-қатынастарын түрлі объективті болмыспен байланыста болатын жекеліктің, таңдамалылықтың санамылықтың біртұтас жүйесі ретінде сипаттайды.
Зерттеушілер табиғатпен қарым-қатынастарды адамдардың қарым-қатынастары жүйесінде салыстырмасы өзбетті екендігіне назар аударады.
Мәселен, өндірістік (табиғат ресурстарына қарым-қатынас), саяси (табиғат байлығын пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатқа деген қарым -қатынас), отбасылық (табиғат аясында демалу, табиғатпен қатынас жасаудағы отбасылық дәстүрлер). А.А. Люблинская адамның табиғатпен қарым-қатынасының үш аспектісін атап көрсетеді: біріншісі - табиғатқа материалдық өндірістік объектілері, еңбек құралдары, адамдардың табиғи өмір әрекеттері, оның шарттары мен алғышарттары ретінде табиғатқа қарайтын қарым-қатынас; екіншісі - экологиялық өзара әрекеттену жүйесіне кіретін адамның өзінің табиғи әлеуетіне, өз организміне қарым-қатынасы; үшіншісі -табиғи ортаны зерттеу мен қорғауға байланысты іс-әрекеттерге қарым-қатынасы.
Табиғат пен адамның материалдық-практикалық, рухани-интеллектілік өзара әрекеттестігі қарым-қатынастар арқылы жүзеге асырылады. Ондай қарым-қатынастар Ф.Я. Полинчак және Г.В. Платоновтың пайымдауынша «...«адам-табиғат-қоғам» жүйесінің тиімді жағдайларын қолдау мақсатында адамдардың өз арасында пайда болады».
Сонымен, адам биосферасыз өмір сүре алмайды және барлық қарым-қатынастардың жүйесі адам мен табиғат арасындағы зат алмасу процестерін жүзеге асыруға қызмет етеді, ондай қарым-қатынастардың жиынтығы, бір жағынан экологиялық қатынастар сияқты, адамды қоршаған табиғатпен байланыстырса, екінші жағынан, адамдардың бір-бірімен қарым-қатынастарының қажетті буыны болып табылатын, жөнінде экологиялық мәдениет, экологиялық сана, экологиялық іс-әрекет сияқты элементтері негізін құрайтын экологиялық қарым-қатынастың деңгейін көрсетеді.
Ғылымда айқындалғандай, табиғатқа қатынас адам қарым-қатынасының жүйесінде, үш аспектіде көрінеді: біріншісі - материалдық өндірісте; екіншісі -экологиялық өзара әрекеттер жүйесінде; үшіншісі - табиғи ортаны зерттеу мен қорғауда.
Балалардың табиғатқа деген қарым-қатынасы мәселелері А.Н. Захлебный, , И.А. Зверев, И.Т. Суравегина сияқты ғалымдардың еңбектерінде қарастырылған. Ғалымдардың пайымдауынша, жеке тұлғаның «қоғам талаптарын, өзінің әрекеттерін терең, саналы түрде ұғынуы мен экологиялық ситуацияларда өзіндік құндылығы мен әлеуметтік рөлін ұғынуына негізделген жоғары дәрежедегі жағымды қарым-қатынасымен» сипатталатын жауапкершілікті қарым-қатынасты қалыптастырудың мәні зор. Себебі, А.Н. Захлебный айтқандай, табиғатқа дәл, жағымды қарым-қатынас тек табиғаттың әкономикалық құндылықтарынан ғана емес, қоғам мен тұлғаның табиғат аясында үйлесімді дамуының экологиялық және әлеуметтік мәнділігін айқындайтын дүниетанымдық позициядан көрінеді. А.Н. Захлебный қарым-қатынас көрінісінің үш сферасын атап көрсетеді: 1) жеке мінез-құлық мәдениеті; 2) қоршаған ортаны қорғау, күтіп-баптау, гүлдендіруде қоғамға пайдалы еңбекке белсене қатысу; 3) табиғатты қорғауда бүгінгі таңдағы жаңа идеяларды, кәсіптік еңбектегі экологиялық мәдениет нышандарын насихаттау.
Бұл туралы М.С. Каган «Адам мен адамның риясыз қарым-қатынасы адамның табиғатпен қарым-қатынасында орын алу керек. Сонда рухани байлық ұғымы табиғатқа ізгілік қатынас деп аталатын біртұтас мағыналық қатегориямен толығады және ол қай жағынан болсын рухани болады. Тек осы жағдайда ғана адам табиғатқа деген өз қатынасындағы пайдакүнемдіктен арылып, оған объект ретінде емес, субъект ретінде қарайды, оны құрметтейді, бағалайды, онымен жақын досындай қарым-қатынас жасайды», - дейді.
Бастауыш сынып оқушыларының экологиялық мәдениеті компонентінің бірі жеке тұлға қарым-қатынасының ізгіліктілігі болып табылады. Бұған М.А.Кирьянов «кемелді тұлғаның адамгершілік әлемінің мәнін айқындайтын, оның адамға деген белсенді сүйіспеншілігін, ізгілікті ұстанымын табиғатқа деген сүйспеншілік ұстанымымен біртұтас байланыстыратын және табиғатқа субъект ретінде қарайтын деңгейдегі қатынасы», - деген түсініктеме береді. Бұл бастауыш сынып оқушыларының экологиялық мәдениетін қалыптастыруда оларды табиғатты «жаулап алу, бұзып-қирату, зиянкестікпен пайдалануға» емес, оған сүйіспеншілік танытып, жауапкершілікті болуға тәрбиелеу керектігіне көз жеткізеді.
Сондықтан, В.Н. Скалонның еңбектерінде: «Гүлденген тамаша табиғат көріністері - арман емес, ол объективтік шындық, бірақ оны қорғап, сақтау өзімізге байланысты, яғни өзіміздің балаларымызды қалай тәрбиелей алатынымызға тәуелді. Кішкентай кезінен бастап, баланың бойында жан-жануарға болсын, өсімдікке болсын жанашырлық сезімін тәрбиелеу керек», -деп аталып өтілгендей балалардың табиғатқа жағымды қарым-қатынасын жастайынан қалыптастыру әркімнің өмір сүру заңына айналуы тиіс.
Бастауыш сынып окушыларының «Адам-қоғам-табиғат» жүйесіндегі іс-әрекеті табиғатты қорғау, гүлдендіру, табиғат байлығын пайдалану, табиғатты қорғау субъектісі ретінде өзіне, ұжымға, өзге адамдарға, қоғамға деген қарым-қатынастарымен анықталады.
«Табиғат және мен» қарым-қатынасында оқушылардың табиғатқа зиянкестік жасамауды, «обал», «ысырап» талаптарын ұғынып, сезіне білуінің мәні зор. Бұл қатынастар біріншіден, табиғат байлығын ізгілікті көзқарастарымен, «обал», «ысырап», «үнемшілдік» категорияларына сәйкес табиғат байлығына деген ізгілікті көзқарастармен анықталады; екіншіден, табиғатты аялап, сақтау, зиянкестік, ластанумен күресуде жеке тұлға мен қоғам мүдделерінің, мұқтаждықтарының үйлесуінен көрініс табады. Осындай қарым-қатынастарда оқушыларға адамның табиғаттың бір бөлігі екендігін түсіндіріп, адам денсаулығының тікелей табиғат тазалығына байланыстылығын санамен пайымдауына көмектесу қажет. Н.Г. Гончаров айтқандай: «Адам -табиғатта ерекше орын алатын әлеуметтік, қоғамдық тіршілік иесі. Оның өмір сүруі кез-келген тірі организмдердің биологиялық заңдарына тікелей байланысты. Оның тіршілігі, адамдық мәні организмдегі физиологиялық процестерге зор ықпал ететін әлеуметтік заңдармен анықталады». Адам табиғат байлығын пайдалануда экологиялық тепе-теңдікті сақтаудың мән-маңызын санамен ұғынып, қоршаған табиғатты сақтауды жастайынан тікелей өзінің қажеттігіне айналдыруы тиіс.
А.П. Сидельковский: «Оқушылардың табиғатқа қарым-қатынасы - күрделі де кешенді әлеуметтік құрылым, ол алдымен, сыртқы - практикалық іс-әрекеттік сферада, - яғни жеке тұлғаның өмірінде және оның ішкі сферасында -психикасында дамиды», -деп көрсетті.
Сонымен қатар, Н.А. Рыков және Б.Г. Иоганзен өз зерттеулерінде табиғатпен қарым-қатынастың төмендегідей мотивтерін айқындайды:
- азаматтық - Отанға сүйіспеншілік мотиві, еліміздің байлығын көбейту мен қорғауда қоғам алдындағы борышын түсіну;- ізгілік мотиві - іс-әрекеттерде мейірімділік, қамқорлық көрсету, табиғатты қорғауға ниет ету;
- эстетикалық мотив - табиғаттың әсемдігін сезіну және түсіну. Қорыта келгенде, экологиялық қарым-қатынастар адамдардың табиғатпен қатынасында, өзара әрекеті процесінде қалыптасып, біртіндеп ішкі өзгеріске ұласады. Осы ішкі өзгеріс адамның ісі мен мінез-құлқын, этикалық, эстетикалық және т.б өлшемдерін анықтайтын бағалау қатынасын қалыптастырады деп тұжырымдауға болады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет