ЖАН ЖЫЛУЫ – ЖАҚСЫЛЫҚ
Жазушы Сейтжан Омаров 75 жаста
Көркем әдебиеттің басты міндеті – адамды жақсылыққа, өмірді сүюге тәрбиелеу, достықтың, ынтымақтастықтың берік дәнекерін құрметтей отырып, рухани тазалықты жас өркеннің бойына сіңіру болып табылады. Аға ұрпақ пен көкөрім буынның арасындағы дәстүр жалғастығын, сан қилы тағдырлардың тоғысуын әр қаламгер өз өрнегімен, өз мәнерімен әдіптеп, көркем шығармаға өзек етеді. Әрбір жазушының оң жамбасына келетін оңтайлы тақырыбы да бар. Бұл күнде қазіргі қазақ прозасының қабырғалы өкілі атанып, қалам қуатының күшін қырық бес жыл бойы биік мақсат жолында жұмсаған Сейітжан Омаровтың да өзіндік творчестволық әлемі, өмір құбылыстарын суреттеуде таңдап алған қайнар бұлағы бар.
Жазушының барлық кейіпкерлері жақсылыққа құмар, қайырымы мол, өзгенің өміріне мейірімін төгіп, соның бақыты үшін күресіп, жан жылуын сыйлайды. Сол арқылы рахат тауып, қуанышқа бөленеді. Отызыншы жылдары жарық көрген «Бақыт» атты тырнақалды әңгімесінен бастап күні кеше ғана баспасөз бетінде жарияланған «Гүлбаршынға» дейінгі шығармаларындағы кейіпкерлердің жан-дүниесі тек қана жақсылықпен жалғасып жатады.
Әр жазушының өз оқырманы бар. Сейітжан Омаровтың творчествосы жеткіншектердің өмірін қамтиды. Жас адамның көзқарасы қалыптасуы, жақсы мен жаманның ара жігін тануы, шын достықты бағалау, қиын кезде қол ұшын беретін қайырымдылықты қастерлеу, өз Отаныңды шынайы сүю – міне жазушының көркем шығарманы жазарда алдына қоятын үлкен мақсаты осы. Шытырман оқиғаға тән хат, күнделік, ауызекі әңгіме түрінде қолданылатын әдеби тәсілдер де туындының болмысына әр қосады. Жас өркеннің қызық оқиғаға құмарлығы белгілі. Әсіресе, повестерде формалық, композициялық құбылтулар жиі кездеседі. Жазушы оқырмандарының көзқарасын, таным ыңғайын, жас мөлшеріне сай романтикалық өршіл арманын түсіне біліп, соған лайық тартымды туындыларды ұсынды.
Жазушы творчествосының негізгі арқауы – гуманизм, гуманизм болғанда әртүрлі жағдайда, әр замандағы адамдар әр жаста қалай жүзеге асырды, соны жас ұрпаққа үлгі етіп ұсынады.
Тың көтерушілердің тоғыз тарау тағдырын суреттеген «Алтын аймақ» повесінің негізгі идеялық-моральдық нысанасы осындай. Жас жігіт Абрек тың өлкесіне келді. Киномеханик. Ерлі-зайыпты Бейсен мен Зейнептің үйіне орналасады. Ана жүрегі Абректі алғаш көргенде иіп сала береді. Әлденені сезеді. Жас кезінде қамыс ішінде із-түзсіз жоғалған сәби туралы хикаяны жас жігіт Белгородтағы әке-шешесіне жазады. Міне, Николай Терентьевич қонаққа келді. Өзі өсіріп, тәрбиелеген ұлына бар шындықты айтудан тайсақтайды. Алайда Зейнептің ұлына төккен аналық мейірімін көргенде шыдай алмайды. Көл жағасынан шырылдаған сәбиді қалай тапқанын, оның анасын қалай іздегенін, бауырына салып ер жеткізгенін айтады. Бәрі де тура ертегідей қиын-қыстаудан өтіп, өмірлік мұратына жетеді.
Зейнеп пен Николай Терентьевичтің жан тебіренісі шынайы шықса, «Перзент» әңгімесіндегі Таңатар мен Агофенцовтың жүрек толқынысы сондай нанымды.
Адамдарды достыққа жетелейтін сезімнің қасиетін тереңдете жеткізу үшін жазушы кейіпкерлерді сынақтан өткізіп, жас оқырмандарына әділдік, рухани тазалық үшін күрестің сан қилы сындарын оқиға өзегіне айналдырады. «Оташы» әңгімесіңдегі хирург Иван Петрович аса қатерлі дертпен сырқаттанған жігітке операция жасауы керек. Уақыт өткізуге болмайды. Операцияға кірер алдында өз ұлының хал үстінде жатқаны, тез жетуін өтінген телеграмма алады. Не істеу керек? Әкелік парыз бен азаматтық парыздың қайсысы жеңеді. Қолы да дірілдейді. Дәрігерлік адамгершілік үстемдік алады. Операцияны сәтті аяқтады. Бірақ ол Иван Петрович үшін өте қымбатқа, өз ұлының өмірімен өтелді. Жазушы бұл арада адамның қоғам алдындағы жауапкершілігін, рухани тазалықты жоғары қойып, әділдікті ту етіп, жақсылықтың қаншама қиындықпен келгенін оқырманына түсіндіруді мақсат тұтады.
Жақсылықты жан азығы, жан жылуы ретінде творчестволық еңбектерінің өзегіне айналдырған қабырғалы қаламгер Сейітжан Омаровтың осы тақырыптан айнымауының өзіндік себебі – өмір жолын ұстаздықтан бастауында болса керек. Жиырмасыншы жылдардан бастап ауыл мұғалімі есебінде көптеген жайларды, таптық күресті басынан кешірді. Өмірлік материал шығарма желісіне көген тартты. «Өмір тынысы», «Қайырлы жаз», «Күншуақ» атты көркемдік дәрежесі жоғары, тамаша повестердің басты кейіпкерлері – мұғалім. Бұл үш шығарманың өзара сабақтас. Сонау алғашқы ликбезден басталған ұстаздық жол бүгінгі күнге дейін ұласады. «Күншуақ» – мектеп өмірі туралы жазылған аз шығармалардың ішіндегі сазы. Жас ұрпақты тәрбиелеудегі жауапкершілік, шындық үшін күрес, сәл қателіктің өзі өрімтал өрендердің жүрегіне үлкен жара салатындығы байсалды пайыммен суреттелген. «Күншуақ» – жазушының шоқтығы биік, творчестволық жетістігі.
Революциялық кезеңдердегі қатпары мол оқиғаны өз басынан кешіріп, Ақмолада Совдептің құрлуының куәгері болған жазушының тарихи дерекке негізделген»Қызыл арай» романының бірінші кітабын оқырман қауым жылы қабылдады. Кедей жігіт Оспанның тағдыры, әділетсіздікке қарсы арпалысы өте нанымды. Ол революцияның барлық мақсатын бірден түсінбейді. Харитон Карпович сияқты большевикпен бірге түрмеде жатқан да мол сырға қанығады. Романының соңында астыртын ұйымның байланысшысы ретінде ең қатерлі істерді атқарады. Шығарманың психологиялық желісі екі арнамен дамиды. Азамат соғысы мен Ұлы Отан соғысындағы әкелі-балалы жандардың ерлігі қатар беріліп, бір мақсатқа – Отанды сүюге, қорғауға тоғысады.
Сейітжан Омаровтың қай туындысын оқысаңыз да – жас ұрпақтың алдындағы жауапкершілікті ерекше сезінесіз. Қырық жылдан астам тек сол бағытта қалам тербеген жазушының табыстары мол. Қазір «Дала әуендері» атты әңгімелерден құралған повесін жазып бітірді. Мұнда да қаламгер өзінің сүйікті тақырыбын одан әрі тереңдете зерттеп, өмірлік тұжырымын ұсынады. Жазушы жетпіс бес жылдық мүшел тойына творчестволық өрлеумен келді. Үлкен өмір мектебінен өткен Ұлы Отан соғысының ардагері, жазушы Сейітжан Омаров 1938 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағында консультант, секретарь қызметін атқарды. Отыз жылдан бері балалар мен жасөспірімдер әдебиеті секциясының председателі, «Қызыл жұлдыз», «Халықтар Достығы», екі рет «Құрмет Белгісі» ордендерімен наградталды. Л.Н.Толстойдың, В.Катаевтың, С.Құдаштың шығармаларын ана тілімізге аударды. Жас буынды патриоттық рухта адамгершілік сезімге, достық, ынтымаққа тәрбиелеуде өз шығармалары арқылы жан жылуы – Жақсылықты мақсат еткен қабырғалы қаламгердің творчествосы әрқашанда жүрек түкпірінде жаңғырып, келешекке өзінің жас оқырмандарымен бірге сапар шеге берері сөзсіз.
Достарыңызбен бөлісу: |