Салт етістің де сабақты етіс сияқты, өзіндік мәндері бар:
нысансыз белсенділік: бастауыш қызметіндегі субъектінің қимылы нысанға (объектіге) бағытталмағанын білдіреді. Мұнда нысан мүлде көрсетілмейді, ол коммуникация үшін мүлде керек болмауы да мүмкін. Бұл мән салт етіс тұлғалары арқылы түзіледі. Ол етіс концептін актив қолданысқа түсіре отырып, оның мазмұнындағы «белсенділік» сипатын актуалдандырады. Сол арқылы «белсенділік» морфологиялық мәні түзіледі. Мысалы: Қартқожа селк етіп, оянғандай болды, қағазын қолына ала артына ере кірді (Ж.Аймауытұлы, Шығ.). Ұзын бойлы аршын төсті ақсұр жігіт шекпенінің бір жеңін беліне қыстырып, жерден шөп жұлып алып, алақанын үйкеп жіберді де, ақпандағы бураша шабынып шыға келді (Ж.Аймауытұлы, Шығ.). Ақбілек дөңгелейді... Қасқыр күрілдейді, Ақбілек шырылдайды. Қасқыр қырқырайды. Ақбілек шырқырайды... Сөйтіп Ақбілек көп қасқырмен көп соғысты (Ж.Аймауытұлы, Шығ.). Ол семантикалық және синтаксистік факторлардың көмегімен әрі қарай нақтылана түседі. Семантикалық фактор бұл жағдайда салт етістіктердің ғана қолданылуын қажет етеді. Бұл факторлардың көмегімен морфологиялық репрезентацияда қатынас концептінің мазмұнында қосымша салттылық сипат түзіледі. Ол етіс концептінің «белсенділік» сипатымен тоғыса отырып, концептуалды мазмұн құрайды.
Бейтарап мәнде бастауыш қызметіндегі субъект іс-әрекет иесі болмайды, іс-әрекет оның сипаты ретінде көрінеді. Дәстүрлі грамматикада ол негізгі етіс деп аталады. Мысалы: Жаны күйзелуде. Асан бүгін жабырқаулы. Қараңғы ойлар басып, қалғыған кісі тәрізденіп тұр еді: өңі жылы, ұзын бойлы, сарысақалды орыс портфелін қолтықтап келді де, Қартқожаға таңдана қарап, кабинетіне кірді (Ж.Аймауытұлы, Шығ.). Жұман момын адам: кісіден тіленбейді, кісіге жағынбайды, бес уақыт намазын оқып: «А, Құдай, бергеніңе шүкір» деп, барға қанағат, жоққа сабыр ететін бір бейуаз (Ж.Аймауытұлы, Шығ.). Ақбілек тірілді: әкесін жаңа тауып алғандай болды. Содан кейін ішкен асы бойына тарап, ажары кіре бастады (Ж.Аймауытұлы, Шығ.). Бұл мән салт етістің көмегімен қалыптасқан. Ол морфологиялық жолмен берілетін етіс концептін актив қолданысқа түсіре отырып, оның мазмұнындағы «белсенділік» сипатын актуалдандырады. Сол арқылы «белсенділік» морфологиялық мәні түзіледі. Ол мәнмәтін және синтаксистік факторлардың көмегімен әрі қарай нақтылана түседі. Мәнмәтін факторы сөйлем-сөйлесімде жалпы есім арқылы берілген жансыз субъектінің болуын қажет етеді. Синтаксистік фактор нысанның не жақсы не жаман әрекет ететінін білдіретін арнайы медиалды құрылымды қажет етеді. Осы факторлардың көмегімен қатынас негізгі концептінің мазмұнында «инерттілік» сипаты пайда болады. Ол морфологиялық жолмен берілетін етіс концептінің «белсенділік» сипатымен тоғыса отырып, концептуалды мазмұн құрайды. Сол арқылы грамматикалық сипатты мән қалыптасады. Бұл жағдайда субъектіге тән қимылға субъектінің өзі қатыспайды. Бұл мәннің салт етістердің көмегімен берілуі етістіктің сөз табы ретіндегі категориалды ерекшелігіне байланысты. Етістіктің лексикалық мағынасы іс-әрекетті ғана емес, сонымен қатар қалып-күйді, әсерді, сезімді де білдіре алады.
Салт етісті схема түрінде былайша көрсетуге болады:
Мұндағы S1 – іс-әрекетті орындаушы белсенді субъект, S2 – іс-әрекетке қатысы жоқ, пассив субъект, тыңдаушы, ақпаратты қабылдаушы. О – нысан, қалып-күй. Яғни белсенді субъекттің әрекеті нысанға бағытталмайды. Ол қалып-күйді өзі қабылдайды.
Бірқатар түркологтар төрт етістің жасалуына негіз болады деп есептеп, негіз етісті (основной или исходный залог) етіс категориясының құрамына қосып жүр. Қазақ тіл білімінде негізгі етісті тануға байланысты екі түрлі бағыт қалыптасқан:
негізгі етісті етістің бір түрі деп көрсеткен еңбектердің қатарына: «Қазақ тілінің грамматикасы» (етіс категориясын жазған – А.Хасенова) [155]; А.Ысқақов «Қазіргі қазақ тілі. Морфология»; Ш.Бектұров, М.Серғалиев «Қазақ тілі» [127] т.б. еңбектерді жатқызуға болады.
Негізгі етісті етіс қатарына қосуға болмайды деп санайтын ғалымдардың қатарында Ы.Маманов, С.Исаев т.с.с. атауға болады.
Негізгі етістің басқа етістер сияқты өзіндік көрсеткіші де, етіс категориясына тән мағынасы да жоқ, ол субъектілік-объектілік қатынасты білдірмейді. Осыған байланысты С.Исаев: «Негізгі етіс деп аталатын етіс түрінің етістік түбірі деген ұғымнан, мейлі негізгі түбір, мейлі туынды түбір, мейлі күрделі түбір болсын, не семантикалық жағынан, не формалық жағынан, не синтаксистік қызметі, басқа сөздермен қарым-қатынасы жағынан ешбір айырмашылығы жоқ екен. Бұл – бір. Екіншіден, грамматикалық я лексика-грамматикалық категория түрлеріне негіз болатын тұлға‚ яғни негізгі етіс деп аталған, дұрысында‚ етістік түбірі деген тұлға ол категорияның бір түрі бола алмайды, категория шеңберіне енбейді, сол категория түрлеріне негіз ғана болады. Сондықтан негізгі етіс деген етіс категориясының түрі жоқ, етіс категориясына, түрлеріне негіз болатын негізгі, туынды, күрделі етістік түбір деген ғана ұғым бар»‚ – дейді [34, 178-б.]. Ендеше, етіс категориясына қойылатын талаптың, анықтаманың шеңберіне мағыналық жағынан да, тұлғалық жағынан да мүлде келмейтін форманы етіс деп тану – әлі де талас тудыратын мәселе. Олай болса, түркітануда неше жылдар бойы талас тудырып жүрген негізгі етістің орнына салт, сабақты етістерді етіс қатарында тануға әбден болады.
Етіс категориясына байланысты ғалымдар арасында үлкен талас тудырып жүрген мәселенің бірі – етістің табиғатына байланысты. Бірқатар ғалымдар (А.Хасенова) етісті сөзжасамдық қосымша ретінде таныса, енді бірқатары (Қ.Кемеңгерұлы, Ы.Маманов, С.Исаев) оны форма тудырушы қосымша ретінде таниды. Қ.Кемеңгерұлы етіс жұрнақтарының салт етісті сабақты етіске айналдыра алатынын айтып, «Қазақша-орысша тілмашта» етістерді жеке реестр ретінде бергенмен, етіс қосымшаларын сөз тудырушы жұрнақтар қатарында танымайды. Ы. Маманов етістіктің морфологиялық жігін: 1) лексикалық бүтін және 2) грамматикалық бүтін деп екіге ажыратып, лексикалық бүтінге түбір, туынды түбір, кіріккен түбір, қос түбір, тіркесті түбір (тіркесті сөздер) түріндегі сөздерді, ал грамматикалық бүтінге етіс, күшейтпелі етістіктерді (барыңқыра, айтыңқыра), күрделі етістіктерді (қайнап кетті, жазып отыр); есімше, көсемше, тұйық етістіктерді жатқызады [76, 8-б.]. Яғни етісті грамматикалық категория аясында қарастырады. Н.К.Дмитриев «Грамматика башкирского языка»‚ «Грамматика кумыкского языка» [170]‚ И.А.Батманов «Грамматика киргизского языка» [171]‚ М.Насилов «Учебник уйгурского языка» [172]‚ Н.П.Дыренкова «Грамматика шорского языка» [173]‚ Н.Сауранбаев «Қазақ тілі, «Қазіргі қазақ тілі»‚ А.Хасенова [174]‚ Н.Оралбаева‚ Ғ.Мадина, А.Әбілқаев «Қазақ тілі» [175] етіс жұрнақтарының сөз тудырушылық қызмет атқаратынын айтса, Ы.Маманов оларды форма тудырушы жұрнақтар қатарында таниды‚ яғни етіс жұрнақтарының жалғанған сөзінің лексикалық мәнін өзгертпей, солармен коррелятивті түрде өмір сүретінін айтады: «Форма тудырушы жұрнақтар өзінің жалғанған сөзінің лексикалық мағынасын өзгертпейді, тек сол жалғанған өзіне грамматикалық мағына үстейді. Форма тудырушы жұрнақ бір сөз табын екінші сөз табына аудармайды, бастапқы сөз қай сөз табы болса, форма тудырушы жұрнақ арқылы жасалған тұлға да сол сөз табына тән грамматикалық форма болып саналады. Мұндай грамматикалық тұлғалар өзі жасалған бастапқы тұлғамен кореллятивті түрде қатар өмір сүреді. Мысалы, етістік түбіріне -ыңқыра/-іңкіре жұрнағы жалғану арқылы жасалған күшейтпелі етістіктер: ал – алыңқыра, жүр – жүріңкіре, же –жеңкіре, іш – ішіңкіре, көтер – көтеріңкіре. Бұлардың лексикалық мағынасы бір, ал грамматикалық мағыналары басқа, жарыспалы түрде, қатар өмір сүреді [76, 23-б.].
Достарыңызбен бөлісу: |