ІІІ. ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ДАМУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ – ЖАН-ЖАҚТЫ ЖАҢҒЫРТУДЫ ЖЕДЕЛДЕТУ
“Қазақстан-2030” Стратегиясын дәйектілікпен орындау өзіміздің алдағы ілгерілеуіміз үшін берік негізді қамтамасыз етті. Бізде бұрынғыдан да табыстырақ алға басуымыз үшін барлық негіз бар, біз мұндай тарихи мүмкіндікті уысымыздан шығармайтын боламыз.
Сол үшін де Қазақстанды жеделдете жан-жақты жаңғырта жаңарту жолы таңдап алынды.
Бұл – біздің бұдан былайғы дамуымыздың бірден-бір дұрыс арнасы.
Біз осы заманғы әлемде Қазақстанға және қазақстандықтарға лайықты орын, бүкіл ел халқының әл-ауқатының өсуі мен тұрмыс деңгейінің елеулі жақсаруын қамтамасыз ету үшін сыртқы рыноктарға шығып, сенімді орнығуға міндеттіміз.
Бұл жолда Қазақстан мен өңірдің нақты жағдайын ескеріп, әрі әлемнің озық мемлекеттерінің жетістіктерін өзімізде іске асыра отырып, біздің:
Біріншіден, қандай да бір табыстарға қолымыз жетіп үлгерген секторларды жаңғырта жаңарту қарқынын жеделдете түсуіміз қажет;
Екіншіден, жаңғырта жаңартуды ешқандай алалаусыз Қазақстан экономикасы мен әлеуметтік өмірінің барлық салаларына тарату керек.
ІV. БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКА МЕН ҚОҒАМДАСТЫҚҚА ТАБЫСТЫ КІРІГУІНІҢ КІЛТІ
Сондықтан да өткен жылдың өзінде біз жалпы қазақстандық жобамызды тұжырымдап, оны іске асыруды қолға алған болатынбыз. Бұл – біздің әлемнің бәсекеге барынша қабілетті елу елінің қоғамдастығына қарай жедел жылжуымыз және оның тұрақты мүшесі ретінде Қазақстанның тұғырнамасын нығайту.
Және мұның қажетті шарты – Қазақстан тауарлары мен қызметтерінің озық халықаралық стандарттардың сапалық деңгейіне шығуы.
Бірақ бұл жеткіліксіз. Бізге экономиканың барлық деңгейінде – бүгінгі де, сол секілді ықтимал мүмкін болатын нақты да перспективалы бәсекелестік артықшылықтарымызды қажеттілікпен әрі сарабдалдықпен анықтауға және пайдалануға тура келеді.
Жүйелілік – біздің осы заманғы әлемде таяудағы онжылдықта алға жедел жылжуымыздың басты қағидасы, міне, осы.
Бұл үшін бізде барлық алғышарттар бар.
Біздің иелігімізде: орасан зор аумақ; ұтымды географиялық және коммуникациялық-көліктік орналасуымыз; елеулі табиғи ресурстарымыз бар.
Біз өңірлік экономикада көшбасшылық шептерге шықтық, халықаралық әріптестерімізбен сындарлы қатынастар орнаттық, саяси және әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа қол жеткіздік.
V. ЖАҢА КЕЗЕҢНІҢ НЕГІЗГІ МІНДЕТТЕРІ
Қазақстан әлемдік тауарлар, қызметтер, еңбек ресурстары, капитал, осы заманғы идеялар мен технологиялар рыногының шын мәнінде ажырағысыз да серпінді бөлігіне айналуы үшін біз он басты міндетті шешуге тиіспіз.
Бірінші міндет – экономиканың тұрлаулы дамуын жай қамтамасыз етіп, ұстап тұру емес, оның өсуін басқару.
Бізге экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің тұрлаулы сипатын қамтамасыз ету үшін толымды стратегия әзірлеу мен іске асыру, сондай-ақ оның орындалуына қатаң бақылау қажет болады.
Бұл стратегия біздің экономикамыздың жекелеген секторлары мен өндірістерінің нақтылы бәсекелестік артықшылықтарын негізге алып, әлемдік даму үрдістері мен сыртқы рыноктардағы сұранысты ескеруге тиіс.
Бізге ендігі жерде “жинақталған” экономикалық өсуді жай пайдалану емес, осы өсуді нақты басқаруды үйрену, сөйтіп оны сапалық жаңа деңгейдегі экономикалық дамуға ұластыру керек.
Біз Қазақстанды индустрияландыруға халықаралық рыноктардың талаптары мен шарттарына сай келетіндей қағидаттық жаңа тұрғыдан келуді қамтамасыз етуге тиіспіз.
Аса ірі монополистерді қайта құрылымдау мен бәсекелестік қатынастарды дамыту есебінен біздің табиғи монополиялар аясын қысқартуымыз қажет.
Экономиканың табиғи монополиялар сақталатын секторларында бізге салалық реттегіштердің көмегімен тарифтік және техникалық реттеу жөнінде елеулі жұмыс жүргізуге тура келеді.
Ырықтандыру жағдайында біз қаржы жүйесінің тұрлаулылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттырудың жаңа деңгейіне көтерілуге міндеттіміз.
Біздің тиімді жұмыс істейтін қор рыногын құруымыз керек. Оның дамуы халықты өз салымдарын бағалы қағаздарға белсенді инвестициялауға тартпайынша мүмкін емес.
Үкіметтің халықты инвестициялық сауаттылық әліппесіне тиісінше үйрету жөнінде кең ауқымды жұмыс жүргізуі керек.
Қазақстан үшін қолайлы шарттармен БСҰ-ға кіруі – біз қол жеткізуге міндетті мақсат.
Бізге халықаралық техникалық стандарттарды барынша жедел де кеңінен енгізу қажет.
Менің Үкіметке беретін ең басты тапсырмам осы. Бұл – оның тікелей міндеті және қоғам алдындағы жауапкершілігі.
Екінші міндет – өңірлік экономикада сапалық жаңа табыстарға жету және жаһандық экономикаға толыққанды қатысуды қамтамасыз ету.
Біз Қазақстанды экономикалық дамудың “өңірлік локомотивіне” және оны әлемдік экономиканың табысты “ойыншысына” айналдыра аламыз.
Бізде әлемдік шаруашылық жүйесінде нақтылы қазақстандық “тауашаларды” іздестіру мен игеру, шетелдік әріптестермен ірі озық жобаларға қатысу, сондай-ақ біздің экономикамызға қатысушыларды жан-жақты және жауаптылықпен қолдау, соның ішінде, оларға сапалы инфрақұрылымдық қызмет көрсету арқылы қолдау жөнінде ең таяудағы және алыс болашақтағы міндеттер бағдарламалары болуы керек.
Бұл ретте негізгі назарды Ресей, Қытай, Орталық Азия, Каспий мен Қара теңіз өңірлерінің рыноктарына шоғырландыру қажет.
ТМД, ЕурАзЭҚ, ШЫҰ шеңберіндегі экономикалық ықпалдастық саудадағы басты бағдар болып қала береді. Біз мемлекеттердің Еуразиялық экономикалық одағын құруға жетуді, оны біздің басқа көршілеріміздің кіруі үшін қолайлы етуді ұсынамыз.
Қазіргі кезде әлемдік рыноктарда біздің тауарларымызға, қызметтерімізге және озық идеяларымызға жаңа “тауашалар” құру мен жеңіп алу үшін жеке меншік бизнес пен мемлекеттің күш-жігерін топтастыру мәселесі қай кездегіге қарағанда да өзекті болып отыр.
Бізге бәсекеге қабілетті экономика қалыптастыруда мемхолдингтердің рөлі мен орнын айқын анықтап алу керек.
Бұл міндетті мемхолдингтердің өздерін тікелей қатыстыра отырып, шешу жауапкершілігін Үкіметке жүктеймін.
Үшінші міндет – өндіруші сектордың тиімділігін арттыру.
Біз алдағы уақытта да байсалды әрі өзара тиімді энергетикалық саясат жүргізу ниетіндеміз.
Көмірсутегі секторын одан әрі дамытуды, шетел мен жергілікті инвесторлар тартуды экономиканы әртараптандырумен тікелей байланыстыру және жаңа келешегі мол өндірістер құру жөніндегі аса маңызды міндеттерді осы арнада шешу қажет.
Біз Қазақстанның аса бай жер қойнауын игеріп жатқан шетелдік әріптестерімізді елдің мүддесіне қарай нақты бетбұрыс жасап, біздің экономикамызды әртараптандыруға шешуші түрде қатысуға, әлбетте, нарықтық негізде қатысуға көндіруге тиіспіз.
Үкіметке осы орайда тиісті жұмыс жүргізуді тапсырамын.
Бұл мәселеде бізбен келісетін компаниялар біздің қолдауымызға ие болады. Біз, ең алдымен, Қазақстанның ұлттық басымдықтарын негізге аламыз.
Бұл ретте Қазақстан энергия ресурстарын беріп отырған көршілеріміз бен халықаралық әріптестеріміз мүдделерінің тұрақтылығын, болжамдылығын және ұзақ мерзімділігін қамтамасыз етеміз.
Қазақстанның өңірлік, содан кейінгі жерде әлемдік энергетикалық кеңістіктегі тұғырларын одан әрі нығайтудың толымды стратегиясын әзірлейтін уақыт жетті.
Өзіміздің энергетикамыз бен мұнай химиясын дамытудың басты мәселесі – энергия өнімдерінің қосылған құнын ұлғайту арқылы бұл секторлардың кірістілігін көтеру. Әсіресе, мұнай химиясы, газ ресурстары, экспорттық энергия дәліздері сияқты басым секторларды басқару тиімді болуға тиіс.
Әлбетте, бұл – рынокқа қатысушылардың барлығына қойылатын, бірақ, ең алдымен, Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі мен “Самұрық” мемхолдингіне қойылатын талаптар.
Төртінші міндет – өндірістің шикізаттық емес секторының дамуын, экономикалық әртараптандырылуын қамтамасыз ету өте-мөте маңызды.
Үкіметтің экономиканың басымдықты шикізаттық емес секторларында инвестициялық “серпінді” жобаларды іске асыру жөніндегі өзінің бас стратегиясы болуы керек.
Жаңа экономикалық жағдай мен басымдықтарды ескере отырып, Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын іске асырудың тиімділігіне баға беретін мерзім жетті. Сондай-ақ индустриялық әртараптандыру жоспарларын қалыптастыру жөніндегі талаптар мен ұсыныстарды да тұжырымдау қажет. Жекелеген жобаларды алғашқы қаржыландырудан әртараптандыруды ауқымды қаржыландыруға көшетін мезгіл жетті.
Бұл – шағын және орта бизнестің белсенді қатысуы жағдайында Үкіметтің, әкімдердің, мемхолдингтердің жауапершілігі.
Бесінші міндет – өңірлік және жаһандық экономикадағы өзіміздің жаңа рөлімізге сәйкес осы заманғы инфрақұрылымды дамыту.
Біз стратегиялық инфрақұрылымның даму келешегін айқын пайымдай білуіміз және, ең алдымен, инфрақұрылымдық қызметті тұтынушы біздің отандық компаниялардың бәсекелестігін, сондай-ақ өзіміздің халықаралық экономикалық ықпалдастығымыздың мүдделерін ескере отырып, осы саладағы басқарудың сапасын едәуір арттыруға тиіспіз.
Бізге экономикалық өсу мен бәсекеге қабілеттіліктің өңірлік орталықтарын айқындап алып, олардың дамуын тұтастай алғанда еліміз экономикасының мүдделеріне бағындыру керек.
Біздің өскелең экономикамызға электр энергетикалық ресурстарды дамыту мен басқаруға және Қазақстанда атом энергетикасының негіздерін қалауға деген қағидаттық жаңа көзқарастар талап етіледі.
Бұл – өңірлер әкімдерінің, Индустрия және сауда, Көлік және коммуникациялар, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау, Энергетика және минералдық ресурстар министрліктерінің, сондай-ақ мемхолдингтердің жауапкершілігі.
Алтыншы міндет – осы заманғы білім беру мен кәсіптік қайта даярлау, “парасатты экономиканың” негіздерін қалыптастыру, жаңа технологияларды, идеялар мен көзқарастарды пайдалану, инновациялық экономиканы дамыту.
Білім беру реформасы табысының басты өлшемі – тиісті білім мен білік алған еліміздің кез келген азаматы әлемнің кез келген елінде қажетке жарайтын маман болатындай деңгейге көтерілу болып табылады.
Біз бүкіл елімізде әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметіне қол жеткізуге тиіспіз.
Бізге халықаралық стандарттар деңгейінде оқу орындарын тіркеу мен аттестациялаудың пәрменді жүйесін жасау керек.
Жоғары білім беру саласында дәл және инженерлік ғылымдарды басымдықпен дамыту – бұл дамуымыздың жаңа кезеңінің міндетті шарты.
Біз жоғары технологияларды енгізу мен инновацияларды қолдауға бағытталған бірыңғай мемлекеттік стратегия жүргізетін боламыз.
Әлемдік шаруашылық байланыстарына белсене кіріккен барлық осы заманғы бақуатты мемлекеттер “парасатты экономикаға” сүйенген болатын. Ал ондай экономика жасақтау үшін, ең алдымен, өз қарауымыздағы адами капиталымызды дамытқанымыз жөн.
Бұл да – өзіміздің ортақ қазақстандық жобамызға қатысушылардың баршасының, алайда, ең алдымен, Білім және ғылым министрлігі мен Индустрия және сауда министрлігінің жауапкершілігі.
Жетінші міндет – атаулы әлеуметтік қолдау және әлеуметтік саланы нарық қағидаттары негізінде дамыту.
|