Жаңылтпаштар
Жаңылтпаш — қазақ ауыз әдебиетінің шағын жанры. Жаңылпаш ойын-сауыққа жиналған жұртты күлдіру; жас ұрпақтың тілін ұстартып, әр түрлі сөзді шапшаң айтуға үйрету мақсатымен пайда болған. Жаңылпаштың сөздері адамды жаңылдыратындай қиын, көбінесе, ұяң және қатаң дауыссыз дыбыстардан құралады, қара сөз немесе өлең түрінде болады. Жаңылпаш ойын-сауықтарда ән білмейтін, жатқа тақпақ айта алмайтын жастарға жаза ретінде де қолданылған. Мұндай ұятты жағдайға қалмас үшін әр жас жігіт пен қыз ән-жыр үйренуге талпынған. Қазіргі кезде Жаңылпаш жаңа мазмұнға ие болып, түрі мен мазмұны жағынан молыға түсті. Жас ұрпақты достыққа, бірлікке, адамгершілікке, ізгі қасиеттерге тәрбиелеудің маңызды құралына айналды. “Қамаштан көріп қалашты, Қалашқа Жарас таласты, Бөлінсін десең қалаш тең, таласпа Жарас Қамашпен” сияқты тәрбиелік мәні зор Жаңылпаштар бала бақшалар мен мектептерде жиі қолданылады. Мысалы:
Бұл мұғалім –
Елге мәлім мұғалім
Әрі ғалым мұғалім.
Байғыз қай құс?
Байғыз байғұс,
Ұшады жалғыз.
Ықсан ұста – ұстаз ұста,
Үш ұстаға ұстаз ұста
Жасы тұстас ұста.
Асқа қосуға қай бұрыш дұрыс,
Қара бұрыш дұрыс па?
Қызыл бұрыш дұрыс па?
Қарасының иісі дұрыс бұрыш,
Қызылының түсі дұрыс бұрыш.
Алғыр аттар –
Арғымақтар,
Арғымақтарды
Әркім мақтар.
Таңдап тарлан
Атты алдым
Таңнан аңға
Аттандым.
Тарпаң тасты
Тартып келеді,
Тарантасты
Тартып келеді.
Көкпектіде көкпек
Көктемеде көктеп,
Көкпектіде көптеп,
Көктеген кез көкпек.
Төрт төртім бар,
Төрт тортым бар,
Төртім – маған
Тортым – саған.
Сортаңнан Шортан кездеспес,
Шортанды сортаң кездеспес.
Саба ұстаған ыстай біледі,
Саба ұстаған ұстай біледі.
Шанышқының шаң үсті,
Шашылғанда шаңы ұшты.
Ақ доп,
Сақ дөп.
Шұңғыл шұңқыр,
Шұңқыр шұңғыл.
Тау дәу,
Дәу тау.
Достарыңызбен бөлісу: |