Жаңғыру кезіндегі сын және осы жылдары жарық көрген зерттеу еңбектері



Дата11.11.2022
өлшемі46.41 Kb.
#464602
Серікбай А.Ә. Жаңғыру кезіндегі сын


Жаңғыру кезіндегі сын және осы жылдары жарық көрген зерттеу еңбектері
Әдебиеттану ғылымының ең іргелі салаларының бірі – әдеби сын. Әдеби сынның табиғаты өте күрделі. Әдеби сын дегеніміз – көркем әдебиет, оның ғылымы мен қоғамдық ғылымдардың, журналистиканың тоғысында пайда болып, күнделікті әдеби өмірді зерттейтін, оның жетістіктері мен кемшіліктерін саралап, бағалап отыратын, әдеби үдерісте болып жатқан құбылыстарды оқырманның дұрыс түсінуіне көмектесетін, рухани әлем аясында қызмет атқаратын әдеби, ғылыми, публицистикалық, әлеуметтік сыпатты шығармашылық түрі, қоғамдық ғылыми сананың бір саласы, көркем әдебиет жайлы дәуір үні[1, 3б]. Әрбір әдебиетке сын қажет. Қай дәуір болмасын әдебиеттің жаңғырып, тың бағыттарға ауысқанын байқаймыз. Демек, мұндай өзгерістердің ішінен мейлінше өзімізге керегін алып, артығын шығару барысында сынның алатын орны ерекше. Сын түзелмей, мін түзелмейді ғой.
Сынның қалыптасуына заманы ағымы, қоғамның тарихи даму жолдары, халықтың ұлттық дүниетанымы, қоғамдық-әлеуметтік жағдай, саяси ой-пікірлердің, ғылымның, баспасөздің дамуы сынды әртүрлі факторлар әсер етті. Яғни, халықтың рухани санасының кемелденуі қоғаммен бірге дамыды. Осы тұста әдеби сын ұғымы тереңдей түсті. Бұл тұста осы үрдісті зерттеп, зерделеген профессор Т. Кәкішевтің «Қазақ әдеби сынының тарихы» атты 1994, 2003 жылдары басылып шыққан оқу құралын ерекше атап өте аламыз. Мұнда қазақ әдеби сынының тарихы, бастау арналарынан бастап егжей-тегжейлі жазылған.
М.Әуезов әдебиеттану ғылымы, әдебиет сыны, әдебиет тарихы жайында мынадай ой тұжырымдарын ұсынады: “Қазақ халқының мәдениет тарихында әдебиеттану ғылымының тарихы әзір қысқа. Бұл жас ғылым. Ол әдебиеттік сын. “Қазақ әдебиетінің теориясы”, “Қазақ әдебиетінің тарихы” деген салаларға бөлініп, енді ғана дамып келеді. Қазақтағы әдебиеттану ғылымы құралғанда, ол өзінің алғаш туысымен, бүгінгі жеткен сатысымен, барлық бас-аяғын жинағанда — түгелімен, толық мағынасында, социалистік Ұлы Октябрь революциясының жемісі болады. Октябрьден бұрынғы қазақ тарихында біз бұл жөнінде, “өскен ғылым” дерлік мардымды мұралар алғанымыз жоқ.
Сынның тарихына және бүгінгі мәселелеріне қатысты ойлар “Қазақ әдебиеті” газеті жарық көргеннен кейін молайып, ақын-жазушылар, сыншылар арасындағы пікірталасты қыздырып жіберді. С.Мұқанов “қазақ сыны Шоқаннан басталады” деген пікір айтты. Ғ.Мүсірепов сынның үш түрін бөліп көрсетті.
Бұдан кейінгі кезеңдерде де бұл мәселе ұдайы көтеріліп, қазақ әдебиет сынының туу, қалыптасуы туралы ғалым-сыншыларымыз әртүрлі пікірлерді ортаға салған. М.Қаратаев “Қазақ әдебиетінде сынның белгілі орын алуға ұмтылуы тек кеңес өкіметі тұсында, айналасы осы 10-15 жылдың ішінде. Қазанға дейін бізде сын атаулының болмауы тіпті заңды нәрсе” — десе, ғалым Е.Ысмайылов “Біздегі әдебиет сыны мен әдебиет тану ғылымы тек совет дәуірінің жемісі, бұрын сыншылдық, әдебиетшілік дәстүрі мүлде жоқ, тыңнан туып жасалған” — деп тар шеңберден шыр айналып, тереңнен қазбаған. Оған белгілі дәрежеде үстем көзқарас, яғни орыс елінің тарихынан асып түсер, ерте пайда болар құбылыстар болмауы керек дегенді қызыл сөзбен тұмшалаудың салдары себепші болғанын жоққа шығармау керек. Алайда 60-жылдардағы “жылымықта” жаңаша толғаулар айтыла бастады. Соның нәтижесінде ғалым Т.Кәкішұлы сынның қайнар көзі ауыз әдебиетінде жатқанын айтып, оның қанаттануын Шоқаннан, Ыбырайдан, Абайдан таратқан. “Оянған ойға кең өріс” еңбегінде әдебиет сынының қалыптасып, дамуы баспасөз арқылы жүзеге асатынын дәлелдеп көрсетеді. Өйткені халықтың әлеуметтік жағдайы, көкейтесті мәселелері, арман-тілегі, мұң-мұқтажы халық өмірінің айнасы болып табылатын — баспасөз арқылы көрініс беретінін дәлелдей бастады.
Баспасөз бетінде әдебиеттің ағымдағы тарихына байланысты мәселелер батыл көтеріле бастады. "Социалистік Қазақстан" (1956, 28 тамыз) және "Қазақ әдебиеті" (1956, 17 тамыз) газеттерінде басылған "Әдебиеттану ғылымы мен әдеби сынның дәрежесі жоғары болсын", "Әдебиет және әдебиеттану ғылымы" атты бас мақалалар әдебиет сыншылары мен зерттеушілерін жігерлендіре түсті." Күн тәртібінде әдебиет сыны" (" Қазақ әдебиеті", 1956, 25 маусым ), С. Қирабаевтың с" Әдебиет сынына бөгет болып отыр" (" Қазақ әдебиеті", 1956, 24 тамыз ), Ә. Қоңыратбаевтың " Сынның сырқаулары" ("Қазақ әдебиеті", 1956, 3 ақпан), А. Нұрқатовтың "Әдебиет сынының мәселелері", (" Әдебиет және искусство", 1956, №1), М. Қаратаевтың "Сын туралы сөз болғанда" (" Әдебиет және искусство", 1956, №8) сияқты мақалаларында әдеби сынды жандандыра түсу мәселелері көтерілді[1, 258 б]. Е. Ысмайыловтың «Ақындар» атты монарграфиясы 1957 жылы жарық көрді. Бұл монография үлкен 4 тараудан тұрды. Монографияда ақындық өнердің табиғаты, өсіп-жетілуі, ақындық өнердегі дәстүр мен жаңашылдық мәселелеріне кеңінен тоқталған. Бұл туынды қазақ әдебиеттану ғылымының елеулі табысы болды.
Бүгінгі әдеби процесс пен тарихи әдебиетке қатысты әр кезде пікір айтып, ақыл-кеңестерімен көмектескен, тіпті зерттеулер жасауға қатысқан аға жазушылардың еңбектері бұл саладағы іске мұрындық болды десек артық емес. М.Әуезовтің «Әр жылдар ойлары» (1959), «Уақыт және, әдебиет» (1962) атты мақалалары мен зерттеулері, С.Мұқановтың «Өсу жолдарымыз» (1960) атты мақалаларының жинағы мен «Жарқын жұлдыздар» (1964) деген Шоқан мен Абайға арналған зерттеуі жарық көрді Кеңестік дәуірдегі қазақ әдебиетінің тірі куәсі және әдебиет, тарихының білгірлері боп танылған бұл екі жазушының ой-пікірлері кейінгі зерттеушілерге көп ой салды [2].
Қазақ халқының ауыз әдебиетіне арналған жаңа зерттеулер оны тұтас жинақтап көрсетуге де,ауыз әдебиетінің жанрларын талдауғада, жеке ақындардың шығармашылығын бағалауға да көңіл бөлді. М.Әуезовтің, X.Досмұхамедовтің, С.Сейфуллиннің 20-30-жылдары жазылған кітаптарының концепциясы мен мазмұнын толықтыра,қайта қарай отырып,бұл еңбектер фольклор жөніндегі ғылымның бүгінгі деңгейіне лайық жасалды.Бұлардың ішінде 6 томдық «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томы(бірінші,екінші кітаптар), М.Ғабдуллиннің «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» (1959) атты жоғары мектепке арналған оқулығы жарық көрді.
Қазақ халқының ауыз әдебиетіне жаңа серпін әкеліп, тың зерттеулер жүргізген ғалымдар айтарлықтай көп болды. Олар өзара пікірталасып фольклордың бастауы қайдан болды, жазба әдебиет қалыптасқаннан кейін басталады, енді біреуі ауыз әдебиетінен бастау алады деп түрлі ойлармен дәлелдеуге тырысты. Бұл тұста Б. Кенжебаев, Ә. Қоңыратбаев, М.Ғабдуллин, М. Әуезов, Қ. Жұмалиевтерді айтамыз. Елуінші жылдары саясаттағы сорақылықтардың салдарынан ауыз әдебиетінде «Қамбар батыр» жырынан басқаларының барллығы дерлік идеялық жағынан халыққа жат саналып келсе, 1959 жылғы әдеби мұра жайлы өткен ғылыми-практикалық конференция қатып қалған саяси тосқауылдарды аз да болса бұзғандай болды. Баспасөз бетінде О. Нұрмағанбетовтың «Қобыланды батыр» жырының жаңа нұсқалары («Жұлдыз», 1960, №3), Б. Адамбаевтың «Шешендік өнер» («Жұлдыз», 1963,№5), «Шешен туралы шежіре» (1966, №11) сынды мақалалары жарық көрді. Халық ауыз әдебиетінің бірнеше үлгілері кітап болып басылып шыға бастады.
М. Ғабдуллин «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» атты жоғары оқу орындарына арналған оқу құралын шығарды. Бұл еңбек сол кездегі қазақ фольклористика ғылымының жетістіктерін жинақтаған елеулі еңбек болды. Қазақ ауыз әдебиетінің өзіндік ерекшеліктерін, олардың жиналуы мен зерттелінуі, түрлер мен жанрларға жіктелуі, жасалған ғылыми талдаулар оқулықтың аса құнды деректерге бай екендігін көрсетеді [1, 259б]. Бұл тұста қазақ әдебиетінің тарихын зерттеу ісімен Қажым Жұмалиев (1907-1968) тұрақты шұғылданды. Оның «Қазақ эпосы мен әдебиеті тарихының мәселелері» (1958), «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі» (1960) атты екі томдық еңбегі ғалымның бұл саладағы зерттеулерін жинақтады. Бірінші кітапқа Қажым қазақ эпосы туралы ұзақ жылдар жүргізген зерттеулерін кіргізіп, XVIII-XIX ғасыр ақындары Бұхар жырау, Махамбет, Шернияз, Алмажан Азамат қызының ақындық жолына талдау берді. Ал, екінші кітап XIX ғасырдың екінші жартысындағы ағартушылық-демократтық әдебиетке арналды. Онда Шоқанның әдебиеттік еңбегі, Ыбырай Алтынсарин мен Абайдың шығармашылығы қарастырылды. Сонымен бірге оған «Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тілі» (1946 жылы докторлық диссертация есебінде қорғалып, 1948 ж. жеке кітап болып басылған) атты монографиясы кірді. Қажым осы жылдары мектеп оқулықтары көлемінде алғаш Дулат, Шортанбай, Мұрат сияқты кезінде кертартпа саналған ақындар шығармашылығы жайлы жаңа еңбектер жазды. Олар орта мектептің 8-сынып оқулығына енді. Бұл ақындардың шығармашылық жолын зерттеу қажеттігі 1959 жылғы конференцияда да көтерілді. Бірақ жарияланған азын-аулақ еңбектерде олар жайлы ойлар жұқарып, там-тұмдап айтылды, негізінен оларға Қазақстанның Ресейге қосылуына қарсы болған кертартпа ақындар ретінде баға берілді.
Б. Кенжебаевтың «Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары» атты 1958 жылы жарық көрген қазақ әдебиетінің төңкерістен бұрынғы тарихына алғаш жол тартқан еңбегі болды. Кітапта демократтық-ағартушылық бағыттағы Ығылман Шөрековтің, Бекет Өтетілеуовтің, Тайыр Жомартбаевтың, Спандияр Көбеевтің, Мұхамеджан Сералиннің, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, Сәбит Дөнентаевтың шығармашылық, ұстаздық, ағартушылық қызметтері кеңінен бедерленген. Әсіресе, Сұлтанмахмұт Торайғыровқа ерекше мән берілген.
Сонымен бұл жылдардағы қазақ әдебиетінің сыны мен ғылымы компартияның ХХ құрылтайынан кейін қоғамда қалыптаса бастаған қолайлы әлеуметтік ахуалды тиімді пайдаланудың барысында жандана түсіп, бірсыпыра жетістіктерге жетті. Социалистік реализм теориясына негізделген әдеби сын көркемдік үдерісті сралауда қыруар жұмыстар атқарды. Ал ұлттық әдебиеттің тарихын зерттеуге келгенде, үстемдік құрып тұрған коммунистік идеология құрсауға алып, қыспақтан шығармай тұрды. Әдеби ой-пікірлердің аяққа салынған тұсаудан босап, еркіндікке шығуы үшін әлі де біраз қиындықтар күтіп тұрды.
Сынды құрметтеу парыз емес, сынды бағалау парыз емес, бірақ сынмен санасу ­ парыз. Әлем әдебиетіндегі әйгілі қаламгерлердің бәрі де сын естіген. Айтылған сындарды қабыл­дай алмағанымен, онымен санасқан. Қорытынды шығарған. Қолына қалам алған кез келген ақын немесе жазушының шығармалары міндетті түрде сынға ұшырайды және бұл өте дұрыс, қалыпты жағдай. Көп жазған сайын сені сынау­шылардың қатары да арта түседі. Үлкен ақын немесе ірі суреткер болғысы келетін шығармашылық адамы үшін бұл өзін-өзін тексерудің үлкен мектебі, өйткені сен өзіңді мұқият оқитын адамдардың бар екенін көресің және олардың сенің болмашы кемшілігіңді де кешірмейтінін түсініп, барынша жақсы жазуға тырысасың. Сын шығармашылық адамының рухының қайралуына, жігерінің шынығуына мол мүмкіндік береді.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. Дандай Ысқақұлы . Әдеби сын тарихы. Оқу құралы. - Алматы: Таңбалы, 2012
2.https://egemen.kz/article/163286-syn-muraty-%E2%80%93-tanu?ysclid=l9sazdzh3m602708706
3. Тұрсынбек Кәкішев. Қазақ әдебиеті сынының тарихы. Оқулық. – Алматы: Санат, 1975

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет