Жақсының жақсылығын айту парыз
Қуандық Батыров ағамен қай кезде,қалай танысқаным есімде қалмапты.Әйтеуір жүрек сырымыз бүкпесіз ақтарылар ағалы-інілідей сыйластығымыз қылаусыз ақ қардай тап-таза күйінде жылдардан-жылдарға ұласуда.Қуандық аға ұзақ жылдардан журналистер қауымын қамқорлау үстінде.Атырау өңірінің қалам ұстанғандары оның назарынан тыс қалып көрген емес.Қолынан келгенінше қоңыраудай күмбірлеп әйтеуір үлкенді-кішілі әріптестерін қуантқысы ақ келеді.Сөйлеген сөзінен,ындынымен ақтарылар алғаусыз ақ пейілінен ылғи да соны аңғартады.Қоғамдық негіздегі атқарылар шаруасы солай болғандықтан да шығар,жылда маусым айында келетін Баспасөз күні мерекесінде әлсін-әлсін дабылдатып жатқаны.-Кімге қандай марапат керек,тартынба,ұсына бер,қарапайым қызметтегілерді ұмытып кетпеңдер,-деп мұқият шегелейді.Содан не керек,Қуандық ағамыздың тынбай жұмыстануы нәтежиесінде баспасөз күні облыс орталығына барып,құшақ-құшақ сый-сияпат,министрліктен бері қарай,оның ішінде Атырау облысының Құрмет грамотасы да бар,түрлі деңгейдегі грамоталар,Алғыс хаттар алып қайтамыз.Түгел ұжымымызбен марапат иелері болған жылдарымыз да бар.Осының бәрі Қуандық Батыровтай дархан да,дара азаматтың көңіл аясына жыл өткен сайын бізді жақындата түсті.Ағалық жолын құрметтеп,інілік борышымызды бек сезінеміз.Қол қусырып сәлем беріп,алдында елпілдей ақ қалғымыз келеді.
Еліміз өз Тәуелсіздігін алған жылдардан бергі уақытта бұрынғы КСРО Журналисттер Одағы жайына қалып,Қазақстан Журналисттер Одағы болып құрылғанымыз белгілі.Жаңа Одаққа мүшелікке өтіп,жаңа билетті облыста алғашқылардың бірі болып қолдарына алған да-"Серперліктер".Осының бәрі-бәрінде Қуандық Батыров ағамыздың тынымсыз тірлігі көрніс беріп жататын.Оның бер жағындағы мерзімде де Есмұхан Жанизин,Асанәлі Ғұмаров,Айнагүл Шакупова сиякты бір топ жастарды Қуандық ағамыздың қолдауымен ҚР Журналисттер Одағының мүшелігіне өткізсек,бұл да оның шынайы жанашырлығына анық дәлел демекпін.
"Серпер" облыс өңіріндегі аудандық газеттердің ағасы.Сонау 1930 жылдың қазан айынан бері заман ағымына орай түрлі атаулар иеленіп,өз оқырмандарын тауып келеді.Осы жолдардың авторы 50,60 жасқа толу мерейтойларының бел ортасында жас журналист болып дауылдатып журсе,70,80,85 жасқа толу сәттеріне арналған үлкен-үлкен дүбірлі шараларды өзі бас болып ұйымдастырды.Әрине,Қуандық Батыров сияқты ағаларының қолдауы арқасында ғана.
"Серперлік" үлкенді-кішілі журналисттер Қуандық Батыровтың ізгі ықыласына бөленсе,олардың бірі Құрманғазы ауданы қаламгерлерінің атасындай болған Тұрар Құрманғалиев ағамыз.Жасы ұлғайып келгенде Тұрекеңді бауырына тартып,өзі басқарып отырған сол кездегі "Ар-честь" газетіне жұмысқа алып материалдық та,рухани да қолдау бәлдірген осы ағамыз болатын."Серпердің" 70 жылдығы аталып өтіп жатырған сәтте Тұрекеңнің айналып,үйіріліп Қуақаңның жанынан шықпайтыны міне,міне көз алдымда тұр. "Түйе қартайса ботасына ереді" деген халық даналығының куәсі осы-ау,деп ойладым.Жазушы-журналист ағамыз Рахмет Иманғалиев "Қазақстанның Құрметті Журналисті" атағын облыста алғашқылардың бірі болып алса,ол да Қуандық Батыровтың өте еңбекқор қаламгерді,алдымен көріп,бағалай білгендігі деп ұғынуға болады.Өткен 2015 жылы "Серпер" өзінің 85 жасқа толуын атап өтті.Сол шара үстінде газеттің 5 жыл бойы редакторы болған Төлеген Берішбаевқа да "Қазақстанның Құрметті журналисті" атағы Қуандық ағамыздың қолымен табысталды.Газеттің барлық қызметкердері де бір-бір марапаттың иелері болды."Арқалағаны алтын,жегені жантақ" журналисттер еңбегінің бағаланғанын көріп,аудан халқы разылықпен қол сокты.
