«Инновация» терминіне анықтама беріңіз
Инновация (жаңалық жарату) - қазіргі ойлау үлгісі мен дәстүрлі таным ерекшелігіне ұқсамайтын жаңа ойлау жүйесін тауып шығару, кезектегі білім мен материалдық мүмкіндіктерді пайдалана отырып көнені өңдеу, бар нәрсені тіпті де жақсарту, кем нәрсені толықтыру, жаңа нәрсені тапқырлау, тың нәрсені байқау, жаңа зат, жаңа әдіс, жаңа жол, жаңа орта жаңалығымен өмірді жаңарту, сөйтіп адамға және адамзатқа бақыт жарату.
Инновациялық қызмет дегеніміз не?
Инновациялық қызмет — ғылыми білім мен жаңа технологияны қолдануға бағытталған, оны өндіру тәсілдерін, жаңа затты өндіру мақсатымен немесе өндірілетін өнімнің сапасын жақсартып және шығынын азайтатын шағын кәсіпкерлік субъектілерінін қызметі.
Инновациялық қызмет — өндірістің әртүрлі салалары мен қоғамды басқару салаларына жаңа идеяларды, ғылыми білімді, технологиялар мен өнім түрлерін енгізуге бағытталған қызмет, оның нәтижесі мен бәсекеге қабілеттілік үшін пайдаланылады.
«Инновациялық қызмет» түсінігі –инновациялық процесс бөлігі. Тәжірибеде маркетингтік қызмет инновациялықпен қатар болуы да мүмкін. Кейде ол алға шығуы да ықтимал, мысалы енгізу процесінің басталмаған кезінде саралау жүргізу, жарнама жасаушылармен жұмыс жүргізу, т.б.
Сондықтан балама ретінде инновациялық қызметтің бастамасын жаңаны енгізу кезеңімен біріктіруге болады.
Қазақстан Республикасының «Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» заңының 1- бабында инновация өндірістің және қоғамды басқарудың түрлі салаларына енгізілуі экономикалық тұрғыдан тиімді және (немесе) әлеуметтік, экологиялық тұрғыдан маңызды болып табылатын, зияткерлік меншік объектісі болып табылатын ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің нәтижесі ретінде анықталады, сәйкесінше инновациялық қызмет инновацияны өндірістің және қоғамды басқарудың түрлі салаларына енгізілуі жолымен пайдалану. Инновацияны кәсіпкерлік қызметтің спецификалық объектісі ретінде қарастыруға болады. Инновациялық кәсіпкерлік үшін тек инновацияның болуы жеткілікті емес, сонымен қатар үнемі жаңаны іздеу, кәсіпкерлердің оны жасауы үшін мақсатты қызметінің болуы қажет.
Инновация-коммерциялық таратылатын, бәсекеқабілетті, зияткерлік творчестволық қызметтің тиімді нәтижесі.
Инновациялық қызмет жаңа идеяларды, ғылыми білімді, технологияны және өнім түрін өндірістің әртүрлі саласына енгізуге бағытталған қызмет ретінде анықталады.
Инновацияны тарату - кәсіпкерлік қызметтің негізі.
Й. Шумпетер кәсіпкерлікті экономикалық дамудың негізгі факторы ретінде қарастыра отырып, кәсіпкерлікті жаңаны енгізуге негізделген инновациялық қызмет ретінде қарастырады.
Инновациялық қызмет-идеяларды трансформациялаумен байланысты.
В. Рассудовский инновациялық қызметті кәсіпкерлік қызметтің ерекше түрі ретінде коммерциялық нәтиже (кіріс) алу мақсатында жаңаны пайдалануға бағытталған қызмет ретінде қарастырады. Ғалымның пікірінше, инновациялық қызмет жаңа тауарлар мен қызметтерге деген қажеттілікті тиімді қанағаттандыруды ұйымдастыру үшін, өндірілетін өнімді жақсарту, жаңа өнімді алу мақсатында жүзеге асырылатын қызмет.
Инновациялық қызметті кәсіпкерлік қызметтің бір түрі ретінде қарастыру немесе инновациялық қызмет кәсіпкерлік қызмет болуы мүмкін емес деген де пікірлер бар. Біз кәсіпкерлік қызметтің өзін шаруашылық қызметтің бір түрі ретінде қарастыратын болсақ, инновациялық қызмет - шаруашылық қызметтің бір түрі. Яғни, шаруашылық қызмет топтық ұғым ретінде болады. Бұл жерде шаруашылық қызмет пайда табуға бағытталса кәсіпкерлік қызмет ретінде қарастырылатындығын ескерсек, инновациялық қызмет кәсіпкерлік қызметтің бір түрі ретінде болуы үшін пайда табуға бағытталуы тиіс. Бүгінгі нарық заманында жаңаны енгізу мен сату тұлғаларға инновация нәтижесін коммер- цияли-зациялауды меңзейді. Бұл жерде біз кәсіпкерлік қызметтің белгілерін анықтау нәтижесінде инновациялық ықзмет кәсіпкерлік қызметке жата ма деген сұраққа жауап табуымызға болады.
Біз кәсіпкерлік қызметтің белгілері бастамашылық, дербестік, тәуекел мен мүліктік жауапкершілік және пайда табуға бағытталғандық екенін білеміз. Инновациялық қызметпен айналысатын субъектілер өз бастамасы бойынша жаңаны қалыптастыруға бағытталған әрекеттерді жүзеге асырады. Инновациялық қызметпен айналысатын субъектілер пайда табуға бағытталған қызметті жүзеге асырады, яғни өнімді сатудан немесе қызмет көрсетуден кіріс алуды көздейді. Кәсіпкер рыноктың талаптарына сәйкес, тұтынушының сұранысын қанағаттандыратын жаңаны жасауға талпынады. Мұндай жағдайда сатып алушылық сұранысқа әсер ететін факторларға саралау жасай отырып, болашақ өнімнің түрін таңдайды.
Кәсіпкерлік қызметке тән дербестік - қажетті ресурстарды табу, нені өндіру, кімге сату, қаржыландыру жағдайы деген сұрақтарды шешумен байланысты.
Әдебиеттерде дербестік басқа субъектілерден тәуелсіз өз атынан қызметті жүзеге асырудың заңды түрде қамтамасыз етілген мүмкіндігі ретінде қарастырылады.
Инновациялық қызметпен айналысумен байланысты дербестік рынокқа жаңаша бейімделу, жаңаны іздеу бағыттарын айқындау, жаңа идеяларды жетік меңгеру, оларды іске асыру, инвестиция салу үшін объектілерді таңдау, қаржыландыру көздерін табу, инвесторлармен тиімді инновациялық шарттарды жасаумен байланысты болады. Сондықтан инноватор бүгінгі күнгі сұраныс емес, болашақта болатын сұранысты да болжауы қажет.
Ал келесі белгі ретінде қарастыратын тәуекел Б.Н. Мезриннің айтуынша орташа мүмкін болатын қолайсыз әлеуметтік нәтиже. Сонымен қатар ғалым тәуекелдің дәрежесін де сипаттайды, яғни үлкен немесе кіші зиянның болу мүмкіндігі .
В.А. Ойгензихтің пікірінше, тәуекел – субъективтік категория және ол кінәмен қатар өмір сүреді, ол онымен бірге өмір сүруі мүмкін болатын субъектінің өзінің әрекеттерінің нәтижесіне психикалық қатынасы.
Келесі ғалым О.А. Пастухин тәуекелді кенеттен болатын қауіп ретінде мүліктік игіліктердің бүліну немес құру қаупі, бұны заң нақты құқықтық салдардың туындауы ретінде байланыстырады деп қарастырып кеткен .
Инновациялық қызметтің бастамасы инновациялық жобамен байланысты екендігін ескерсек, кез келген инновациялық жобаларды жүзеге асыру материалдық, қаржылық қаражаттардың жұмсалуын қажет етеді. Бұл барлық жағдайда тәуекелмен байланысты, себебі біз алдын ала қай жоба коммерциялық болуы мүмкін немесе жаңа өнімге әр кезде тұтынушы табыла ма жоқ па білмейміз. Яғни, жоғарыда атап өткендей инновациялық тәуекел орын алады. Инновациялық тәуекел – кәсіпкердің өндіріске жаңа өнімді, қызметті шығару немесе ескіні өңдеу кезінде рынокта күтілген нәтижеге сұраныстың болмауынан салынған қаражаттарды жоғалту тәуекелі ретінде заңнамаға енгізуіміз қажет.
Кейбір авторлар инновациялық кәсіпкерлікте келесідей тәуекелдің түрлерін қарастырып өтеді: қате инновациялық жобаны таңдау тәуекелі; инновациялық жобаның қажетті қаржыландырылмау тәуекелі; инновациялық жобалардың нәтижесін өткізудегі маркетингтік тәуекел; инновация нәтижесіне байланысты шарттарды орындамау тәуекелі; болжанбаған шығындар тәуекелі; кірістің азаю тәуекелі; бәсекелестіктің күшею тәуекелі; инновациялық жобаға меншік құқығын қамтамасыз етумен байланысты тәуекел. Инновациялық тәуекел өндіру сатысында да жүзеге асыру сатысында да болуы мүмкін. Алғашқысында өндіріс мақсатына жетпейді, жоспарланған жаңа жасалмауы немесе жасалған өнім жаңа болмауы мүмкін. Екінші жағдай бойынша инновациялық өнімге тұтынушы- лардан сұраныс болмауы мүмкін немесе болса да күтілген нәтиже бермеуі мүмкін.
Инновациялық қызметтің басқа шаруашылық қызметтерден айырмашылығы жаңа өнімді жасау мен жүзеге асыруға бағытталғандығы. Ал, егер де жаңа өнім болмаса бұл жай кәсіпкерлік қызмет түрінде болады.
Инновациялық кәсіпкерлікте негізінен екі мақсат болады: бірінішісі - инновациялық болып табылатын тауар немесе қызметті жасау, соңғысы - инновацияны таратудан жоғарғы таза пайда алу. Инновациялық қызмет субъектілерінің соңғы мақсатқа жетуі жүзеге асырылған қызметінен пайда табу және шаруашылық қызмет аясының дамуына нақты ғылыми-техникалық салым салу. Сонымен инновациялық қызмет кәсіпкерлік қызмет бола отырып, жоғары тәуекел, капиталсыйымдылық, инновацияны жасау және жүзеге асыруға бағытталу секілді арнайы сипаттайтын белгілерге ие.
Инновация ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің нәтижесі ретінде анықталғандықтан, бұл түсініктерді де қарастыруымыз қажет. Қазақстан Республикасының «Ғылым туралы» заңының 1- бабына сәйкес ғылыми-техникалық қызмет – технологиялық, инженерлiк, экономикалық, әлеуметтiк, гуманитарлық және өзге проблемаларды шешу үшiн жаңа бiлiм алуға және оны қолдануға, ғылымның, техниканың және өндiрістiң бiртұтас жүйе ретiнде жұмыс істеуiн қамтамасыз етуге бағытталған қызмет.
Аталған заң ғылыми-зерттеу қызметiн (бұдан әрi - ғылыми қызмет) зерделенiп отырған объектiлерге, құбылыстарға (процестерге) тән ерекшелiктердi, заңдылықтар мен заңдарды анықтау мақсатымен қоршаған болмысты зерделеуге және алынған бiлiмдi практикада пайдалануға байланысты қызметтiң түрi ретінде қарастырады.
Біз қарастырғандай, ғылыми-техникалық қызмет - ғылыми қызметтің кең ауқымды түсінігі. Ғылыми-техникалық қызмет нақты тапсырмалар мен тәжірибелік мақсаттарға жету үшін жаңа білімді пайдалануға бағытталған. Сондықтан бір жағынан инновация анықтамасын анықтау кезінде бұл ғылыми, ғылыми-техникалық қызмет деп қайталаудың да қажеті жоқ деп санаймыз.
Сонымен қатар инновация зияткерлік меншік объектісі ретінде анықталады, соның ішінде енгізілуі экономикалық тұрғыдан тиімді өндірістік меншік ретінде анықталады.
Негізінен бұл анықтамаға заң шығарушы бірден келген жоқ. «Инновациялық қызмет туралы» заңның (бүгінде бұл заң күшін жойған) 1-бабында инновациялық қызмет - нәтижелерi экономикалық өсу мен бәсекелестiк қабiлеттiлігі үшiн пайдаланылатын, өндiрiстiң және қоғамды басқарудың әртүрлi салаларына жаңа идеяларды, ғылыми бiлiмдердi, технологиялар мен өнiм түрлерiн енгiзуге бағытталған қызмет ретінде анықталды.
Инновациялық қызмет анықтамасы енгізу қызметі тиімді экономикалық нәтиже беретін қызмет ретінде түсінілді.
Болашақта экономикалық тиімді болатын жаңаны өңдеуге қатысты ғылыми қызметті инновациялық қызметке жатқызуға бола ма? Жоғарыда қарастырып кеткен анықтаманы ескерсек, бұл мүмкін емес, ал «жаңа идеяларды, ғылыми бiлiмдердi» түсініктерін тереңірек қарастырсақ ғылыми қызметті инновациялық кәсіпкерлік қызмет ретінде түсінуге болады, егер де экономикалық тиімді нәтиже берсе. Бұл жерде ойланатынымыз экономикалық тиімділікті анықтау критерийлері.
Сонымен қатар жоғарыда аталған заңымыз инновациялық қызметтің түрлерін анықтаған болатын.
Инновациялық қызметке мынадай қызмет түрлерi:
қоғамды басқару саласына жаңа идеялар мен ғылыми бiлiмдердi енгiзу;
экономикалық айналымда iске асырылатын жаңа немесе жетiлдiрiлген өнiмдi (жұмысты, көрсетiлетiн қызметтi), жаңа немесе жетiлдiрiлген технологиялық процестi жасауға бағытталған ғылыми-зерттеу, жобалау, iзденiс, тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарды орындау мен оларға қызмет көрсету;
инновациялық тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткiзу рыногын ұйымдастыру;
өндiрiстi технологиялық қайта жарақтандыруды және дайындауды жүзеге асыру;
жаңа технологиялық процестердi, тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) сертификаттау мен стандарттау мақсатында сынақтар өткiзу;
бастапқы кезеңде инновациялық жоба өтемдiлiгiнiң нормативтiк мерзiмiне жеткенге дейiн жаңа немесе жетiлдiрiлген өнiм (жұмыс, көрсетiлетiн қызмет) өндiру және (немесе) жаңа немесе жетiлдiрiлген технологияны қолдану;
инновациялық инфрақұрылымды құру мен дамыту;
инновациялық қызмет нәтижелерiн насихаттау және инновацияларды тарату;
игеру және iске асыру мақсатында интеллектуалдық меншiк объектiлерiне (оның iшiнде ашылмаған ғылыми, ғылыми-техникалық және технологиялық ақпаратқа) құқықтарды қорғау, беру және иемдену;
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес инновациялар жасауға бағытталған өзге де қызмет түрлерiн жатқызды. Бұдан инновациялық қызметке тек жаңаны енгізумен байланысты емес, өндірісте қолданылатын ғылыми нәтижелерді өңдеуге байланысты, инновациялық инфрақұрылымды құру мен дамыту, т.б. жатады деген қорытынды жасауымызға негіз болады.
Достарыңызбен бөлісу: |