Жанрлық шегара және шығармашылық МҮмкіндіктер сәуірбаева Ә., Абдразақова А



Дата30.06.2016
өлшемі70.82 Kb.
#168088
ЖАНРЛЫҚ ШЕГАРА

ЖӘНЕ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ МҮМКІНДІКТЕР
Сәуірбаева Ә., Абдразақова А.

(М.Қозыбаев атындағы СҚМУ, Қорқыт-Ата атындағы Қызылорда МУ)

Қазақ журналистикасының осыдан бір жарым – екі ғасыр бұрынғы алғашқы қадамы һәм қалыптасу кезеңдерінен бастап бүгінгі халы күдірейіп жаһанның жедел жаршысының бірі қатарында ұмтылып жүрген шағына дейінгі жолын зерттеп, тарихына жіліктеп шағумен айналысушы ғалымдарымыз да орыс әріптестерінің пайым, пікірлерін қостап, газет жанрларының қай түрі болсын алдымен хабар жеткізуші, жаңалық таратушы екенін атап көрсетеді. Осы тұрғыдан алып қарасақ, газет жанрларын бірін-бірі толықтырып, қайсысының болсын бір мақсатқа бағындырылып, ең алдымен қалың оқырман қауымына тың хабар, жедел жаңалық жеткізуге жегіліп жататынын жақсылыққа жоримыз .

Ақпарат жеткізуші функциясын атқарып отырған қазіргі репортаждың өз алдына синтетикалық жанрға айналуы заман талабы, яки оқырман талабы дейміз. Олай болатыны оның құрамында ақпараттың да, сұхбаттың да элементтерін кездестіреміз. Тек репортажға ғана тән құрылымдық сипат бұл шағын уақытқа сыйымды шиеленісі мен шешуі , шарықтау шегінен тұрады дейміз. Репортаж жазғанда маңызды детальдарды ұмытпай, оның құндылықтарын, ерекшеліктерін ашып көрсету журналистен үлкен жауапкершілікті талап етеді. Танымды – тақырыптық репортаж – бұл репортаж үш түрге бөлінеді: арнайы, зерттеулік, комментаторлық [1, 198 бб.]. Олардың бәрінде де репортер өмірдің қызықты жақтарын көрсетуді бірінші орынға қояды.

Бірінші түрі – қандай да бір жағдай мен проблема репортердан жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Бұл репортаж қоғамдық мәні бар тақырыптарға жазылады.Сондықтан көптеген оқиғалардан ең қызықтысын таңдап алу үшін репортерлік сезімі болуы керек. Мұндай репортаждарды жазып шығуды ең тәжірибелі журналистерге жүктеледі. Сонымен, бұл репортаждың негізі – өзекті тақырып. Әдеби тақырыпта жазылған репортажға қаралық,

«Енді сіздерді команда құрамымен таныстыра кетейік:

«Қалжыңбастар қақпақылы» федерациясының председателі-Асекең, Асқар Тоқмағамбетов.

Бүгінгі кездесудің бас төрешісі-филолгия ғылымының докторы, профессор Темірбек Қожекеев.

Мінеки, төрешінің үшкірігі іші ауырған баладай шарылдап қоя берісімен, сарт та сұрт сайысып, қалжыңбастар ойыны басталып та кетті».

Осылайша басталған ойынға сатириктер біртіндеп араласа бастайды. Оның алаңынан О.Әубәкіровті, Ғ.Қабышевті, Ү.Уайдинді, С.Адамбековті сатира добын қуып жүрген жерінен көреміз. Уайдиннің гол соғуы былайша суреттеледі:

«Әйтеуір, Үмбекең «Быды-быды» деп бірдеңені сөйледі де, әзіл-қалжың «шайбасын» шақ еткізді. Удар!Гол! («Быды-быды» атты сатиралық әңгімелер жинағы жақында ғана «Жалын» баспасынан шықты.Оның «голы осы, әрине)».

Ойын барысында шаршаңқыраған Шонаны Төрежан Мәңдібаев ауыстырады. «Запаста бұдан басқа да Оңалбек Кенжебаев, Бейсенбай Кірісбаев, Ақмырза, Марат Нұрқалиев, Балтабай Тәжімбетов, Нұртан Төлепбергенұлы секілді «Алты әзілкеш» («Жалын»,1982) ойыншымыз бар» деп, сатираның келешегінен үміт күттіретін жас сарбаздарының алғашқы кітабы шыққанынан хабардар етеді» [2]. Жалпы, Көпеннің сатира сайысынан жүргізген репортажын осы саланың хал-ахуалынан хабар берер, қиыннан қиыстырылып жазылған сәтті туындылар қатарына жатқызуға болады.

Екінші түрі – зерттеулік. Бұнда журналистер бақылау әдісін қолданады. Осы мақсатта олар өздерінің мамандығын өзгертіп, әртүрлі сараптамалық жұмыстарға қатысады. [1,198 б] Журналистердің мамандығын өзгертуі олардың болып жатқан проблемаларды өздері жан дүниесімен сезіне білуі, кәсіби құпияларды біле отырып, соның арқасында дәлелді фактілер мен куәгерлерді табады. Репортаж-комментарий–бұл репортаждың басқалардан айырмашылығы – болған оқиға туралы толық мағлұмат бермей, тек қана керекті, маңызды мағынасын ғана ашады [1]. Бұған мысал ретінде, «Солтүстік Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Қошан Қалидің «Қаладағы қоғамдық көлік» атты мақаласын алуға болады. Ол барлық елдегі қоғамдық көліктерді тізбектей келе, соның ішінде бөліп, жарып, біздің Петропавлдағы күнделікті адам өміріне қажет қоғамдық көліктердің мән жайына тоқталған. «...Жаңа троллейбустың іші аядай, таза жинақы, жылы, терезелеріне ұзынша етіліп перде ілінген, соларға қарап көңілің толады... Ал құр сүлдерін сүйретіп жүрген сияқты көрінетін ескі троллейбусқа отырсаң, жағдай мүлдем басқа. Оларға мінген жолаушылар көбіне-көп түрегеліп тұрғанды қалайды. Бұл көліктер қараған көзге жылына бір рет жуылмайтын, сүртілмейтін сияқты болып көрінеді...» [3,196 бб.].

Репортаждың негізі болып оқиғаның мазмұнын визуалды және ауызша түрде баяндауды айтады. Автор алдындағы мақсат ол: болған оқиғаны жете меңгеру, бұл мақсатқа автор тек қана жағдайдың басы қасында болғанда ғана жете алады. Оның рөлі зор. Біріншіден, ол репортажды жүргізеді; екіншіден, болып жатқан жағдайдың тек қана куәгері ғана емес, сонымен қатар кейде оның ұйымдастырушысы да болып келеді. Осы кезде, репортажды халыққа жеткізетін репортерлер кім деген сұрақ туындайды. Репортер:

1. Репортер жұмыс үстінде бір өзі бірнеше қызмет атқаруға тиіс; репортер – автор, ұйымдастырушы, комментатор, тыңдаушы, режиссер, актер, юморист.

2. Жергілікті оқиғаларды түсіріп, эфирге жіберіп тұратын хабаршы [4, 203 бб.].

Барлық жағдай репортаж арқылы көрсетіле бермейді. Сюжетті таңдаудың критерийлері – оның өзектілігі, қоғамдағы маңыздылығы. Репортердің әңгімесі оқырман алдында шындықтың жаңашыл жақтарын, оның өзгеру процестерін айқындауы керек. Бұл жанрдың ең маңызды, басты ерекшелігі – оның динамикалығын алдын – ала анықтауы.

Репортердің міндеті мен репортаждың өзегі сюжеттің басқа да маңызды жақтарын ашады. Соған сәйкес оқырман болған оқиғаны оқи отыра өз көзімен көргендей, басы қасындай болғандай сезінуі керек. Осы мақсаттарын орындаған кезде ғана репортер өз жұмысының нәтижелігіне жетеді.

Заметка жаңалықтарды хабарлайды, «не болды?» деген сұраққа жауап берсе, репортаж - оның қалай болғанын көрсетеді, корреспонденция – «неге» екенін түсіндіреді, сұхбат - «бұл жөнінде не ойлайды?» деген сұраққа жауап іздесе, шолу - іс жағдайын біртұтас көрсетуге көмектеседі.



Репортаж-комментарий. Репортаждың бұл түрінде оқиғаны үтір, нүктесіне дейін жеткізу мақсат емес, ондағы маңызды детальдарына жіті тоқталып, жұрттың назарын аудару басты нысаны болу шарт. Репортер комментарийдің кейбір элементтерін қолдану арқылы оқиғаның болу себептері мен салдарын оқырманға түсіндіре жеткізе алады. Репортаж-комментарида комментарийдің мына түрлері қолданлады:кеңейтілген комментарий – фактіні кеңірек түсінідіру; синхронды-комментарий – фактіні ең ұсақ детальіне дейін түсіндіру; маманнның комментариі- фактіні кәсіби маманның түсіндіруі. Осының барлығы репартажды комментарийде суреттеліп отырған оқиғадағы сол немесе басқа құжаттарға сәйкес болуы міндетті.

Ақпаратты жедел жеткізу қызметіне ие комментарийдің құрамында болған оқиға туралы айқын көрініс беру мен оны бағалау қасиеті де бар. Бұндай репортаж-комментарий оқиғалық себептерден туып жатады. Екінші топтағы комментарилерді ақпараттық белгілер жоқ публицистикалық, негізде жазылады. Комментарийдің бұл түрі өзгелерден тұтас ақпараттандыру емес, керісінше сендіру басым болуы жағымен ерекшеленеді.

Осындай алуан түрлігі репортажды міндеті мен көрінісі бойынша оқиғалы, сараптамалық (проблемалы), тақырыпты-танымдық (арнайы, зерттеу, репортаж-комментарий) болып келетінін атап кеткен жөн. Репортаждың барлығында тіпті сараптаманың элементтері кездессе де, өзінің ақпараттық табиғатын жоғалтпайды.

Репортаж және сұхбат. Репортаж мазмұнының негізі авторлық позициядан тұрады. Осыған қарамастан, репортажда төлеу сөз жиі қолданылады. Десекте, көркем туындыдағы төл сөз репортажда ақпарат жеткізу міндетін атқарады. Т.Амандосов осы жағынан ресей әріптестерімен келісе отырып, «репортаждағы тура мағыналы сөздің стилистикалық мәні оның деректілігінде. Әдебиеттегі кейіпкерлердің сөзін автор жеткізген болса, репортажда тірі адамның тірі сөзі тура жеткізіледі. Олардың аузынан шыққан әрбір сөз репортажды нанымды, татымды да тартымды еткізетіні осыдан. Сондықтан да төл сөз көпшілік репортаждың қажетті компоненті» деген пікір айтады [5]. Репортер оқиғаға қатыса отырып, тікелей қатысушылардан сұхбат алып олардың пікірін білуге қызыға ұмтылады. Өзгенің сөзі арқылы қосымша ақпарат беру көзделіп қана қоймай осы ақпаратқа белгілі бір обьектілік үстейді. Оқиға туралы автордың айтуы бір де, ал қатысушының берген сұхбаты, ондағы оның ойы мен пікірі, көзқарасымен нақтылана түсуі екі. Репортер оқиғаға қатысушымен диалогқа түссе нұр үстіне нұр болмақ..Алайда болашақ мамандарға ескертетін жайт, бұл тәсілге тым беріліп кетпеу керек, өйткені репортаждың мақсаты куәгерлердің берген ақпараттарының көмегімен нақты фактінің негізінде нанымды, шынайы етіп жеткізу қажет. Сонымен тәжірибе көрсеткендей, репортажда мини-сұхбат пен мини-монолог, айтылған қысқа түсініктемелер беріледі. Ғалым Г.Я.Солганиктің сөзімен қорыта айтқанда, репортаждағы тура мағыналы сөздің міндеті – сөздің мәнерінде емес, аудиторияға жететін ақпараттың мазмұнында дейміз [6,56 бб.]. Тура мағыналы, төл сөз очерк типіндегі репортажда кейіпкердің портретін беруде пайдаланылады. Ал сараптамалық репортажда кейіпкерлердің кереғар таластары мен диалогтарын бергенде қолдануымыз мүмкін.

Репортаж және есеп. Репортаж есепке жақын жанр. Біріншіден, есеп жанрындағыдай репортер бақылаудағы оқиғаны оқырманға жеткізуге тырысады. Тек есепте журналист өткен шараның нәтижесімен таныстыруды көздесе, репортажда талқыланып жатқан мәселенің барысы, қабылданған шешім, айтылып жатқан қарама-қарсы қайшылықты көзқарастар, соңында оқиғаның сыртқы көрінісіне сипаттама беріледі.

Екіншіден, репортер есептегідей, материалында түрлі пікірлер, бағалар берумен қатар оқиғаға қатысушылардың ұсыныстарын қолдана алады. Бірақ есепке қарағанда репортажда журналист қатысушының сөзіне көбірек ерік береді.

Үшіншіден, репортажда оқиға барысын суреттеуде қосымша эпизодтар беру жағынан, есепке қарағанда, оқиғаны жариялау аясында шектеу қойылмайды.

Есеп беруде журналист оқиғаның уақыт және кеңістік шектеуіне қатал тәртіппен қараса, ал репортажда автор жаңағыдай шектеулерді бұзып, оқиғаның сипатталу барысына қосымша эпизодты қоса алады. Сонымен қатар есеп өзінің стилі бойынша ауызекі сөйлеу тіліне жақын болып келеді. Өйткені сипаттама үшінші жақтан емес бірінші жақтан айтылады.




Әдебиет:

  1. Ким М. Н. Репортаж: технология жанра, Издательство Михайлова В.А. С-Петербург, 2005ж., 196 бб.

  2. Дандай Ысқақұлы . Сын жанрлары.Алматы, «Санат».1999ж.

  3. «Солтүстік Қазақстан» газеті, 2007 жыл, 19қараша

  4. Тұрсын Қ,Нұсқабайұлы Ж. «Тележурналист анықтамалығы», А, «Білім», 2003

  5. Т. Амандосов. Қазақ баспасөзінің жанрлары. Алматы,1967 ж.

  6. Солганин Г.Я. Стиль репортажа. М., 1998. С.56.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет