Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен
ТҮРКІСТАНДА ПАЙҒАМБАРДЫҢ (ОҒАН АЛЛАҺТЫҢ ИГІЛІГІ МЕН СӘЛЕМІ БОЛСЫН) САХАБАЛАРЫ ЖЕРЛЕНГЕН ДЕГЕНДІ ТЕРІСКЕ ШЫҒАРУ
Түркістанға жасалатын сапарларды ел ішінде одан сайын насихаттау мақсатында қараңғы елді шырмауына салып жүрген қабірлер мен «аталар» әруақтарына табынушылар осы жерлерде Пайғамбарымыз Мухаммадтың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабасы Укашаның құдығы бар, ал Арыстан Баб Пайғамбарды (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көрген және одан аманат алған деген жалған деректерді таратудан да тайынбайды. Пұтқа табынушылықтың аясын кеңейту мақсатында сахабалардың қабірлерін немесе оларға қатысты орындарды қолдан жасап алу тәсілі жиі қолданылады. Алайда, шын мәнісінде, белгілі бір жерде қандай да бір әулиенің немесе атаның түгілі, тіпті пайғамбарлардың да, сахабалардың да қабірлерінің болуы сол жерді қасиетті де, құт-берекелі де етпейді. Сондықтан да Түркістанда тіпті жүз сахабаның қабірі бар болғанда да, бұл жағдайды еш өзгерпейтін еді және осы жердегі қабірлерді зиярат жасау үшін арнайы сапарға шығуды шариғи тұрғыдан заңды етпес еді.
Алайда осыған қарамастан, біз бәрібір осы жерде Түркістанда да, біздің еліміздің басқа жерлерінде де Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларының қабірлерінің немесе олардың құдықтарының, ағаштарының, үйлерінің, үңгірлерінің т.б. жерлерінің болуы мүмкін емес екендігінің дәлелдерін келтіреміз.
Түркістанда Укаша деген сахабаның құдығы бар, ал Арыстан Баб – Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабасы деген ойдан тоқылған деректердің көркем сөзбен сәнделіп, мерзімді басылымдардың беттерінен қалайша насихатталынып жүргенін зерттеу барысында басқа да көптеген ақпарат арасынан мыналары алынды:
1. «Түркістан қаласынан 60 шақырымдай жерде жергілікті халық әулиелі мекен санайтын Укаша Ата сахабаның зияраты және қасиетті құдығы бар. Келушілер ұзындығы 20-25 метрдей Укаша сахабаның қабірінің басына дұға жасаған соң, осы арадан 700-800 метрдей қашықтықта тау басындағы құдыққа барып, тереңдігі 30 метрге дейін жететін құдыққа қауға тастайды. Ырым бойынша, әулиенің құдіретіне күмән келтірген немесе ой-пікірі теріс (пиғылы арам) адамға құдық бір тамшы су бермейді. Ал ниеті таза, ықыласы күшті адамның шелегі құр қалмайды.
Аңыз бойынша Укаша сахаба Мұхаммед пайғамбардың жақын серігі, күзетшісі болған екен. Пайғамбарымыздың ерекше белгісі – жауырынының астындағы мөрді сүйгендіктен Укашаның денесі атса оқ, шапса қылыш өтпейтін қасиетке ие болған. Дұшпандары Укашаның таң алдында бүкіл денесі балбырап, Аллаға жалбарынатынын естіп, сол сәтін аңдып келіп, басын қылышпен шапқан деседі. Бірақ кесілген бас дұшпандардан домалап қаша жөнелген, сол кезде тау үстіне көктен жасын түсіп, құдық пайда болған, сол құдыққа Укаша атаның басы түсіп, ғайып болыпты. Әлгі құдық жерасты жолдарымен сонау Меккедегі Зәмзам бұлағымен жалғасады дейді айтушылар. Өйткені сахабаның басы сол Зәмзам бұлағынан шығып, өзге жолдастары пайғамбардың қабірінің аяқ жағына жерлепті. Бұл Укашаның «Я, Алла, менің басым пайғамбарымның аяғында жатса екен!» деген арман-тілегінің орындалғаны болса керек».
