Дәріс тезистері:
1. Кәсіпкерлік ежелден келе жатқан адамдардың іскерлік белсенділігі мен қабілеттерін айқындайды. Оның дамуы орта ғасырлардан бастау алады, ал оған сол кездегі көпестер, саудагерлер, қолөнер қызметкерлерінің іс-әрекеттері дәлел болады. Кәсіпкерліктің алғашқы дамуында кәсіпкер құрал-жабдықтарға иелік ете отырып, өздері сол кәсіпорында жұмыс істеген. Бұл тауарлы өндірістің бастапқы және жабайы түрі болып саналады. ХVІ ғасырдың ортасынан бастап акционерлік капитал пайда болды, содан кейін акционерлік қоғамдар құрыла бастады. Мысалы, 1554 жылы Англия сауда компаниясы, 1660 жылы Индия сауда компаниясы. ХVІІ ғасырдың аяғында акционерлік банктер іске қосылды. Ресейде және Қазақстанда да кәсіпкерлік қызмет ерте заманнан дамып келеді. Қазақстанның көшпелі шаруашылық жағдайында кәсіпкерлік кең түрде дамыды. Күнделікті тұрмысқа қажетті заттарды қолөнершілер, шеберлер қолдан жасап, оларға ою-өрнектерді ойып, безендіріп, тоқыма тоқып, кілемдер тоқып, іс тігіп, халықтың сұранысын қанағаттандырып отырды. Ал Ресейде Петр І патшалық ету кезеңінде кәсіпкерлік ерекше дамыды, бірақ оны крепостной қоғам тежеді. Капитализмнің дамуына байланысты кәсіпкерлік қызмет те дамыды.1861 жылғы реформадан кейін темір жол құрылысы мен ауыр өнеркәсіп салалары қоғамымызда маңызды орын алды.
Алғаш рет «кәсіпкер» және «кәсіпкерлік» терминдерін ХVІІ ғасырдың аяғы мен ХVІІІ ғасырдың басында ағылшын экономисі Ричард Кантильон (1650 – 1734 жж.) енгізіп, оны «Коммерция табиғаты туралы жалпы мақала» кітабында жариялаған. Р.Кантильон кәсіпкер деп – тәуекел негізінде пайда табу мақсатында өндірісті ұйымдастыратын адам. Басқаша айтқанда, экономикалық қызметпен айналысатын саудагерлер, көпестер, шаруалар, қол өнершілер және басқалардың тұрақсыз және бағасы алдын-ала белгіленген тауарларды сату-сатып алу процестеріне қатысқан тұлғаларды сипаттады. Кәсіпкердің негізгі белгісі ретінде Р.Кантильон «тәуекелге дайындығы» деп санады. Сонымен қатар ол капитал салушы кәсіпкерлерді мен өз еңбегін, ресурстарын қолданушыларды ажыратып отырды, яғни кәсіпкерлердің басты ерекшелігі олардың тұрлаусыз жағдайларда жұмыс істеуі.
Р.Кантильонның ізбасары Бодо кәсіпкерлік қызмет үшін жауапкершілігі бар тұлға кәсіпорынды ұйымдастырады, белгілі бір жұмыстар атқарады, жоспар жасайды, қызметтің орындалуын бақылайды деді. Бұдан мынадай қорытынды жасауға болады: кәсіпкер капиталдың иесі немесе жалдамалы жұмыстың менеджері болуы мүмкін, ол тәуекел жасауға бел буып, одан табыс табуға әрекет жасайды. Сол жылдары Р.Кантильонның осындай пікірлерін физиократтар (ХVІІІ ғасырдағы Франция экономисттері) мақтан тұтты және оның еңбектері бүкіл жерде жариялана бастады.
Кейінірек ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында Квисней сияқты физиократтар кәсіпкерлік тұжырымдамасын кеңейте түсті. Олар Р.Кантильон сияқты кәсіпкерлерді тұрлаусыздық иелері деп санады, бірақ кейіннен бұл ұғымды кеңейте отырып, бұл анықтамаға өндіріс процесін енгізді. Сонымен бірге кәсіпкерлердің пайда табуы үшін белгілі экономикалық ресурстарға ие болу қажеттілігі де енгізілді. Олардың түсінігінше, кәсіпкер өнім өндірісін ұйымдастырушы, жаңа әдістерді енгізу және оларды өткізудің жаңа көздерін ойлап табушы болды.
«Кәсіпкер» түсінігін оқып үйренуде физиократтар мектебі басым бөлігіне ие болды, ол саяси экономиканың ғылыми қалыптасуының бастамасы болды. Физиократтар «кімде-кім жерді жалға алса, сол ауыл шаруашылығында жоғары өнімділікке қол жеткізеді» деген айқын тоқтамға келді, яғни олар қоғамдық өнімді өндіру процестерінде негізгі орынды жер иеленушілерге берді.
Физиократтар мектебін Франция мемлекетінің қайраткері және экономисі А.Тюрго (1721 – 1781 жж.) өз еңбектерімен одан әрі дамыта алды. Ол қоғамды үш класқа бөлді:
- өндірушілер (жерге егушілер мен егіншілер);
- меншіктің иесі (жер иеленушілер);
- жеміссіздер (кәсіпкерлер, фабрика иелері, қолөнершілер).
Сонымен А.Тюрго өз еңбектерін қорытындылай келе, кәсіпкерлік қызметті жүргізу кезінде тек қана тәуекелмен капитал жасауға ғана емес, сонымен қатар осы кәсіпкерлік қызметті басқара білу қабілеттерінің болу қажеттігін атап өтті.
Ағылшын экономисі Адам Смиттің (1723 – 1790 жж.) пікірінше, кәсіпкер – өзінің коммерциялық идеяларын жүзеге асырушы және пайда табу мақсатында өндірісті ұйымдастыра отырып, тәуекелге баратын адамды сипаттайды. 1776 жылы А.Смит «Халықтар байлығының табиғаты мен себептері туралы зерттеулер» еңбегінде кәсіпкердің сипатына көп назар аударады. Сонымен қатар бұл еңбегінде жер, еңбек, капитал сияқты өндіріс факторларын бөліп көрсетеді. Ол «халық байлығын құраудың бастамасы – кәсіпкерлік қызмет» екенін көрсете білді.
Кәсіпкерлік теориясының қалыптасуына өз үлесін қосқан және тұрпайы саяси экономикасын бастаушыларының тағы бір әйгілі экономисі Жан Батист Сэй(1767 – 1832 жж.) болып табылады. Ол бизнес саласында өзінің тәжірибесімен таныла отырып, 1810 жылы алғашқы рет кәсіпкерлік қызметтің мәні мен оның қоғамдағы рөлін негізгі өндіріс факторларының бірі дәрежесіне дейін көтерді. «Саяси экономика» трактатында кәсіпкерді «өзінің өнімін өндіруде күресе білетін және сол үшін тәуекелге баратын тұлға» ретінде көрсетеді. Кәсіпкерлік қызметті өндіріс факторларын үйлестіруші және басқарушы ретінде атап көрсетті. Кәсіпкерлік қызметті орындау үшін, адамдардың білімді болуы, айналада болып жатқан процестерді түсінуі, өндірістің үш факторын – табиғат, еңбек және капиталды қозғалысқа келтіру және оларды біріктіре білу қажеттігін атап көрсетті. Ол кәсіпкерлікті өндіріс процестерінің орталығы деп санады.
Ж.Б.Сэйдің айтуынша, кәсіпкерлер келесі қасиеттер мен қабілеттерге ие болуы тиіс:
- төлемге қабілетті, тәртіпті, сақ, адал және тұрақты болуы;
- қарыз түрінде капитал тарата білу, несиені уақытында қайтара білу;
- кәсіпкер өз бойында әдеттілік, бизнесті жете білушілік пен табандылық сияқты моральдық қасиеттерді қалыптастыру;
- сол немесе басқа тауардың ерекшелігі мен маңыздылығын бағалау, оны өндіру әдістері мен халық сұранысын дұрыс болжау.
Кәсіпкерлер әрдайым алдына қойған мақсаттарды және экономикалық көрсеткіштерді қадағалауды көздей отырып, керекті қызметкерлерді жұмысқа қабылдап, қажетті материалдарды дұрыс таңдап, сатып алушылардың тілін таба білулері тиіс. Сонымен қатар олар әкімшілік ету мен басқару шеберлігіне ие болулары керек. Олар өнімді сатудан бұрын, оның бағасы мен құнын дұрыс есептей білулері қажет. Көрсетілген сипаттамалардан Ж.Б.Сэйдің кәсіпкерді қарапайым емес, дарынды менеджер ретінде көрсеткені байқалады.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында кәсіпкер және капиталист арасындағы айырмашылықтарын көрсетудің мүмкіндігі пайда болды. Экономисттер кәсіпкер мен менеджердің (капиталисттердің) арасындағы шекараны бөлуге тырысқанымен, ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмады. Америкада – Френсис Уокер, Ұлыбританияда – Альфред Маршалл, Германияда – Мангольд және т.б. зерттеушілер көптеген қиыншылықтарға кездесе отырып, барлық назарларын кәсіпкерлік қызметке көбірек бөлді. Зерттеушілер кәсіпкерлік қызметтің экономикалық тепе-теңдік шарттары ретінде инновациялық компоненттердің маңыздылығын, машина және технологиялық процестерді ендірудіңбелсенді рөлін атап өткен.
1890 жылы Ұлыбританияда экономикалық теорияның кәсіпкерлік қызметке қатысты немқұрайлықтарынан кейін, Альфред Маршаллдың (1842 – 1924 жж.) «Экономика принциптері» деген еңбегі жарық көрді. Ол сол уақыттың өзінде кәсіпкер мен менеджердің айырмашылықтарын көрсетіп, кәсіпорында менеджер маңызды міндет атқарғанымен, тек кәсіпкер ғана бизнестің табыстылығына байланысты толық жауапкершілік пен тәуекелді өз мойнына алады. Сондықтан да кәсіпкер менеджерге, әрі өзіне де қатысты қасиеттерге ие болуы тиіс. Кәсіпкердің негізгі міндеті капитал мен еңбекті қозғалысқа келтіру, негізгі жоспар мен оны орындаудың егжей-тегжейлі шараларын дайындау болып табылады. Кәсіпорыннның өсуімен қатар кәсіпкерлік қабілет те өседі, сонымен қатар ол өзінің жан-жақтылығын, бастамашыл іс-әрекеттерге деген қабілетін, табандылығын сақтауы керек. Тек сол кезде ғана ол табысты кәсіпкер болып қала алады.
Немістің әлеуметтанушысы, экономисі және тарихшысы Макс Вебер (1864 – 1920 жж.) кәсіпкерліктің «идеал түрі» – этикалық сапасының айқын көрінісі – өнеркәсіптік төңкерістің және индустриялық капитализмнің кезеңінде қалыптасты. Бұл қызметті жетілдіруде «тапқан байлық арқылы билікке және құрметке деген ұмтылыс басты орын алады, бірақ кәсіпкерлік қызмет тұтастай алғанда – бұл өмір талабы, яғни адам жұмыс үшін жаратылған», – деп тұжырымдады.
Орта ғасырлық менеджмент тарихын зерттеуші Джозеф Шумпетер (1883 – 1950 жж.) қазіргі заман кәсіпкерлігінің атасы деп жиі аталады. Ол кәсіпкер түсінігін «новатор» ретінде сипаттады, яғни кәсіпкер – бұл жаңа технологияларды әзірлейтін, сонымен қатар алыпсатарлар мен инвесторларға қарағанда әр түрлі бағыттар мен әрекеттерді байланыстыру арқылы жаңа бизнес құратын әлеуметтік-экономикалық жаңашылдар деп атады. Басқаша айтқанда, ол өндіргіш күштерді жаңаша ұйымдастырады, үйлестіреді және олардың қозғалысы өз кезегінде жалпы экономикалық өсімге немесе өндіріс циклінің жеделдеуіне алып келеді. Оның пікірінше, кәсіпкердің функциясы – экономикалық өсімді қамтамасыз етуде, капиталистік экономиканың дамуында маңызды рөл атқаратын жаңашылдықты жүзеге асыру. Осыған байланысты Д.Шумпетер кәсіпкерлік қызметті іске асыруда пайдаланылатын немесе ескерілетін келесідей негізгі мәселелерді атап көрсеткен:
- жаңа өнімдер өндіру және қызметтер көрсету;
- өндірістің жаңа әдістерін анықтау немесе жаңа технологиялар енгізу;
- өткізудің жаңа нарықтарына ие болу;
- жабдықтаудың (шикізаттың) жаңа көздеріне ие болу мүмкіндіктері;
- ұйымдастырудың жаңа нысандарын анықтаудың қажеттілігі.
Ол кәсіпкерліктің әр түрлі теорияларын зерттей келе, кәсіпкерлік қызметке мынадай анықтама берді: «бұл тәуекелмен байланысты жаңа құрамдастарын құруға, айқын және жасырын сұраныстың төлем қабілеттілігінің табыстылығын қанағаттандыруға бағытталған қызмет». Ғылыми-техникалық прогресс саласындағы кейінгі практикалық зерттеулерде Д.Шумпетер кәсіпкерлік қызметке инновацияны ендірудің маңыздылығына ерекше тоқталды. Сонымен, Д.Шумпетердің еңбектері тек әлемдік өркениеттің тамаша әлеуметтік-мәдени құндылықтары ғана емес, сонымен қатар жаңа сапаны ендіруде, ХХ ғасырдағы ғылыми-техникалық прогрестің жетілуіне және экономикалық өсудің қарқынды дамуына қозғалтқыштар бола алады.
2. Кәсіпкерлік - осы инициативті шаруашылық қызметінің барлық қатысушылары пайда табу мақсатында өзіндік және басқа да мүліктер есебінен тәуекелге баратын іс-әрекет. Кәсіпкерлікті сипаттайтын негізгі белгілерге мыналар жатады: өз еркіндік, өзін өзі қаржыландыруы, инициативы, белсенді ізденіс, серпінділік (динамика), мобильдік(жұмылдыру)
Достарыңызбен бөлісу: |