Имашева гүлім есенғалиқызы міржақып Дулатұлы шығармаларындағы «Ғаламның тілдік бейнесі»



бет1/3
Дата13.06.2016
өлшемі485.08 Kb.
#131769
  1   2   3


ӘОЖ 811.512. 122'271.2                        Қолжазба құқығында                 

ИМАШЕВА ГҮЛІМ ЕСЕНҒАЛИҚЫЗЫ



Міржақып Дулатұлы шығармаларындағы «Ғаламның тілдік бейнесі»
10.02.02. – қазақ тілі
     

 
 
   


  Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның

АВТОРЕФЕРАТЫ

       
 


 
 

     


     Қазақстан Республикасы

     Алматы, 2007



Жұмыстың жалпы сипаттамасы
Қазіргі тіл білімінің антропоөзектік бағыттағы зерттеулерінде тілді тек тіл жүйесі ауқымында зерттеп қоймай, сонымен бірге тіл мен мәдениет байланысын, оның ішіндегі тіл иесінің алар орнын анықтаумен ұштастыра қарастыру көзделіп отыр. Осымен байланысты әдеби тілді дамытушы жеке тілдік тұлғаның тіл ерекшелігін когнитивті тұрғыдан зерттеу - тіл біліміндегі өзекті мәселелердің бірі. Осыған орай жеке тілдік тұлғаны екі түрлі қырдан, атап айтқанда, когнитивтік лингвистика аясында және лингвомәдениеттану бағытында зерттеу оның терең қырларын ашуға өз септігін тигізеді. Осы тұрғыдан қарастырылған М.Дулатұлының шығармаларының концептілік құрылымы негізінде анықталатын ғаламның тілдік бейнесі мен тілдік тұлға ретіндегі болмысын ашуға ұмтылыс тіл мен мәдениет сабақтастығын дәйектейтін өзекті мәселелердің санатындағы қажеттіліктен туындап отыр.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. М.Дулатұлы шығармалары мүлде лингвистикалық зерттеу нысаны болған емес, осыдан барып М.Дулатұлы мұрасын тілдік тұрғыдан зерттеудің қажеттілігі айқындалады. Демек, зерттеудің өзектілігі, біріншіден, жалпы М.Дулатұлының тілдік тұлғасының мүлдем зерттелмеуі, Міржақыптану ғылымындағы тілдік ерекшеліктің сөз болмауынан туындайды. Екіншіден, М.Дулатұлының қазақ әдебиетінде тұңғыш роман жазушы ғана емес, сонымен бірге публицист, математик, педагог, саяси қайраткер сынды жан-жақты жетілген тұлғаның тілдік ерекшеліктерінің тілдік тұлға тұрғысынан қарастырылмауы зерттеудің көкейтестілігіне негіз болады. Сондықтан оның шығармаларындағы лингвомәдени бірліктердің қолдану деңгейіне антропоцентристік тұрғыдан талдау жасау зерттеудің негізгі өзектілігін сипаттайды.

Зерттеудің нысаны - М.Дулатұлының тілдік тұлғасының концептілік аясы және шығармаларындағы лингвомәдени бірліктердің қолданыс ерекшеліктері.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеудің негізгі мақсаты – қазақтың ұлттық санасын оятушы арыстарымыздың бірі М.Дулатұлын тілдік тұлға ретінде сипаттайтын құндылықтарын шығармаларының тілі арқылы көрсету. Осы мақсатқа сәйкес мынадай міндеттер белгіленді:

- М.Дулатұлы тілдік тұлғасының вербалды-семантикалық деңгейін анықтау;

- М.Дулатұлы дискурсындағы өзгеше түр мен сипатқа ие, ұлттық құндылықтарға құрылған «ғаламның тілдік бейнесін» қалыптастыратын негізгі бірліктерді айқындау;

- М.Дулатұлы тілдік тұлғасының лингво-когнитивтік деңгейін анықтап, шығармаларындағы концептілер өрісін когнитивті және құрылымдық тұрғыда зерттеу,

- М.Дулатұлы тілдік тұлғасының прагматикалық деңгейін саралау;

- М.Дулатұлының көркем шығармаларындағы, публицистикасы мен ғылыми-ағартушылық мақалаларындағы кірме сөздер мен рухани-діни сөздердің, фразеологиялық тіркестер құрамындағы тілдік бірліктердің лингвомәдени мәнін ашу.



Зерттеу жұмысының дереккөздері. Жұмыстың дереккөзі ретінде Міржақып Дулатұлының 2002-2004 жылдары М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты ұжымы жарыққа шығарған бес томдық шығармалар жинағы және М.Дулатұлының 1991 жылы жарық көрген бір томдық, 1997 жылы шыққан екі томдық жинағы.

Зерттеудің әдіс-тәсілдері. Зерттеу жұмысында сипаттама жасау, лексика-семантикалық талдау, этимологиялық түсіндіру, семалық сараптама, когнитивті лингвистикалық тәсілдер қолданылды.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен нәтижелері:

- Міржақып Дулатұлы шығармалары тілдік тұрғыдан тұңғыш рет зерттеліп отыр.

- М.Дулатұлының тілдік тұлғасы вербалды-семантикалық деңгейде қарастырылды;

- М.Дулатұлы дискурсындағы «ғаламның тілдік бейнесі» автордың таным әлеміндегі ұлттық құндылықтар арқылы сипатталды;

- М.Дулатұлы тілдік тұлғасының концептілік құрылымын көрсететін сурет-сызбасы бейнеленді. Концептілердің когнитивті моделі жасалып, когнитивті құрылымы айқындалды;

- М.Дулатұлы тілдік тұлғасының прагматикалық деңгейі сарапталып, нақтыланды;

- Көркем шығармалары мазмұнындағы мынадай лексика-семантикалық топтар анықталды: ұлттық салт-дәстүр, ұлттық мінез, ұлттық тыйым, ұлттық соматизм, ұлттық теңеу, заттық мәдениет бірліктері, діни ұғымға, алғыс, бата беруге байланысты және қарғыс мағынасындағы лингвомәдени бірліктері, наным-сенім, ырымға байланысты, ұлт мәдениетіндегі өзге мәдениеттің нышандарын білдіретін лингвомәдени бірліктер;

- Оқу құралдарындағы заттық, рухани мәдениет атауларын білдіретін лингвомәдени бірліктердің ағартушы бойындағы ұлттық таным деңгейін көрсетудегі маңызы нақты көрсетілді.

- М.Дулатұлының көсемсөз, әдеби сын, зерттеу мақалаларындағы лингвомәдени жүйені құрайтын автор тіліндегі ұлттық менталитетті, ұлттық көзқарасты аңғартатын фразеологиялық тіркестер, рухани-діни сөздер, мақал-мәтелдер, метафора, теңеу секілді көріктеу құралдарына лингвомәдени талдау жасалды.

- Ұлт өміріндегі болып жатқан өзгерістерді баяндау, оқу-ағарту, білімді сөз ету, адамгершілік, мінез-құлық, дін, дүниеге көзқарасын білдіруге байланысты ақынның кірме сөздерді жұмсаудағы прагматикалық мақсаты дәлелденді.



Зерттеу жұмысының теориялық және практикалық маңызы.

М.Дулатұлының шығармалары негізінде ғаламның тілдік бейнесі анықталып, «тілдік тұлға» теориясы мен лингвомәдениеттану ұстанымдары негізінде түсіндірілуі, сонымен қатар жоғарыда аталған теориялық тұжырымдар жеке тілдік тұлғаның тілінен нақты дәйектелуінің нәтижесіндегі зерттеу тұжырымдары қазақ тіл білімінде қалыптасушы антропоцентристік бағыттағы когнитивті лингвистика, лингвомәдениеттану салаларына белгілі дәрежеде үлес қосады. Ғылыми зерттеу нәтижелері жоғарғы оқу орындарының филология факультеттерінде жүргізілетін когнитивтік лингвистика, лингвомәдениеттану, лингвостилистика бойынша оқылатын дәрістерде және жеке тілдік тұлға шығармашылығының тілін талдауға бағытталған арнайы курстарда пайдалануға болады.



Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:

- Міржақып Дулатұлы – қоғамдық-саяси қайраткер, көркем суреткер, ағартушы. Осымен байланысты М.Дулатұлы вербалды–семантикалық, лингво-когнитивтік, прагматикалық қырлары арқылы ашылатын тілдік тұлға;

- М.Дулатұлының тілдік тұлғасы мынадай концептілік құрылымдардан тұрады: «ұлтжандылық»; «ислам діні»; «әйел теңдігі»; «оқу-білім»; «надандық»; «ғылым»; «өнер»; «қазақ тілі»;

- М.Дулатұлы тіліндегі «ғаламның тілдік бейнесі» сол кезеңдегі озық ойға құрылған ұмтылыстан тұратын концептілер мен ақын қиялының көрсеткіші. Ол антропоцентристік тұғырдан тұратын, яғни жазушы танымынан қалыптасатын әлем бейнесінің тілдегі көрінісі;

- М.Дулатұлы – аялық білімі ұлттық мәдени құндылықтарға негізделген, баяншы-тыңдарман қатынасына құрылған тілдік тұлға;

- М.Дулатұлы тіліндегі қазақ ұлтының рухани дүниетанымы оның тіліндегі «ғаламның бейнесі» ретінде байқалады. Бұл концептілік құрылым ерекше ұлттық мазмұнға ие;

- Міржақып Дулатұлы тілдік тұлғасын танытатын ерекшелік – оның тіліндегі әр түрлі сипаттағы ұлттық мәдениетпен, дәстүр көрінісі бейнесімен астасып жатқан авторлық метафоралардың молдығы;

- Міржақып тіліндегі оның ұлттық танымының тереңдігін дәлелдейтін әртүрлі символикадағы сөз-символдардың молынан келуі;

- М.Дулатұлын ұлттық тілдік тұлға дәрежесіне биіктеткен факторлардың бірі – оның тіліндегі окказионал сөздердің қолданысы, риторикалық сұраулардың қолданылу ерекшелігі, етістіктің көріктеу құралы ретінде келуі, қайталамалардың көптігі;

- М.Дулатұлының тілдік тұлғасының прагматикалық деңгейі оның ұлтты сүю, оларға насихат айту, уәж, мақсаттарынан тұрады.

Жұмыстың талқылануы мен жариялануы. Зерттеу жұмысының негізгі мазмұны мен нәтижелері А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ұйымдастырған «Академик Ә.Т.Қайдар және тіл білімінің мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 2004), «Академик Ш.Ш.Сарыбаев және қазақ тіл білімі мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 2005), Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында өткен «Жұбанов тағлымы» атты ҮІ халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда (Ақтөбе, 2005), ҚР БҒМ М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұйымдастырған «Рухани мұра және қазіргі мәдениет: тестология, игеру, зерттеу» атты халықаралық ғылыми симпозиумда (Алматы, 2005), «Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру - әрбір азаматтың парызы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда (Орал, 2005), «Ғасырлар тоғысындағы түркі өркениеті: саясат, экономика және мәдениет» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (Орал, 2007), ҚР БҒМ А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы «Лингвистикалық жұма» атты ғылыми-әдістемелік лингвистикалық семинарда (2007, маусым) баяндалды.

ҚР ЖАК-ы бекіткен тізімдегі республикалық ғылыми басылымдар мен жинақтарда диссертация тақырыбына байланысты 9 мақала жарияланды.



Зерттеу жұмысының құрылымы. Диссертация кіріспеден, екі тараудан, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Жұмыстың мазмұны
1 Міржақып Дулатұлының тілдік тұлғасы

Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіздігін алғаннан бері жан-жақты қарқынды дами бастауы, өз тарихының зерттелмей жатқан беттерін түсіндіруге, зерделеуге жол ашты. «Мәдени мұра», «Алаш мұрасы» бағдарламалары бекітіліп, қыршын кеткен арыстарымыздың еңбектері оралып, зерттеліп, жарық көре бастады. Алаш ардақтыларының бірі М.Дулатұлының тілдік мұрасы түрен түспеген тың өлкелердің бірі. Алғаш «Оян, қазақ!» деп үн қатқан ардақты ағамыздың тілдік тұлғаға саналу сипатын дәлелдеу осы тектес зерттеулердің басты мақсаты.

Когнитивтік лингвистикада алғаш рет қарастырыла бастаған «Тілдік тұлға» мәселесі қазақ тіл білімінде де кеңінен зерттеліп, сөз бола бастады. «Тілдік тұлға» ақынның немесе жазушының өз образы [Қ.Жұмалиев] мәселесінде әдебиет тұрғысынан және тілдік тұрғыдан зерттеліп келеді. Мысалы: Р.Сыздық «Абай шығармаларының тілі», А,1968; Е.Жанпейісов «М.Әуезовтың «Абай жолы эпопеясының тілі», А,1976. Бұл іргелі зерттеулерде белгілі бір суреткер тілінің жалпы сипаты мен шығармашылық ерекшелігі сөз байлығы, көріктеу амал-тәсілдерін шебер қолданудың тілдік көріністері (метафора, теңеу, эпитет т.б.), стильдік қолданыс ерекшеліктері шығарма тілінің құрылымдылық жүйесіне сүйеніп жасалған еді. Ал, осы дәстүрлі лингвистика негізінде одан әрі даму үстіндегі қазіргі тіл білімінің антропоцентристік бағыты негізгі назарды сол шығарманы жазушының жанына, танымдық (шығармашылық) болмысына аударады да, тілді соның нәтижесі, көрінісі деп қарайды. Осымен байланысты қазақ тіл біліміндегі Ф.Қожахметова, А.Әмірбекова, Ш.Ниятова т.б. зерттеулерін атап өтуге болады.

«Тілдік тұлға» мәселесінде басты ерекшелік тұлғаның (личность) жай саналы адам (гомо сапиенс) аумағынан кең көлемге өзінің тілдік ерекшелігі арқылы шығып кетуінде жатыр. Кез келген жеке тұлға өзінің тілдік емес басқа қасиеттерімен жұртқа танылғанымен, тілдік тұлға бола алмайды. Оның басты себебі, жеке тұлғаның тіл қаруымен қаруланбауында жатыр. Мысалы, Қажымұқан қазақ халқының ұлы перзенті болғанымен тілдік тұлға ретінде қабылданбайды, ал Махамбет Өтемісұлының дара тұлғасы оның өр де, азаттық рухына сәйкес көркем тілімен сабақтасып, өзіндік ерекше тілдік тұлғасын танытады.

Демек, «Тілдік тұлға» есімі, оның айтқан сөздері, шығарған өлең-жырлары, жазған мақалалары ел есінде мәңгі қалуы тиіс. Академик В.В.Виноградов тілдік тұлғаны екіге бөліп зерттеген: автор тұлғасы және кейіпкер тұлғасы. Ал Ю.Н.Караулов көркем мәтінді тірек ретінде алып, тілдік тұлғаның үш деңгейлік үлгісін жасайды [1,118].

Шын мәніндегі тілдік тұлға құрылымы – кешенді құбылыс. Мысалы, Міржақып Дулатұлының шынайы тұлғалық келбеті оның барлық қырын (журналист, ақын, тарихшы, қоғам қайраткері, саясаткер, тілші, математик, педагог, жазушы, драматург, дәрігер) зерделеу арқылы аңғарылады. Себебі тілдік тұлға мазмұнына, В.А.Маслованың көрсетуінше, мынадай компоненттер енеді: 1)құндылық, дүниетанымдық, тәрбие мазмұны компоненті, яғни құндылықтар жүйесі және өмірдің мәндері; 2) мәдениеттану компоненті, яғни тілге деген қызығушылықтың тиімді құралы ретінде мәдениетті игеру деңгейі; 3) жеке тұлғалық компонент, яғни, әр адамда бар терең жекелік қасиеттер [1,119]. Тілдік тұлғаның қуаты - сөз, ойы – қоғамдық ісінен көрінеді, ал психологиясы – ұлт перзенті ретінде халқын сүюі сезімімен өлшенеді. Осы үш қасиет бірлесіп келіп, адамның бойындағы игі, ізгі қасиеттердің оянуына, бас көтеруіне әкеліп, зиялы қауым уәкілі ретінде «арнау» айту қажеттілігі туындайды. Тілдік тұлға сипатына ену, мақсатты түрде жүзеге аспайды. Оның дамуына қозғаушы күш, яғни ұлттық сезімнен немесе табиғи дарынның қабілетінен туған ішкі жағдайлар әсер етеді. Тілдік тұлғаның қалыптасуына мына алғышарттар пайда болуы тиіс деп ойлаймыз: 1. Ұлттық тәрбие (отбасылық тәрбие); 2.Ұлттық тілдегі өлшемдер (қабылданған, қабылданбаған құндылықтар); 3. Мәдени ақпарат (салт-дәстүр, әдет-ғұрып); 4. Рухани сана (дін қағидалары); 5. Үлгі тұтатын тұлғалар (Абай, Шоқан т.б.); 6. Озық білім жүйесі; 7. Тектілік интеллектісі. Міне, осы қасиеттерді бойына жинаған индивид, саналы адам дәрежесінен тұлға одан әрі тілдік тұлға дәрежесіне көтеріле алады. М.Дулатұлының өзіндік әлеміне бойлай ену үшін, оны қалыптастырған жағдайлардың мән-мәнісін түсініп алған жөн.



1.1 М. Дулатұлының шығармашылық қызметіне қысқаша шолу. Міржақып Дулатұлы - сан қырлы тұлға. Атап айтқанда, ол – лингвист, әдебиетші, сыншы, зерттеуші, публицист, ғалым, жазушы, ақын, ұстаз, математик, журналист, қоғам қайраткері, жаратылыстанушы, аудармашы, заңгер. М.Дулатұлының жарық көрген кітаптары мыналар: 1. «Оян, қазақ!» 1909ж, Уфа: «Шарқ» баспасы; 2. «Бақытсыз Жамал», 1910ж, Қазан: Каримовтар баспасы; 3. «Азамат» (өлеңдер жинағы) Орынбор, 1913ж; 4. «Терме» (жинақ) Орынбор, 1915ж; 5. «Есеп құралы» оқулығы. Орынбор: «Дін уә мағишат» баспаханасы, 1914ж; 6. Бастауыш мектепте екі жыл оқылатын Қирағат кітабы. Орынбор: Ғ.Ғ.Хусаинов баспаханасы, 1916ж Соңынан көзі тірісінде «Қирағат кітабы» 1923 жылы, «Есеп құралы» 1927 жылы өңделіп, алтыншы рет басылды.

Міржақып Дулатұлы өзі замандас Алаш зиялылары (А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, К.Кемеңгерұлы т.б.) секілді барлық шығармашылық ғұмырында ұлттық тіл, оның мәдениеті мәселесін өткір де, өзекті мәселе деп есептеген. М.Дулатұлы қазақ тілі туралы, оның ішінде сөз нормасы, қолдану мәдениетімен егжей-тегжейлі айналысып, ана тіліне деген жан ашарлығын байқатады: «Қазақ тілін іске асыратын болсақ, қазақ әдебиетін күшейтеміз десек, алдымен істің санын салмақтамай, сапасын ескеруіміз керек. Ол үшін қазақша деп жазылған сөздердің әлгі кемшілігін құрту керек» деп сол кемшіліктерді атап өтеді: «Ол кемшіліктің бірі - дыбыс жүйесі жағынан болатын кемшілік. Екінші кемшілік - сөз жүйесі жағынан болатын кемшілік, қазақша жалғау, жұрнақтарды елемегеннен болатын кемшілік. Үшінші кемшілік- сөйлем жүйесі жағынан болатын кемшілік»[ІІ,208]. Алаш ағартушыларының ортақ идеясы халықтың санасын оятып, оқу-білімге үндеу болатын. Бұл жөнінде Қ.Кемеңгерұлының тілтанымдық мұрасын зерттеген тілші О.Жұбаева былай дейді: «ХХ ғасырдың басы қазақ тарихында рухани ояну дәуірі болғаны белгілі. Ұлттың өзіндік белгісін сақтап қалатын негізгі қасиеттерінің бірі – тіл екенін терең түсінген қазақ зиялылары өз беттерінше білімін жетілдіре отырып, қазақ тілі бойынша оқулықтар жазған, баспасөз бетінде түрлі пікірталастар ұйымдастырып отырған. Қазақ тіл білімінің сол кезге дейінгі зерттелу жайы мен жалпы тіл біліміндегі түрлі бағыт-көзқарастармен таныса отырып, қазақ тілінің өзіндік болмысын танытуға тырысқан»[2,3].



1.2 М.Дулатұлы тілдік тұлғасының вербалды-семантикалық деңгейі

Тілдік тұлғаның өзінің болмысына сәйкес қалыптастырған, енгізген түрі, сөз саптауы, көзқарасы эталондық сипат дәрежесіне көшеді де, оның тілін зерттеудің арқауы бола бастайды. Бұл көбіне тілдік тұлғаның дәстүрлі вербалды – семантикалық деңгейінде байқалатыны даусыз. Осыған сүйенген ғалымдар тілдік тұлға көп қабатты және көп компонентті құрылымнан тұратын жүйе деп есептейді. Ю.Н.Караулов тілдік тұлғаны үш құрылымдық деңгейден тұрады деп санайтыны белгілі:

1.Вербалды-семантикалық деңгей;

2.Когнитивтік деңгей;

3.Прагматикалық (мотивациялық) деңгей; [3,36].

Вербалды-семантикалық деңгейде тілдік тұлғаның күнделікті дәстүрлі тілді меңгеру деңгейі анықталады. Бұл деңгейге автордың өзіндік сөз қолданысы, әртүрлі образдар көрінісінің қолданылу дәрежесі, тілдік тәсілдердің сонылығы, түр жаңалығы, семалар ерекшеліктері енеді. Бұл тілдік тұлғаның бастапқы таным көрінісін ашатын деңгей болғандықтан, ол кейде нөлдік деңгей деп те аталып, тілдік тұлғаның тілді қолдану ерекшелігі басым түрде әңгіме болады. Қ.Жаманбаева «Тіл қолданысының когнитивтік негіздері» еңбегінде А.Байтұрсынұлы көрсеткен тіл толғау шарттарын осы деңгейге енгізеді: 1.Сөз дұрыстығы; 2.Сөйлемдерді орайластырып, құрмаластыру; 3.Тіл анықтығы; 4. Тіл дәлдігі; 5.Тіл көрнектігі [4,19]. Бұл деңгейде, әсіресе, жекелік метафора мен мақалдар, қанатты сөздер, фразеологизмдер ерекшелігін қарастырған жөн.

Тілдік тұлға осындай құрылымдық ерекшеліктерден тұратын кешенді категория ретінде кеңінен қарастырылған. Алайда, оның тілді қолдануды арнайы жоспарлауда, мәтін түзудегі сипаты, сөздерді тілдік айналымға енгізудегі кейбір ерекшеліктері назардан тыс қалып жатқанын айта кеткен жөн. Бұған, мысалы, тілдік тұлғалардың әртүрлі қырын сипаттайтын хаттар (эпистолярлық) лексикасы, драматургиясы мен аудармалары тілін де жатқызуға болады. Мәселен, М.Дулатұлының жан-жақты шығармашылығын көрсететін драмалық шығармалары, аудармалары, хаттарының молдығы оның кейбір когнитация мәселелерін зерттеуге қиындық тигізетіні байқалды. Дегенмен, ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларына тән ой-сана, қазақы ұлттық мәдениет көрінісі М.Дулатұлы шығармашылығын негізгі мазмұнда тұтастырады.

ХХ ғасырдың басында жастар санасында бір бұлқыныс, ренессанс дәуірі басталғандай болды. Бұған әсер етуші ұлттық сана дамуындағы жаңаша үдеріс пен жалпы азаматтық өркениетке сәйкес орыс мәдениетінен, батыстан келіп, еніп жатқан ғылым, өнердің соңғы жетістіктері болатын. Осы жағдай сананың түрленуіне, ұлттық ойдың, болмыс-бітімнің өзгеруіне алып келді. Материалдық өмірдегі күнде болып жатқан өзгерістердің жастар санасына әсер етуі нәтижесінде, олардың алғаш байқағандары өз ұлтының кемдеу қалып бара жатқан жағдайы еді. Міне, Міржақып Дулатұлы сынды зиялы азаматтардың көзі ашық, санасының ояу болуына, ұлттың, ұлтжандылық рухтың оянуына әсер еткен де осы жаңалықтар екені сөзсіз. Қазақ даласындағы осы өзгерістер көптеген дара тұлғалардың қазақ ойының көгіне көтерілуіне мүмкіншілік жасады. Ол туралы Міржақып: Семейден шықты Ыбырай Құнанбаев, сөзінде хата бар ма сынап көрсең, ақын аз Байтұрсынов Ахметтей, сөзі алтын, мағынасы меруеттей, Оралдан Әбубәкір молла шықты, Омбыдан Қыпшақбайдай жорға шықты. Торғайда Ақмолла мен Нұржан жатыр, Шөже, Орынбай, Мәшһүр Жүсіп о да шықты [Іт,98] десе, С.Торайғыров: «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам, Қараңғылықтың кегіне күн болмағанда, кім болам!» деп оқыған қазақтың халқы алдындағы міндетін нақты көрсетеді.

Қазақ сөз майталмандарының тіліне әсер ететін бірінші қайнар көз – фольклор. Міржақып шығармашылығына халық ауыз әдебиеті әсер еткен бірінші бастау екенін өз еңбектерінде фольклор жанрының үлгілері мен деректерін үзбей пайдаланылуы айғақтаса керек. Әсіресе, балаларға арналған педагогикалық еңбектерінде, оқу құралдарында фольклор үзіктері үзбей қолданылады. Мысалы, («Қобыланды мен Тайбурыл», «Қара батыр» ертегісі т.б.). Міржақып сонымен қатар, дәстүрлі шығыс әдебиетінің өзіндік ерекшелігінің бойына қабылдайды, өйткені ол кезде қазақ даласында шығыс шайырларының есімдері дәуірлеп тұрған болатын. Шығыс ойшылдарының еңбектері, ислам дінінің имандылық мәні Міржақыптың алғаш танысқан әдеби үлгілері, тұма бұлақтары болатын. Кейіннен ол алдыңғы қатарлы орыс әдебиетін оқыған, көзі ашық ағартушы дәрежесіндегі тілдік тұлғаға айналды. Соңынан Абай өлеңдері жарыққа шыққаннан бастап, Міржақып әдеби тұлғасына ерекше әсер еткен дана Абай көрсеткен жол еді.

Міржақыпты тілдік тұлға ретінде танытатын қырының бірі - оның публицистикасы екені және қазақ көсемсөзінің қалыптасу кезеңінің басында тұрғандардың да бірі Міржақып Дулатұлы болғаны зерттеушілерге аян. (М.Дулатұлының «Қазақ» газетінде, «Айқап» журналында жарияланған мақалалары). Міржақыптың ақындық жазушылығынан басқа шығармашылық тіліндегі бір көрінісі - оның аудармалары. Мысалы, оның араб тілінен аударған Әл-Фараби замандасы, арабтың ертедегі ақыны Абу Фарастың «Тағдырдан сұра, қаскүнем» өлеңі, А.С.Пушкиннен, М.Ю.Лермонтовтан, Н.Ановтан жасаған әдеби аудармаларымен қатар, әртүрлі заңдар, кітапшалар, оқу құралдарының аудармалары сақталған.

Міне, осы қасиеттерді бойына жинақтаған М.Дулатұлының таным әлемі және қоғамға, тілге деген еңбегінің қозғаушы күші тілін зерттегенде ғана айқындалады.

1.2.1 М.Дулатұлы тілдік тұлғасын сипаттайтын көріктеу құралдары. Тілдік тұлғаның табиғатын ашып, суреткерлік шеберлігін тану үшін оның тілінде қолданылған көріктеу тәсілдеріне зер саламыз. «Жазушының дүниені ерекше көркем түсінуі, сезінуі, оның көркемдік әдісі міндетті түрде оның шығармасында көрініс табады»[5,112]. Міржақыптың тіліндегі теңеу, эпитет, метафоралар қолданысы қазақ тіліндегі дәстүрлі қолданыспен сабақтас. Көрнекті тілдік тұлғалардың тілінде қалыптасатын мұндай жүйе – заңды құбылыс. Міржақып тіліндегі бейнелі теңеулер эпитеттік сипатта қазақ дәстүрлі үлгісінен туындаған, сондай-ақ, бұрын қолданылмаған тың теңеулер тобы да молынан ұшырасады. В.А.Маслова теңеудің табиғатын лингвомәдениеттану ғылымының өзекті мәселесі деп есептейді: «Халықтық діл (менталитет) және рухани мәдени тіл бірліктері алдымен олардың бейнелік мазмұндары арқылы жүзеге асады» [1,145]. Міржақыпта дәстүрлі –дай, -дей, -тай, -тей жұрнақтары арқылы жасалған теңеулер көптеп кездеседі. Мысалы: қаныққандай көңіл жүдеу; кісідей арақ ішкен әуреленіп; келді мұжық көшкен бұлттай; простой біздің қазақ қара тастай; файдасыз жемісі жоқ қу ағаштай; біздің жұрттың зәрредей жоқ намысы; шортандай шабақ жұтқан жалмауыздар; тал жібектей; жақсы емес тікенектей; құрт жайлаған тамырын қу ағаштай; зиһінім (зерде) қайыршының дорбасындай; жер алу үшін хохолдар селдей ағып келеді т.т.

