И.Т.Распопов мақаласында болымды/болымсыз (растау/терістеу) (утверждение/отрицание) модалдігін қарастыра отырып, орыс тіліндегі да, нет (иә, жоқ) сөздерін сұраулы сөйлемге берілген растау жауабы түрінде түсіндіреді: «...белгілі бір болжалды-сұрақты сөйлемге «иә» және «жоқ» деп жауап беруге болады, алайда мұнда негізінен болымды жауап басымдылық танытады, ал терістеу мағыналы жауап бергенде қандай да бір қосымша түсініктемелер қажет болады (әйтпесе сұраушы толық қанағаттанарлық жауап ала алмайды)» [Распопов И.Т. Заметки о синтаксической модальности и модальной квалификации предложения// Ученые записки. Вып. №75. Серия филологических наук. №25. –Уфа, 1973. –С.3-13.6-б.]. Дегенмен қандай да бір сұраққа «иә» деген жауап берілгенде де, сұраушы жақтың қажеттілігін қанағаттандыру үшін толық түсініктеме беруге тура келеді деп ойлаймыз.
Қазақ синтаксисінің көрнекті маманды Р.Әмір де жоғарыдағы көзқарасты қолдайды: «Болымсыз сөйлемнің грамматикалық белгісі негізінен баяндауыш мүше тұлғасынан көрінеді... Болымсыз сөйлемдер екі амалмен жасалады: морфологиялық (-ма, -ме, -па, -пе, -ба, -бе), синтаксистік амал жоқ, емес сөздерінің қатысуы (мысалы, келмеген, алмаған, келген емес, алған жоқ) арқылы жасалады... Сөйлеу тілі сөзді түрлендіру, экспрессивті ету мақсатында да болымсыз сөйлемдердің құрылысын, құрамын күрделендіреді» [Әміров Р. Болымсыз сөйлемдердің сөйлеу тіліндегі ерекшеліктері// Қазақ тілі мен әдебиеті. 1 шығуы. –Алматы, 1971. –57-62 бб.57-62-бб.]. Ғалым екінші бір еңбегінде «тілде тек жоқ сөзінен болымсыз сөйлем құралып жұмсалатыны бар. Бұл – толық құрамдағы сөйлемнің орнына жүретін эллипсис (ықшамдалған) сөйлем және ол көбіне диалогта екінші, жауап (реплика) ретінде жұмсалады... Көп жағдайда жауап алғаш эллипсис сөйлем арқылы қайтарылады да, соңынан ол толық құрамда айқындалады»,- дей келе, төмендегіше мысал келтіреді.
–Саған көңілсіз болмайтын шығар.
–Жоқ, маған көңілді емес, мен қызық көре алмаймын (Б.Майлин) [Әміров Р. Ауызекі сөйлеу тілінің синтаксистік ерекшеліктері. –Алматы: Мектеп, 1977. –92 б., 54-б.]. Бұл жерде әңгімелесушінің ойына қарсы пікір, яғни мақұлдамау модалділігі беріліп тұрғандығына дау айтуға болмайды.
Қазақ ғалымы С.Исаев болымсыздық мағынасын білдіретін құралдарды былай көрсетеді: «Болымсыздық категориясының бірден бір көрсеткіші – -ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе тұлғасы. Әрине, етістіктің болымсыздық мәнін беретін басқа да аналитикалық жолдары бар. Атап айтқанда, есімшенің -ған, -ген, -қан, -кен тұлғасы етістікке жоқ модаль сөзі, есімшенің -ған, -ген, -қан, -кен, -атын, -етін, -йтын, -йтін, -ар, -ер, -р, -мақ, -мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек тұлғалы етістіктерге емес (кейде емен) көмекші етістігі тіркесіп жасалады. Бірақ бұлар болымсыздық категориясына жатпайды, оның грамматикалық сипаты (түбірмен 2-жақ бұйрық рай тұлғасымен сәйкес келуі, тікелей жіктеле алмауы етістіктің таза грамматикалық тұлғаларына негіз болуы) сәйкес емес. Болымсыздық категориясы етістіктің лексика-грамматикалық категориясы (көлбеу жазумен берген біз – Д.А.) болып табылады» [Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. –Алматы: Рауан, 1998. –304 б, 184-б.]. Бұл жерде ғалымның жоқ лексемасын модаль сөзіне жатқызуына келісе алмаймыз. Өйткені қазақ тіл білімі ғана емес, түркі тіл білімінде де бұл лексикалық бірлікті модаль сөз табына жатқызған пікірді, оған негіз болар ғылыми дәлелді кездестірмедік.
Қазақ тіліндегі болымсыздық категориясын арнайы зерттеген Т.Әбдіғалиева болымсыздық категориясының кіндік тұлғасы – -ма//-ме//-ба//-бе//-па//-пе көрсеткіші, басқалары перифериялық құралдар дей келіп, болымды, болымсыз ұғымның тілдегі барлық берілу жолын, сөйлемдегі көрінісін, қызметін зерттеу нәтижесінде оны грамматикалық та, лексикалық та көрсеткіштер арқылы берілетін мағыналық (семантикалық) тұрғыдағы ірі лексика-грамматикалық категория деп таниды. Ғалым жоқ сөзін, емес көмекші етістігін, түк, тым есімдіктерін болымсыздық категориясының көрсеткіші деп қарастыра келе, болымдылықтың төмендегідей түрлерін анықтайды: 1) қимылдың шақтық болымдылығы; 2) райлық болымдылық, 3) арнайы модальдық тұлғалармен берілетін болымдылық, 4) белгі болымдылығы, 5) бар болу мәніндегі болымдылық, 6) тәуелді болымдылық [Абдыгалиева Т. Семантика отрицания и способы ее выражения в современном казахском языке. Дисс... доктора филол. наук. –Алматы, 1991. –169 с., 15-б., 18-20-бб.]. Ғалымдар лексика-грамматикалық категория деп таныған болымдылық/болымсыздық категориясының біздің тақырыбымызға жалпы қатысты екендігі рас. Дегенмен болымдылық/болымсыздық және мақұлдау/мақұлдамау категориялары өзіндік ерекшеліктері (тұрпат және мазмұн межесі тұрғысынан) бар екі бөлек категориялар болғандықтан, болымдылық-болымсыздық категориясының жіктемесін тереңірек талдауға бармадық.
Сөйлесуші әрбір адам екінші адамның сөзін өзінің коммуникативтік мақсаттарына қатысты шын немесе жалған деп санауы қажет. Осы негізде ғана келісу-келіспеу коммуникативтік актісінің жүзеге асуына қолайлы жағдай жасауға болады. Мысалы,
–Тұтақ! Сен сөзге түсінетін бе едің. Сен бірдеңе түсінсең, осы үйдің отымен кіріп, күлімен шығып жүрмін. Ебіл-себіл түрім мынау.
–Я, түрің келісіп тұрған жоқ. Бетіңе түгіңді шаншып ап түйіліп келіпсің (Ә.Нұрпейісов).
–Оның кім? Баяғыда «әліпті» таяқ деп, молладан таяқ жейтін баладай біреу емес пе екен?- деді...
–Жоқ, ол ондай кеще емес. Сіз бен бізге де ұқсамайды. Ол өзі соғыс үшін жаралған кісі (Ә.Нұрпейісов).
Бұл мысалдардың алғашқысында әңгімелесуші жақ сөйлеуші сөзінің шындық екендігін, яғни «түрінің ебіл-себіл» екендігін, қоштап, мақұлдап тұр. Ал екінші сөйлемде әңгімелесуші жақ сөйлеушінің сөзін теріске шығарып мақұлдамайды.
Казем-Бек пен М.Терентьевтің грамматикаларында бәлки және әлбетте сөздері үстеулер қатарында талданса [Казем-Бек М.А. Грамматика турецко-татарского языка. –Казань, 1839. –С.365-374, 365-374-бб.; Терентьев М. Грамматика турецко-персидская, киргизская и узбекская. –Спб., І кн. 1875. –С.86, 86-б.], Н.К.Дмитриев мақұлдау/мақұлдамау мағынасын білдіретін бар, жоқ сөздерін негізгі сөздер мен көмекші сөздердің аралығындағы модаль сөздер ретінде қарастырады [Дмитриев Н.К. Грамматика башкирского языка. –Москва-Ленинград, 1948. –С.131, 131-б.].
Ал түркі тіл білімінде алғашқылардың бірі болып модаль сөздер тақырыбына зерттеу жүргізген Е.Жанпейісов бұл пікірге қарсы шығады: «...модалдік функцияда бар, жоқ деген сөздер де қолданылады дерлік факті жоқ. Екіншіден, бар, жоқ және көп, аз деген сөздер мағына жөнінде де, форма жағынан да бір-бірімен жақын мәндес, синоним сияқты сөздер. Демек, бұларды екі тұрғыда қарау, яғни бар мен жоқ деген сөздерді аз, көп деген сөздерден бөліп алып, модаль сөздер қатарына жатқызу тағы да негізсіз болып шығады. Жанпейісов Е. Қазақ тіліндегі сөйлем модальділігі және оның жасалу жолдары// Известия АН КазССР. Серия филологии и искусствоведения. Вып. 1-2 (8-9). 1958. –166-170 бб
Бар, жоқ, көп, аз деген сөздер тілімізде әртүрлі қызметте жұмсалып сөйлемнің барлық мүшесі бола алады.
Бар, жоқ, аз, көп деген сөздердің бұл секілді әртараптылығы олардың модаль сөздер тобына кіруіне шарт бола алмайды» [133, 167-169-бб.]. Бұл пікірді дұрыс деп қабылдаймыз. Дегенмен, тілдік материалдарға жүгінсек, иә сөзі жеке сөз-сөйлем ретінде қолданылғанда (сөйлеуде, диалогта) мақұлдау мағынасын, ал жоқ – мақұлдамау мағынасын білдіретіндігі ақиқат. Мысалы,
–Ища-а! Күн суыта бастаған екен?
–Мезгілі ғой.
–Иә, әр нәрсенің мезгілі бар. Суықтың да, кәріліктің де (Ә.Нұрпейісов).
–Арманы жоқ.
–Қайдан болсын.
–Иә, иә, жер басып жүрген пендеде әке-шешесін сендей ғып күтіп алған әйел бар дейсің бе! (Ә.Нұрпейісов).
Алғашқы сөйленімде сөйлеушінің әңгімелесуші сөзін қостауымен қатар жалпы табиғи құбылыстарға деген өзінің философиялық көзқарасын білдірсе, екіншісінде сөйлеушінің сөзін әңгімелесуші түпкілікті мақұлдап тұрса (қайдан болсын), оған сөйлеушінің іс-әрекетін мақтан тұту мағынасы баса берілген.
–Бәсе, соның жөнін ұқтыршы. Шық үстінде қарабаялыштан басқа түйенің тісіне ілінетін не бар дейсің.
–Жоқ, шық үсті керім от, іріп тұр екен. Несін айтасың, бой болып өскен сарбалақ бұйырған кілк-кілк етеді (Ә.Нұрпейісов).
–Ау, жарқыным, әлі де айтар сөзім бар, әуелі тыңдап алсаңшы.
–Жоқ!... Жоқ!...Тыңдамаймын.
–Қой, Сүйеу, сені де жөн демеймін. Қолында қызың отырғасын жауың шақырса да баратын ретің бар еді (Ә.Нұрпейісов).
Келтірілген мысалдардың біріншісінде әңгімелесуші сөйлеушінің ойын дәлел келтіре отырып, теріске шығарса, екіншісінде әңгімелесуші тыңдаушының сөзіне үзілді-кесілді қарсы шығады.
Л.С.Дүйсембекова келісім және мақұлдау мағыналарын да бұйрық рай мағынасының біріне жатқызады. Мысалы, –Жарайды, сенің-ақ айтқаның болсын,- дедім мен ерегістен түк шықпайтынын сезіп (С.Мұратбеков) – келісім; –Жоқ, онда сөйт, кейін асықпай отыратындай болып бір кел (С.Мұратбеков) – мақұлдау [Дуйсембекова Л.С. Функционально-семантический аспект категории повелительного наклонения в казахском языке. Автореф. дисс... канд. филол. наук. –Алматы, 1993. –21 с]. Біздіңше, зерттеуші келтірген мысалдарда бұйрықтық мағынадан гөрі келісім, мақұлдау, қостау мағынасы айқынырақ көрінеді.
Достарыңызбен бөлісу: |