Жаңартылған бағдарлама бойынша оқушылардың коммуникативтік құзыреттіліктерін, яғни тілдік дағдыларын дамыту басты бағыттардың бірі болып саналады. Атап айтар болсақ, оқылым, айтылым, тыңдалым, жазылым атты тілдік дағдылардың дамуы оқушылардың күнделікті өмірде дұрыс сөйлеп, сауатты жазуының басты алғышарты болмақ. Оқу және жазу сауаттылықтарының жоғары болуы оқушының бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз етіп, оның басқа пәндердің мазмұнын да жылдам қабылдауына тікелей себепкер бола алады.
Өзге ұлттың өкілдеріне екінші тілді меңгерту кезінде коммуникативтік, яғни қатысымдық әдісті қолдану өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. Тіл үйретудегі қатысымдық әдісті қолдануда Е.И.Пассовтың бөгде тілді үйрету технологиясы, Ә.Жүнісбектің қарым-қатынастық ойындарды игеруде оқытудың өте құнды және тиімді технологиясы болып саналатын бастауыш деңгейде сөйлеу, ауызекі сөйлеу тілдерін қалыптастыру мен жетілдіруді көздейтін оқыту әдістемелері басшылыққа алынады.
Коммуникация қарым-қатынас, өзара байланыс деген ұғымды білдіреді. Қазақ тiлiн оқыту кезінде де осы коммуникативтік негізді жетекшілікке алған жөн. Себебі, үйренетін тіл алдымен бiр ұлт пен екiншi ұлттың түсiнiсу, сөйлесу құралы болуы керек. Тiл осындай мақсатты жүзеге асыру үшiн үйретiледi. Тақырып арқылы сөйлеуге үйрету, бiрiншiден, тiл үйренушiлерге не туралы айту керек екенiн көрсетсе, екiншiден, оны қалай айту керек, қандай сөздердi бiлу керектiгiне назар аудартады.
Қатысымдық әдістің негізгі мақсаты – сөйлесім әрекетінің түрлерін меңгерту арқылы екінші тілде ауызекі сөйлеу стилін қалыптастыру. Сөйлесім әрекетінің өзі айтылым, жазылым, тыңдалым, оқылым, тілдесім тәрізді кезеңдерден тұратыны белгілі. Қатысымдық әдіс бір топ пен екінші топтың арасында, бір адам мен бір топтың, ең кем дегенде екі адамның арасында жүзеге асады.
Қатысымдық әдіс үйренуші мен үйретушінің өзара ой бөлісуін, пікір алмасуын, тіл арқылы сөйлесуін қамтамасыз ете келіп, адам мен адамның, бір ұлт пен екінші ұлттың өзара түсінісуіне жол ашады.
Қатысымдық әдісте белгілі бір тіл туралы білім беріліп, оның грамматикалық ережелері жатталып оқытылмайды. Қатысымдық әдіс дегеніміз — оқушы мен оқытушының тікелей қарым-қатынасы арқылы жүзеге асатын, белгілі бір тілде сөйлеуді қалыптастыратын, тіл үйретудің тиімді әдістерінің барлығының басын қоса келіп, үйренетін тілді қарым-қатынас құралы ретінде іс жүзіне асыратын әдістің түрі. Бұл мақсат бойынша, адам мен адам пікір алысып, өзара ұғынысып қоймай, қоғамда бірігіп еңбек етуге ұмтылуы қажет. Тіл арқылы адамдар өмірден өз орнын табуы керек, әркім өзіне қажетті игілікті іске асыруы қажет, әлеуметтік қарым-қатынас тілдік қатынасқа қызмет етуі тиіс.
Кез-келген тақырыптағы тілдесім процесі сөйлеу, жазу, оқу, тыңдау әрекеттері арқылы іске асады. Сол себепті әдістеме ғылымында сөйлесім әрекетінің мынандай негізгі түрлері белгіленген: продуктивті (айтылым мен жазылым; олар хабар жібереді) және рецептивті (тыңдалым мен оқылым; олар хабарды қабылдайды). Айтылым мен тыңдалым сөйлесім әрекетінің ауызша түрін, ал жазылым мен оқылым-жазбаша түрін құрайды.
Тілдік қатынас
Ауызша тілдік қатынас — Жазбаша тілдік қатынас
Дыбыстық қатынас — Таңбалық қатынас
Айту — Тыңдау Жазу — Оқу
Тілдік қатынастың ауызша және жазбаша түрі өзара тығыз байланысты және үнемі бір-бірімен әрекеттес болады.
«Айтылым дегеніміз — айтатын ойды жеткізу. Бұл тек бір адамның ғана әрекеті болғанымен, әрқашан өзгелерге бағытталған немесе екінші адамға қатысты тікелей әрекет». Айтылым әрекетіне үйретуде тілдесімге себепші жағдаяттарды туғызу керек. Тілдесуші екі адам біріне бірі сұрақ қойып, бірін-бірі тыңдай отырып, ойларын толықтырады. Осылайша тілдесім процесі жалғаса береді. ТСЖ үнемі өзгеріп отырады, оның бағыты тілдесушілердің тілдік әрекеттеріне байланысты. Демек, алғашқы сабақтардағы айтылым әрекетін меңгертуге арналған жаттығулар тікелей күнделікті өмірмен байланысты болуы тиіс.
Қысқаша хабарландырулар оқушыларды тілдесімге еріксіз ұмтылуға себепші болады. Мысалы, мұғалім ертең акт залында концерт болады деп хабарлайды. Мұндай хабарландырудан оқушыларда сан алуан сұрақ туады. Айталық: «Концерт сағат нешеде болады? Концертті кім қояды? Ақылы ма, тегін бе?» т.б. Күтпеген хабар, жаңалықтар да оқушылардың назарын аударып, оларды сұрақ қоюға, тілдесімге итермелейді. Мысалы: «Ертең қазақ тілі сабағы болмайды». Балалардың тілдесімге ынтасын, құлшынысын осы сияқты елеусіз көрінетін жұмыстар арқылы да арттыруға болады. Ол, әрине, бірінші кезекте мұғалімнің шеберлігі мен тапқырлығына байланысты.
Қазақ тілінде сөйлеуге үйретудің алғашқы қадамы диалог түрінде сөйлеуге үйретуден басталады. Сабақты ұйымдастыру кезеңіндегі: «Бүгін сабақта кім жоқ? Кім кезекші? Бүгін қай күн?»,-сияқты үйреншікті сұрақтар оқытудың барлық кезеңінде жүріп отырғаны жөн. Мұғалім мен оқушының арасындағы осындай диалогтар қарапайым көрінгенімен, олардың да тілдесім әрекетіне қосатын үлесі көп. Өйткені мұндай диалогтар күннен күнге қайталанып отырып, балалардың қазақша тілдесуінің негізін қалайды. Оның үстіне мұндай жаттығу жұмыстары оларды сөздерді дұрыс айтуға үйретеді, әрі грамматикалық заңдылықтарды меңгеруге көмектеседі.
Диалогтық сөйлесуге үйрететін тақырыптар оқушылардың күнделікті өмірімен, тұрмысымен тығыз байланысып, ұштасуы тиіс. Рольдік ойындар кітапханашы мен оқырман, дәрігер мен науқас, сатушы мен тұтынушы т.б. арасындағы диалог төңірегінде өткізілгені жөн. Сонымен коммуникативтік технологияның жетекші әдісі — тілдік өзара қарым-қатынас. Қолданылатын жұмыс түрлері: ынтымақтастықта оқу (мұғалім мен оқушылар), жұптық оқыту (оқушылардың екеуара бірін-бірі оқытуы), топтық құрамда жұмыс істеу (топтардың құрамы өзгеріп отыруы шарт), оқу тілдік диалог (өзара пікір алысу). Коммуникативтік технологияда тілдік қарым-қатынас алдыңғы орынға шығарылады да басқа жұмыстар осы бағдарға бағытталады.
Коммуникативтік әдіс бойынша сабақтағы жұмыс түрлері: жұптағы жеке жұмыс, топтағы жұмыс, қжыммен жұмыс, фронтальды жұмыс, жекешелендірілген жұмыс т.б.
Коммуникативтік сөйлеу әрекетінің қай түрі болса да, лексикалық-грамматикалық дайындық деңгейіне сүйенеді. Оқушының тиісті лексикалық қоры, сондай-ақ грамматикалық білімі болуымен бірге, ол бұларды сөйлеу әрекетін орындау барысында, талдау кезінде меңгере түседі. Сөйлеу әрекеттері, негізінен, белгілі бір мақсаттығы жағдаяттар, жүйелі модульдер, ауызекі жауаптасу, сұрақ-жауап жағдайларында жүзеге асады.
«Оқу әдісі»: тірек сызба мен кестелерді құрастыру, көрнекілік әдісі, әңгімелеу әдісі, сұхбат алу, сұрақ-жауап, баяндау, мәселелі жағдай т.б.
Сабақтарда ассоциация, интерью, Венн диаграмма, сұрақ қою, қайта сұрақ қою, ББҮ (білемін, білдім, білгім келеді) стратегияларын қолдануға болады.
Ассоциация – оқушылардың ойлау қабілеттерін дамытады.
Интервью — еркін ойлау машықтарын, іскерлік қабілеттерін, белсенділігін арттырады, бір-бірін тыңдап, дұрыс, тиімді, нақты жауап қайтаруға, құрметтеуге үйретеді.
Венн диаграмма стратегиясы салыстыру, бір-бірінің нақты айырмашылығын таба білу қабілеттерін арттырады.
Сұрақ қою, қайта сұрақ қою стратегиясы оқушылардың бірін-бірі тыңдап, дұрыс жауап қайтаруға үйретеді.
Білемін, білдім, білгім келеді – оқушылардың шығармашылық қасиеттерін арттырады.
Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін меңгертуде қатысымдық, яғни коммуникативтік әдісті қолдану өте тиімді. Себебі, тіл үйренушіні ең алдымен ауызекі сөйлеуге үйрету мұғалімнің міндеті болып табылады. Оқушылардың жұптық, топтық жұмыс түрлерін орындау арқылы сабаққа деген ынтасы артып, шығармашылық белсенділігі, дамиды, сөздік қоры молаяды. Сондай-ақ сөздерді тіркестіріп айтуға, сөйлем құрауға машықтанып, күнделікті кездесетін сөздерді еш қиналыссыз айтуға дағдыланады. Сонымен коммуникативтік әдістің негізгі мақсаты оқушылардың екінші тілде сөйлеу қабілетін жетілдіру болып табылады. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін күнделікті сабақта әртүрлі әдіс-тәсілдерді өзара ұштастырып отырған жөн.
Коммуникативтік әдіс бойынша сабақтағы жұмыс түрлері: жұптағы жеке жұмыс, топтағы жұмыс, қжыммен жұмыс, фронтальды жұмыс, жекешелендірілген жұмыс т.б. Міне, осылайша оқушылардың тілдік дағдыларын дамыту арқылы олардың тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылым дағдыларын игеруіне себепкер боламыз. Ал тілдік дағдысы дамыған оқушының барлық пәндерден оқу үлгерімі озық болып, өзгелермен коммуникативтік қарым-қатынасқа түсе біледі. Бұның барлығы бағдарлама тақырыбының өзекті екендігін дәлелдейді.
Сабақта аудио жазбамен, мәтінмен жұмыс әдісі қолданылады;
Айтылым дағдыларын дамытуда интерью, сұрақ қою, қайта сұрақ қою, ББҮ, стратегияларын қолдануға болады.
Сұрақ қою, қайта сұрақ қою стратегиясы оқушылардың бірін бірі тыңдап, дұрыс жауап қайтаруға үйретеді.
Білемін, білдім, білгім келеді – оқушылардың шығармашылық қасиеттерін арттырады.
Оқушыны ең алдымен ауызекі сөйлеуге үйрету міндет болып саналады. Оқушылардың жұптық, топтық жұмыс түрлерін орындау арқылы сабаққа деген ынтасы артып, шығармашылық белсенділігі, дамиды, сөздік қоры молаяды. Сондай-ақ сөздерді тіркестіріп айтуға, сөйлем құрауға машықтанып, күнделікті кездесетін сөздерді еш қиналыссыз айтуға дағдыланады.
Оқушылардың тілдік дағдыларын жетілдіруде төмендегідей әдіс-тәсілдер жиі қолданылады:
түсіндіру әдісі;
сөздікпен жұмыс;
сұрақ- жауап;
әңгімелесу;
түсінгенін айтқызу;
көрнекілік әдіс;
аударма жасату;
кітаппен жұмыс;
суретпен жұмыс;
мәтінмен жұмыс;
жеке және жұптық жұмыс;
топтық жұмыс т.б.
Көздеген нәтижеге жету барысында оқытудың барлық әдіс-тәсілдері пайдаланылады: дәстүрлі әдіс-тәсілдерді (түсіндіру, сұрақ-жауап, әңгімелесу, баяндау, пікір білдіру, сурет салу) жаңа әдістемелермен (топтық жұмыс, ой қозғау, кім жылдам, ойтолғау, кластер құру, қар көшкіні, қалыптастырушы бағалау, кері байланыс, ІNSERT әдісі, миға шабуыл, мағынаны тану, зерттеушілік әңгіме, әңгіме-дебат, сауалнама т.б.) ұштастыра отырып қолдану.
Нәтижесінде оқушылар жүйелі сөйлеуге үйренеді, тілдік қарым-қатынас жайлы ұғым-түсінігі кеңейеді, өзін-өзі шығармашылық тұрғыдан жетілдіреді, сөздік қоры молаяды, оқырмандық мәдениеті қалыптасады, коммуникативтік құзыреттілігі артып, алған білімдерін өмірде қолдана білуге талпынады. Міне, сол себепті де қазіргі таңда оқушылардың тілдік дағдыларының дамуына баса көңіл бөлінеді.
Оқушылардың тілдік дағдыларын қалыптастырудың тиімді жолдары
- BILIMGER · 22 ЯНВАРЯ, 2019