Қыстау – қыстау. Тұран ойпатында, Сырдария өзенінің аңғарында.
Майнарқан – бейіт. Тұран ойпатында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде.
Макан – артезиандық құдық. Дариялық Тақыр жазығының солтүстік-батыс бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.
Мұрсай – құдық. Арал Қарақұмының оңтүстігінде, Тұран ойпатының шығыс бөлігінде. Тереңдігі – 6 м, шығымы – 2500 л/с. Мұр сөзі қазақ тіліндегі мор, морлау сөздерімен бір түбірлі төркіндес болуы әбден мүмкін. Ал мор, морлау сөздерінің мағынасы: «қойдың қиын тұтатып, үстіне дымқыл көң, қи үйіп, бықсытып жаққан оты бар, қазылған шұңқыр жер». Демек, «терең қазылған шұңқыр, сай» мәніндегі атау.
Мыңарал – артезиандық құдық. Тұран ойпатында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Мың және арал сөздерінен жасалған атау. «Көп, өте көп ірілі-ұсақты аралдар» деген мағынаны білдіреді.
Моншақты асар – көне қоныс орны. Қармақшы ауданында Сырдария өзені бойында орналасқан. Жетіасар өңіріндегі қалалық қоныстардың бірі. Қаңлы мемлекеті кезеңіндегі қала мәдениеті ескерткіштеріне жатады. Екі – үш қабатты төбе. Ескерткіш қалдықтарының биіктігі – 8 м, 18 га жерді алып жатыр. Бекінісі ирек жоспарлы. Б.з.д. 7 ғ – б.з. 8 ғ. аралығын қамтиды. Бірнеше мәдени қабаттардан тұрады. Моншақты асар жан-жақты зерттелмеген.
Наурызбай – канал. Жосалы даласында. Кісі есімінен қойылған атау.
Наурызбай – канал. Сырдария өзенінен Жосалы даласына дейін созылған.
Омартамы – ауыл орны. Жосалы кентінен оңтүстікке қарай 30 км жерде, Сырдария өзенінің аңғарында. Бұл жерде Омар деген кісінің үйі болғандықтан берілген атау.
Сақтаған – артезиандық құдық. Тұран ойпатында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.
Сарыапан – қоныс. Сырдария өзенінің аңғарында, Тұран ойпатында. Сары және апан сөздерінен жасалған. «Аумақты, үлкен, кең шұқыр, ор» деген мағынадағы атау.
Сарытабан – құдық. Тұран ойпатында, Арал Қарақұмында.
Сарытоғай – темір жол бекеті. Байқоңыр қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 17 км жерде. «Қалың, ну тоғай» мәніндегі атау.
Сеңгіртам – төбе. Тұран ойпатында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Абс. биіктігі – 104 м. «Биік тамның жанындағы төбе» мәніндегі атау.
Смайлтамы – ауыл, Аудан орталығынан 63, Жаңажол ауылдық округінің орталығы Дүр Оңғар ауылынан 25 шақырым қашықтықта, ауылдың шығысында орналасқан. Осы жерде кезінде Смайл деген молда кісінің үйі болған, кейінен ол құлап қалса да халық ол жерді Смайлтамы деп атап кеткен.
Суық – құдық. Тұран ойпатында, Сырдария өзенінің аңғарында. Құдық суы салқын болғандықтан қойылған атау.
Суықбет – қырат. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. «Қыраттың (теріскей) суықтау жағы» мәніндегі атау.
Сүгретбай – бейіт. Сырдария өзенінің аңғарында, Тұран ойпатында. Кісі есімінен қойылған атау.
Сырлытам кесенесі – сәулет өнері ескерткіші. ХІІ-ХІІІ ғасырларда салынған. Тағай ауылының солтүстік-шығысынан 16 км жерде орналасқан. Зерттеу жұмыстарын 1962 жылы Хорезм археологиялық экспедициясы (жетекшісі С.П.Толстов), 1971 және 1976 жылдары Қазақ КСР Мәдениет Министрінің экспедициясы жүргізген. Сырлытам кесенесі порталды-күмбезді құрылысқа жатады. Күйдірілген кірпіштен қаланған, ауданы 10 х 11 м, бүлінгеннен кейінгі биіктігі - 9 м. 1982 жылы республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізілген.
Талас – құдық. Сырдария өзенінің аңғарында, Тұран ойпатында. Тереңдігі – 2 м, шығымы – 1000 л/с.
Таң шапағы – ауыл. Жусалы кентінен батысқа қарай 45 км жерде, Сырдария өзенінің сол аңғарында.
Тапайбұлақ – артезиандық құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Кісі есімінен қойылған бұлақ атауы.
Тарғыл – төбе. Байқоңыр қаласынан солтүстікке қарай 77 км жерде, Тұран ойпатында. Абс. биіктігі – 160 м. Төбенің түсіне байланысты қойылған атау.
Тартаркөл – көл. Дариялық Тақыр жазығының батыс бөлігінде, Сырдария алабында. «Түбі батпақты, тартып кететін көл» мағынасындағы атау.
Тасқұдық – құдық. Тұран ойпатында, Сырдария өзенінің аңғарында.
Тектұрмас – артезианды құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде, Тұран ойпатында.
Тоғай – ауыл. Тұран ойпатында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Қазақстанда ірілі-ұсақты жыңғыл, бұта аралас өскен өзен жағалауларын тоғай дейді.
Томпақасар – төбе, көне қала орны. Байқоңыр қаласынан оңтүстікке қарай 60 км жерде, Тұран ойпатында. Абс. биіктігі – 106 м. Ертедегі Томпақасар қаласы үш бөліктен тұрады. Мәдени қабатының аумағы 7-10 м-ге жетеді. Алып жатқан алаңының аумағы 2 гектардай. Томпақасар - тік бұрышты құрылыс. Зерттеу жұмыстарын 1946-48, 1950 жылдары С. П. Толстов басқарған Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы жүргізген. Қазбадан қызыл кірпіш түстес қыш ыдыстар, шағын құмыралар, шыны моншақтар, т.б. заттар табылған. 1983-91 жылдары Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясының (жетекшісі Л. М. Левина) қазба жұмыстары нәтижесінде 40 бөлме мен дуал қабырғалары, кіреберістері ашылды. Зерттеу барысында садақ оғы, керамика өнімдері, әшекей бұйымдары табылған. Үстіңгі құрылыс қабаты б.з.б. 3-2 ғасырларға жатқызылған. Бөлмелерінің қабырғалары саз қам кірпіштен тұрғызылған. Ішкі құрылымы суфа (тапшан) , ошақ және шаруашылық шұңқырлардан тұрады.
Төлеген – артезиандық құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде, Тұран ойпатында. Кісі есімінен қойылған атау.
Төребай би – ауыл, Жосалы ауылдық округінің орталығы. Жосалы кентінен батысқа қарай 20 км жерде, Сырдария өзенінің сол жағалық жайылмасында орналасқан. Ауыл 1997 жылға дейін «Қызылжұлдыз» деп аталып келген. Ауыл 1964-96 жылдары күріш өсіретін «Жосалы» кеңшарының орталығы болған. Кісі есімінен қойылған атау.
Төретам – кент, темір жол бекеті, кенттік әкімдіктің орталығы. Қызылорда – Арал темір жолы бойында, Байқоңыр қаласының тұсында., Жосалы кентінен батысқа қарай 80 км жерде, Сырдария өзенінің бойында орналасқан. Іргесі 1905 жылы темір жол бекеті ретінде қаланды. «Төренің тамы» мәніндегі атау.
Тұрған тамы – елді мекен атауы. Қуаңдария ауылдық округінің құрамында. Елді мекен Қуаңдария ауылынан 100 шақырым қашықтықта орналасқан. Тұрған деген кісі атымен аталған.
Тұрмағанбет Ізтілеуов – ауыл, Дауылкөл ауылдық округінің орталығы. Жосалы кентінен оңтүстік-батысқа қарай 70 км жерде, Қурайлы каналының аңғарында орналасқан. Іргесі 1928 жылы «Талап», «Алға», «Екпін», «Ұмтыл», «Жұлдыз» атты серіктестіктері негізінде құрылған. 1930 жылы Ленин атындағы ұжымшар болып аталды. 1933 жылы ТОЗ құрылды. Олар «Қалықбас», «Қабанбай», «Өндіріс», «Ленин», «Шеңгелді» деп аталды. 1937-38 жылдары олар іріленіп, «Ление» ұжымшарын қайта құрды. 1957 жылы ұжымшар күріш өсіретін Ленин атындағы кеңшар болып өзгертілді. 1996 жылы кеңшар таратылды, ал 1997 жылы серіктестік «Тұрмағамбет» ӨК болып аталды. Кісі есімінен қойылған атау.
Түгіскен ескерткіштері – соңғы қола және ерте темір дәуірлерінен сақталған жерлеу ескерткіштері. Қармақшы ауданындағы Іңкәрдарияның құрғақ арнасының сол жағалауында, Қызылордадан 300 км жерде орналасқан. 1959 жылы Хорезм археологиялық экспедициясының ұшақпен барлау жұмыстары нәтижесінде ашылып, негізгі зерттеулер 1959-63 жылдары жүргізілген.
Түлкілі – төбе. Байқоңыр қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 90 км жерде, Тұран ойпатында. Абс. биіктігі – 215 м. Осы маңда түлкі аңының бар екендігін білдіру мақсатында қойылған атау.
Ұрақұдық – құдық. Арал Қарақұмының оңтүстігінде, Тұран ойпатында. «Шұңқырдан қазылған құдық» мәніндегі атау.
Ұштағантөбе – тау. Байқоңыр қаласынан солтүстікке қарай 150 км қашықтықта, Арал Қарақұмында. Абс. биіктігі – 118м.
Ұялы – құдық. Тұран ойпатының шығыс бөлігінде, Сырдария өзенінің аңғарында.
ІІІ Интернационал – ауыл, өзімен аттас ауылдық округ орталығы. Жосалы кентінен оңтүстікке қарай 35 км жерде, Қурайлы каналының аңғарында орналасқан. Іргесі 1928 жылы қаланған. 1928-96 жылдары күріш өсіретін ұжымшарлардың орталығы болған. Интернационалистердің құрметіне берілген атау.
Ханқазған – құдық. Сырдария өзенінің аңғарында, Тұран ойпатының шығыс бөлігінде. Тереңдігі – 6 м, шығымы – 700 л/с.
Шалқар – ауыл, аудан орталығынан оңтүстікке қарай 27 шақырым, Дүр Оңғар ауылының батысына қарай 12 шақырым қашықтықта орналасқан. Ертеректе бұл жерде айдын шалқар көл болған. Қазіргі кезде көл болмаса да, сол атау халық ауызында қалған.
Шарабай – құм. Жосалы ауылының шығысында, Сырдария өзенінің аңғарында. Кісі есімінен қойылған атау.
Шобанқазған – елді мекен атауы. Көмекбаев ауылдық округінің құрамында. Елді мекен Көмекбаев ауылынан 150 шақырым қашықтықта орналасқан. Шобан қазған - Әлім руының бір аталығы.
Шошқакөл – жолайрық, Жосалы кенті әкімшілігіне қарайды, аудан орталығынан батысқа қарай 9 шақырым жерде орналасқан.
Бұдан жүз жылдай бұрын сол маңайда жабайы қабандар мекен еткен көл болған. Сондықтан халық сол жерді Шошқакөл деп атап кеткен.
Шұқырқазған – артезиандық құдық. Тұран ойпатында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. «Шұқыр руы қазған құдық» мәніндегі атау.
Шірік-Рабат – көне қала орны. Қызылорда қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 200 км жердегі Жаңадария өзенінің ескі арнасында орналасқан. Оны алғаш 1867 жылы археолог П.И.Лерх ашқан. 1946-49 жылдары Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы зерттеген. Шірік-Рабатты зерттеуде ғалым-археологтар С.П.Толстов, Л.М.Левина, Б.И.Вайнберг бес жерден қазба жұмыстарын жүргізді. Ұзындығы – 800 м, ені – 600 м болып келген жазық төбеде орналасқан қала 42 га жерді алып жатыр. Төбе бірнеше қатар дуалдармен, екі қатар бекініс жүйесімен күшейтілген. Алғашында қала тайпа көсемдері өмір сүріп және жерленіп отыратын бекініс қызметін атқарып, кейіннен тұрақты үлкен мекенге айналған. Бекініс қамалда барлығы төрт қорған болған.
Ізтелеу – құдық. Арал Қарақұмының оңтүстігінде, Тұран ойпатында. Кісі есімінен қойылған атау.
Ізтілеуов Тұрмағамбет ескерткіші – сегізбұрышты күмбезді құрылыс. Тұрмағамбет ауылында орнатылған. Сегізбұрыштың әр қыры үш қырлы етіп бедерленген. Төменгі бөлікте екі жаққа ашылатын есікке арналған ойық дәстүрлі қазақ оюларымен өрнектелген. Жоғары жағы бағаналар арасындағы үшбұрышты аркалармен безендірілген. Бағаналардың алдыңғы беті мен аркалардың үшкір басы бик тәріздес мозаикалық өрнек. Дөңгелек күмбез қазақтың киіз үйін еске түсіреді. Күмбездің жоғары жағы геометриялық тұлғалармен бейнеленіп, мозаикалық өрнекпен безендірілген. Сегізқырлы ескерткіштің биіктігі – 4,8 м. Күмбездің биіктігі – 2 м. Бір бұрыштың ені – 1,29 м.
Ілесбай – артезиандық құдық. Тұран ойпатының оңтүстік-шығыс бөлігінде, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.
Іңкәрдария – құрғақ арна. Солтүстік Қызылқұмның оңтүстігінде орналасқан ескі Жаңадария каналының оң жағынан айырылатын өзек. Сырдария өзенімен байланысы жоқ. Іңкәрдарияның ұзындығы – 138 км. Ол екі телімге бөлінеді: біріншісі – сағасынан бастап 71 км-ге дейін, ені – 20-30 м, тереңдігі – 0,7-1,0 м; екіншісі – 71 км-ден 138 км-ге дейін, ені 40 м-ден 20 м-ге дейін, тереңдігі – 2,0 метрдей. Өзен төмен қарай бірте-бірте жайпауыттанып, жоғалады. Өзектің бас жағы мен Сырдария өзенінің арасында ауқымды кеңістікті лай басып қалған. Сол себепті екеуінің арасында байланыс жоқ. Қызылқұм қойнауын мекен еткен тұрғындар 1908-16 жылдар аралығында егін егумен айналысқан.
ЖАЛАҒАШ АУДАНЫ БОЙЫНША
Жалағаш ауданы – облыстың орталық бөлігіндегі әкімшілік бөлініс. 1934 жылы құрылған. Ауданның жалпы жер көлемі - 27 мың 156 шаршы километр немесе 28847789 гектар. Аудан жеріндегі 17 елді мекен 11 ауылдық округ пен 1 кенттік округке біріктірілген. Аудан бойынша – 41698 тұрғын тұрады. Оның 41565-і қазақ, 85-і орыс, 172-сі кәріс, қалғаны басқа ұлт өкілдері. Халықтың орташа тығыздығы 1 шаршы шақырымға шаққанда 1,8 адамнан келеді. Аудан орталығы – Жалағаш кенті.
Жалағаш кенті облыс орталығы Қызылорда қаласының батысында 75 шақырымдай, Сырдария өзенінен 4-5 шақырымдай қашықтықта орналасқан.
Аудан батысында Қармақшы, шығысында Сырдария аудандарымен шектеседі. Теріскейде Қарағанды /Жезқазған, Жезді) облысы, түстікте Өзбекстан Республикасы жатыр.
Жалағаш ауданының жері, негізінен, жазық. Солтүстік тақыр (Дариялықтақыр жазығы), сор, сортаң, Сыр бойындағы жері шалғынды-батпақты, оңтүстікке қарай (Қызылқұм) құмды келеді. Ең биік жері – ауданның солтүстігінде орналасқан Егізқара тауы (288 м). Климаты тым континенттік, қысы суық, жазы ыстық, аңызақ. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері – 100-150 мм. Аудан жерімен Сырдария және оның тармақтары Жаңадария, Қараөзек ағып өтеді. Бақаш, Шеңгелдікөл, Сарыкөл, Қаракөл, т.б. көлдер бар.
Аудан жерімен Ташкент – Орынбор темір жолы (ұзындығы – 40 шақырым) және мемлекеттік маңызы бар автомобиль жолдары өтеді. Автомобиль жолдарының ұзындығы – 279 шақырым, оның ішінде республикалық маңызы бар жолдың ұзындығы – 135 шақырым. Жалағаш ауданында тарихи және мәдени ескерткіш орындары көптеп кездеседі. Олар - «Сары асар», «Қараасар», «Орқала», «Жаңақала», «Құмқала», т.б.
Аудан бойынша 58 тарихи-мәдени ескерткіштер мемлекеттік есепке алынған. Аталған ескерткіштердің көпшілігі Сырдарияның бұрынғы арналары Іңкәрдария, Жаңадария және Қуаңдария бойында орналасқан.
Түрлі дәрежедегі тарих және мәдениет ескерткіштерінің ішіндегі бірегейі - ортағасырлық Жент қаласы. Кезінде өте көрікті елді мекен, мәдениет орталығы болған.
Жалағаш топырағында туып-өскен тарихи тұлғалар шыққан. Келмембет, Сәрке, Бұқарбай, Бәйтік, Тоғанас батырлар ел қорғаны болса, қазақ әдебиетінде Нысанбай ақынның орны ерекше.
Сонымен қатар есте жоқ ескі замандардан аты жеткен Көктонды, Баба-Ғайып әулиелер, бабаларымыз Сырман қожа, Түмен, Мәмбет әулиелер, Мырзабай, Дәулетназар, Тоқсанбай, Шаймағамбет ахун, Беркімбай қалпе өмір сүрген, әруақ қонған киелі өлке.
Абылтайқұдық – құдық. Арал Қарақұмының оңтүстік-шығысында, Тұран ойпатының шығыс бөлігінде. «Абылтайдың құдығы» мәніндегі атау.
Айдар – артезиандық құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.
Ақарық – ауыл. Жалағаш кентінен оңтүстікке қарай 30 км жерде, Жаңадария өзенінің аңғарында.
Аққолқа – елді мекен атауы, Жаңадария ауылдық округіне қарайды. Жаңадария ауылының оңтүстік-батыс жағында 48 шақырым жерде орналасқан. Іргесі 1968 жылы құрылған. Елді мекенде бастауыш мектеп, медпункт, дүкен, кітапхана ашылған. Кейіннен 8 жылдық мектеп болды. Мектеп жанынан малшы балаларына арнап 25 балаға интернат ашылды. Бұл кейіннен орта мектеп болды.
Аққорғанболтық – төбе. Арал Қарақұмының оңтүстік-шығысында, Байқоңыр қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 134 км жерде. Абс. биіктігі – 211 м.
Аққұдық – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде.
Аққұм – ауыл, округ орталығы. Жалағаш кентінен оңтүстікке қарай 30 км жерде. Ақ және құм сөздерінің бірігуінен жасалған. Құмның ақ шағыл түсіне байланысты аталса керек.
Аққыр – ауыл, округ орталығы. Жалағаш кентінен оңтүстік-батысқа қарай 70 км жерде, сексеуіл, селеу, жыңғыл, жантақ өскен шөлді белдемде орналасқан. Іргесі 1964 жылы қаракөл қой кеңшары ретінде қаланды. Ауыл бұрын Көкшоқы деп аталған. «Ақ отты қыр» мәніндегі атау. Ақдала атауымен мәндес.
Ақсу – ауыл, округ орталығы. Жалағаш кентінен 4 км жерде, Сырдария өзенінің оң жағалауына орналасқан. 1950-60 жылдары Сталин, 1979-96 жылдары күріш өсіретін өзімен аттас кеңшардың орталығы болып келді. 1999 жылға дейін ауыл 22-партсъезд деп аталған.
Ақшал – ауыл. Жосалы кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 34,5 км жерде, Дариялық жазығының батыс бөлігінде. Сырт тұлғасына қарағанда кісі атынан қойылған жер аты деп те қарауға болады. Бірақ құрамында шал (чал) сөздері бар топонимдер басқа да облыстарда кездеседі. Э.Мурзаевтың пікірінше, «чал әзербайжан диалектісінде «тастақ жер», көне түркі тілінде – «жота, қырат» мағыналарын береді. Яғни, ақ тасты қырат, жота» мәніндегі атау болуы да мүмкін.
Ақшолақ – канал. Жалағаш ауылының оңтүстігінде, Сырдария өзеннің бойында. Кісі есімінен қойылған атау.
Аламесек – ауыл орны. Жалағаш кентінен 45 км қашықтықта, Аламесек көлінің жағасында орналасқан. Іргесі 19-ғасырдың аяқ кезінде қаланып, 1928-1930 жылдары аудан орталығы болды. Жері құнарлы, шөбі шүйгін, балық, аң құсы мол болғандықтан бұл аймақтың халқы ашаршылыққа ұрынбаған. Шымбай, Төрткүл, Қазалы уездерінің саудагерлері Аламесекте сауда жәрмеңкелерін өткізіп, «Жаңа базар» аталып кеткен. 1900 жылдары Аламесекте 220 үйдей қазақ, 50-60 үй өзбек, 20-30 үй ноғай тұрған. 2 сыныптық орыс-қазақ түземдік мектебі (1898 ж), кірпіш зауыты (1903 ж), қасапхана жұмыс істеді. 1925 жылы Аламесек болысына 44 ауылдық кеңес қарады. Аламесек көліне құятын сулар бөгеліп, көл табаны құрғаған соң, Аламесектен ел еріксіз көшіп кетті. Аламасақ (өсімдік) сөзінің бұрмаланған тұлғасы болса керек.
Аламесек – ауыл, ауылдық округ орталығы. Жалағаш кентінен оңтүстікке қарай 40 км жерде, Алама есек көлінің жағасында орналасқан. Іргесі 19-ғасырдың соңында қаланған. 1928-30 жылдары аудан орталығы болды. 1996 жылға дейін күріш өсіретін «Ақарық» кеңшарының орталығы болып келді. Ауылда 1902 жылы алты болысты қамтитын алғашқы мектеп (қазіргі №124 мектеп) ашылған.
Алтықұлаш – артезиандық құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Атау құдық тереңдігін білдіруге орай қалыптасқан.
Алтынқатын – артезиандық құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде.
Ахмет – ауыл орны. Жалағаш кентінен оңтүстікке қарай 5 км жерде. Кісі есімінен қойылған атау.
Әли – артезиандық құдық. Жаңадария өзенінің аңғарында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.
Әлментай шоқысы – жер атауы. Қарақұм көтерілісінің (1930- 31) бас мергені Әлментайдың атымен аталған. Ертеде жалағаштықтардың (табын тайпасының) Қарақұм көш жолындағы жайылым да Әлментай шоқысы деп аталған.
Байболат – құдық. Дариялық жазығының солтүстік-батыс бөлігінде. Тереңдігі – 4 м, шығымы – 1000 л/с. Кісі есімінен қойылған атау.
Байсиық – төбе. Арал Қарақұмының оңтүстік-шығысында, Байқоңыр қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 112 км жерде. Абс. биіктігі – 201 м. Ру атынан қойылған атау.
Балапан – төбе. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Абс. биіктігі – 157 м. Ру атынан не кісі атынан қойылған атау.
Балғынбай – төбе. Дариялық жазығының солтүстік-батыс бөлігінде. Абс. биіктігі – 160 м. Кісі есімінен қойылған атау.
Басықара – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Тереңдігі – 20 м, шығымы – 800 л/с.
Бегінкөл – көл. Дариялық жазығының оңтүстік-батыс бөлігінде, Сырдария өзенінің аңғарында. Кісі есімінен қойылған атау.
Бекей – ауыл. Жалағаш кентінен оңтүстік-батысқа қарай 120 км жерде, Жаңадария өзенінің жағасында. Кісі есімінен қойылған атау.
Бел – құдық. Сырдария өзенінің аңғарында, Тұран ойпатының шығыс бөлігінде. «Бел етегіндегі құдық» мәніндегі атау.
Белқұрал – артезиандық құдық. Жаңадария өзенінің аңғарында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде.
Бесмола – көл. Жалағаш кентінен оңтүстік-батысқа қарай 34,5 км жерде, Сырдария өзенінің аңғарында. Көл жағалауында бес моланың кездесуіне қарай қалыптасқан атау болса керек.
Бестам – елді мекен атауы. Жаңадария ауылының батыс жағында 9 шақырым жерде орналасқан. Жаңадария өзенінің бойында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Іргесі 1968 жылы құрылған. Бестам мал бордақылау фермасының орталығы болған.
Бисембай – артезиандық құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.
Боза – ауыл орны. Жалағаш кентінен оңтүстікке қарай 5,5 км жерде. Ру атынан қойылған атау.
Боздақ – артезиандық құдық. Жаңадария өзенінің аңғарында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.
Бозтай – ауыл орны. Жалағаш кентінен шығысқа қарай 8 км жерде. Кісі есімінен қойылған атау.
Бозымбай – төбе. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде, Жаңадария өзенінің аңғарында. Абс. биіктігі – 131 м.
Босаға – артезиандық құдық. Жаңадария өзенінің аңғарында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Топонимдік мағынасы: «биік тау не жоталардың қысаң жері, босағаға ұқсаған төменгі жері». Артезиандық құдық осындай жерде орналасқандықтан қойылған атау болуы мүмкін.
Босағым – артезиандық құдық. Жаңадария өзенінің аңғарында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. «Бос шапшып ағып жатқан құдық» мәніндегі атау.
Бөріойнақ – жота (төрткілді қырат). Арал Қарақұмының оңтүстік-шығысында орналасқан. Жота солтүстіктен оңтүстікке қарай 37 км-ге созылған, енді жері 15 км, абс. биіктігі – 217 м. Бөрі және ойнақ сөздерінен жасалған. «Ойнақ салатын, ойнақтайтын жер» мәнінде, бөрілердің осы тауда жиналып асыр салып ойнақтағанын байқаумен байланысты қойылған атау болса керек.
Бөшібай – құдық. Сырдария өзенінің аңғарында, Тұран ойпатының шығыс бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.
Буровая – артезиандық құдық. Жаңадария өзенінің аңғарында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде.
Бұқарбай батыр – ауыл. Жалағаш кентінен оңтүстікке қарай 13 км жерде, Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан. 1930жылдан Калинин ұжымшары болып келіп, кейін Ақсай ауылы болды. 1993 жылы қазіргі аты берілді. Кісі есімінен қойылған атау.
Далдабай – ауыл. Жалағаш кентінен солтүстік-батысқа қарай 25 км жерде, Сырдария өзенінің аңғарында. Бұрынғы атауы – Актив ауылы. Кісі есімінен қойылған атау.
Далдабай – артезиандық құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде.
Дали – бейіт. Арал Қарақұмының оңтүстік бөлігінде.
Досжан – құдық. Мойынқұм құмының оңтүстік-шығысында. Кісі есімінен қойылған атау.
Егізқара – қырат (тау жұрнағы). Арал Қарақұмының оңтүстік-шығысында орналасқан. Қырат батыстан шығысқа қарай 40 км-ге созылған, ені – 10-13 км, абс. биіктігі – 288 м. Н.А. Баскаков егіз сөзін көне түркі тіліндегі эес (егис) егиз «биік» деп қараса, Э. Мурзаев қырғыз тіліндегі эгиз – «биік», «биік таудағы жайлау» сөздерімен байланыстырады. Яғни, атау «биік төбе, биік шоқы» мағынасына жуық келеді. Дегенмен, атаудың бірінші сыңарындағы егіз «екі, қос» мәнінде де айтылатынын ескерсек, Егізқара – тіліміздегі «Қостөбе, Қосшоқы» атауларымен мәндес келетіні байқалады.
Егізқара – құдық. Арал Қарақұмының оңтүстік-шығысында, Тұран ойпатының шығыс бөлігінде. Тереңдігі – 5 м, шығымы – 2000 л/с.
Егімбай – құдық. Жаңадария өзенінің аңғарында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде.Кісі есімінен қойылған атау.
Еңбек – ауыл. Жалағаш кентінен оңтүстікке қарай 30 км жерде, Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан. 1930 жылы Мыңсай, Бозарқаш, Аққошқар қоныстары біріктіріліп, «Еңбек» ұжымшары құрылған. 1967 жылдан күріш өсіруге мамандандырылған «Қазақстанның Ленин комсомолы» атындағы кеңшар орталығы болды. «Еңбекті құрмет тұту» мәніндегі атау.
Ершебай – артезиандық құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.
Жайна – құдық. Жаңадария өзенінің аңғарында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.
Жалаңаш – төбе атауы. Жалағаш кентінің шығысында 8,5 шақырым жерде орналасқан. Ол жерде ешқандай өсімдік атаулы өспейтіндіктен «Жалаңаш төбе» аталып кеткен. Төбе Қаңлы дәуірінен қалған қаланың орны. Бұл төбені Сырдария өзенінің бір арнасы – Қуаңдария бойындағы Жетіасар қалаларының шығыстағы сілемі десе де болады. Қаланың нақты атауы мен тарихы әзірге белгісіз.
Достарыңызбен бөлісу: |