Іі. Батыс Қазақстан кәсіподақтарының ауыл шаруашылығын дамытуға қатысуы



бет1/2
Дата26.04.2023
өлшемі28.53 Kb.
#472787
түріСабақ
  1   2
ғылыми жұмыс


ІІ. Батыс Қазақстан кәсіподақтарының ауыл шаруашылығын дамытуға қатысуы

2.1. Тың және тыңайған жерлерді игерудегі қызмет
Халық шаруашылығында ауыл шаруашылығы тарихи да күрделі орындардың біріне ие. Өйткені ол екі өзара сабақтас міндеттерді шешеді: бір жағынан, халықты азық-түлікпен, екінші жағынан өндіріс кәсіпорындарын ауыл шаруашылығы дақылдары шикізатымен қамтамасыз жасайды. Ауыл шаруашылығының қоғамдағы осындай маңызды ролі Қазақстан Республикасы тарихына тән жағдай болып саналады. Қазақстан патшалық Ресейдің отарлау саясаты кезінде де, кейінгі жиырмасыншы ғасырдағы кеңестік дәуірде де ауыл шаруашылығы дамыған аграрлы елдің бірінен саналды. Алайда, Қазақстанның ХХ ғасырдағы ауыл шаруашылығы дамуының жетістіктері маңызды, әрі қарама-қайшылыққа толы күрделі процестердің бірі болып есептеледі. Егер, Кеңес өкіметі орнағаннан кейін қазақ өлкесінде социалистік меншікке негізделген ұжымдастыру саясатын жүргізу қолға алынып, колхоз, совхоз құрылысының негізі қаланып, екінші дүние жүзілік соғысқа дейін жаңа сипатқа ие болса, ал соғыстан кейінгі жылдарда бұл аграрлық саясат одан әрі жалғасып, республикада елуінші жылдардың аяғына қарай совхоз, колхоз құрылысы толық жеңіске жетіп, 60-80 жылдарда бұл саясат одан әрі тереңдеп, Қазақстанда ірі экономикалық жағынан қуатты энергетикалық техникалық жағынан жоғары еңбекті ұйымдастыру тұрғысында сол кезеңге сай тиімді ірі аграрлық ұжымшарлар мен кеңшарлар барынша қызмет етті. Сөйтіп, Қазақстан КСРО-ның шығыстағы ірі аграрлық-экономикалық аймағына айналды. Тіпті, 80 жылдардың басында ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің өзара жақындасуы барысында ірі аграрлық-өнеркәсіптік кешендердің дүниеге келуіне жол ашылды. Алайда, 80 жылдардың бірінші жартысында жалпы КСРО секілді Қазақстанда да ауыл шаруашылығының дамуында жетістіктер мен қатар күрделі қиындықтар, қарама-қайшылықтар, тежелу процесі тән болды.
Қазақстанның ауыл шаруашылығының дамуында Батыс аймағы (Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстай облыстары) өзінше үлес қосты. Оның айқын дәлелі Батыс Қазақстанда екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдарда мал саны өсіп, жоғары егіншілік дамып, нәтижесінде бұл өлке ірі аграрлық-экономикалық аймақ дәрежесіне көтерілді. Сөйтіп, 70 жылдардың аяғы - 80 жылдардың басында Батыс Қазақстан аймағы жалпы республикалық ауыл шаруашылығы жиынтық өнімін өндіруде астық дақылдары бойынша 10 пайыз, ет өндіру 15, жүн 24 пайыз, сүт өндіру 10 пайыз үлеске ие болды. Ірі ұжымшарлар мен кеңшарлар, агро өнеркәсіптік кешендер, ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдейтін құрылыстар салу жүзеге асырылды.
Әрине, республика жағдайындағы ауыл шаруашылығына қатынасты жетістіктер мен күрделі қарама-қайшылықтар, тежелу процестері Батыс Қазақстанның ауыл шаруашылығына да тән еді. Екінші дүние жүзілік соғыстан кейінгі жылдардағы Батыс Қазақстан еңбекшілерінің ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлестерін оның ішінде, 1946-1953 жылдардағы әміршіл-әкімшіл жүйесінің шарықтауы барысында аймақта ауыл шаруашылығының дамуын қалпына келтіру, 1953-1954 жылдардағы КОКП ОК қыркүйек және ақпан-наурыз пленумдары шешімдеріне сәйкес жүргізілген түбегейлі бетбұрыс пен тың және тыңайған жерлерді игеру, сонымен қатар КОКП ОК 1965 жылғы наурыз пленумы шешіміне сай қабылданған жаңа аграрлық саясатты жүзеге асыру барысында жетістіктер мен күрделі қиындықтар өзекті мәселе болып саналады.
КОКП Орталық Комитетінің ақпан Пленумының қаулысына сәйкес кәсіподақтардың жұмыстарын қайта құру мен жақсарту бойынша бірнеше шаралар жүзеге асты. «Кеңестік кәсіподақтар туралы» жаңа ережеге сәйкес облыстағы кәсіподақтар іріленді, облыстық кәсіподақтар Кеңесінде шаруашылық салалар бойынша нұсқаушы топтар мен техникалық инспекциялар қалыптасты.
Қайта құрудан соң облыстағы кәсіподақтар құрылысында өз қатарына одақтың 74109 мүшесін, яғни барлық жұмысшылар мен қызметшілердің 87%-ін біріктірген 8 облыстық комитеттер кеңестері, райпрофсож, өзеншілердің топтық комитеттері, құрылыс комитеттері және 1030 бастауыш ұйымдар болып қайта құрылды.
Кәсіподақ ұйымдарының құрамындағы мүшелер саны да өсті. 940 бастауыш ұйымдарға біріктірілген 81169 мүшелері кәсіподақ ұйымдарының қатарында есептелген.
1960 жылдан бастап кәсіподақтар құзырына барлық шипажайлар мен демалыс үйлерін басқару берілді. Мысалы, 1960-61 жылдары кәсіподақ ұйымдары жолдамасы бойынша 7500 жұмысшылар мен қызметкерлер шипажайларда демалды және емделді, 8000 балалар өз демалыстарын пионер лагерлерінде өткізді.
Еңбекшілерді өндірісті басқару ісіне қатыстырудың маңызды түрі болған - өндірістік кеңестердің аясы кеңейе түсті. 1961 жылы 7 мың адамды қамтыған 135 кәсіпорындар мен совхоздарда тұрақты өндірістік кеңестер жұмыс істесе. 1964 жылы облыста өнеркәсіп орындарда, құрылыста, транспортта және ауылшаруашылығында 187 тұрақты өндірістік кеңестер жұмыс істеген. Тұрақты өндірістік кеңестерде жұмысшылар мен қызметкерлер өз ұсыныстары арқылы өндірісті басқаруға ат салысып отырды. Мысалы, 1964 жылдың бірінші жартысында тұрақты өндірістік кеңестердің үш жүзден астам мәжілістері өткізіліп, онда кәсіпорындардың жұмысын жақсартуға бағытталған 688 ұсыныс түсіріліп, 476 ұсыныс өндіріске енгізілген. Жеке тоқталып кетер болсақ, құрамында 90 адам болған, оның 68-і жұмысшылардан тұрған Орал ет-консерві комбинатындағы өндірістік кеңестің алты ай ішінде 4 мәжілісі өткізіліп, онда еңбекті нормалау және жұмысшыларға еңбек ақы төлеу, шығаратын темір-бетон бұйымдарының сапасы туралы және басқа өндірістік маңызы бар мәселелер талқыланған. Кеңесте 15 рационализаторлық ұсыныс қабылдап, оның 9-ын өндіріске енгізген. Сонымен бірге осы мезгіл ішінде мемлекеттік сауда жүйесіндегі 5 тұрақты өндірістік кеңестердің өткізген 23 мәжілісінде 82 ұсыныс қабылданып, оның 60-ы өндіріске енгізілген.
Дегенмен, кәсіподақ ұйымдарының жұмыстарында прогрессивтік бастамалармен қатар регрессивтік жақтары да болды. Мысалы, 1957 жылы өндіріспен байланысты 500 қайғылы оқиғалар тіркелген және он мыңдаған жұмысшылар күні босқа өткізілген, сырқаттанғандардың анықтама қағаздарына төленетін ақыға мемлекеттік қаржының миллион сомы жұмсалған, Ворошилов атындағы заводта, Землячка атындағы заводта және тағы басқа кәсіпорындарда еңбек қорғанысы мен техникалық қауіпсіздіктер дұрыс сақталмаған. Ал 1961 жылы мұндай келеңсіз жағдайлар көбінесе өндірістік кеңестерді қамтыған. Олар өндірістік маңызы бар мәселелерді сирек қарап, жұмыстарында басыбайлық әрекеттер жіберген. Нәтижесінде өндірістік кеңестерде ұсынылған рационализаторлық ұсыныстардың 20%-тейі өндіріске енгізілмей қалған.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет