ДУАЛДЫ ОҚЫТУДЫҢ БҮГІНІ МЕН КЕЛЕШЕГІ
Исмайлов Темірбек Кәнішұлы
Қазалы аграрлы – техникалық колледжінің директоры
ҚР Кәсіптік білім беру ісінің үздігі
Бүгінгі таңда кәсіби білікті, бәсекеге қабілетті, еліміздің дамуы мен өркендеуіне үлес қосатын азаматтар тәрбиелеу өзекті мәселе екені анық.
2014 жылдың 17 қаңтарында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына жолдауын ұсынды.
Жолдауда Елбасының «Біздің болашаққа барар жолымыз қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты. ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар. Бұл үшін біз не істеуіміз керек? Таяудағы 2-3 жылда дуальдік, техникалық және кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесінің негізін қалыптастыру керек. Келешекте жастардың техникалық білім алуын мемлекеттік кепілдендіруге көшіруді қарастыру қажет. Үкіметке 2014 жылғы 1 маусымға дейін осы мәселе бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын.» - деген сөзі техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарына жаңа серпіліс алып келді.
Жастарға кәсіптік-техникалық білім беру, нарық қатынасын орнықтыру, шағын және орта бизнесті дамыту, заман талабына сай бәсекелестікке төтеп бере алатын, жан-жақты іскер жұмысшы мамандарын даярлау – бүгінгі күннің басты талабы. Осы талапты орындауда техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарына үлкен міндеттер жүктелген.
Қазіргі таңда кәсіптік және техникалық білім беру жүйесін индустриалдық – инновациялық даму бағдарламасына сай жетілдіру үрдісі жүріп жатыр.
Қазалы аграрлы – техникалық колледжі облыстық бюджет есебінен қаржыландырылады. Қазіргі таңда колледжде «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Пісіру ісі (түрлері бойынша)», «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету (түрлері бойынша)», «Үйлер мен құрылымдарды салу және пайдалану», «Ішкі санитарлық – техникалық құрылғылар мен вентиляцияны монтаждау және пайдалану (түрлері бойынша)», «Жол-құрылыс машиналарын техникалық пайдалану (түрлері бойынша)» «Ауылшаруашылығы техникаларына қызмет көрсету және жөндеу», «Ферма шаруашылығы (түрлері бойынша)», «Ветеринария», мамандықтары бойынша мамандар даярланады. Барлық мамандықтар бойынша жалпыға бірдей білім стандарттары мен мемлекеттік лицензиялар алынған.
«Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік серіктестік туралы» Заңы қабылдануына байланысты еңбек нарығының сұранысын және жұмыс берушінің талабын ескере отырып, білім мен біліктілік беру ісінде жүйелілік пайда болды. Білім алушының мамандығының бейініне сәйкес келетін кәсіби даярлықты келісім-шарттар негізінде кәсіпорындарында жүзеге асыру қалыптасып келеді.
Қалыптасқан жағдайда теория мен практиканың арасындағы алшақтықты жою мәселесі жұмыс берушіге артылып отыр. Өйткені оқу орнының жұмысышыны оқыту бағдарламасы өндірістің талабына сай келуі маңызды болуда. Сондықтан бағдарламалық талаптардың өндіріске етене жақындауы білікті маман даярлаудың кепілі болып табылады. Мұндай жағдайда оқу орнында білім алушы мамандардың оқу үрдісінде алған білімдерін жүзеге асыру жоспарланатын кәсіпорын қызметінің ерекшелігін ескере отырып, қосымша оқыту, қайта даярлау қажеттілігі туындайды.
Колледжде «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша маман даярлаудың дуалдық жүйесін қолдану тәжірибесі ескі жүйеден бірқатар артықшылығы бар екенін көрсетіп отыр. Дуалдық жүйемен оқытудың дәстүрлі түрлері мен әдістері теория мен тәжірибенің арасындағы алшақтықты азайтатыны, дуалдық жүйенің механизмінде маманның жеке тұлғасына әсер ету, болашақ маманның жаңа психологиясын қалыптастыру жатқандығы байқалады.
Болашақ мамандар білім сапасының жұмыс орнында қызметтік міндеттерін орындауына тікелей байланыстылығын теория мен практиканың ұштасуынсыз нағыз маманның қызметтік тәжірибесі толық қалыптаспайтыныны сезінеді.
Жұмыс берушімен тығыз байланыста болған маман даярлаушы оқу орны болашақ мамандарға қойылатын талаптарды үнемі ескеріп отырады. Жұмыс берушілер іс – тәжірибеден өтіп жүрген мамандардың бейіміне қарап, өздеріне қажетті, заман талабына сай, кәсіпорынның ілгері басуына аянбай атсалысатын нағыз мамандардың шығатынына сенімді болады.
Колледжде білім алып жатқан мамандарды кәсіби бағыттағы стандарттарға негіздей отырып даярлау және экономикалық қажеттіліктермен өзара байланыстыру қатаң түрде сақталып келеді.
Бұл тұрғыдан әлеуметтік әріптестермен келісім – шарт негізінде жүйелі байланыстар орнатылған. Олардың қатарында «РЗА» АҚ, «Рза – Асыл - түлік» ЖШС, «РЗА-Агро» ЖШС, «Рза - Транс» ЖШС, «Жылу-ХХІ» ЖШС, «Мерей» ЖШС, «Қазалы-Сәулет» ЖШС, «Сыр маржаны» ЖШС, «Қазалы-құрылыс» ЖШС, «Асыл-Ғани» ЖШС, «Намыс-Құрылыс» ЖШС, «Қазалы-Жолшы» ЖШС бар. Аз уақыттың ішінде бұл серіктестіктермен байланыс өзінің оң нәтижесін көрсетуде.
Ал осы игі істерді атқаратын кімдер? Оны өз ісін жетік меңгерген мамандар атқаратыны сөзсіз.
Колледжде білім алушылар нақты жұмыс дағдыларына, ұжымда жұмыс істеу білігіне ие болуға, әлеуметтік құзіреттілігінің қалыптасуына, таңдаған мамандығының қыры – сырын тікелей жұмыс орнында танып, психологиялық және кәсіби бейімделуден өтуге мүмкіндік алуда. Өзінің тәжірибелік іс - әрекетінің кәсіпорындарының толыққанды қызметкері ретінде жүзеге асырылуы, болашақта осы кәсіпорынға жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болуы олардың белсенділігі мен жауапкершілік сезімін дамытуда.
Колледждің болашақ кәсіби мамандары әлеуметтік серіктестіктер базасында теориялық білімін тәжірибелік негіздеуге толық мүмкіндік алып отыр. Бұл ретте елімізде кәсіби білім беруге арқау болып келе жатқан дуалды оқыту жүйесінің ішкі қажеттіліктері молынан пайдаланылып келеді. Мемлекеттік бағдарламалар негізінде өмірге келген тың жобалар өңіріміздің экономикалық тынысына серпіліс алып келді. Сондықтан да серіктестердің базасында тұрған заманауи технологиялық жабдықтарда машықтанудан өткен студенттердің құзырлылық деңгейі жоғары болып қалыптасуда. Соңғы жылдары «Дипломмен - ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында бітіруші түлектерімізді серіктес кәсіпорындар жолдама беру арқылы салтанатты түрде жұмысқа қабылдау тәртібі орнығып келеді. Бәсекеге қабілетті мамандар дайындау ісінде оқу орнының өзіндік қолтаңбасы қалыптасып келеді. Бітіруші түлектеріміздің республикалық біліктілікті растау және тәуелсіз бағалау жүйесіне 99 % қамтылып, орташа балы 92 болуы колледж инженер-педагогтарының сапалы маман дайындап отырғандығының басты көрсеткіші деп санауға болады
Оқу үрдісіне дуалды білім беру жүйесін енгізу келесі мәселелерді шешуге мүмкіндік береді:
-
талапкерлердің кәсіби өзін өзі билеуі;
-
оқу мекемесінің тартымдылық беделінің артуы, студенттер контингетінің жоғарылауы;
-
студенттердің қызығушылығы мен сұранысына қарай бағдарламалар, элективті (икемді) курстар бағдарламаларын әзірлеу;
-
мамандықты тереңірек ойланып таңдауға, социализация, тапқырлық пен шығармашылыққа бейімдейтін біліктіліктің дамуы;
-
дуалды жүйе бойынша оқытылатын тұлғаның қажетті біліктілік пен еңбек дағдыларына, кәсіби білімге ие болып еңбек нарығында сұраныс деңгейінің жоғарылуы;
-
бітірушілерді дайындау деңгейінің жоғарылауы;
-
бітірушілерді одан әрі жұмысқа орналастыру, жұмыссыздықтың қысқаруы;
-
бітірушілердің әлеуметтік бейімделуі;
-
білім беру мекемелерінің жобаларды жүзеге асыру кезеңдерінде қосу арқылы кәсіпорындармен өзара әрекеттесу аясын кеңейту;
-
білім беру мекемелерінің бәсекелесуге қабілеттілігін жоғарылату.
Қорыта келгенде, дуалды оқыту жүйесі колледж студенттері үшін таптырмас мүмкіндіктердің бірі. Дуалды оқыту жүйесін меңгеру кезінде студенттің өзіндік дүниетанымы қалыптасады, студенттің сабаққа деген ынтасы және жауапкершілігі артады, студенттің өз білімін өзі бағалай білуіне мүмкіндік туды, өз қабілетіне, болашағына сенуіне, танымдық әрекеттерінің қалыптасып, одан әрі шығармашылықпен айналысуына, пәнге қызығушылығының артуына мүмкіндік береді.
Дуалды оқыту жүйесі - заманауи технологияның еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға мүмкіндік беріп, әрбір түлектің оқу орнын бітіріп шыққан соң жұмысқа орналасуына кепілдік беретін бірден-бір таптырмас жүйелердің бірі. Сондықтанда саналы ұрпақ, сапалы маман дайындауда дуалды оқыту жүйесінің болашағы зор деп ойлаймын.
Колледжде жастардың қалаған мамандығын игеру мүмкіндігіне ие болуы, заман талабына сай бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуы - еліміздегі техникалық және кәсіптік білім беру саласының ілгері басуы үшін жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың нәтижесі.
Достарыңызбен бөлісу: |