2. «Көне Отырар шаһарының маңындағы Арыстан Баб кесенесі көңілге ыстық. Өзінің тылсым қасиетімен ынтықтыра түседі. Кесененің дәлізханасы, мешіті, құжыраханасы мен азан шақыратын мұнарасы өткен күннің қатпарлы сырын жеткізердей. Сәулет өнерінің өзіндік мәнер-нақышымен ерекшеленер ескерткіш Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы Арыстан Бабқа арналып салынған. Деректерге зер салсақ, қабір басына алғашқы белгі ХІІ ғасыр шамасында тұрғызылған. Ал, ХІV ғасырда мазар қайта жаңғыртылған... «Арыстан Баб кесенесі ХХ ғасырдың басында қайта жөндеуден өткен. Жергілікті халық ортадан қаражат шығарып, кесенені күйдірілген кірпіштен көлемі 35х12 метр, биіктігі 12 метр етіп, Меккеге қараған баяғы есігін енді Әзірет Сұлтанға бағыттап бой түзеген қалпы келбетті кескінімен көз тартады. Кесененің солтүстік жағы құжырахана, ал оңтүстік бөлігі мешіт ретінде қайта жаңғыртылады. Дәліз-қақпаның маңдайшасындағы мәрмәр тақтада «һижра бойынша 1327 жыл» деп, соңғы құрылыс жүрген уақыт бедерленген.
Арыстан Баб жөнінде ел ішінде аңыз көп, оның бірі былай өрбиді: Бірде Меккеде Мұхаммед пайғамбар халықты жинап: «Менің өмірім жетер емес, менен төрт жүз жылдан кейін түркі елінен ізбасарым дүниеге келеді. Соған кім мына аманатты тапсырады?» – дейді. Сонда ортаға Арыстан Баб шығып: «Мен тапсырар едім, егер ғұмырым жетсе», – депті. Ол кезде Арыстан Баб үш жүз жаста екен. Сонда Мұхаммед Алламен тілдесіп: «Ғұмырыңды созуға рұхсат берді», – деп жауап қайырыпты. Аманат құрманың сүйегі екен, соны ел алдында Арыстан Бабқа тапсырады. Сол кезде: «Мен оны қалай тапсырамын?» - деген оған: «Өзі алдыңнан шығып сұрайды», – депті.
Жылдар жылжып өтеді, күндердің күнінде ұлы дала төсінде келе жатқан Арыстан Бабтың алдынан жеті жасар бала жүгіре шығап, «Ата, аманатымды беріңіз», – депті. Сонда пайғамбардың айтқаны есіне түсіп, ұзақ уақыт сақтап жүрген аманатты иесіне табыстаған екен. Құрманың сүйегін алған күйі бала алды-артына қарамай жүгіріп бара жатқанда Арыстан Баб таңырқаған қалпында: «Мен неше жыл сақтағанда, аманат үшін бір ауыз жылы сөз айтпағаның қалай?» – дейді. Артына қайырыла қараған бала, «Маңызын сорып, сүйегін маған бердіңіз, мейлі, сонда да батамды берейін», – деп қолын жайыпты. «Сізге түнесін, менен тілесін, аумин», – деген бала ілгері жүгіре берген деседі.
Арыстан Баб әулиенің кесенесі бізге қашанда ыстық, қашанда қасиетті».
Бізде бар мәліметтерге сүйенген түрде, Түркістанда сахабалардың қабірлері бар болуын теріске шығару үшін бірнеше бөлімдерді келтіру керек. Олардың мәні келесілерде:
1. Осы аңыз-деректерде аталған сахабалар біздің жерлерімізде жерленбек түгілі, келген болуы да мүмкін емес екендігін түсіндіру.
2. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) дүниенің әртүрлі бөліктеріне Исламға шақырумен жіберген сахабаларының есімдерін тізбектеп айту. Бұл бөлім оқырман сенімді деректерде сахабаларды Түркістанға жіберген деген дерек келмегеніне көзін жеткізу үшін қажет.
3. Дүниенің әртүрлі бөліктерінде ең соңғы болып қайтыс болған және ол жерлерде олардан кейін сахабалардан ешкім болмаған сахабалардың есімдерін тізіп айту.
4. Сахабалар жалпы жердің қай бөліктеріне дейін барғандығы туралы тарихи деректерді келтіру. Бұл бөлім өте маңызды, өйткені сахабалардың қай жерлерге дейін барғандығын білу бізді басқа да қандай да бір сахабалардың Түркістанға немесе өзге бір жерге келгендігі туралы түрлі жаңа аңыздарды тұрақты түрде теріске шығарып отырудан құтқарады.
1-Бөлім. Бұл оқиғада аталған сахабалардың біздің жерлерімізде жерленуі түгілі бұл жерлерге келген болуы мүмкін емес екендігін түсіндіру
Ең әуелі сахабалардың және олардың өмірбаяндарының Ислам тарихындағы және заңнамасындағы орнын ерекше атап өту қажет. Сахабалардың есімдері, жүрген-қозғалғандары және өмірбаяндары арнайы кітаптарда нақты белгіленген адамдардың санатына жататындығын ерекше атап кету қажет. Исламның заңнамасы түгелімен Құранның аяттары мен Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінде құрылған, ал оларды сахабалар жеткізген. Хадистану ғылымында («Мусталәх ул-хадис») барлық сахабалардың хадистері бірмағыналы түрде қабылданатын, яғни олар шыншыл болып табылады, ал мұны сахабалардың ізбасарлары туралы, ал олардан кейін келгендер туралы тіпті де айтуға болмайды. Сондықтан да хадистану имамдары – осы үмметтің имамдары түгелімен бүкіл сахабалардың есімдері мен өмірбаяндарын атап айтқан жеке көптомды шығармалар қалдырған. Осыдан шыға келе бүгінгі күні қандай да бір қылжақпас оңбағанның шығып, қандай да бір аттарды атап, олар Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары болғандықтары туралы айтуына мүлде жол берілмейді.
Сөйтіп біз келтірген ел ауызында таралып жүрген аңыз-деректерде Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары деп аталатын екі адамның аттары аталған.
Жалпы сахабалар туралы белгілі сенімді энциклопедиялардың барлығы мына тізіммен шектеледі:
1. «Әл-Исаба фи тамйиз әс-Сахаба». Авторы: Хафиз Ибн Хәжар әл-‘Асқаләни («Дар ул-Кутуб әл-‘Илмия» баспасы);
2. «Мағрифат ус-Сахаба». Авторы: Ибн Мәнда әл-Асбахани («Дар әр-Рауад» баспасы);
3. «Әл-Истиғаб фи мағрифат ил-Асхаб». Авторы: Ибн ‘Абдул-Барр («Дар әл-Жәйл» баспасы, Бейрут);
4. «Мағрифат ус-Сахаба». Авторы: Абу Ну’айм әл-Асбахани («Дар ул-Уатан» баспасы);
5. «Усдул Ғаба фи мағрифат ис-Сахаба». Авторы: Ибн әл-Асир («Дар ул-Кутуб әл-‘Илмия» баспасы);
6. «Муғжам ус-Сахаба». Авторы: Абу әл-Касим әл-Бағауи («Мактаба дар ул-Баян» баспасы);
7. «Маусуға хаят әс–Сахаба мин кутуб Турас». Авторлары: зерттеушілер тобы («Муассасат ур-Райан» баспасы). Бұл энциклопедия сахабалар туралы ақпараттың толыққанды жинағы болып табылады.
Сонымен, сахабалар туралы барлық белгілі жинақтар мен энциклопедияларды зерттеген соң, біз мынандай қорытындыға келдік:
1. Біз жоғарыда қарастырған аңыздар былай дейді:
Арыстан Баб – Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құрма жемісін аманат етіп алды да, оны Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қайтыс болғаннан кейін төрт жүз жыл өткен соң Ахмет деген балаға Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) аманаты ретінде тапсырды.
Укаша – Түркістан қаласынан 60 шақырымдай жерде жергілікті халық әулиелі мекен санайтын Укаша Ата сахабаның зияраты және қасиетті құдығы бар. Сол құдыққа Укаша Атаның басы түсіп, ғайып болыпты. Әлгі құдық жерасты жолдарымен сонау Меккедегі Зәмзам бұлағымен жалғасады дейді айтушылар. Өйткені сахабаның басы сол Зәмзам бұлағынан шығып, өзге жолдастары Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабірінің аяқ жағына жерлепті.
2. Ал осы үмметтің хафиздарының, имамдарының және тарихшыларының беделді әрі сенімді еңбектері былай дейді:
Сахабалар туралы бірде-бір жинақтарда осы ұятсыз, өтірік қиссада келтірілген Арыстан Баб деген ат аталмайды, әрі Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өмірбаянында, ол қандай да бір адамға құрма беріп, оны түркі әлемінен шыққан өзінің бір ізбасарына төрт жүз жылдан кейін беруді аманат етіпті деген дерек келтірілмеген. Екіншіден, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) адамзаттың ардақтысы, абзалы, Аллаһтың ең сүйікті құлы, пайғамбарлардың сұлтаны әрі ең соңғы пайғамбар, Жәннатқа кіретін ең алғашқы адам бола тұра, төрт жүз немесе бес жүз жыл өмір сүруге, аты да, заты да белгісіз біреуден әлдеқайда лайықтырақ еді. Сосын, егер сол құрманы сол адамға беру дінде маңызды болатын болса, онда ол Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жүктелген бір міндет еді, ал ол оны өзі орындай алмай, біреуге тапсырғаны ма? Аллаһ Тағала бізді мұндай дінбұзар, күпірлік болып табылатын ойлардан сақтасын. Мұндай өтірік сөздер дінін кемел етіп, толықтастырған Аллаһқа да, Оның дінін ең кемел түрде одан еш нәрсе қалдырмай толығымен жеткізген Аллаһтың ардақты Елшісіне де жабылған жала болады.
Ал Укаша деген атқа келер болсақ, онда Укаша ибн Михсан деген сахабаның болғаны рас. Алайда ол Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қайтыс болғанынан бір жылдан кейін, Абу Бакрдің халифалық құруы тұсында, Мәдинадан шығыс тарапта орналасатын Нәдж деген аймақтағы Бузаха деген жерде, діннен шыққан муртадтармен болған шайқастардың бірінде қаза тапқан. Қз.: әз-Зәһаби «Сияр» 1/307.
Көріп тұрғаныңыздай, Укаша деген даңқты сахабаның өмірі мен қайтыс болуына Түркістан жерінің ешқандай қатысы жоқ. Ал оның басы денесінен бөлек, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабірінің аяқ жағына жерленгені де – негізсіз және ұятсыз өтірік. Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабірінің жанына екі салиқалы халифа Абу Бакр мен Умар жерленгені ғана – ақиқат.
Мұның үстіне, хадистану ілімінде «иснад» деген ұғым бар. Ол «тізбек» деп аударылады да, белгілі бір хадистің Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) немесе белгілі бір хабардың сахабадан оны жеткізетін риуаятшылардың (жеткізушілердің) тізбегін меңзейді. Ал осы Арыстан Баб және Укаша Ата туралы деректердің ешқандай, тіпті әлсіз тізбектері де жоқ, олар тек ойдан тоқылған өтірік екендігі, ал Аллаһтың дініне тағылған өтірік пен жала, ұлы жазаға лайықты іс екені ислам шариғатынан қарапайым білімі бар адамға белгілі.
Аллаһтан Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және оның ардақты сахабаларына жапсырылған осы өтірік аңыздарды ойдан тоқып шығарған адамдарды да, сондай-ақ осы және осы сияқты жалған қиссаларды ел арасында және Түркістанға барушылардың арасында таратушыларды да, осыларды үнсіз мақұлдаған адамдарды да жазалауын сұрауымыз ғана қалды.
2-Бөлім. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мемлекет басшыларын Исламға шақыру үшін дүниенің әр тараптарына жіберген сахабаларын тізіп атау
Бұл бөлімде біз Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жердің түкпір-түкпіріне Исламға шақырумен жіберген барлық сахабаларын тізбектеп атап өтеміз.
Ұлы имам, хадистанушы, Құранның ең жақсы тәпсірлерінің бірінің авторы, сондай-ақ атақты тарихшы болған хафиз Ибн Кәсир бұл мәселені ашып көрсету үшін өзінің «Фусул фи сират әр-Расул» кітабында (191-192 беттер) тұтас тарауды арнап бөлген. Хафиз Абул-Фида Ибн Кәсир былай деген: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Амр ибн Умайя әд-Дәмриді Эфиопияның патшасы – Нәжашиге жолдаумен жіберді. Нәжаши Исламға деген шақыруды қабылдады да, мұсылман болды, Аллаһ оған разы болсын және оның қабірін жарық етсін.
Дихья ибн Халиф әл-Кәлбиді Римнің патшасы - Ираклийге жіберді. Ираклийге жолдау ұнады және ол тіпті Исламды қабылдауға дейін барды да, бірақ ең сонғы сәтте бас тартты.
‘Абдуллаһ ибн Хузафа әс-Сахмиді парсылардың патшасы – Кисраға (Хосройға) жіберді. Кисра (Хосрой) тәкаппарлық танытты да, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жолдауын жыртып тастады. Осыдан соң Аллаһ Тағала Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) дұғасын қабылдап, Кисраның патшалығын бөлік-бөліктерге жыртып тастады. Қз.: «Сахих» әл-Бухари 64.
Сондай-ақ Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Хатыб ибн Аби Балта’аны Александрия мен Мысырдың патшасы Мукаукиске жіберді. Ол Исламды қабылдады дерлік, алайда оның Исламды қабылдағаны сахих түрде анықталмаған. Оның Аллаһтың Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сыйлықтар жібергені ғана анық.
‘Амр ибн әл-’Асты Оманның екі патшасына жіберді, әрі олардың екеуі де Исламды қабылдады.
Сондай-ақ Суләйт ибн ‘Амр әл-’Амириді Ямаманың патшасы – Хауз ибн ‘Али әл-Ханафиге жіберді.
Шужә’ ибн Уахб әл-Асадиді Шамдағы Балктың әміршісі – Харис ибн Шаммар әл-Ғассаниге жіберді.
Сондай-ақ әл-Мухажжир ибн Аби Умайя әл-Махзумиді әл-Харис әл-Химьяриге жіберді. Сондай-ақ әл-‘Алә ибн әл-Хадрамиді Бахрейннің әміршісі - Мунзир ибн Сауа әл-‘Абдиге жіберді және ол Исламды қабылдады.
Сондай-ақ Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Абу Муса әл-Аш’ари мен Му’аз ибн Жәбалді Йеменге жіберді, содан соң Йемен аумақтарының басым бөлігі Исламды қабылдады».
Көріп тұрғанымыздай, Түркістан жеріне қандай да бір сахабаның жіберілгендігі туралы ешқандай дерек жоқ. Ендеше, Түркістанға сол жердегі патшаға немесе әмірге сахабаны аттандырмаған Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Ахмет есімді балаға құрманы аманат етіп тапсыру үшін жіберді деу және сол аманатты өзі қайтыс болғаннан кейін төрт ғасырдан астам уақыт өткен соң орындау үшін біреуге қолма-қол берді деп айту – Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құдіреті жетпеген нәрсені қандай да басқа біреуге телу және ұятсыздығы мен көлемі бойынша Аллаһқа және Оның Елшісіне жапсырылған ең қисынсыз өтіріктің бірі екендігінде дау жоқ. Әрі мұндайды айтатын адам Аллаһқа да, Оның Хақ дініне де, Қасиетті Кітабы – Құранға да, соңғы Елшісі Мухаммадқа да жала жапсырған болады. Аллаһ Тағала бізді мұндай қисысынсыз өтірікке сенуден де, оны таратудан да, куә болудан да сақтасын. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің сахабаларын өзімен бір уақытта өмір сүрген патшаларға оларға Исламды жеткізу үшін және қайтып оралуы үшін жіберді, алайда ол ешкімді қандай да бір құрманы немесе сәлдені немесе сия қобдишасын әлдебіреулерге аманат етіп тапсыру үшін жіберген жоқ. Сондай-ақ біз сахабалардың сол жерлерде немесе сол жерлердің патшаларының алдында қандай да бір муғжизалар істегенін де байқамаппыз. Біз олардың тапсырылған жолдауларын тапсырып қайта оралғандарын ғана білеміз.
3-Бөлім. Дүниенің түкпір-түкпірінде ең соңғы болып қайтыс болған сахабаларды тізіп айту және олардан кейін бұл жерлерде сахабалардан ешкім болмағандығын дәлелдеу
Хафиз Ибн әс-Саләх «Муқаддима улюм әл-Хадис» еңбегінде (296-300 беттер) былай деп айтқан екен: «Жер бетінде қалған соңғы сахаба Абу Туфәйл ‘Амр ибн Уасилә һижраның 100-ші жылы қайтыс болды».1
Ал дүниенің бөліктеріне келер болсақ, онда Мәдинада қайтыс болған соңғы сахаба Жәбир Ибн ‘Абдуллаһ еді, мұны имам Ахмад Қатададан жеткізгендей. Сондай-ақ Мәдинада соңғы болып қайтыс болған сахаба Сәһл ибн Са’д немесе әс-Саиб ибн Язид еді деп те айтылады2.
Олардан Басрада ең соңғы қайтыс болған сахаба Әнас ибн Мәлик еді.
Олардан Куфада соңғы қайтыс болған - ‘Абдуллаһ ибн Аби Ауфа.
Шамда соңғы қайтыс болған сахаба ‘Абдуллаһ ибн Буср немесе Абу Умама еді.
Мысырда соңғы қайтыс болған -‘Абдуллаһ ибн әл-Харис ибн Жәз әз-Зубәйди.
Палестинаға келер болсақ, онда соңғы қайтыс болған сахаба Абу Убай ибн Умм Харам болатын.
Дамаскіде - Уасилә ибн әл-Аска’.
Хомста - ‘Абдуллаһ ибн Буср.
Ямамада - әл-Хармас ибн Зияд.
Жәзирада - әл-‘Арс ибн ’Амира.
Африкада - Руәйфи’ ибн Сабит.
Шөлдегі бәдәуилердің арасында ең соңғы қайтыс болған сахаба - Сәләма ибн әл-Ақуа’»3.
Біз көріп тұрғанымыздай, мұсылман үмметінің екі хафизы - Ибн әс-Саләх пен әл-‘Ирақи сахабалар өткен жердің барлық бөліктерін егжей-тегжейлі етіп, тізіп атады. Бірақ олардың ешқайсысы Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларынан кім болсын Түркістан жерінде өмір сүрді деп айтпады.
Біздің аймақтарымызға ең жақын орналасқан хафиз әл-Ирақи атаған жерлер Самарқан әрі Сижистан болып табылады, алайда олар да, біріншіден, бізге айтарлықтай жақын емес, екіншіден, Укашаның Самарқан жерінде болмағаны сенімді түрде анық, ал үшіншіден, Арыстан Баб деген сахабаның болғаны және ол Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тірі кезінде жасы үш жүзді толтырғаны, әрі Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кейін де төрт жүз жыл өмір сүріп, не үшін қажетті болғаны белгісіз құрманың дәнегін жас балаға аманат етіп тапсырғаны есі дұрыс адамның сенуіне келмейтін қисынсыз өтірік екендігі айдай анық емес пе?!
Ал хадистану ғылымынан, сондай-ақ хадис жеткізушілер туралы ғылым мен кітаптар туралы кішігірім болса да хабары бар адамның Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларынан кім болса да Түркістан жерінде болғанын және солай бола тұра табиғиндерден (сахабалардың ізбасарларынан), немесе хадис жеткізушілерден, немесе жай ғалымдардан ешкім оған хадистерді алу үшін ұмтылмағанын еслестетуі мүмкін емес. Сондай-ақ егер сахабалардан біреу-міреу Түркістан жерінде соншалықты ұзақ өмір сүріп, сол жерде қайтыс болып, жерленген болғанда, хадис жеткізушілер туралы кітаптарда немесе сахабалардың ізбасарларының өмірбаяндарында сол сахабаларды көрген және олардан хадис жеткізген жүздеген табиғиндердің есімдері аталған болар еді. Алайда біз мұны да таппаймыз. Әрі біз жеткізушілер тізбегінде біреу болса да, мейлі ол әлсіз немесе сенімді болсын, Түркістандық жеткізушісі болған бірде-бір әлсіз де, сенімді де хадис таппаймыз.
4-Бөлім. Сахабалар жалпы дүниенің қай жақтарына дейін барып жеткендігі туралы фактілерді келтіру
Исламның таралуы туралы, мұсылман халықтарының өмірі туралы жинақтар мен энциклопедиялар өте көп. Олардың барлығы іс жүзінде өзара бірдей фактілер туралы айтады, әрі тарауды созып жібермеу үшін Ислам тарихы бойынша ең кең көлемді энциклопедиялардың бірі болған «Тарих ул-Ислам уә уафият әл-машахир уәл-ағләм»4 еңбегіне сүйеніп, сахабалар қай жерлерге дейін жеткендігі туралы тарихи фактілерді келтірумен шектелеміз. Оның авторы атақты тарихшы имам Шамсуддин Мухаммад ибн Ахмад әз-Зәһаби болып табылады (748 һ/ж қайтыс болған).
Бұл тарауда бізді қызықтыратыны «Сахабалар Түркістан жеріне дейін жетті ме?» деген сұрақ болғандықтан, біз тек біздің жерлерімізге қатысты оқиғаларды ғана келтіреміз.
Имам әз-Зәһаби былай деген:
«Һижраның 41-жылының уақиғалары: осы жылы ‘Абдуррахман ибн Самура Заранжты5, сондай-ақ Ахуазаның кейбір елді-мекендерін басып алды.
43-жыл: ‘Абдурраһман ибн Самура Зуннадж6 қаласын және Сижжистанның басқа қалаларын басып алды.
54-жыл: ‘Убайдуллаһ ибн Зияд әскери жорық жасай келе, Бұхараның жерлеріне еніп кірді де, Рамисан7 елді-мекенін, сондай-ақ Насаф пен Байканыдты8 алды. Сонымен қатар ол Жайхун (Амудария) өзенін түйелер үстінде кешіп өтті де, осы атақты өзенді кесіп өткен алғашқы араб болды.
56-жыл: осы жылы Даххак ибн Қайс Куфадан Масқалә ибн Хубайра әш-Шайбаниді Табаристан жаққа қарай бағыттап жіберді. Оларға әскери жорық жасап, Масқалә оларды бес жүз мың дирхам көлемде алым-салық төлеуге мәжбүрледі. Сондай-ақ Халифа ибн Хаяттың «Тарихын» (223-бет) қараңыз.
Сондай-ақ сол жылы Му’ауия Са’ида ибн ‘Усман ибн ‘Аффанды Мухәллаб ибн Аби Сафра әл-Аздимен және Аус ибн Са’ләбамен бірге Самарқанды бағындыруға жіберді. Оларға қарама-қарсы Самарқанның билеушісі басқарған әскер шықты. Кескілескен ұрыстардан кейін мұсылман әскерлері дұшпанды олардың аумағына тікелей шегінуге мәжбүрледі. Ал содан соң қарсылас алым-салықпен құтылды. Қз.: сондай-ақ Халифа ибн Хаят «Тарих» 224-бет және әт-Табари «Тарих» 5/305.
62-жыл: Сәлм ибн Ахуар Хорезмге әскери жорық жасады, әрі оның тұрғындары алым-салықпен құтылды. Содан соң Сәлм Самарқан тарапқа қарай бағыт алды, оның тұрғындары да алым-салық төлеп құтылды.
67-жыл: Әзірбайжан алынғаннан соң, Мус’аб Мухалләб ибн Аби Сафр әл-Аздиді осы аймақты басқаруға жіберді. Қз.: сондай-ақ әт-Табари «Тарих» 6/116.
82-жыл: осы жылы Мухаммад ибн Маруан Арменияға әскери жорық жасады. Қарсыластың әскері қашты. Содан соң аймақ тұрғындары алым-салық төлеп құтылды. Мухаммад ибн Маруан оларға билеуші ретінде Абу Шейх ибн ‘Абдилләһты жіберді. Біраз уақыт өткен соң оған қиянатшылдықпен қастандық жасалады, соның салдарынан ол қайтыс болды. Қз.: сондай-ақ Халифа ибн Хаят «Тарих» 228-бет.
83-жыл: осы жылы Абдул-Мәлик ибн Маруан Әзірбайжан мен Армения үстінен билікті өзінің бауыры Мухаммад ибн Маруанға берді.
84-жыл: осы жылы Мухаммад ибн Маруан Арменияның қалған жерлерін толық бағындырды.
87-жыл: Кутайба ибн Муслим Бұхара жерлеріне әскери жорық жасады.
88-жыл: осы жылы Кутайба ибн Муслим Ферғана жерлеріне ұлы жорық жасады. Сол кезде сол жерлерді Қытай билеушісінің жиені басқаратын. Әскерлерге қарсы дұшпанның екі жүз мыңдық әскері шықты. Дұшпанның көп болуына қарамастан, Кутайба қарсыласты талқандады. Қз.: сондай-ақ Халифа ибн Хаят «Тарих» 300-бет.
92-жыл: осы жылыАллаһ Тағала мұсылмандарға түркілердің жерін ашты.
93-жыл. Осы жылы Кутайба ибн Муслим Хорезмге әскери жорық жасады. Қарсылас алым-салық төлеп, он мың бас мал беріп құтылды. Содан соң Кутайба Самарқанға қарай бет алды. Самарқан әскерлері кескілескен қарсыластық көрсетті. Кутайба олар бір миллион екі жүз мың дирхем алым-салық төлеуге келіспейінше әрі сол жылы отыз мың бас мал төлемейінше оларды қоршаудан шығармады.
94-жыл: Осы жылы Кутайба ибн Муслим Қабыл тарапқа қарай бағыт алды да, оны басып алмайынша қоршап алып, шабуыл жасады. Кейін ол Ферғанаға бет алды да, оны күшпен басып алды».
Көріп тұрғанымыздай ешқандай арабтың құрма дәнегін беру үшін Түркістан төңірегіне келгендігі туралы сөз болып тұрған жоқ. Келтірілген деректерге сүйеніп, біз мұсылмандардың һижраның 100-жылына қарай тек қазіргі Өзбекстан, Әзірбайжан, Армения, Ауғанстан жерлерін бағындырғанын көре аламыз. Түркістанға бұл алыс болмаса да, бірақ жақын да емес. Ал һижраның жүзінші жылынан кейін орын алған оқиғаларға келер болсақ, олар біздің талқылап жатқан мәселемізге еш қатысы жоқ, өйткені соңғы сахаба Абу Туфәйл ‘Амр ибн Уасилә һижраның 100 жылы қайтыс болды да, содан соң жер бетінде Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көзін көрген бірде-бір адам қалмады. Осының барлығы және басқа да фактілер сахабалар Түркістан жеріне еш келмегеніне және онда жерленбегеніне дәлел бола алады.
Ал барлық мақтау-мадақтар тек әлемдердің Раббысы - Аллаһқа тән!
Қолданылған дерек көз: www.abuhanifa.kz сайты.
Достарыңызбен бөлісу: |