Бұл шағын баянымның басында Қуандық Батыровтың қамқорлығына,дұрысырағы бергеніне көбірек тоқталып кеткен сияқтымын.Шындығында ол үлкен болмыстың адамы,тұлға дәрежесіне көтерілген өңіріміздің зиялы азаматы.Онык назарынан саламызға қатысты жайлардың ешқайсысы да тыс қалып көрген емес.Өзіңнен бұрынғы қаламдастарыңның қуаныш-мұңына ойыңды бөле жүр,газетті ұзақ жылдар бірге шығарысқан аудандық баспахана ұжымына көңіл бөліп қой,қолыңда газетің бар ғой,тым құрыса мерекелерде бір ауыз жылы сөзіңді арна,деуден жаңылған емес.Кейде біз ұмытып кетсек те Қуақаң ұмытпай телефон шалып жатады.Үлкенді бордан жарататыны рас қой.Сәл-пәл көңіл назын бітірген соң қайыра самбырлап емен-жарқын дуылдасып қаламыз.Әркім әртүрлі пікір айтатын шығар,редакторлығы да-жанкешті тірлігінің куәсіндей.Айналдырған екі-үш қызметкерімен «Сахараны» саптан қалдырған емес.Қайта өткір ой ұйытумен,оқырман қауымның қажетін дөп басуымен республика көлеміндегі талай байрақтарды еншілеумен келеді.Содан да шығар «Сахараның» сөзі салмақты,материалдары мазмұнды,мұнайлы өңірдің мынау деген газеттерінің алдыңғы сапында.
Бірді айтып біріне кетеміз-ау,айналып-айналып келгенде бәрібір Қуандық ағамның адамгершілігіне қарай ат басы бұрыла береді.Қайта-қайта жүрек талмасы(инфаркт) ұстап,облыс орталығына тікұшақпен әкелген күндер болды.Ақыры Астанадан ота жасатуға тура келді.Сондай күндері санаулы ағаларым,інілерім байланыс үзбей жағдайымды біліп,жиі хабарласып,қуат берер тілектерін құнттаудан жаңылмады.Солардың бірі-осы Қуандық Батыров ағам болатын.Айтып-айтып келіп, «қандай көмек керек» дейтіні санамда мәңгілікке жазылып қалған.Қандай көмек қажет болушы еді,жаның мұрын ұшында жатқанда ағалық ақ дариға пейіл қырдың саумалындай желпіп жайландырса,одан артық демеу,елеу,жебеу болушы ма еді?Көмектің көкесі осы ғой аға,сөз орайы келгенде айтып жатқаным. «Жақсының-жақсылығын айту парыз» демей ме сұңғыла саналар.Қолыңда аз кем билігің болып,дәуренің жүріп тұрғанда ғана біреуге керексің,ал жаны жомарт,көңілі гүлден де нәзік жақсыларғсен мәңгілік керексің.Бұл өз басымнан кешкен тағдырыма қарап пішкен кесімді ойым.
Қуандық Батыров қысқасы,есімін үлкен әріптермен жазуға тұратын азамат,ел қамқоры.Мұндай бірегей туғандардың өне бойы маңдайы жарқырап жүре алмайды.Кейде алдында тор құрылып,балағына шөңге ілінеді,жазықсыз жаны жараланады.Қуандық ағамда мұндай кептің талайын бастан кешірді.Бірақ,жадында қарауылы жоқ,қолы да ары да таза адам неден қысылсын,тәжікелескенде тауы шағылмай ақтығын дәлелдеумен келеді.Қотыр ешкідей орынсыз сүйкеніп мүйіздемек болғандардың өздері құйрығына шала байлап,ел алдында жүзіқара болғандары да бар.Құдай жазасын берген шығар,аттарын атап қайтеміз.
Қуандық Батыров деген Құдайдың құлы,Пайғамбардың үмбеті,талайлармен тайталаса,жақсылармен жараса,төменге көзін түсіре,ағалы-інілі сыйластарымен көл-көсір көңілін бөлсе,біраз шаруалардың басын қайырыса жүріп 70 кеменің ақ желкенін керді,құтты болсын!Айтпақшы,отбасы,әулетіне түскен аз емес қиындықтарды кәтепті қара нарларша көтере жетті бұл жетпісіне.Жақсылардың игі лебізіне марқайған мәрт жүректің ездердің ездігіне сыр берген де кезі болды.Аққа Құдай жақ болып тағдырдың бұл сынағынан да сүрінбей аман өтті,алдырмады,тілеулес сан-сан көңілдердің «Бәрекелдісін» еншілеп жетті менің Қуандық ағам бұл жетпісіне.
Өмірден жаңылмай тапқан санаулы ағаларымның бірі де бірегейі,иттей ырылдасып,кейде жағаласып,біреуге жағып,біреуге жақпайтын бұл тірлікте сен аман жүр,деп аз баянымның соңғы нүктесін қойдым.
Таңатар Дәулетұлы,Қахақстан Журналисттер,Жазушылар Одақтарының мүшесі,Құрманғазы аудандық «Серпер» газетінің бас редакторы,ауданның Құрметті Азаматы.
Достарыңызбен бөлісу: |