Жоспар
І Кіріспе
ІІ Негізгі бөлім: 1. Сын өнері
2. Дандай Ысқақұлы – сыншы
ІІІ Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
Кіріспе
Әдеби сынның жанрлық жүйесін айқындау оның сан сипатты табиғатынан туындайды. Сол себепті де оған бір ғана әдеби, не публицистикалық принциппен, өлшеммен келуге болмайды. Сынның жанрларын анықтағанда, оның көркемдік сипаты әдеби принципті қажет етсе, публицистикалық табиғаты, публицистикалық ғылымилығы ғылыми өлшемдерді қолдануға міндеттейді. Осы тұрғыдан сын жанрларын алдымен әдеби, публицистикалық, философиялық деп жіктеуге болады. Сынның көркем жанрлары әдебиеттің тегі, түрі, жағынан эссе, пародия, эпиграмма, памфлет, т.б. болып бөлінеді. Сын жанрын іштей шартты түрде қарасөзбен (рецензия, шолу, эссе, шығармашылық портрет, т.б.) және өлең сөзбен (эпиграмма, пародия) жазылған деп бөлуге болады. Публицистикалық жанрға әдеби хабар, аннотация, рецензия, мақала, шолу, творчестволық портрет, әдеби фельетон, әдеби очерк, әдеби есеп т.б. жатады. Бұларды тағы да хабар (әдеби хабар, аннотация), талдау (рецензия, мақала, шолу, шығармашылық портрет), әдеби-публицистикалық (әдеби фельетон, әдеби памфлет, әдеби очерк, т.б.) жанрлары деп жіктеуге болады. Бүгінгі әдебиет жайлы жазылған көлемді ғылыми еңбекті «монография» деп атайды. Сын жанрларын шартты түрде осылай жіктеген Д.Ысқақұлы енді осылардың басқа жанрларды айқындайтын жалпы белгілері жайлы сөз қозғайды: « Әдеби сынның жанрларын ажыратуда оның қандай стильмен жазылғандығы, қандай көркемдік құралдарды, әдістерді пайдаланғандығы көмектеседі».
Сын өнері
Сын – әдебиеттің шарайнасы, ақылшысы, жолбастаушы пірі. Шынтуайттап келгенде, «әдебиет сынмен көркейеді» (Жүсіпбек Аймауытұлы), өркен жаяды, «жазушының қайрағы - сыншы» (Смағұл Сәдуақасұлы), демек, сын – әдебиет дамуының темірқазығы, беломыртқасы. Сын өнерінде философиялық көзқарас пен түйінді жинақтауларға, не филология ғылымының жетістіктерімен, әлемдік әдебиеттің көркемдік тәжірибелерімен мұздай қаруланған ойшыл сыншының төрешілік тұлғасы – әдебиеттің тамыршысы, қырағы жанары. Біздер әдебиет сыншысын осы тұрғыдан бағалауға тиіспіз.
Қазақ әдеби сынының бір ғасырлық тарихын зерттеген айтулы әдебиет тарихшысы, сыншысы Тұрсынбек Кәкішұлынан кейін оның шәкірті профессор Дандай Ысқақұлының өнікті-өнімді ізденістері «көркем шығармашылыққа қатысы бар қоғамдық ғылымдардың тоғысқан түйінінде, рухани өмір әлемінде, өмірді зерттейтін, пікір білдіретін қоғамдық сананың сан сипатты бір саласы» ретінде көрініс тапқан. Бұл ретте «Әдебиеттану ғылымының даму жолдары» дейтін толғамында ауыз әдебиеті, ақын-жыраулар, сал-серілер шығармашылығы, жыраулар поэзиясы және әл-Фарабидің сөз өнері туралы теориялық қисындары, шығыстанушылар В.В.Радлов, Г.Н.Потанин, К.Н.Березин, Н.Пантусов, П.М.Мелиоранский, П.Н.Ильминский, А.В.Васильев, А.Е.Алекторов еңбектеріндегі қадау-қадау түйінді ой-пікірлері, Шоқан Уәлихановтың «Қазақ халық поэзиясының түрлері жөнінде», Ыбырай Алтынсариннің әдеби- сыншылық білім-білігі, Абайдың поэзияға қойған көркемдік шарттары, «Түркістан уалаяты», «Дала уалаяты», «Айқап», «Қазақ» газеттері мен журналындағы сыншылық-әдеби ой сілемдері, Алаш қайраткерлері Ә.Бөкейханның, Ахмет Байтұрсынұлының, С.Торайғыровтың, Х.Досмұхамедұлының, М.Әуезовтің, С.Сейфуллиннің әдебиет сыны мен тарихына, теориясына қатысты көзқарастарын бажайлап түсіндірген.
Сонымен қатар, ХХ ғасырдағы ұлттық әдебиеттану ғылымының озық тәжірибелерін, әдеби дамудың идеялық-эстетикалық бағытын бағалап-айқындап, ұлт әдебиетінің тарихын қайта жаңғыртып, толықтырып жазуға сырлы кеңес берген. Профессор Дандай Ысқақұлы «Сын жанрлары» атты монографиясында (1999) сын жанрлары үздіксіз өсу, өркендеу үстіндегі тарихи категория екендігін дәйектеп, әдебиет, ғылым, баспасөз дамуымен сын жанрлары бұтақталып-жетіліп, сонау ХІХ ғасырдың 70-ші жылдарындағы, яғни қазақ баспасөзі тууы тарихынан бастап (атап айтқанда, хабарламалық, дәйектемелік сипаттағы заметкалар), қалыптасу және даму жолдарын бастан кешіріп, ұшан-теңіз тәжірибе жинақтап, сынның жанрлық түрлері мен ішкі мүмкіндіктері толық айқындалған кемел шаққа жеткенін, сөйтіп, әдеби сынның әдеби хабар, аннотация, мақала, шығармашылық портрет, әдеби шолу, эссе, сондай-ақ, сынның сатиралық жанрлары тармақталып туындап және бұлардың сыншылық-бағалаушылық, талдаушылық, көркемдік, публицистикалық, ғылыми сипат-белгілері, қоғамдық-мәдени қызметі барынша көрініс тапқанын ғылыми-теориялық тұрғыдан саралайды.
Сыншы Д.Ысқақұлы әдеби-көркем үдерісте оның
1) бастамашылдық,
2) ұйымдастырушылық,
3) танымдық,
4) тәрбиешілік,
5) насихатшылық рөлін жік-жігімен, нақ-нағымен түсіндіреді. Жалпы айтқанда, сын жанрлары құрамдас бөліктерінің әрқайсына ғана тән ғылыми негіздері мен заңдылықтарын айқындайды. Сынның әдіснамасы мен әдіс-тәсілдеріне де ой жарығын түсіріп, әдеби-көркем сын әдебиеттану ғылымының маңызды тарауы болғандықтан, оның методологиясы да әдебиеттің тарихы мен теориясы құрамына кіретіндігін мәлімдейді. Қазақ әдеби сынының білгірі Д.Ысқақұлының пайымдауынша, сынның басты мұрат-мақсаты – көркем шығарманы бағалау һәм зерделілікпен талдау.
Демек, белгілі бір әдеби шығарманың айшықты жетістіктері мен кемшіліктерін нанымды зерделеу. Осы орайда философ-сыншы В.Г.Белинскийдің: «Біздің заманымыздың рухы – талдау мен зерттеу. Енді бәрі де сынға бағынышты» деген көсем пікірі көрегендікпен айтылған-ау!
Дандай Ысқақұлы – сыншы
Филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақұлын әдебиетсүйер қауым жақсы біледі. Д. Ысқақұлы - әдеби сынға ерте араласқан ғалымдардың бірі. Ғалым – сыншының қазақ әдебиеттану ғылымы мен сынындағы әрбір еңбегі сыншылдық-эстетикалық, ғылыми -зерттеушілік, әдеби-теориялық тұрғыдағы талдауда ғылыми тереңдігі жағынан ерекшеленеді. Ғалымның ғылыми зерттеу жүргізу аясы көбіне көп әдеби сынның теориясы мен тарихын және жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің келелі мәселелерін қамтиды. Оның бұл саладағы ізденістері 1967 жылдан бері баспасөз беттерінде үзбей жарияланып келеді. Қазірде сыншы - әдебиет пен өнердің сан-алуан мәселелеріне арналған 300-ден астам мақалалардың иесі. Оның «Әдеби көркем сын», «Сын шын болсын», «Сын жанрлары», «Сын сымбаты», «Сын өнері», «Сынсонар» сияқты бірқатар еңбектерінде әдеби сынның теориялық мәселелері қазақ әдебиеттануында алғаш рет арнайы зерттеліп, жеке ғылым саласы ретінде негізі қаланды. Дандай Ысқақұлы өз зерттеулерінде әдеби сынның өркенді дамуын өзек етіп алып, оның табиғаты, әдістері, әдеби көркемдік процестегі орны, атқаратын қызметі, принциптері, түрлері мен жанрлары сияқты ғылыми-теориялық мәселелерді тұңғыш рет зерттеу нысаны етіп, жан-жақты сараптаудан өткізіп, ғылыми негіздегі тұжырымдамасын түзеді.
Белгілі әдебиетші – ғалым Дандай Ысқақұлының «Сын шын болсын» атты еңбегі - біз сөз еткелі отырған сынның теориясы дейтін қиында, күрделі салаға арналған тұңғыш теориялық еңбек. 1920-30 жылдардағы әдебиет, сын тарихына тереңірек барып, толғана қалам тартып, тұжырымды ойлар айтып жүрген Д.Ысқақұлы бұл еңбегінде әдеби сынның табиғатын танытып, принциптерін жүйелеп,түрлерін түстеуде алғашқылардың бірі болып қалам тартып, құнды еңбек жазып отырғанын айрықша айту қажет. Яғни, әдеби сынның ғылыми негіздерін жүйелеп қарастыруда бұл кітаптың маңызы зор екені даусыз. «Әдеби сынның табиғаты» деп аталатын тарауында сынның әдеби, ғылыми, публицистикалық және әлеуметтік сипаттарын жеке-жеке талдау жасап, тұжырымды ой айтады. Сынның көркем әдебиетпен астасып жататын тұстары болғанымен, екеуінің ара-жігі ажыратылып ерекшеленетін тұстарын да автор ескерусіз қалдырмайды. Яғни, көркем шығармаға қойылатын талаптар – басқа да, сынға қойылатын талаптар басқа. Екеуінің алдына қойған мақсаты да – екі түрлі.
Әдебиеттің негізгі объектісі - өмір. Ал әдеби сынның негізгі мақсаты – бүгінгі күн әдебиетінде, әдеби процесте болып жатқан сипатты жаңалықтарды, ондағы жетістіктер мен кемшіліктерді уақтылы ашып көрсету. Сыншы бұл міндеттерді орындау үшін аналитикалық талдау әдістерін қолданады [1, 9-10]. Бұл пікір, әрине, сын мен көркем әдебиеттің байланысын жоққа шығармайды. Қайта сынды көркем әдебиеттің дамуына көмектесіп отыратын негізгі сала ретінде қарастырады. Әдеби сынды әдебиеттану ғылымына теліп қоюға автор келісе бермейді. Екеуінің қаншама ортақ, ұқсас жақтары болғанымен, өз кезегінде бірімен-бірі 180 қатыса бермейтін тұстары да баршылық. «Сын көбіне, бүгінгі әдеби процесті зерттейді; оның ертеңгі даму қамын ойластырып, жол нұсқап отырады. Бұл ретте сынды әдебиеттің келешегіне бағыт сілтер ғылым деп шартты түрде атауға болатын секілді. Ал ғылымға келсек, ол көбіне әдебиеттің өткенін зерттейді. Осы мәселеге дәстүр мен жаңашылдық проблемасы тұрғысынан келетін болсақ, сын оны жаңа асуларға жетелейді. Ғылым әдебиетті бұрыннан келе жатқан дәстүр ізінде қарастырады».
Дандай Ысқақұлы әдеби сынның ғылыми сипатына да ерекше ден қояды. Автор сынның сипаттарын айқындай келе, әдеби сынның негізгі субъектісі, мазмұны, методология мен әдістері, құралдары, өмір сүру арнасы, жанрлары, зерттеу объектісі, бағыты, қызметі, принциптері деп құрылымын да жүйелейді.
Әдеби сынның табиғатын жан-жақты талдай келе, автор «әдеби сын дегеніміз - әдебиеттану ғылымы мен қоғамдық ғылымдардың тоғысқан түйінінен пайда болып, күнделікті әдеби процесті зерттейтін, оған баға беріп, оқырманның рухани әлемі аясында қызмет атқаратын әлеуметтік сананың сан қырлы саласы», - толыққанды тұжырым жасайды [1, 14].
Сонау 1990 жылдар аяғында шыққан «Сынсонар» монографиясы қазақ әдеби сынының соғысқа дейінгі дәуірін түгендеп, отызыншы жылдар ойранындағы әдеби сынның «ақтаңдығын» аршыды. «Қазақ әдебиетінде, - деп жазады ғалым осы кітабында, - әдеби сынның «ішкі» жақтарына, теориясына, методологиялық мәселелеріне назар аудару соңғы уақыттарға дейін қаға берісте қалып келді. Ал, сынды қалай болса солай «дамыта» салуға келмейтін жағдайы тағы бар.
Әдеби сынның да уақыттар бойғы жетілуінде табиғи қалыптасқан, өзіндік «физиономиялық құрылысы, даму заңдылықтары бар». Ғалым алдымен, алған бағытты айқындап алып барып, өзі белгілеген «заңдылықтардың» сырын ашады. Сөйтіп, әдеби процестегі сынның орнын, сын жанрларының даму үрдісін, 1930 – жылдардың аяғында солақайлығынан усойқылығы басым келіп, алаштың асыл азаматтарының басына қара түнек орнатқан қатігез сынның сырына бойлайды. Бұл кезеңдегі жалпы сынға тән жайттар туралы ғалым былайша тұжырым жасайды: «Саяси солақайшылдықтың салдарынан әдебиетте де солақай сындар өріс алды. Көптеген көрнекті қалам қайраткерлерінің шығармашылықтарына саяси кінәлар тағылып, қуғынға ұшырады, аяғы жаппай саяси жазалауларға жалғасты» [2, 86].
Осы кезеңге қатысты ғалымның көз майын тауыса қилы қаріптердегі (араб, латын, кириллица) ескі басылымдардан іздеп тауып, ғылыми айналымға қосқан сыни ой-пікірлер бұрын сол материалдар авторларының атын атауға қорыққан тұста назардан тыс қалған дүниелер болатын.
Ғалымның жаңа ғасырмен жарыса жарыққа шыққан «Сын сымбаты» еңбегінде қазақ әдеби сынының өткен ғасырдың екінші жартысындағы жай-күйі сараланып, сын жанрының өркендеуіне «Жұлдыз», «Жалын» сияқты әдебиеттің төл басылымдарының көркем сынды дамытудағы қызметіне назар аударылған. Бұл да әдеби жыл қорытындыларында ғана аракідік сөз болғаны болмаса, тың жатқан «тыныш» дүние болатын. Сондай-ақ, мұнда қазақ әдеби сыны мен зерттеушілік пайымның өркендеуіне елеулі үлес қосқан кешегі Н.Төреқұлов, М.Әуезов, С.Мұқановтардан бастап, әдебиеттану ғылымына солардың ізін баса келіп, тау төңкерердей күш – жігермен еңбек еткен Х.Сүйіншәлиев, С.Қирабаев, Т.Кәкішев, Р.Бердібаев, З.Қабдоловтардың сыни еңбектері мен әдеби зерттеулері кеңінен талданып, таразыланды.