Міржақып тіліндегі көріктеу құралдың бірі – метафора (балау), олардың жекелік түрлері. Міржақып өлеңдері мен роман, пьеса, әңгімелерінде қазақ танымындағы дәстүрлі ұқсатулар (ассоциациялар) мол орын алған. Метафоралық қолданыс сөз қолданушының айырым танымының сол тілдегі мінезін жан-жақты бейнелейді. Міржақып поэзиясында метафоралық қолданыстар аз болғанымен, өзіндік өрнегімен сол кездегі алдыңғы түр, жаңашылдық деңгейде болғанын байқаймыз. Міржақып метафораларында өзін айқындықта көрсету орнына, бәсең солғын, басқаша айтқанда «қарапайым» көрсету кеңінен орын алады. Бұл да ақынның өзіндік табиғи қарапайымдылығының көрсеткіші болса керек. Мысалы,

Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш,

Емеспін жемісі көп тамаша ағаш...



Мен дағы жылағанның бірі екенмін,

Қайғырып соларды ойлап жүр екенмін.

немесе

Мен міскін бұларды ойлап қиял басқан т.т.



Міржақып метафорасында жан-жануар, ағаш, тұрмыстық-салт лексика да кездесіп отырады: Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш; Алғырдан туған сұңқарым; Іле алмай сұңқар қу маңғаз, Тұғырға құзғын қонып тұр; Есекке арғымақты қосақтасаң, өтпей ме ғұмыр зайғы бекер деген; Қу ілген қыран бүркіт біз боламыз. Сондай-ақ Міржақып өлеңдеріндегі ғашықтық концептісі шегінде байқалатын өлеңдерде қызды «құсқа», оның ішінде «аққуға» балайды. Метафора әлемді танудың үлгісі, сондықтан ауысулардың жаңа түрлері Абай үлгісімен жасалғандай көрінеді. Міржақыптың тілдік шеберлігіне әсер етуші фактордың бірі орыс поэзиясынан алған мол білімі екені байқалады. Сол себепті кейде орыс сөздері де метафоралық қолданыстардың мүшесі ретінде қолданылады:

Сырты - алтын, іші – фальші болып шығып,

Сан соғып, құрбыларым, өкінбелік!

немесе

Магниті сұлу қыздың күшті емес пе,

Жігітті көңілі сүйген қайтып тартпас...

Міржақып «жігіттің раушаны» деп жастықты, жақсы қызды «баға жетпес гауһар тасқа, қызыл түлкіге», жағымсыз кейіпкерді «жапалаққа, есекке», жақсы жігітті «қыран бүркітке, қырғи құсқа, аспаһани қылышқа», ғылымды «ағып жатқан бұлаққа», талапты жастарды «бағланға», сауатсыздықты «тұманға», оқығандарды «жау жүрек, қыран көзді арыстанға», патша империя саясатын «күнбатыстың қара бұлты» балайды. Міржақып поэзиясында өзін-өзі айқындау орын алған. Ол өзін «ағашқа, тұлпарға, міскінге» балайды.

Символ да метафора сияқты тілдік тұлғаның тіліндегі ұлттық мәдениеттің көрсеткіші ретінде көрінеді. Символдық таңба – лингвомәдениеттану мен когнитивті лингвистиканың зерттеу нысандарының бірі. Символ тілдік тұлғаның тіліндегі біріккен ой жүйелерін көрсетіп, бір-екі сөзбен береді, сол себепті символдық мәнді халқымыздың дәстүрлі ұғымдарын білдіретін сөздерден іздеуіміз керек. Символды зерттеуші Қ.Қайырбаева бұл туралы: «Сөз – символ жазушының айтпақ ойын дөп басып шығарманың бейнелігін арттыру үшін қажет. Сондықтан символдың жеке автор қолданысындағы мәнін ашу, мағынасын тану ерекше қабілет пен көкірек көзін қажет етеді», - дейді [6,11]. Сөз – символдарды ғалымдар әр түрлі қырынан зерттеген: рухани мәдениет пен материалдық мәдениетке қатысты [Е.Жанпейісов, Ж.А.Манкеева], түр-түс атауларының символдық мағынасы [Ә.Т.Қайдаров, З.Т.Ақтамбердиева], символдық мәні бар фразеологизмдер сипаты [Р.Сыздық, Г.Смағұлова, Н.Уәлиұлы], сұлулық символизмдер [А.Қ.Сейілхан], символдың когнитивтік сипаты [Қ.Ә.Жаманбаева], этномәдени атаулар символы [Қ.Т.Қайырбаева] т.т.



Ақ, қара түстері символикалық мәнге ие болады. «Жарасып ақ үйлердің қияфаты немесе қаптап тұр күн батыстың қара бұлты». Ақын қазағын «ақ» түспен, патшалық империяны «қара» түспен таңбалайды. М.Дулатұлының ұлттық танымы, ұлттық азаматтық рухы қазақ тіліндегі бұрын қалыптасқан символдар мәнінен айқын байқалады. Бұрынғы әмбебаптық қасиетіне М.Дулатұлы шығармаларындағы сөз-символдар авторлық ерекшелік мән жамайды да, кең көлемді сипатта келеді.

Міржақып шығармаларындағы оның тілдік тұлғасының тағы бір қырын көрсететін құрал - риторикалық сұраулардың қолданылуы. Риторикалық сұрау бұрыннан келе жатқан ерекшелік болғанымен, қазақ поэзиясында ХХ ғасыр басында тек осы М.Дулатұлы шығармаларынан көрінеді. Риторикалық сұраулардан оның ұлтжанды тілдік тұлғалық қыры ашылады. Бұдан «қазақ жері, алаш, ер азамат, үй» концептілері айқын көріністе жүйе құрайды. Мысалы: «Алашқа» өлеңінде «қайда» сұрағы қайталама құрайды:

Көк майса бетегелі жерің қайда?

Күмістей толқындаған көлің қайда?

Ың-жың боп жер қайысқан төрт түлікпен,

Жөңкіліп, көшіп қонған елің қайда?

Көтерген ақ киізге ханың қайда?

Міржақып поэтикасында перифраздар метафорлық сипатта Абай салған түрге жақын мазмұнда қолданылады. Мысалы: жабыққан, мұңды көңілін – тағдыр соққан шынжыр; шәкіртті – бақыт таңы; қорлықтағы елін – қос қанаты майырылған мүгедек; жалғанның қызығы – мол мекен; оқығанды – қамалға қарсы шыққан қаһарманым; сауатсыздықты - надандық шәрбаты; талапты баланы - гауһар тас; табиғи дарынды – алла жаққан кеудедегі от т.т.

Қайталамалар - ежелден тілімізбен біте қайнасып, түрленіп келе жатқан категория. Қайталамалар Р.Сыздық, Б.Момынова, Г.Әзімжанова, О.Бүркіт еңбектерінде кеңінен қарастырылғандықтан Міржақып тілінен бір-екі мысал келтіріп шектелейік. Мысалы, «Қайда?» сұрағының қайталамалық көрінісін алайық: Қақ жарған қара қылды биің қайда?

Ақ орда би түсетін үйің қайда?

Салтанат Сарыарқада құрған қазақ?

Толықсып тұрған кеше күнің қайда?

Шаң жұтқан текежәумет атың қайда?

Қалдырмас жауға тастап жақын қайда?

Қайталамалардың қолданылуы Міржақыптың дәстүрлі әдебиет шеңберінен шықпай, стильдік тәсілдерге жүгінгенін байқатады. Сондай-ақ осы тараушада жазушы тіліндегі окказионал сөздер мен көркемдегіш құрал ретінде алынған етістіктің қызметі де айқындалады. 1.2.2 Міржақып Дулатұлы дискурсындағы «ғаламның тілдік бейнесі». Дискурс орыс тілінде «речь» деген ұғымды береді, сонымен бірге, мәтін ұғымының синонимі іспеттес қолданылады. Қазақ тіл білімінде Р.Қ.Бөкейханова дискурсқа дәл анықтама береді. Біз дискурсты осы мәнде түсініп, зерттеу жұмысымызға арқау еткендіктен дәйек-сөзді сол күйінде берейік: «Дискурс сегодня – сложное коммуникативное явление, включающее, кроме текста еще и экстралингвистические факторы (знание о мире, мнения, установки, цели адресата), необходимые для понимания текста» [7,73]. Сонымен дискурсты мәтін ұғымымен барабар түсінуіміз дұрыс, тек автордың «таным әлемін» есепке алу қажет. Дискурс дәстүрлі, когнитивті, лингвомәдениеттану ғылымдарының зерттеу арқауы бола алады, бірақ әр ғылым өзінше жіктеп, өзінші бағалайды. Дискурс - тілдік тұлғаның қасиетін көрсететін тілдік факті. Дискурста тілдік тұлғаның мынадай ерекшеліктері байқалады: 1.Сөйленіс деңгейі; 2.Ұлттық таным деңгейі; 3.Сөз қорыту, түсінік, ұғыну, сезіну деңгейі; 4. Қоғамдық ойының сипаты; 5. Интеллект деңгейі.

Дискурста «ғаламның тілдік бейнесі немесе дүниенің тілдік суреті» деп те аталатын құрылым, жүйе, ой көрінеді. «Ғаламның тілдік бейнесі» күрделі ұғымдық құрылым болғандықтан, табиғатын ашып түсіндіруді әр зерттеуші өзіндік тұрғысынан шешеді. Қоршаған шындық болмыстың адам тілінде бейне құрап, адамның дүниені, әлемді көзі, тілі арқылы тани алатынын тұтас теория ретінде алғаш ұсынған неміс ғалымы Л.Вейсгербер болатын. В.фон Гумбольдтың тілдің ішкі формасы ілімін негізге алған ол, «ғаламның тілдік бейнесі» ұғымына лингвопсихологиялық концепцияларды негіз етіп алады. «Ғаламның тілдік бейнесі» - индивидтің танымдық көзқарасын көрсететін тілдік бірлік, яғни эмпирикалық тәжірибелердің жиынтығы, аралас жүйедегі білім. «Ғаламның тілдік бейнесін» докторлық зерттеуіне арқау қылған Ислам Айбарша былай дейді: «Дүниенің тілдік суреті адамның танымдық іс-әрекеті, ұлттық мәдениеті негізінде түзіледі және белгілі бір ұлт қауымдастығының өкілдеріне ортақ. Демек, дүние суреті дегеніміз – концептуалды (логикалық) және тілдік үлгілер формасымен берілетін санамен тікелей байланысты дүние туралы білімдер жиынтығы» [8,7-13].



Ғаламның тілдік бейнесі әр тілде әртүрлі болады. Себебі индивид сол тілдің семантикалық базасында тілді меңгереді. Осы кезде тілдегі мәдени құндылықтар сөздердің мәні арқылы ұлттық мінез бен ұлттық менталитетті қалыптастырады. Осы орайда тілші ғалым Г.Смағұлова былай дейді: «Тіл бір адамның меншігі емес десек те, сол тілде сөйлейтін жеке адам өз ұлтының бүкіл бітім болмысы, өмірлік тәжірибесін, дәстүрлерін меңгеру, сіңіру арқылы ол да аз тарапынан ұжымдық мәдениетке үлесін қосады. Осындай ерекшіліктер арқылы тұлға ретінде ұлт өкілі боп сақталады» [9,145]. Шоқан, Абай, Ыбырай, Міржақыптардың тіліндегі ғаламның тілдік бейнесінің ерекше болуы, яғни ұлттық нақышта ұлтжандылық концептілерінің келуі олардың өз ана тіліндегі барлық сөздердің мәнін түсініп, ұлттық таным позициясында шегеленуінде, сол деңгейде өсіп-өнуінде жатыр деп ойлаймыз.

Орыс тіл білімінде де «ғаламның тілдік бейнесі» зерттеушілер тарапынан қызығушылық танытып, қарастырып жүрген мәселесі. Бұл тілдік мәселе Ю.Н.Караулов, В.А.Маслова, Ю.Д.Апресян, Н.В.Уфимцева, В.И.Постовалова, Е.С.Кубрякова, Г.В.Колшанский, С.А.Васильева, Н.И.Сукаленко, Г.А.Грутян т.б. зерттеушілер еңбектерінде кеңінен сөз болуда. Г.В.Колшанский ғаламның тілдік бейнесіне мынадай анықтама береді: «Шынайы, тілдік емес, әртүрлі топтағы адамдардың тарихи, жағрафиялық, мәдени және басқа да факторлар ықпалымен біртұтас обьективті әлем шеңберінде жүзеге асқан танымдық қызметінің көрінісі» [10,31]. Демек, ғаламның тілдік бейнесі адам санасында өмір сүру тәжірибесіне қатысты қалыптасып, соның әсерінен тілінде өзгеріске түсіп, дамып отыратын ақпараттар жүйесі. М.Дулатұлы тіліндегі қазақ ұлтының кейпі оның шығармаларындағы ғаламның бейнесі ретінде байқалады. Мұны, әрине, концептілік құрылымнан ерекше нақышта көруге болады. Әр заманның өзіндік ғаламдық бейнесі тілді қолданушыларға әсерін беріп, келесі дәуір көрінісінің баспалдағы болды. М.Дулатұлының тіліндегі «ғаламның тілдік бейнесі» - сол кездің заманында озық ойға құрылған ұмтылыстан тұратын концептілер мен ақын қиялының көрсеткіші. Ғаламның тілдік бейнесі адамда ғана көрінетін, оның тілдік ерекшелігінен байқалатын тілдік бірлік. Міржақып Дулатұлының барлық шығармаларындағы қоршаған орта, әлемге деген баға ұлтжандылық, ұлтты сүю тұрғысынан берілетіні байқалады. Сол себепті, ағартушы тіліндегі ұлттық бояу қай жерде де қоюланып көрінеді.

Мысалы: Жүйрік қиял дүниені кездіріп,

Туған ел мен өскен жерден бездіріп.

Қиын қиғаш қияларға жетектеп,

Сырын айтпай, жөні қалай сездіріп.

Ере бердім мен артынан бір есер,

Қарсы келіп еркім бар ма тіресер?

Жел айдаған тұрағы жоқ қаңбақтай,

Ағынымды дедім-дағы сай кесер.

Сай орнына душар болды терең жар,

Мезгіл жетпей шығу қиын, өзі тар.

Өзінен бастаған ақын сөз соңында өз ұлтының мүшкіл халіне ауысып кете береді: Даласы жоқ елдерде қаңбақты қайдан білер, қаласы көп жерлерде «сай», «терең жар» сөздерін қайдан түсінсін? Үріккен қойдай бағу – бұл суретті мал бақпаған ел қайдан түсінер? Міне, осындай өзіндік қазақ ұлты ғұрыптары мен көріністері бейнеленген сөздің ішкі формаларын аңғартатын сөз үлгілері арқылы оған өзіндік қазақы тілдік бейнесін береді. Мәселен: туған жер мен елден бездіру; қиын қиғаш қияларға жетектеу; ағынын сай кесу (қандай әдемі сурет, таудан екпіндеген, жолындағының бәрін жапырып келе жатқан ағын сай кезіксе, орнын толтырғанша ағыны басылмай ма?) су жүрек боп сорлы қазақ бұғулы т.т. Ұлтжандылық түсінігі орын алған «мұңдану» концептісі де Міржақып өлеңдерінде жиі кездеседі. Оған себеп ақын өмірінің көбі түрмеде, айдауда, қапаста, туған жерден шалғайда өткендігі болса керек. Тағы да «мұң» концептісі арқылы танымындағы дүниенің тілдік суретін байқап қаралық:

Сенімсіз басым, пайдасыз жасым арманда,

Жетермісің тілегіңе жалғанда?

Қан тамшылап тұрса да көзден жас ағып,

«Сенікі жөн», -деп құлаққа ілген жан бар ма?

Елең етер намысқа қызып жігіт аз,

Бұл не ғажап – жұрт керең боп қалған ба?

Өлеңнің аты «Мұң» деп аталғанымен, ақын жан-дүниесін жабырқататын өзіндік, субъективтік психологиялық жай-күй емес, халқының, ұлтының соқыр, сауатсыз, надандық жағдайда өмір сүріп жатқандығы.

М.Дулатұлының тіліндегі «ғаламның тілдік бейнесі» ұлтжандылық, дін, қиял, оқу, ғылым, өнер-білім, ана тілі, қазақ жері, татулық, азаттық, әйел теңдігі концептілерінен құрылғандай сипат алады. Басты ақынның арманы - қазақ ұлтының өнер-біліміне, оқу ғылымына қолы жетіп, терезесі тең ел дәрежесіне көтерілуі. Ақын дискурсындағы ең басты ерекшелік - осындай басқа ұлттық құндылықтарға құрылған дүниенің тілдік суреті. Әлемдік этикеттің озық үлгілерін, қазақы мінездің қаймағын бұзбай, халыққа тарату - М.Дулатұлы ғаламының тілдік бейнесінде байқалатын арманы.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет