Жәдидшілдік ағартушылық идеяларының ықпалы
Жәдидшілдік— 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында Ресей империясындағы түркі тілдес мұсылман халықтары арасында өріс алған қоғамдық-саяси және мәдени-ағартушылық қозғалыс.Алғаш 19 ғасырдың 80-жылдарында Қырым, Еділ бойы татарларының арасында қалыптасты. Кейіннен Жәдидшілдік Орталық Азиядағы барлық дерлік түркі халықтары (қазақ, қырғыз, өзбек, т.б.) арасында жалғасын тауып, өрістей түсті. Жәдидшілдіктің ірі өкілдері қатарында И.Гаспралы, Ш.Маржани, А.Ибрагимов, М.Абдурашидханов, М.Бехбуди, А.Фитрат, Ф.Ходжаев, т.б. болды. Ағартушылық сипатта жүрген Жәдидшілдік қозғалыс қоғамдық өмірдегі рухани тоқыраушылықты сынға алып, оны жаңғыртуды көздеді. Жәдидшілдік патша өкіметінің отарлық саясатына қарсы бағытталды. Түркі халықтарының ерікті әрі өркениетті болуын қалады. Мұсылмандық хадими (ескіше) мектептердегі ғасырлар бойы өзгеріссіз сақталып келген оқу-тәрбие жұмыстарының жүйесін жаңа заман талабына сәйкестендіріп, қайта құруды ұсынған ілгерішіл бағыт ұстанды. Мектеп-медреселердегі өз беделдерінен айырылып қалғысы келмеген кейбір дін иелері Жәдидшілдікті шариғатқа қарсы әрекет ретінде бағалады. Жәдидшілдікке патша өкіметі тарапынан да қысым көрсетілді. Жәдид мектептері оқушыларының басым көпшілігі Қазан, Орынбор, Уфа қалаларында білім-тәрбие алған татар, башқұрт және қазақ жастары болды. Олардың арасында Стамбұл, Мысыр, Бағдат оқу орындарының түлектері де кездесетін. Патша өкіметі оларға өзінің Орталық Азия мен Қазақстандағы отаршылдық саясатына зиянын тигізетін саяси сенімсіз адамдар ретінде қарады. 19 ғасырдың соңында Ресей мұсылмандары хадимшілдер және жәдидшілдер болып, іс жүзінде бір-біріне қарсы екі топқа бөлінді. Хадими бағытты қолдаушылар “Сират әл-мустақим” (“Тура жол”) атты партия құрып, 1907 жылы Орынбор қаласындағы баспахана иесі, бай Ұ.Хұсайыновтың қаржысына “Дін уа мағишат” (Дін және өмір”) деген журнал шығарды. Бұл журнал Гаспралы басшылық еткен, Бақшасарайда (Қырым) 1883 жылдан бастап шығып отырған “Тәржіман” газетінің Жәдидшілдік көзқарасына қарсы күрес жүргізді. Жәдидшілдік бағыт пен хадимшілдер арасындағы тартысты патша өкіметі әдейі қоздырып, біріне-бірін өшіктіріп, айдап салып отырды. Мұндай кедергілерге қарамастан, Жәдидшілдік қозғалысы екпін алып, жер-жерлерде аталмыш бағыттағы мектеп-медреселер ашыла бастады. Мұндай оқу орындарында жаратылыстану пәндеріне, түркі халықтарының төл тарихы мен әдебиетіне ерекше көңіл бөлінді. Уфадағы “ұалия”, Орынбордағы “Хусеиния”, Қазандағы “Мұхаммедия”, Қырғызстандағы “Шабдания” секілді мектеп-медреселер Жәдидшілдіктің ірі ошақтарына айналды. 1913 жылы бүкіл Түркістан өлкесінде Жәдидшілдік бағыттағы 92 мектеп-медреселер қызмет етті. Қазақстандағы Жәдидшілдік бағыттағы мектептердің ең ірілерінің бірі — “Мамания” мектебі болды.
Достарыңызбен бөлісу: |