Зерттеуші Д.Ысқақұлының «Сын өнері» атты еңбегі әдеби сынның теориялық мәселелерін ғылыми тұрғыдан қарастырады. Басты мұраты мен негізгі принциптері, әдеби дамудағы орын-үлесі, көркемдік-эстетикалық құндылықтары, өзіндік сыр-сипаттары кеңінен сөз етіледі.
Зерттеу еңбекте қазақ әдебиетіндегі сынның әлеуметтік-публицистикалық, әдебиғылыми, лингвистикалық-эстетикалық, шығармашылық һәм сатиралық сипаттары жеке-жеке қарастырылып, ондағы халықтық мұраттарға, тарих тағылымы мен өмір шындығына зор маңыз беріледі. Сол арқылы сынның идеялық-көркемдік дәрежесіне, әдеби процестегі орынүлесіне, теориясы мен методологиялық мәселелеріне кең орын беріледі. Сын мен сыншы 181 мұраты, осыған байланысты арғы-бергі кезеңдердегі алуан ізденіс пен қилы көзқарастар да белгілі бір жүйеге түсіп, бүгінгі уақыттың талап-тілектері негізгі назарда болады. Нәтижесінде әдеби сынның табиғаты мен жанрлық жүйесі, әдістері мен түрлері, басты мұрат, ерекшеліктері кеңінен сөз етіледі.
Ғалым әдеби сынның даму жолдары жөнінде «Әдеби сынның тарихына көз жібергенде, оның пайда болу, даму жолдарының әдебиеттің өсіп-өркендеу бағытымен сәйкес келіп отырғандығы байқалады. Әріге бармай-ақ, ХІХ ғасырдағы орыс әдебиетінде А.Пушкин, Гоголь, Л.Толстой сияқты алыптардың кезінде әдеби сын да шарықтап, шырқау биігіне көтерілді. ХХ ғасырдағы әдебиеттің сыны күні бүгінгі биігіне шықты. Қазақ әдебиетінде үстіміздегі ғасырдың алғашқы кезеңінде Абайдың, Ахметтің, Мағжанның, Шәкәрімнің, Жүсіпбектің т.б. шығармаларының жарық көруі әдеби-сыншылық ой-пікірлердің жаңаша қарқынмен дамуына түрткі болды. Әсіресе, Абайдың, Мағжанның шығармашылығы жайлы таластар шын мәніндегі профессионал сынның қалыптасып, өріс алуына ұйытқы жасады. Мысалы, кезінде М.Жұмабаевтың шығармашылық сипаты, бағыты төңірегінде түрлі даулар дуылдап тұрған кезде жазылған Ж.Аймауытовтың «Мағжанның ақындығы туралы» мақаласы қазақ әдеби сынының биік үлгісіне айналды. Әдебиетте түрлі ағымдар, бағыттар пайда болып, тарау-тарау жолдармен дамыған тұстарда оған шырылдап жүріп тура жолды көрсеткен де – осы әдеби сын», - деп жазады.
Ал, әдеби сынның ғылыми қырлары хақында: «...Әдебиеттің сыны мен ғылымының ұқсастық жақтары олардың зерттеу объектілерінің бірлігінен, адресінен – оқырманға бағышталғандығынан, методологиялық негізі мен зерттеу әдістерінің ортақтығынан, ойлау ерекшелігі, жазу мәнері жағынан да көрінеді екен. Әдеби сынның ғылымилық сипаты әдебиеттану ғылымымен байланыстылығында ғана емес, бүкіл қоғамдық ғылымдармен қатыстылығынан да көрінеді.
Әдеби шығарма қоғамдық өмірдің көркемдік көрінісі болса, сол өмір шындығының қалайша көркемдік сипатқа ие болғандығын анықтауға тек әдебиеттану ғылымының шамасы келе бермеуі мүмкін. Әлеуметтік өмірдің сан-саласын түрлі қырларынан зерттейтін тіл білімі, тарих, этнография, философия, заң, экономика, психология, педагогика, этика, эстетика сияқты ғылым тарауларымен де әдеби сын тікелей байланысты болады»- деп түйін түйеді.
Сондай-ақ, сын мұраты туралы: «...әдеби сын дегеніміз, көркем әдебиет, оның ғылымы мен журналистиканың тоғысқан түйінінде пайда болып, күнделікті әдеби процесті зерттейтін, оның жетістіктері мен кемшіліктерін саралап баға беретін, оқырманның дұрыс түсінуіне көмектесетін, рухани әлем аясында қызмет атқаратын әдеби, ғылыми, публицистикалық, әлеуметтік сипатты шығармашылық түрі; қоғамдық сананың бір саласы; көркем әдебиет жайлы дәуір үні. Әдеби сынның басты мақсаты - әдеби процесте болып жатқан жаңалықтарды дер кезінде бағалап оқырмандарға түсіндіріп отыру»,- деп байыпты байлам жасайды .
Сөз өнері ғылымында жанр мәселесі – аса күрделі проблемалардың бірі. Дандай Ысқақұлының қазақ әдеби сынындағы жанрлар жүйесін қазақ баспасөзінің тәжірибелеріне сүйене отырып, типологиялық тұрғыдан қарастырып, зерделеуі осы жолда атқарған елеулі еңбегі деуге болады. Сыншы осы тақырыпта әңгіме қозғамас бұрын жалпы жанр мәселесінің жай-күйіне тоқтала кеткен. «Әлемдік әдебиеттану ғылымының тарихында жанр туралы түрлі кездерде айтылған пікірлерді Аристотельден бастап кездестіреміз. Бұларда жанр сипатын әртүрлі қырынан әңгімелеп, табиғатын аша түсушілік бар. Солай бола тұрса да «жанр дегеніміз не?», «оны жіктеудің шарттары» деген сияқты негізгі сауалдарға жауап іздегенде басы ашылмаған қиындықтар туындайды».
Ғалым өз ойын былай жалғастырады: «Белгілі әдебиет теоретиктерінің өздері де жанр проблемасының аса күрделілігіне назар аударып отырған. Б. Томашевский жанрларға жіктеудің өте қиындығын, оны әдеби дамудың белгілі бір тарихи кезеңіне ғана қатысты қарастыру керек екендігін ескертеді [3, 160].
Ю. Тынянов жанрдың барлық белгілерін жан-жақты қамтитын анықтама беру мүмкін емес дегенді айтады [4, 7]. Академик Д.С.Лихачев әдеби дамумен бірге жанрлардың да өзгеріп отыратындығын, сол себепті де алдымен жанрды емес, жанрды тудыратын принциптерді 182 зерттеуді ұсынады» [5, 55]. «Жанрдың әдебиеттегі жағдайы осылай болғанда, оның сынындағы күй бұдан да күрделілеу. Ол күрделірек әдеби сынның көркемдік, ғылыми, публицистикалық сипаттарынан, қоғамдық – рухани өмірде атқаратын қызметтерінен тікелей туындайды. Әдеби сын жанрларын анықтау оның осындай сан сипатты табиғатына тікелей байланысты».
Сыншы Дандай Ысқақұлы сын жанрларының теориялық тұрғыдан арнайы зерттеу объектісі болмай келе жатқанын атай отырып, оны жіктеуде қалам тартқан зерттеушілер жайлы сөз етеді. Сын жанрларын зерттеп, алғаш жүйелегендердің бірі Л.П.Гроссман оның он жеті типін көрсетеді [6, 61]. Автордың сын жанрларын жіктеуде қандай өлшемдерді басшылыққа алғандығы мәлімсіз. Мұның ішінде сынның негізгі жанрларымен бірге, олай деп санауға келмейтін, оның ішкі мүмкіндіктерінің көрінісі ретінде қабылдауға болатындары бар.
Зерттеушілер әдеби сын жанрларын анықтауда түрлі ұсыныстар білдіруде. Б.Егоров жанрға бөлу тәсілінің үш түрлі типін айтады. Олар:
1. Сынау әдісі бойынша (мысалы, публицистикалық сын, академиялық пікір, т.б.);
2. Әдеби тек бойынша (пародия, памфлет, т.б.);
3. Қамту объектісіне қарай (рецензия, творчестволық портрет, т.б.) [7, 14].
Жалпы сын жанрларының ара жігін дәл ажырату мүмкін емес, өйткені ол – тарихи категория, сын дамуының әртүрлі кезеңдерінде оны анықтауда түрлі белгілеріне қарап отыру керек. Әдеби сын қалыптасуының алғашқы дәуірінде көрініс табатын хабар, аннотация, рецензия сияқты жанрлар көбіне қамту объектісінің ауқымына қарай анықталған.
Ал қазақ әдеби сынының жанрлық сипаттары ХІХ ғ. І жартысында шыға бастаған «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінде айқын көрініс тапты. Онда әр мезгілде жарияланған мақалаларда жанрлық белгілер саралана түсті – дей келе, осы жайлы өз ойын сыншы былай толғайды: «Қазақ топырағында көркем әдебиет жайлы ой-пікірлердің өмір сүретін көрініс табатын орта – баспасөздің дамуымен бірге сын жанрлары да қалыптасып, жетіле түсті. Қазір қазақ әдеби сынының барлық жанрлары дерлік қалыптасқан, жанрлық мол мүмкіндіктерді толық пайдалануға жағдайлары бар деуге болады.
Сын жанрларын айқындаудың басты белгілерінің бірі – оның зерттеу объектісі. Әдеби сын қарастыратын негізгі объектілер – шығарма, жазушы, әдеби процесс. Осы үш түрлі объектіге орай, соларға сәйкес келетін рецензия, шығармашылық портрет, мақала жанрлары қалыптасқан. Сынның басқа жанрлары осы үшеуінің төңірегінде топталып, түрліше жағдайдағы көріністері іспеттес. Зерттеу объектісі аннотацияда, рецензияда, пародияда – біреу, ол жекелеген шығарма, кітап. Творчестволық портрет, эпиграмма, әдеби фельетон, эссе сияқты сын жанрларының негізгі объектісі – жекелеген қаламгер. Ал, мақала, шолу, әдеби памфлет, әдеби есеп, т.б. негізінен әдеби өмірдің өзекті мәселелеріне арналады. Демек, сын мақалаларының қамту аумағы да – олардың жанрлық ерекшеліктерін анықтай түсуге көмектесетін өлшемдердің бірі.
Сөйтіп сыншы ұлттық сынымыздың өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, қазақ әдеби сынының мынадай негізгі жанрларын атап көрсетеді: әдеби хабар, аннотация, рецензия, мақала, шығармашылық портрет, шолу, эссе, әдеби фельетон, әдеби пародия, әдеби эпиграмма, монография. Бұлардан басқа библиографиялық көрсеткіш, әдеби есеп, әдеби очерк, әдеби шарж, т.б. жанрлар бар екенін ескертіп кетеді.
Профессор Д.Ысқақұлы сын жанрларын жіктеп қана қойған жоқ, оларға сипаттама беріп, ой зердесінен өткізе білді. Енді кезекті осы сын жанрларының ең негізгілері жайлы қысқаша сипаттамаларға берейік. Өз әңгімесін сын жанрлары ішіндегі ең маңыздысы әдеби хабар жайлы бастаған сыншы « әдеби хабар – сын жанрларының ішіндегі» жасы жағынан ең үлкені, көлемі шағын, икемділігі жағынан шапшаң, ең елгезек «тіл алғышы» - деп атап көрсетіп, өз сипаттамасын былайша жалғастырады: «Баспасөз бетіндегі әдеби пікірлер ең алдымен, хабар түрінде көрінді десе болғандай. Мәдени өмірдегі елеулі деп табылған әдеби фактілер оқырманға ең алдымен, хабар түрінде баспасөз арқылы жетеді. Қандай оқиғаны хабардың объектісі етіп алудың өзінде де сыншылық-бағдарлаушылық сипат бар. Көбіне оқырманға пайдасы бар, ұнамды оқиғалар хабардың объектісіне айналады».
Сыншы алғашқы қазақ баспасөзінде көрінген әдеби сынның мұндай түрі профессор Т. Кәкішев «Жарнама – сынның « өзіндік ерекшеліктерін сипаттап берген мына пікірін келтірді: «Сын жанрының ішкі түрлері дамып – жетілмеген кезеңде талдаудан гөрі, көңіл білдіру, тілек айту басым болатыны аян», « Жарнама – сын пәлендей көркем шығарманың дүниеге келгенін хабарлау міндетін атқарады» [8, 84].
Сын жанрының келесі бір маңызды да негізгі түрі – аннотация жайлы Д.Ысқақов былай деген: «Аннотация – сын жанрының ішіндегі ең шағын көлемдісі, шын мәніндегі әдеби сынның бастау алар бұлағы. Алғаш көрінген түрі десе де болғандай. Аннотация объектісі – бір ғана шығарма, кітап. Мақсаты – кітаптың не туралы екендігімен таныстыру. Әдеби сынның басқа жанрлары сияқты алдына көп міндеттер қоймайды, жоғарыда айтылған бір мақсатты шағын көлемде орындау аннотацияның негізгі жанрлық ерекшелігін айқындайтын өлшем болып табылады».
«Рецензия – сын жанрларының ішіндегі ең көп қолданылатын, өрісі кең жанр» - деп бастайды сыншы. Әрі қарайғы оның ойы былай жалғасады: «Рецензия – латын сөзі, қазақша тексеру, бағалау, пікір білдіру дегенді білдіреді. Рецензия дегеніміз - әдеби шығарманы сыни тұрғыдан талдап қарастырып бағалайтын, пікір білдіретін әдеби сынның жанры».
Сыншы ойынша, рецензияның ең маңызды міндеті – сапасыздыққа қарсы күрес. «Әдетте – дейді ол – рецензияның көпшілігі сәтті делінген туындыларға арналады да, сапасыздыққа қарсы күрес жағы әлсіздеу соғып отырған. Әсіресе, бүгінгі күн сынында әдебиеттегі кемшілік атаулыға қарсы күрес жағы сын көтермейді. Солай бола тұрса да, әдеби сынымыздың әдеби сауатсыздыққа қарсы қажырлы қайрат көрсете білген үлгілерін көптеп көреміз».
Келесі сөзді Д. Ысқақұлының сын жанрлары ішіндегі ең ауқымды түрі - мақала жайлы пікірлеріне берейік: «Мақала терминінің әдетте екі түрлі ұғымы бар. Біріншісі, көбіне баспасөз бетінде жарияланған материалдардың жалпы аты ретінде қолданып жүр. «Газетке мақала шығыпты» дегенде, ол рецензия да, хабар да, шолу да, фельетон да болуы мүмкін. Екінші – нақтылы баспасөз жанрының атауы. Газеттің хабар, аннотация, репортаж, очерк, рецензия сияқты жанрлары бар десек, мақала да сол секілді осы қатардан белді орын алады. «Мақала – баспасөз жанрларының ішіндегі ең көп қолданылатын және кеңінен талдайтын мүмкіндігі молырағы. Біз мақаланы осы жанрлық тұрғыдан қарастырамыз.
Әдеби ой-пікірлерді кеңінен насихаттау үшін әдеби сын баспасөздің мақала жанрын барынша пайдаланды. Кей зерттеушілер мақаланың әдеби сында ең көп қолданылатындығын талдаушылық, пікір білдірушілік мүмкіндіктерінің молдығын, көлемі, формасы жағынан ыңғайлығын ескере отырып, оны сын жанрларының ішіндегі ең бастысы, негізгісі деп біледі». Ғалым сондай-ақ мақала жанрының мақсатын, зерттеу объектісін, құрылымдық жағы мен басқа жанрлардан ерекшелігін де саралап берген екен: «Мақаланың мақсаты - әдеби өмірде болып жатқан маңызды құбылыстарды, оқиғаларды талдап – бағалау, оның заңдылықтарын ашу, оқырмандарға түсіндіріп отыру.
Сондықтан да мақалада әдеби сынның ғылыми публицистикалық сипаты айқын көрінеді. Мақала әдетте белгілі бір идеяның «әлеуметтік ой-пікірдің негізінде жазылып», сол мәселені талдауға, түсіндіруге, осыған қатысты өз пікірлерін білдіруге құрылады. Көбіне қазіргі әдебиеттің бір немесе бірнеше зәру мәселесі көтерілген мақаланың проблемалық сипаты анық. Демек, мақаланың зерттеу объектісі - әдеби процестің жекелеген зәру мәселелері. Мысалы, рецензия бір кітап туралы жазылып, соған жан-жақты сипаттама беріп, бағалауға ұмтылса, мақаланы бұл кітап тұтас көркем туынды ретінде қызықтырмайды, онда көркем бейнеленген әлеуметтік, адамгершілік, эстетикалық проблемалардың бірі төңірегінде әңгіме қозғалады, немесе шығарманың идеялық – көркемдік жағының бір ғана қыры сөз болады. Мақала авторы көтеріліп отырған мәселеге қатысты өз ойларын дәлелдеуге дәйектерді бір кітаптан немесе бірнеше кітаптардан, тіпті бүкіл әдебиеттерден алуы мүмкін.
Сондықтан да мақала - әдеби өмірдің өзекті өңірлеріне батыл барып, толымды пайымдаулар жасауына шамасы да, мүмкіндіктері де мол жанр. Профессор Д.Ысқақұлы сын жанрының ең бір маңызды түрі әдеби шолуға кеңінен тоқталып , саралап берген. Біз сол пайымдауларға қысқаша ғана тоқталмақпыз. «Аннотация, рецензия, шығармашылық портрет, 184 мақала сияқты сын жанрлары негізінен әдеби өмірдің бір ғана құбылысын, не мәселесін қарастырып, сол төңіректе ғана сөз қозғайды. Олар әдеби процестен үзік-үзік мағлұматтар ғана береді, мүмкіндіктері шектеулі. Ал көркемдік дамудың тұтас көрінісін жасап, ондағы басты тенденцияларды анықтау шолудың еншісінде. Атынан-ақ көрініп тұрғандай, көркем әдебиетте жүріп жатқан өмірдің біртұтас көрінісін жасау әдеби шолудың басты мақсаты болып табылады.
Әдеби шолудың негізгі зерттеу объектісі - әдеби өмір де, мақсаты соны шолып, пікір білдіру. Әдеби шолудың сынның басқа жанрларынан басты ерекшелігі – шолынып отырған әдеби объектінің шынайы көрінісін жасау. Шолудың негізгі жанрлық белгісі қарастырылып отырған объектінің,яғни әдеби өмірдің біртұтас панорамасын жасау, сол туралы пікір білдіру болса, осы мақсатқа жету үшін ол сынның басқа жанрларының мүмкіндіктерін еркін пайдаланады. Шолудың ішінде библиографияның, хабардың, аннотацияның, рецензияның, мақаланың, шығармашылық портреттің т.б. элементтері жүре береді. Сыншы айтар ойының бағытына қарай баяндау, толғаныс, суреттеу, талдау, жинақтау секілді тәсілдерді кеңінен қолданады» - деп, сыншы жалпы әдеби шолуға түсінік береді де, олардың құрылымына былай тоқталады: «Әдеби шолудың ішкі анатомиялық құрылымы негізгі үш түрлі құрамдас бөліктерден тұрады.
Оның біріншісі - әдеби фактілер, яғни фактілердің жиынтығы. Олар бір-бірімен органикалық байланысты, көркемдік дамуды бейнелей алатын айтылар басты мәселеге тікелей қатысты болуы керек.
Екіншіден, шолуда міндетті түрде әдебиеттің фактілеріне негізделген ой айтылу керек.
Үшіншіден, сыншы өз ойын тиімді жеткізудің түрлі жолдарын таңдайды. Бұл ретте әдеби фактілерге берілген түсініктемелер негізгі роль атқарады».
Зерттеуші Д.Ысқақұлы сын жанрының тағы бір түрі эссе жайлы былай дейді: «Эссе латынның таразылау, ағылшынның, француздың очерк, мақала деген ұғымын білдіреді. Эссе жанрының негізін салған – француздың үлкен гуманист, философ жазушысы М. Монтень. Кейіннен бұл жанрда көптеген жазушылар, философтар, қоғам қайраткерлері қалам тартып, әдебиеттің ерекше эссеистика саласы қалыптасты.
Эссенің өміршеңдік танытуы оның көркем әдебиет пен ғылымның жақсы қасиеттерін бойына сіңіріп, оқырман ойын қозғай білуіне байланысты болса керек. Жүрекке жылы тиетін лиризм – эссенің сипатты қасиеттерінің бірі. Қайсы бір эсселерді автордың әдебиет, өмір туралы философиялық толғаныстары дерлік. Эссенің жанрлық ерекшелігі – оның композициялық құрылымының еркіндік танытуы. Мұнда басқа жанрлар секілді қалыпты стандарт байқалмайды. Автор өз ойларын жүйелі, жүйесіз баяндайды. Пікір білдіру бір кітап, жазушы, тақырып, әдеби өмір жайлы нақтылы болуы да, не жалпы әдебиеттің кейбір мәселелері хақындағы үзік-үзік ойлардан тұруы да мүмкін. Кейде естелік түрінде жазылып, жазушының шығармашылығы жайлы пікірлер оның іс-әрекетін көрсету, айтқан сөздерін келтіру арқылы да білдіреді. Кей эсселер әңгіме-естелік түрінде жазылса, енді біреулері қара сөзді лирика, яғни әдебиет жайлы толғаныс болып келеді. Соңғы жылдарда эссенің әдеби трактат, әдеби тезис, әдеби күнделік түрлері де бой көрсетіп жүр.Эссе көркемдік жанр болса да, оның сыншылық сипаты айқын. Әдетте әдебиеттің тарихында өзіндік орны бар үлкен қайраткерлер жайында естелік, не толғаныс түрінде жазылып, оған деген автордың субъективті пікірлері айтылады. Эсседе ғылыми талдаулардан гөрі автордың өзіндік әсерлері, шығармашылық тәжірибелеріне негізделген ойлары басым, шағын көлемді еркін құрылымды келіп, көркем әдеби стильде жазылады. Сонымен сын жанрларының ішіндегі эссе жанры - әдебиет жайлы не бір құнарлы ойлардың бір бұлағы, әдебиетіміз, қаламгерлеріміз хақында жүректі жарып шыққан ақжолтай пікірлерді оқырмандарға жан жылуымен, әсем әсерімен, бейнелі бояуымен сол күйінде жеткізудің бірден бір арнасы. Көркем әдебиет пен оның сынының арасында жүріп, екеуіне бірдей қызмет ететін өміршең жанр. Қазақ сыншылдық тұрғыдағы эссеистикасы әлі жас. Қазақ әдебиеті мен сынында эссенің эссеистика аталатын үлкен өркенді алаңға айналатындығына сеніміміз мол. Сонымен, әдеби сының жанрлық түзілісі әдеби фактінің сипатына, соған байланысты сын міндеттеріне де тікелей байланысты 185 екендігі көрінеді. Міне, осындай әдеби сынның басты белгілерін ескере отырып, Д. Ысқақұлы сын жанрларын бірнеше топқа бөлді. Оның классификациясын жасады.
Әдебиет – ардың ісі. Демек, көркем әдебиетке жүктелер жүк – айрықша. Әдебиет - әрбір ұлттың болмысын, ар намысын, рухани, мәдени дәрежесін байқатар айнасы. Әдебиеттің осындай биікте көрінуіне бірден бір жағдай жасап, жол нұсқайтын, арын арлап, жоғын жоқтап, қоғамдық сананың сын сарабынан өткізіп, таразылап отыратын – оның сыны. Нақтылай айтсақ, ұлттық әдебиет, оның ғылымы, оқырман қауым әдеби сынға дәуір талабы тұрғысынан белгілі бір дәрежеде өз аттарынан сөйлеуге өкілеттіктерін берген. Сондықтан да әдеби сынға қоғамдық өмірдің рухани әлемінде аса маңызды міндеттер жүктелген.
Сынның дәрежесі белгілі бір шамада көркем әдебиеттің де жай күйін аңғартады. Әдеби сын көркем әдебиетпен бірге пайда болып, дамиды. Сынның тағдыры – қиын да күрделі.
Қорытынды
Ойымызды түйіндей келе, қазақ әдеби сынының теориялық мәселелерін зерттеп, сын жанрларын жүйелеп, арнайы оқу құралын жасап, жоғары оқу орындарына «Сын теориясы» деген арнайы курстың енуіне себепші болған ғалым – Дандай Ысқақұлы. Ғалым-сыншы Д.Ысқақұлы әдеби сынның табиғатын анықтап, әдеби сынның негізгі құрамдас бөліктерін (әдеби сынның мазмұны, әдіснама мен әдістері, жанрлары, зерттеу объектісі, бағыты, қызметі, түрлері, принциптерін) атап көрсетті. Ғылыми принциптерге сүйене отырып, әдеби сынның жанрларын жіктеді. Әдеби сынның сатиралық жанрларын қарастырып, әдеби сынның басқа да жанрлық түрлерін анықтап, әдеби айналымға енгізді. Сондықтан да әдеби сынның табиғатын теориялық, практикалық тұрғыдан зерттеген Д. Ысқақұлының еңбектері әдебиеттану ғылымындағы өзекті мәселелердің біріне айналмақ.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
Ысқақұлы Д. Сын шын болсын. – Алматы: Санат, 1991. – 288 б.
Ысқақұлы Д. Сынсонар. – Алматы: Рауан, 1994. – 296 б.
Томашевский Б. Теория литературы. – М.: Федерация, 1928 – с.160.
Тынянов Ю. Архаисты иноваторы. – Л., 1929. – 97.
Лихачев Д. Поэтика древнерусской литературы. – М.: Наука, 1979. – 261 с.
Гроссман Л. Жанры литературной критики. – М.: «Искусство», 1925. – 155 с.
Егоров Б. О мастерстве литературной критики. – Л.: Наука, 1980. – 198 с.
Кәкішев Т. Сын сапары. – Алматы: Жазушы, 1971. – 284 б.
Достарыңызбен бөлісу: |