СҮйеубаева салтанат нұрболсынқызы адам ресурстарының тұрақты дамуын басқару



бет1/3
Дата10.06.2016
өлшемі0.56 Mb.
#126431
түріАвтореферат
  1   2   3


ӘОЖ 338.45 (574.42) Қолжазба құқығында


СҮЙЕУБАЕВА САЛТАНАТ НҰРБОЛСЫНҚЫЗЫ

Адам ресурстарының тұрақты дамуын басқару

(Шығыс Қазақстан облысы материалдары негізінде)

08.00.05 – Экономика және халық шаруашылығын басқару

(қызмет салалары мен аялары бойынша)

Экономика ғылымдарының кандидаты

ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның

Авторефераты

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2010

Жұмыс Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде орындалған




Ғылыми жетекшісі:


экономика ғылымдарының докторы, профессор Әділов Ж.М.


Ресми оппоненттері:



экономика ғылымдарының докторы, профессор Сансызбаева Х.Н.
экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Брімбетова Н.Ж.


Жетекші ұйым:


«Тұран» Университеті

Қорғау 2010 жылдың 27 қыркүйегінде сағат 14.00-де Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті жанындағы Д 14.63.07 докторлық диссертацияларды қорғау жөніндегі диссертациялық кенесінде өтеді

Мекен-жайы: 050010, Алматы қ., Қазыбек би көш., 28, 31 дәрісхана.
Диссертациямен Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің кітапханасында танысуға болады.

Автореферат 2010 жылдың «___» тамызында таратылды.


Д

иссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы,

э.ғ.д., профессор Ә. Н. Дәуренбекова




КІРІСПЕ
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2008 жылға арналған Жолдауында көзделгендей, Қазақстанның тұрақты дамуы және әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына ену бойынша міндеттерді жүзеге асыру отандық экономиканы жетілдіруге негізделуі керек. Президент елдің дамуы барлық қазақстандықтардың білім деңгейіне, әл-ауқатына, әлеуметтік және табиғи жағдайына тікелей байланысты екенін атап көрсетеді. Сонымен, экономикалық өсудің нақты факторы және ұлттық байлықтың ерекше буыны болып табылатын адам ресурстарын дамыту мен қалыптастыру ерекше маңызға ие.

Соңғы жылдары байқалып отырған ғаламдық экономикалық дағдарыстық құбылыстар көптеген адамдардың экономикалық мүдделерін қозғады, олардың тікелей материалдық әл-ауқаттарына, тұтыну деңгейіне және өмір сүру дәрежесіне, еңбектік белсенділіктеріне және әлеуметтік жағдайларына әсерін тигізді. Қазақстанның дағдарыс жағдайынан шығуы және оның алдағы уақытта сәтті дамуы өңірлердің қайта құрылуы арқылы жүзеге асырылатыны айқындалып отыр. Әлеуметтік-экономикалық саясатты жүзеге асыру ауыртпашылығының орталығы өңірлер мен қалаларға ауысты, олар жаңа тұрақты дамуға көшу мәселесін шешуде маңызды рөлге ие болуы тиіс. Ал өңірлердің тұрақты дамуы өз кезегінде өндірістің негізгі факторларын жүзеге асыру есебінен ғана қамтамасыз етіле алмайды, ол қазақстандық қоғамның құндылықтарын қалыптастыру және дамытуға жағымды серпін енгізе алатын білімдер мен жаңа технологиялардың, адам ресурстарын қалыптастыру және қолдану негізінде жүзеге асырылады. Себебі адам ресурстарының өндірістік үдеріске қатысу дәрежесі кез келген мемлекеттің дүниежүзілік экономикада оның мүмкіндігі мен рөлін анықтайтын бәсекеге қабілеттілігінің маңызды факторы болып табылады. Яғни, бүгінгі таңда әлеуметтік-экономикалық және аймақтық даму, халықтың өмір сүру деңгейі және жұмыспен қамту мәселелері маңызды болып табылады.

Сондықтан ұлттық экономиканы дамытудың стратегиялық бағдарламаларын жүзеге асыру әлеуметтік-экономикалық үдерістерді мемлекеттік реттеуді түпкілікті жақсартуды, ең алдымен адам ресурстарын басқару саласындағы мемлекеттік басқарудың әдістері мен нысандарын жетілдіруді көздейді. Осы уақытқа дейін адам ресурстарының дамуын басқару үдерістеріне қатысты мәселелелерге теоретиктер мен практиктер тарапынан тиісті деңгейде назар аударылмай келді. Көбінесе адам ресурстарын дамытуды басқару емес, адам ресурстарының ұдайы өндірісі мен оларды қолдану мәселелері қаралып келген. Бірақ экономикалық өсу жаңа сапалы жұмыс күшін қалыптастырумен байланысты көптеген міндеттердің шешілуін мақсат етті. Бұл атаулы мәселеге терең ғылыми зерттеу жүргізуді, адам ресурстарының тұрақты дамуын басқару жүйесін жетілдіру бойынша теориялық-тәжірибелік ұсыныстарды жасауды талап етеді. Соған орай диссертациялық зерттеу тақырыбының өзектілігі заманауи экономикаға тән жаңа сапалық деңгейде көтерілген мәселелерді шешу мақсатында адам ресурстарының тұрақты дамуын басқару жүйесін жетілдіру жолдарын қалыптастыру қажеттілігінде болып отыр.

Тақырыптың зерттелу дәрежесі. Әлеуметтік-экономикалық жүйеде адамның маңызы мен алатын орнын зерделеу экономика ғылымында ұзақ уақыт зерттелетін өзекті мәселелердің қатарына жатады.

Зерттеудің теориялық негіздеріне адам ресурстарының дамуы мен қалыптасуының бастапқы шарттары көрсетілген шетел ғалым-классиктерінің еңбектері келтірілген: А. Смит, К. Маркс, К. Макконелл, С. Брю, Г. Беккер, П. Самуэльсон, Т. Шульц, Л. Турроу және тағы басқа ғалымдарды атауға болады. А. Льюистің, С. Кузнецтің, Р. Солоудың, К. Эрроудың, Е. Фелпстың еңбектерінде адам капиталының экономикалық өсуді қамтамасыз етудегі рөлі қарастырылған.

Аймақтық деңгейде адам ресурстарын басқарудың теориялық және әдістемелік негіздері А.Я. Кибанов, П. Солодух, С.А. Капелюшников, Е.В. Тишин, Д.В. Нестерова, С.А. Курганский, В.И. Марценкевич сынды ресейлік ғалым-экономистердің еңбектерінде қарастырылады.

Сонымен қатар адам ресурстарын дамыту мәселелерін зерттеуге отандық экономика ғылымдарының өкілдері де маңызды үлестерін қосқан. XX ғасырда ұзақ уақыт бойы отандық ғалымдардың ғылыми зерттеулерінде қоғамның еңбек әлеуетін тиімді пайдалануды арттыру және еңбек қатынастарын оңтайландыру шарттарын қалыптастыруға, еңбек нарығын дамыту мен жұмыссыздықтың алдын алу мәселелерін зерттеуге көп артықшылықтар берілген. Оларға С.Х. Берешев, Б.Л. Тәтібеков, М.К. Мелдаханова, А.Г. Мұхамеджанова, Х.Н. Сансызбаева, Ю.В. Баталов, М.Д. Мәмедсүпиев сияқты ғалымдардың жүргізген ғылыми зерттеулері арналған.

Тұрақты даму, экономикалық өсу, халықтың әл-ауқатын жоғарылату және аймақтық әлеуметтік-экономикалық саясаттың жалпы теориялық және әдістемелік мәселелері төңірегіндегі баға жетпес экономикалық зерттеулер Н.Қ. Мамыровтың, А.К. Қошановтың, О. Сәбденнің, О. Баймұратовтың, Ж.М. Әділовтың, Р.А. Алшановтың, А.Н. Саханованың, Т.М. Рогачеваның, Ж.Я. Әубәкірованың, Қ.Қ. Құрманәлиевтің, Н.Ж. Брімбетованың қаламдарынан туды.

Әлеуметтік-экономикалық саясаттың жаңа жолдарын табу мен зерделеуде, адам ресурстарын басқару және тұрғындардың өмір сүруінің сапасы мен деңгейін зерттеу жөніндегі отандық және шетел ғалымдарының еңбектерін жоғары бағалай отырып, аталған мәселелер үнемі өзгеріп тұратындықтан, оларды толық зерттелмеген деуге болады. Адам ресурстарын басқарудың аймақтық аспектілерін зерттеудің жеткіліксіздігі және олардың даму деңгейін бағалаудың бірыңғай әдістемелік жолдардың жоқтығы, сонымен қатар адам ресурстарын дамыту мен сақтауға бағытталған басқарудың жаңа аймақтық жүйесін қалыптастырудың объективті қажеттілігі диссертациялық зерттеу тақырыбын таңдауға негіз болып, мақсаты мен міндеттерін айқындайды.



Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Диссертациялық зерттеудің мақсаты – адам ресурстарының тұрақты дамуын қамтамасыз ету басымдықтарын анықтаудың теориялық-тәжірибелік негіздерін жасау және оларды басқару жүйесін жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу.

Қойылған мақсатты жүзеге асыру зерттеу жұмысының төмендегі өзара байланысты міндеттерін шешу арқылы қамтамасыз етіледі:

- адам ресурстарының дамуын басқару аясындағы отандық және шетелдік ғалымдардың көзқарастарының теориялық және тәжірибелік негіздерінің мазмұнын зерттеу;

- «адам ресурстары» терминін нақтылау, «адам ресурстарының тұрақты дамуы» және «адам ресурстарының тұрақты дамуын басқару» түсініктеріне авторлық тұрғыда анықтама беру;

- адам ресурстарының даму жағдайын бағалаудың қолданыстағы әдістемелік негіздерін зерттеу арқылы авторлық әдіснамалық жолдарын ұсыну және мақсаттылығын негіздеу;

- автордың ұсынылған көрсеткіштерінің кеңейтілген жүйесі негізінде Шығыс Қазақстан өңіріндегі адам ресурстарының даму деңгейін бағалау;

- жалпы өңірлік өнім көлемінің өзгеруі адам ресурстарын дамытуды қаржыландыру көлеміне тәуелділігін анықтау;

- мезодеңгейде адам ресурстарының тұрақты дамуын қамтамасыз етудің басым бағыттарын айқындау;

- аймақ деңгейінде адам ресурстарының тұрақты дамуын басқару жүйесін жетілдіру және оны жүзеге асыру жөнінде ғылыми негізделген ұсыныстар жасау.

Зерттеу пәні ретінде адам ресурстарын дамытуды басқару үдерісінде туындайтын ұйымдастырушылық-басқарушылық және экономикалық қатынастар зерттеледі.

Зерттеу объектісі болып зерттелінетін аймақтың адам ресурстары болып табылады.

Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негізін адам ресурстарын басқару теориясы және тұрақты-экономикалық дамуды қамтамасыз ету бойынша қазіргі заманғы отандық және шетелдік ғалымдар мен мамандардың іргелі және қолданбалы зерттеулері, нарықтық экономика классиктерінің ғылыми еңбектері құрайды.

Зерттеу барысында қол жеткізілген қорытындылар мен ұсыныстар дәлдігін қамтамасыз ететін аналитикалық негіз ретінде Қазақстан Республикасының заңнамалық және нормативтік-құқықтық актілері, Қазақстан Республикасының Статистика жөніндегі агенттігінің және Шығыс Қазақстан облысының Статистика департаментінің ресми мәліметтері, ҚР Президентінің жарлықтары мен бағдарламалары, әр түрлі министрліктер мен ведомстволардың құжаттары, Біріккен Ұлттар Ұйымының және адамзат дамуының мәселелерін зерттейтін басқа да Халықаралық ұйымдардың ғаламтор желісіндегі ресми сайттарынан алынған мәліметтері, мерзімдік баспасөз материалдары қолданылды.

Жұмыста әдістемелік құралдар ретінде жүйелілік әдіс қағидалары, экономикалық, статистикалық және корреляциялық-регрессиялық талдау, болжау, сараптамалық бағалау әдістері пайдаланылды.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Зерттеу барысында жұмыстың жаңалығын анықтайтын келесі нәтижелер алынды:

- адам ресурстарын басқару мәселесі бойынша ғалымдардың көзқарастарын зерттеу мен жүйелеу негізінде «адам ресурстарының тұрақты дамуы», «адам ресурстарының тұрақты дамуын басқару» жаңа терминдері ұсынылды және олардың анықтамасы мен мазмұны берілді;

- кеңейтілген көрсеткіштер жүйесі негізінде мезодеңгейде адам ресурстарының даму деңгейіне кешенді бағалау жүргізілді;

- адам ресурстарының даму деңгейін кешенді талдау нәтижесінде оларды дамытудың басым бағыттары анықталып, жүзеге асыру жолдары көрсетілді;

- Шығыс Қазақстан облысының жалпы өңірлік өнім көлемінің адам ресурстарының тұрақты дамуын қаржыландыру көлемінің өзгеруіне тәуелділігін анықтаудың экономикалық-математикалық үлгісі жасалды;

- адам ресурстарының тұрақты дамуын басқарудың жетілдірілген жүйесі және оны қамтамасыз етуші институционалдық тетігі ұсынылды.



Қорғауға шығарылатын негізгі тұжырымдар:

- «адам ресурстарының тұрақты дамуы» және «адам ресурстарының тұрақты дамуын басқару» түсініктеріне берілген авторлық анықтамалары;

- мезодеңгейде адам ресурстарының даму деңгейін бағалаудың кеңейтілген көрсеткіштер жүйесі;

- Шығыс Қазақстан облысының адам ресурстарының даму деңгейін ғылыми негізделген бағалау нәтижелері;

- аймақтың жалпы өңірлік өнім көлемінің өзгеруінің адам ресурстарын тұрақты дамытуды қаржыландыру көлеміне тәуелділігін сипаттайтын экономикалық- математикалық үлгісі;

- адам ресурстарының тұрақты дамуының басым бағыттары және оларды жүзеге асыру жолдары;

- адам ресурстарының тұрақты дамуын басқару жүйесі мен оның институционалдық тетігі;

Зерттеу нәтижелерінің тәжірибелік маңызы. Диссертациялық жұмыста алынған ғылыми-тәжірибелік ұсыныстар адам ресурстарын басқару және дамыту мәселелерімен айналысып жүрген аймақтық басқару органдарының жұмыстарында, адам ресурстарын басқарудың негізгі бағыттарын анықтайтын нормативтік және әдістемелік құжаттарды өңдеу кезінде, аймақтағы және жалпы республикадағы адам ресурстарын тұрақты дамуын қамтамасыз ету бағдарламаларын әзірлеуде және мемлекеттік органдар мен мекемелердің тәжірибелік қызметінде қолданылуы мүмкін. Орындалған зерттеуде ұсынылған адам ресурстарының дамуының деңгейін бағалау әдістемесі осы мәселе бойынша қолданыста бар ғылыми-әдістемелік әзірлемелерді кеңейтеді және толықтырады, анықталған адам ресурстарының тұрақты дамуын қамтамасыз ететін басым бағыттар аймақ деңгейінде жасалатын әлеуметтік бағдарламаларға негіз болады.

Жұмыстың теориялық жағдайлары «Адам ресурстарын басқару», «Менеджмент», «Қазақстан экономикасын басқару» және т.б. пәндер бойынша жоғары оқу орындарының экономикалық факультеттерінің оқу үдерісінде қолданылуы мүмкін.



Зерттеу нәтижелерінің апробациясы. Зерттеу нәтижелерінің негізгі тұжырымдамалары мен қорытындылары аймақтық жоғары оқу орындарында өткізілген 8 халықаралық, республикалық ғылыми конференцияларда баяндалып, талқыланған, соның ішінде: Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (Астана, 2008 ж.), Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті (Өскемен, 2008 ж., 2009 ж.), О. Бөкей атындағы Шығыс Қазақстан аймақтық университеті (Өскемен, 2008 ж.), Халықаралық бизнес университеті (Алматы, 2009 ж.), ҚР тұңғыш Президентінің қоры (Алматы, 2009 ж.). Сонымен қатар диссертациялық жұмыс Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің (Семей, 2010 ж.) және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің (Алматы, 2010 ж.) ғылыми семинарларында талқыланып, мақұлданды.

Диссертациялық зерттеу нәтижесінде алынған қорытындылар мен ұсыныстар «Шығыс Қазақстан облысы бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы» мемлекеттік мекеменің қызметіне енгізілген және Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің «Экономикалық теория және нарық», «Инновациялық менеджмент» кафедраларының оқу үдерістерінде қолданылған.



Зерттеу нәтижелерін жариялау. Зерттеу нәтижелері бойынша жалпы көлемі 5,25 б.т. болатын 16 ғылыми жұмыс, оның ішінде Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетімен ұсынылған 7 мақала баспасөз беттерінде, бір мақала таяу шетел баспа материалында жарияланған, 8 – халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда тезис және баяндамалар жасалған.

Диссертацияның құрылымы кіріспеден, белгілеулер мен қысқартулар тізімінен, үш тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Диссертация кестелер мен суреттер және қосымшалармен толықтырылған.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
1 Адам ресурстарының дамуын басқару жүйесін қалыптастырудың концептуалды негіздері. XX ғасырдың соңынан басталған экономикадағы қайта құру құбылыстары мен үдерістері, олардың институционалдануы және технологиялық модернизациялануы әлеуметтік-экономикалық парадигманың өзгеруіне, экономикалық әдіснаманы, бағдарды, мақсаттарды және әлеуметтік-экономикалық дамудың мағынасын қайта қарауға әкеліп соқтырды, бұл адамның әлеуметтік дамуы мен ұдайы өндірістік үдерістер саласындағы ролі, орны және жағдайын түсінуді қайта мағыналауға байланыстырды. Әлеуметтік-экономикалық жүйенің тұрақты дамуының жаңа парадигмасы адам ресурстарын қоғамдық даму, өмір сүру деңгейін арттыру құралы және экономиканы модернизациялаудың басты құндылығы, мақсаты ретінде түсінуін талап етті. Бұл көбінесе адам туралы түсініктің XX ғасырдағы дүниежүзілік экономика ғылымында үстемдік ететін инструменталдық және әлеуметтік бағыттардың интеграциялануына және жақындасуына себеп болды. Осы бағыттарды әртүрлі жинақталған әлеуметтік ғылымдармен теориялық білімдерді қолдану арқылы синтездеу негізінде адам ресурстарын дамыту теориясы пайда болды.

«Адам ресурстары» түсінігі – бұл экономика ғылымының негізін салушы санаттардың бірі болып табылады. Бұл түсінік әлеуметтік-экономикалық жүйенің ауқымды мәселелерін шешуімен байланысады. Адам ресурстарын дамыту, басқару және жүзеге асыруға қатысты «Адам ресурстары» санатын және мәселелерін талдау тұрақты даму шартында ерекше өзектілікке ие. Адам ресурстарының тұжырымдамалық ережесінің теориясы, қазіргі постиндустриялды қоғамның даму үдерісінде ең маңызды басымдығы және белсенді субъектісі, басты мақсаты адам болып табылатынын білдіреді.

Адам ресурстарын дамыту сыртқы ортаның өзгеруіне бейімделген адамның мүмкіндіктерін үздіксіз, тұрақты кеңейту үдерісі болып табылады. Бұл кезде адам дамуының әр кезеңінде негізін қалаушы ретінде үш басты мүмкіндіктер танылады – лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ететін ресурстарға еркін қол жеткізу; белсенді, салауатты, ұзақ өмір сүру; өмір сүру ағысында үздіксіз қажетті, кәсіби білім алу. Бұл тұжырымдамалар адам ресурстарын дамыту теориясының негізін қалайды және қоғамның әлеуметтік прогрестік өлшемдерін қалыптастырады.

Адам ресурстары түсінігінің мазмұнына талдау жүргізу авторға осы түсініктің өмір сүру сапасы мен деңгейін көтеруге, қоғамның дамуын және саяси салада өмір сүруі, әлеуметтік-экономикалық өзіндік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған денсаулық, білім, интеллектуалдық әлеует, еңбек, шығармашылық пен қоғамдық-саяси факторларының, мәдени және адамгершілік құндылықтары индивидуумның өмірлік іс әрекетіне ішкі күші, мүмкіндіктері және қабілеттері нарықтық типтегі әлеуметтік бағдарламаға экономиканың аумақтық әлеуметтік-экономикалық дамуының кеңейтілген шеңберіндегі ішкі және сыртқы жағдайларын бағалаудың көрсеткішімен қоғамдық үдерісте өтетін индикатор ретінде болатыны жөнінде анықтауына мүмкіндік берді (1 кесте).


1 кесте – «Адам ресурстары» түсінігіне көзқарастардың қалыптасуы


Шетел экономистері

1

2

А. Смит

Негізгі капиталға еңбек құралдарын, ғимараттарды, жерді, сонымен қатар «қоғамның барлық тұрғындары мен мүшелерінің бойындағы пайдалы қабілеттерін» енгізді. Бұл қабілеттер нақты бір тұлғаның ажырамас бөлігі болып табылады, сонымен қатар осы тұлғаның өмір сүріп отырған қоғам байлығының бір бөлігіне айналады.

Г. Беккер,

Т. Шульц



Адам капиталы – индивидуумның пайда әкелу істерін, жеке жұмыскердің қабілеттерін, білімдерін, біліктілігі мен дағдыларын бағалау.

Р. Макинтайр

Адам ресурстары кең мағынада тауарлар мен пайдалы қызметтер өндірісінде қолданыста бар немесе қолданыла алатын тұрғындардың белсенділігін, кәсіби біліктілігін, дарыны мен білімін сипаттайды.

1 кестенің жалғасы

1

2

Ресейлік экономистер

С.А. Капелюшников

Адам ресурстары – бұл әрбір адамда бар, капиталды құрастырушы болып табылатын білімдердің, қабілеттер мен мотивациялардың қоры, өйткені оның қалыптасуы ағымдағы тұтынуға зиян келтіре отырып қаражат бөлуді талап етеді де, олар өнімділікті арттырудың қайнар көзі ретінде қызмет етеді.

Г. Г. Меликьян,

Р. П. Колосова



Адам ресурстары материалдық ресурстар сияқты елдің экономикалық дамуында көрініс табады. Бұл бір жағынан материалдық игіліктерді дайындайтын, екінші жағынан олардың тұтынушысы болып табылатын адамдар.

Қазақстандық экономистер

Б. Л. Тәтібеков,

М. К. Мелдаханова



Әлеуметтік-экономикалық аспект: Адам ресурстары – бұл жоғары білім деңгейі, кәсібилік пен кәсіпкерлік қабілеттерді иеленуші, елдің маңызды стратегиялық ресурсы ретінде көрініс табатын адами ресурстар.

Экономикалық аспект: Адам ресурстары – бұл елдің экономикалық өсуі мен дамуына ықпалын тигізетін қолданыста бар немесе қолданыла алатын халықтың бір бөлігі. Оларға шетелдік мемлекеттердің еңбек ресурстары, (I және II топ мүгедектерінен басқа) халықтың барлығы қосыдалы,



А. А. Горкопко

Адам ресурстары – тұрғындардың табиғи, экономикалық (өндіруші), әлеуметтік және саяси сапаларының жиынтығы ретінде ұсынылатын жалпы әлеуметтік категория.

Автордың анықтамасы

Адам ресурстары – бұл нақты индивидтің, адамдар топтарымен қатар жалпы қоғамның туа біткен, жүре пайда болған және қалыптасқан білімдердің, дағдылардың, қабілеттердің, мотивациялардың, тәжірибесінің белгілі бір деңгейі. Бұлар қоғам өндірісінің белгілі бір саласында мақсатты түрде қолданылады және оларды қалыптастыру индивидтің, кәсіпорынның және жалпы қоғамның шығынын талап етеді.



Ескерту - Теориялық көздер бойынша автор жүйелеген.

Өзінің бойына екі жақты әлеуметтік және материалдық табиғи үйлесімді іске асыра отырып, адам ресурстары елдің тұрақты дамуының басты факторы ретінде бөліп шығаруға мүмкіндік беретін материалдық ресурстарға қарағанда бірқатар артықшылықтарға ие (2 кесте).

Адам ресурстарының дамуы келесі негізгі қағидаттардан тұрады:

- барлық адамдарда тең мүмкіндіктер болу қажет, сондықтан жынысына, дініне, ұлтына, тұрғылықты орнына байланысты шектеулерді жою қажет;

- барлық азаматтардың өз іс-әрекеттерінің өнімділігін арттыруға, табысын қалыптасыру үдерісіне толық қатысуға және еңбегі үшін лайықты ақшалай сыйақы алуға мүмкіндіктері болу қажет;

- мүмкіндіктерге қол жетімділікпен қазіргі ғана емес, сонымен қатар келешек ұрпақтың да қамтамасыз етілуі қажет, сондықтан тиісті түрде барлық капитал түрінің (материалдық, адами, экологиялық) ұдайы өндірісі қамтамасыз етілу қажет;

- даму адамдардың өз күштерімен жүзеге асырылу қажет. Азаматтар өз өмірлеріне әсер ететін шешімдерді қабылдау үдерісіне толық қатысулары қажет;

- адам ресурстарының сандық және сапалық дамуы мемлекет дамуының негізгі басым бағыттарына сәйкес болуы тиіс;

- адам ресурстарын дамыту олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталуы керек. Яғни адам ресурстарын оқыту және қайта даярлау кезінде әлемдік стандарттарға сүйену қажет.

Бұл қағидаттардың әлі де кеңейтілетініне келісеміз, әйтсе де, азаматтар үшін келесі үш басты мүмкіндіктер өзгертілмейтіндей болу қажет: сапалы өмір сүру деңгейін қамтамасыз етуге қажетті ресурстарға қол жеткізуде еркін мүмкіндіктері болу қажет; ауырмай, ұзақ және белсенді өмір сүруге мүмкіндігі; өмір сүруі кезінде үздіксіз өзі қалайтын және кәсіби қажетті білім алуы қажет.


2 кесте – Адам ресурстарының ерекше белгілері


1

Әрбір нақты адаммен қалыптастырылады және жеке тұлғаның ажырамас бөлігі болып табылады.

2

Олардың қалыптасуы бүкіл өмір ағымында жүзеге асады және индивидтің де, жалпы қоғамның да белгілі бір материалдық шығындарын талап етеді.

3

Қолданылуы мен қайтарым дәрежесі олардың жауапкершілігіне, сұранысына, ерікті көңіл білдіруіне, жоғары бағалауына, жалпы дүниетанымы мен мәдениетіне байланысты.

4

Қабілеттер, денсаулық, дарын, білімдер, дағдылар мен тәжірибе сақтау мен ұдайы өндіруді талап ететін әлеует ретінде көрінеді.

5

Адам ресурстарының дамуына отбасы, адамның өзі, жұмыс орны, әлеуметтік институттар мен мемлекет қаржы жұмсайды, алайда олардың тиімділігі әрбір индивидтің белсенділігі мен даму қабілетіне тәуелді болады.

6

Адам ресурстарының сапасы мен қолданылу нысаны экономикалық өсу, бәсекеге қабілеттілік пен өндірістің тиімділігінің басты факторы ретінде алға шығады.

7

Адам ресурстарын тиімді қолдану көп қырлы тиімділікке ие, олар: экономикалық, әлеуметтік, психологиялық, мәдени, дүниетанымдық.

8

Олар табиғи тозуға душар (адам ағзасының қартаюы, ағзаның дұрыс жетілмеуі, денсаулықтың нашарлауы, өлім).

Ескерту – Теориялық зерттеу нәтижесінде автор құрастырған.

Адам ресурстарын кестеде келтірілген ерекшеліктеріне сай, келесідей жіктеуге болады: адамның бойындағы білім беру ресурсы, денсаулық сақтау ресурсы, еңбек ресурсы; әлеуметтік және мәдени ресурстары үздіксіз қызмет етеді.

Осыған байланысты адам ресурстарын дамыту, адам таңдауының кеңеюін және адамдардың әл-ауқаты деңгейінің жетістігін білдіреді. Осы басымдықтар қазіргі қоғамның әрбір мүшесінің басты мәселесі болып табылады, ал оларды шешу мынадай факторларға байланысты: табыстың деңгейі, білімнің деңгейі, туған кездегі күтілетін өмірдің ұзақтығы. Қазақстандық ғалым-экономист Ю.Қ. Шоқаманов көрсеткендей, адамдар экономикалық дамудың құралы немесе көзі ғана болып табылмайды, сонымен қатар экономикалық дамудың мақсаты болып саналады. Сондықтан, адам даму тұжырымдамасының маңызы болып экономикалық дамудың адам игілігіне қызмет етуі саналуы тиіс.

Адам ресурстарының дамуын адам даму үдерісімен ұштастырып та қарастырады. Себебі адам дамуы тұжырымдамасы да еліміздегі бүкіл халықтың сапалы өмірге, лайықты табысқа, білімге қол жеткізіп, денсаулығын сақтауды және қоршаған ортаның сақталуын көздейді.

«Тұрақты даму» түсінігінің негізгі сипаттамасы табиғи ресурстарды кешенді және тиімді қолдану қажеттілігі болып табылады, адам өмір сүретін қоршаған ортаны оның тұрақтылығын бұзбай және оған зиян келтірмей сақтай білу қажет. Бұл тұжырым біздің «тұрақты даму» және «адам дамуының тұрақтылығы», санатына авторлық көзқарасымызды қалыптастыру үшін негіз болып табылды, олардың өзара байланысы, осы түсініктердің мәнінен туындайтын өзінің жетістігіне әртүрлі тетіктерді қосатын көп аспектілі және көп факторлы тиісті мемлекеттік стратегияны құру кезінде белгілі шарттарды сақтау қажеттілігін білдіреді. Қазақстан Республикасының Президентімен 2006ж. 14 қарашасында мақұлданған ҚР 2007-2024 ж. ж. тұрақты дамуға көшу концепциясы еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін барлық мақсаттары, қағидалары, жүзеге асыру тетіктері көрсетілген маңызды құжат болып табылады. ҚР-да тұрақты дамуға көшу үшін бірқатар қадамдар атқарылған: Қазақстан БҰҰ тұрақты даму жөніндегі Комиссиясының мүшесі; «Европа үшін қоршаған орта», «Азия үшін тұрақты даму және қоршаған орта» бағыттарының белсенді қатысушысы; ядролық қаруды қолданудан бас тартқан мемлекеттердің көшбасшысы.

Адам ресурстары дамуының үдерісі болып жатқан экономикалық және әлеуметтік құбылыстар мен үрдістердің қозғалыс күштері болып табылатын көп түрлі факторлардың әсерімен жүзеге асырылады. Осы үдерістің ерекшелігінен адам ресурстарының даму факторларын тікелей (ішкі) және жанама (сыртқы) деп жіктеуге болады. Тікелейге адам ресурстарының даму нәтижесіне шешуші әсер ететін және адамның басты қажеттілігіне сәйкес келетін – демографиялық жағдай, денсаулық сақтау және білім беру, материалдық жағдай, жұмыспен қамту және қоғамның криминогендік деңгейін жатқызылады. Жанама немесе сыртқы фактор ретінде, адам қабілеттерін қалыптастыруды қамтамасыз ететін жалпы жағдайлар және оларды кейінгі әртүрлі өмірлік іс-әрекеттерінде жүзеге асыруында, автор табиғи, техникалық, экономикалық, экологиялық, ақпараттық және аймақтық институционалдық жағдайларды қарастырады. Осы факторларға мемлекеттік шарттардың әсерінен аймақтың адам ресурстарын дамытуды басқару үдерісі туындайды.

Осыған байланысты адам ресурстарының тұрақты дамуы – олардың табиғи, әлеуметтік-психологиялық және интеллектуалдық қабілеттерінің позитивті өзгеруі нәтижесіндегі сыртқы орта мен қоршаған ортаға зиянын тигізбейтін әртүрлі іс-әрекет саласындағы әрбір адамның мақсаттарын жүзеге асыруы мен мүмкіндіктері ауқымының кеңеюін қамтамасыз ететін үздіксіз үдерісін білдіреді. Бұл үдерістің жүзеге асырылуы адам ресурстарын дамытуға жеке адамның өзімен қатар жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мемлекеттік билік органдарының, әртүрлі деңгейдегі қоғамдық институттардың үйлесімділігін талап етеді (1 сурет).

Адам ресурстарының тұрақты дамуын басқару жинақталған әлеуетті жетілдіру және сақтауды қамтамасыз ететін, адам ресурстарына үздіксіз және мақсатты әсер ету үдерісін білдіреді. Адам ресурстарының тұрақты дамуын басқарудың алғышарты болып олардың даму жағдайына дұрыс баға беру болып табылады.

Ескерту – Автор құрастырған.


1 сурет – Қоғамдық институттардың қатысуымен аймақтың адам ресурстарын дамыту мен қалыптастырудың концептуалды үлгісі
Кәсіпорынның адам ресурстары – бұл өндірісте қызметіне сай еңбекақы алу мақсатында қолданылатын адамның қорындағы денсаулығы, білімі, дағдысы және тәжірибесі. Кәсіпорынның ұдайы өндіріс үдерісі және адам ресурстарын дамыту еңбек нарығының дамуымен және жұмысшылардың жеке адам капиталына инвестициясымен байланысты.

Аймақтың адам ресурстары – бұл өндірісте нақты іске қосылған және қолданылуы мүмкін, әлеуметтік, демографиялық, кәсіби және біліктілік сипаттамасы бар, ұдайы өндірісі және дамуы әлеуметтік- экономикалық даму мен аймақтың және сол аймақтың кәсіпорындарының инвестициялық белсенділігіне тәуелді, барлық меншік формаларындағы кәсіпорындардың адам ресурстарының жиынтығы болып табылады.

Адам ресурстарының дамуын бағалаудың бірегей нақты қолданыстағы әдістемесі болмаса да, бұл бағыттағы зерттеулер адам ресурстарының жағдайын сипаттайтын сандық және сапалық параметрлерді болашақта бағалауға негізделуі керек деген шарт міндетті түрде орындалуы тиіс. Сондықтан біз адам ресурстарының даму жағдайын сандық тұрғыдан бағалау үшін қазақстандық ғалым-экономист Б. Л. Тәтібековтің адам ресурстарын анықтау әдістемесін қолдануды және сапалық тұрғыдан бағалауда оларға әсер етуші факторларға талдау жүргізуді біріктіретін кешенді бағалау жүйесі негізінде жүргізуді ұйғардық. Мұндай кешенді бағалау жүйесі аймақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды егжей-тегжей талдауға, адам ресурстарының бұдан былай дамуы бойынша мәселелерді және оларды шешудің мақсаты мен әдістерін анықтауға мүмкіндік береді.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет