ҚҰжаттар қҰпиясы. Көз жасын төккен хаттар



Дата24.02.2016
өлшемі130.95 Kb.
#17334
ҚҰЖАТТАР ҚҰПИЯСЫ.
Көз жасын төккен хаттар
Құрметті «Алтын тамыр» журналының редакциясы! Сіздердің журналдарыңыздың алғашқы сандарын оқып шығып, халқымызға керекті басылым екен деп іштей сүйіндім. Соған орай қазақтың ежелгі дәстүрі бойынша менің де бір сүйінші тілегім болсын әрі журналға берген байғазым болсын деген ниетпен архивтен табылған мына үш хатты Сіздерге жолдап отырмын.

2007 жылы Мәскеудің Әскери-тарихи мұрағатының сарғайған құжаттарын ақтарып отырғанда Әскери Министрдің атына 1878 жылы 23 маусымда орыс тілінде жазылған бірінші хат көзіме оттай басылды. Хатты өте сауатты адам жазған. Алайда өзінің аты-жөнін көрсетпеген. Бұл хатпен бұрын ешкім таныспаған сияқты. Кейбір жерлері өшуге айналған. Ғалымдарға, әрі қазақ халқына қажет құжат деп есептеп көшіріп алдым. Менің жорамалдауым бойынша бұл хаттың алғашқы нұсқасын жазған – Ыбырай Алтынсарин. Ал кейінгі толықтырған адам сол тұста Щербинаның жер бөлігі туралы ғылыми экспедициясына қатысып, жер бөлісі туралы бар мағлұматты біліп отырған Ә.Бөкейханов болуы да мүмкін. Осы хаттан Ресей Империясының мұжықтары мен казактары арқылы қазақ халқына қандай қысымшылық көрсеткені анық көрінеді. Өз жерімізге өзіміз қожа бола алмағанымыздың себептерін дәлелдейді. Сондықтан да бұл хатты қазақшаға аударып беруді де дұрыс деп есептедім.


*** *** ***

Мәскеу Әскери-тарихи мұрағаты. №1099 қор, 1-тізім, 163-іс. Торғай облысындағы қырғыздарға (қазақтарға – Б.Н.) жер бөліп беру жөніндегі Әскери Министрінің жобасын сынаған (қырғыздың) қол қоймай жіберілген хат.
Бүгінгі Торғай облысының қырғыздары (қазақтары – Б.Н.) ерте заманнан осы жердің иесі болды. Қоныстанып келе жатқан қалпында 1732 жылы Орыс елінің қоластына кірді.

Бұл жердің біраз бөлігі ұлы мәртебелінің жарлығымен 1835 жылы Орынбор казак әскерлеріне беріліп, ал қырғыздар өзінің тұрған жерлерінде қалдырылды. Оған қырғыз даласындағы толқулар әсер етті. Бірақ бұл қозғалысқа аудан қырғыздарының ешбір қатысы жоқ еді. Олар өзінің мемлекет қожасына және Отанына адалдықтарын сақтай отырып қызмет етті. Сол үшін олар өздерінің көршілес қандастарынан да көп қорлық және қысымшылықтарда көрді.

Уақыт өткен сайын жерді пайдалану мәселесі қырғыздар мен казактардың арасында көптегені келіспеушілікке әкеліп соқты. Олар көршілік тату қарым-қатынастарынан айырыла бастады. Осы қолайсыздықты жою үшін бұрынғы Орынбордың Генерал-Губернаторының бұйрығымен 1874 жылы әскер жасақталды және облыс басшыларының өкілдерінін қатысуымен комиссия тағайындалды.

Олар Новолинейный ауданының қырғыздарының жерге орналасуын реттеу үшін, әрі қырғыздар мен казақтардың мүддесін бірдей қорғау мақсатымен мынадай шаралар қажет деп шешті:

Оларды бірінен бірін бөлу керек. Шекарасы үзілмейтіндей, тіпті айналмалы немесе иір жолмен болса да шекара белгілеу керек. Ол жол қырғыздарды даламен байланыстыратын әрі жаз айында қандастарымен бірге еркін көшіп-қона алатындай болсын.

Қырғыз жерімен шекаралас жерден қырғыздардың пайдалануына 1 миллион десятин жер бөлінсін. Ол өз руластарымен бірге жаз айында еркін көшіп қонуына мүмкіндік береді.

Ол жерлер Торғай облысының мемлекеттік жеріне қосылсын.

Комиссияның қорытындысы бойынша: егер жер бөлуді осылайша реттесе, онда аудан қырғыздарының әлеуметтік жағдайларын зорлық-зомбылықпен өзгертуге жол берілмейді. Қырғыздардың шаруашылық және қоғамдық құрылыстарындағы тағдырлары дұрысталып, даладағы ағайындарымен ара-қатынастарына бөгет болмайды. Ал әскерлердің жері Торғай облысынан жаңа шекара арқылы бөлінеді. Оның есесіне ол көрші қырғыздар мен казактардың жерді аралас пайдалануынан туындайтын жер дауынан құтқарады. Онымен қоса әкімшілік және сот мәселесіндегі тәуелділікті және бүгінгі күнгі орын алып отырған кемшілікті жояды.

Осының нәтижесінде 1878 жылы 23 маусымда Мемлекеттік кеңестің шешімін жоғарғы мәртебелі ағзам өз бұйрығымен бекітті. Оның мазмұны мынадай:

1) Орынбордың Новолинейный ауданындағы казактардың әскеріне бөлінген жерден 800000-нан 1000000 десятинға дейін жер сол аудандағы көшпелі қырғыздарға пайдалануға бөрілсін. Сонымен қоса оларға Оралдың сыртындағы жерлерге жазда еркін көшіп-қонуына жағдай жасалсын.

2) Белгіленген тәртіп бойынша Орынбор Генерал-губернаторына осы шешімді іске асыру үшін табыс ету керек.

Бірақ Орынбор Генерал-губернаторының қысқартылуына байланысты бұл шешім-ұсыныс орындалмай қалды. Сол себепті соғыс Әскери министр 1898 жылғы 4 наурыздағы (№ 75 қатынас – Б.Н.).

Министрлер комитетіне мына төмендегі жобаны ұсынды:

1. Орынбор казактарының әскері орналасқан Новолинейный ауданындағы қыстамадағы қырғыздардың жарамды және жарамсыз жерлерінен Оынбор қазақ әскеріне 999003 десятина жер бөлінсін. Ол жерлер казактардың – селосына бөліп берілген жерлер болғандықтан солардың қоластында қалады. Сондықтан казак әскеріне іргелес жерлерден белгілі мөлшерде бөліп берілсін.

2. Жоғарыдағыдан басқа қосымша көрсетілген көршілес жерден 53251 десятин жер бөлінсін. Ол керуен жолдары өтетін жерлердің орнына берілсін.

3. Бөлінген жердегі жарамсыз 50442 десятина жерді 51439 десятина жарамды жермен ауыстыру, сөйтіп жарамды жердің көлемін 1 млн. десятинаға жеткізуді сұраған тілектері қанағаттандырылмасын.

4. Бөлінген жер Торғай облысына қосылмасын. Ол жердегі қырғыздар қызмет бабымен бұрынғыша Торғай Әскери-губернаторының қарамағында қалдырылсын.

Міне, көріп отырғаныңыздай, Әскери Министр мырзаның аудан қырғыздарына бөлетін жер жобасы 1874 жылғы комиссияның шешімін жоққа шығарды. Ол кезде казактар мен қырғыздардың өкілдері келісіп шешкен. Оны Генерал-губернатор қолдаған еді. Өйткені ол жоба екі жақтың да мүддесін қанағаттандырған болатын.

Бұл жоба бойынша жалпы жер көлемі қағаз бетінде 999003 десятина болғанымен, оның 50442 десятині ешбір әжетке жарамайтын тау-тасты, судың астында жатқан сортаң жерлер. Ол қырғыздардың тілегін қанағаттандырмайды. Олардың әлеуметтік жағдайын төмендетіп, шаруа- шылықтарының ыдырауына әкеліп соғады. Оның үстіне қырғыздарға қолайлы деп берген 948561 десятина жердің 266578 десятинасы пайдалануға қолайсыз сортаң жерлер. Заң бойынша ондай жерлердің 3 десятинасы 1 десятина жарамды жермен теңеледі. Осылайша есептегенде қырғыздарға берілген жердің бар-жоғы 770842 десятин ғана болады.

7000-нан астам отбасы (ауданның қырғыздары) бүгінде 2300000 десятина жерде Новолинейном ауданында орналасып отыр. 1 млн. десятин жердің өзіне тығыз орналасқан болар еді. Ал оларды 770842 десятин жерге орналастыру дегеніміз көптеген қырғыздардың шаруашылықтарының ыдырауына әкеліп соғады.

Ал 1878 жылғы 23 мамырдағы заң аудан қырғыздарының шаруашылығының іргесін берік етіп, әлеуметтік жағдайларының жақсаруын қамтамасыз етер еді. Мына жоба жерді тарылтады, малшаруашылығын дамытуға зиянын тигізеді. Ал ол халықтың күн көріп отырған бірден бір тіршілігінің көзі.

Одан кейін бұл жоба бойынша аудан қырғыздары Торғай Әскери-губернаторының қарамағында бұрынғысынша қалдырғанымен, оларға бөлінген миллион десятина жерді Торғай облысының жеріне қоспай отыр. Ал қырғыздар жарты ғасыр бойына қосбасшылықтың кеселінен көп қиындық көруде. Бір жерді Орынбор және Торғай губернаторлықтары басқарып, халыққа қиыншылық туғызып келеді.

1874 жылғы тәжірибелі, білікті комиссия мүшелерінің шешіміне сәйкес 1878 жылы жоғары мәртебелінің бұйрығының арқасында бөлінген миллион десятин жерді Торғай облысына беру осы қолайсыздықты жойған болар еді.

Ауданның қырғыздары ертеден келе жатқан рулық негіздегі біріне-бірі көмектесу мүмкіндіктерін пайдаланып, өз туыстарымен бірге тұрып, әлеуметтік жағдайларын жақсартқан болар еді. Оның үстіне аудан қырғыздарын біртіндеп байыпты, сабырлы жолмен Орыс мәдениетіне тартуға болады. Олардың Торғай облысындағы тумалары (тұқымдастары) орыс білімін орнықты түрде қабылдауда.

Тағы да қайталаймыз, аудан қырғыздары әруақытта орыстардың қоластында кеңпейілді адал жандар болды. Сол себепті олар үкіметтің әділетті шешім қабылдайтынына сене отырып, аса қажет мұқтаждарын қанағаттандырады деп сенеді. Ол 51439 десятин қолайлы жерді алатынына және оларға бөлінген жерлерді Торғай облысына қосады деп сенеді. Ол үшін 1874 жылғы комиссияның шешіміне сәйкес қобылданған 1878 жылғы жоғары мәртебелінің бұйрығын қабылдаса жеткілікті.

Осы ауданның қырғыздары баладан үлкендеріне дейін, еркектерінен әйелдеріне дейін көз жастарын ағыза отырып сұрайды.

*** *** ***

Мәскеудің Әскери-тарихи мұражайынан көшіріп алынған Әлихан Бөкейхановтың бұл хатымен маған дейін 7 адам танысыпты. Оның ішінде 2002 жылы С.Ф.Мажитов пен Ш.Б.Тілеубаев әр жерінен көшіріпті. Ал 2003 жылы 3-желтоқсанда микрофильмге түсіріпті. «Алаш» тарихына тікелей қатысты болғандықтан да журналға ұсынып отырмын.


Мәскеу Әскери-тарихи мұрағаты. 563 қор, 1-тізім, 6-іс. Әлихан Бөкейхановтан А.М. Колюбакинге. 1906 жылы 20 ақпан.
Құрметті Александр Михайлович!
Сіздің Қаражүздіктердің төндірген қаупінен аман-есен құтылғаныңызға шын жүрегімнен қуаныштымын. Оларды ақылды жолмен алдап кетіпсіз.

Сізге жіберіп отырған 14 бет хатты «Нашей жизни» және басқа да сондай газеттерге басуыңызды сұраймын. Онда менің басымнан өткен қиындықты көресіз. Мен К.Д.-лардың (кадет партиясы – Б.Н.) съезіне қатынасудың орнына түрмеге түстім. Мемлекеттік думаның мүшелігіне кандидат ретінде князь Д.И.Шахқа сәлем жеткізіңіз. Сіздің қолыңызды қысамын.

Ә.Бөкейханов.

Мақала-хатты заңсыз жолмен жіберіп отырмын. Менің хаттарым тексеріледі, тіркеледі. Егер маған хат жазамын десеңіз, жазыңыз:

Павлодар. Медицина фельдшері Аманбай Шегіровке. Оның ішіне Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов деп жіберіңіз. Мемлекеттік думада кездесеміз.

21.02.1906 ж. павлодар, Семей облысы. № 25.

Газетті менің хатыммен бірге Павлодарға – Нароконовқа жіберіңіз.
Қырғыз даласының Дзян-Дзяны
Біздің өлке (Семей және Ақмола облыстары) бейбіт өмір сүреді. Олардың шыдамдылығына Орыс – Жапон соғысының айбынды Батыры Куропаткин (Сухотин, Роминов, Галкиндерді айтпағанда) қызғана қараған болар еді.

Бұл қырғыз даласында 26 шаруа басқарушысы және уездіктерде патшалық етіп отырғандар жексұрын бастықтар еді.

Бұл жерге Ресейден өмір сүру үшін күреске жарамайтындарды жібереді. Шаруалардың бастықтарының ішінен ротмистр, капитан, дін қызметкері, хат жазушы, тіпті ветеринар дәрігері де бар. Бұл мырзалар қырғыздарға ойларына не келеді, соны жасайды.

Заң бойынша қатаң тиым салынса да олардың бәрі дүре соғады (О, заң қайдасың?), екіншісі төбелес шығарады, Халық сайлаған басқарушыны бекітпей, өздерінің достарын бекітеді, қырғыздардың тілегін қабылдамайды, ал поштамен тілегін жіберсе жауап бермейді. Қырғыздың болыстарынан тегін азық-түлік алуға әдеттенген.

Егерде Филипп Македонскийдің «Алтын тиеген есектің алмаған қамалы жоқ деген қанатты сөзіне діни сеніммен қарамаса Қырғыздардың даладағы өмірлері нағыз жұмаққа айналған болар еді, Қырғыздар қай мекемеге барып өзінің құқығын қорғағысы келсе де алдынан Филипп Македонскийдің есегі шыға келеді.

Осы өзімен өзі бейбіт өмір сүріп жатқан қырғыз өлкесіндегі бейбіт адамдармен «асқан ерлікпен» оңды жолмен күресіп жүргенде батыр генерал Сухотин мұнда әскери тәртіп орнатуды талап етті. Мемлекеттік қызметте еңбек ақысының көбеюінен басқа, ол қырғыздарға Филипп Македонскийдің есегіне сенуге кең жол ашып, шеттен келген тауарлармен, дәмді азық-түлікпен, сәнді тауарлармен, қымбат шараптармен сауда жасап жүр. Бірақ, біздерге, Филипп Македонскийдің есегіне сенбейтін қырғыз интеллигенттеріне, сол сияқты осы өлкедегі орыс интеллигенттеріне деәскери-соғыс жағдайының жариялануы теріс әсерін тигізді.

Сондай саясаттың кесірінен төменде қол қоюшы (Ә.Бөкейхановтың өзі – Б.Н. ) 1906 жылы 9 қаңтарда қамауға алынды. Мен Семейдің округтік соты жанындағы прокурордың бақылаушысына бірнеше рет арыз жазып, маған тағылғаннақты айыптың қандай екенін сұрадым. Бірақ прокурор (Орловский) және тергеуші (Конаков) бірнеше рет мағынасыз хаттармен жауап берді. Олар маған: генерал Сухотиннің жандармдарының ротмистріне арыз жаз – деді. Олай істейтіндей мен әзірше есімнен айырылған жоқпын. Мен оларға арызданбай, тұтқындалған мерзімімен бір ай өтуін (23) әрі жарияланған әскери жағдайының мерзіме күні өтсін – деп тостым.

24 қаңтарда Павлодардың уездік бастығы Куртуков маған Ф.А.Головинның телеграммасын көрсетті. Онда ол мені жер және қала қайраткерлерінің Мәскеу съезіне қараша айында қатысуға шақырды. Дәл сондай-ақ кадеттердің съезіне 4 қаңтарға шақырған А.А.Корниловтың де телеграммасы келді. Онан кейін К.П.Д-ның (кадет партиясының – Б.Н.) бағдарлама кітапшасында мені (бір де бір есектің ойына келмейді) анархист деп айыптапты. Осы кезде менің көз алдыма Қытай әріптері түсті (шеңбер – күн – таза ақыл, соқпақ – ауыз – адам және қамшы – билік – заң) барлығы бірігіп «таза ақылға және табанды билікке ие әкім» – дегенді білдіреді. Жоғарыда айтылған «соқпақпен» көп әңгімелестім. Оларға: бұрынғы күзет бастығы Воровскийдің, Шығыс – Қазақстан темір жолының бастығы бүгінде «17 октябрьдің» қазіргі жетекшісі Гучковтің қаражүзділіктерге кешірім беруді сұрап жүргендігі туралы, олардың дуализм мен Мәскеу солянкоасын айыра білмейтін Казермен де, Равашелмен де ешбір қатысы жоқ екенін айттам.

Мені жазалаушылар өздерін ақтау үшін тағы да тінтуге рұқсат беріпті. (Ал олар екі апта бұрын тінткен еді).

Тінтудің қортындысымен менен жауап алмақшы, ал егер де ешнәрсе табылмаса онда оған анархиялық қоғамның басшысы деп айыптау керек деген тапсырма алған. Мен осы ұятсыз айыптаудан кейін біздің заңның «тұрақты – берік» екеніне көзім жетті. Хунхузылдар «Жеке адамның дербес қорғану құқығын» қолданып, Молчалиннің ақылын ұқыптылықпен орындады.

Мен 12 ақпанда прокурордың қадағалаушысы арқылы Семей Округінің прокурорына мынадай арыз жібердім: 23 статьяға сәйкес әскери-соғыс жағдайының жариялануына байланысты алдын ала ұсталу айыбы ретінде мен 2 апта түрмеде отырдым. Оны бір айға созды. Ал негізінде мұндай үкімдер Губернатордың жазбаша қаулысы бойынша ұзартылуы тиіс еді. Ал Кутуков ақылды адам. Оны маған көрсеткен жоқ.

Мен прокурордың бақылаушысына: «Соттар қандай негізде мені түрмеде ұстап отыр», - деп сұрақ қойдым. Оларды Понти Пилатқа емес, соттың алдында есеп беруге шақырдым.

Қазіргі замандағылар үшін бұл М.Е.Салтыковша айтқандай «аңқаулық», болып табылады, өйткені «жоғалған ардың соңғы тұрағы» солар еді.

Прокурор Жданович жолдастан мынадай жауап алдым. Ол жауап «қуғынға түскен ардың» орыс баласының жүрегінен орын тапқанымен, Жданович ардың арасында ешқандай байланыс жоқ екендігін ғана куәландырды.

Прокурордың бұл жауабының екінші жағынан алғанда үлкен мәні бар, сол себептіде мен оны төменде толық келтіремін: «Бөкейхановқа хабарлау керек. Бізде бар мәліметтерге сүйеніп, әскер қолбасшысының (Омбының Дзянь-Дзюньі-Сухотиннің) қаулысы бойынша оны қамауда (тұтқында) ұстау мерзімі тағы да бір айға ұзартылды. Мемлекеттік қауіпсіздік ережесіне сәйкес ол осы мерзімі аяқталғанша қамақта ұсталады».

Сонда бұл не? Семей облысында әскери-соғыс жағдайы жариялады. Осы ереженің тәртібі бойынша Дзян-Дзюн әйтеуір бір тоғышарды тұтқындайды. Әскеи жағдайына орай оған ешқандай айып тағылмаса да, оны мемлекет мүддесін қорғау мақсатында тұтқында ұстауы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, Сухотин аяғы тиген жердің бәріне қожалық жүргізгісі келеді. Міне, шындығында да «таза ақылмен, мықты билікке ие» әкім осындай-ақ болатын шығар. Қытай иероглифті айтқандай: шеңбер – соқпақ – ұзын қамшы.

Мен 10-ақпанда Витте мырзаға мынадай телеграмма жібердім: «Тексеру билігінің қаулысынсыз Павлодардың түрмесінде екі ай отырмын. Тексеріңіздер, сот ашыңыздар. Мәскеудің қараша да өткен туралы жер съезінің мүшесі Бөкейханов». Бұл телеграмманы прокурордың рұқсатымен берген едім. Оны Семейдің Генерал-губернаторы Галкин бөгеді. Ол телеграммамен 4 күн танысып, оны Омбының Генерал-губернаторы Субботинге жіберді. Ол, әрине, Плевеге жолдады.

Сонымен менің Виттенің атына жіберген телеграммамның тағдыры не болар екен? Біздің жазған хаттарымызды үлкенді-кішілі Дзян-Дзюндар тексеріліп келді. 19-ақпанда прокурор Пухляковтың рұқсаты болса да, Павлодарға әдейілеп менен жауап алуға келгендер жауап алудан бас тартты. Мен заң Министрі Акимовке мынадай телеграмма бердім: «Ешқандай айып тағылмай қаулысыз Павлодардың түрмесінде қырық күн отырмын. Әкімшілік 23.8 статьядан тыс ережеге сәйкес соғыс жағдайына байланысты қыймылдауда. Соттың болуын немесе Мәскеудегі қараша айында өткен – жер туралы съезінің мүшесі Бөкейхановты босатуыңызды талап етемін».

Әлі ешқандай жауап жоқ.

Менің түрмеде отырған себебім, генерал Сухотин менен кек алып отыр. Бостандық күні менің мақалам жарияланған еді. Онда оны 17-қазандағы Манифестің 1 пунктіне сәйкес сотқа беруді талап еткенмін. Ол кезде мен Думада қырғыздардың кандидаты едім. Мені түрмеге қамау және заңның жүзім шарабына масайрағандарының осыншама мазағы болуы, Наполеонның сайлау алдындағы үгіттерінің (Луи Наполеон) кері жағдайына ұқсас. Ол жөнінде Витте мырзаның да ықпалы бар болуы керек.

Түрмеден мені Француз рантьесі Витте мырза кешірім берсе ғана немесе сайлау аяқталғанда шығарады. Бізде сот та, заң да жоқ. Оның барлығын «шеңбер – соқпақ – ұзын қамшы» ауыстырады.

Әлихан Бөкейханов

20 ақпан 1906 жыл.

Павлодар – Түрме».


*** *** ***
«Әскери-медицина Академиясының студенті Досмұхамедов Халел Досмұхамедұлы туралы. Қоғамдық қауіпсіздікті қорғау бөлімі, 4 сөре. 23 қазан, 1904 ж. № 15081. Полиция департаментінің осы жылғы 16 қазандағы № 12065 ұсынысына орай мынаны хабарлаймын:

Қазан қаласының Ветеринар институтының студенті Ғұбайдолла Бердиевке 1904 жылы 7 қазанда Санкт-Петербургтен жазылған «Сенің Халелің» деп басталатын хаттың авторы – Әскери-медицина академиясының студенті Досмұхамедов Халел Досмұхамедұлы, Даманский көшесіндегі № 46 үйде турады. Осыған дейін бұл адам туралы саяси сенімсіздік көрсететіндей мәліметтер түскен жоқ.

ХАТ

«1904 жыл, 7 қазан. С-Петербургтен Қазан қаласындағы Ветеринар институтының студенті Ғұбайдолла Бердиевке.



Қаладағы ұзақ мерзімге созылған қапырық өмірден кейін шалқар даланың кеңдігі менің бойымды билеп алды. Өзіме таныс кигіз үйдің көрінісі, аса қымбатты ауылыма келуім, туыстармен кездесуім, сырт адамдардың құрметі – осының бәрі таңқаларлықтай әсер етті. Бұл қыр елінің өркениеттілерден жоғары тұрғандығының белгісі. Сенен басқа жүздеген, мыңдаған қазақтың жоғарғы дәрежелі білім алып жатқанын ойыңа алсаң, сол кезде: бұл халық та еңбекке, алға басуға қабылетті екен, – деп есептейсің. Бұл: «Бір кезде дүние жүзінде алдыңғы қатарлы құрметті орындардың бірін алады, ол екінші Жапонияға айналады», – деген сөз.

Мұндай елдің ақ сайтандардың қол астында үнемі бола беруі мүмкін емес. Өзін-өзі тұншықтырған, әрі өзінің озбыр билігіне шек қоя алмайтын, тіпті жерасты дүмпуіне қарсы тұра алмайтын бұл жұрт өзінің өшін ешқандай кінәсі жоқ шет аймақтағы халықтардан алмақшы. Осылайша, әзірше қарсыласуға шамасы жоқ біздің халқымызды тықсыруда, жаншуда. Олардың жерін тартып алуда. Бұл жерді халқымыз қанын төгіп татар, башқұрт, қалмақтардан қорғап қалған еді. Мыңдаған адамды құрбан етіп, олардың жерін ұрыларына, тонаушыларына, біздің халықты «үйретушілерге» бөліп берді. Олар біздің халыққа темекі тарту, арақ ішу, өтірік айту, ұрлық, зорлық зомбылық арқылы қайыршы болуды үйретіп, соның жемісі ретінде бүкіл халықты құрып кету кезеңіне жеткізбекші. Біздің халық өмір сүру үшін жанталасуы қажет. Біздің дала әкімшілігіндегілер де дәл осындай жолмен жүрмекші. Бірін-бірі жамандауды, пәлеқорлықты, дау-жанжал туғызуды және партияға, жікке бөлініп жауласуды өршітуде.

Міне, бірнеше жылдан бері бақытсыз заманның кеселінен қатыгез, адамгершілігі жоқ, халқына деген жүрегі таза емес, аяушылықты білмейтін, тонаушылар, қасиетті діни сезімді аяққа басушылар ел басқарып келеді. Мысалы, «Қызыл крестке» жанашырлық жәрдем көрсету» дегенді сылтаулап, бастықтар «бұйрықпен» байлардан бір-бір қойдан, ал кедейлерден бір сомнан жинауға пәрмен берді. Бұл адам айтқысыз көп соманың 100 сомы басқармаға қалдырылады. Біздің бақытсыз халқымызға Жұлдызовтың (Юлдузовтың) компаниясының жасаған жамандығын есептеп шығару үшін бірнеше адамды отырғызу керек.

Сайлау кезінде де солай. Оған ешнәрсені қарсы қоя алмайсыз. Бүкіл халықты қорқытып қойған. Олар үндемейді. Ең өкініштісі сол, осыны көре тұрып сенің қолыңнан ешнәрсе келмейді. Біз халыққа көмектесеміз деп қиялдаймыз. Қашан? Осының барлығы жүректі ауыртады. Тек сен ғана мені түсінесің, маған жаның ашиды. Ойланшы. Болыстыққа Адай Өжекті (19 шар алған) немесе Жылсүйімбетті (11 шар алған) сайлауға болмас па екен? Әйтпесе, болыстыққа Гадучевтердің компаниясынан сұмырай Жұмағұлды сайлауы мүмкін. Онда тағы да халық оның қанауынан қан қақсайды».



Хаттарды архивтен тауып, «Алтын тамыр» журналына ұсынған – Шәкәрім атындағы Семей университетінің құрметті профессоры Болатбек НӘСЕНОВ.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет